«Айқап» журналы және Мұхамеджан Серәлин

  • 17.06.2015
  • 7285 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Айқап» журналының шығу тарихы әріден басталады.1910 ж. патша үкіметі М. Сералиннің журнал шығару туралы өтінішіне қол қойды және журналды шығаруға рұқсат берді. Онда: «Киргизу Кустанайского уезда Чубарской волости №5 М. Сералину выдано разрешение на издание в г. Троицке под его ответственность ежемесячного журнала «Эй-Кафь» по следующей программе: передовые статьи, заграничные вести, вопросы мусульманской жизни, хроника, фельетоны и стихотворения, библиография и научные статьи, смесь и письма в редакцию», – деп жазды. 1911 ж. қаңтар айында Троицк қаласында қазақ тарихындағы алғашқы журнал – «Айқап» жарыққа шықты, сол жылдың 16 наурызында «Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарияланды. Ол орыс және қазақ тілдерінде басылды. 1913 ж. 2 ақпанынан бастап Орынборда  «Қазақ» газеті шыға бастады. Ташкент қаласында  февраль революциясы қарсаңында «Алаш» газеті жарық көре бастады. Бұл басылымдардың барлығының идеялық бағыты әртүрлі болды, бұл оларды шығарушылардың көзқарастарына байланысты болатын.


Қостанайлық журналист С.Ужгин М. Серәлиннің қоғамдық-саяси өмірбаяны туралы баяндай келіп, ең басында   демократиялық бағыттағы орыс және қазақ тілдерінде жарық көретін басылым шығару ойда болғанын айтады. М. Серәлин оның қазақ бөліміне,  ал, журналист Ильминский – орыс бөліміне редакторлық етуі ұйғарылады. Ильминский қазақ байлары С. Иманшалов, К. Алдияровпен және Қылышбаевпен газетке материалдық қолдау жасау жөнінде келіссөз жүргізе бас­тайды, мұны естіген М. Серәлин аталған байлар қаржыландыратын басылымда жұмыс істемейтінін, оның үстіне олардың тапсырыс­тарын орындамайтынын айтқан.Сүйтіп, алғашқыда екі тілде жарық көруге тиісті газет шығару жоспары аяқсыз қалады. М.Серәлин болса «Айқап» журналын шығаруға қам жасайды. Журналдың жарық көруі үлкен серпіліс туғызады. Өйткені, қазақ қоғамында бұрын-соңды мұндай идея жүзеге аспаған еді. «Оренбургский край» газетінде осыған орай «Мұсылман бас­пасөзі» деген мақала жарық көріп, онда «…Кир­­гизский двухнедельный общественно-по­литический журнал «Айкап» представляет в высшей степени самобытное по характеру и по типу издание. Редактором названного журнала является коренной степняк – киргиз М. Сералин… Пять дней в неделю он проводит у себя за работой в ауле, а на шестой приезжает в город для редакционной работы. Зная его за человека мелкого достатка, просто удивляешься, как это можно осуществить солидный (до 4/5 листов) двухнедельник, имеющий небольшой тираж в 900-1200 экземпляров. Но это секрет не только для тех, кто не постиг тайны того духовного родства, которое установилось среди киргизской интеллигенции, журналом и киргизской массы…» – деп жазды.
«Айқап» патша үкіметінің бақылаушы ор­ган­дарының назарында болды, сондықтан да, цензорлар империяның бір шетіндегі мекенде шығып жатқан баспасөз органдарынан ұлы­дер­жавалық «патриотизмді» және патшаның ішкі және сыртқы саясатын толық қолдауды талап етті. Жандарм цензоры полковник Кучин осы орайда айрықша белсенді болды, «Ай­қапты» бақылап отыру да соған тапсырылған болатын. С. Ужгиннің айтуына қарағанда, ол жер бөлушілердің /землемер/ шектен шыққан әре­­кеттері туралы сын материалдарды қырқып  тастап отырған. Қазақ тіліндегі алғашқы газет­тердің барлығы дерлік сол тұстағы «Туркестанские ведомости» және «Акмолинские областные ведомости» газеттерінің қосымшасы ретінде ғана басылған болса, Ахмет Байтұрсынов секілді ұлт зиялыларының алғашқы мақалалары прогрессивті бағытта шыға бастаған «Айқап» журналында жарық көру мүмкіндігіне ие болды. Оған М.Серәлиннің игі әсері болғаны даусыз. 1915 жылдың екінші жартысынан бастап «Айқап» шығуын тоқтатты. Журналдың жабылу себебін Х. Бекхожин оның бетінде большевик Ф. Ф. Сыромолотовтың бірінші дүниежүзілік соғысты кіналаған мақаласы себеп болды деп түсіндіреді. Бұл үкімет тарапынан ашу-ыза туғызса, М.Сералиннің өзі де Сібірге айдалып кете жаздап, аман қалған. 
Мұхамеджан Серәлин журналдың редакторы ғана емес, оның алғашқы ұйымдастырушысы, дем берушісі, идеялық жетекшісі болды.Қазақ журналистикасының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Серәлин (1872-1929) «Айқап» жур­­налының редакторы, қазақтың алғашқы журналистерінің бірі. Бұрынғы Қостанай уезі Шұбар болысына қарасты 5-ші ауылда (қазіргі Қарабалық ауданының Өрнек ауылы) туған. Әкесі Серәлі елге әйгілі ақын болған. Оның жыр­лары «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында жарық көрді. М.Серәлин Троицк қаласындағы медреседе білім алады.Кейін Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды.Әуелі татар көпесі М.Яушевта  сұрыптаушы (сорттаушы) болып жұмыс жасайды.1911 ж. бастап Троицкіде «Айқап» журналын шығара бастады. 1919 ж. бастап Орынборда «Ұшқын» газетінде қызмет істейді. 1921 ж. Қостанайға қайтып оралып, Шұ­бар болыстық атқару комитетінің төрағасы болады. 1922  ж. губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Одан кейін бірнеше жыл «Ауыл» газетіне редактор болды. Журналист қана емес, ақындығымен де танылған М.Серәлин «Топжарған» және «Гүлқашима» поэмаларын жариялады.Журналда және газетте отырықшылық мәселесіне ерекше назар аударып, мақалалар жазды. Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданы орталығында М.Серәлинге ескерткіш орнатылған. Өрнек ауылындағы мектеп оның есімімен аталады.
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаев күні кешегі солақай саясаттың тұсында да көп ғалымдар есімдерін атауға да жүрексінген әдебиетшілер туралы қалам тербегенін білеміз. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ даласындағы оқу-ағарту жұмысында ерекше көзге түскен демократ жазушылар зерттеушінің зерттеу обьектісіне айналды. Қазақ тілінде кітап бас­тыру ісі де осы мезгілде ерекше дамыған болатын.   Ғалым қазақ басылымдары арасында «Айқап» журналына айрықша тоқталып, Мұхамеджан Серәлин, Спандияр Көбеев, Сұл­танмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев се­кілді ақын-жазушылар осы журнал арқылы жа­зушы болып қалыптасты деген пікір айтады. Ға­лым «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деп аталатын кітабында  «Айқап» журналының алғашқы шығарушысы Мұхамеджан Серәлин ролін ерекше бағалайды. «Журнал шығарудағы мақсатымыз тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді» – деген Серәлин сөзін кейін Ахмет Байтұрсынов іліп алып кеткені белгілі. Мұхамеджан Серәлин шығармаларында сол кезде Қостанай өңірінде болған тарихи оқиғаларға назар аударады, Кенесары хан туралы толғанады. «Топжарған» поэмасында танабұға Наурызбай би туралы:
«Арқада Көкбурылдай жүйрік бар ма?
  Өтіпті би Наурызбай деген нарда.
  Көкбурыл ат Наурызбайдан ұрлап алып,
  Кенеге тарту қылған үңгіт Қарға», – деп су­реттеген Наурызбай бидің Көкбурыл аты кейін Кенесары ханның інісі Наурызбай батырға бұйырған.
Наурызбай би Орта жүзге есімі мәлім болған, аузы дуалы билердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Орыс шенеуніктері қалдырған тарихи құжатта  отыз бір жасында 27-ші дистанцияның бастығы болып тағайындалған Наурызбайдың қыпшақ ішінде танабұға тайпасының Есенгелді тармағынан тарайтыны айтылып, оның екі ұлы және екі қызы болғаны көрсетілген. Осы құжатта: «Состояние: 500 лощадей, 300 баранов, 40 верблюдов, всего состояние  примерно 9000 руб. серебром. Место кочевания: летнее по Аяту, зимнее – по Новой линии, против Михайловского укрепления.
Человек без всякого образования, не знающий ни читать, ни писать, но одаренный глубоким, тонким и гибким умом, необыкновенным поэтическим даром и замечательной остротой: сверх того, он отличается превосходным знанием киргизских обычаев. Как поэт, он до чрезвычайности раздражителен и вспыльчив. Казыбаева, по всей справедливости, нужно считать первым гениальным самобытным киргизским поэтом. При превосходном знаний киргизских обычаев,  по своему уму, но более всего поэтическому дару, он имеет огромное влияние на ордынцев. Он и Балгоджа Джанбурчин ститаются первейшими биями по всей Восточной части Орды, но по всей справедливости первенство должно остаться  за Казыбаевым. Казыбаев считается одним из умных лучших распорядительных дистаночных начальников. Вспыльчивость, умеряемая ныне летами, вовлекло его в разные неприятные случай, подвергшие его суду. По некоторым делам, он уже оправдался от суда, другие еще не кончены» («История Казахстана в русских источниках ХҮІ –ХХ веков» (8 том, часть  1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г.149 стр.)  – деген деректер келтірілген.
Осы тарихи деректерді М.Серәлин жақсы білген және Наурызбай би туралы деректерді поэмасында пайдаланған. Ағартушы журналистің еңбегі зая кеткен жоқ. 
Журналдың  тырнақалды санына бас­қарушы, бастырушы деп қолын қойған М.Серәлиннің: «Журналға  «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?! «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң  журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», – деген беташар сөзі «Оян,Қазақ!» деген ұранның бастамасы болғаны даусыз. «Әй, қап!» деп сан соққан «Айқап» осы уақытқа дейін қазақтарға үлгі-өнеге. Мәселен, Орынбор облысында шығатын газет «Айқап» деп аталады.   
Қазақ жұмысшыларының жағдайы туралы журналда жазып тұру мәселесі кейбір орыс әдебиетшілері және журналды шығаруға атсалысқан С. Торайғыров секілді қазақтың ағартушы демократтары мен М. Серәлин ара­сында қарама-қайшылық туғызды. М. Се­рәлин бәрібір өз позициясында қалды, «Степь» газетінде жұмыс жасаған большевик Цвиллингке: «Конечно, и Сыромолотов, и Торайгыров правы, но я слаб в революционной теории, трудно мне объять своим умом тонкости политики. Я же не ставил перед собой задачу сделать журнал революционной трибуной, только нутром чувствую, что в теперешнее время надо пользоваться легальными средствами, не рискуя закрытием журнала», – деп  жазды. «Айқап» жергілікті орыс революционерлерінің ықпалында болды, Россиядағы өзгерістер туралы жазды, ең алдымен орыс жұмысшы табының сөзін сөйледі, журналда Серәлиннің өзінің де идеялық көзқарастары көрініс тапты.
М. Серәлин 1924 жылы «Айкап» журна­лы­ның тарихына арналған мақалада: «журнал ең­бекші таптың, халықтың органы болды. Сондықтан да, ол белгілі бір таптық, экономикалық және саяси бағыт-бағдар ұс­танған жоқ», – деп жазды. Қазақ шаруалары – ауыл кедейлері сол кезде барлық қазақ халқының 80-95% құрайтын, олардың идеялық-саяси дамуы XX ғасырдың басында да  белсенділігі тө­мен әлеуметтік сипатта болатын. «Айқап» жур­налы қазақ қоғамының өзгеріске ұшырауын оқу-ағарту және өркениетпен, отырықшылық мәдениетпен байланыстырды.Әдет пен шариғат­тың ескірген дағдылары мен заңдарынан бас тартуға шақырды. Журнал халықтың артта қалуының негізгі себептері надандық, көшпенді тұр­мысқа байланысты оқшаулану, қазақ даласында мәдениет ошақтарының жоқтығы деп түсіндірді. Журналда әйел теңдігі мәселелері көтерілді.
«Айқап» қазақ демократиялық интелли­генциясының ұлттық идеяларын насихаттай отырып, түрлі идеялар мен көзқарастағы авторларға орын берді, орыс және қазақ халықтарының тығыз байланысын жақтады, демократиялық Россияға арқа сүйеді. Мұның өзі оны сол кезеңдегі басқа басылымдардан ерекшелендіріп тұратын. Журналды шығаруға дайындық кезеңінде оның инициативалық тобына М. Серәлиннің өзінен басқа жергілікті мұғалімдер Спандияр Көбеев, Ералин, Бейсенов кірді. Журналды насихаттаушы үгітшілер ауадай қажет болатын.
М. Серәлин кейбір қазақ студенттері мен оқытушыларының да қызметін пайдаланды. Олар күз және қыс айларында қалалық училищелер мен семинарларда білім алып, ал көктем мен жазда ауылдарға мұғалім болып баратын. Олар журналды бұқара арасына таратуға және насихаттауға көп үлес қосты. Әсіресе, Қостанай, Ырғыз және Тор­ғай уездерінде белсенді әрекет етті. Асылбек  Тәшбаевтың  жазғанына қарағанда, олардың арасында М. Серәлиннің ең жақын серіктері, студенттер С. Торайғыров, Ә. Ғалымов, М. Кашимов, З. Расулов болған. Олардың кейбіреулері кейін журналдың қызметкері болып жұмыс істеді. Журнал авторлары мен жақтастары қата­рында жергілікті интеллигенция өкілдері Г. Мұсағалиев, С. Лапин, Ж. Тілеубергенов, М. Есенгелдин, Х. Мұхамеджанов, А. Ғалимов, А. Жанталин, С. Ғаббасов, М. Жолдыбаев, М. Кашимов, Д. Қашқынбаев, Н. Манаев, М. Қалтаев, К. Кемеңгеров, Ш. Жиғангеров, М. Көпеев және басқалары болды. Журнал тілеуқорларының арасында қазақ қыз-келіншектері: М. Сейдалина, С. Тілеубайқызы, К. Өтегенова да болды.  «Айқап» журналына олар әртүрлі жолмен келген болатын. Олар журнал жұмысына белсене қатысты, әйел теңдігі мәселелерін көтерді. 
Патша үкіметінің отарлау саясатын сынай отырып, М. Серәлин өлкедегі жағымды жаңалықтарға лайықты баға берді, кей кездері тіпті асыра бағалап та отырды. Онда орыс-қазақ мектептері мен училищелерінің ашылуына, облыстық басқармалардағы мектеп инспекторларының  қызметіне  баға берілді. Бұл саладағы ірі кемшіліктер, Серәлиннің ойынша, осындай игіліктерді дұрыс пайдалана алмай отырған қазақтардың өздеріне байланысты. «Біз сайлаудың бастамаларының жақсылығын дұрыс түсіне алмадық, сайлауға қатысу құқымызды дұрыс пайдаланбай, уа­қытты өзара кикілжіңдер мен дау-дамайға жұмсадық. Біз орыс үкіметінің жарлығымен біз үшін ашылған мектептерден өзімізге пайда келтіре алмай отырмыз», – деп жазды.
М.Серәлин ресми баспасөзде жарық көрген  мақалаларын кейде: «біздің сүйікті Отанымыз – Россия империясының лайықты азаматы болайық», – деген сөздермен аяқтайтын. Мұның өзі патша үкіметі цензурасының көзін бояу мақсатында жасалған деп түсінген жөн. 
ХХ ғасырда қазақ даласында  қоғамдық-саяси өмірде екі мәселе ерекше  ел назарында болды. Ол жер мәселесі және патшаға қарсылық болатын. Жер мәселесінің дұрыс шешілуі қа­зақ халқының тағдырына байланысты болса, ауыл старшиналарынан бастап болыстық бас­қармаларға дейін, патша үкіметінің орталық органдары қалыптасқан жағдайға байланыс­ты оны үнемі назарында ұстады. Көшпелі қа­зақ­тардан шұрайлы әрі құнарлы жерлер тартып алынып, олар қазынаға алынды. Ауыл тұрғындарының көпшілігі жақсы жайылымнан айырылып, құнары аз жерлерге көшірілді. Орыстың озық ойлы ұлттық интеллигенциясы да бұл мәселені шұғыл шешу қажет деген пікірде болды. Орыс каптитализмінің өркендеуі қазақтарға да бірте-бірте әсер ете бастады. Шаруа­ларды жаппай Қазақстанға, Сібірге және басқа аудандарға қо­ныстандыру саясатын  М. Серәлин  мәжбүрлік жағ­дай деп түсініп, оған орыс со­циал-демо­краттары позициясынан қарады. «Қоян жылы қазақтарға келген жұт ішкері Рос­сияға де келді. Олар да жұттың зардабын көптен бері тартып келеді. Мұндай қиын жағ­дайдан шығудың екі-ақ жолы бар. Оның бірі – жері шұрайлы жерлерге тұрғындардың бір бөлігін көшіру, екінші жол  – алқапты ескіше өңдеуден бас тартып,  немістер мен француздар секілді жерді жаңаша өңдеуге көшу» – деді. Шенеуніктер болса алғашқы жолды таңдады, сүйтіп мұжықтарды қазақ даласына жаппай көшіре бастады. Бұл оқиғаға баға беруде М.Серәлин экономикалық жағдайларға мән бере қоймайды, патша үкіметінің саясатындағы әлеуметтік және саяси астарға да үңілмейді. Россияның ХХ ғ. басындағы саяси өмірінде Мемлекеттік Дума үлкен рөл атқарды, ол елдің ең жоғарғы демократиялық институты болып есептелді. Бірақ, аталған Дума император сенімін ақтамады, сонымен бірге, Россия само­державиясының және оның әлеуметтік-саяси жүйесінің асқынып тұрған, тіпті, іріңге айналған жараларын ашып берді. Мемлекеттік думаға байланысты мәселелерді «Айқап» жиі қозғады, бірақ, аса батылдық таныта алмады. Ол нақты шаралар ретінде Петербург және Москва газеттеріне орысша білетін қазақтар осы туралы арнаулы мақала жазып, сонымен бір уақытта Думаға өкілдер жіберу қажет деп есептеді. Халықтың сөзін осылайша Үкімет құлағына жеткізуге болады деген ойда болды.
М. Серәлин  ұлттық шеткері аймақтарға патша үкіметінің көзқарастары мен ұстанған саясаты туралы мақалаларында өз ойын үнемі ашық білдіріп отырды, олардың барлығы да цензура сүзгісінен өткізіліп тұрған «Айқап» журналында жарияланды, сондықтан,  оның сыны өте батыл болды деп айтуға толық негіз бар. Серәлин журналды сақтап қалу үшін ауылдағы тап тартысы, жер мәселесіне көзқарас туралы ойларын көбінесе ашық айта алмады.1905-1915 жылдар аралығында жазған өлеңдерінде М.Сералин осы мәселелерді айналып өтпейді. Жыр тілімен өз ойын білдіреді. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді ағартушылар қызметі және оқу-ағарту қозғалысы арқасында қазақ даласында жаңа мектептер, үйде білім беретін бастауыш мектептер, мешіттер жанында медресе-мектептер ашыла бастауы арқасында М.Серәлинге дейін де осы идея жүзеге  аса бас­таған болатын.
М.Серәлин орыс тілін жақсы меңгеруге шақырды. Ыбырай Алтынсаринның қазақ даласына сепкен білім ұрығы ол қайтыс болғаннан кейін лайықты жалғасын тауып, өңбей жатыр деп қынжылды. «1914 жылдың 17 шілдесінде    алтын басты Ы. Алтынсаринның қайтыс болғанына 25 жыл толды. Оның қазақ халқына жасаған қызметі орасан зор. Ал, оны еске алған қазақтар болды ма екен? Жоқ! Шамасы, мәдениетті халықтар қата­рына қосылу бізге әлі алыс болуы керек», – деп жазды. «Біз басқа халықтардан артта қалмауымыз керек. Қазақ жастары профессорлық лауазым туралы да ойлануы керек», – деді. Серәлиннің отырықшылыққа көшу, кәсіп меңгеру, орыс тілін игеру секілді ойлары күні бүгін де маңызын жойған жоқ.Серәлин қазақ көсемсөзінің сардарларының бірі болды десек, артық айтқандық емес.
Ақылбек ШАЯХМЕТ, 
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

Алдыңғы «
Келесі »