ӘЛЕУМЕТТІҢ МҰҚТАЖЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

  • 28.04.2012
  • 379 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауында көрсетілгендей, елімізде индустрияландыру және инновациялық ауқымды шаралармен бірге жекелеген адамдардың, ауыл, село тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің оңды шешілуі басты назарда. Бұл тұрғыда ел Үкіметі мен Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің атқарып отырған жұмыстары да ауқымды. Соңғы біраз жылдардан бері «Жол картасы» бағдарламасы аймақтардағы жұмыс қолын көбейту мен жекелеген отбасыларының әлеуметтік мәселелерін шешуге көптеген мүмкіндіктер жасады. Бұл туралы «Ақиқат» журналының беттерінде әртүрлі тақырыптарда көптеген материалдар жарияланып, мамандар мен ғалымдардың талдау-сараптамалық ой-пікірлері де ұсынылған болатын.
Редакция биылғы Жолдау талаптарын ескеріп, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі және жергілікті әкімшіліктермен тұрақты байланыс жасай отырып, бұл ауқымды шараны өзінің басты назарында ұстап отыр. Соған орай, редакция поштасына келіп жатқан қуанышты хабарлар мен оңды жаңалықтар да аз емес. Көп жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты, мамандар қайта даярланып, ең қажетті, табысты деген орындарға жұмысқа жіберілуде. Бұндай шаралар жергілікті тұрғындардың да көкейінен шығуда. Мәселен, Жұмашева Альбина Батыс Қазақстан Инженерлік-гуманитарлық университетін 2010 жылы «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша бітірген болатын. Университетті аяқтағаннан кейін, ол операторлық курста оқып, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өту үшін Ақжайық ауданының әкімдігіне жолдамамен жіберілген еді. Альбина осында тәжірибеден өткеннен кейін, «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде іс жүргізуші мамандығы бойынша үш айлық курсты оқып бітірді. Оқу кезінде стипендия түрінде әлеуметтік жәрдемақы, жол жүру үшін субсидия алып, оқу мерзімі кезінде жатақханамен қамтамасыз етілді. Альбина 2012 жылдың қаңтар айынан бастап, Ақжайық аудандық тұрғындарды еңбекке орналастыру орталығында іс жүргізушісі болып қызмет атқарады. Тұрақты айлығы бар. Альбина өзінің жақсы тәжірибе жинақтап, кәсіби қызметі жағынан өсуіне мүмкіндіктер жасалғанына қуанышты.
Жастардың уақытылы еңбекке орналасып, уайым-қайғысыз тұрмыс кешулеріне Атырау, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысында да бірқатар игілікті шаралар жүзеге асырылған. Қарапайым ғана бір мысал, жамбылдық Арыстанов Шалқар Қайрошұлы еңбекке орналастыру бағдарламасына қатысқанға дейін жұмыссыз жүрген болатын. 2011 жылдың шілдесінде алғашқылардың бірі болып, Тараз қаласындағы №1 кәсіптік лицейге газ және электрмен пісіруші мамандығы бойынша білім көтеру курсына жіберілген. Оқу кезінде жол ақысы және пәтер ақысы үшін субсидия ретінде арнаулы көмек және стипендиямен қамтамасыз етілді. Шалқар 2011 жылдың 19 тамызында курсты бітірген соң, «Құлан-тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, қазір тұрақты айлық алып отыр. Ал, сол облыстағы Андабаева Марал Қуанышқызының жағдайы сәл басқаша. Ол Қаракемер селолық әкімдігінің аппаратындағы бас маман қызметінен қысқарып қалған еді. 2011 жылдың шілдесінде елде жүзеге асып жатқан «Еңбекпен қамту–2020» бағдарламасы бойынша, Тараз қаласындағы №1 кәсіптік лицейде аспазшы мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтті. Үш айлық курстан кейін, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектеп жанындағы мини-орталыққа аспазшылық жұмысқа орналасты. Қайта даярлау курсы кезінде оған стипендия мен жол жүру ақысы есебінде субсидия төленді. Марал Қуанышқызы да өзінің көптеген қатарлас-замандастары сынды уақытылы жұмысқа тұрып, алаңсыз еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқандығы үшін қоғам тарапынан өздеріне берілген мүмкіндіктерге дән риза.
Осындай мысалдарды еліміздің басқа өңірлерінен де көптеп келтіруге болар еді. Ең бастысы, биылғы Жолдаудың талаптарына сәйкес қай жерде де ел тұрғындарының, әсіресе, жастардың ескерусіз қалмай, қоғамның қамқорлығына алынып отырылғандығы. Ел болашағы жастар дейміз. Оларды өсіретін, биік дәрежеге жеткізіп, өмірде бақытты ететін де – еңбек. Олай болса, біз өз тарапымыздан жастардың алған мамандықтарына адал болып, жұмысты сапалы, нәтижелі атқарып, елдің ортақ мәселелерін шешуде табыстан-табысқа жете берулерін тілейміз.

Журнал редакциясы

Алдыңғы «
Келесі »