ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ҮЛГІ

  • 28.04.2012
  • 8662 рет оқылды
  • 1

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Кеңес дәуірінде ерекше тойланатын 1-Мамыр мерекесі былтыр қайта жаңғырып, халық алаңдарға шеруге шығып, еңбектегі табыстары мен жетістіктерін көрсететін плакаттар көтеріп, ұран сөздерін айтып, мерекеде бір шат-шадман болған еді. Астанада, Алматыда және барлық облыс орталықтарында шеруге шыққан халықтың көңіл-күйлері жоғары болды. Былтырғы мереке биыл тағы қайталанып, енді тұрақты түрде жалғасатын болады. Өйткені бұл мереке Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Міне, осы мерекенің қайта жаңғыруына байланысты Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Юлдаш Азаматовқа журнал тілшісі жолығып, жаңғырған мереке туралы және Халықтар достығы туралы айтып беруін өтінген еді.
– Юлдаш мырза, кезінде дүниежүзі халықтарының ынтымақ мерекесі болған, КСРО-да тұрақты мереке­ленген 1-Мамырдың тарихын еске түсіре кеткеніңіз жөн болар.
– Дұрыс айтасыз. Бұл мерекенің тарихына үнілсек, өзіндік ерекшелігі көрінеді. Бұдан үш мың жыл бұрын ежелгі Италия халқы Мая атты құдайға табынған. Ол жер мен жеміс-жидек құдайы еді. Сөйтіп, уақыт өте көктемде болатын діни мереке осы мезгілде қалыптасады. Көктемнің соңғы айы Май атанады. Яғни, қазақша Мамыр.
– Бұл мерекенің саясатқа байланысты ресми мерекеленуі қай елден, қай жылы басталады?
– 1886 жылы АҚШ-та, Чикаго штатында жұмысшылар ереуілге шығып, сегіз сағаттық жұмыс күнін талап етеді. 1889 жылы ІІ Интернационалдық Конгресінде Чикаго жұмысшыларының ер­лі­гі сөз болып, бұл күн Дүниежүзі Проле­тариатының қанаушыларға қарсылық ак­ция­­сы деп жарияланады және Ынтымақ күні деп ұйғарылады. Ал, коммунистер 1 Мамырды 1890 жылы Варшавада тұңғыш рет атап өтті. КСРО-да ресми мереке болып жария­ланып, жұмысшылардың бейбіт шеруге шығуы ұзақ жылға дейін жалғасып келді. 1 Мамыр мерекесінде күллі халық алаңға шығып, салтанатты шеруге қатысып, еңбектегі табыстары мен жетістіктерін паш ететіні әлі ұмытылған жоқ. Бұл ме­реке кейінгі буын мен ардагерлердің есін­де ерекше сақталып қалған. Заман мен қоғамның өзгеруіне байланысты байырғы мереке соңында ұмытыла бастады. Өйткені бұрынғыдай халық шеруге шығып, парадқа қатысып, ұрандауды қойған еді. Былтыр 1 Мамыр қайта жаңғырғанда Алматыда халық алаңға сыймай кетті. Өйткені бұл мерекенің шын ынтымақ күні екенін енді білдік. Биыл да бұл мереке бұрынғы дәстүр аясында өтеді. Қазақстан халықтарының ынтымақ күнінде жұрт шеруге шығады, еңбек ұжымдарының еңбектегі табыстары мен жетістіктері айтылады. Ел бірлігі мен ынтымағына байланысты шаралар ұйым­дастырылды. Айтпақшы, бұл күн жұмыс күніне жатпайды. Мереке күллі Қазақстан бойынша шерулер мен ынтымақ ұрандары арқылы жалғасады. Халықтар мен этностарымыз аралық достық, бірлік, құрмет насихатталады.
– Мерекеге байланысты Халық Ассам­блеясының жұмысы жөнінде де айтсаңыз артық болмас.
– 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Елбасы Ассамблея құру туралы осыны ашық айтты. Біз Елбасының халықтар достығын сақтау жөніндегі ұстанымын қолдадық. Мұндай ұйым Дүниежүзінің ешбір елінде жоқ еді. Қазақ еліндегі жүздеген ұлт өкілдері үшін ең бақытты, қуанышты сәт болды. Сөйтіп Қазақстан Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» жар­лығы шықты. Бұл 1995 жылдың наурыз айы еді. Елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында қоғамдық институт құрылып, ол Президент жанындағы кеңесші орган болды.
– Ассамблея жұмысы құрылғаннан кейін қалай жалғасты?
Қазір ойласам Елбасының бұл ұсынысы көрегендік әрі кемеңгерлік екен. Елбасы ұлт мәселесінің өте нәзік екенін сол кезде жете сезген екен. Ол елде алдымен ауызбіршілік пен татулық болса бәрі дұрыс болатынын білді. Ассамблея алдына қойған міндеті мен мақсатын жақсы түсінді. Өз заң тәртібі бойынша жұмыс істеді. Бұл қоғамдық ұйымның атқарған істері жөнінде ақпарат құралдарында айтылып та жүр, жазылып та жүр. Ең бастысы біз бірлік пен ынтымақты ту етіп көтердік.
– Қазақстанның ұлттық саясаттағы ұстанымын қолдайтын елдер жөнінде айтсаңыз?
– Қазір көптеген мемлекеттер біздің осы саясат бойынша бізден үлгі алып, біздің тәжірибемізді қолданып жүргені рас. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. 2003 жылы Ассамблея делегациясы құрамында Мәс­кеуге барған едік. Сонда Ресей халықтар Ассамблеясы атқарушы комитетінің төрағасы ұл­ты тува Ч. Ондар: «Біз өз тәжірибемізді Қазақ­станның тәжірибесіне сүйеніп құр­дық» дегенде мен сөзіне қатты риза болдым. Бізден өнеге алып, үйреніп жатса – бұған қалай қуанбайсың. Ал, Астанада өткен «БАҚ» этносаралық төзімділікті нығайту жолында» халықаралық семинарына кел­ген Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы Рамазан Әбдулатипов ол да біздің тәжірибеміз жөнінде тереңнен толғап айтты. Тіпті, құжаттарды қалай пайдаланғаны жөнінде ағынан жарылғаны есімде. «Біз Қазақстаннан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйткені сіздердің Ассамблеяларыңызды Президенттің өзі басқарады. Сондықтан барлық жағынан мүмкіндік жоғары» дегенді айтып еді.
– Ассамблея туралы мен сауал қойып, сіз сұхбатыңызды жалғастыра берсеңіз әңгіменің ұзаққа созылуы мүмкін. Енді осы ұйым жөніндегі заңның қабылдануы мен оның орындалуы жөнінде айтсаңыз.
– «Қазақстан Халық Ассамблеясы туралы» Заң осыдан бес жыл бұрын қа­был­данды. Сөйтіп, Парламентте 9 депу­татқа мандат берілетін болды. Аталған Заңна­малық құжат елдің әр азаматына халық үшін аянбай қызмет етумен қатар, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынды. Мемлекеттік және өзге ұлт тілдерін, салт-дәстүр мәде­ниет­ті өркендетуге толықтай мүмкіндік қарастырылды.
Ассамблея туралы Заңнамалық құжаттың жобасы еліміздегі барлық этномәдени бір­лестік өкілдері мен депутаттардың және қоғамдық ұйымдардың белсене қатысуы арқасында әзірленді.
Реті келгенде айта кетейін. Ассамблея ұлтаралық қатынасты нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрену мен меңгеру мәселесі батыл жолға қойылды. Қазір де Ассамблея Мемлекеттік тілді қадағалап отырады. О баста Елбасы жанынан кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА-ның уақыт өте келе конституциялық орган дәрежесін алғаны іске көп септігін тигізді.
ҚХА Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық мәдениетті тіпті дамы­туға қолайлы жағдай жасап келеді. Қазір Қазақстан халқының ұлттар бірлігі мен ынтымағына арналған фестивальдер, бай­қау, конкурстар өтеді. Түрлі шаралар мен конференциялар өз алдына.
– Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халықтарының бірлігі Елбасына деген сенімді күшейтті. Осы сенімнің арқа­сында Президент әлемдік саясатта ядро­лық қарудан бас тартып, бейбітші­лікті ұстанды. Енді осы жайында әңгіме­ле­сеңіз.
– Қазақстандағы жойқын ядролық сынақ жарылыстардан тек қазақтар емес, басқа ұлт өкілдері де зардап шекті. Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері Қазақстандағы біраз ұлт өкілдерінен тұрады. Олардың ішінде орыс, украин, шешен және ұйғыр ұлттарының өкілдері бар еді. Әр ұлттан тұратын антиядролық қозғалыс белсенділері Елбасының көрегендік саяса­тын қолдап, әлемдік деңгейде шеру, митин­гілер өткізді. Жер бетінде бейбітшілік үшін күресушілер тек Семей полигонындағы сой­қанды ғана емес, Қытайдағы ұйғырлар көп тұратын өлке «Лобнор» және АҚШ-тағы «Невада» полигондарының да жабылуын талап етіп, күреске шықты. Әрине, халықтар бірлігінің арқасында қозғалыс белсенділері батыл күрестерін жалғастырды. «Лобнор» полигонына байланысты қозғалыс ардагер­лері халықаралық ұйымдарға хат жолдап, талап қойды. Халықтық қозғалысты қолдаған Елбасы ядролық қарудан үзілді-кесілді бас тартып, жер бетінде бейбітшілікті сақтау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйледі. Елбасының Ядролық қарудан бас тартуы теңдесі жоқ ерлік еді. «Наурыз» айында өткен ядролық қауіпсіздік жөнінде Сеулде өткен Саммитте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол онда АҚШ, Қытай және Ресей сияқты ұлы державалардың басшыларымен кездесті. Қазақстандағы тұрақ­тылық пен ынтымақтық және халықтар бірлігінің нақты екенін ол елдің басшылары жақсы біледі. Мұны айтып отырған себебім Қазақстандағы Халықтар бірлігі әлемге белгілі – соны нақты мысалмен сездіріп отырмын.
– Ассамблея – мемлекеттік тілдің дамуына байланысты кейде мәселелер кө­­те­ріп, оңды шаралардың болуын назар­да ұстайтынын білеміз. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің де тілін дамыту жөнінде қандай ұстанымда?
– Ассамблеяның мұрындық болуымен Қазақстанның әр аймағынан 300-дей жек­сенбілік мектеп ашылды. Әр ұлт қазақ тілін ғана біліп қоймай, өз ана тілін де құрмет тұтқаны дұрыс. Республикалық Ұйғыр эт­но­мә­дени бірлестігі қазақ тілінен тегін курс оқуды бастады. Мен басшылық ететін газетте «Ұйғыр балалары, ұйғыр мектебіне барыңдар» деген сарында материалдар жиі жарияланып тұрады.
Ауылда тұратын ұйғырлардың кейбірі қазақ тілін қазақтардан жақсы біледі.
Республикалық мәдени орталықтың басында іскер азаматтар отыр. Олар мектеп­терге үнемі көмектесіп тұрады. Мысалы, ұйғыр-мәдени орталығынан Шелектегі ұй­ғыр-қазақ мектебіне 500 мың теңге жәр­дем пұл бөлінді.
– Өзіңіз басшылық ететін «Ұйғыр авази» газеті ҚХА-ның атқарып отырған қызметін қалай көрсетіп, насихаттауда?
– 1957 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан «Ұйғыр авази» газеті ҚХА-ның негізі қаланған күннен бастап оның тыныс-тіршілігін, атқарған жұмыстарын жүйелі түрде жариялап келеді. Газетіміздің бетінде Ассамблеяның қол жеткізген табыстары мен қызметіне арналған мақалалар көп. Мұнда барлық этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қамтылады.
– Биыл қаңтар айында ҚХА-дан Мә­жіліс депутаттығына кандидаттар ұсы­нылды. Енді осы Ассамблея сайлауы жөнінде айтсаңыз?
– Жыл басында ҚХА-ның кезектен тыс сессиясы өтті. Оны төрағаның бірінші орынбасары ашты. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес ҚА ҚХА-дан 9 кандидат ұсынылды. Ұйғыр, неміс, орыс, шешен, ингуш, татар-башқұрт этномәдени және де тағы да қауымдастық, бірлестіктер атынан ұсынылған кандидаттар дауысқа түсті. Нәтижесінде тоғыз кандидатқа беріл­ген дауыс есептеліп, олар депутат болып сайланды. Жиналысқа Елбасы Нұрсұлтан қатысып, таңдап сайланған депутаттарды құттықтап, сөз сөйледі.
– Осыдан біраз жыл бұрын қазақ пен ұйғыр жастары арасында қақтығыс бо­лып, бұл ұлттар достығына сызат түсірді. Осы оқиғаның себеп-салдарын өзіңізден білгіміз келеді.
– Шелектегі Малыбай оқиғасына бай­ланысты елді шулатқан оқиғаны – бүлік немесе көтеріліс деп айтуға болмайды. Өйт­кені ұйғыр мен қазақ арасында ежелден келе жатқан дау, талас жоқ. Екі халық ежел­­ден бір-бірін құрметтеп, тіпті, құда-жет­жат болып сыйласып келе жатыр. Мына, Ұй­ғыр, Панфилов ауданына барсаң «қазақ, ұйғыр» деп бөлінбейді. Мысалы, менің достарымның көбі қазақ. Келінім қазақ. Яғ­ни, қазаққа құда-жекжатпын.
Неге екені белгісіз сол жылдары қазақ пен ұйғыр арасында мәселе туындай бастады. Менің ойымша қазақ пен ұйғыр арасына от тастап, өшіктіріп жүрген, көзге көрінбейтін үшінші күш бар. Сол арандатушылардың ісі бұл. Шелектегі оқиғадан кейін кейбір ақпарат құралдары ұлттар арасына сына түсіретін пиғылы теріс ой айтып, өсек-аяңды қарша боратты. Халық үрейленетін болды. «Төбелес», «қантөгіс» деген сөздер зәремізді ұшырды. Шелектегі оқиға болған күні мен таңсәріден тұрып, онда бардым. Республикалық Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Ахметжан Шардинов және жеті адамнан құрылған топ ұйғырлардың арасы­на келіп, мән-жайды сұрадық. Осы оқиғаға байланысты 300-дей адам жиналып, жина­лыс өтті. Ұйғыр, қазақ ақсақалдары елді сабырға шақырды. Мән-жайды әбден біліп, мұндай оқиғаның енді қайталанбауы үшін өзара пікір алысып, жергілікті тұрғындармен барынша әңгімелестік. Содан не керек – бәрі басылды, ел тынышталды.
Шелектен кейін Малыбай оқиғасы болды. Оның да басы-қасында желіккен, қы­зу­қанды жастарды сабырға шақырып, ел тыныштығын сүйетін қазақтар мен ұйғырлар жүрді. Кейін бұзақылар тиісті жазасын алды.
Аталған оқиға ҚХА-ның республикалық, облыстық ұйымдарында қаралып, мәселеге ерекше мән берілді.
Ерекше айта кететін нәрсе Рес­пуб­ли­калық Ұйғыр мәдениет орталығы ұй­ғырлар мен қазақтардың тату-тәтті өмір сүруі үшін тер төгіп, еңбектеніп жатыр.
– Өзге ұлт өкілдеріне дәл Қазақстандай мамыражай өмір жасап жатқан ел бар ма?
– Жоқ. Дүниежүзінің бірде-бір мемлеке­тінде өзге ұлттарға дәл Қазақстандай жағдай жасап жатқан елді әлі естіген жоқпын. Басқа ұлттарға тек Қазақстанда ғана мамыражай жағдай жасалған. Бір қызық дерек айтайын. Қазақстандағы біраз немістер тоқсаныншы жылдары тарихи отандары Германияға кетті. Қазір сол кеткендердің кейбіреулері Қазақстанға қайта келіп жатыр. Ақпарат құ­рал­дары қайта оралған бірнеше неміс от­басын көрсетті. Олардың айтуынша Қа­зақстан ұжым-ақ. Өйткені біздегі ұлттар­дың татулығы мен бірлігі және жер-судың кеңдігі, қазба байлықтарының молдығы алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік береді ғой. Барахолкаға барсаң – кілең өзбектер мен қырғыздар толып жүреді. Неге олар өз ел­дерінде еңбек етпейді. Өйткені қазақ еліндей дархандық пен кеңдік ол елдерде жоқ. Айт­пақшы, Ресейге көшіп, қайта оралған орыс­тар да жоқ емес.
Мен өзім шетелге барғанда әрқашан ҚХА-ның жұмысын мақтанышпен айтамын. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен құрыл­ған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы әлі де асқаралы істер атқара бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Жалпы мұндай тақырыпта сөз қозғаған дұрыс деп ойлаймын сіздерге рахмет!

Пікірлерге тыйым салынады.