Партбилетін лақтырған әнші Төлеш Қармақбаев кім еді?

  • 17.06.2015
  • 543 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зәкір АСАБАЕВ,
журналист

Жарық дүниеде жер басып жүргенде сона…а…у балалық бал дәурен шақта са­на­ға сіңіп, жүректе із қалдырған базбір оқиға-құбылыс, базбір – өзі өмір сүрген зама­нының жарқылдаған найзағай сынды айтулы азаматы болған – сөзі де, өзі де бө­лек, жігерлі, жүректі, қарапайым жүріс-тұ­­рыс, іс-әрекеттерінен туған халқының адал перзенті екені көрініп тұратын аруақ­ты адамдар ауық-ауық ойға оралып, тіпті, солардың өзінен бір сәтке болса да сар­ғай­ған сағыныш жанды марқайтып, дәтке қуат алады екенсің. Бұрын болмаса да, осы күн­дерде дәл соны қапысыз сезініп, тол­ға­нып-толқып жүретін жай бар, ағайын. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегендей, төменде баяндағалы отырған хикаяттар да тектен-текке қағаз бетіне түспегенін қаперге алғайсыз (деп өтінер едім).


Балалық шақ (дедік қой). Ол әркімде әрқалай. Қаншама ұқсас бола берсін. Ба­ла­лық шағы ұлы Отан соғысына дөп келген ұрпақтардың да. Бір қарағанда, кәдімгі  әркім-ақ айтып жүрген, жазып жүрген, солай бола да беретін мимырт, қоңыр тіршілік десек те. Ғафу етіңіз. Олай емес. Мүлде. Дәлел ме? Міне!
«Әркімнің өзіне ыстық туған жері» деуші ме еді?! Талас жоқ (тек сол ыстық сезім балалық шақтан бастау алса ғана).
Біз ес кіріп, етек жинаған тұста «колхоз» дейтін болды. Оларды техникалық құрал-саймандармен қамтамасыз ететін ма­шина-трактор стансасы (МТС) дейтін бол­ды. Колхоз көп, МТС санаулы. Өйткені, әр МТС бірнеше колхозды қамтиды. Көз ашып көргеніміз колхоз болған соң, оны әлімсақтан бері бар екен деп ойлайтынымыз өзінше. Олардың біз өмірге келерден бес-алты жыл ғана бұрын ұйымдасқанын кім білген? (Кеңес өкіметі құлаған соң «кеңшар» (совхоз), «ұжымшар» (колхоз) дейтін «жаңа» терминдер пайда болды, жау кеткен соң қылышты тасқа шабудың көкесіндей. О, жоқ, қазаққа жараса беретін үрдіс).
Біз тұратын – қожалық саны отызға жетер-жетпес – колхозды «Ынталы» дейтін. Айналада одан басқа да «Қоңыртөбе», «Саңырау», «Жеті төбе», «Коминтерн», «Боль­шевик», «Буденный», «Он бес жылдық Қа­­зақстан», «Еңбек» атты быжынаған колхоз. Аудан бойынша ұзын саны жетпіс-сексенге жуық (екенін кейін білдік). Уақыт өте келе олар іріленіп, он шақты совхоз құ­рылды (о, айтпақшы, «кеңшар» екен ғой. Пах!).
Біз тұратын «Ынталы» колхозының батыс қапталында – бір-екі шақырым жерде – «Коминтерн», солтүстік бүйірінде – ол да бір-екі шақырым – «Қоңыртөбе» дейтін колхоздар болды (кейін үшеуі бірігіп, Абай совхозының бір бөлімшесіне айналды).
Соғыс басталысымен бас көтерер еркек атаулы түгелге жуық майданға кетіп, ел­де кемпір-шал, бала-шаға, әйелдер қал­ды. Қатар орналасқан – едені жер, тө­бесін қамыспен жапқан – жатаған үй­лер. Әр­қайсысының алдында колхоз берген – 25 сотық жер. Әр үйдің тұрғындары соған жүгері, пісте, мас, лобия, асқабақ, қауын, қарбыз егіп, жан бағады. Оларды егіп, баптап, өсіруге әйелдерде мұрша аз. Себебі, колхоздың күллі жұмысы солардың мойнында. Мақта өсіру – азап. Шит себу, жегенелеу, арам шөбін жұлу, суару, шабу, шырпу, одан белге партық байлап (қолмен) мақта, көсек теру, мақта сарайда түн ауғанша көсек аршу, қоза пая шауып, егістікті тазарту, қыс бойы көң төгу, канал қазу … кете береді.
ЧТЗ, ХТЗ, СТЗ дейтін тракторлар болады. Алғашқы екеуі жер жыртады, соңғысы мақта баптайды. Біздің колхозда ЧТЗ (Че­ля­винск) жоқ, ХТЗ (Харьков) бен (Сталин­град трактор зауытынан шыққан) СТЗ бар. Басқа да пішен шабатын, жыртылған жер­дің кесегін майдалайтын, қопсытатын техникалық саймандар, үш-төрт сатылы, үш-төрт жайпақ арба бар. Оларға жегетін арық-тұрық он шақты ат, төмен жақтағы қап-қара суы удай ащы, айналасы қалың қамыс «Құр Келес» өзенінің арғы бетіндегі қырда – фермада – бағылатын бір отар қой, біраз қара мал бар. Әлгі он шақты аттың бәрінің атауы бар: «Пірән торы», «»Бос­танбай торы», «Байғабыл торы», «Төле торы» дегендей. Олай болатыны, аттар же­ке меншік иелерінен ортақ қазанға деп колхозға күштеп алынған екен. Байғабыл, Төле, Бостанбай деген (біз көрмеген) азаматтар соғыста, жасы үлкен Пірән бабамыз ауыл­да қайтыс болды (есте сақталғандар ғана айтылып отыр).
Колхоз болған соң бастық, бухгалтер, бригадир, (бір отар қой мен санаулы ірі қара үшін) ферма бастығы, жер өлшеуші, трак­торшы болады. Олардың бәрі – менің әкемнің тракторшылық мамандығы бар туған інісінен басқа – әйелдер. Кейде әлде­бір жақтан бейтаныс әйелдер келіп колхоз бастығы боп жүрді.
Кейін, белгілі болғанындай, үй саны отызға жетпейтін ауылдан колхоздас­тыру жылдарында үш адам құлақ боп Көкаралға айдалып, ағайын-туыс­тар­дың көрсетуімен екі адам ұзақ жылға сот­талып кетіпті. Мал-мүлкі тәркіленіп, құлақ болғандардың бала-шағалары ағайын-туыстар үйінде жүрді. Сотталған екі адам соғыс аяқталған соң екі-үш жыл төңірегінде бірінен кейін бірі ауылға келді. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы жас­тарын асырып көрсетіп соғысқа кеткен олардың бірінің жападан-жалғыз тұратын әйелі бар-тын, екіншісі бір туы­сының үйіне келіп, ұзамай үйленді. Олар­дың соғыстан емес, айдаудан қайтқанын іштері сезетін үлкен-кішілер ештеңе де­мейді, түк білмегенсіп жүреді. Қанша дегенмен, (абақтыдан) ыстық-суыққа шың­далып оралған екі пақыр келе сала жаңа баспана тұрғызып, бос жатқан биік ойпаңға каналдан шығырмен су шы­ғарып, бау-бақша, не түрлі дақыл өсіріп, тұр­мыстарын тез түзеді, жұрттың алды бол­ды.
Ұзақ жыл Ташкентте тұрып, соғыс басталысымен елге көшіп келген – көз­дері зәрлі, мұрты тікірейген, түсі суық, енгезердей бір – пақыр біраз уақыт бригадир боп істеді. Ертелі-кеш үй-үйдің терезесін қағып, онсыз да арқа еті арша, борбай еті борша боп жүретін әйелдерге күн бермей, «қоғам үшін» бар жанын сала жұмыстанды. Одан бүкіл ауыл қор­қатын. Бірер жылдан соң майданға алы­нып, зым-зия кетті. Жасы бізбен шамалас ұлы бар еді, шешесімен бірге Тә­жікстанға кетіп, сол жақта өзбекше оқып, ұлтын өзбек деп жаздырыпты. Өзбекке үйленіпті. Арадан жылдар өт­кенде Өзбекстанның республикалық («Ле­ниншіл жас» сияқты) жастар газе­тінде жұ­мыс істейтінін естіп іздеп барғанымда, «еш­теңе білмеймін, мен өзбекпін» деп міз бақпады.
Кейін шегінейік. Іргелес үш колхоз. Бірі – біз тұратын «Ынталы», батыс қап­талында –  «Коминтерн», солтүстік бүйір­де –  «Қоңыртөбе». Соғысқа дейін әкем «Қоңыртөбеде» бастауыш мектептің мұға­лімі болған-ды. Соғыс басталған соң бізді «Ынталыға» көшіріп әкеліп, майданға аттанды. Мен «Қоңыртөбені», ондағы бірге ойнайтын балаларды сағынып, анда-санда ауыл шетіндегі биік төбенің басына шығып, сол жаққа ұзақ телміре қарайтынмын (бұл жайлы ертеректегі әңгімелерде айтылады). Аталған үш колхоз бір сельсоветке қа­райды. Оны ауыл совет деп те атайды. Үш колхоздағы мал-жан есебі, алым-салық, басқа да  міндеттер соған тиесілі. Ауыл со­веттің председателі, секретары болады. Екеуі де тәуір киініп, атқа мініп жүреді. Олар­ға аузымызды ашып, қызыға қараймыз. Анамның соғыстан жараланып оралған – «1- Май» колхозында тұратын – туған інісі, нағашым бірер жыл осында ауыл советтің секретары боп істеді. Бізбен бірге тұрды. Құйрық-жалы төгілген сандалкөк атпен келіп-кетіп жүргенде, төбеміз көкке бір елі жетпейді.
Ауыл советтің председателі де, секретары да жиі ауысады. Менің нағашымнан кейін ауыл совет секретары боп Қалшабеков Нұрлыбай істеді. Ол содан екі жыл кейін председатель болатын Қалшабеков Мәденнің інісі еді. Ашық-жарқын, жайдары, кішіпейіл, іші-бауырға кіріп тұратын Нұрлыбай біздерді баласынбай, тең сөйлесіп, кітапты көп оқыңдар деп ақыл айтады. Өзінің де көп оқитыны көрініп тұрады. Сол арқылы балалардың ынтасын оятып, алыстағы қол жетпес арманға жетелейтін. Оның ықпал-әсері шексіз-тін (сол үшін де есте қалды). Соғыстан кейін Ташкентте университет бітіріп, ғылым кандидаты болды. Үш колхоздың талай баласының қалада оқып, білім алуына себі тиді (өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ол жайлы жазған көлемді әңгіме «Социалистік Қазақстан» газетінде басылып, кейін жинаққа енгені бар).
Ашты-тоқты, бар жақсылықты алдан күткен үмітке толы күндер өтіп  жатты. Жо­ғарыда айтқан – Нұрлыбайдың ағасы – Қалшабеков Мәден ауыл совет председателі боп біраз істеді. Кейін ол да ауысты. Ауыл советке көбірек шұқшию себебіміз, ауыл адам­дарының бүкіл тағдыр-талайы со­ған тікелей тәуелді болатын. Олардан үш колхоздың можантопай бастықтары да аса алмайды. Енді біз, әрине, бала-шаға болғандықтан, көп нәрсені біле де, аң­ғара да бермейміз, қажет те санамай­мыз. Біздікі – құлақ шалғанды қалт жі­бермеу. Бір күні «ойбай, не дейсің, Қал­шабековтің орнына басқа біреу кепті, мі­незі жаман, қылышынан қан тамған қатты дейді, кеңсесіне ешкімді кіргізбейді екен, қайтеміз, бір құдайға сенеміз де, басқа кімге сенеміз» деген қауесет дүңк ет­сін. Мұны айтатын – әйелдер. Онан соң әркім-әркімнің аузынан «жаңа председатель жақсы екен, біздің атамызбен туған құдасындай сөйлесіпті, «салықтан бо­сатыпты», «справканы тез жаздырып беріпті», «колхоз бастығының екі аяғын бір етікке тығыпты», «жәрдем ақша ке­шікпейтін болды» дегендей сөздер де ес­тіліп жүрді.
Бұған  дейінгі ауыл совет председа­тельдері осы маңайдан болса, жаңа пред­седательдің қайдан келгені белгісіз. Үй іші, бала-ша­ғасының қайда екені де беймәлім. Әри­не, біздер (балалар) үшін. Әйтпесе, біле­тіндердің көп нәрсені білетіні анық. Өз ба­сымның олар жайлы жаңа председатель осын­да төрт жылдай жұмыс істеп кеткенше он­ша көп хабарым болған жоқ. Біраз жылдардан кейін белгілі болды: Келес ауданының орталығы Абай селосына Сарыағаш жақтан келе жатқанда Әжіке дейтін ауыл бар, біздің жаңа председательдің бала-шаға, мекен-жайы сондағы сырттан көшіп келген бес-алты үй ағайындарының жанында бопты, біздің ауылға атпен қатынап келіп-кетіп жүріпті. Оны үнемі іздеуші едім (осы бүгін де іздеймін). Арадан жылдар өткенде бір білетін адамның «ол қазір Қожатоғай» сов­хозында тұрады, мыңғырған бай, төрт түлік мал өсіреді» дегені есте.
Әдетте, ауыл балалары топырағы белуардан келетін көшеде ойнаймыз. Топырақтан атыз жасап, шәугіммен су құямыз. Үйген топырақты сыртынан балшықпен сылаймыз. Бір шетіне іші қуыс қамыс түтік сұғамыз. Екінші шетінен қамыс түтікпен үрлейміз. Ақ бұйда шаң сыртқа будақ-будақ атылады. Оны «танк» дейміз. Осылай ойнап жүргенде бір жолы анадайдан атты адам көрінді. Есік пен төрдей ат үстінде денесі тіп-тік, тау тұлғалы, алып мүсінді біреу келеді. Бейтаныс. Жақындағанда аңғардық, сарғыш өңді, жалпақ бет, көзі көкшіл, ер үстінде тастан қашағандай нық отырған, кең жауырынды, етжеңді семіз адамның үстінде қоңыр китель, қоңыр галифе шалбар, басында Сталин киетін фуражка. Бізге қараған-қара­ма­ғаны жадымда жоқ, жанымыздан ақ шаң­ды бұрқылдатып өте шықты. «Жаңа сельсовет қой», – деді бір бала. «Ө…лә…ә, қан­дай дәу, ә?» – деді бір бала. Бір бала: «Қор­қып кеттім», – деді.
Ауылдың қатар орналасқан топырақ үйлері каналдың түстік бетінде. Ат қора, мақта сарай, склад, кеңсе арғы бетте. Түске қарай жұмыстағы әйелдер мақта сарайдан ортақ ауқат (ыстық ас) ішеді. Кейде – құ­дай жарылқап – мереке қазанда ет асылады. Тіпті, қандай ас болса да, әйелдер ауқат­тануға келгенде, тұс-тұстан атой салып біз де жетеміз. Мұндайда бригадир, басқарма да осында. Бір жолы барсақ, қабырғаға Ста­лин бастаған көсемдердің суреттері қаз-қатар ілініп, енгезердей біреу көсіле сөй­леп тұр. Даусы жуан, өткір. Қарш-қарш етеді. Қолында жез қамшы. Жоғары қарай сілтеп-сілтеп қояды. Әйелдердің ауыздары тамақта, көздері сөйлеушіде.
– Жеңдер, қатындар, жеңдер! – дейді сөйлеуші жуан дауыспен саңқ-саңқ етіп.
– Жау жеңілді. Соғыс жақында бітеді. Байларың келіп, көзайым боласыңдар. Олар келгенше тойып жүріңдер, – дейді көкшіл көздері ежірейе.
Қыран-топан күлкі. Сөйлеуші тағы да: «Жұмысты жақсы істеңдер, қатындар!» – дейді күркіреген үнмен. Басы жалаңбас. Қысқа шаштары тікірейіп, қадау-қадау боп тұрады екен. «Сталин жолдас жасасын!» – деп гүр еткенде жер қозғалып, қабырға шайқалғандай болды. Сөйлеуші әзілкеш пе, қожанасыр ма, білу қиын. Әйтеуір, жаны таза, астамдығы жоқ, көпшіл жан екені анық көрініп-сезіліп тұр. Тағы да бірдеңелер айтты. Жұрт күлкіден езу жия алар емес. Бәрінен көп күлетін – әйел басқарма Рахима. Ол да бұл жердікі емес, шеттен келген, күйеуі Сүлеймен арба айдайды.
Жалыққан жоқсыз ба, оқушы? Бұл сол бір қияметі мол күндердегі сұрқай өмір, болмыс-бітім, тіршілік-тыныс, ал­да­қашан елеске айналған сағым суреттер, аттап кетуге болмайтын айшықты, мұңлы, қуаныш-қызығы да жоқ емес аяулы, ауқымды шақтар. Жоғарыда сөз бол­ған жай – үш колхоздың шылбырын тең ұстайтын ауыл советтің таяуда келген жаңа председателінің түр-түсін анықтап көріп, дидарына көз тойған, кісілік келбетіне үлкен-кіші тән берген күн (болатын). Ол кім сонша деймісіз? Кәдімгі қарапайым көптің бірі. Төлеш Қармақбаев. Бірақ… бірақ… көзден кетсе де, көңілден кетпей келе жатқан қаймана қазақ емес, мен үшін орны да, жөні де бөлек, біртуар сирек тұлға, қайталанбас қазақ. Біреу-міреулерге ешкім емес болса, бәлкім, ешкім емес шығар, біз үшін от ауызды, орақ тілді, санасы сара, ойы алғыр, халық үшін жаралып, халық үшін ғұмыр кешкен, сегіз қырлы, бір сырлы, қарымы мықты, жүрегі түкті ерекше жаратылыс. Жаны жайсаң жампоз, күшті даусы алты қырдан асатын, әнді нақышымен шырқайтын, нәзік сезім иесі. Ақан сері, Біржан сал, Әмірені сіз де, біз де көрген жоқпыз. Бірақ, олардың кім болғанын  ептеп болса да білеміз. Төлеш Қармақбаевты да көрген жоқсыз. Бірақ, оның кім болғанын білмейсіз. Біз оның өзін де көріп, сөзін де естіп, әнін де тыңдап, еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайған щақтарына там-тұмдап болса да куә болғанбыз. Екінің бірі Ақан, Біржан, Мұхит болмасын да білеміз, білетінбіз де. Бірақ, қазақ топырағында арғы-бергі белгілілерден гөрі белгісіздер анағұрлым көп болғанына кім таласады? Белгілі белгісіздердің бірі азамат десе азамат, батыр десе батыр, халық өнерін қастерлей білген, өзі де хас өнерпаз, самдағай әнші Төлеш Қармақбаев еді. Сол үшін қолға қалам алдық. Ендігі әңгіме Төлеш жайлы.
Оны сонау бала кезден бері қайтып көрмесем де, ұмыта алмай келемін дедім-ау. Ұмыту сірә да мүмкін еместей көрінеді. Кезінде дұрыстап  іздеу салып, ел-жұртқа кеңірек хабарлау керек-ақ еді. Сонда, ең болмаса үрім-бұтағының бір дерегі табылар ма еді, қайтер еді. Оған бұйырмады. Әлі де кеш еместей. 
Менікі – жеке талпыныс. Аруақ-құдай үшін. Қайсыбір жылдарда кейбір мақа­лаларда аз-кем атын атап, «Тас жолдағы кез­десу» атты әңгімеге кейіпкер етіп алынды. Ол «Қазақстан әйелдері» журналында, әңгімелер жинағымда жарық көрді. Бірақ, жеткіліксіз. Сөйтіп, Төлеш Қармақбаев үш колхозды біріктірген Сары-жылға ауыл советіне председатель боп келді. Шамасы, бұл соғыс аяқталардан бірер жыл бұрын болу керек. Қарапайым, қайырымдылығымен ауыл жұртының тілін тауып, құрметке бөленді. Кесіп сөй­лейтін адуынды, тіктеу мінезімен де талай тентектің мысын басып, тәубеге түсірді (әлбетте, базбіреулерге ұнамаған болуы бек ықтимал).
Жоғарыда айтылғандай, менің оны пір тұтып, ұмыта алмай жүруімнің негізгі себебі – шынымды айтсам – оның елден-ерек әншілігі. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан әкем 1945 жылы тамызда төрт мүшесі аман-сау оралды. Бізден бір үй әрідегі інісінің үйінде той болды. Әне, сонда Төлештің зор дауыспен аңырата салған әнін тұңғыш рет естіп, өмірбақи құлақта қалды. Әннің аты – «Екі жирен». Құйма құлақ кез емес пе, ән де, сөз де бірден көкейге тоқылды. Бұған дейін естіген, елтіген сан алуан інжу-маржандар былай қалып, дүниеде бір-ақ ән бардай көрінді. «Екі жирен».
Көшкенде жылқы айдаймын 
            аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.
Екі-ай жирен,
Жалын түйген,
Жалғанда жақынымсың-ай,
Жаным сүйген,
Әридаш-ай, әридаш-ай…
Бертін келе бұл әннің басқа нұсқаларын да тыңдадық. Орындаушылар да сан түрлі. Мұхтар Өтебаев айтатын – «Екі жирен» сәл өзге, Шәкен Айманов айтқан «Екі жирен» одан да өзге, бірақ бәрінің түп-тамыры біреу. Қай-қайсысы да керім, кемел. Соңғы екі нұсқасын қазір де, бұрын да еш­кім айтпайды (айтса да оңдырмайды). Төлеш нақышына келтіре айтқан – бастау – «Екі жирен» де сирек естіледі. Неге? Әннің төресі емес пе? Тегі, әкеммен жасы қарайлас, мәмілесі жарасқаннан болу керек, Төлеш біздің үйге жиі келіп жүрді. Әкем – үш ұлы – бізге той жасағанда да, әнімен де, сәнімен де көркейтіп, отырыстың гүлі болды. Ол жылы да Төлеш шырқаған көп әндер ішінен есімде қалғаны тек сол «Екі жирен». Пай-пай! Әсершіл балалық шақпен астасқан ғажап  кездер-ай десейші!
Әкем бірер жыл ішінде үш бөлмелі үй салып, сонда көштік. Бір күні мектептен келсем, шешем жаңа сойылған қойдың бас-сирағын үйітіп, ішек-қарнын тазалап, еттің біразын тұздап, біразын қазанға салып жатыр екен. «Қармақбаев жіберіпті, әкелген жігіт сойып беріп, әлгінде кетті. Жаңа үйі­­мізге сауға депті. Кешке Қармақбаев келе­ді», – деді қысқа ғана. Енді мұндайда қуанбай көр.
Кешке біраз адам келді. Әдеттегідей, у-ду, әзіл-қалжың, ән-жыр. Әкеммен ескі досындай ашық-жарқын, өзімсіне сөйлеседі. Екі сөзінің бірі – «Асеке». Өлең-жыр айт­қанда да «Асекені» қосып жібереді. Суырып салмалығы да болу керек, оны (есте қалған) «көзім көк, өзім сары, өзім семіз» дейтін бір тармақтан да сезіну қиын емес. Немесе:
Мен алдым өмірімде алты қатын,
Көрмедім біреуінің де рахатын.
Жақсылар, зәузатымды сұрасаңдар,
Көтенші түркістандық асыл затым, – дейтін  шумақ не тұрады.
Соған қарағанда, қызмет бабымен Түркіс­тан жақтан келсе керек-ау дейміз ғой (енді). Ондайлар аз болмайтын. Әкем мұғалім бол­ғандықтан, аудандық оқу бөлімінің мең­­герушісі Әлмағамбет Нұрмағамбетов Қызылорда жақтан келген деп еститінбіз (кейін Асхат, Марат атты балаларымен мектепте қатар оқыдық). Шешемнің ауданнан бес шақырым жердегі Амангелді колхозында тұратын, күйеуі соғыста мерт болған туған сіңлісінің үш бөлмелі үйі бар-тын. Бір жолы қыдырып барғанда қарсы бөлмеге орналасқан жас ерлі-зайыптылармен танысып, мәре-сәре болдық. Бірер жастағы сәбилері бар екен. Көрші жігіттің есімі Қыдырбай, қызметі бүкіл колхозды аралайтын финагент екен. Шешемнің сіңлісі – әпшеміз – оны да, келіншегін де жер-көкке сыйғызбай мақтады. «Үйлері жоқ екен, онан соң кіргіздік», – деді. Онда шаруамыз не,  қоңсыларымен таныстық, бітті.
Көп ұзамай бір күні «Ынталы» кол­хозындағы біздің үйге Қыдырбай кіріп келсін. Қызмет бабымен жүрсе керек. Ересек үш ұл – бәріміз  біріміз тізесіне, біріміз мойнына асылып, құдайымыз беріп қалды. Ұзын бойлы, талдырмаш денелі, қысыңқы көздері күлімдеп тұратын, ақ сары өңді, жылы жүзді Қыдырбай да жатырқап-жат­сынбай, өз үйіне келгендей емен-жарқын. Шай ішіп болысымен әкемнің домбырасын алды да, Динаның «Той бастар» күйін тартты (бұл мәліметті өзі айтты, әрине). Ол күй де сол бойда бір шашаусыз құлақта қалды. Кейін ержетіп, ес жиғанда салыстырамыз ғой. Қыдырбай туабітті күйші екен. Ән салғанын естігеміз жоқ. Және ол тартатын көп күйлердің ішінен қаз-қалпында есте сақталғаны – «Той бастар». Бұған дейін ондай күйді естіген жоқ едік, барын да білмейтінбіз.
Қызық болғанда, ол да Түркістан тарапынан келген екен. Солай деп – шешемнің сіңлісі – әпшеміз айтатын. Сөз ретіне қарай, есте қалған жауһарлар ретінде айтып жатқаным да. Көптік етпес. Аш-жалаңаш, шала құрсақ болсақ та, өнермен сусындап өскен бейбақтар емеспіз бе?
Төлеш Қармақбаев менің әкеммен көңілі жарасқаннан ба, үйімізге кез-келген уақытта келе беретін (дедім ғой). Бір жолы шешемнің қонақ боп келген өзінен үлкен апасы бәріміз түскі шайға енді отыра бергенімізде, күтпеген жерден Қармақбаев та келе қалсын. Шешемнің апасының бір жасар баласы қолды-аяққа тұрмай, құлдыраң қағып жүрген. Шешем ас әзірлеуге шығып кеткен. Осы аралықта Қармақбаев домбыраны алды да, әнге басты. Әдеттегідей, ұзақ сілтейтін күшті дауыс. Оның үстіне, Төлеш ән салғанда қысқа шаштары кірпінің жүніндей тікірейіп, көздері ежірейіп, ауыр денесі теңселе тербеліп, мың құбылатын өң-әлпеті адам танымастай күйге түсетін. Содан ба, әлде, үйдің төбесін жарып жіберердей күшті дауыстан ба, шешемнің апасының бір жасар баласы шырылдап барып, анасының бауырына тығылды. Әлсін-әлсін Төлеш жаққа қарайды да, кемсең-кемсең етеді. Бетін бүркеп, анасына жабыса түседі.
Бүгінгі көзбен қарағанда, табиғат сыйлаған тума дарын иесі Төлештің үлкен сахнада ғаламат өнер көрсетіп, айтулы  әнші болатындай мүмкіндігі мол еді. Оған жазбапты. Тегінде, ол да менің әкем сияқты азын-аулақ сауатының арқасында онда-мұнда үкімет жұмысына араласқан сыңайлы. Біздің ауылға келуінің бір ұштығы да сонда жатса керек. Айттым ғой, бала-шаға, үй-жайының қайда екенін жөнді білмейтінбіз деп. Оған мән берген де ешкім жоқ. Келді. Кетті. Бітті. Бірақ, із қалды. Және қандай із! Мен өз әсер-толғанысымды ортаға салдым. Сол тұстарда ғұмыр кешкен басқа үлкен-кішілерде  қандай екенін білмеймін. Төлешті олар да көрді, білді, тыңдады…
Соңғы көруім былай. Өткен ғасырдағы 47 ме, 48 бе, сол жылдардың бірі. Жаз. Біз­дің жақтың жазы аса ыссы, құрғақ келеді. Шыбын-шіркей, маса-сона, жабайы ара, жылан-шаян жыртылып айырылады. Түнде си­панға масахана құрып, соның ішінде ұйық­таймыз.
Таң атып, күн сәл көтерілгенде масаханадан шыққан мен есік алдына төсеген алаша үстінде таудай боп теңкие ұйықтап жатқан біреуді көзім шалды. Киімшең, үстіне ештеңе жаппаған (өзі солай қаласа керек). Кебежедей қарны мен үрпиген шаштарынан Қармақбаев екенін бірден таныдым. Анадай жердегі байлаулы аты көк жоңышқаны күрт-күрт шайнап, жер тарпиды. Шамасы, Қармақбаев түнде біз ұйқыда жатқанда келіп, қыбын білдірмей жата кеткендей.
Сәске түс шамасында дастарқан жайыл­ды. Бәйек бола қол қусырған әкем қабағын түйіп, екілене сөйлеген Тө­лештің сөзін бөлмей, үнсіз тыңдап отыр. Бір шетте мен отырмын. Бұл жолғы Төлеш бұған дейінгі Төлешке ұқсамайды, даусы қарш-қарш, көзі алақ-жұлақ, бурадай буырқанып, әлсін-әлсін серпіліп, орнынан тұрып кете жаздайды, қолдарын оңды-солды сермейді. «Әкеңнің…» дегенді періп-періп жібереді. Онан соң «шешеңді…». Төлеш ашулы, ызалы, қалшылдап-дірілдеп, жарылуға шақ. Не болды? Түк түсінбеймін (ол мүмкін де емес).
– Мә, билетің деп бетіне қарай лақтырып жібердім, – деді қатулана дауыстап.
Бәрін кейін топшылаймыз да. Демек, аудан басшылары Қармақбаевты орнынан алған, төрт-бес жылдық қыз­мет осылай біткен. Сол жолы оны ор­нынан алып қана қоймай, партиядан шығарған. Қармақбаев партбилетін жай ғана апарып стол шетіне қоймай, отыр­ған жерінен бастықтардың бірінің бе­тіне қарай лақтырып жіберген. Солай де­генін өз құлағыммен естіген соң, иланбау – арға сын. Көлгірсу, мүләйімсуге жоқ Төлеш өтірік айтатын, екі сөйлейтін жан емес-ті. Бұлар ай мен күндей ақиқат. Сонау қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақтағы көзсіз ерлік. «Арым – жанымның садағасының» хас белгісі, әйтеуір, пәле-жала сонымен кетіп, басы аман қалғанына тәуба.
– Құй анауыңнан! – деп саңқ етті.
Әкем жамбасына басқан көк шөл­мектен пиялайға бүлк-бүлк құйған бірде­ңесін Төлешке қарай жылжытты… Бұл Қармақбаевты соңғы рет көруім еді. Содан кейін оны көрдім-білдім деген басқа да ешкім кезікпеді. Е, айтпақшы…
1950 жылы жаз ортасында құдайдың жіберген айықпас кеселінен отыз алты жасында анам дүние салды. Әкем бес ер баламен қалды. Әкемнен мен үйде жоқта Қармақбаев келіп өлеңмен көңіл айтып кеткенін естідім. Қаза хабарын кімнен естіді, қайдан келді, қайда тұрады, ол жайлы сөз ету ойға келіп пе? Келді, көңіл айтты, бәрекелде!
Ендігі сөздің тоқ етері, жоғарыда баяндал­ғандар еріккеннің ермегі не түймеден түйе жасау емес, керісінше, біріншіден, тұтас бір кезеңдегі ел-жұрттың бастан өткерген мехнат-машақаты болса, екіншіден, бұл фә­ниден киелі өнердің Төлеш сынды да бұрынғы-соңғы алыптардың алыптарынан бір мысқал да кем емес, базбіреулерінен бес елі биік тұрды десе де көптік етпейтін өр мінез өкілі өткенін қалың қауымға білдіру, қаперге салу, аруағына тәу ету деп білгейсіз. Үшіншіден, егер осы жолы мойында жүрген парыз, зіл батпан ауыр  жүктен құтыла алсам, мен үшін бір мақсатқа жеткенмен  пара-пар болары даусыз.
***
P.S. Егерәки, осы жазбалар көзіне түсіп, Төлеш Қармақбаев туралы дерек білетіндер болса, редакцияға хабарласуына болады. Фотосуреті табылып жатса, тіпті жақсы. Хабар күтеміз, достар!

Алдыңғы «
Келесі »