ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ

  • 17.06.2015
  • 567 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам 
қайраткері

Ол кезде ауданда бірде-бір автомобиль, жүк мәшинесі жоқ, мемлекетке өткізілетін өнім түгелдей күш көлікпен, арбамен тасылады. Колхоздардың жол салу дегенге енжарлығы содан да болар. Соған қарамастан қаулыда «Колхоздардың негізгі ауыл ша­руашылық жұмыстарынан босағанын ескеріп, тиісті адам, күш көлік бөліп, қырық үшінші жылдың планын 20-декабрьге дейін бітіру, жол планын орындап шығуға контроль жасау, тұрақты комиссиялар жұмысына басшылық етіп, жауапкершілікті талап ету барлық ауылсовет, колхоз председательдеріне, басшылықтың нашар екендігі атап көрсетіліп, жол бригадирлері (бригадалар колхоздардан бөлінеді – Н.О.) мен десятниктердің күнделікті жұмыс уақытын бақылап, олардан жауапкершілік талап ету жол құрылысы бөлімінің бастығына тапсырылсын» делінген. Бөтен сөз жоқ.


Ауыл шаруашылығында алқымнан алатын шаруаның бір парасы күздік егу, сүдігер айдау, тоңдырма дегенді егу. Осы мәселе бойынша «Будённый», «Андреев» колхоздарының басшылары Жайықбаевтың, Әбдірахмановтың, МТС директоры Омаровтың, жер бөлімінің бастығы Ғұламовтың есептері тыңдалған. Мұнда да олқылықтар анталап тұр екен. Аудан бойынша 3095 га күздік, 1005 га тоңдырма айдалып, тұқым себілуге тиіс болса, 18-қарашаға дейін 2881 га күздік айдалып, 2860 гектарына тұқым себілген. Жалпы көрсеткішке көңіл толмаса да, «сұмдық» деуге келе қоймас. Сұмдығы басқада. Техниканың көмегінде. Күздіктің 774 гектары, тоңдырманың 590 гектары трактормен айдалып, тұқым себілуге тиісті болса, күздіктен 245 га, тоңдырмадан 151 га айдалған. Көріп отырсыз, салмақ тағы да адамның, күш көліктің мойнына түскен.
Аудан бойынша көктемгі дәнді егіс үшін 1100 га, жоңышқа үшін 900 га, мақта үшін 1700 га, басқаларын қосқанда 4020 га сүдігер жыртылуға тиіс екен, соның 2588 гектары ғана айдалып, жоспар 63% орындалса, трактормен 1760 га орнына 1302 гектар айдалған, яғни 74%.
***
Қарашаның 22-інде аудан партия активінің жиналысы шақырылған. Мұндай жиналыс әдетте үлкенді-кішілі мекемелердің басшыларын, коммунист қызметкерлерін көбірек таныстыру мақсатында өткізіледі. Құрманбеков жасаған баяндаманың «Көсеміміз Сталин жолдастың 6-ноябрьдегі баяндамасындағы нұсқауларын орындау және партия ұйымы алдындағы нақты міндеттер мен шаралар» деп аталуы да сондықтан. Мен сол баяндаманың сүбелі-сүбелі жерлеріне ғана аялдайын. «Ауданымызда шаруашылық жағынан бұрын нашар болып келген «Құсшы» колхозы биыл соғыстағыша істеп, Отан алдындағы борышын өтей алды» деп бастапты бірінші хатшы. Шағын шаруашылық 200 ц орнына 240 центнер астық өткізіп, жоспарын 120 пайыз орындап шыққан. Мал санын көбейту міндеттемесін де орындапты. Жылқы 49-ға, ірі қара 184-ке, қой-ешкі 965-ке, түйе 22-ге жеткен.
Мақта тапсырудан «Ақсары» бәрінен озыпты. 862 центнер орнына 1120 центнер өткізіп, 131% орындаған. «Ынталы» 103 пайыз орындаған. Бұл екі колхоз малды көбейту жағынан да тәп-тәуір көрсеткішке жеткен. Мақта жоспарын орындаған үш шаруашылық қана. «Бұл колхоздар күздік егу, зябь жырту планын сапалы, мерзімінде орындады. «Андреев», «Игілік», «Құмайлықас» күздік егу, мал шаруашылығы пландарын орындады» деп доғарады баяндамашы озат дегендер жөніндегі лебізін.
«Ауданымыздың бұрын шаруашылық жағынан алдыңғы қатарда болған колхоздары көсеміміз Сталин жолдасқа жазған хатындағы міндеттемелерін орындамай отыр» деп жалғастырыпты баяндамашы. Келтірген фактылары кісі шошырлық. «Фрунзе» колхозы былтыр 110 гектар мақтасының әр гектарынан 23 центнерден өнім алып, мемлекетке 2530 центнер мақта тапсырған. Биыл еккені 100 гектар. 19 центнерден өнім аламыз, 1800 центнер мақта тапсырамыз деп міндеттенген. Өткізгені – 1130 центнер. Былтырғының жартысына да жетпейді. Көктемгі ақ егіске 212 центнер тұқымы жетпейді. (Нақ осылар ескерілген болу керек, аупарткомның осының алдындағы бір бюро мәжілісінде колхоз председателі С.Көшербаевқа есеп кәртішкесіне жазылатын қатаң сөгіс берілген).
«Қызыләскер» 1942 жылы 180 га мақ­таның гектарынан 15 центнерден алып, 2400 центнер мақта тапсырса, биыл 170 га мақтадан 6,9 центнерден ғана өнім алып, небәрі 823 ц ғана тапсырған. Өткен жылғыдан 1577 ц кем. Көктемгі дәнді егіс сүдігері жыртылып болмаған, оның үстіне 40 ц тұқым жетіспейді.
Мақта жоспарын «1-май» 68, «Октябрь» 75% орындап, ауылсовет бойынша 660 центнер мақтаны кем берген. Бабайқорған колхоздары жоспарды 70% ғана орындап, 57 центнер мақтаны кем берген, көктемгі дәнді егіске керек тұқымның 846 центнерін ғана дайындаған, әлі 87,7 центнер жетпейді. Теке  ауылсоветінің «Ворошилов», «Андреев» колхоздары да мақтаның келісім шарт жоспарын орындамады. Ауылсовет бойынша 3775 центнер орнына 1958 ц өткізіп, жоспарды 51% ғана орындаған. Керекті 960 центнер тұқымның 621 центнері ғана бар. Председательдер де, парторгтар да тыңғылықты қызмет атқара алмады.
Салдар қандай? 20400 центнер мақта орнына 12220 центнер ғана өткізіліп, жоспар 68,6% ғана орындалған. Сол сияқты 3000 гектар күздіктен егілгені 2868 га, 1000 га тоңдырмадан себілгені 770 гектар, қосып алғанда 4000 гектардан 20-ноябрьге дейін егілгені 3636 га. Мәз ететін көрсеткіш емес. Өйткені «Қызыләскер», «Куйбышев», «Ақтөбе», «Қаражон» колхоздары гектарына 100–110 кг орнына 80–85 кг тұқым сепкен, «Ақтөбе», «1-май» колхоздарында жер сапасыз айдалған. Демек, егін түсімі көздегеннен едәуір кем болады. Көктемдегі ақ егіске, мақтаға 4000 гектар сүдігер дайындау орнына 3298 гектар жыртылса, оның ішінде шит себуге арналған жер 1175 гектар ғана. Ол үшін «Үлгілі» 19, «Ақтөбе» 16, «Абай» 29 гектар жыртқан. «Колхоз председательдері Байменов, Саржанов, Жұмабаев не ойлап жүргенін кім білсін» деп аяқтапты баяндамашы…
Жылнамашыңыздың кейін, есейген шақта аңғарғаны бар – үлкен жиындар өтерде оларда жасалатын баяндамалар бюрода не басқа басқарушы органдарда алдын ала талқыланады, пікірлер айтылып, көпшілік дұрыс деп тапса, баяндамаға енгізіледі де, жиында баяндамашыдан басқа басшы сөйлей қоймайды. Қырқыншы жылдары бұл дәстүр әлі бел алмаған болу керек, актив жиналысында аупарткомның басқа хатшылары Абдулқасымов пен Ахметов те сөйлепті. Дегенмен, олардың сөзінен «колхоз басшылары кадр даярлауға атүсті қарайды, қолынан келмейтіндерді тағайындап, колхоздың берекесін кетіреді» дейтіннен басқа келелі пікір байқай алмадық.
***
Актив жиналысынан екі күннен кейін ауаткомның кезекті мәжілісі өткен. 1943 жылы мемлекетке тапсырылатын мал өнімдері жоспарының орындалуы туралы «Ворошилов», «1-май», «Қызыләскер» колхоздарының председательдері Абдрахманов, Дүйсенбаев, Үдербаев, мал шикізаты мекемесінің басшысы Тәжібаев, маслопром басшысы Кенжебаев, Дайындау халық комиссариатының уәкілі Нұрсейітов жолдастардың есебі алдымен тыңдалыпты. «Қызыләскер» 196 кг май, «1-май» 134 кг май, 41 дана жұмыртқа, 89 кг брынза, 118 кг жүн төлемеген. «Ворошилов» 5095 кг ет, 77 кг брынза, 78 жұмыртқадан құ­тылмаған. Колхоз пермелері етті 92%, майды 90%, брынзаны 100%, жұмыртқаны 78% орындаған. Колхозшылардан алынатын ет 99,1%, май 93%, брынза 77%, жұмыртқа 91,7%, жүн 93,4% орындалған.
Аудан бойынша ет 99,1, май 92, брынза 97,5 жүн 93,4 пайыз орындалған. Жылдың бір ай, бір аптасы алда екенін ескерсек, жаман көрсеткіш емес. Бірақ ауатком тоқмейілсімепті. Бүгінге дейін жоспардың бірде-бір түрінің түгел орындалмауы дайындау орындары басшыларының қызметкерлерді жұмысқа ұқыпты, тиянақты пайдалана алмауының, басшылық нашар болғанының салдары деген ұйғарым жасапты. Сөйтіп жоғарыдағы колхоздардың уәдесін ескеріп, олардан жос­­парды 28-ноябрьге дейін орындау талап етіл­ген, барлық өнімдер тапсыру жоспарын 1-декабрьге дейін орындау барлық ауылсоветтер мен колхоздар председательдеріне тапсырылған. Дайындау мекемелерінің басшылары Тәжібаев, Кенжебаев, Сандыбаев, Нұрсейітов жолдастарға жоспарды түгел орындату міндеттеліп, қаулының орындалуын бақылау ауатком председателінің орынбасары Нәлиевке жүктелген.
Мәжіліс сондай-ақ колхоздардың мал қыстатуға дайындығын тексеру қортын­дысын, қыстатуға жақсы дайындалған кол­хоздарға аттестат беру мәселесін қараған. Жер бөлімінің бір бастығы Ақымбековтің хабарын тыңдаған мәжіліс 24 колхозға аттестат беруді мақұлдаған, ал кемшіліктері анықталған «Фрунзе», «Куйбышев», «Каганович» колхоздарына аттестатты сол кемшіліктер түзетілгеннен кейін тапсыру хабаршыға жүктелген. Сондай-ақ қаулыда мал азығын қыстау басына 15-декабрьге дейін тасып алу, кәрі және ауру малдарды қолда бағу, оларды емдеу, күш көлікті күту атап-атап көрсетілген.
Ауылдық жерде байланыс мәселесі ол кезде ең бір күрмеуі көп мәселелердің бірі. Бұл жолы Теке, Үшқайық ауылсоветтерінің председательдері Көпбаев, Көлжанов, ау­дан­дық байланыс бөлімінің бастығы Батырбеков жолдастар тыңдалған. Ілік – Теке ауылсоветінің жанындағы пошта бөлім­шесінің жұмысындағы рабайсыздықтар. Бөлімше октябрь айында ауданмен 21 рет байланыс жасау орнына 17 рет қана жасаған. Қызыл Армиядағы жауынгерлер отбасыларына берілген жәрдемдерді уақтылы беріп, оның есебін жіберіп отырмаған. Пошта бөлімшесінің бастығы Пірімбетованың жұмысын бақылауды ауылсовет басшысы Көпбаев естен шығарған. Мұндай жағ­дай Үшқайық, Сауран ауылсоветтерінде де орын алған. Керек десе, Ерімбетова еш­кіммен келіспей, хат тасушыны орнынан бо­сатқан. Байланыс жұмысының графигін орындамаудың соғыс кезіндегі айрықша жауаптылығын ауылсовет председательдері елемеген. Аудан мен ауыл арасындағы байланысты жеделдетуде пошта тасушыларға жарамды ат беру, оны жемшөппен қамтамасыз ету ауылсоветтерде жолға қойылмаған. Байқап отырған шығарсыз, бұлардың қай-қайсысы да жүрдім-бардым қарайтын кемістік емес. Мәжіліс өз қаулысында осыны мықтап ескертіпті. «Хат тасушыларды аудандық байланыс бөлімімен келіспей, өз бетінше босатуға болмайтындығы ауылсовет председательдеріне ескертілсін» деген тармақтың өзі көп нәрсені аңғартады.
***
6.ХІІ.1943 ж. Ауаткомның кезекті мәжі­лісі. Бірінші мәселе – совет-көпшілік, ұйым­дастыру жұмысының барысы. Бабай ауыл­советінің председателі Құттыбаев есеп беріп, аткомның кадр бөлімінің  меңгерушісі Ты­ныштықбаев қосымша баяндама жасаған. «Бабай ауылсоветіне сайланған 21 депутаттың кәзіргі бары 8 депутат. Олардан 3 депутат сай­лаушыларына 3 рет, екі депутат екі рет, үш депутат бір рет есеп берген (олардың сайланғанына төрт жыл болғанын ескерсек, тіпті де мәз емес). Оларға сайлаушылар берген наказдардың (аманаттардың – Н.О.) бірқатары орындалмаған. Құттыбаев жолдас оларға көмектеспеген. Бюджет, жол құрылысы, ағарту, отан қорғау комиссиялары құрылған, бірақ олардың құрамы активтермен толықтырылмаған, ай сайын іс планын жасамай, өздеріне жүктелген міндетін іс жүзінде орындамаған. Бұлардың жұмыс істеуіне басшылық ету, іс пландарын жасауына көмек ету Құттыбаев жолдастың есінен шығып кеткен. Жыл басынан бері 11 ай ішінде 22 рет атком мәжілісі өтуге тиіс болса, 12-ақ рет өткен, 10-ы себепсіз өтпеген. Мәжілістердің, сессиялардың қаулыларының орындалуына бақылау жасалмаған. Аудандық советте қаралған мәселелер бойынша қаулылар ауылсовет мәжілістерінде қаралса да, орындалуы тексерілмеген» деген жолдарды оқығанда «е, әдеттегі кеңсешілдік екен ғой» деп қалған жылнамашыңыз.
Сол ойдан кенет бас тартқызған «Ауылсовет бойынша 109 адам өкіметтен жәрдем алады, әлі көп адамдар алуға тиісті» деген сөйлем. Іс жүзінде соңғылардың сол жәрдемді ала қоюы тіпті де оңай емес. Әсіресе құжат жағының әбігері күшті. Сол құжаттардың дұрыс болуын қатты қадағалау, азаматтарға тікелей көмектесу нақ ауылсоветтердің міндеті екен. Қызыләскерлер отбасына, тұрмысы нашарларға көмектесу деген бар. Соның өзі сан алуан жұмыстан құралады. Бірі – үйлерін жөндеп беру. «Ақтөбеде» бірнеше, «Куйбышевте» 5 үй әлі жөнделмеген, отын түсіріп берілмеген. Жергілікті мектептер де Советтерге қарасты. Бабай ауылсоветіне қарайтын бірқатар мектептерге отын, басқа да керекті заттар жеткізілмеген. Халықтың денсаулығына қажет деп саналатын бұрыннан бар моншалар жөнделіп бітіпті, бірақ оларға отын түсірілмеген, сондықтан жұмыс істемейді. Осындай шаруалар жетерлік. Демек, советтердің шаруасы бастан асып жатады.
Жылнамашыңызды таңырқатқан тағы бір жайт – қаулының 11 тармақтан тұра­тыны және солардың бәрі де есеп берген қызметкерге көмек, жолбасшы секілді көрінетіндегі. Автор жеке қызметкерлердің, әсіресе үлкенді-кішілі басшылардың есебі бойынша қабылданған талай қаулы, шешімді көз алдынан өткізген. Сонда байқағаны, сондай құжаттардың көпшілігі есеп берушіні белгілі бір дәрежеде жазалаумен аяқталады, оқта-текте (бастамасы мақұлданғанда, еңбегі арнайы атап өтілгенде) марапат нышаны байқалады. Мына қаулыда аталған кемшіліктерге байланысты ескертулер беріліп, сол кемістіктерден арылу жолдары тайға таңба басқандай бедерленген. Мысалы, депутаттардың сайлаушылар аманатын орындауына, тұрақты комиссиялардың жұмысына, атком мәжілістері мен совет сессияларының ел заңына сәйкес уақтылы өткізілуіне, қабылданған шешімдердің сөзсіз орындалуын қадағалауға, өкімет жәрдемінің дер кезінде көрсетілуіне, т.б. мәселелерге қа­тысты тармақтар айтқанымызды анық дәлелдейді.
Және бұл қаулы басқаларға үлгі-өнеге ретінде де қабылданған сияқты. Оны «Бұл қаулы барлық ауылсоветтерге жіберіліп, олар қаралып, көрсетілген кемшіліктерді тез арада жоятын болсын» дейтін 11-тармақ айғақтайды.
Қызыл әскерлер отбасына көмек көрсету жөніндегі халықтық айлық өтті. Енді соның қортындысын шығару керек. Мәжілісте есеп берген Сауран ауылдық советінің председателі Ерімбетова, «1-май» колхозының председателі Дүйсенбаев, отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде қосымша ақпарат берген инспектор Әлтенов. Жағдай мынадай. Аудан бойынша 62 отбасы пенсия, көптеген отбасы жәрдем алады, 645 отбасының үйі жөнделген, 546-сының үйіне отын түсіріп берілген, 209-ына аяқ киім тапсырылған. Айлық кезінде 1150 сом, 17 қара мал, 180 ұсақ мал, 13400 кг астық, 141 метр мата, тағы басқа заттар жиналып, бөліп берілген. Сауран ауылсоветіндегі 132 әскер отбасының отыз екісінің үйі жөнделмеген, 43 отбасының үйіне қыстық отын түсіріп берілмеген. Жауынгерлердің бастауыш, орталау мектептерде оқитын 51 баласы аяқ киіммен қамтамасыз етілген.
Аяқ киім дегеннен шығады, жауынгерлер балаларын аяқ киіммен қамтамасыз ету жөнінде аудандық кәсіпшілік комбинатының директоры Досжановқа бірнеше рет тапсырыс берілсе де, жауынгерлер отбасы оны­мен қамтамасыз етілмеген. Майдандағы жауынгерлердің әйелдері Сасинская, Сергеева, Байзақова оқушы балаларына аяқ киім дайындауға өз бетінше тапсырыс бер­генімен, ол да орындалмаған. Көктем шыға, қысқы қар түскенше жалаң аяқ жүре беруге кішкентайынан дағдыланған жылнамашыңызға соғыс жылдарында да сол аяқ киім жетпей, қыстай үйден шыға алмайтын.
Жылнамашы ауатком мәжілістеріне көбірек бүйрегі бұрып, аупартком мәжіліс­теріне ықылас білдірмепті деген реніш туындауы мүмкін-ау. Бірден айтайын, нақ аупарткомның нақ сол мерзімдегі құжаттары қолыма толық түсе қоймады, тек бірлі-жарым мәліметтер ілікті. Олардың бүгінгі қызықтылығы жоқтың қасы.
Сондықтан, тек бір мәселеге тоқталмақпын. Онда соның керемет бір сенсациялығынан емес, бюро мәжілісінде бұл тектес тірліктің тұңғыш рет қаралуынан. «Партия мүшесі, «Абай» колхозының председателі Жұмабаев Тұтқабай жолдастың партиялық мәселесі» деп аталады. Қысқа қайырсақ, у-шудың жайы былай. Колхоз бастығы соның мүшесі П. дегенге ынтызар болып қалыпты. П-ны бет бұрғызу үшін председатель Ж.М., Ә.М. деген жеңгелерін араға салады, П-ның әкесіне диірменнен шығарам деп бопса жасайды… Ақырында П. азғыруға көнеді. 1942 жылдың жазында. Т.Жұмабаев П.ның әкесін диірменде қалдырып, өзін колхоз химизаторы етіп, өз үйіне жатқызады. Әрине, колхоз бастығының әйелі бұған наразы болып, төркініне қашып кетеді. Т.Жұмабаев әке-көкелеп жүріп әйелін екі айдан кейін ғана әрең қайтарады. Ұзамай П. жүкті болып қалады. Ол сезілісімен, П. оны түсіріп тастауға Жұмабаевтан кеңес, ақыл сұрайды. Жұмабаевтың айтуынша, ол баланы түсіртпеуге, аман-есен туып, отыра беруге үгіттейді, қолдан түсік тастату заңсыз болатынын, жазаланатынын айтады, «тілімді алсаң түсірме, алмасаң өзің біл» дейді. Алайда, П. айтқанынан қайтпайды, әлгінде айтылған, партия мүшелігіне кандидат жеңгетайлардың көмегімен 8 мысқал сынап ішеді, түрлі заттардан былау жасайды – бала түспейді. Түркістан докторына барып, аборт жасатпақ болады. Доктор бас тартады. Сондықтан жеңгетайлар бір дәрінің бес ішімін, төрт түрлі басқа дәрі алып, П-ға ішкізеді, әрі ішін қолмен езгілейді, бала тірі түседі, бірақ жеңгетайлардың бірі аузы-мұрнын басып, содан өледі.
Мұндай айқай-шу із-түзсіз кетпейді ғой, тексерілген екен, қыз дегеніңіз Жұмабаевтан бұрын А. дегенмен, Жұмабаевпен қатар М., жездесі Ф. дегендермен де жыныстық қа­тынас  жасағаны анықталады. Шын ба, өтірік пе – ол арасын мен, әрине, білмеймін.
Бюро Жұмабаевты жұмыстан босатып, жауапқа тартуды прокурорға тапсырады, партиялығын тергеу аяқталғаннан кейін шешу ұйғарылады.
Байыбына барсақ, бұл тіпті қазақ көркем әдебиетінде де жазылмаған трагедия…
Тағы да кезекті аудандық газетке бе­рейік.
* * *
«Стахановшы колхозшылар», 1943 жыл, №№55-67.
* «Құсшы», «Ынталы», «Ленин», «Қы­зыләскер» колхоздарында мақта теру, мемлекетке тапсыру қарқыны баяу. «Ынталы» колхозында (председателі Әйтпембетов) – 20-25 сентябрьде график бойынша 115 ц мақта теру орнына, 19 ц ғана жиналған.
* «Абай», «М.Горький», «Фрунзе» колхоздары күздік жерін айдау, себу, зябь жырту жұмысында тым мимырт. Жұмабаев, Ижанов, Көшербаев жолдастар бейғам.
* Сауран, Теке ауылсоветтерінің колхоздары бір гектар да зябь жыртқан жоқ.
* Армия қорына «Құмайлықас» 90 ц, «Андреев» 70, «Ынталы» 50 ц астық берді, аудан бойынша 850 центнер жиналды.
* Майдандық айлықтың үш бес күндігінің нәтижесі. Мақта теру планы 50%, тапсыру 47% ғана орындалды. «Абай», «Ақтөбе» (Жұмабаев, Саржанов) айлық міндетін түсінбеген. Бір адам «Абайда» бір күнде орта есеппен 16 кг, «Ақтөбеде» 26 кг тереді. «Ынталыда» күндік планның 40, «Ленинде» 11 проценті ғана жиналады.
* 43 еңбеккер аудандық құрмет тақтасына жазылды. Олардың арасында «Ақсары» колхозының мақта бригадирі Әйменов Бақша, «Фрунзе» колхозының звено жетекшісі Алтынбекова Болған, «1-май» колхозының звено жетекшісі Тұрарова Рахия, «Майдамтал» колхозынан Құдайбергенова Ханшайым, «Ынталыдан» Мырзабекова Ортай, «Құмайлықастан» Самиева Шарбан, «Октябрьден» Айметова Тажы, «Лениннен» Тайшықова Қатша, «Андреевтен» Салиева Анар, «Крупскаядан» Асылбекова Күлтай, «Куйбышевтен» Балтабаева Гүлсім, «Үлгіліден» Мамедова Тұрсын, «Игіліктен» Дәуренбекова Үрбікүл, «Абайдан» Қилыбаева Тіллә, «Ворошиловтан» оқушы терімші Әметова Қапиза бар.
* «Андреев» колхозы (перме бастығы Ж.Ешметов) жемшөпті толық дайындап, қора басына жинап алды. «Құмайлықас», «Ақсары», «Абай» қысқа дайындықта біраз шаруа тындырды. «Ленин», «Куйбышев», «Крупская» жайбарақат.
* «Қаражон» колхозында майдандық айлық мәнісі жеткілікті түсіндірілмеді. Терімге 45 адамның 28-і ғана қатысады. Колхоз күніне 18 ц мақта теруге тиіс, терілетіні 6-7 центнер. Алғашқы 15 күндікте жоспардың 15 проценті ғана орындалды.
* 26-октябрьге дейін аудан еңбекшілері 324000 сомның ақшалай-заттай лотереясына жазылды.
* Аудан комсомолецтері Қ.Сыпатаев атындағы сүңгуір қайық жасауға 65 мың сом жинап берді.
* Ауданның 22 колхозында 332 комсомолец мақта теріп жүр. «Ақтөбе» комсомолецтерінің әрқайсысы 7000 кг мақта теруге серт берген. Кәзір 3000 килодан асты.
* Аудан бойынша жылдық план жылқыдан 102, ірі қарадан 101, қой-ешкіден 104,3, түйеден 102,5 орындалды. Бірақ «М.Горький», «Қызыләскер» колхоздары төрт түліктің де көбейтілу жоспарын орындаған жоқ.
* Ауданға 439684 сомның лотереясы келген еді, содан 406684 сомның ақшасы жиналды.
* Сағындық Жұмантаев 1938 жылы жеке өзі бір гектар мақта екті. 7 рет суарып, 6 рет баптады, 2 рет жегенеледі, бір рет шырпыды, 2 центнер суперфосфат төкті. 6,2 центнер өнім алуға тиісті еді, 81,2 ц өнім алып, рекорд жасады. 1939 жылы 99,27 ц өнім алған. Наградталды. Одан кейінгі жылы 109,57 ц өнім алды. Бұл Оңтүстік Қазақстан рекорды еді. Содан звеновод болып тағайындалды. Келесі жылы гектарынан 65 ц мақта алды. Әйелі Пернекүл стахановшы терімші, ұлы Түйпен тракторист, келіні Гүлбахрам – стахановшы. Мектептегі екі баласы колхозшыларға көмектеседі, әр қайсысы 97 еңбеккүн тапты. Үлкен ұлы Арасанбай майданда… Сағындықтың мақтасы биыл да бітік.
* «Майдамтал», «Ынталы», «Құсшы», «Қаражон» колхозшылары жеңіске жетуге көмегін аяп отырған жоқ. Майдамталдық жетпістегі қария Абылай балаларым үшін деп 200 кг, колхоз председателі 400 кг, ынталылық малшы Шораев 125, колхоз бастығы Әйтпембетов 350, колхозшы Би­қожаев 300, үгітшілер жетекшісі Кенжетаева мен комсомол мүшесі Қасқабаева 150 килодан астық берді.
* «Құсшы» колхозының комсомолецтері көктем егісіне әзірлік жұмысын бастап кетті. Комсомолкалар Ниязбекова, Құйқабаева, Орынбасарова 7 күш көлікті қамқорлығына алды. Жастар әбзел, соқаларды ремонттап қойды.
* Аукомолдың үшінші пленумында бастауыш комсомол ұйымдары көтеріңкі міндеттемелер алды. Мысалы, «Андреев» комсомолецтері 48 күш көлікті күтіп, бұл үшін таңдаулы комсомолецтерді бөліп, социалистік жарыс ұйымдастырып, әр бес күн сайын қортындысын шығарып, соқа, қамыт, тырма, постромкаларды 1-февральға ремонттап бітіруге, мақта жеріне 2 рет, дәнді егіс жеріне 1 рет мұз қатырып, оған 25 тонна көң төгуге міндеттенді.
* Ауданда жеті жерде стахановшылар мектебі ұйымдастырылды. Оларда 394 адам оқып шығады.
* «Ақсары» 50 күш көлікті күтімге алып, 19 жер ағашты даярлап қойды. 16 соқа, 100 қамыт, 100 постромка ремонтқа берілді, 40 тонна көң төгілді. Бригадир Ақша Әйменов 4 соқаны ремонттап шығарды.
* «Ынталы» колхозындағы бастауыш партия ұйымы (секретары Мырзадәулетов) бірсыпыра күрделі жұмыс атқарды. Коммунистер, комсомолецтер өндірістің шешуші учаскелеріне бөлінді. 1941 жылы коммунис­тер саны бесеу еді. Кәзір 11. Биыл 3 адам мү­ше­лікке, 4 адам кандидаттыққа өткізілді. 12 үгітші бар. Стахановшылар саны 40-қа жетті. Октябрь революциясының ХХVI жылдығына 30 стахановшы сыйлық алды. Кенжебаева, Мылтықбаева, Қарабекова колхоз өндірісінде 330-450 еңбеккүн тапты. Мақта тапсыру планы 110% орындалды. Күздік, тоңдырма түгел егілді, мақта зябі жыртылып болды. Көктем егісіне керекті тұқым түгел құйылды.
* Мемлекеттік мал санын өсіру жоспары 104% орындалды. Мал басын көбейтуде «Ақсары» колхозының шопаны Иманбай Қасенов 1943 жылы төлдейтін малдың 193-інен егіз алып, аман өсірді. «Крупскаяның» жылқышысы Аймахан Құлмағамбетов 39 биеден 39 құлын алды. «Майдамталдың» перме бастығы Жайынтаев Шегенбай, «Ақсарының» перме бастығы Итаяқов Мақтай (кей мәліметтерде – Мыңтай) мал қорасын, мал азығын қамтамасыз етіп, жақсы күтімге алған. 27-декабрьде стахановшы малшылар кеңесі болады.
* «Майдамтал» кәзірдің өзінде 6 соқа, 14 тырма, 3 арба, 25 қамыт ремонттады. 10 ат, 6 өгіз, 6 түйе күтімге алынып, диландырылуда. Комсомолец Мұсаев бұл малды жақсы күтеді.
* «Фрунзе» колхозында көң төгілмей, жер тегістелмей, соқа-сайман, әбзел ремонттау қолға алынбай жатыр.
* «Октябрь» колхозында әйелдер тылда жұмыс істеумен қатар, сауаттануға да кірісті. Мектепте 40 колхозшы әйел оқиды.
* Халық ақындарының облыстық айтысы өтті. Фрунзе ауданы атынан Әбдірайым Байтұрсынов, Шәуілдір ауданы атынан Айтбай Белгібайұлы екеуара айтысты. Төменде сол айтысты беріп отырмыз (жылнамашыңыз бұл айтыстың келелі тұсын ғана алуға мәжбүр).
Әбдірайым
Ал сөйле өткір найза қызыл тілім
Айбынды шарықташы зауықты үнім!
Айтысып ақынымен Шәуілдірдің,
Жарыста жүлде алатын келді күнің…
Бір қасық, Отан үшін, төгіп қанын,
Аямай елім үшін шыбын жанын.
Ерлерім қиын күнде жүрген шақта,
Аямай беруде елім астық, малын.
Колхоздың бәрі тегіс емес бірдей,
Бірі артық, бірі орта, бірі дүрдей,
Айтеке, қатар тұрған екі ауданбыз,
Халыңды, тұрамын мен, қалай білмей?
Айтбай
…Тайлағым бесті нардай, ботам 
            жардай,
Бұларға таңырқамас кісі қандай,
Әбдірайым ақыным, барып көрші,
Егерде бұл сөзіме жүрсең нанбай?..
Бір қойы алты пұттан жай келеді,
Дөнен шығар өгізге сай келеді,
Қыдыр көрген Қызылқұм малдың                 жайы,
Таяқ ұстап барғанға тай береді.
Фрунзе, малға қоныс таба алмадың,
Егістен де жөнді өнім ала алмадың.
Жібекті түте алмаған жүн етеді,
Есіл малды еңретіп, баға алмадың.
Әбдірайым
…Сондай-ақ көп жинаған шөбің қанша?
Сөйледің тым мақтанып, бейқам                 жанша.
Сенің де кемшілігің толып жатыр,
Лепіріп мақтайтындай емес онша.
Айтбай
…Нар, маям аққан бұлақ,                     таусылмас кен,
Елітіп мас болады сүтін ішкен.
Санына құшақ жетпес, сомбал сүйек,
Піліндей Үндістанның тұлға біткен.
Әбдірайым, нақ солардай малың                     бар ма?
Бар малыңды отырсың қамап жарға.
Мал кіндігі Қызылдан қоныс алмай,
Мал өсірем деуіңнің орны бар ма?
Әбдірайым
«Фрунзе» колхозында Сәрсебаев
Мал бақты маман болып, түйе жайып.
Адал еңбек, жанқияр жұмысымен
Себеп болды кетуге колхоз байып.
Аурудан түйелерін аман етті,
Үш жылда түйе саны жүзден өтті.
Бір емес, екі мәрте мақтау алып,
Мал басы төрт еседен асып кетті.
Айтбай
…Шорқақ боп саясатқа қалғансың ба?
Қайтып ал қаталасқан сөзіңді енді –
Көтерем, жауыр, ақсақ, атың арық,
Барады жұмыс малың көрмей жарық.
Айтыс қортындысында төрешілер жеңісті Айтбайға берген. Жылнамашыңыз, әрине, олармен дауласа алмайды.

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар)

 

Алдыңғы «
Келесі »