Қазақстандық ЭКСПО тарихы (ХІХ-ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы түркістандық көрмелер)

  • 17.06.2015
  • 500 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тұрғанжан Төлебаев, 
тарих ғылымдарының докторы

Астанадағы ЕХРО – 2017 көр­ме­сі  ТМД елдері мен Орталық Азия аума­ғын­­­дағы өткізілетін ең алғашқы халық­аралық деңгейдегі көрме болғалы отыр. Мемлекет басшысы осындай ау­қымды шараны еліміздің Астанасында ұйымдастыру туралы бастама көтерді. 2012 жылдың  22 қарашасында  EXPO Халықаралық бюросы Бас ассамблеясы 152-ші сессиясында  Қазақстанның елордасы Астана қаласында халықаралық көрме өткізу туралы шешім қабылдады. Сол жылы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017 Халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Соның негізінде ЭКСПО – 2017-ні өткізуге дайындық басталып кетті.


Бүгінгі таңда тауарлардың өндірушіден тұтынушыға қарай жақындауында көр­мелер үлкен орын алуда. Көрмелерге қатысу кез келген кәсіпорын мен фир­маның жетістікке жету жолына айналды. Кейінгі кезеңде көрмелердің са­ны мен тақырыптары да әлдеқайда кеңейе түсті. Олар аумақтық, салалық және тақырыптық белгілері бойынша жік­теледі. Аумақтық белгілері негізінде негізінен үш түрге бөлінеді. Олар: 1. Ха­лықаралық – әртүрлі елдер өкілдері қатысқан көрмелер. 2. Ай­мақаралық – бір елдің ішіндегі әртүрлі аймақ өкілдері қатысуымен өткен көр­мелер. 3. Аймақтық – бір аймақтағы әр­түрлі қалалар мен елді мекендер қаты­сатын көрмелер.
ХІХ ғ. соңына қарай әлемнің көптеген ел­дері мен аймақтарында, солардың қата­рында қазақ жерінде де жәрмеңкелік және көрмелік қызмет кең таралды. Қа­зақ­стандық кәсіпкерлер жоғарыда аталған көр­ме түрлерінің барлығына да сол ХІХ ғасырдан бастап қатысып келеді. Біз оны  Түркістандық көрмелер тарихынан-ақ ай­қын көреміз. 1884 жылы Түркістандық ауыл шаруашылығы қоғамы құрылды. Осы қоғам генерал-губернатор мен егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігінің рұқсатымен өлкелік көрмелер ұйымдас­тырып отырды. Олардың жалпы саны – 8. 1886,1890, 1894, 1890, 1900, 1901, 1906 және 1909  жылдары өткізілді. Біз солар­дың зерт­теліп отырған аймақ үшін маңызы бар бір­нешеуіне ғана тоқталамыз. 
1886 жылы Түркістандық көрмеге 725 адам, оның ішінде 139 орыс, 586 жер­гілікті халықтың өкілдері қатысты. Шымкент уезінен – 8, Әулиета уезінен – 7, Түркістаннан – 3, Перовскіден – 1 экспонент болды. 3 – топта (кустарлық өнеркәсіп) – 459 экспонент, ал 4 – топта (ауыл шауашылық және техникалық заводтық өңдеу өнімдері) – 50 экспонент болса, жекелеген өндіріс иелерінің арнайы өз павильондары болды. Көр­меде ағайынды Дюршмидтердің өнер­кәсіптерінде тазартылған ішек­тер, Н. П. Са­винковтың заводының өнімдері, Әу­лиеатадағы менониттердің және Піш­­­пектік А.М.Фетисовтың жасаған уы­зы (ірімшігі), Н.И. Ивановтың арақ-шараптары және сырасының үш сорты: қара­пайым (баварлық және веналық)  ристік және сальватор қойыл­ды. Бұ­лармен бірге Түркістан қаласынан Ақ­мешіт Базарқұлова тоқыған жібек шәлі өзінің тазалығымен және сәнділі­гімен көз тартты. 
1906 жылғы Ташкенттегі ауыл шаруа­шы­лық өнеркәсібі көрмесінің ерекше­лігі­нің бірі, оған тек Түркістандық қана емес Рос­сияның әртүрлі аудандарынан да экспо­наттардың қатысуы болды. Қолөнер бөлі­мі үш бөлімшеге еуропалықтардың кус­тарлық (ұсақ) өндірісі, жергілікті ұсақ өн­дірушілердің өндірісі және қол өнер деп бөлінді. 1-бөлімше көптігі және әртүрлігімен өзгешеленеді. Әсіресе, Со­бесстің қыш бұйымдары мен Ригадан келген Сидлинидің италиялықтарға өте ұқсас әшекей, мозаикалық заттары ерекшеленіп тұрды. Жергілікті ұсақ  өндірісшілердің ішінен Тұрсын Маго­медовтың өндірісінің көзешісі үлкен шеберлігі мен икемділігі ар­қылы ерекше көзге түскен. Қолөнершілер бөлімшесінде көп­теген әдемі кілемдер мен әйелдердің сәндік бұйымдары (дамские туалеты) қойылды. Еуропалықтардың кустарлық өн­дірісі бөлімі бойынша 84 экспонат қойыл­ған, олардың 6-бірін­ші, 7-екінші, 31-үшін­ші дәрежедегі сый­лықтарға ие болды. Фабрика-завод өнер­кәсібі бөлімінде 27 өндірістен экспонат қойылды. 1909 жылы 13 қыркүйектен  22 қазанға дейін Ташкентте Түркістандық ауыл шаруашылық өнеркәсіптік және ғылыми көрме болды. Бұл көрме Түркістан ауыл-шаруашылық қоғамының 25 жылды­ғына орай ұйымдастырылды. Оны кө­руге 158500 адам қатысты, олардың ішін­де жергілікті халықтың өкілдері көп бо­лды. Ұсақ өндіріс пен қолөнер бө­лімінде, жергілікті шеберлердің заттары 1894 жылғы Ташкенттегі көрмемен салыстырғанда нашар жиналғандығы атап көрсетілген. Бұл 1909 жылғы көрмеде М.Х. Қабуловтың слесарьлық (темір ұсталығы) бұйымдары, А. Асранқұлов пен Б. Разымовтың аяқ киімдері мен кебіс­тері, К. Шадыбеков пен Н. Ярь-Мухамедовтың тартпалары, қамшысы мен ат әбзелдері, А. Исматуллаевтың ағаш (сто­лярное) бұйымдары т.б. ерек­шеленді. Әсіресе, ташкенттік қолөнер училищесінің оқушылары жасаған жұ­мыстар көңіл аударарлық болды. Жер­гілікті қолөнершілер Р.И. Рабинович, Б.С. Гершун және Раговер жасаған зергерлік (алтын) тігін бұйымдары мен офи­церлік киімдері, слесарь И.Келиннің велосипеді, Мангенштейн мен Прайстың бас киімдері т.б. ерекшеленіп тұрды. Кейбір жергілікті қолөнершілердің өз павильондары жабдықталды. Мысалы: М. Бабаходжаевтың, Т. Иса-Мухамедовтың, В.Т. Абду-Меликовтың жібек, Ш.Шай­даятовтың темір бұйымдарының павильондары болды. Көрме соңғы жылдары кілем өндірісінің біршама қысқарғанын да байқатты. Ол ең алдымен жүннің Россияға көптеп әке­тілуіне, соның барысында қымбаттап кетуімен байланысты болды. Қолөнер бөлі­мінде сырттан келген экспонаттар да орын алды. Олардың ішінен ерекше атауға ие болғандары Москвалық губерниялық земствоның ойыншықтары, «Жако және К» фирмасының қаңылтыр бұйымдары, Тула самаурыны т.б. Көр­ме­нің сырттан келгендер, соның ішінде тіпті шет елдерден келгендер де көптеп қатынасқан бөлімі – фабрика-заводтық бөлім болды. Бұған дейінгі көрмелердегі осы аттас бөлімнен тағы бір ерекшелігі әртүрлі саладағы өнер­кәсіп заттарының және өндірістік техниканың қойылуында. Бұл бөлім Кауф­мандық гүл алаңының орталық бөлігін алып жат­қан шағын фабрикалық қалашық тәрізді болып шықты. «Будың ысылы, машиналардың біркелкі металдық тыр­­сылы, локомобильдердің гудоктары, жұмысшылар мен механиктердің асы­ғыс қимыл-әрекеттері көрерменді жұмыс кезіндегі алып завод жағдайына әкелгендей болды», – деп жазды ол туралы көзімен көргендер.
Шетелдіктер мен дамыған өнеркәсіптік аудандардан келген экспонаттарға мүмкін­дігінше толық шолу жасау қажет деп есептейміз. Себебі, ол кезеңде, ешқандай, тіпті, орта дәрежедегі болса да, техникалық білім орталығы жоқ өлке тұрғындары мен өнеркәсіпшілері үшін техникалық танымы мен түсінігін дамытуда, өндіріс орындарын кеңейтуге ұмтылысын тудыруда мұндай экспонаттардың рөлі зор болды. Р.Вольфтың фирмасы ыстық бумен жүретін өздері жасап патенттеген локомобилін қойды. Локомобильдің ұқыпты жасалғаны сонша – бұл алып машина ешқандай шу мен тарсылсыз жұмыс істеді, тіпті, әдеттегі металдық бөліктердің шиқылы мен үйкелісі де естілмеді. Ағайынды Крупптардың фирмасы қа­тар тұрған Вольфтың локо­мобилінен энер­­гия ала отырып жұмыс істеп тұрған гидравликалық сыққыш (пресс) пен Ан­­дерсон системасындағы май заводын то­лықтай көрсетті. «Треугольник» деп аталған бұрынғы Орыс-Американ ре­зин­ка мануфактурасы жолдастығы әртүр­лі резина бұйымдарын көрсетіп, кейбір көрушілерге үлестірді. Граф П.П. Шу­валовтың мұра­герлігінің Перьмдік құю заводы цинктік темірлер, қара және ақ қаңылтырлар, темір бұйымдар т.б. алып келген екен. Зингер сауда үйінің әртүрлі тігін машиналары мен тігілген түрлі-түсті жібек бұйымдары көңіл бөлуге тұрарлық болған. И.Р.Плетцер үлкен қазақ үйге Альфа-Лавель сеператорын қойды.
Цемент пен одан бұйым жасау үлгі­лерін портланд-цемент өндіретін С-Петер­бург жолдастығы, Волгадағы Глухоозерск және М.С.Строганов заводтары көр­­сетті. Ішек өндірісі Г.В.Дюршмидтің па­вильо­нында, әртүрлі саз балшық заттар Ф.Сабосский, өңделген тері, жүн И.Д.Те­зиковтың мұрагерлері зығыр, қы­ша майлары, А.П.Мазаев пен сүйек күй­ді­ретін заводтардың акционерлік қо­ғамы, сабын, арба дөңгелегінің майы, өң­­делген тері, Х.А.Тюменов пен С. С.Мұ­радовтың өртенбейтін ақша кассасы мен киім-кешек­тің құрыс-тырысын жазатын заттар (катон) жүйесі, кондитерлік заттар, А.Д.Потеряхин, С-Петербургтік хи­миялық лаборатория, Эйнем фабрикасы жолдастығы т.б. өн­дірістік органдардың экспонаттары ре­тінде қойылған еді. Түр­­кістанда ірі өнер­­кәсіпті негіздеу мен дамытуға қарай сенімді бет-бұрыс Орынбор-Ташкент темір жолының ашылуы­на байланысты дамыды. Аталған фирмалар мен кәсіпорындардың көрмеге қойған кейбір заттары тек экспонат қана болып қойған жоқ, өндіріс орындары мен шаруашылық салаларында жердің шал­­ғайлығына қарамастан, алынып ке­ліп пайдаланыла да бастады. Мысалы, Р.Вольф­тың фирмасының двигательдері Қоқандағы мақта тазалайтын заводтарда пайдаланылды. Соңғы көрмеге дейінгі жылдарда біраз жерлерде, соның ішінде Ташкент қаласы мен оның маңында көптеген жаңа диірмендер пайда болған және жалпы ұн тарту дами түскен бола­тын. Осы айтылғандардың өзінен-ақ, біз Түркістан өнеркәсібінің, әсіресе, ірі өндірісінің тиімді роль атқарғанын көре­міз.
Көрмеге қатысқандарға берілген марапатқа келетін болсақ, сөз жоқ, көп­теген шетелдік және орталық ресей­лік және өлкелік кәсіпорын иелері жоғары бағалар алды. Олардың экспонаттары мен роліне жоғарыда жете тоқ­тал­ғандықтан, бұл мәселені тек оңтүстік қазақстандықтар бойынша ғана сипаттауды жөн деп білеміз. Ең жоғарғы көрмелік марапат мемлекеттік гербке ие болған 5 фирманың біріншісі болып тізімде  Н.И.Ивановтың мұра­герлері тұрды. Екін­ші үлкен марапат С-Петербург қала­сының құрметті үл­кен алтын медалі де жасырын дауыс бойынша соларға тиді. 21 қарашадағы эксперттік және ұйымдастыру коми­теттерінің бірлескен мәжілісінде Жетісу облысындағы сауда-өнеркәсіптік қыз­ме­тінің зор маңызы үшін Н. Я. Пуга­совқа Коммерциялық Кеңесші атағын беруді өтіну туралы қаулы қабылданды. Оған сонымен қатар жоғары сапалы арағы мен шарабы үшін Құрметті диплом берілді. Үлкен алтын медальға Жетісу казактық әскерінің әскери ше­бер­ханасы әртүрлі заттары және А.С. Гавриловтың темекі заводы – жо­ға­ры  сапалы, әрі арзан темекісі үшін ие болды. Кіші алтын медальды Пу­гасовтың арақ заводының аға шебері Р.И. Браунс сапалы арақ жасағаны, И.Д. Лут­мановтың мұрагерлері мен меха­ни­ка­лық ұнтақтау диірменнің Піш­пектік Бірінші жолдастығы өте сапалы ұндары үшін иемденді.
Верныйлық С.Г. Газиевтің тері заводына жақсы өңделген терілер үшін үлкен күміс медаль, Қаскелеңдегі казак А.Я. Неупокоевке әртүрлі тағаны жақсы жасағаны, С.Г. Газиевке сапалы қайыс бұйымдары, Шымкент уезінің Арыстанды болысының қазағы Пірназар Досбаевқа семьясымен жасап көрмеге қойған тамаша қазақ үйі үшін берілді. Завод-фабрика бөлімі бойынша осындай кіші күміс медалін Пугасовтың  тері заводы жақсы, сапалы терілер үшін алды. Қола медальмен қолөнер бөлімі бойынша  Верныйдағы зергерлік тігу цехының шебері Б.С. Гершун, «Кіші-Алматылық» қазақ В.Н.Салагаев жасаған пышағы мен балғасы, Шымкенттік  А. Кәрімбаев  етіктің терілерін өңдегені үшін, ал, фабрика-завод бөлімі бойынша өңделген терілері үшін Хамза Тюменов пен Саид Мұратовтардың тері заводы, темекі түтікшесі (гильза) үшін «Ф.Пестов пен А.Радинов» гильза өндірісі жолдастығы марапатталды. Бұл заводтарға сондай-ақ Императорлық орыс техникалық қоғамының медалі мен дипломдар қоса тапсырылды. Қол­өнершілердің көп­ші­­­лігі мақтау қаға­зына ие болды. Шым­­кенттік У. Алланазаров, Тыныбай Қожа Магамедов ағаш шеберлігі жұмыстарын; Ташпулат Жанмұрзаев орыс етігін; Ишанқұл Нұрмұхамедов барқыт қазақ бөрігін; Рузы Күншиев түйе терісін; Батыршы Бекбаев шидегі тоқымасын, киіз және пүліштің үлгі­лерін; Гайбат болысының қазақ әйелі Үміт Оңласынова ши өрнек­терін; Қожамберді қамыстан тоқы­малы заттар жасағаны үшін марапатталды.
Жалпы, көрме қорытындысы бойынша 32 марапат Оңтүстік Қазақстандықтарға тиді және марапаттар саны жөнінен қол­өнер және фабрика-завод бөлімдері теңдей болып шықты. Бұл жерде мынаны да естен шығармау керек, фабрика-завод бөлі­міндегі экспонаттардың барлығы бір­дей ірі өндірістердің өнімі бола берген жоқ, сол сияқты қолөнер бөліміндегі кейбір заттар ұсақ өнеркәсіпшілер шебер­ханасының тауарлары еді. Көрме жергі­лікті өндірістің жетістіктерін ғана емес кемшілік жақтарын да көрсетті. Оны әсіресе, осы көрменің құрастырушылары жіті байқаған. Олар көшпелілердің үй өндірісінің кең дамуда екендігін, жергілікті қолөнершілердің өнеркәсіптік өмірге үлкен бейімділігін, әртүрлі өндірістің техникасын,  рынок­тың талаптарын тез меңге­ретінін, тұты­нушылардың талабымен келі­се­тінін айта отырып, жалпы соңғы 10-15 жылда қол­өнер өндірісінің төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, темір­жолдардың салынуы барысында жер­гілікті халықтың талабына бейімделген арзанқол фабрикалық заттардың көптеп келуін, мұның басты себебі деп көрсетеді. «Пышақ өндірісі мүлде нашарлап кетті, тері, саз балшық т.б. жасау төмендеуде», – дейді. Қоғамдық пікір  әрбір жекелеген кәсіпорынның күйреуіне жеке адамдар мен кәсіпкерлер кінәлі деп есептейді. «Үкімдер шығарылды, ал, соның ізін ала өндіріс қайта пайда болды, тағы қайтадан мезгілсіз күйреді», – дей келіп, әртүрлі саладағы жаппай күйреулердің жалпы заңды себептеріне көңіл бөлу қажет, себептер төмендегідей негізгі заңдылықтарда жатыр. Түркістандық қазба байлықтары қорының нашар зерттелуі, алдын-ала тәжірибесі аз кә­сіп­кердің техникалық және жалпы ғылыми білімінің жеткіліксіздігі, қа­жетті көлемдегі ақша қаражатының үнемі жетіспеуі осыған әкелді», – дейді.
1913 жылы күзде Верныйда Жетісу облыстық ауыл шаруашылық және өнер­кәсіптік көрме болды. Көрмедегі экспонаттар тоғыз бөлімге жіктелді, 7-8 бөлімдері қолөнер мен өнеркәсіпке арналды. Қолөнер бөлімі бірнеше бөлімшелерге жіктелді. Қазақтардың бөлімшесі бай, орташа және кедей тұрмыстарын бейне­лейтіндей етіп көрсетілді. Байдың қазақ үйінде көшпелілердің қымбат өнімдері, зерлі жібек шапандар, ішіктер, қымбат күміс белдіктер, ескі қарулар, сауыт, қа­лың­дық киімдері, қымбат аң терілері, кілем, ерлер мен әйелдердің сәндік киім­дері т.б. Кедейлердің қазақ үйінің жанында қазақтардың қолөнері көрсетілді. Темір ұсталары мен ағаш шеберлері, зергерлер жұмыс істеп, әйелдер киіз басып, қазақ үйге қажетті сәндік бұйымдар, қап, қоржын т.б. жасап жатты. Сондай-ақ, әйел­дердің бие, сиыр, түйе сауып, қымыз, ай­ран, ірімшік т.б. жасап жатқаны да іс жүзінде көрсетілді. Ұйғырлар бөлімінің сәнін жаркенттік В.Юлдашев бай коллекциясымен толықтырып тұрды. Ал, дүн­гендер павильонында фарфор, саз-балшық ыдыстар, тас бұйымдар, әйел­дердің қол еңбегі, әсіресе түрлі-түсті жі­бек маталардан тіккен бұйымдар, күріш, көкөніс т.б. көрсетілді. Ірі өндіріс орындары жеке бөлім бойынша топтастырылды. Көрмеге қатысқан «Н.И.Ивановтың мұрагерлерінің серік­тестігі» өзінің екі арақ-шарап, 6 сыра қайнату заводтарының өнімдерін конкурстан тыс деп жария­лағанына қарамастан комиссия 48 жыл­дық еңбегін, өлкелік, бүкіл россиялық және шетелдік көрмелерде әлденеше рет сыйлықтарға ие болғанын ескере отырып, бұл фирмаға Мемлекеттік Гербті беруге ұсынуды дұрыс деп тапты. Үлкен алтын медальды жүн, түкті шұға өңдейтін өндірісі және ол бұйымдарының сапасы үшін «Шахворстов пен Пестовтың» сауда үйінің шұға фабрикасы алды. Сыра үшін берілген жоғары награда – алтын медальды «И.Д.Лутмановтың мұрагерлерінің» заводы иеленді. Қалған сыра қайнататын заводтарға мақтау қағаздары берілді. Кіші алтын медаль – шарабының сапасы үшін «Н.Пугасов» сауда үйіне берілді. Ұн диірмені мен тері заводтарының конкурсына облыстан тыс­қары жерлерден де өндіріс орындары келіп қатысты. Олар – Ақмола облысының Петро­павловск қаласының «Мукамол» сауда өнеркәсіптік серіктестігі және Құлжа қаласындағы электр энергиясымен жұмыс істейтін, германдық өндіріс машинкалармен жаб­дық­талған «Ағайынды Мұсабаевтар» фир­­­­ма­сының тері заводы. Пішпектік М.С. Енгалычев пен петропавлдық «Му­­ка­мол» өндірістерінің өнімі бірдей мара­патқа – кіші алтын медальға ие болды. Н.А.Гаврилованың диірмені үлкен күміс, ал «Н.Д. Лутмановтың мұрагерлері» кіші күміс медаль алды.
Өзінің қарапайымдылығына қара­мас­тан жергілікті тері өндірістері ағайын­­ды Мұсабаевтардың атын шы­ғар­ды. Сапасы бойынша «А.А.Маль­ков балаларымен» және «Х.А.Тюменов пен С.С.Мұратов» серіктестігі кіші алтын медальмен, ал, «Н.Пугасов балалары» сауда үйі үлкен, М.Е.Енгалычев кіші күміс медальдармен марапатталды. Қалған тері заводтары, соның ішінде ағайынды Мұсабаевтар мақтау қағаздарымен қанағаттанды. Көрмеде «Г.Е. Ботвин және балалары» сауда үйінің Шәуешектегі орыс факторында орналасқан сабын заводының әртүрлі өнімдері де ерекше көңіл аударуға тұрарлық болды. Жалпы өнеркәсіп және қолөнер бөлімдері көрмеде өте бай жабдықталды және Жетісуда арақ-шарап, сыра тағы сол сияқтылардан басқа, көптеген өндіріс орындарының дамуы үшін материалдар мен шикізаттардан кемшілік көрмейтіндігін айқын куәландырды.
Жергілікті шаруашылық және өнеркә­сіптік даму үшін, Жетісудың байлы­ғын тезірек игеру үшін Түркістан мен Сібірді қосатын теміржол қажет екендігі туралы өз талаптарын  көптеген алпауыттар тағы да жар сала айтып жатты. Жалпы алғанда, Түркістан өлкесі 1870-1913 жылдар ара­лығында 7 Россиялық, 1873-1914 жылдар арасында 10 бүкіл әлемдік  және 1886-1909 жылдар арасында 8 – Түркістандық көрмеге қатысты.
Жыл   өткен сайын көрмеге қатысушы­лар арасында оңтүстік қазақстандықтар кө­бейе берді. Н.И. Иванов, Н. Пугасов, Н.П.Савинков, Н. Лутманов, А. Гаврилов, Х.А.Тюменов пен С.С. Муратов, Г.В. Дюр­шмидт өлке көлеміндегі бірнеше кәсіпорынмен өндірістік иелері ретінде ең­бекші халықты қанаудың үлкен торын құрды. Мысалы, И.Д. Лутманов Вер­ный­дағы сыра заводын, Н.Я.Пугасов Жеті­судағы Семейде, т.б. ішек тазалайтын, Н.И. Иванов Жетісу, Самарқан, Сырдария облыстарында бірнеше арақ-шарап, сыра, темекі өнеркәсіптерін иемденді. Олар сауда-өнеркәсіптік буржуазияның негізін құра бастап, Н.Ивановтың, Н.Пугасовтың, Н. Лутмановтың, А.Гавриловтың ұр­пақ­­тарының бірлесіп иеленуі және мұ­рагер­лер ретінде әкелерінің ісін жал­ғас­тыруы өнеркәсіп буржуазиясының – қалыптасуының бастамасы еді. Со­ны­мен, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында географиялық ауқымы әр­түрлі көлемдегі көрмелерде Оңтүстік Қазақстандық өндірістер мен өнеркәсіптер өзіндік орын алды. Дүниежүзілік және бүкілроссиялық көрмелерге Оңтүстік Қа­зақстандықтардың қатысуы көптеген кедергілермен шектеліп отырылды. Олар аймақтың өте шалғайлығы, жол қаты­на­­сының нашарлығы, өндірістердегі тех­­ника мен технологияның және өнім­нің сапасының төмен болуы т.б. еді. Көр­­ме­лердің прогрессивті мәні сонда, кә­сіпкерлер  шет елдерге, орталық өнер­кәсіпті аудандарға барып ірі өндіріс орындарымен жақын танысты, ал, өлкелік, облыстық көрмелер сөз жоқ кәсіпкерлердің ғана емес, жұмысшылардың, бүкіл көрер­мендердің танымын арттырып, өнер­кәсіптің жаңа түрлеріне ұмтылысын кү­шейтті.
2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-17» Халықаралық көрмесі туралы айтқанда Қазақстандағы бұрынғы көрмелер тарихы жөнінде білу керек, әрі бұл ұрпақ үшін қажет.  

Алдыңғы «
Келесі »