БҰРЫНҒЫЛАРДЫҢ АРМАН-ТІЛЕГІН ЕСКЕРГЕН ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ДА ТАҒДЫРЛЫ БОЛМАҚ

  • 28.04.2012
  • 400 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серікқали ХАСАН,
жазушы

Осындай жүзі жарқын күндерге дейін жеткізіп отырған тау тұлғалы тәуелсіздігіміздің алдында әр таңда да басымызды иіп тұрып, «тәубә-тәубә» дейміз. Бұлай ететіндей жөніміз де жоқ емес, баяғыдағы Ұлы Жібек жолының бойында тұрмыс-тіршілік кешкен ата-бабаларымыздың үрдісті өміріндегі үзіліп қалған арманы осынау баға жеткісіз тарихи тәуелсіздігіміздің арқасында өзінің заңды түрдегі жалғасын қайта тауып, болашаққа даңғыл жол салып отыр емес пе?!. Ұлы Жібек жолы бойындағы дәулеті асып, шарықтаған көп қалаларымыздың күн өткен сайын сәулеттеніп, көркейіп, дами түскендігін кезінде олар көре алмай кетсе де, олардың бүгінгі ұрпағы көзбен көріп, сезінудей-ақ сезініп отырғандығы көңілге бір ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Жалпы, қала тақырыбы – біздің еліміздегі ешкімді ешқашан енжар қалдырмайтын, өзекті де, өткір тақырыптардың бірі. Өткенге ой көзімен үңіле қарасақ, қазақ қай ғасырда да қала маңына топтасумен болыпты. Есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде де сол замандардағы шежірешілер мен жылнамашыл-жиһан­кез­дердің тасқа басылып, таңбаланып қалған еңбектерінде Ұлы Даладағы қазақтың ондаған шағын және ірі қалалары болғандығы аттарымен аталып, түстерімен түстеліп айтылады. Біздің ондай тарихи қалаларымыз қазағымыз ежелгі дәуірде сақтар, сарматтар, үйсіндер, қаңлылар, аландар, ғұндар деп аталынып, Түркеш, Қарлық, Қимақ, Қарахандар әулеті мен қаһандығы дәуірлерінде де көптеп саналыпты. Тіпті, баяғыдағы Шыңғысхан зама­нындағы ұлы қаһанның алдынан алып елдің елдігін танытып, өздерімен есептеспей тұруға болмайтындығын аңғартудай-ақ аңғартып, ұлы қаһанның әрі қарайғы жоры­ғының бағыты мен беталысына ұлы өзгерістер әкелдірткен де біздің осы бір қасиетіңнен айналайын ежелгі қалаларымыз бен сол қалаларда тұрып, жаз жайлауына шығып кетсе, қыс қыстауына қайта келіп, үрдісті өмірін жалғастырып отырған бабаларымыз болыпты. Шыңғысханның өзінен де жойқын күшке ие болған әмірші ұрпақтары да қазақтың қалаларынан көп алысқа ұзап кете алмай, Еділ мен Жайықтың аралы­ғындағы бір шағын қаланы қоныс етіп, ақыры сол жерде өздерінің Алтын Орда мемлекетін құрып, Батый сарай, Сарай, Берке сарай деген астаналық қалалары мен олардың маңайында және ұлан-байтақ елді біріктіріп, ұйыстырып жатқан жүздеген шағын қалаларын да өмірге әкеліпті. Қазақ даласындағы қала мәдениеті Алтын Орда ыдырап, Жайықтың жағалауында Ноғай-Қазақ ордасы құрылғанда да бір бәсеңдеген емес. Бүгінге дейінгі жеткен жәдігерліктер Сарай­шықтан басталған шағын және іргелі қала­лардың өзіне әкімшілік жағынан бағы­натын қай қиырында да аз болма­ған­дығын дәлелдеп отыр. Сол заман­дағы Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа қарай шұбатылып жатқан көп керуендер біздің бабаларымыз өмір сүрген қалаларға аялдап, аяқ суытып, демалып, әрі, бір жағынан, өздерінің саудаларын жасай жү­ріп, жол қысқартқандай да болып, мидай араласып жатады екен. Ежелгі дәуір жиһан­кездерінің жазбаларының бәрінде де алып керуендердің қазақ жеріндегі қалаларға аялдамай өткендері болмағандығы да айтылады. Демек, қазақ даласы сол дәуірдегі Ұлы Жібек жолының өрісті өркен­деуіне бірден-бір лайық­ты дала болғанға да ұқсайды. Соған қарап, ежелгі дәуірлердегі қазақтың Ұлы Даласындағы үлкенді-кішілі қалалардың арақашықтығы тап онша ұзақ болмағандығын және керуеншілердің әрі-бері жүріп тұруларына өте-мөте қолайлы болған­дығын да аңғаруға болады. Енді сонау орта ғасырларда алыс өңірлерден су жолдары ашылып, содан былай, кеме қатынасы жедел түрде дамытылып, бұрынғы Жібек жолындағы қа­рым-қатынас мүлдем өзгеше бағытта дамуға бет алғанмен, арада жылдар, ғасырлар өтіп, еліміз өзінің тарихи тәуелсіздігін жариялап, әлемдік өркениеттегі өзіндік даму жолына түсіп, әрі, бір жағынан, тәуелсіздік дәуіріндегі елдік дамудың алғашқы қадамдарын жасар кезде, дұрыс бағыт-бағдар ұстана білуінің арқасында бағзыдан бергі Ұлы Жібек жолын (сауда-саттық, қарым-қатынастарымен бірге) қайта жаңғыртып, ел игілігіне айналдыруға дейін де мүмкіндік алып отыр. Бұны, бірін­шіден, тәуелсіз еліміздің ұстанған бағыты мен бұрынғы Ұлы Жібек жолы бойында отыр­ған көрші елдермен арадағы достық қарым-қаты­насын жаңаша бағытта қайта жаңғырта алуы­ның арқасы деуіміз керек. Екіншіден, Ұлы Жі­бек жолы дәуіріндегі жақсы дәстүрлерімізді, қала өркениеті мен еларалық қарым-қаты­нас­тардағы озық үлгілер мен өнегелік жақта­ры­мызды елдің бүгінгі ортақ игілігіне айнал­дыруға осыдан біраз жыл бұрын Елбасы бастамасымен қолға алынып, ұзақ мерзімдік бағдар­лама бойынша жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізген «Мәдени мұра» бағдар­ла­масының да өлшеусіз көп септігін тигіз­гендігін баса айтуымыз қажет. Нақ осы «Мәдени мұра» бағдар­ламасын іске асыру барысында біздің көне дәуірлердегі қала­ларымыз бен қала мәдениетіне қатысты көптеген беймәлім деректер табылып, сол дәуірлердегі бабаларымыз тұтынған, солар­дың үрдісті өмірлеріне қатысты көне жәді­герліктеріміздің арқасында көп нәрселер қайтадан жаңғыртылып, өлгеніміз қайтадан тірілгендей де болды. Бұны біз Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жылма-жылғы Қазақстан халқына арнап келе жатқан Жолдауларына қарап та айта аламыз. Мәселен, Елбасының сол Жолдауларына мән беріп, оның орындалу барысына жіті көз салған зиялы қауым жақсы біледі, онда ел көңілін ұйытатын зиялылық, ғылымилық, саяси көре­гендік пен биік пайым-парасат – бәрі-бәрі де баршылық. Бір көңіл қуантатын жағдай Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелердің қай-қайсысының да орындалмай қалған кезі болған емес. Мен өз басым қаламгер ретінде Ел­басы Жолдауының алғаш өмірге келе бастаған кезінен бергі жағдайдың Жолдауда көтеріліп, қарапайым халайықтың өмірінде нақтылы көрінісін тауып, олардың елдік рухын көтеріп, көңілдеріне зор үміт-сенім ұялатып жатқандығын да талай рет көрген едім. Сонда ел айтатын, маңайдағы елдердің арасында нешеме түрлі дүрбелеңдер болып жатқанда, біздің еліміздің қақ-соқтан аман, тыныш өмір сүріп жатқандығы баяғыдан бергі бабаларымыздың өсиет-аманатын дұрыс түсініп, бүгінгі жаңа бағыттағы үрдісті өмірі­мізде орнымен жүзеге асырып келе жат­қан­дығымыз, бұл, алдымен, Елбасының, Елбасын қолдаған айналайын халқымыздың арқасы ғой деп. Меніңше, осы сөздер – дұрыс сөздер. Тәуел­сіздігіміздің елең-алаң кезеңінде өзге жұрт­тар өз тәуелсіздіктерінің ыстық буын қайда сыйғызарға білмей, а дегеннен істі неден бастаймыз деп, анаған да, мынаған да бір ұрынып, онысы кейін не асығыстық, не шалағайлық болып, қайтадан қу тақырға түсіп жатқан шақта, біздің тәуелсіз еліміз, ең алдымен, бұрынғы Кеңес өкіметі жылдарында еліміздің қандай геосаяси жағдайда болып, қандай бағытта тірліктер кешкендігі мен тәуел­сіздік жарияланған кездегі және әрі қарайғы жүрер жолайырықтардағы оңымыз бен солымызды тез айқындап, өзгенің ойына келмеген, бірақ солар таң қалып, соларға өзімізді сыйлатып, мойындататындай да тірліктер жасады. Еліміздің Елордасын Алматыдан Сарыарқаның кең төсіне көшіруге шешім қабылдап, оны тез арада-ақ іске асырып үлгергендігін, Елбасының соған жеткен ақыл-парасаты мен күш-жігері саяси көрегендіктің арқасы емес деп кім айта алады?!. Екінші бір соны шешім, кезінде кеңестік орталықтың ыңғайына орайласты­рылған бірқатар облыстарды оңтайландырып, тәуелсіздік талаптарына сай қайта құру еді. Басында түрлі әңгімелер болғанмен, жүре-келе елдің алдына қойылған әрқилы міндеттерді жүзеге асыруға бұның да үлкен бір ілкімділігі болғандығы тағы шындық. Астанамыздың Сарыарқаның төсіне барып, баяғыдағы күй атасы Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйі­нің әуен-ырғағының өмірдегі шынайы бір бейнесіндей болып жарқырап, қай қырынан қарасаң да, өмірде бұрын-соңды болмаған асыл жауһардай-ақ сан құбылып, өзімізді былай қойғанда, елімізге қай елдің, қай құрлықтың басшылары мен зиялылары келсе де, «бұл елдің болашағы зор екен, қазақ елінің Астанасын Астанасының ажар-келбетіне қарап-ақ бол­жауға болады» деп аттануларына жеткізіп отыр­ғандығы секілді, Астанасы бар алып елдің аймақтардағы облыстық орталықтары да осыдан көп жыл бұрын-ақ өздерінің етек-жеңдерін жинап, тәуелсіздік талаптарына сай, тірліктер кеше бастағандығын ел-жұрт болып, өзіміз де көріп отырмыз. Соның бәрі қалайша тез арада-ақ іске асқандығы, соған қаншама көп қажыр-қайрат, ағыл-тегіл қаржы жұмсалғандығы да көз алдымызда. Бірақ, Елбасы осының бәрін алға қойып, шырылдап жүргенде, «бұ кісі ауылды неге ауызға алмайды, облыстар мен үлкен өндіріс орындарын күшейтеміз деп жүріп, ауылды аздырып-тоздырып алмас па екенбіз?» деп, күңкілдеген шақтарымыздың да болған­дығын неге жасырайық. Оны кезінде Елбасы да жақсы білді, тіпті, бірде – ол кісінің бірде ел аралап жүріп, халықпен кездескенде, не теледидар алдындағы жүздесуде ме, әйтеуір, қаза­ғым, халқым, мен ауылды ұмытқаным жоқ, сіздер секілді, менің өзім де кезінде сол ауылдан шықтым, дәл қазірге дейін маған да ауылға көңіл бөлгейсің деп, ақыл-кеңес беріп жатқан ағайындар аз емес, бірақ сіздер енді сәл шыдаңыздар, біз әлі оған да келеміз, дегенмен, біз тап қазір сол ауылдарды да қаңыратып бос қойып отырғанымыз жоқ, ол жерлерде де небір қызу тірліктер жасалынып жатыр, ал, енді ел айтып жүретіндей үлкен қадамдар әлі алда, сәл шыдайық» дегендігі де дәл қазірге дейін құла­ғымыздың түбінде тұнып тұрғандығын қай­терсің?!. Арада сәл ғана уақыт өтіп еді, қасие­тіңнен айналайын, қазақтың киесі, жаны, рухы, үні, сәні, әні болып асқақтаған, нешеме бір қилы кезеңдерде елдің тірегі, басты сүйеніші, ел зиялыларының панасы, ыстық ұясы бола білген ауылына да кезек келді. Және де, сол жылды Елбасы «Ауыл жылы» деп жариялады. Ауыл жылының ауылға не бергендігін санамалап жатпай-ақ қояйық, бірақ «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, Ша­ғанның бойы көк шалғын мал толтырсам деп едім» деп, баяғыдағы Махамбет бабамыз айтпақшы, сол жылы ауылдың қорасы малға толды, жұмыс қолы біршама көбейді, жер-жердегі үлкенді-кішілі ауылдардың да ажары кірді. Өз басым қаламгерлік іссапармен ауыл жылы да, одан кейінгі кезде де елдің әр қиырындағы ауылдарды көп аралаған едім. Сонда қай ауылға барсам да, алдымнан шыққан адамдардың ақжарқын жүздерін көріп, хал-жағдайларын сұрағанда, «шүкір, ешкімге өкпеміз жоқ, ел бәрін де жасап жатыр ғой, тек соны өзіміз ұқсата білсекші» дегендерін де талай рет естіп, көңілім қуанған. Бұл туралы кезінде біршама айтып, жаздық та, бірақ реті келген соң, айта кетейін, осыдан бір-ер жыл бұрын, мен Жайықтағы өз туған ауылымда да болған едім. Қазақтың қай ауылы да өз перзенті ауылға келгенде, кеудесі көтеріліп, қуанып-ақ қалатын әдеті емес пе? Осы ретпен ауылдың мәдениет үйінде кездесуіміз өтті. Оның үстіне, менің өз туған ауылымда қолыма қалам ұстағалы бері елмен-жұртпен кездесіп, сыр бөлісіп жүргендігім тек бір бұл емес қой. Бірақ бұрынырақта «ауылға қош келдің» айтумен бірге, жерлестерім өздерінің күнделікті тірліктері мен ауылдың өміріне қатысты әртүрлі қиындықтарды алға тартып, осыны жаз­са­ңыздар, соны жоғарының назарына іліктір­сеңіздер екен, біздің атымыздан осындайда сіздер сөйлеп, сіздер айтпағанға, біз енді тағы кімге шағынамыз?» деп те жатушы еді. Ал, осы жолы мен іштей қатты таң қалдым: мен білмейтін көп жаңалық менің өз туған ауылымда екен. Бүгінгі ауыл тұрғындары осыдан көп жыл бұрынғыдай даладағы малшылармен келісіп жүріп, алыстан қи ойып тасып, не көк­тем шықты-ақ болды, малдың қыс бойғы жинақталып, тау болып үйіліп жатқан көңінен тезек соғып, кептіріп, оны сарайдың ішіне үйеміз деп, не ауыз су үшін ауылдағы әлдебір бай мекеменің жалғыз құдығына кезекке тұрып, болмаса, ауыл сыртынан жылма-жыл жаңадан құдық қазып, оның ішін шегендеп, үстін тағы мұқияттап жауып, жылдың қай мезгілінде де тәулігіне бір мезгіл құдықтан су тасимыз деп те азаптанбайды екен. Ауылға аймақтағы атақты кеніштердің бірінен басталатын көгілдір отын тасқыны «жылға-жылғаларды» қуалап, күні-түні келіп тұр. Ауыз су да сол секілді, ас бөлмесіндегі шүмегін ағытып жіберсең, сарылдап өзі-ақ келіп тұр. Ауылдың ұстаздары, зиялы ақсақалдар сонда маған «бағзыдан бергі келе жатқан халық ертегілеріндегі халқымыз арман еткен жұмақ өмір, бәлкім, осы шығар, тіфә-тіфә, енді тек еліміз тыныш болып, амандықта өмір сүріп, елдің өркендеп, қанатын кеңге жая түсуіне ауылда отырып, біздің өзіміз де атсалысуымыз керек қой» дегенді айтты. Осы бір сөздер сонда менің де көңілімді өсірді, бұрын ауыл адамдарының жүдеу жүзін көріп, көп нәрсеге көңілім толмай жүретін менің өзім де елдің дамуының екінші тыныс алғанын іштей қатты сезініп, алдағы әлі бүтіндей ел болып, жақсы жетістіктерге жететіндігімізге де кәміл сенген едім. Ал, Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын оқып отырып, мен ондағы елдегі шағын қалаларды дамытуға басым бағыт берілгендігін көріп, іштей қатты толқыдым. «Толқыдым» дейтін де жөнім бар, өйткені, Елбасы өзінің осы мәселені алға тартуымен-ақ мыңдаған қазақстан­дық­тардың да жүрегіндегі тілегін дөп басыпты. Өйткені, елдегі шағын қалаларды өркендетіп, дамыту, сол арқылы елдің тұтастай тіршілігіне тағы бір мәрте қан жүгірту тек сол шағын қалаларда тұратындардың ғана емес, сол шағын қалаларды айналып өте алмайтын облыстың орталығы мен шалғайдағы ауылдардың да көптен бергі бас ауыртып келе жатқан мәселесі еді ғой. Оны біз алысты орағытып жатпай-ақ, кешегі мұнайлы Маңғыстау өңіріндегі Жаңа­өзеннің басында болған жағдайдан-ақ анық түйсініп, жүрегімізді ауыртып отырмыз емес пе? Бәлкім, Елбасымыздың Жолдаудағы шағын қалалардың өміріне басым бағыт беріп, не соны биылдан қалдырмай, жеделдетіп қолға алып отырғандығының басты бір себебі де осында жатқан шығар, бірақ шағын қалалар еліміздің тұтастай ауқымындағы бір жанды да жері еді. Керек десеңіз, қазіргі елдік деңгейдегі барлық жетіс­­тіктерді пайдаланып, елдің алып аймақ­тарына басшылық жасап, үлкен орталыққа айналып отырған облыс орталықтары да кезінде сол ша­ғын қалалардан өсіп, өнбеді ме? Сондықтан, Елбасы Жолдауын жүзеге асырып, ондағы шағын қалаларды дамыту шараларын белгілеген кезде, бүгінгідей айтылып, баспа­сөзде жарияланып жүрген ел тілегі де жан-жақты ескерілсе екен. Оның үстіне, ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында жатқанмен, бүгінгі Қазақстанның шағын қалаларының өмірі, тұрмыс-тіршілігі және өзіндік тағдыр талайы да мүлдем басқаша. Бүгінгі еліміздегі шағын қалалар дегеніміз Қаратау, Жаңатас, Теміртау, Шахтинск, Жаңаөзен, Ақсай, Хромтау, Текелі сынды өндірісті қалалар, олардың елдің экономикалық ахуалын арттырып, жергілікті орындардағы әлеуметтік мәселелерді шешудегі алар орны да айырықша. Тәуелсіз еліміздегі шағын қалалардың көпшілгі (Шалқар, Түркіс­тан, Арыс, Аякөз, Балқаш, т.б) кеңбайтақ елі­міздің әр шалғайындағы темір жолдардың бойларына шоғырланған. Олардың тұрғындары да көп. Ондай қалаларды өсіріп, өрге бас­тырудың мүмкіндіктері де молырақ. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғалы бергі Елбасы бастамасы бойынша жүргізілген оңтайландыру бағыты мен биылғы Жолдауда көрсетілген шағын қалаларды дамыту бағдарламасы еліміз­дің әр шалғайында жаңа шағын қалалардың пайда болуына да қолайлы жағдайлар жасап отыр. Біздіңше, осы тұста әу бастағы Елбасының оңтай­ландыру саясаты мен арада он жылдан астам уақыт өткеннен кейінгі шағын қалаларды дамыту бағдарламасының арқасында ортақ бір заңдылық, бір-бірін әр қырынан толықтырып, мазмұнын байыта түсетіндей мақсат бірлігі де жатқан сыңайлы. Мәселен, оңтайландыру кезінде еліміздің әр қиырындағы сонау кеңестік дәуірден бергі әртүрлі шаруашылық және өн­діріс бағытындағы шағын елді мекендерге деген көзқарас түбірімен өзгеріп, жүздеген, мыңдаған тұрғындар негізінен бұрынғы колхоз, совхоз, басқа да өндірістік орындардың орталықтары болған ауыл-селолар мен аудан­дардың орталықтарына топтастырылған болатын. Бұл бағыт кезінде ел тұрғындарының тарапынан үлкен түсініс­тікпен қабылданып, біршама сәттілікпен іске асырылды деуге де болады. Соның нәти­жесінде бұрынғы қожыраң­қырап қалған ауыл-селолар мен аудан орта­лықтарының тұрғындары көбейіп, олар бүгінгі нағыз шағын кәсіпкерлікті дамытудың қызу орта­лығына айналды. Бұған елдегі шағын кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасы да үлкен мүм­кіндіктер жасап отыр. Сонымен бірге, бүгін­де бұрынырақта қала статусын алған бір­қатар шағын қалаларға қарағанда, тұрғын­дары еселеп артқан, тіршілігі кәдімгідей-ақ қайнасып жатқан ауыл-селолар да аз емес, сондықтан, шағын қалаларды дамыту кезінде шағын қала­ларға деген көзқарасты түбірімен өзгертіп, болашағы зор бірқатар ауыл-село­ларға (көпші­лігі, әрине, аудан орта­лықтары) қала статусын беруді де қарастыру керек сияқты. Елбасы Жол­дауын­дағы шағын қала­ларды дамыту баста­масы тек сонда ғана екінші тыныс алып, елдің басты стратегиялық бағыт­тарының біріне де айналар еді. Бұл, бір жағынан, еліміздің халықаралық деңгейдегі атқарып жатқан шаруалары мен байырғы Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігін жаңғыртуға қатысты бірқатар игі бастамаларымен де үндесетіндігі хақ. Алайда, елдегі шағын қалаларды дамытуға үкімет тарапынан қомақты түрде қаржы бөлі­ніп, бұл іс кешенді түрде жүзеге асырылмақ. Бұл шаруалардың сәттілікпен жалғасын табарына да сенім мол. Бірақ елдегі бірқатар шағын қалалардың өндірістік орындардың маңайы­на шоғырланғандығын және олардың шетелдік инвесторлардың көме­гіне сүйеніп, қаланың әлеуметтік жағ­дайындағы күрмеуі көп мәселе­лерді шешіп отырғандығын да естен шығаруға болмайды. Осы арадан кеп, кешегі Жаңаөзендегі болған жағдай тағы да еске түседі. Былайынша алып қарағанда, шағын қала саналатын Жаңа­өзенде қаланың дамуы және қала тұрғын­дары­ның алаңсыз тұрмыс кешіп, шағын кәсіп­керлікті өрістетуіне қолайлы барлық жағдай­лары да баршылық. Қаланың тәуел­сіздік жыл­да­рының өзінде қаншалықты дәрежеде дамытылып, қанша­лықты дәрежеде өсіп-өркенде­гендігін Жаңа­өзендегі қалыптас­қан жағдайдың кезін­де көгілдір экран мен ақпарат құралда­рында жарияланған материалдардан елдің бәрі де көріп, білді ғой. Алайда, өңірдегі өндірістерді дамытудың кезінде қаланы дамыту мен қала тұрғындарының жағдайын ескеруде үлкен бір сәйкессіздіктер орын алғандығы анық. Қала жұмысшылары жарты жылдан астам уақыт бойына митингіге шығып, өздерінің әртүрлі талаптарын қойып, жұмыссыз жүргенде, олардың жағдайларын біртіндеп болса да, шешіп оты­рудың еш мүмкіндігі болмады деген еш қисынға кел­мейді. Оқиғадан кейін өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, бұрынғы жұмыссыз қал­ған жұмысшыларды жұмысқа орналас­тырудың мүмкіндігі оқиғаға дейін де болды ғой. Тек сол мүмкіндікті дер кезінде уысымыздан шығарып алған­дығымызды Елбасымыз Жаңаөзенде бол­ған кезінде өте орынды айтты. Қазір билік­тің сол бір мүмкіндікті өз уысынан шығарып алуына себепші болған кінәлілер де табылып отыр. Сондықтан, ел­дегі шағын қалаларды дамыту кезінде алып өндіріс орындарымен тікелей байланысы бар шағын қала­лардың дамытылуына бөлек­ше көзқарас та қажет пе деп ой­лайсың. Өйт­кені, алып өн­діріс орындарымен байланысы бар, әрі солардың әлеуметтік салаға бөлген қомақты қаржысына сүйеніп отырған шағын қалалар сол инвесторларға тәуелді болып қалмауы қажет. Алып өндіріс орында­рындағы шетелдік инвесторлар сол өндіріс орындарының белгілі бір уақыттың аралы­ғындағы уақытша ғана қожайындары, кейін басқа бір елден бұдан да көбірек пайда табатындай кәсіптің көзі табылса, олар сол жаққа қарай еш қиналмастан-ақ кете барады. Сон­дықтан, шағын қалада тұрып, сол шағын қаланың өркендеуіне белгілі бір дәрежеде қомақты қаржы бөліп отырса да, инвестор­лардың мүддесі мүлдем бөлек. Оны елдегі ша­ғын қалалардың әкім-қаралары ешқашан естен шығарып алмаулары қажет. Сонымен бірге, алып өндіріс орындарын басқарып отырған отандық кәсіпкерлердің де қала бюд­же­тіне салық ретінде тиесілі қаржысын құюдан басқа шаруаларға араласуының еш реті жоқ. Қала тағдыры, қала тұрындары үшін қала әкім­дігі мен қала мәслихаты және соларға қарайтын құзырлы органдар ғана жауап берсін. Бұл тұрғыда шағын қалалардың әкімдігі мен мәслихатына да қосымша міндеттер жүктелуге тиіс. Бұлай дейтін себе­біміз, алда шағын қала­ларды дамыту тек бір бюджеттен бөлінетін қаржыға ғана қарап қалмайтын сыңайлы, бағдар­ламаға сәйкес, шағын қалаларды дамы­туға отандық кәсіп­керлер мен инвестор­лардың да көмегі пай­даланылмақ. Шағын қалаларда жаңа кәсіп­орындар ашу, жұмыс қолдары мен әлеуметтік нысандардың қатары көбейтілуі, қаланы дамытып, тұрғын үй және басқа ғи­мараттарды тұрғызуда да олардың бел­гілі бір дәрежедегі үлесі болмақ. Сондықтан, шағын қалалардағы жергілікті билік органдарының солармен арадағы қарым-қатынасы, ортақ мәселедегі үйлесімділіктері қалай болмақ, олар ел заңдарына сәйкес, қалайша жүзеге асырыл­мақ, бұл да алдын-ала пысықталып, белгілі бір дәрежеде тиянақталуға тиісті шаруа. Тағы бір айта кететін жағдай, Қазақ­стандағы шағын қалалар аймақтардағы алып әкімшілік орта­лықтары шоғырланған үлкен қалалар мен шалғайдағы ауыл-селолардың арасын­дағы алтын көпір іспеттес маңызды бір міндетті де қоса атқармақ. Елдегі оңтай­ландыру бағдарла­масы кезінде үлкен ауыл­дардың орталығына жиналып, өзіндік тірлік­терін жасап, оңы мен солын біршама танып үлгерген ел тұрғында­рының бірқатары қала­лықтар көріп отырған игіліктерді көріп, қалалықтарша тұрмыс кешуге де ынталы. Бірақ олардың бәрінің бірдей облыс орта­лықтары сынды үлкен қалаларға барып, шағын кәсіпкерлікті өрістетуінің мүмкін­дігі жоқ. Олар үшін ең тиімдісі, әрі қолжетімдісі де – шағын қалалар. Сол себепті, шағын қала­­ларды дамыту үрдісі басталған шақта, шағын қалаларға ағылатын сол маңайдағы ауыл тұр­ғын­дарының да қатары аз болмайтын сыңайлы. Алға үлкен мақсат қойып отырған шағын қалалар осыған даяр ма? Міне, осы жағын да есепке алу қажет. Шағын қалаларды дамытып, ондағы шағын кәсіп­керлікті дамыту, қала тұрғындарын көбейту сол маңайдағы ауылдар­дың тұрғындары есебінен жүзеге асырылса, ең дұрысы да сол болмақ. Елбасының қазіргі басты саясатының бірі – шағын қалалар жедел түрде дамыса, шағын қалалардың маңайындағы ауыл-селолардың да тіршіліктеріне кәдімгідей-ақ жан кірмек. Бұл жағдайдың бәрі елде біршама сәттіліктермен іске асырылып жатқан «Жол картасы» бағдарламасымен де сәйкес келіп отыр. Сондықтан, Елбасы Жолдауында көтерілген шағын қалаларды дамыту бағыты – өте өміршең, әрі толықтай іске асатын, елдің зор ынта-ықыласын да туғыза алатын бағыт. Оның үстіне, соңғы біраз жылдан бері елімізде Батыс Қытай – Батыс Еуропа бағытындағы автомобиль жолдары салынуда. Сол ұзақ қашық­тықты қамтып жатқан алып керуен жолы да еліміздің бірқатар шағын қалаларының үстімен және солардың бірқатарының маңайынан өтпек. Шағын қалаларды дамытудың жедел түрде қарқын алуына осы жағдайлардың да көптен-көп септігі тимек. Қалай десек те, Жолдауда көр­сетілген шағын қалаларды дамыту бағыты елдің басты Стретегиялық бағытына қызмет етпек. Ең бастысы, елдегі шағын қалаларды дамыту арқылы еліміз алып елдің аймақ­тарының тірші­ліктеріне біршама қан жүгірт­пек, аймақтарда бұрынғыдай шал­ғайдағы ауылдан алыстағы облыс орта­лығына жете алмай, азаптану, не облыс орта­лығы шоғыр­ланған қаладағыдай игіліктерді көре алмай­мыз-ау дегендей торығу да болмайды. Шал­ғайдағы тұрғындар, жастар үшін де қажетті көптеген мәселелер шағын қа­лалар арқылы да өз шешімін тауып отымақ. Елдегі шағын қалалар – тоқсан жолдың торабында жатқан қалалар. Олар болашақта аймақ­тардың әкім­шілік орталықтары мен шалғайдағы ауыл-селоларды байланыстырып, оларды бір-бірімен шаруа­шылық жағы­нан да, тұр­мыс­тық игіліктер жағынан да тоғыстырып жататын орталықтарға айнал­мақ. Елдің көптен бергі ойлағаны, арманы, тілегі осы емес пе еді? Тереңнен тартқан тамыр­дың ғұмыры да ұзақ болмақ. Қазақ – сондай халық. Мәңгілік елдің жасанып, жайнай беруіне осы елде тұратын адамдардың баршасы да бір кісідей-ақ мүдделі болуға тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »