Үйлену оңай… немесе елімізде ажырасушылар саны неге көп?

  • 17.06.2015
  • 1375 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Маржан Сәбет,
журналист

Бақдаулет пен Кәмшаттың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне небәрі екі жыл болды. Алайда, тағдырдың жазуы болар, міне, бүгін сот залында екеуінің заңды түрде ажырасқандары жайында шешім қабылданды. Олар бірін-бірі шын сүйіп қосылған. Екі ғашықтың шешімін ата-аналары қуана қабыл алып, оларға ақ баталарын берген-ді. Араларынан қандай қара мысықтың өткенін кім білсін, осылайша көңіл жарастырмадық, арамызда енді махаббат жоқ деген желеумен ажырасып бірақ тынды. Орталарында екеуінің ақ некесінен туылған кішкентай ұлдары, отбасы жылуын сезінбестен, әке қам­қорлығынан тірідей айырылып, ана­сының қолында қала берді. Әкесі енді оны тек демалыс күндері ғана көріп тұруға құқылы. Отбасының толық ба­қы­тынан айырылған бүлдіршіннің бола­шағы не болмақ, ол жағы беймәлім еді…


Бұл бүгінгі қоғамда болып жатқан мәселелердің бір ғана көрінісі. Ал жыл сайын осындай қаншама оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Бұған бүгінде ести-ести құлақ тұнып, көре-көре көз үйренген. Ажырасу деген мүлдем болмаған қазақ отбасыларына батыстанудың әсері де желдей есіп тұр. Соның салдарынан  25-40 жас аралығындағы некелесудің соңы ажырасумен аяқталып жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық Экономика Министрлігі Статистика комитетінің мәлі­меттеріне сүйенсек, 2014 жылы елімізде ажырасушылар саны 2%-ға көбейген. Яғни, 83,7 мың отбасы некелесуге өтініш білдірсе, ажырасушы отбасы саны 30,3 мыңға жетті. Ал, биылғы жылдың басында 4147 жұптың некесі бұзылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 390 отбасыға артық. Әрбір 100  некеге 31 ажырасудан келіп отыр. 2014 жылғы көрсеткіштерге сүйенсек  ажырасу бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Қостанай, Павлодар облыстарында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш Оңтүстік пен Батыста. Көбіне жұптардың 27%-ы 5-9 жыл, ал 15,1%-ы  20 жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасады. Ауыл тұрғындарының арасында ажырасу, қала тұрғындарымен салыстырғанда 2-3 есе төмен. 
Әлемдік статистика
Ажырасу санының күрт өсуі батыстан келген үрдіс. Тіпті, батыстың өзінде ажырасу өзекті мәселеге айналған. Соңғы жылдары ажырасу фактісі ең көп тіркелген ел ретінде Португалия көш бастап отыр. Ол елде ажырасу көрсеткіші 67%, яғни әрбір 100 некеге 67 ажырасудан келіп тұр. Португалиядан кейін 62-65% көрсеткішпен Чехия, Испания алда тұр. Солтүстік Еуропада бұл көрсеткіш шамалы төмен. Атап айтсақ, Нидерланды, Норвегия, Германия 48%, Финляндия 45%. Алпауыт Америкада 53%, Ресейде 51%, Жапонияда 36%, Қазақстанда 27%, Қытайда 22%, Түркияда 20%. Ажырасу көрсеткіші ең төмен елдер – Египет 17%, Ирландия 15%, Иран 14%, Сирия  9%,  Ямайка 9%, Өзбекстан 8%, Тәжікстан 6%. Ажырасу өте сирек кездесетін елдер де бар. Олар Вьетнам 4%, Чили 3%. 
Зерттеулерге сүйенсек әлем бойынша маскүнемдікпен 41%, баспананың жоқ­тығынан 26%, бала көтере алмаудан 8%, ата-аналардың араласуынан 14%, бас бос­тандығынан айырылғандықтан 2%, ұзақ уақыт бөлек тұру себептерінен отбасы­лардың 6% ажырасып тынады. Және әрбір 15 секунд сайын әлемде бір отбасының шаңырағы шайқалады. 
Cыныққа сылтау табылар
Ажырасуға мінездерінің сәйкессіздігі, басқа адамға көз салу, маскүнемдік, ұзақ уақыт бір-бірінен бөлек тұру, өзара сенімсіздік, қатыгездік, ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы, бас бостандығынан 3 жыл және одан да көп жылға айырылуы, жұмыс,  баспана, ерлі-зайыптылардың біреуінің  психикалық ауруға шалдығуы, ортақ балаларының болмауы себеп болып отыр. Сыныққа сылтау іздегендерге ажырасудың жолы көп. Осы себептерге байланысты болған күйзелісті әйелдер мен жасөспірімдер көп сезінеді. Отбасылық өмірді сақтап қалу үшін психологтардың көмегіне көбіне әйел адамдар жүгінеді. Отбасы болған соң ыдыс-аяқтың сылдырламай тұрмауы заңдылық. «Текті адам кемшілікті өзінен іздейді, ақылсыз өзгеден іздейді»  демекші, бұл жағдайда екі тараптан да қателіктер кететінін ескерген жөн. Ажырасудың ең басты үлкен себебі жұмыссыздық пен материалдық жағдайдың төмендігі. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше 459,8 мың адам жұмыссыз. Отбасы бол­ғаннан кейін материалдық шығынның арта түсетіні тағы бар. Осы тұрғыдан ба­ғамдасақ, ер адамның жұмыссыздығы мен әйел адамның қанағатсыздығы ша­ңы­­рақтың шайқалуына әкеліп соқ­тырады. Бұған қоса көңіл жарастырмау, өзге жан­ды жолықтыру деген себеп­тері тағы бар. Өйткені, бүгінгідей технологияның жоғарғы деңгейде дамып, ғылыми тех­никалық жаңалықтардың күн сайын артуы да шаңырақтың шырқын бұзып, от­басының жолын екіге айыруға ықпал етіп отыр. Түрлі әлеуметтік желілердің салдарынан желіккендер отбасы құндылығын ұмытып, тұрақсыздыққа бой алдыртып жатқаны қынжылтады. 1580 жылы Нидерландыда ең алғаш рет пайда болған «Азаматтық неке» бүгінде әлемді жайлап отыр.  Тағы бір салдары осы азаматтық некенің 80% ажырасумен аяқталады. Ал бұл некеден қаншама некесіз сәбилер дүниеге келеді. Жұбайлардың ақ некесі ресми түрде және шариғат жолымен қиыл­маса, үлкен күнә болып саналатынын ұмытпаған жөн шығар.

Ислам діні ажырасуды құптамайды

Ислам діні адамды ізгілікке бастайды. Ізгі істер жасауға итермелейді. Ислам тұрғысынан келгенде отбасы құн­дылығы алғашқы орынға шығатыны сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу», – деп ескертеді. Ажыраспаудың алдын алудың бір жолы жақсы жар таңдай білу. Өмірде адам жар таңдаудан қателеспеген жөн деп жатады. Өйткені, жар таңдау арқылы бола­шақ өміріңе қадам жасайсың. Осы орайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жарды таңдау кезінде төрт нәрсеге көңіл аударған жөн: байлығына, атағына, сұлулығына және діндарлығына. Сен үшін абзалы діндар, тақуа қыз. Егер керісінше болса, сен ұтыласың».  
Шариғат заңы бойынша некені бұзу үшін «талақ» айтылады. Оны үш рет айтса, жеткілікті болған. «Талақ» айтылғаннан кейін, ерлі-зайыптыларға ажыраспастан бұрын бірнеше уақыт беріледі. Сол уақыт аралығында ер азаматқа жарын асырау міндеттеледі. Берілген мерзім арасында ері мен әйелі татуласса, неке сақталып қалып, ажырасу заңсыз болып есептеледі. Талақ айту қаншалықты қиындыққа соқса да, отбасын сақтап қалуға, ұрыс-керістің алдын алуға себепші болған. Исламда талақтан өзге де ажырасу түрлері жетерлік. Олар:
Хул – әйел адамның қалауы бойынша ажырасу. Бұл жағдайда әйелі күйеуі­нен алған бар дүние-мүлікті қай­тарып, қосымша ақы төлеуге міндетті. Ажы­расқаннан кейін қайтадан некелесуге рұқ­сат етілмейді.
Фасх – бұл да әйелдің талабы бойынша ажырасу. Ол ер адамдардың жауап­кершілігіне тікелей байланысты. «Жігіттің екі сөйлегені – өлгені» демекші, егер ер кісі некеге дейін берген уәделерін орындамаса, әйелі ажырасуға құқылы. Бірақ қайтадан татуласқан жағдайда неке заңсыз болып саналады.
Лиан – екі жақтың бірдей кінә тағуы. Яғни ері әйелінің опасыздығын айтып кінәлайды. Егер де ерінің сөзінің дәлелі болмаған жағдайда, әйелі ерінің өтірік жаласына кінә арта алады.   Дәлелденген жағдайда неке біржола бұзылып, әйел мүліктің бәрінен айырылады. Сондай-ақ ері ажырасудан кейін туған баланы мойындамау құқына ие.
Отбасында  ер мен әйел – шаңырақтың негізгі іргетасы саналатындықтан, жұбай­лық өмірдің ыстық-суығын бірге төзіп, жарасымды тіршілік ету парыз.  
Жаратушы жер бетіндегі әрбір тіршілік иесін жұп-жұбымен жаратып, өмірінің соңына дейін бірге болуды нәсіп еткен. Отбасынан басталатын Отанның бола­шақ тірегі де тәрбилі ұрпақ, саналы азамат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине мен сендердің көп­тіктеріңді қиямет күні басқа үметтің алдында мақтаныш етемін», – деген. Ер мен әйел шаңырақ көтергеннен кейін олардың әрқайсысына белгілі бір міндет жүктелген. Ер адам – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі. Әйел – үйдің бере­кесін сақтаушы, түтінін түтетіп, ұрпағын өрбітуші. Алайда, айрандай ұйыған отбасының шаңырағының шайқалуының залалы көп. Мәселен демо­графиялық өсім төмендейді, бала тәр­биесі нашарлайды, ажырасудан кейін пси­хикалық ауруға душар болады, ең арты суицидке апарып соқтырады. Бұл жағ­дайды болдырмас үшін қазақы тәр­биеге жат қылықтан бойымызды аулақ ұстау керек шығар. Біз айтқанмен, қандай жағдай болмасын ең алдымен адамның өзінің санасына байланысты өрбиді. Отбасы тыныштығын сақтау ерге де, әйелге де жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де асқан жауапкершілік керек. Ендеше өмірлік серігімізді таңдаған кезде ер­теңгі күні опық жемейтіндей таңдау жаса­ғанымыз жөн.

Алдыңғы «
Келесі »