• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Елбасы және ел мұраты
  • >
  • Асу бермес асқар жоқ Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2015 жылы 29 сәуір күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзі

Асу бермес асқар жоқ Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2015 жылы 29 сәуір күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзі

  • 18.05.2015
  • 661 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қымбатты отандастар! 
26 сәуір еліміз үшін тағы бір тарихи, тағдырлы күн болды. Президент сайлауы Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге паш етті. Ел бірлігіне беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік Елдің мызғымас ұстындарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау – жарқын болашаққа қа­дам басқан Қазақстанның таң­дауы! Бірлігін берекеге ұластырып, ұлы іс­тер жолында ұйыс­қан барша халықтың жо­лы! Өзінің, ұрпағының болашағын қасиет­ті Ота­нымыз –  Қазақстанмен бірге көре­тін әрбір азаматтың ерік-жігері! Бүгінгі мерейлі сәтте маған берілген сенім мандаты – мемлекеттілігімізді нығайту жолындағы қыруар істеріміздің бағасы! Қазақстанды ең қуатты елдердің қа­тарына қосуды көздейтін ұлы мақсатқа берілген халқымның ақ батасы! «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стра­тегиясына, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаға» елімнің білдірген қолдауы. Өмірін халқының бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын бо­ла­шағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын. 


Құрметті қазақстандықтар! 
Қымбатты дос­тар! 
Серіктестерім мен тілектестерім! Ел Конс­титуциясына сәйкес жаңа ғана мен өзім­нің халқыма ант бердім! Ондағы сөзді мен бүгін алғаш рет ең ізгі де жарқын мереке – Халық бірлігі күні қарсаңында айттым. Болып өткен президенттік сайлау біздің қоғам бірлігінің күшін нақты айғақтап берді. Мен біздің барша халқымызға ризамын! Біз бүкіл әлемге халықтың бірлік күші мен берік топтасқандығын көрсеттік. Болып өткен сайлау тарихқа электораттық қатысу жөнінен халық ең көп қатысқан сайлау ретінде кіретін болады. Қазақстандықтар Отанға қызмет етуге шақырып, тағы бір мәрте маған үлкен сенім көрсетті. Біз бірге күрделі жолдан өттік: өзімізге сендік, Тәуелсіздік алдық, мемлекет құрдық, әлемге жаңа Қазақстанды таныттық, өзімізді біртұтас және ұлы ұлт ретінде таптық. Сіздердің сенімдеріңіз мені қашанда рухтандырып, сенімділік пен күш берді. Қазір мен,  бұған дейінгі жылдардағыдай, барлық жауап­кершілікпен халыққа адал қызмет ете­тінімді, еліміз бен барлық азаматта­рымыздың игілігін сақтайтынымды, біздің жоғары жалпыұлттық мүдделерімізді қорғайтынымды айтқым ке­леді. 
2015 жылдың 26 сәуіріндегі сайлау Қа­зақстан халқының топтасқандығын, жұды­рықтай жұмылғандығын, болашаққа бағыт ұстанғандығын қуаттап берді. Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әр­қайсымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағ­дырында. Біз бей-берекеттіктен берекелі өр­кен­деу жолына бірге өттік. Біз әсіреліксіз және катаклизмдерсіз күрделі «үшжақты тран­­зит­тен»: кеңестік жүйеден нарықтық эко­номикаға, демократия мен жаңа этнос­аралық келісімге өте алдық. «Қазақстан-2030» алғаш­қы ұзақ мерзімді Стратегиясын қабылдап, біз орнықты даму жолына нық түстік. Еліміз 1997-98 жылдардағы «Азия дағдарысын» ең­сер­ді. Сын-қатерлерге қарамастан, біз жаңа елордамыз – Астананы, барлық қазақстандық­тардың мақтанышын салуды бастадық. 
Біздің мемлекеттік құрылысымыздың әлеуеттілігі 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономи­калық дағдарыстың сын-қатерлерін табысты еңсеруімен дәлелденді. Басқа мемлекеттерден ерекшелігі Қазақстан экономикалық өсімін сақтады және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін төмендеткен жоқ. 2012 жылға қарай Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті эко­но­миканың елулігі қатарына енді. Біз ха­лықтың табыс деңгейі орташа ел болдық. Біз әлемдегі 50 аса ірі экономиканың қатарына қо­сыл­дық. «Қазақстан-2030» Стратегиясы діт­теген жеріне жетті. Мен 1997 жылы алға қойған басты міндеттер бар-жоғы 15 жылдың ішінде орындалды. 
Мен біздің мемлекеттілі­гіміздің қадір-қасиеті туралы нақты көзге елестетуге мүмкіндік беретін маңызды асуларды атадым. Қазір мұның барлығы аға ұрпақтың жақсы есінде. Бірақ жас ұрпақ еліміздің бүгінгі игілігінің бағасын білуі және есінде сақтауы тиіс. Халқымыз мінезінің ең үздік сипаттары – сындарлылық, салмақтылық, прагматизм дәл сол қиын жылдары көрінді. Осы құндылық­тарға адалдық біздің Мәңгілік Ел – ғасырларға ұласатын  күшті де тиімді мемлекет құру туралы арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 
2050 Стратегиясы ұлт алдына жаңа кеудешіл міндет: әлемдегі аса дамыған 30 мем­ле­кеттің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Екінші онжылдықтың басындағы әлем­дегі жағдай біздің жедел дамуымызға ықпал етті. Бірақ бүгін жаһан­дық әлем онша оңтайлы емес сценарий бойынша дами бастады. Дағ­дарыстар мен жанжалдар дүниенің төрт бұры­шын біздің көз алдымызда тітіркендіріп отыр. Азаматтары қайыр­шылықта өмір сүріп немесе әскери жанжалдарда қаза тауып жатқан жолы болмаған мемлекеттер саны ұлғая тү­суде. Тұрақсыздық Орталық Азияның шекараларына да тым жақын келіп тұр. 
Соңғы 2-3 жылда, жаһандық проблема­лардың өсе түс­кенін көре отырып, мен Қа­зақ­станымызды қалай нығайту мен қауіп­сіздендіру және аса табысты 30 елдің қатарына ену жолынан адастырмау туралы ойладым. Мен жағдайды басқа мемлекеттердің көш­басшыларымен тал­қыладым. Барлық жауап­кершілікпен ұлт­қа мына жайды ес­керткім келеді. Біздің әрі қарайғы дамуы­мызға әлі 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төн­діруін жалғастыруда. Бірінші. Бұл – әлемдік тәртіптің дағдарысы мен ортақ белгісіздіктің өрістей түсуі. Қауіп­сіздіктің әлемдік жүйесінің беріктігі жаңа сипаттағы жанжалдармен сыналуда. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын жаңа жүйе­­сіз ойыншылар пайда болуда. Екінші сын-қатер – әлемдегі эконо­миканың турбу­лент­тілігі жалғасуда. Санкция­лық, «валю­талық» және сауда соғысы барлық елдерде про­блемаларды ушықтыра түсуде. Үшінші. Климаттың өзгеру үдерістері бүгін болжап болмайтын салдарлармен өтіп жатыр, түрлі катаклизмдерге жетелеуде. Төртінші. Ор­талық Азия әлемдік опырылудың жаңа желі­леріне ілігуі ықтимал, бұл да бүкіл өңір үшін сын-қатерге айналмақ. Бесінші сын-қатер – жаһандық тәртіптегі дағдарыс пен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы осы сын-қатер­лермен күрес жөніндегі халық­аралық үйлес­тіру жұмыстарына күмәнмен қарауға мәж­бүр­лейді. 
Әлемдік экономиканың тур­­бу­­лент­тілі­гіне жауап ретінде біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын дайын­дадық. Оның басты мақсаты жаңа жұ­мыс орындарын құру мен жаңа эконо­микалық өсім үшін іргетасты нығайтуда батыл да жедел іс-қимыл таныту болып табылады. Алайда, сыртқы қатерлер өсе түсіп отырғанын түсіну маңызды. Сыртқы қатерлермен күресте шамамыз жету үшін бізге  ішкі жағымызды нығайту қажет. Осы жылдары қол жеткізілген таңғалдырарлық табыстарымыз бен игілік­теріміз мызғымайды деп есептеу үлкен қателік. 
Мен ел алдындағы тұрған бес ау­қымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылы­ғымыз­дың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сон­дықтан, бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірлерді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жем­қорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдық­тарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұ­мыс орындарын құру, ол үшін индус­триялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесін­шіден, тарихтың жаңа беле­сінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының бар­лығы біздің мемлекет­тілігіміздің ХХІ ғасыр­дағы сын-қатерлері. 
Әлемдік өзгерістер уа­­қыты әр мемлекетті таңдау алдына қояды: ре­­фор­малар немесе құлдырау. Өзгерістер кезе­ңінен өзін өзі жа­ңартуға, яғни рефор­маларға қабілеттілер лайықты өте алады. Біз­дің алдымызда орасан зор қағидатты міндет тұр: біздің мемлекеттік кемемізді  суға батпайтын ету. Алдағы жыл­дарға міндет: Қа­зақстанды ны­ғайту және тіпті, әлемдік дауыл­дарға қарамас­тан, әлем­дегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімді түрде ену. 
Мен өзімнің сайлауалды тұғырнамам бол­ған 5 институттық реформаны ұсындым. 26 сәуір күнгі дауыс беру қоры­тындысын мен ха­лықтың жедел түр­де реформалар жүргізуге деген тікелей ман­даты ре­тінде қабылдаймын. Мен реформаларды жү­­зеге асыру үшін өзім­нің барлық ерік-жі­герімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекет­тік аппаратты қоғамның күш-жігерін ре­фор­­ма­ларды орындауға жұ­мыл­дыру ниетін­де­мін. Аса таяу уақытта ел Пре­зиденті жанынан  Жаңғырту жөніндегі ұлт­тық комиссия құры­латын болады. Оның миссиясы – 5 рефор­маны кезең-кезеңімен жү­­зеге асыруды басқару және мемлекеттік орган­­дардың, бизнес-сек­тор мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлес­тіру. 
Ұлттық комиссия жанында құра­мын­да беделді шетелдік және қазақстан­дық сарапшылар бар Халық­аралық консультативтік ке­ңес жұмыс істейтін болады. Бұл ең үздік ха­лық­аралық тәжірибені пайдалануға жағдай жасайды. Комиссияның бірінші отырысында мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсін­діретін «Мемлекеттік құ­­ры­лыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынамын. «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мез­гілде, жаңа тарихи жағдай­ларда 30 дамы­ған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші ке­зекті жалпы­ұлттық міндет. 
Мен реформалар жос­парын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақ­станның әрбір азаматының тікелей қа­тысуын талап етеді. Реформалар – тек мем­ле­кеттік маши­наның ғана емес, ха­лықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаң­ғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының кү­ші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола бе­реді. 
Мен реформаларды жүзеге асы­рудың қатаң бірізді болуын қалаймын. Бірінші. Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйе­сін реформалау, онда қызметшілер азаматтар құқықтарын құрметтеп және олар­дың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мем­ле­кет­тік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азамат­тарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер бері­летін әділ қазақ­стандық қоғамның түпбей­несіне айналады. Екінші. Реформа сот жүйесін жеке мүдде қуу­шылықтан ада етеді. Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолже­тімді бол­мақ. Жекеменшік құқығы мызғы­майтын болады. Инвестициялық сот және халық­ара­лық төрелік сот орталығы үздік ха­лық­­аралық тәжірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тартым­дылардың бірі етуі тиіс. Үшінші. Әлемде «қазақстандық эко­номикалық ға­жайып» термині қазірдің өзінде пайда болды. Шыны­мен де, біз қысқа мер­зімде өте көп жұмыс атқардық. Бүгінде Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы. Бірақ тоқтауға болмайды. Реформалар ұлттық экономиканы білімге негіз­делген озық экономи­каға айналдырады. Шешуші міндет – қа­зақ­стан­дықтардың тұрмыс жағ­дайын жақ­сарту. Бұл кең көлемде орта тапты құру үшін қағидатты түрде маңызды. Ин­дустриялан­дыруға негізделген экономи­калық өсімді қамта­масыз ету үшін біз түбегейлі құры­лымдық реформаларды жүзеге асырамыз. Білім беру мен денсаулық сақтау Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұста­натын болады. Экономиканы әртарап­тандыру үшін біз өңдеу өнеркәсібіне транс­ұлттық компанияларды тартамыз, ол Қазақ­станның әлем­дік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді. Біздің еліміз Еуразияның көліктік және логис­тика­лық орталығына айналмақ. «ЭКСПО-2017»-нің жоғары технологиялы ин­­­фра­­құры­лым­дары ар­қауында ерек­ше мәр­тебемен «Ас­тана» қаржы орталығы құры­латын болады. Төр­тінші. Біздің қоға­мы­мыздың көп­түр­лілігі – біздің әл­сіздігіміз емес, күшіміз. Бар­лық азаматтар құ­қық­тың бірдей көлемін пайдаланып, жауап­кершіліктің бірдей жүгін арқалап және түр­лі мүмкіндік­терге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамы­мыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тіл­дерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыс­тылық культі, толеранттылық, шын беріл­гендік пен патриотизм біріктіреді. «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар – астық өсі­рің­дер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар – Адамды тәрбиелеңдер» деген біздің ата-ба­­ба­ларымыз. Мәңгілік Ел құндылықтары біз­­дің бақуатты болашағымызға бағдарлама болады. Сондықтан біз елдің бірлігі мен топтасқандығы үшін одан әрі де өзіміздің ор­тақ  азаматтық біртектілігімізді нығайтуымыз керек. Бесінші. Реформа мемлекеттік аппа­раттың жұмысын мөлдір және азаматтарға есеп беретіндей етеді. Мемлекет жинақы болуы тиіс және өкілеттіктердің көбін мемле­кеттік секторға беру қажет. Мен ұлтқа ұсынып отырған реформалар жоспары, біріншіден, беймаза әлемде азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге, екіншіден, инклюзивті, бә­рін қамтитын жаңғыртулар жүргізуге жағ­дай жасайды. Тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары біз егемен мемлекеттің негізін қаладық. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың бірінші сатысы болатын. Одан кейін нығайып алған соң, біз қалыптасқан мемлекетке қарай қадам жасадық. Бұл екінші саты болатын. Енді ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың үшінші сатысы болмақ. 
Құрметті қазақстандықтар! Ұлт Жос­парын табысты орындау қолайлы халық­аралық ахуалды қажет етеді. Біз өзі­міздің стратегиялық әріптестеріміз – Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ елдерімен, Ислам әлемімен ынтымақтастықты жалғас­тырамыз. Біз халық­аралық ұйымдарда белсенді жұмыс істей­тін боламыз. Орталық Азиядағы көш­басшы ретінде Қазақстан біздің өңіріміздегі қауіп­сіздік пен экономикалық дамудың ортақ архитектурасына қолдау көрсетеді. Біздің Еу­р­а­зиялық экономикалық одақ бойынша өзіміз­дің ең жақын әріп­тестеріміз – Ресеймен, Беларусьпен, Қыр­ғызстанмен және Армениямен қатынас­тары­мыз айрықша болмақ. Қазақ­стан­дық дипломатия ислам әлеміндегі және пост­кеңестік кеңістіктегі өткір өңірлік дау-жанжал­дарды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігерін ұлғайта түсетін болады. 
Құрметті отан­дастар! Қымбатты достар­! Бүгінде біздің алды­мызда жаңа сын-қатерлер туындап отыр. Біз­дің жауабы­мыз – мемлекетті нығайту және ұлтты жаңғырту. «Асу бермес асқар жоқ» дейді қазақ даналығы. Қазақстандық жол біздің ұлты­мызды бір мақсат пен ортақ ар­манға топтастырды. Сайлау әрбір қазақстан­дықтың өз алдындағы және ел алдындағы өз борышын түсінетінін көрсетіп берді. Менің рефор­малардың табыстылығына, менің хал­қым мен мемлекеттің табыстылығына деген сені­мімнің қайнар көзі де осында. Мен ұлтқа өзім мәлім еткен реформаларға барынша кең түрде атсалысу жөнінде үндеу тастаймын. «Республика» сөзі латыннан сөзбе-сөз «ортақ іс» деп аударылады. Қазақстанды жаңғырту – біздің ортақ ісіміз де осы. Алда қандай сы­нақтар тұрмаса да, біз мемлекетіміздің қуаты мен халық даналығына арқа сүйей отырып, оларды еңсеретін боламыз. 
Осынау салтанатты сәтте Ақтаудағы №7 мектеп-лицейдің бесін­ші сынып оқушы­сы Карина Данилованың конкурстық шығар­масынан менің жан дүнием­нің ең бір тереңіне қозғау салған сөзді келтіргім келеді: «Менің Чешенстан мен Тәжікстан­дағыдай соғыс болмайтын, әр кезде де қолайлы және бейбіт елде өмір сүргім келеді, Ұлы Отан соғысының ардагері болып табылатын менің ұлы атам мен ұлы әжем ол елден кетуге мәжбүр болды. Аспанымыз бейбіт болсын – міне, әрқайсымыз үшін де ең бастысы осы», деп жазады ол. 
Біз есейген ұлтпыз, жаңа дәуірге батыл қадам жасаудамыз. Біздің мәң­гілік Қазақстан жері ізгілікті болсын! Біздің біртұтас ұлтымыз қуатты болсын! 
Қымбатты отандастар! Ме­нің халқым – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық. Мыңжылдық тарихындағы ең бірегей бетбұрысында хал­қымның зор сенімін арқа­лағаным – мен үшін ең биік мәрте­бе. Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыс­тау – баршамызға ортақ парыз. Жаңа ғасыр­дың сын-қатерлеріне төтеп беріп, дамыған елдердің қатарына қосылу – ортақ жауап­кер­шілік. Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бір­лікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз. 
Бүгін Қазақстан тари­хының жаңа беті ашылды. Біз дамудың даң­ғылына тың қар­қынмен аяқ басамыз. «Бес ха­лықтық реформаны» табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз. ХХІ ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадіріне жету арқылы Мәңгілік Ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым! 
Қазақстанның жұл­дызы жоғары, жолы нұрлы болсын! Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алдыңғы «
Келесі »