Болашақтағы дамудың басты әлеуметтік бағыттары

  • 28.04.2012
  • 1220 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық уни­вер­си­тетінің тарих факультетінің теориялық-қол­дан­балы сая­­саттану және әлеуметтану кафедрасы «Әлеуметтік жаң­ғырту қазіргі Қазақстан қоғамының дамуының маңызды фак­торы ретінде» деген тақырыпта Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыр­ту – Қазақстанның дамуы­ның басты бағыты» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында көтерілген келелі мәселелер мен оларды жүзеге асырудың жолдарын талқылауға байланысты пікір алмасты. 
Аталмыш шара шеңберінде оқу орны кафедрасының профессорлары мен оқытушылар құрамы және С. Ж. Ас­фендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина уни­вер­ситетінің саясат­танушы-ғалымдары Қазақстан қоға­мының әлеуметтік жаң­ғы­руының басты проблемалары, жаңғыртуды жүзеге асырудың жолдары мен тетіктері жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Соның барысында елдің қазіргі әлеуметтік дамуына баға беріліп, бірқатар игі жетістіктермен әлі де жетілдіре түсетін жәйттер ортаға салынды. Төменде ғалым-мамандар пікірлері оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

Сәкен Орымбаев – кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын біздің еліміз үлкен жігерлілікпен қарсы алды. Бұл Жолдаудың ерекшелігі сонда, онда елдің бұдан былайғы дамуының басты бағыттарын айқындап көрсеткен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі он бағыты нақтыланған. Жоғары білім беру жүйесінің қызметкері ретінде маған ерекше ұнағаны – білім беруді жетілдіру саласына қатысты қойылған міндеттер, соның ішінде, білім берудің деңгейін көтеру мен оқытудың сапасын арттыру үшін білім беру үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу мәселелері болды.
«Біздің еліміздің аса құнды және негізгі басымдықтарының бірі көпұлттылық және көптілділік болып табылады», – деп атап көрсетілген Жолдауда. Белгілі болғанындай, Қазақстанда өзара татулық пен келісімде 130-дан астам этностар өмір сүріп жатыр. Бұны посткеңестік кеңістікте бірінші болып құрылған, алғашқы этносаралық тү­зілім – Қазақстан халқы Ассамблеясы тәрізді ұлтаралық және конфессияаралық келісім институты айғақтап отыр. Қазақ және орыс тілдерін тең дәрежеде қолдануға келер болсақ, бұл заман талабы және даму сатысында тұрған біздің еліміз үшін, оның тіл саясаты үшін объективті қажеттілік. Мұндағы негізгі өлшем уақыт пен ұлт интеллектісі болып табылады.
Жолдауда мемлекет басшысы педагоги­калық құрамның біліктілігі мен сапасын тұрақты түрде арттырып отырудың қажеттілігіне ерекше назар аударады, басқаша айтқанда, «ғасыр жаса, ғасыр бойы үйрен» деген белгілі халық мәтелін басшылыққа алған. Өйткені, педагог қажетті білімдерді қаншалықты иемденсе және оны оқушы жастарға беруге қаншалықты қабілетті болса, біздің ұлттың интеллектуалдық болашағы және оның әлемдік білім жүйесіндегі алатын орны соған соншалықты тәуелді болады. Жоғарыда атап көрсетілген бағыттар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыруын одан әрі жетілдіру мен дамыту үшін маңызды бағыттар болып табылады, өйткені, біздің мемлекетіміздің болашағын елдің кадрлық әлеуеті айқындайтын болады.
Гүлшат Нұрымбетова, саяси ғы­лым­­дарының докторы, профессор:
– Қазақ даласы ғылым мен білімнің үздік нәтижелерін туындата да, ұлықтай да білген. «Оқу инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді», «Ғалымның хаты өлмейді» сынды мақал-мәтелдер осының айғақ-дәлелі. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қадырғали Жалайыри, т.б. ардақты есім­дердің халық жадында мәңгі сақталуынан білім, ғылымға деген шексіз құрмет пен тағ­зымды көргеніміз жөн. Қазақстандық ғылым тарихында тәуелсіздік жылдары ерекше орын алатыны, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру Елбасының назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы болашағы бар ғылыми зерт­теулерге инновациялық гранттарды бөлу арқылы қаржыландырудың, отандық ғалымдарға қол­дау­шылық көрсетудің маңыз­дылығын баса айтты. Иә, мақтанышпен айта алатындай табыстарымыз бар. Бірақ тоқмейілсуге негіз жоқ. Жаһандану мен әлемдік бәсекелестік ғылымға бұрын-соңды болмаған міндет артуда. Түптеп келгенде, мемлекеттің қуаты мен халқының әл-ауқаты бұрынғыдай жер көлемімен, минералдық ресурстарының бар-жоғымен, халқының санымен, идеологиялық ұстанымымен анықталмайды. Бұл орайда ғылым мен техника, нанотехнологиялар тағдыранықтағыш факторға айналды. 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заң әлем­дік тәжірибе мен тағылымды ескеруімен ерек­шеленеді. Мұндағы аса маңызды нәрсе, біздің ойымызша, ғылым салаларын әкімшіл-әміршіл реттеуден мемлекеттік-қоғамдық, ал, уақыт өте келе қоғамдық реттеуге көшу болып табылады. Ғылымды ұйымдастырушыларды жігерлі, тапқыр болуға, менеджмент, маркетинг, шаруашылықтың жаңа механизмдерінің егжей-тегжейін ұғынуға жетелейді. Демек, осы заңның өз мағынасында жұмыс істеуін қамтамасыз ете алсақ, алдағы 5-10 жыл аясында алғашқы іргелі нәтижелер көрінетініне сенімдіміз.
Ирина Соловьева, философия ғы­лым­­дарының кандидаты, доцент:
– Соңғы жылдары Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің саяси билік өкілдерінің және эксперттік қауымдастықтың назарындағы зерттеу объектісі болып отыр. Бұл объективті шындық, жас егеменді мем­лекет ретінде, өзінің 20-жылдық тарихында Елбасымыз Назарбаевтың салихалы сая­сатының нәтижесінде этникааралық әлем мен діни келісімнің үлгісіне айналды. Қа­зақстан халықтарының бірлігін қамта­масыз ететін негізгі мүмкіндіктер олар­дың тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы, этникалық процестердің қолайлы дамуы, сонымен қатар, көпұлтты қоғамның рухани-мәдени құндылықтарының дамуы мен сақталуы болып табылады. Жоғарыда баяндалған мәселелер елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың негізі ретінде Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгенін атап өтуіміз керек. Елбасы атап көрсеткендей, толеранттылық сыртқы әлемге жол ашу, диалогқа тырысу Жаңа Қазақстанның дамуында өмірлік маңызды принциптерге айналып отыр. Тәуелсіз даму жылдарында мемлекет тарапынан тұрақтылық пен бірлік, еркіндік идеяларына негізделген жаңа ерікті азаматтар қоғамын сапалы қалыптастыру мақсатында орасан жұмыстар жасалуда. Қазақстандық бай тәжірибе XXІ ғасырдың әлемдік қауымдастығында анағұрлым сұ­раныс­қа ие болуда. Өйткені, біздің республика саяси жаңару мен дәстүрлерді синтездеудегі ерекше тәжірибесін, қазіргі және келешектегі келісімі мен өткен тәжірибесін және мәдени құндылықтарын барлық әлемге паш етеді.
Зинагүл Бисембаева, С.Ж.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Қазақстан тарихы, фи­ло­софия, саясаттану, әлеуметтану ка­федрасының меңгерушісі, философия ғы­лымдарының кандидаты, доцент:
Қазақстанның медициналық білім беру жүйесі медицина мамандарын даярлау сапасын көтеруді, бәсекеге қабілетті, халықаралық деңгейдегі жаңа деңгейдегі жаңа буын мамандарын даярлауды үлкен мақсат етіп отыр. Өйткені, жаңа мыңжылдық мамандарын даярлау үрдісі қазіргі білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етуде. Медициналық білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары көп жылдан бері жүзеге асырылуда. 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін үкіметтің 2006-2010 жылдар аралығында медициналық және фармацевтикалық білім беруді қайта құру туралы тұжырымдамасы бекітілген болатын. С.Ж.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина университеті – осы декларацияға 2010 жылы қол қойған 47 жоғары оқу орындарының бірі. Қазақ Ұлттық медицина университетіндегі білім сапасын дамытудың негізі – білім берудің әлемдегі сапалы жаңа жүйесін қолдану арқылы кәсіби мекеменің жаңа үлгісін қалыптастыру. Білім берудің сапасын жоғарылатудың тұжы­рым­дамасы бекітіліп, жария етілді. Бұл тұжырымдама ҚазҰМУ-дың білім беру сапасын жоғарылатудың стратегиялық жоспарын жүзеге асыру тетігі болып табылады.
Нұргүл Ләпбаева, әлеуметтану ғы­лым­дарының кандидаты, аға оқытушы:
Соңғы онжылдықтарда біздің мемле­кетіміз қоғамдық жүйенің бұрынғы үлгісінен бас тарта отырып, халықтың өмір сүру деңгейін елеулі дәрежеге көтерудің жолдарын іздестіру негізінде жаңа экономикалық шындық кеңістігіне бет бұрды. Соның ішінде, кәсіпкерлік қызмет экономикадағы және тұтас алғанда, қоғамдағы құрылымдық өзгерістерге өзіндік серпіліс жасайтын ерекше тетік болып саналады. Бұл процестің Қазақстанның дамуының, әсіресе, қазіргі кезеңі үшін маңызы зор болып отыр. Өйткені, кәсіпкерлік экономикалық құбылыс бола отырып, бүгінгі таңда өз дәрежесінде әлеуметтік мазмұнға да ие болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерліктің қандай формасының болса да, қоғамда маңызды әлеуметтік қызметтерді атқаратындығын айта кеткен жөн. Кәсіпкерліктің атқаратын әлеуметтік қызметтері қоғамға тигізетін ықпалына қарай, екі топқа бөлінеді. Оларға мыналар жатады: алдымен, кәсіпкерліктің негізгі немесе тура қызметтері – жаңа және қосымша жұмыс орындарының ашылуы, нарықтың тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етілуі, жұмыспен қамтылғандардың санының артуы, әртүрлі әлеуметтік топтардың мұқтаждықтарына сай көмек көрсету немесе қайырымдылық көрсету және т.б. Ал, жанама қызметтері мыналарды қамтиды: бюджетке түрлі деңгейдегі салықтардың түсуінің қамтамасыз етілуі, кәсіпкерлік пен бизнес туралы қоғамда дұрыс, оң көзқарастардың қалыптасуы және т.б. Міне, осыған байланыс­ты, халықты жұмыспен қамтуда кәсіпкерлік басты тетік болып қала береді.
Әлия Бисенова, саяси ғылым­да­рының кандидаты, аға оқытушы:
Қазақстан – полиэтникалық мемлекет, мұнда әр түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен тату және бейбіт өмір сүріп жатыр. Біздің қоғамымыздың қостілділік, тіпті, көптілділік мәселелеріне соншалықты қызығушылық танытуы кездейсоқ емес. Қоғамды демократияландыру жағдайында бірнеше тілді білу Қазақстандағы барлық этностардың дамуына ықпалын тигізетін маңызды саяси-әлеуметтік құбылысқа айналып отыр. Қазақстан халқына Жолдауында Президент мемлекеттік маңызы бар үш бағдарламаны айқындап көрсетті. Олар: білім беру саласын, денсаулық сақтау саласын және тілдерді дамыту сияқты басым бағыттар. Сонымен қатар, Президент біздің еліміздің құндылықтары мен басты артықшылықтарының бірі көпұлттылық пен көптілділік болып табылатындығын да атап көрсеткен. Біздің Конституциямызға сәйкес, мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылады. Ал, мемлекеттік органдарда орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде ресми түрде қолданылады. Бұл біздің Конституциямыздың ережелері, оны бұзуға ешкімге де рұқсат етілмейді. Қазақ тілін жоспарлы түрде дамыту орыс тіліне нұқсан келтірмеуі тиіс. Үкімет пен мемлекет кең таралған екі тіл – қазақ тілі мен орыс тілінің өзіндік орындарын дәл айқындап берді. Халық осы тілдердің бүкіл қазақстандықтардың өміріндегі шынайы маңыздылығын саналы түрде ұғынғандықтан, Қазақстанда осы екі тілде сөйлейтіндердің арасында саяси шиеленіс туындамайды. Мен этностар арасындағы өзара түсіністік арқылы ғана көздегенімізді жүзеге асыра аламыз және Жолдауда алға қойылған мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыра аламыз деп есептеймін.
Ғайнижамал Рсалдина, С.Ж.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеттің Қазақстан тарихы, философия, саясаттану, әлеуметтану ка­федрасының доценті:
– С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ еліміздегі жоғары медициналық білім беру флагманы болып есептелінеді. Университет жаңа технологиямен білім беретін 42 жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде, Жапония, Германия, Сингапур, Австрия, Ресей, Украина елдерінің оқу-орындары бар. Олармен тәжірибе алмасу кең қанат жайып келеді. Соның мысалы ретінде тек биылғы оқу жылының 1 семестрінің өзінде әлемнің 40 елінен 100 профессордың біздің университетке келіп, дәріс оқуларын айтсам да жеткілікті. Халықаралық конференциялар жиі өтіп тұрады. Президенттің биылғы Жолдауында сапалы отандық медициналық қызмет адами капиталды орнықтырудың басты шарты ретінде қарастырылады. Қазақстандықтардың өмір сапасын жоғарылатуы, ең алдымен, қолжетімді медициналық қызмет көрсету мен салауатты өмір салтын насихаттаумен байланысты. Алдағы уақытта да ана мен бала өмірін қорғау, қатерлі ісік ауруларының асқынуына жол бермеу, дер кезінде алдын алу шараларын ұйымдастыру басты шаралардың бірі болуы керек. Қазақстанда онкологияға шалдыққан адамдарға қызмет көрсетуде көптеген кемшіліктердің бар екендігі айтылуда. Мысалы, Алматы онкодиспансерінде 170 төсектік орын өткен ғасырдың 50-ші жылдарында салынған екен, ал, осы уақыт аралығында қала халқы 8 есе өссе де, сол төсек орын санымен шектелуде. ҚР Мәжіліс депутаты Н.Петухованың мәліметі бойынша, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кадр саясатының салғырттығымен еңбек ресурстары ұтымды пайдаланылмаған. Себебі онкологиялық орталықтардағы дәрігерлердің жалақылары учаскелік дәрігерден 2 есе төмен. Онкологиялық аурудың алдын-алу шаралары міндетті түрде өткізілуі керек. Жылына 200-350 адамға ота жасалынады, өкпе рагіне шалдыққандар көп. 2012-2014 жылдарға арналған онкоауруларға көмек көрсетуге мемлекеттік қаржыдан 6 млд. теңге бөлінеді екен. Семей, Алматы қалаларында терапия орталықтарын салу жоспарлануда. Астанада Ұлттық орталық салынады. Сондай-ақ, 2011-2015 жылдарға арналған денсаулықты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы 100 мектеп, 100 емхана жобасы жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау жүйесіндегі Бірыңғай Ұлттық жүйе жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететін қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, бір қалыпта ұстау үшін де дене шынықтыру кафедрасына 3 несие бөлініп отыр. Осындай шараларды ұйымдастырып, қадағалау денсаулық сақтау жүйесіндегі менеджментке тапсырылған. Бүгінде менед­жмент орталығында 3 мың менеджер дайын­далғанмен, ол аздық етеді. Денсаулық сақтау ісінде ҚазҰМУ-дың фармация мен менеджмент факультеті, магистратура бөлімі өз үлесін қосуда. Олар шет мемлекеттерге тәжірибе алмасу үшін 1-1,5 айға іссапарға жіберіліп отырылады. Болашақ дәрігерлер студенттік дипломмен бірден қызметіне бара алмайды. Қызметке кірісу үшін жас маман тәуелсіз комиссияның біліктілігін тексеріп өтуі қажет. Оны біздің педагогикалық-оқытушылық құрам мен студенттер дұрыс шешім ретінде қолдады.
Бақытжамал Иманмолдаева, аға оқытушы:
– Елбасымыз Н.Назарбаев «Өз Отанының патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегінде ұялату. Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бас­тау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді сондай нышан. Сонымен қатар, ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп мемлекеттік тілдің мемлекетке деген сүйіспеншіліктің басты факторлардың бірі екенін нақтылады. Мемлекеттік тіл кез-келген қоғам үшін басты шарт. Олардың тағдыры да, бүгіні мен болашағы, игілігі мен гүлденіп, көркеюі мемлекеттілікке байланысты. Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында өз мемлекеттілігін нығайту мен жетілдіру міндеті тұр. Осы орайда Қазақстан мемлекеттілігін сақтаудың, дамытудың құрамдас бөлігі ретінде қазақ тілін дамыту басты мақсат. Әрбір ұлттың өзіндік болмысын, табиғи бітімін, мінез-құлқын, шаруашылық кәсібін, рухани қазынасын алақанға салғандай ашып көрсететін бірден-бір белгі – оның тілі мен рухани дүниесі. Сондықтан, тіл мәселесі, оның дамуы, қоғамда алатын рөлі әрқашан мемлекеттің, ел зиялыларының, тілші-ғалым­дардың көзден таса етпейтін көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады. Тіл саясаты – мемлекеттік саясаттың әрқашан маңызды бір бөлігі. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамыту, кеңінен насихаттау мемлекеттік және өкілетті органдарда ғана емес, басқа салаларда да (шағын және орта бизнесте, қызмет көрсетуде, өндірісте, өнеркәсіпте, т.б.) міндетті болуы қажет. Қазақ тілі тәуелсіздік дәмін енді ғана татқан қазақ халқы сияқты талай аласапыран замандардан, жанкешті асулардан асып, XXІ ғасырдың табалдырығына басқа тілдермен терезесі тең дәрежеде бай, шұрайлы қалпын сақтап келіп отыр. Мемлекеттік тілдің Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен сақтаудағы, дамытудағы рөлінің орнықты болуы ел болашағына деген сенімділікті арттыра түспек.
Айнұр Әбдіқалық, саяси ғылымда­рының кандидаты, аға оқытушы:
– Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әлеуметтік мемлекет құру қоғамдық дамудың негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Яғни, мемлекет өзінің бар мүмкіндігін, қамқорлығын өз қоғамының дамуын, ондағы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге міндетті. Қай елдің тәжі­рибесінде болмасын, саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды тең дәрежеде жүргізу – өте күрделі іс. Бұл үш бағытты үйлесімді алып жүрген мемлекет қана тұрақты даму жолына түсетінін ТМД құрамына енетін елдердің бүгінгі тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында, әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгеніміз белгілі. Елдің болашағы үшін ең басты мәселе – ол елдегі әлеуметтік тұрақтылық. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері, әлеуметтік саясат және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері кеңінен қарастырылып, мемлекеттің басты саясатына айналып отыр. Әлеуметтік мемлекет құрудың негізгі талаптарының бірі – әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен оларды жүзеге асыратын тетіктердің болуы қажет болса, бұл мәселе бойынша Қазақстан жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Елбасы жыл сайын халыққа ұсынған Жолдауларында әлеуметтік салаға баса назар аударып келеді. Биылғы жылы да аталмыш салаға басымдық беріліп отыр. Яғни, пәрменді әлеуметтік саясат – ол халықты жұмыспен тұрлаулы қамту саясаты болып келеді және болып қала береді. Осыған сәйкес, қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы басты міндет болып отыр. Сондай-ақ, Жолдауларда қолжетімді баспана, елімізде адам капиталының сапалы өсуі, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және зейнетақы жүйесін жетілдіру сияқты әлеуметтік бағыттар бойынша жүзеге асырылатын міндеттемелер ұсынылды.
Зәмзәгүл Байжұманова, теориялық-қол­данбалы саясаттану және әлеуметтану ка­фе­драсының аға оқытушысы:
– Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауының қай-қайсысын алсақ та, олар уақыт талабымен үндесіп жатыр. Осы тұрғыда қазақстандықтарды жұмыспен қамту мәселесін бірінші кезекке қойды. Елбасы тапсырмасы бойынша, Үкімет халықты жұмысқа тартуды қамтамасыз етудің бағдарламаларын бекітті. Онда үш маңызды міндетті атап көрсетті. Біріншіден, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау. Ол үшін басқа мамандық иелерін қажетті мамандыққа қайта оқытып, қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіп, мемлекет тарапынан шәкіртақы төлеп, екінші мамандыққа тарту. Мысалы, аспазшы, тігінші, шаштараз, газбен дәнекерлеуші, т.б. сияқты ауылдық жерлерге қажетті мамандық түрлеріне қайта даярлап, жұмысқа орналастыру. Екіншіден, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға септесу. Яғни, шағын несиелер беру арқылы өз кәсіпкерліктерін нығайтуға көмектесу: мал сатып алу, өсіру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жылыжайлар салу, көкөніс өсіруді молайту, егіншілікті нығайту, нан-макарон өнімдерімен тұтынушыларды қамтамасыз ету, т.б. Үшіншіден, еңбек ре­сурс­тарының жинақылығы, Қазақстанның эко­номикалық тұрғыдан белсенді орталық­тарында жұмысқа орналастыруға басымдық беру. 2011 жылы бұл бағдарлама 60 мыңға жуық адамның қатысуымен сынақтан өтіп, дайындық жұмыстары заңнамалық база бойынша жұмыстарын аяқтады. Енді бағдарламаны жүзеге асыруға көшу ұсынылып, үкіметке, әкімдерге тікелей тапсырмалар берілді. Сөй­тіп, 2020 жылға дейін 1,5 млн. адамды сапалы жұмыстарға орналастыру көзделген. Елбасымыздың бұл бастамасы, әрине, кө­кейге қонарлық. Мынау қиыншылығы мол алмағайып заманда, жаһандық дағдарыс жай­лаған кезеңде ірі алпауыт мемлекеттердің өзі де қиыншылықтарды сезінуде.
Ұлан Алпар, аға оқытушы:
– «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген қанатты сөз бар. Осы мақал бүгінгі қазақ қоғамындағы жастарға арналғандай. Себебі, жастардың көбін қынжылтатын да осы мәселе. Елімізде осы сұрақ жөнінде көптеген іс- шаралар істеліп жатқаны айқын. Атап айтар болсақ, мемлекет аумағында қабылданған тұрғын үй мәселесіне қатысты бірнеше бағдарламалар бар. Олар 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы, 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, т.б. Бірақ бұл бағдарламаларда жас отбасыларға, көп балалы жанұяларға арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал, биылғы Президент Жолдауында тұрғын үй проблемасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бас­ты бағыты ретінде көрсетілді. Және де оны жүзеге асырудың жолдарын да көрсетіп бер­ді. Біріншісі – ұзақ мерзімге жалға беру, екіншісі – жалға алған үйін сатып алу. Осы мақсатта Елбасы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жасауды Үкіметке осы жылдың шілдесіне дейін даярлауды ұсынды. Сол қолжетімді баспана халықтың барлығының үдесінен шыға ма? Қандай жайттар ескерілуі керек? «Ел болашағы – жастар» десек, олардың бүгіндегі басты проблемасы тұрғын үй. Біз мемлекет жастарға қарамай жатыр деген ойдан аулақпыз. Бізде тұрғын үйге байланысты, осы уақыт аралығында қабылданған бағ­дар­ламалардың ешбірінде төлеудің же­ңіл­детілген түрлері қарастырылмаған. Жас жан­ұяның алға қарай қадам басып, аяқ­тарынан тік тұрып кетуі үшін мемлекеттен көмек қажет. Бұл көмек қалай болуы керек? Жас отбасыға үй берілді дейік. Бала өмірге келгенде, әрбір баланың тууына байланысты үй бағасының пайыздық төлемдері азайтылып отырылса. Мұндай түрдегі үйді болу әлемнің көптеген мемлекеттерінде тәжірибеден өткен. Алыстан іздемей, Беларус мемлекетін мысал ретінде алсақ та болады. Онда көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде өзіндік ерекшеліктер бар. Айталық, ипотекамен үй алса, төртінші баласы дүниеге келсе, қарызының 25 пайызын өтеуді Үкімет өз мойнына алады. Ал, бесінші баласы дүниеге келсе, 50 пайызын, алтыншы, жетінші бала туылғанда, қарызының 100 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Егер, осындай ерекшеліктер енсе, одан қоғам ұтылмайды. Себебі, халық санының 2020 жылға дейін 20 миллион адамға жетуіне мемлекеттің өзі де мүдделі. Егер, демографиялық заңдылықты ескерер болсақ, өсімді тек төртінші бала ғана береді. Ал, бүгінгі қоғамда «Елубайлар» мен «Қырықбайлар» әлдеқашан жоқ. Оның басты себебі, жас жанұялардың үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап, тұрақсыздықта өмір сүрулерінде. Егер, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына осы тектес ерекшеліктер мен жеңілдіктер енсе, мемлекет ұтпаса ұтылмайды. Біріншіден, жас жанұяда сенім болады. Екіншіден, демографиялық жағдайға үлес қосылады. Үшіншіден, тұрғын үй салу барысында жұмыс орындары ашылады. Әлеуметтік проблемалардың біраз бөлігі шешілуі мүмкін. Ең бастысы, өз елінде тұратын қазақ өз шаңырағының иесі болуы керек. Мемлекеттің басты құндылығы адам және оның өмірі екендігі ата заңда жазылды. Біріншіден, мемлекет жастар проблемасының бір бөлігін шешеді. Екіншіден, жас отбасы үшін баспанадан артық ештене жоқ. Үшіншіден, мемлекет баспаналарды осы сияқты ерекшеліктермен берсе, үлкен пайда. Ол қандай пайда болуы мүмкін дегенге келсек, демографиялық ахуалдың жақсаруына ықпалы тиеді, демография ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі екенін ескерсек, ұлттық қауіпсіздіктің нығаюына үлес қосады.

Сұхбатты жүргізген
Мұқсин Дәкенов,

Алдыңғы «
Келесі »