Қырғыздың «Манас» эпосы және оның қазақ зерттеушілері

  • 17.06.2015
  • 6865 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр Сманов,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 
Халықаралық Ш. Айтматов академиясының академигі

Саяқбай Қаралаев 1894 жылдың күзінде Ыстықкөлдегі Ақөлеңнің Семізбел деген жерінде кедей адамның отбасында туылған. Ол туылғаннан көп ұзамай отбасы ауыр тұрмыстың салдарынан Жетіөгізге көшіп барып, болашақ манасшының жастық шағы сондағы «Көл» деген жерде өтеді. Оның балалық дәуірі, есею кезеңі жалшылық өмірдің тауқыметін тартты. 1918-1922 жылдар арасында қызыл әскер қатарында қызмет еткен соң, өз шаруасымен айналысып жүріп, сол тұста ауылдық кеңес төрағасы болып жұмыс істеген. 1930 жылдардан бастап манасшы ретінде ел аузына іліге бастаған жас манасшы өмірінің соңына дейін дүниедегі теңдесі жоқ алып эпос – «Манасты» жырлаумен өтті. Ол 1939 жылы Қырғызстанның халық әртісі атанды. Үш рет Еңбек Қызыл Ту, бір рет Құрмет белгісі ордендерімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жыршы 1971 жылдың 7 мамырында 77 жасқа қараған шағында Бішкек қаласында дүниеден озды.


Өткен жылдың соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы манасшы Саяқбай Қаралаевтың туылғанына 120 жыл толуына байланыс­ты «Манас» эпосын зерттеудегі қазақ ғалымдарының рөлі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенешінің Халықаралық істер жөніндегі Комитет төрағасы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Каныбек Иманалиев, Қырғызстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Эсенғұл Өмірәлиев т.б. ресми адамдар, қырғыз-қазақ ғалымдары мен екі елдің әйгілі манасшылары қатысты. Оқырмандар назарына Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Смановтың осы конференцияда жасаған баяндамасының мақала түріндегі нұсқасын ұсынып отырмыз.
Мына бүгін біздің буын жаңа ХХІ ғасырда мәдени астанамыз Алматыда бауырлас қырғыз халқының «Манас» эпо­сына байланысты мұндай жиынды – Ха­лықаралық конференцияны тұңғыш рет өткізіп отырған шығар деп ойлаймын. Бұл алқалы басқосу атақты «Манас» жырында:
«Қырғыз, қазақ, қатаған,
Баарыбыз бір атадан», – деп айтылатындай, бір атадан туған туыстас елдер екендігіміздің жарқын дәлелі («Манас»: Эпос. ІІІ-китап. – Фрунзе: Кыргызстан, 1981. – 14 бет).  Бұл іс-шараның бізде өтуі, бізге – қазақтарға да үлкен абырой деп ойлаймын. Бұл «Манасқа» деген шоң құрмет.
Абырой дегеннен шығады, естеріңізде болар, 1995 жылы, осыдан 20 жылдай бұрын, «Манас» эпосының 1000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталғанда да осындай абыройға ие болғанымыз бар. Сонда даңқты дастанның мың жылдығына арналған үл­кен тойға қазақтар да белсене атсалысты. Қырғызбен көршілес Жамбыл облысы (әкімі Ө.Байгелдиев) облыстан 70 шақты ақ үй тігіп, қырғыз ағайындардың мәртебесін асырғаны, сондағы мерейтойға арналған халықаралық аламан бәйге де өткізгені әлі есте. Мәре – сонау Түрікменстанның астанасы Ашхабат қаласына барып-қайту болатын. Осы бәйгеде 100 қаралы сәйгүліктің ішінде Жуалы ауданының атбегісі, МАИ қызметкері Рахметов Қалмұрат деген жігіттің аты бас жүлдеге ие болғаны әлі ұмытылған жоқ. Онда да ауылдағы қазақ ағайындар ортақ мерекеге осылайша үлес қосып, ұлан-асыр той жасап, абырой-беделге ие болған еді.
Біздің бұл еңбегіміздің тақырыбы – «Манас» эпосының және оның зерттеушілері» деп аталуының өзі – заңды құбылыс. Өйткені, оған әйгілі жырдың мазмұны, ондағы қырғызбен қатар бейнеленген қазақ халқының ортақ тағдыр-талайы себеп. Жырда қазақтың көне руларының аттары аталып, батыр­ларының, игі-жақсыларының асыл бейне­лері, жер-су аттары, шаруа­шы­лық­тары, тұрмыс-тіршілігі нанымды сипатталады. Әдетте, халық аузында, қырғыз-қазақ егіз халық деп жатады. Ал, мына, «Манас» жырындағы қазақ тақырыбына байланысты ерекше мән берерлік жайттар өзіне қазақ зерттеушілерінің назарын баяғыдан аударған. Бұл ретте біз ең алдымен Шоқан Уәлихановтың ардақты атын ілтипатпен атаймыз. 21 жасар жас зерт­теуші Шоқанның «Манас» жырына сіңірген еңбегін бүкіл әлем біледі. Ол оны қырғыздың әйгілі манасшыларынан жа­зып алып, орысшаға аудару арқылы орыстың Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, А. Н. Берн­­штам, В.М.Жирмунский, А. Н.Са­­мой­­­лович, К.К.Юдахин секілді ға­­лым­­дарының, сондай-ақ Еуропаның шы­ғыс­танушы ғалымдарының танысуына жол ашты. Олар жырдың шығу тегі, кейіп­кер­лері, манасшылардың жырды же­тіл­дірудегі қызметі сияқты мәселелерге бай­ланысты аса құнды пікірлер, тың ойлар айтты. Зерттеушілер жырда халықтың азаттығы үшін қажымай күрескен Манас батырдың бейнесі арқылы ерлік пен биік парасаттылықтың,  шынайы отан­шыл­дық­тың, елжандылықтың асқан үлгісі көрі­ніс тапқанын атап көрсетті. 
«Ақ қалпақтың ұлығы, адамзаттың тұнығы» – «Манас» жырын қазақтың халық ақындары мен жыршылары да өз елінің     батырлық дастаны ретінде жыр­лап келеді. Мәселен, Жамбыл Жабаев «Манасты» той-жиындарда айтып жүрген. Ал, халық ақыны Кенен Әзір­баев жыр-дастандар айтқанда «Манас» эпосының оқиғалары мен кейіпкерлері кездесетін сюжеттерді жиі араластырып орындаған. Қазақтың бүгінгі айтулы манасшысы, көрнекті ақын-қайраткер Баянғали Әлімжанов – баяғы дәстүрлі үрдістің осы күнге дейін жалғастырылып келе жатқанының тамаша бір мысалы. «Манас» жырын зерттеуге Шоқан кадет корпусында оқып жүрген кезінен қызығушылық танытқан. Ол Ыстықкөл сапарында 1856 жылғы 21 мамыр күні Қарқараға келгенде Шарын өзенінің бойында сол тұстағы Құсмұрын тауын аралап жүріп, «Манастың Бозтөбесі» деген жерді көреді. Сол жерде ол күнделігіне халық аузынан естіген тарихи әңгіме-аңызды түсіреді. Мұны Шоқан: «…Шарын өзенінің бойында «Құсмұрын Бозтөбесі» деген қамалдың орны бар. Ол анадайдан жеке-дара көрініп тұ­рады. Ежелгі қариясөз бойынша, ха­лықтың эпикалық тамаша жырында айтылатын ер Манас бұрынғы заманда қау­ғырастармен (қарақытайлармен) со­ғыс­қанда ордасын осы арада құрған деседі», – деп жазады (Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. т.1, – Алма-Ата, 1961, стр. 246).
Осы сапар кезінде Шоқан Қарқара, Текес, Түп, Жырғалаң өзендерінің бойын жайлаған қырғыз халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алады. Мұның басым көпшілігін қырғыздың Бұғы елінің атақты адамдары Боранбайдың, Сәлмеке Шоң Қараштың, Қодық Борсықтың, Сарыбағыш руының билері Сартай мен Алшынның ауылында қонақта болғанда жазып отырады. 
Түн ортасына таман ошақтың шалқып жанған отын айнала қоршаған топтың арасында ақ қалпақты жыршы (манасшы) өз өнерін көрсетеді. Ол бірнеше сағат бойы «Манас» жырын жырлайды. Жыршы мұнда алып батыр Айдархан ұлы Ер Көкше, Ер Қосай жайын баяндайды. Сонан манасшы кең көлемді дастандағы қазақ батыры Ер Көкше, Ер Қосай туралы хикаяны өзінің құрметіне арнап айтып отырғанын сезген Шоқан оған одан әрі ден қоя түседі. Түп өзенінің бойында 24 мамыр күні Бұғы елінің басшылары жіберген әлгі манасшы Шоқанға жеке келіп тағы да жолығады. Сөйтіп, 26 мамыр күні (1856ж.) «Манас» жырының үлкен бір үзіндісі – «Көкетай ханның қазасы мен оны жерлеу салтанаты» бөлімі алғаш рет қағазға түседі. Ол туралы Шоқан Петербургте Орыс география қоғамының жиынында жасаған баяндамасында: «…26 май. Бүгін менде қырғыз жыршысы болды. Ол «Манас» жырының тілі (қырғыздардың) ауызша сөйлеуінен анағұрлым түсінікті… «Манас» жырының бір тарауы саналатын «Көкетай ханның асы» дейтін жырды қырғыз ақынының айтуынан жазып алдым. Бұл қағаз бетіне бірінші рет түсірген қырғыз сөзі болуы керек. Бұл жырды мен (орысшаға) аударып жүрмін. Белгісіз жатқан тіл мен шығысты зерттеуші ғалымдарды таныстыру үшін қысқаша сөздік жасамақ ойым бар», – деп мәлімдейді (Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. т.1, – Алма-Ата, 1961, стр. 421-422).    Ол кезеңде Ыстықкөл маңайында Келдібек, Назар, Телтай, Балық атты манасшылар өмір сүрген. Қырғыз ғалымдары жырдың шалқыма шабытты, екпінді әуеніне қарап: «Көкетай жырын Ыссык көлдөгү чоң манасчы Назар Болотовтон Тоқсобо Олжобаевтын айылында жазып алган», – деп жорамалдайды. Мұнда зерттеушілер Саяқбай Қаралаевтың дерегіне сілтеме жасайды (Мамытбеков З., Абдылдаев А. «Манас» эпосун изилдеөнун кээ бир маселелери. – Фрунзе. 1966, 28 бет).
Шоқан жырды жазып аларда оның тарихи-этнографиялық, танымдық-тәрбие­лік мән-маңызына көңіл бөліп, ғылы­ми негізде зерделеуге тырысқан.  Ол эпостық жырдың әрбір шумағына, сырлы сөздер сырына, адам аттары мен жер-су атауларына мән беріп, олардың ғылыми тұрғыда дұрыс жазылуына назар аударған. Шығарманың тіл байлығына, сыртқы құрылымы мен өлең жолдарының ерекшеліктеріне көңіл қояды. «…Халық жырының бір түрі – тайпалардың соғысы мен батырлардың ерлігін суреттеуге арналған эпикалық әңгімелер. Бұл жырдың өзіне тән өлшеуі мен ұйқасы бар. Жыр шығарудың негізгі амалы мұнда меңзеу, үн ұйқасына сүйенген. Басқа түрде айтқанда бірінші тармақ пен екінші тармақтың соңы ұйқасып отыруда», – деп жазды ғалым өз зерттеуінде. Жалпы, Ш.Уәлиханов – «Манас» эпосын тұңғыш рет қағазға түсіріп, орыс тіліне аударған, оған ақпараттық-танымдық талдау жасаған ең алғашқы зерттеуші ғалым. Ол – «Манас» эпосына байланысты көркем әдебиеттің теориялық мәселелеріне, қырғыз бен қазақтың ұлттық поэзиясының жанр, түр, шығу тегінің ерекшеліктеріне, өлең құрылымы жөнінде салиқалы ой айтқан, орнықты тұжырым жасаған, жырды «қырғыз өмірінің энциклопедиясы» деп атаған тұңғыш қазақ ғалымы.
«Манас» эпосының қазақ зерттеушілері қатарында ерекше орын алатын алып тұлға – ұлы Мұхтар Әуезов.  Заманымыздың заңғар жазушысы тек туған елінің әде­биетіне ғана емес, өзге халықтардың да әдебиетіне, мәдениетіне, руханиятына көп қамқорлық жасаған. Әсіресе, ол кісі 1950 жылдардың басындағы кеңестік идео­логияның үрдісімен саяси жазалау науқанында «Манас» эпосын ерлікпен арашалап қалғаны тарихтан белгілі. Ол тұста Қыр­ғызстанның да, Мәскеудің де бірқатар ғалымдары халық жырының бойынан кінә іздеп, оған ескі өмірді дәріптейді, өткенді аңсайды, қырғыз халқын, оның батырларын шектен тыс асыра мадақтайды деген секілді айыптар тағып жатты.
1952 жылы Қырғызстанның сол кездегі астанасы Фрунзеде арнайы шақырылған жиынның мақсаты «Манасты» қаралау, оны руханият тарихынан, халық санасынан аластау болды. Міне, сол алмағайып кезеңде халықтың сан ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан, әлемде теңдесі жоқ жырының әділ бағасын беріп, оның идеялық мән-мазмұнын соқырға таяқ ұстатқандай Мұхаң дәлелдеп бермегенде, «Манас» жыры біраз жылдар жабулы жатар еді. Ұлы адамның бұл ісі – үлкен ерлік болатын. Біртуған қырғыз ағайындардың данышпан дарын иесі Мұхтар Әуезовті аса жоғары бағалап, ерекше құрметтейтіні атақты қаламгер-ғалымның осындай бірне­ше игі істерінен, жасаған қамқор­лықтарынан туғаны даусыз. Бұл жайтты көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматов Мұхаң жайлы мақаласында айрықша атайды: «…Қыргыздын улуу эпосу «Манаска» обу жок айыптоолор тагылып, кыйын-кысмак күн түшкөндө Ауэзовдун таш жарган билимине таянып, анын принциптүүлүгү жана тандырбас далил-жүйөөлөрүн арка тутуп коомчулук элдин ушул өлбөс-өчпөс көркөм казынасын кол тийгизбей коргоп калгандыгын биз баарыбыз билебиз. Ауэзовдун ошондогу атуулдук азаматтыгын, жазуучулук эрдигин биздин эл эчкачан унутпайт…», – дейді Чыкем (Айтматов Ч. Чыгармаларынын жыйнагы: 5- том. Бишкек: Шам, 1999. – 364 бет).
Ұлы суреткер әйгілі эпостық жырды 1922-23 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің тыңдаушысы болып жүрген кезінен бастап зерттей бастайды. Жас Мұхаң қырғыз елін аралап, қарапайым халық арасындағы тума таланттардың өнеріне тәнті болады. Ол ел арасындағы «Манас» айтушы жыршыларды тыңдап, олардың орындаушылық  шеберлігіне, жатқа айту, есте сақтау қабілетіне қайран қалады. Өзі эпостық жырдың түрлі нұсқаларын қағазға түсіреді.Сол жылдары Ташкенттегі Казинпроста (Қазақ ағарту институты) «Манас» эпосына байланысты жасаған баяндамасында М.Әуезов оны көне гректің «Илиада» және «Одиссея» жырларымен салыстыра келіп, қырғыз жырын олардан да жоғары бағалайды.
Академик-жазушының 1935 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің 4 санында жарық көрген «Қырғыз дастаны «Манас» атты мақаласының орны ерекше. Қаламгер-ғалым сол кезден бастап орыс тілінде «Манас» – киргизская народная героическая поэма», «Введение в величественный эпос киргизского народа «Манас», «Киргизская героическая эпопея «Манас», «Воссоздать народный вариант «Манаса», «Ценнейший памятник киргизского народа»,  «Сказители «Манаса» и слушательская среда», «О времени возникновения эпоса «Манас», «Соображение по поводу уточнения даты «Манаса» секілді көптеген құнды мақалалар жазды. Бұл туындылар суреткердің 50 томдық шығармалар жинағынан елеулі орын алды. Жалпы, «Манас» эпосын ұлы жазушы өмірінің соңына дейін зерттеді. Көлемі, сюжеттік-композициялық құрылымы, көркемдік ерекшеліктері мен идеялық-рухани қасиеттері жағынан әлемде теңдесі жоқ шығарма туралы ол қос тілде (қырғыз және орыс тілдерінде) бірқатар әде­биеттанымдық талдау мақалалар, зер­делі зерттеулер жазды. Осы жерде бір ескерте кететін нәрсе – Мұхаң мен біз бүгін 120 жылдығын атап отырған даңқты манасшы Саяқбай Қаралаевтың жастары қатар болған. Бір жылдың төлдері. Өскен кезеңдері де тұстас. Екі құрдастың әзіл-қалжыңдары да қатар жүрген. Ұлы жазушы оған: «…Саяқбай, сен аман бол… Сен кетсең, сенімен бірге «Манас» та кетеді», – дейді екен.
Мұхаң ел аралап «Манас» жырын жазып жүрген кезде Саяқбай атамыздың таңды-таңға асырып, дастан жырлап жүрген отыздағы орда бұзар жігіт шағы екен. Ол 1922 жылдары ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарыпты. Сол кезең жайлы әйгілі манасшы: «…Сельсовет болуп адегенде төрт жыл дунгандарда, андан кийин Маманда иштедим. Айлык алчу эмеспиз. Кээде сельсоветтикти кое коюп, эл аралап күпүлдөтүп «Манас» айтып жүрдүм», – деп еске алады екен жарықтық («Манас»: Эпос. 1-китап. – Фрунзе: Кыргызстан, 1984. – 9 бет).
Кемеңгер жазушының «Манас» жырын әлемдік игілікке айналдыру жолында жасаған істерін, жазған еңбектерін санамалап, олардың мән-мазмұнын баяндауды шағын мақала көлемі көтермейді. Сон­дықтан, түйіп айтқанда, М.Әуезов – «Манас» эпосының бүгінгідей абырой биігіне көтерілуіне аянбай еңбек сіңіріп, айдай әлемге танылуына ерекше үлес қосқан, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен ұлы гуманист тұлға, қазақ зиялыларының бірегей өкілі дейміз.
«Манас» эпосын зерттеушілердің арасында шоқтығы биік қазақ ғалымдарының бірі – академик Әлкей Хақанұлы Мар­ғұлан. Әлекең атақты жырдың Шоқан жазып алған, бірақ, көп жылдар бойы ғылымда белгісіз болып келген нұсқасын, ол туралы материалдарды мұрағаттардан тауып, оларды ғылыми айналымға қосты. Бұл бүкіл түркі тілдес елдер әдебиеті мен мәдениетіне қосылған зор үлес болды. Академик Ә.Марғұлан «Манас» жырының Шоқан Уәлиханов жазып алған нұсқасы жөнінде арнайы зерттеу жазып, сол бойынша «Шоқан және Манас» атты кітабын 1971 жылы «Жазушы» баспасынан шы­ғарды. Еңбекте ғалым қырғыз, қазақ зерт­теушілерімен бірге кеңестік және шетел ға­лымдарының жыр туралы еңбектеріне ғылыми-теориялық талдаулар жасайды. Мұн­да, ол «Манас» жырын жазып алу тарихы, жырдың тақырыбы мен онда қамтылған дәуір кейіпкерлері, олардың тарихи негіз­дері, жырдың қай кезде шыққаны жайлы тың ойлар айтады. Жырдың түпнұсқа қолжазбасының кө­шірмесін тұтас береді. Зерттеу ең­бекте орыс ғалымдары академик­тер  – В. В. Радлов,  П. М. Мелиоранский, Ф. Е. Корш, В. М. Жирмунский, француз ға­лымы Паве де Куртейль, кембридждік ағайын­ды ғалымдар Н.М. және Н. К. Чэдвиктер, лондондық ғалымдар А. Хатто, Л. Базен, мадияр ғалымы Альмаши, татар-башқұрт ғалымдары Бахтияр Абдул-Уахаб, Ғабдулла Боби, Хасан Ғали, Қаюм Мифтах, Якуб Ғайнанов секілді зерттеушілердің «Манас» эпосы туралы еңбектеріне кеңінен шолу жасайды. Академик Ә.Марғұланның «Манас» жыры жайлы зерттеулері отандық түркология ғылымындағы өресі биік рухани құндылықтар ретінде әдебиет тарихынан өзінің лайықты орнын алды. Қырғызша айтқанда, «академик Ә.Марғұлан «Манас» эпосун изилдөөде чоң салым кошту». 
«Манас» жырының кейінгі кезеңдердегі қазақ зерттеушілері дегенде Қазақстан Ғылым академиясының академиктері Қ.Жұ­малиев, Р.Бердібаев, профессорлар Н.Ке­лімбетов, Д.Ысқақов, Т.Жұртбай сынды тағы басқа ғалым-зерттеушілерді атауға болады. Олардың мерзімді баспасөз беттерінде, ғылыми жинақтарда жарияланған мақала­ларын, ондағы айтқан ой-пікірлерін еліміз­дің жұртшылығы жақсы біледі. Бұған қоса, «Манас» эпосы жөніндегі мәліметтер, оқу материалдары Қазақстанның барлық білім беру мекемелерінде – жоғары және арнаулы кәсіптік оқу орындарында, жалпы білім беретін орта мектептерде оқытылып келеді. Айталық, осы жолдардың авторы 10 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының Ш.Уәлихановқа қатысты тарауында «Манас» жырына байланысты деректерді арнайы бөлім ретінде енгізді. Бұл тақырып 15 жылдан бері қазақ мектебінде оқытылып келеді. Ал, Шоқанның «Ыстық­көл күнделіктері» атты оқу фильмін «Қазақфильм» киностудиясы арқылы 1983 жылы шығарған болатын. Мұнда да «Манас» жырына, манасшыларға, Боранбай манап Бекмұратұлына, Шыңғыс Айтматовқа арналған кадрлар орын алған. 
Қырғыз бен қазақта: «Ер достығы – егіз, Ел достығы – теңіз», «Екі ердің достығы бір белден асырады, екі елдің достығы мың белден асырады», – деген аталы сөздер бар. Сол айтпақшы, жыр мұхиты – «Манас» – достықтың, туысқандықтың, ағайындық бірліктің жыры. Бұл достық – әділет, шындық, адамгершілік, ар-намыс, ұят-ұждан, адал еңбек, елге-халыққа қалтқысыз қызмет сияқты жалпыадамзаттық рухани-моральдық құндылықтарға негізделген. Сол үшін де «Манас» эпосы біздің күнделікті өміріміздегі үнемі назар аударып отыратын мәңгілік тақырыптардың бірі болып қала бермек. 
Көрнекті қазақ ақыны Әбділда Тәжі­баевтың екі ел туыстығына арналған мынадай бір шумақ өлеңі бар:
«Басыма кидім ақ қалпақ,
Айырлап шетін жырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ,
Айырмам қайсы қырғыздан», – дейді ақын.
Өлең жолдарынан көріп отырғаны­мыздай, қазақ пен қырғыздың түрі мен тілі ғана емес, қан мен жан, рухани ұқсастығын, түбі бір бауырлас халықтар екендігін мұнан артық келістіре суреттеу мүмкін емес шығар. Олай болса, қырғыз елінің атақты «Манас» эпосы біздің де ортақ әдеби жәдігерлігіміз екені, оны әр қырынан зерттеуге қазақ ғалымдары бұдан былай да атсалыса беретіні еш күмән туғызбайды.
    
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Манас»: Эпос. ІІІ-китеп. – Фрунзе: Кыргызстан, 1981. – 14 бет.
2. Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. т.1, – Алма-Ата, 1961, стр. 246.
3. Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. т.1, – Алма-Ата, 1961, стр. 421-422.
4. Мамытбеков З., Абдылдаев А. «Манас» эпосун изилдеөнун кээ бир маселелери. – Фрунзе. 1966, 28 бет.
5. Айтматов Ч. Чыгармаларынын жыйнагы: 5- том. Бишкек: Шам, 1999. – 364 бет.
6. «Манас»: Эпос. 1-китеп. – Фрунзе: Кыргызстан, 1984. – 9 бет.

Алдыңғы «
Келесі »