Білім-ғылымды бейтараптық жағдай кеулеп барады

  • 17.06.2015
  • 4071 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Досмұхамед Кішібеков, ҚРҰҒА академигі, 
Тимур Кішібеков, доцент

Бұл екеуі біріне бірі жақын ұғымдар, бірақ бір емес. Ғылымның бәрі білім, бірақ, білім барлық уақытта ғылым емес. Өмірге алдымен келген білім, ғылым кейін келді. Білім түрлері көп. Білім адамның айналасына қарап, алғашқы тіршілігінен басталып, өмір бойы бірте-бірте күр­деленіп, кейін ғылымға келіп тірелді. Қолға таяқ ұстап жүру, судан, ордан өту үшін баспалдақ жасау, биікке көтерілу үшін саты, суықтан, жауын-шашыннан қорғану үшін үстіне бір нәрсе жамылу, табиғаттан  керегін тауып, теріп алу, жеу осының бәрі тіршілік талабы. Осының бәрі – білім.

Білім
Ол көру, есту, байқау, сезу, қабылдау, есте сақтау арқылы пайда болып, қа­лыптасады.  Білім алудың екі түрі бар. Бірі күнделікті өмірді байқау, қайталау ар­қылы қалыптасады. Екіншісі арнайы зейін қойып іздену, еңбектену, үй­ре­­ну арқылы келеді. Ондайлардан түрлі ұсталар, өнер адамдары шыққан. Мәселен, қол өнерінің неше түрлі іскерлері болды. Әйелдер жүннен жіп иіріп, өрнек құрып кілем, басқұр, желбау, қоржын, шекпен тоқыған, киіз басқан. Ағаш ұсталары, қасық, ожау, керсен, домбыра, қобыз ша­нағын, күбі, келі-келсап, ер-тоқым, кебеже, киіз үйге есік, кереге, уық, шаңырақ жасаған. Киіз үйдің өзі көшпелі өмір тудырған архитектуралық даму шыңы. Те­мір ұсталары үзеңгі, жүген, гранит тас­тан диірмен, қылыш, найза, сауыт басқа да қару-жарақ жасаған. Зергерлер алтын, күмісті бал­қытып, білезік, жүзік, алқа, ілмешек, шашбау, сырға, сақина жасаған. 
Көпшілік ел малдың етін жіліктеп бөліп, сүрлеп ұзаққа шыдайтын еткен. Малдың мүшелерін толық білгені сон­ша, білгір сынықшылар, емшілер шыққан. Тарының қауызын суға салып, қайнатып, сүзіп, кептіріп, қазанда қуы­рып, келіге салып түйіп, қауызынан ажыратып, сол күйінде жеуге дайын етіп, сөк жасаған. Сүттен неше түрлі тағам шығарған: құрт, ірімшік, айран, шұбат, бие сүтінен қымыз ашытқан. Мұның бәрі түрлі технология – өнер. Бірақ, бұларды ыждағаттықпен үйрену, мең­геру керек. Мұның бәрі білім. Білім алудың бұдан жоғары түрі – оқып, хат танып, сауат ашып, түрлі ғылымдарды игеру. Ол мектептен бастап, колледж, университеттерде байыпты жалғасын тапқан. Мектеп оқушыларға жан-жақты, жалпы білім береді. Оған тіл, әдебиет, тарих, физика, математика, химия, биология жағрапия, астрономия басқа да пәндер енгізіледі. Бұл барлық мектептерде оқылады. Білім алуда қиын, оңай табыс жоқ. Бұдан кейін арнаулы мамандыққа дайындайтын жоғары оқу орындары. Оған жастар жүрек қалауымен түсіп оқығаны жөн. Бұл өмір жолын таңдау деген сөз. Бірақ, жастар өзінің ішкі таңдауы неде, оны білмеуі мүмкін. Жол сілтейтін оқытушылар, класс жетекшілер, мектеп психологы болуы тиіс. 
Университет жоғары оқу орны, ғылым жетістіктеріне сай жоғары маман дайындайды. Бірақ, мұның бәрі білім түрлері, ғылым басқа, білім ғылыми десек те, білім ыждағаттықпен қатар ұқпалық, еңбек, есте сақтау, мамандықты игеру, машықтану. Бірақ, өмірлік ең жауапты мектептен кейінгі қадам мамандық таңдау. Бұл өмірлік, жұбай табудан кем емес – тұрмыстық проблема. Барлық оқу орындарында білім беріледі. Ғылыми білім болса да, ол білім, ғылым емес. Ғылым қалай басталады? Ол тек ұғу, есте сақтау, үйрену ғана емес, сонымен қатар, мынаны былай етсе, өзгертсе қалай болады деген сұрау – ойлаудан өреді. Бұл ерекшелік, өзіндіктің  бастауы. Адамда ұғу, есте сақтау да, өзгерту де қабілет бар. Үйреншіктіні өзгерту, басқаша ету, ол шығармашылық бастауы. Ол ой, талдау ар­қылы пайда болады. Әрине, адамға білім керек, сондай-ақ, онда өзіндік ойда бар. Адамды тәрбиелі, мә­дениетті, сыпайы білгір, маман ететін білім. Ерекшелігі, өзіндік пікірі бар, азамат (личность) ететін әлемге сын көзқараспен қарау,  ұнатпау, өзгерту, жақсарту – бұл шы­ғар­машылық қасиет, жаңашылдық. Шығар­машылық кәдімгі есі дұрыс адам қа­сиеті, санамен байланысты. Бірақ, ол әркімде әр түрлі дамыған. Шығармашылық ғылым бастауы дейміз. Бұл дұрыс. Бірақ, шы­ғармашылық жалпы адамдық, барды ғанибет демейтін, ізденгіштік, тынымсыз қасиет. Адамды адам ететін, басқалардан ерекшелендіретін сол шы­ғар­машылық. Неше түрлі өнер, кәсіпкер адамдарда шығармашылық өте жоғары да­мыған. Өнері бар адамды қай қоғамда болса да, ел өте жоғары бағалаған. Әрине, шы­ғармашылықсыз ғылым, мәдениет, шаруа­шылық, өндіріс дамымайды. Қашанда ғы­лым – шығармашылық, бірақ, шы­ғар­машылық тек ғылым бастауы ғана емес. Шығармашылық адамның ішкі көрінбей тұрған қабілеті. Мақсат сол шығармашылықты ояту, іштен шығару, өмірге ендіру. Адамның барлық тіршілік иелерінен айырмашылығы оның санасы, тілі ғана емес, сонымен қатар оның шығармашылығы. Ол да бірдей емес, әркімде түрлі бағытта дамуы мүмкін.
Мектепте сабақтан тыс үйірмелер жұ­­мыс жүргізеді. Ол үйірмелер оқушы­лар­ды шығармашылыққа баулиды. Ол бір. Екіншіден жастардың ынтасы, қызы­ғуы неде, неге байланысты, немен айна­лыс­қысы келеді: бір нәрсе жасау үшін бе, не есеп шығаруға ма, әлде реферат жа­зып, студенттік ғылыми конференция кон­курс­тарға қатысу, әлде басқа ма. Сол арқылы жастардың шығармашылық қабілеті оянып қана қоймайды, олардың болашақ маман­дығының шеті байқала ма немесе неге икемді соны аңғартады. Тәжірибелі ұстаз жас­тардағы осы икемдікті байқап, болашақ ма­мандық алуына ақыл береді, жол сілтейді. Баланың ішкі көрінбей жатқан қасиетін оның ата-анасы да білмеуі мүмкін. Олардың тілегі жас баланың адам болуын армандауы, білім алуы. Бірақ, кейде ол тілек дұрыс та, басқа да болуы мүмкін. Мәселе, тек білім алуда емес, мәселе, қандай білім алуында. Одан соң, жастардың бәрі бірдей тіпті ғалым болуы да емес. Өзінің жүрек қалауына сай маман болуы. Бұл өте маңызды, өздеріне сай мамандық табу – бақыт бастауы. Бұл өмір талабы. Мамандығын жүрек қалауымен таппаған адам атқарып жатқан жұмысына көңілі толмай өтеді. Кейде бір орыннан бір орынға, бір жұмыстан бір жұмысқа көшеді де жүреді. Ілуде біреуі ғана кейін өз мамандығын табады. Олай болса ұстаз мақсаты жастарды тәрбиелеп, оларға білім берумен бірге, оларды қа­білетіне, ынтасына сай тура жолға жөн сілтеу, ақыл айту. Көбінесе бұл мәселе оқу орындарында жәй, қосымша жеңіл, сабақтан тыс атқарылатын мәселе болып келеді. Шынында бұл ерекше қолға алатын мәселенің бірі. Шығармашылық не үшін керек? Жастардың бәрін ғалым, жазушы, саясаткер ету үшін емес, олардың ішкі, өзіндік азаматтық қабілетін ашу, аза­маттығын ұқтыру. Тұтанған қабілетін жандандыру. Жастардың өзін өзі түсінуі осыдан басталады.

Білімнің жәй түрлері
Еңбекпен байланысты білім: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» (Бұл көшпелі заман бейнесі).
Тұрмыстық білім: «Әуелгі байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық».
Отандық білім: «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». «Отан үшін отқа түс – жанбайсың».
Бірлік білімі: «Алтау ала болса ауыз­дағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді».
Азаматтық білім: «Жоқтық   жомарт­тың қолын байлайды», «Бәрінен де бар жақ­сы».
Туыстық білім «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар».

Білімнің эмпирикалық және теориялық түрлері
Байқау – жан-жаққа көз жүгірту, се­зіну, ұқсату, ажырату, бейімделу.  Өлшем – айналадағы заттар бірдей емес, үлкен-кіші, ауыр-жеңіл, алыс-жақын, ұзын-қысқа, биік-терең.  Осының бәрін аңғару. Сандық білім – көп-аз, бар-жоқ т.т. Сапалық білім – құнды-құнсыз, мәнді-мәнсіз, қымбат-арзан, дәмді-дәмсіз, қатты-жұмсақ. Формалдау – көшпелі қазақ қоғамы әр нәрсені топтап айтқанды ұнатқан. Әр нәрсенің санын айтқанды ұнатпаған. Қойды қораға, жылқыны үйірге бөлген. Қазақ бала­ла­рының санын сұрамаған. Бұл да жәйдан-жәй кәде емес. Нәрестелер шетінен шетінеп, өлім-жітімнің қазақ көшпелі ауылында көп болғаны. Бұл алаңдаушылық, уайым-қайғы тудырған. Абстракциялау – бұл әр заттың, объектінің кейбір белгілерін ғана негізгі қасиет етіп алған. «Ерте мен тұрдым, екі аяқ жолға түстім (шалбар)», «Ұзын-ұзын із келеді, ұзын бойлы қыз келеді» (жылан). Идеалдау – (Әсірелеу) өмірде жоқ, бірақ қоғам оны керек еткен. Мәселен, «Қобланды батыр» эпосында шауып келе жатқан Тайбурылдың тұяғы «көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илейді».
Адамдар мінезі, ақылы, іскерлігі, азамат­тығы жағынан бірдей емес, түрліше. Соған сәйкес жеңгелері ат қойған. Мәселен, еш нәрсеге икемі жоқ қайнысын «Оқтау жұтқан жігіт» деп. Біреуді басқаларға өнеге ету үшін, не жексұрын (құбыжық) етіп көрсету үшін қолдан түрліше суреттер, бояулар қолданылған. Өнегеліге барлық жақсыны нашарға кері қылық-мінездерді  үйіп берген. Ол керек. Бірақ, өмірде әр адамда жақсы да, нашар да жақтар бар, тек жақсы, жарамды қасиет, адалдық, адамгершілік мінез басым, басқа ол нашар қылық басым. Соған сәйкес адамдарға баға беріледі. Білімге қа­рағанда шығармашылық адамның ішкі қабілетін, «менін» оятады. «Мен» болу үшін адамда өзіндік пікір, көзқарас болуы шарт. Елден, жүрген ортадан жарамды, қалаулы пікір алу негізінде іштен тұқым арқылы келмейді. Ол адамның ішкі тартысы, өзін өзі тәрбиелеп, тіз­гіндеп жөнге салуы. Бұл оңай дүние емес. Құлқын, ләззат пайда табу, адам да табиғи құбылыс. Соның құлы болған адамнан жақсылық шықпайды, мың рет өзін өзі мақтаса да. Пікірі бар адам сол пікірін іште бүгіп қалмай айта алу бұл адамгершілік, ерлік. Ол не үшін керек? Ке­містікті жою, жөндеу үшін. Адам деген жоғары атқа ие болу, ол өзіңді белгілі қо­ғамдық дәрежеде ұстай білу.

Ғылым
Бұл ой, үйрену, ұғу ғана емес, объек­тіні қозғап, өзгертуге арналған ой. Мә­нісі объектіге сын көзімен қарап, оны оңды ету үшін жасалатын әрекет. Білім үйрену, байқау арқылы қалыптасатын болса, ғылым ол да білім, бірақ, тек ұғыну, есте сақтау ғана емес. Ғылым әр нәр­сеге өзгеріс ендіру, жаңарту, жақсарту. Бұл адамның ішкі дүниесі. Қашанда өмірде кездесетін барлық жаңалық сол ішкі дүние әсері. Әрине, ішкі ой да жәйдан-жәй пайда болмайды, өмір талабынан ойға келеді. Барлық қол өнері, ұста тек білгенін қайталай бермейді. Даму алдында болғысы келсе, сол жаңалықты іздейді, ендіреді, міне, ғылым бастауы осы­лай, мұны шығармашылық дейді. Оқу орындарының барлық түрінде, бұл түрлі са­бақтан тыс үйірмелер, конференциялар, кон­курсқа қатысу  арқылы қалыптасады. Мектепте үйірмелер түрі көп, ол жастардың қалауына сай пайда болады. Оған тәжірибелі  оқытушылар басшылық етеді. Сол арқылы олар кімнің не нәрсеге ықыласы бар, соны байқап қана қоймайды, дұрыс болса, соны қолдап, талаптандырады. Бұл келешек өмір жолын   таңдауға қажет. Одан соң білгенді тек есте сақтауға ғана баулып қоймайды, олардың творчестволық қабілетін ашады. Әрбір айтқанды мүлт еткізбей орындайтындар бар. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ, ол әдіс адамды тәртіпті, ізетті, тәрбиелі етеді. Ал, творчество адамды ізденгіш, ты­­ным­сыз жолға салады. Ол еш уақытта  атқарылған істі ғанибет еткізбейді, одан да жоғарыны іздетеді, ілгерілеуге, жаңалыққа итермелейді. Ондай жаңалық кейде күн­делікті басқалар байқамаған майда шүй­деден басталады. Барлық жаңалық аш­қан Фарадей, Лавуазье, Эдисон, Жуковский т.б. ғалымдар өмірі осыны дәлелдейді. Шы­­ғармашылықпен өмір сүрген адам, еш уақытта жұмыстан жалықпайды, қартаймайды, екпіндей береді. Өмір қы­зығы – шығармашылықта. Оған шаш алу да, ас пісіру де, егіншілік те, бас­қа да жатады. Шығармашылық – адамды қайраткер етеді.
Ғылым деген не? Ғылым ол ой, бірақ жәй ой емес, объективтік шындықтың санадағы бейнесі. Әлем қалай болса солай жиналған тобыр емес, белгілі тәртіпке негізделген, байланыстырылған құбылыс. Сол байланыстар аржағында белгілі заң­дылық жатыр. Білімнің ғылымға айналуы үшін объектінің заңдылығын ашу керек. Сол объективтік шындықтық санадағы бейнесі. Ғылым болуы үшін екі нәрсе қажет. Бірі факт. Ғылым үшін факт ауадай қажет. Фактыға сүйенбеген ой, тұжырым бос сөз. Одан соң объектінің заңдылығын ашу керек. Факты мен заңдылық білімді ғылымға айналдырады. Сол арқылы өт­кенді саралап, тұжырымдап, қазіргіні ай­қындап, болашақты болжауға болады. Тек сонда ғана білім ғылымға айналады. Ғылымның құдіретті күші де міне осында. Өмірден туындайтын сондай ойдың бірі идея. Идея деген не? Ол ой ұшқыны. Адам басына сап етіп келеді. Негізінде ол тіпті толық ойда емес, ол тек оның жарқылы. Бірақ, идеясыз ой да болмайды, ғылым да басталмайды. Идея кездейсоқ болса да, құр жерде пайда болмайды. Бірақ, идеяны ақылға салмай, сараптамай іске асыру әбестік. Сарапталмаған идея опық жегізуі мүмкін, құтты идея кейде үлкен ойдың бас­тауы, жаңалық түрткісі. 
Ғылым теориясыз болмайды. Теория деген не? Ол да ой. Қандай ой? Топталған сығымдалған, аз сөзбен көп құбылысты түсіндіре алатын, құбылыстың мәнін ашатын ой. Ол айтуға жеңіл, есте сақтауға ыңғайлы, әрі қысқа, әрі нұсқа, ұйқас сөз құрылымы, халықтың мақал-мәтелдері сияқты өмірден алынған күрделі құбылысты бейнелейтін ой. Оны жасайтын жеке ойшыл ғалымдар – теоретиктер. Ғылымда ғалымдар екі түрлі болады. Бірі – практиктер. Олар факты жинап, тәжірибе жасайды, білім жағдайларын баяндайды. Теоретик ға­лымдар ғылымның даму жолдарын талдайды, болған плюс, кеткен минустарға пікір айтады. Теория ғылым негізі, оны  қаруландырады. Сонымен, білім көру, есту, байқау арқылы, сондай-ақ үйрету, түсіндіру, оқыту. Білімнің түрі көп. Білім алу да оңай емес. Халық білім алуды «инемен құдық қазу» дейді. Ғылым білім алудан күрделі. Ол ізденіс, үйреншікті жол емес. Ғылыми ізденіс кезінде ғалым былай етсем қайтеді, басқа жолы қандай деп ойға түседі. Ізденіс барлық жағдайда сәтті бола бермейді. Әйтпесе, кез келген адам ғылым жолына түссе де ғалым бола бермейді. Кейде ізденіске түскен ғалым тәжірибесінен керек қортынды жасай алмай сергелдеңге де түседі, кейде нәтижеге жете алмай өмірден өтуі де мүмкін. Бірақ, ондай еңбек адамын ғалым емес деп те ешкім айта алмайды. Өйткені, ол еңбектенді. Бәлкім ұстаған әдісі дұрыс болмаған, не жіберген қатесі болуы мүмкін. Бірақ, оның сәтсіз тәжірибесі басқаға сабақ болуы сөзсіз. Бұл да ғылым сабақтастығына жатады. Сабақтастық ғылымның даму жолы. Ғалымдар бірінің ойын, бастаған ісін бірі дамытқан. Бұл творчество. Бірақ, сабақтастық бірінің ойын, ісін пайдалану емес. Ғалым ісіне адал, ойы таза адам.  Білім адамды тәртіпті, сыпайы, білгенін ішінде сақтап, еңбекте көрсететін етеді. Ғалым адам да білімді, бірақ, ол байқағыш, ізденгіш, ғанибетшіл емес, тынымсыз. Ғы­лым адамның өзіндік «менін» оятады, ке­рек болса әр нәрсеге өзіндік пікірі бол­ғанын қалайды. Өзіндік пікірі жоқ адам көптің бірі. Пікірі жоқ адамнан ғалым түгіл жәй кәсіпкер де шықпайды. 

Ғылымды жасайтын  ғалымдар
Ғалымда   кәдімгі адам, ол тек басқа­лардан гөрі әрбір көрген жағдайға көңіл аударады, мән береді. Басқалар байқамаған өмірде бар, сан рет кездесіп жатқан құбы­лыстардың себеп-салдарын, мәнін ашады. Мәселен, ағылшын натуралисі Антони Левенгук (1632-1723) шыны жылтырататын жұ­мыс­пен айналысып жүрген. Бірде ол кейбір шыны объектіні 150-300 рет үлкейте алатынын байқап, жәй көзге ілінбейтін микробтарды көріп, микроскоп құралының негізін жасады. Микробтың ашытқылық қасиетін тапты. А. Левенгуктен 200 жыл кейін дүниеге келген француз химигі Луи Пастер (1822-1895) бактериялардың пайдалы, зиянды түрлері барын ашып, бір жағынан жеміс нәрін ашытып, вино жасауға, сондай-ақ, қауыпты «құтыртатын» ауру әкелетін басқа да түрі бар екенін, және ондай қауыпты аурудан емделу жолдарын тапты. 
Ағылшын физик, химигі Майкл Фарадей (1791-1867) өз дәуірінен  бес мың жыл бұрын қытайлықтар пайдаланған ком­пас таяқшасы неліктен терістікті көр­се­теді де тұрады, неге өзгермейді деген ойға қалады. Содан, ол 1820-1831 жылдары түрлі байқаулар жүргізеді. Ең бірінші байқағаны жылу өткізгіш сымды әлгі компасқа жақындатса, осыған дейін қимылдамай тұрған компас таяқшасы бетін сымға бұрған. Соны көрген М. Фарадей, әрине ойға қалады. Ақырында қараңғы түнде бір нәрсеге арқасын сүйкесе малдың сүйкенген жерінде жарық сәуле шыққанын байқайды. Оны басқалар да сан рет көрген. Бірақ, мән бермеген, ойланбаған, тек Фарадей содан бастап 11 жыл тапжылмай ізденіс жүргізіп, ақырында әлгі сыммен магнитті үйкесе энергия шығатынын көріп, электромагнит жаңалығын ашып, әлемге жариялайды. М. Фарадей электромагнитті ашқан 1831 жылы дүниеге келген Джеймс Максвелл (1831-1879) магнитті сыммен үйкеп энергия шығарудың орнына магнитті дөңгелекпен үйкейтін, сөйтіп тұрақты энергия шығаратын магнето жасады. Ол дөң­гелекті немен қозғау керек? Ақырында су ағысымен қозғауға болатынын су диір­меннен көрген ол жаңалық ашып, тұрақты энергия шығаратын жаңалық әдісті ұсынды. Ол магнето кейін Днепр, Енисей, Рейн сияқты су электростанцияларын дүниеге әкеліп, бүкіл машинаның барлық түрін жұмыс істеткізді. Американ табиғат танушысы Т. Эдисон ( 1847-1931) көп жыл ізденіп жүріп, электр шамын дүниеге әкелді. «Ол үшін тоқсан тоғыз рет тер төктім, бір рет қана жолым болды» деген екен Эдисон.
XVIII ғасырға дейін әлем ғалымдары темірді, болатты балқытатын флогистон деген материал деп соны іздеп  шарық ұрғаны белгілі. Бірақ, ол табылмады, өйткені, табиғатта ол жоқ. Ақырында ондай күшті қызу беретін кислородты Франция физик-химигі Антуан Лавуазье (1743-1794) ашты. Ол да жәй қарапайым байқау нәтижесі. Айталық, адам демалғанда ішіне оттегі (кислород) жұтып, іштен көмір тегін (углерод) шығарады. Бұл углерод сол жанған кислород деп А.Лавуазье соған көңіл аударып, ойын тоқтатты. Ақырында, кислород жанғыштығы сонша дем алып, дем шығарған мезетте жанып үлгереді. Содан ол өте тез және ең жаңғыш, күшті қызу беретін материал әлемде жоқ флогистон емес, кислород деп, ғылыми жаңалық ашты. Флогис­тонды жоққа шығарды. Орыс ғалымы Н.Е. Жуковский (1847-1921) аспанда қалықтау теориясын қалай ашты? Нөсерлі жауын күні көшеде аяғын су болмасын деп, тастан тасты аттап келе жатып, көзі байқап қалады. Жауын су тас алдына сәл бөгеліп, оның екі жағынан сарқырап ағып жатады. Ал, сол тастың ық жағына шөп-шалаң жиналып жатады. Оларды тасқын су неге іліп әкетпейді деп ойға қалады. Сонда шөп-шалаңды қандай күш ұстап тұр деген ой келеді. Ал, соған ұқсас тағы бір ой туады. Құсты ауада не ұстап тұр, әрине, қанаты деген ой мен қанаттың күші неде деп, ойлай келіп, күш қанатта, құс оны қаққанда деп, ой түйеді. Содан, Н.Е. Жуковский құс қанатын байқап қараса, оның алды дөңес, аяқ жағы ойпақ әрі жұқа екен. Ал, құс қанатын қағып, ұшып жүргенде, қарсы ауа, қанаттың үстімен де, астымен де тұра тартып, әлгі қанаттың ойпақ жеріне соқпай ағып өтіп жатады. Содан, қанаттың ойпақ жері өлара (мертвая) зо­наға айналады. Өлараның ерекшелігі онда сорғыштық, тарту қасиет пайда болатыны. Әлгі жаңбырлы күні тастың ық жағында шөп-шаламның жиналатыны содан деп, құсты ұшып бара жатқанда ауада ұстап тұр­ғанда со сорғыштық, тартылыс күш деп қорытады. Бұл шынында солай еді. Сөйтіп, Н.Е. Жуковский үлкен ғылыми жаңалық ашты – аспанда қалықтап, ұшу теориясын дүниеге әкелді.  Содан, барлық самолеттер қанаты құс қанатына ұқсас жасалатын болды. Ендеше, жаңалық ашуға ұйықтамай, тыраштанып, қиналып күш салудың да еш қажеті жоқ, тек байқағыш, сезімтал, ойшыл, жаңашыл болу керек. Ал, енді, пайда болған ойды іске асыру үшін сандаған жан-жақты ізденіс, қажымас қайрат, еңбек, шыдамдық  қажет. Зерек сезімді ойшыл адамға жаңалық ашу сәтті кезең, ал, оны тәжірибемен дәлел­деу, ғалымдарды оған иландыру өте ауыр, азапты. Осы азапты толығымен басынан өткізіп көргендер Н.И. Лобачевский, Д.И. Менделеев, Н.И. Вавилов еді.
Философ болу үшін не керек, деген сұрауға Платон «байқағыштық» деген болатын. Соңғы кездерде ғылымның қоғамды ілгері тартатын, жаңалық ашатын қасиеті төмендеп кетті. Ғалымдар көп жағдайда ізденіс жасап, кейде қате­лесіп, бірін-бірі жөндеп, жолға салу тәртібі ұмытылды. Әр ғалым өзінше кі­тап шығарып, ғалымдар санын қуыс кеуделер көбейтуде. Ол қандай кітаптар? Пікір айту, талап қою жоқ. Сонау Фарадей, Лавуазье, заманында да сыншылар болған. Олар ғылымдағы өтірікті емес (ғылымда өтірік мүлде жүрмейді) қателіктерді аямай әшкерелеген, ғылым тазалығын сақтаған. Мәселен, солар­дың бірі американ физигі Альберт Май­­кельсон (1852-1931). Ол өте күшті тексеретін аппарат-интерферометр жа­сап, Э.У. Морлимен бірге талай эксперимент жүргізіп, ғалымдар жаңа­лық­тарын тексеріп, кейде дұрыс, кейде ар­тық сын айтып, ғалымдардың өзіндік жауапкершілігін жоғары сатыға көтерді. Бұл қай заманда да болған. Нағыз ғылым жолы ауыр: тер төгу, қиналу, азаптану, түй­медей болса да жаңалыққа ұмтылу. Бі­рақ, ғылымды бейтарап жағдай кеулеп барады. Бұл ғылымдағы үлкен індет. Әйтсе де, ғылым тазалығы, саулығынсыз ғы­лым­нан прогресс күту екіталай. Осы індет бізге қайдан келді? Әрине, Батыстан. Оны жасаған ашық-сауда (рынок), пайда келтіргеннің бәрі дұрыс. Шындық үшін  сын айтудың қажеті жоқ. Осыдан ғылым сапасы да, білім сапасы да әлсіреуде.  Дамыған батыс елдер тәртібі әр қилы, құйтұрқы. Мұны ажыратқанымыз жөн. Олар біз сияқты дамып келе жатқан  елдерді неше түрлі қияңқы әдістермен тұр­лаусыз етпек. Олардың әлемдік саясаты – әрқайсымызға мұрындық салып, еш на­мысы, өзіндік көзқарасы жоқ етіп жетегінен шықпайтын еткісі келеді. На­ғыз еті тірі ойшыл ғалым бұл сая­сатқа мойынсұнар ма екен? Біздің де биік мақ­сатымыз, өз тілегіміз бар.
Сөз сонында айтарымыз: қазіргі рынок заманында нағыз ғалымдар барлық елдерде университеттерде топталған. Олар лекция оқиды, ғылыммен айналысады, талантты жастарды ғылымға тартады. Профессорлар арасында ірі ғалымдар да бар. Университет профессорларының терең, мол ойлауына қажет уақыт мүмкіндігі бар. Оқу орындары бұл жағынан рынок сияқты ойлауды тежемейді. Олардың лабораториясы – аудитория десек те болады. Профессорлар лекциялары арқылы жастардың жүрегіне даналықтың отын жағады, ғылыми ойларымен бөліседі. Сондай аудитория ықыласынан профессор рухани нәр алады. Бұл екі жақты тиімді іс.
Сөйтіп, әлемде білім бар, ғылым да бар. Білім негізі – ұғыну, игеру. Ғылым негізі – ізденіс. Өмірге де, білімге де нәр беретін ғылым.  

Алдыңғы «
Келесі »