Білім беру жүйесінің рухани және этномәдени аспектілері

  • 17.06.2015
  • 724 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгінгі күнде мамандардың кәсіби дайын­дығын гуманистік аспектісіз, тұл­ғаның рухани дамуының маңыздылығын ескермей, бір жақты қарастыруға мүлдем болмайды. ХХІ ғасырда ЮНЕСКО-ның пікірінше, же­тек­ші ғылым психология, яғни адамның жаны туралы, оның өзіндік санасы мен өзін бас­қаруы туралы ғылым болуы керек. Көріп отыр­ғанымыздай, адам­ның ақыл-ойына емес, оның жанына кездейсоқ баса назар аударылып отырылған жоқ. Әлеуметтанушылардың мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі кезде көптеген жастар  адамның ақылын, интеллектісін басқа құн­ды­лықтардан артық көреді. Заманауи «бі­лімді адам – тек маман немесе тек тұлға ғана емес, ол мәдениетті және өмірге дайын адам.  Қарапайым әдеттегі өмір мен жолға қойылған өндіріске ғана дайын емес, сонымен қатар сы­нақтарға, күнделікті өмірдегі ауысуларға, өзгерістерге дайын» [1]. 


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Бізге ендігі жерде “жинақ­тал­ған” экономикалық өсуді жай пайда­лану емес, осы өсуді нақты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыру керек», – деп атап көрсетті [2]. 
Бүгінгі күнде білімге көзқарастың өзгеруін атап өту керек. Меншіктің жетекші формасы зияткерлік меншік болып табылады. Басынан бастап біртұтас, әмбебап білімге қойылым ұстанған университеттік білімге ден қою қуанарлық жағдай. Мұндай білім беруге жаңа, тұтас, әмбебап, партикулярлық дү­ниетаным әдіснамасынан тыс тұрғыдан қарауды қажет етеді. Демократиялық мемлекет құру жағдайында мәдениет пен білім беру жаңа статусты иеленеді, мәдениет білім беру базисіне айналады, ал, білім қоғамның модернизациялану факторының бірі болып табылады. 
Осылайша білім көмегімен қалыптас­қан адам ғана ХХІ ғасырда қоғам модерни­зациясының субъекті бола алады. Заманауи білім беру адамның бойында рухани жә­не материалдық, сезімдік және рационалды үйлесімділік тұрғысынан, адамның космос­пен, табиғатпен органикалық бірлігі тұрғысынан қарастырылатын біртұтас фи­ло­со­фиялық дүниетаным негізінде құры­луы керек. Қаншалықты таңданарлық, қан­ша­лықты жалықтырған болса да, мысалы 1994 жылы Қазақстан Республикасында гуманизация және гуманитаризация туралы заң қабылданды, ол туралы көп айтылып және жазылып жүр, алайда, гуманизация – ол ХХІ ғасырдағы білім беруді адамзаттың бүкіл мәселелерін шешудің маңызды құ­ра­лы етуге көмектесетін негіз. 
Заманауи білім беру үрдісі міндетті түр­де нақты халықтың, нақты бір елдің этно­педагогикалық ерекшеліктерімен бай­ла­нысты болуы қажет, бұл қоғамдағы ин­тегративті, коммуникативті үрдістің оның бөлігінің толық жойылуы емес, этноұлттық даму бай­лығы арқылы көрінетін жалпы адами ком­му­никацияның бар екендігін дәлелдейді. Әр халықтың педагогикасы халықтың жи­нақ­­таған, екшеленіп, тексерілген оқыту мен тәрбиелеудің тәсілдері мен әдістерін өз жа­дында сақтайды. Сондықтан кез-келген мем­лекеттік білім беру және тәрбилеу жүйе­сі этноұлттық педагогиканың озық үлгілері негізінде құрылуы тиіс. 
Ыбырай Алтынсарин – қазақ педагоги­касының классигі. Ол қазақ халқының этникалық ерекшеліктеріне негізделген педагогика теориясын құрған және оны практикада қолданған ХІХ ғасырдың алғашқы кәсіби мұғалімі болды. Педагогтың өз оқу­шысына деген шексіз махаббаты, оған жақ­сылық тілеу, оның білімді, ақылды адам болуын тілеу осы қазақ халқының педагогикасының негізінде жатыр. Ы. Алтынсарин осының негізінде арнайы оқыту технологиясы – мате­риалдың күрделілігін, оқушылардың жас ерек­шеліктерін ескеру және т.б. оқыту мен тәрбиелеу жүйесіне үйлесімді, органикалық тұр­ғыдан енетін білімді жеткізу әдістері қалыптасатынын көрсетті. Ы.Алтынсарин өзінің оқыту, оқу­лықтар құрастыру тәжіри­бесі­не сүйене отырып, пән логикасын емес, оқушы логикасын ұстануы қажет деген тұ­жы­рымға келді. 
Көптеген ғасырлар бойы Қазақстандағы дәстүрлі білім беру әдістері этноұлттық ерек­ше­ліктерді ескере отырып қалыптасқан. Ең алдымен халықтық педагогика туралы сөз болып отыр. Кеңес Одағында 70-ші жылдары жеке халықтардың шаруашылық қыз­меттерінің ерекшеліктері ескеріле оты­рып, ұзақ уақыт бойы көшіп-қонып жүретін мал шаруашылығында жұмыс істей­тін­дердің балалары үшін арнайы дайын­дық факультеттері құрылды. Мұндай талапкерлер категориясына 2-3 жыл қатар үзіліс болғандықтан, әскери дайындықтан өткен жастар да қосылды. Бір жағынан бұның жағымды жағы да болатын, себебі жоғары оқу орнына түсетін барлық азаматтарға бірдей жағдай жасалынды. Екінші жағынан, білім берудің жаңа сатысына көшу үшін белгілі бір мәселелер туындады. 
Қазіргі жаһандану кезеңінде қазақ хал­қының жарық жұлдыздарының бірі Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үй­лесе­тін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген сөздері өзектілігін жойған жоқ.   
Қазақстанда Ы.Алтынсарин атымен бай­ланысты қалыптасқан заманымыздың үлкен жетістігі этнопедагогика орта және сол сияқты жоғары білім беру жүйесі болашақ білім алушылардың контингентін міндетті түрде ескеру керек және осыны ескере отырып білім беру үрдісі құрылуы тиіс. Осы  инновациялық технологиялардың қатаң талаптарынан ауыт­қымай, керісінше  осы технологиялар жер шарының түпкір-түпкірінде белгілі бір ерек­шеліктері болмауы мүмкін еместігін атай кеткен жөн. Ғылыми-техникалық прогресс білім берудің тұрақты серігі болып табылады, осы білім беруде белгілі бір принциптерді талап етуі, болашақ мамандарды даярлауда кері әсерін тигізуі мүмкін болатын оқыту техникаларын да ұсынуы мүмкін. Кеңестік дәуірдің өзінде-ақ жоғары білім беру жүйесінде «техникаға – иә, техницизмге – жоқ» ұраны тасталған болатын. Сол кездің өзінде-ақ техника, технологиялардың білім беру үрдісіне шектен аса енуі білім алушының осы машинаға қоса практикалық іс-әрекет субъектісіне айналуына әкеліп соғатынына ден қойылды. Техника басым күш ретінде қарастырылып, адам техниканың бұйрығын ғана орындаушы ретінде болады деген ойдың туындауына әкелуі мүмкін екендігіне нейрофизиолог Наталья Бехтерева көңіл бөлді. Осыған байланысты білім беру үрдісіне оқытудың адамгершілік принциптерін енгізу қажет. 
Шәкәрім Құдайбердіұлы осы мәселеге байланысты адамды тәрбиелеу барысында ар білімін енгізу қажеттігін айтты. Бұл туралы ғалымдар ойлануы керек деп есептеді. Осы орайда Шәкәрім: «Ұждан–совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай ұждан – совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек… Мен ұждан қайдан шығып тұр десем оған жауап жоқ сияқты. Меніңше, совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз, жан жоғалмайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жо­ғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, толық мінез, ой істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть – ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі, егер бұл өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады. Мәселен, атым қалсын, пәленше мені сондай кісі деп халық мені жақсы көрсін деген болады. Онан басқа жоруы жоқ. Себебі, ол совестің иесі жан жоқ, артқы өмір жоқ деп отырса, соқыр табиғаттың жансыз жаратқан бір машинасы совесімен іс қылды не, қылмады не?» – деп жазды [3].  
Жоғарыда айтылғандарды қорытынды­лай келіп, қазақстандық білім беру моделі «техникаға – иә, техницизмге – жоқ» қа­ғи­дасын ұстанатындығын айта кеткен жөн. Ол осылайша барлық кезде адам ма­шинаға жәрдемшіге айналмай, бүкіл өзгерістердің субъектісі болып қала бере­тіндей құрылады. Осы қағиданың орны­ғуы­на оқу-тәрбие үрдісінде субъект-су­бъект қарым-қатынасының орнығуында әм­бе­бап, біртұтас дүниетанымның бір тү­рі ретінде қазақ философиясының алатын орны зор. Қазақ философиясының не­гізгі қағидасы рухани және материалдық әлем­нің органикалық тұтастығы және мате­риал­дықтан руханилықтың үстемдігі білім беру үрдісінде технизациямен күресу­дің, ХХІ ғасыр­дағы білім берудің моделін құрас­тыруда  дү­ние­танымдық-әдіснамалық негізі болып табылады. 

К. Бегалинова,
философия  ғылымының 
докторы, профессор, 
Г. Қасымбаева, 
техника ғылымының 
кандидаты 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Розин В.М. Философия образования: предмет, концепция, основные темы и на­правления изучения // Философия образования для ХХІ века. – М., 1992.
2. Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақстан. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 2007 жыл 1наурыз.
3. Шәкәрім. Үш анық. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 118 б.  

Алдыңғы «
Келесі »