Саясаттағы айлакерлік және саяси ойын

  • 17.06.2015
  • 8637 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Саяси алаңда әралуан әрекет, неше түрлі ойындар жүріп жататыны мәлім. Оның ішінде қарапайым халықтың көзіне түсетіні де, аңғарылмай өтетіндері де қаншама. «Саясат – сайқал, лас» деп жиі айтамыз. Бірақ, оның ішкі мәніне терең үңіле бермейміз. Жалпы, ресми биліктің демократиялық па немесе тоталитарлық па, қай түрінде екендігіне қарамастан саясаткерлер арасында астыртын іс-әрекеттер, айла-шарғылар толассыз жүріп жататындығы жайында аңызға бергісіз әңгіме халық арасында желдей есіп жатады.  Батыс әлемінде саяси айла-амалдар жайындағы БАҚ ақпараттарын қорытып, ғылыми түрде жіктеген тұжырымдар да кездеседі. Олай болса, осы қызықты да маңызды ұғым аясында саясаткерлер айлакерлігінің кейбір қырларымен танысайық. 


Халықаралық аренада Bluff – (айла-амал, қулық, өктемсу) деген ұғым бар. Мұның түп негізі ұтыс ойындары кезінде ойыншылардың бірін бірі алдаудан, қулығын асырудан туған көрінеді. Ал, саясат саласында белгілі бір саяси күштің, қоғамдық топтың, партия, фракциялардың өздерін өзгеден ықпалды етіп насихаттауын айтады. Бұл тұрғыдан келгенде, қазіргі таңда саяси айлакерліктің өзі саясатта электратқа ықпал етудің маңызды бір тәсіліне айналып отыр. Алайда, көпе-көрінеу алдап соғумен салыстырғанда, оның өз нәтижесін жариялауы, өзінікін дұрыс етіп көрсетуі әлдеқайда «мәдениетті» әрі тым сыпайы қарым-қатынас ретінде танылары даусыз. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Чехословакиядағы совет елшілігіне  германиялық тыңшыдан қызыл армияның жоғарғы шенді лауазым иесінің сатылғаны жайында хаттың жолдануы  Вермахтының ешқашан жеңілмесін айшықтамақ болған астамшылдығын мәлімдеген айлакерлік болатын.  
Тәжірибелі саясаткерлер өз бәсекелесінің психологиясына, санасына елеулі әсер етіп, адастыратын күрделі амалдарды мықты игерген болып шығады. Сонысының арқасында бәсекелесін өз жағына тартады немесе оны саяси сахнадан мүлде ығыстырады. Ол үшін рұқсат етілген және тыйым салынған саяси-экономикалық, әс­кери күштік, үгіт-насихаттық, БАҚ се­кілді түрлі құрылымдарды іске қосады. Тіпті, белгілі бір саясаткер жайындағы бұқараның ой-лебізін өзге арнаға бұру үшін диверсиялық әрекеттер де қолданылуы мүмкін. Салдарынан бұқаралық көңіл-күй мен мінез-құлықтың өзі күрт өзгеріп, олар қолдаған саясаткердің имиджіне айтарлықтай нұқсан келуі кәдік. Мұның бәрін есепке алар болсақ, ондай шаралардың нәтижесінде әлгі саясаткердің қарсыластары халықтың басым бөлігін өзіне қарай тартып әкете алмақ. 
Саяси диверсияның психологиялық соғысқа балануы да кездейсоқтық емес. Бұқаралық психологияға ықпал етуге маманданған саясаткерлер халықтың санасына, көңіл-күйіне елеулі әсер ете алады. Адастыру мақсатында қолданылатын ықпалдың әлемде ең кең тараған эле­менттеріне мыналар жатқызылады екен: Ұлттық көзқарасқа әсер ету; Көңіл-күйге, сезімге ықпал жасау; Инстинктік аясында: ұлттық, әлеуметтік санадан бастап, жеке тұлғалардың сезіміне дейін ықпал ету; Артта қалған, тіпті, ұмыт болған көне салт-дәстүрді де пайдалану; Жасанды аңыз-әпсана ойлап тауып, өсек-аяң тарату; Ой-санаға, ұғымға барынша алдамшы стереотиптер сіңіру.  Жалпы, саясаткерлер айлакерлік амалдарын жанама және тікелей түрде қолданғанда сан түрлі тәсілдерге барады. Соның бірі, саясат саласында «Жасанды музыка аспабының тәсілі» деп аталады. Ол бойынша саясаткер айла-амалын тікелей жүзеге асырады. Жалған ақпарат алады да, онысын БАҚ арқылы кеңінен  таратады. Егер бұл алдауы қисынға сай секілді көрінсе, сендіру қабілеті мықты болса, бұқараны адастыру нәтижесі де айтарлықтай болады. Бұл ретте біреудің аты-жөні де пайдаланылады. Мысалы, елге танымал беделді бір адам айтқандай етіп көрсетеді, сөзін бұрмалайды немесе мүлде жоқ ақпарат көзінен де сілтеме жасағандай етіп атай береді. Шынайы, ашық әрі анық сипаттама беру үшін саясаткерлер түрлі деректер мен сандарды да ойынға қосады. Оған мысал ретінде әлеуметтік зерттеулер нәтижелерін атауға болады. Әрине, ондай қорытындыларда нақты дәйек болмайды. Әлеуметтанушы жеке мақсатына негіздеп, өз көңіл-күй ауанымен тапсырысқа сай беталды атқарады. Осындай тактикамен беделі бел асқан саясаткердің де рейтингін күрт құлдыратып, баспасөзде жариялау арқылы қоғамдық пікірді өзге арнаға бұрып жіберуге болады немесе керісінше. 
Кейбір саясаткер    халықтың ал­ған ақпараттарын ақылмен екшеуіне, қи­­­сынды ойлап, қорытуына елеулі ке­­дергі жасап, арнайы бүлдіруді көз­дейді. Ол үшін жұрттың көңіл-күйін алаңдатып, шок (есеңгірету) тудыру үшін ойдан құрастырылған түрлі «аңыз-әпсаналарымен» елді адастыруға көшеді. Әрине, мұның бәрінде олар саяси айлакерлік тәсілді барынша тиімді қолданады. Саясаткер өзінің жеке өмірін, тұрмыс салтын, адамгершілігін насихаттау арқылы адамдардың санасына жанама түрде ықпал ете алады. Өзі туралы деректі фильмдер жасатуға, оны көрерменге жеткізу жолында ақша аямайды. Түрлі көңіл көтеру бағдарламаларға өзі де кірісіп, барынша танымалдылығын арттыруға ден қояды. Кейбірі өзінің саясаты мен іс-әрекетін насихаттаумен шектелмей бәсекелестерін мұқату үшін, олар туралы түрлі қаңқу сөздер таратып, онысын бұқараға қолжетімді ету жолында уақыт пен күш-қуатын аямай жұмсайды. Ол үшін әрине, мемлекеттік немесе жекеменшік нысанына қарамастан БАҚ ұжымдарын, телевизия арналарын, га­зет-журналдарда істейтін жекелеген да­рынды журналистерді сатып алуға тырысады. 
Қоғам назарын аудару үшін саясаткер өзі немесе өзгелер туралы түрлі афоризмдер, әңгімелер, саяси анекдоттар шығарып таратуы да кең өріс алады. Біршама батыл саясаткерлер өзіне абырой әкелетіндей шулы іс-әрекеттерді де тікелей ұйымдастырады. Түрлі саяси жанжалдарға барудан да тайынбайды. Одан шығатын түрлі салдарлар мен шығындарды өз мойнына алуға әзір. Себебі,  саяси имиджін қалыптастырып, рейтингін өсіруге қолайлы ахуал тудыру үшін оны мықты жетілдірілген әдістеменің көмегімен ұйымдастырады. Егер, мұндай сәтте сая­саткердің қолында өзіне тиесілі баспасөз құралы болса, тіпті қатып кетеді. Жалпы, сая­си айланың ең ұтымды қаруының өзі айналып келгенде, ақпарат құралдары ғана. Ал, енді жаппай сауатсыздық пен ақпараттың таралу аумағы тар тарихи кезеңде саяси айлакерлік жасалды ма деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, әр заманның өз үрдісі бар. Ол кезде жұртты адастыру тіпті де жеңіл болғаны белгілі. Бірақ, оның өзінде логикалық заңдылықтарды аса құпия түрде бұрмалап, жүзеге асырып отырған. Айталық, мынандай: Бірді бірге соғу; Жал­ған ұқсастықтарды пайдалану; Еш негізсіз қорытындылар жасау; Салдар­ды себеп етіп көрсету; Тавтология. Аталмыш манипуляция кезінде саясаткер алдап соғудың, қулық-сұмдықтың айла-шарғысын сөз өнерімен барынша тығыз сабақтастыратындықтары соншалық, бейне бір сиқыршыға айналып шыға келеді. Саясаткерлердің көбі барынша мол ұпай жинау үшін ақылға қонымсыз амал-айланың неше атасын пайдаланады. Аңғал жұрт оған аузын ашып сеніп жатса, болғаны. Егер, сіз шын саясаткер болғыңыз келсе, шытырман оқиға құрастыра алатын қиял-ғажайып сезіміңіздің де болғаны абзал. Ежелден халық арасында тараған бір тәмсіл бар: Утопистер мемлекеттік билік үшін күреседі,  табынушылары олардың идеясын жүзеге асырады, ал, оның же­місін авантюристер мен  жатыпішерлер көреді. Сондай-ақ, сіздің бойыңызда тәуекелшілдік, шытырман оқиғаның ор­тасына қойып кететін батылдығыңыз болмаса, онда саясаткерлікке ұмтыла алмайсыз. Саясаткер-авантюристер өз күшін, ресурстарын, әдіс-тәсілдері мен қолдағы құралдарын қоғамдық заң­дылықтармен жіті сабақтастыра алады. Обьективтік жағдай туралы ілімнің өзін тәркі етіп, саяси өмірге барын салып белсенді араласады. Қысқасы, көп жағдайда әдейі айлакерлігімен, кеудемсоқтығымен ахуалды өзіне қарай бұруға тырысады. Бірақ, кейде оның ұстанған саясаты сәтсіздікке ұшырап, материалдық және рухани зардап шегумен де аяқталып жатады. Сонымен бірге, саяси демагогия деген бар. Көптеген саясаткерлер бұқараның сенім-нанымын, сұранысын, өзекті проблемаларын өз ыңғайына тиімді пайдалана біледі.  
Оның өзі біреудің жеке мүддесімен немесе белгілі бір топтың мақсатымен үндесіп кететіні бар. Ол үшін бәсекелесін былыққа батыру мақсатымен жалған сәулені пайдаланып жарыққа шығарады. Саяси демагогия – сырты шындықпен оралған, ішінде қулық-сұмдығы жасырылған жасанды негіздемені басшылыққа алған деректің көшірмесі іспетті дүние.  Мұның өзі оларға өздерінің шынайы көздегендеріне артық шығынсыз, жариясыз жетуге мүмкіндік береді. Демагогияның басты сипаттары мынандай: Жалған мақтану; Көпе-көрнеу жылтырақ сөздерді жиі қолдану; Өз аудиториясының санасына емес, ішкі сезіміне енуді көздейді; Сыртқы әлемнен оқшауланып, елдің ішкі жағдайына, жеке мәселесіне аса ден қояды. 
Айлакерліктің тағы бір жағымсыз түрі – саяси жағымпаздық. Жоғары билікте отырғандарға жағымпазданып өз ұпайын түгендеу. Сондай-ақ, сайлау кезінде ха­лықтың даусын жинау үшін немесе саяси қайраткерлерге, әлеуметтік топтарға жағу мақсатымен де жағымпаздану бар. Жағымпаздану арқылы қарсы жаққа оңдырмай жала жауып, көздеген тұлғаға шаң жуытпай ақты қарамен немесе керісінше бояп, жауырды жаба тоқиды. Бұл тұрғыдан келгенде, саяси жағымпаздық – саясат саласындағы тұлғалардың моральдық тұрғыдан барынша азғындағанын, деңгей­ле­рінің тым төмендегенін көрсететін фактор. Сайлау науқаны кезінде пайдаланылатын «жалған үміткерлер» де болады. Олардың мақсаттары – өзінің жақтасына астыртын қызмет ету. Қарсы жақтағы бәсекелеске берілетін дауыс­ты бөлуге бағытталған технология. Оның өте ашық әрі анайы түрлері бізде қол­данылғаны баршаға мәлім.  
Өз кезегінде саяси манипуляция да жалған пайым тудыруға бағытталған пси­хологиялық ықпал жүйесі әрі махинация деп те түсінуге болады.  Оның көмегімен өзінің саяси мақсатын бүркемелеп, бұқа­ралық ой-санаға ықпал ете отырып, асқан қулықпен қоғамды адастырады. Әрине, бұл тұста әркім өз саяси мінез-құлқына сай қоғамдық пікірді қажетті бағытына қарай ыңғайлайтыны белгілі. Қазіргі таңда үгіт-насихаттың түрлі тәсілдері арқылы манипуляциялық мақсатқа жету үшін мы­­нан­дай іс-шаралар ұйымдастыратын болған: Біріншіден, саяси-экономикалық түрлі жоспарлар, бағдарламалар жасайды, екіншіден, әртүрлі негізді-негізсіз идея­лар ұсынады, үшіншіден, саяси жа­ғымды образдарды, құндылықтарды ой­лап табады, төртіншіден, бұқаралық саяси мәдениетті қалыптастыратындай іс-шаралар ұйымдас­тырады.     Сонымен қатар, манипуляцияда телевизияның алар орны ерекше және қазір көрермендерді адас­тырудың неше түрлі қитұрқы  техни­калық, технологиялық әдістер осында қолданылады. Бұқаралық пайым, іш­кі сана-сезім, арман-қиялға негіз­дей отырып, ұжымдық ойға сүйеніп, мақсатқа жетудің түрлі амалдары ойлас­тырылады. Телевизия арқылы эфирге шыққан саясатшы мейлінше «әділет жаршысы» іспетті көрінуге тырысып, ары таза, биік парасат иесінің образына барынша енеді. Саяси манипуляцияны шектеудің мәні азаматтардың саяси белсен­ділігін арттыруға,  экономикалық шынайы болмысты тануға, саяси мәдениетті жетілдіріп, жариялылықты қа­­лыптастыруға, бұқараны рас ақпа­ратпен қамтамасыз етуге, қоғамдық қарым-қатынасты жөнімен дамытуға оң ықпал етеді.
Кез-келген саяси ойын халықтан жасырылып тасада өтеді. Саясаткерлердің мемуарларына, кітаптарына, баспасөзге берген сұхбаттарына, журналист-публицистердің туындыларына сүйене отырып, зерттеген талдауларға сүйеніп айтар болсақ, саяси ойынды 5 негізгі түрге бөлуге болады: Бірінші, саяси маневр жасау; екінші, астыртын әрекет ету; үшінші, перденің арт жағында ымыраласу; төртінші, келісімге келу; бесінші, аппараттық немесе кадрлық манипуляция.     
Саяси ойынды белгілі дәрежеде ұтыс, құмар ойындарымен салыстыруға болады. Ондай ойындардың кейбір теориялық ұғымдарын күрделі саяси ойындарға қол­дануға да болады. Атап айтқанда: Ұту немесе ұтылудың моделін саяси іс-қызметтегі әртүрлі формамен көрініс табатын ық­тимал процеске зерттеу жүргізуге қол­дануға болады; Бәсекелестерді жіті зерттеу, барынша шынайы баға беру; Мүдде сәйкестігін, тепе-теңдіктің ауытқу мүмкіндіктері мен ахуалына зерттеу жүргізу. 
 Ойын дегеніміздің өзі белгілі бір процеске еліктеуден туатын үрдіс. Ал, саяси ойын одан мүлде бөлек. Онда ереже атаулы жоқ. Саяси ойын ережесін жасауға тырысушылар көп болғанымен оның ешқашан жүзеге аспағанына тарих куә. Сондықтан да, саяси процестің қалай өрбитіндігін алдын-ала ешкім болжай алмайды. Соған қарамастан, бұл да бір ойын. Бұл ойында айла-амал жасай алатын қабілет керек екен. Айлакерлігімен атаққа шыққан саясаткерге керегі мынау көрінеді: бірінші, саяси айла­кер­лік амалының мейлінше мәдениетті болатындығы. Бірақ, оның ашық та айқын болуы маңызды емес. Ұсынысы жартылай шындық әрі мазмұны  қисынды, көңілге қонарлық сенімді болса, жеткілікті; екінші, алдап-арбаудың маневрін игеру­дегі қабілеттілігінің зор болуы; үшінші, ішкі мотивін жасыру қабілеттілігі мен мүмкіндігінің кеңдігі; төртінші, бәсеке­лесін адастырудың амалдарын жетік мең­гергендігі.  Егер, саясаткердің жеке басы жайындағы кейбір ақпарат белгісіз, қоғам назарынан тасада болса, саяси ойында же­ңіске жетуіне оның да өзіндік пайдасы болмақ
Қызметкерлердің өз лидерін қыс­паққа алып, ығыстыратын да саяси айла-амалдың бір түрі бар. Егер, бір басшыны лауазымынан ығыстыратындай нақты бір сылтау табылмаса, жалған сценарий бойынша жасалған күрделі саяси ойын ұйымдастырылады. Алдымен, БАҚ арқылы түрлі мақалалар жарияланып, көрсетілімдер ұсыны­лады. Еңбекшілердің, қатардағы тұрғын­дардың атынан арыз-шағымдар жазылады, бұқаралық митинг, жиындар жасалады. Тұлғаны қызметінен тайдыруға оның мінез-құлқы, ісінен ілік іздеуден гөрі бұқараның психологиясына әсер етіп, солардың жек көрушілігін тудырып, қысым жасау арқылы кетіреді деген сөз. Ол қызметінен кетуге еріксіз мәжбүр болады, ал, оны тақтан тайдырған нақты кінәлі адам ізін жасырып қалады. 
Сталинизм, брежневизм, маоизмді көр­ген біздің аға буынға етене таныс саяси аңыз-әпсана деген бір ұғым бар. Мұның өзі ежелден келе жатқан, әлі де тамыры үзілмеген үрдіс. «Ұлы көсем», «көреген дана қолбасшы», «ғұлама көшбасшы» деген дақпыртпен күнелтеді. Жұртқа дүние­нің тірегі тек бір ғана тұлға. Егер, ол олай-бұлай болып кетсе, қараң қалатындай ұғым қалыптастыруға тырысады. Күні бүгінге дейін адамдар алдамшы пайым мен көзқарас жасап алып, аңыз тудырады. Көптің ішінде таңдаулы тұлғалардың көптігіне қарамастан жұртты бір басшыдан өзгені көрместей етіп адастырады. Жалпы, адамдардың өздерін өздері осылайша адастыруы, жалған пайымға сеніп, аңыз-әпсанаға берілуі сыртқы әлемдегі көп­теген ауыртпашылықтардан өздерін қорғамаққа әрекеттенуінің жемісі ғана. Адам баласы тез қуанып, лезде алдана салатыны, саясаткерлер үшін  оңай олжа. Халық арасында әлсін-әлсін таратуға қолайлы ішкі сананың реакциясы болады. Ондай психологиялық «індеттің» өзіндік құрылымдық тетіктері бар. Мысалы, біз тап болып отырған елеулі бір қиындық пен зобалаңның нысанын, яғни, бәріне кінәлі «халық жауын» іздеп табу. Әрине, бұл негізінен үлкен адасушылық. Алайда, халық арасында пайда болған адам сенгісіз аңыздың өзін саясаткерлер өз мүдделеріне лайықтап байытып, же­тілдіреді де жұрт назарын бірден аударатындай формамен айшықтай қояды. 
Негізінен, саяси аңыз уақыт пен кеңістік аясында туып, өзгеріп, өзіндік сипаты мен құндылығы артып немесе түсіп дегендей динамикада болады. Аңыз арқылы нақты нысандар арасында жасанды себеп, байланыс туады. Жай қатардағы саясаткерден қайтпас қайсар батыр жасай салады. Оның өткен өмірін даңқты жеңістерге толы етіп аңыз жасайды. Осылайша, саяси қарым-қатынаста түрлі композициялық этюдтер еніп, жасанды іс-әрекеттердің жиынтығы туындайды. 
Аппараттық ойынға келсек, ол көбі­несе кадрларға орын бөлу кезінде туындайтындығымен ерекшеленеді.  Бұл жерде саяси лидерді алдап соғуға бола ма деген заңды сауал туады. Мысалы, ресми түрдегі лидермен санаспай, оның батасын алмай жатып, әлде бір құпия көшбасшы өз адамын жауапты қызметке тықпалап жіберуі мүмкін. Мұндай мүмкіндік ресми лидердің билігі шектеулі тұста немесе мәселені мәміле арқылы шешетін саяси мекемелерде жиі кездеседі. Бұл жағдайда құпия көшбасшы сол мекемеге қашықтан ықпалын жүргізеді. Ресми лидерге өз пікірі мен ұсынысын жолдап, тиісті саяси ұйымдар мен топтардың келісімдерін алғандай етіп түсіндіріп, мәселені шештіріп алады.  Іс жүзінде бәрі керісінше, құпия мырза екі ұйым мен оның тұлғаларын алма кезек адастырып кеткен болып шығады. Енді, саяси көшбасшының манипуляциясы жайында бірер сөз. Саяси топтар арасында белгілі бір лидер ресми емес рөлден тыс психологиялық нақты міндеттерді де қоса атқарады. Алайда, ол функциясы лауазымдық қызметімен тікелей байланысы болмайды. Оның мұндай «құпия» міндетін бірлі жарым жақтастары мен басшылар ғана аңғаруы мүмкін. Оны саясаттағы бәсекелестері аңдып, тіміскілеп жүретінін ескерсек, әшкере болуы да аса қиынға түспейді. Қалай десек те, қол астындағы топпен қатынас аясында көрініс табатын атал­мыш сипаттың мәні ақпараттарды игерудегі қабілеттілік пен саяси манипуляция жасауға мүмкіндік табу. Лидер кейде өзіне қолайлы оппозицияны әдейі қолдан жасап алады. Ондай топтар іс жүзінде оппозициялық күштердің образын ғана сомдайды.  Мұндай тәсілді қолданудағы мақсаттың өзі шынайы оппозицияның функциясын қоғам өмірінен ығыстыруға бағытталады. Сонымен қатар, кейбір саяси көшбасшы халыққа «өз бидайын өзіне қуырып беріп» те алдап қояды. 
Азаматтардың өздерінен жиналған са­лықтың есебінен тұратын мемлекеттік бюджеттен жасалған сый-сияпатын өз қалтасынан беріп отырғандай сыңай танытып, абырой-беделге жетуді көздейді. 
Саяси салада әлде бір қаржы топ­тарының өз адамдары болады. Биз­несінің, шаруашылықтарының, кә­сіп­орындарының тұрақтылығын қам­тамасыз ету үшін сенімді адамдарына арнайы міндет жүктейді. Олар парламентте, мемлекеттік ірі мекемелерде лауазымдық қызмет атқарып жүруі мүмкін. Лобби жасауға, өз мүддесіне сай пайдалы шешім қабылдатуға тиімді тәсіл болғандықтан саясатпен айналысатын тұлғалар оны да айналып өте алмайды. Саяси айлакерлік туралы айтқанда, саясаткерлердің «двойниктерін» де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Өзіне сойып қаптап қойғандай қатты ұқсайтын адамдарды көшбасшылар саяси қызметке пайдаланып келгені тарихи шындық. Мысалы, халықпен кездесулерге өзінің орнына «двойниктерін» жіберу, қауіптің алдын алу үшін БАҚ алдында соларды шығаруы саяси өмірде әдеттегі оқиға саналады. Саяси имидж жасау, оны халыққа ұсыну, сақтап қалу, өзгерту секілді мәселелер жеке қарастырылатын арнайы тақырыпқа арқау болатын жайлар. Қысқасы, осы имидж дегеннің өзі де айналып келгенде, сол баяғы саяси айла-амалдың бір түрі. Саясатта да нейрон заңы бар. Оны да тілге тиек еткен жөн болар.    Адамның миы – ағзадағы өте нәзік мүше. Сол себептен оны ұйқыға жібермей тұрып, ота жасау мүмкін емес. Алайда, ми өзі ауруды сезбейді. Ал, ми істен шықса, жалпы ағза ауруды сезінуден қалады. Осы секілді саясаткер билікте ұзақ уақыт болып, оған тым бауыр басса, халықтың жай-күйін сезінуден қалады. Сондықтан, саясаткер атаулының бәрі де халыққа мейлінше жақын болуға тырысады. Бірақ, ішінара саяси айлакерлікке тым үйірлері «жекеменшік үйім жоқ, әйелімнің пәтерінде тұрамын, көлігім де жоқ» деп қыжыртып  жатады. Ескі басшыны жаңасымен айырбастау үшін арнайы тактика қолданылады. Ол үшін саяси басшының ауыр науқасқа шалдыққаны туралы, оның отставкасы жайында алдын ала қаңқу сөз таратып, жағдайды бақылайды. Халықтың реакциясына қарай келесі қадамды жасауы мүмкін. Бұл саяси ойынның бір түрі. 

 

Алдыңғы «
Келесі »