Елдік мұраттан айнымаған азамат

  • 18.05.2015
  • 434 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ол жастайынан өмір тауқыметін көрсе де, «анасының арқасында жаны, санасы, рухы жетімдік көрмеген», ал, әкесінің қатал әрі әділ талабы оған «өмір бойы бас киімін ғана емес, бар киімін қадірлеп, күтіп киюді, жалпы  өне бойы, жүріс-тұрысы, ішкі сана тәртібін қадағалап жүруді ережеге айналдыруға үйреткен», бүгінде «өмірдің мәні – өмірдегі адамгершілік қатынасты жалғастыратын ұрпағың» деген ұстанымды қағида еткен ұлтжанды қайраткер.

Тарихтың өтпелі кезеңдерінде ұлтымыздың рухани ұйысуына және халықтың тарихи санасының серпілуіне ықпал ететін тұлғалардың болатыны шын­дық, осындай жауапты да абыройлы міндеттерді арқалау әрқашанда хал­қымыздың ақын-жазушы, журналистер сана­тындағы рухы мықты азаматтарының пешенесіне жазылатыны да рас. Біздің мақа­ламыздың кейіпкерін де осы қатарға еш ой­лан­бастан қосар едік, бұл турасында абыз жазушы Әбіш Кекілбаев: «Жас тәуелсіз мемлекет пен демократиялық қоғамда жаңа ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті қалыптастыру үлкен идеялық ізденістер мен ұйымдастырушылық күш-жігерді талап етті. Бұған бұқаралық жұмыстың домна пешінде құрыштай шынығып өскен Қуаныш Сұлтанов мейлінше төтеп бере білді» десе, ал, оның азаматтық ұстанымына адалдығы жайлы қазақтың танымал азаматы Б.Құсанбек: «Қоғам қанша аударылып төңкерілсе де, қандай лауазым биігінде жүрсе де, елдік мұраттан, нағыз ерге тән мәрттіктен айнымаған асыл аға ғой» – деген.
Ұлттық мүддені қорғауды өз өмірінің өзегіне айналдыру көп азаматтардың қо­лынан келе бермейді. Қазақ журналис­тика­сындағы қазіргі жас буын қалам­герлердің аға буыннан үйренері көп десек те, соның ішіндегі кәсіби қызметтегі ең қажеттісі де, әрі ең ұтымдысы да, ол – олардың ұлтжандылық қасиеттері мен өзара кәсіби ынтымақтастығы. Белгілі публицист Уәлихан Қалижан бүгінгі Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың Қазақстан комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезіндегі ұлттық мүддеге деген жанашырлығы туралы былай деп жазады: «Ол кезеңдердегі редакторлардың қаншама кеңестік жүйе деп айтқанменен, олардың азаматтық ұстанымы, көзқарасы ерекше болатын. Қалай болғанда да, ұлттық мәселеге келгенде, партияның Орталық Комитетінің өзі осы жастар газетінде шыққан ма­териалдарға аса шұқшия қарамай, тепкілемей, қоғамдық ойды қозғайтын» (У.Қалижан «Ұлттық мүддені кеңес кезінде-ақ көтеріп едік», «Қазақ үні» газеті, 14.07.2014). Ал, Кеңестік идеологияның тұсында ұлтжанды азаматтардың өзара ынтымақтастықта болғанын былайша көр­­сетеді: «…партияның қып-қызыл идео­­логиялық бағытына қарамастан, «Лениншіл жас» газеті жыл сайын, жиырма екінші наурызда «көктем» нөмірін жасыл бояуменен шығаратын. Ал, мұны идеология бөліміндегілер білмейді емес, біледі. Ол жерлерде Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков секілді азаматтар отырды. Бірақ, солардың өзі де, жастар газетіндегі материалдарды іштей қолдайтын. Сосын, өзім де «Лениншіл жас» газетіне Бас редактор болып барғанымда, сол үрдісті жалғап, Мұхтар Шахановпен бірге «көктем» нөмірін шығарып, Наурызды қайтып әкелдік. Міне, газеттің күші деген осында. Сол кездерде Өз­бекәлі Жәнібеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идео­логия жөнінен хатшысы еді. Ол кісінің өзі жас­тар газетінде шығатын материалдармен мұқият танысып, жоғары жаққа қоғамдық пікірдің қандай екендігін жіті түсіндіріп отыратын еді».
90-жылдардың бас кезінде ел газеті «Со­циалистік Қазақстанның» тізгінін «Әді­­леттің ақ жолынан аттамаңдар! Тек ақиқатты, шындықты жазыңдар! Әрине, ұлтымыздың мақсат-мүддесі тұр­ғысынан. Қазақ өз елінде отырып, мүсәпір күй кешпеуі тиіс!…» деген ұстаным жолында ұжымды ұйыстырған Ш.Мұртаза ұстаған тұста,  сол кезде Орталық Комитетте бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Қ.Сұлтановтың редак­цияға келіп, шынайы түсіністік танытып әрі жанашырлық білдірген сөзін де айтпай кетуге болмас: 
– Сіздердің алдарыңызда ең жауапты, ең маңызды міндеттер тұр. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын мүйізі қарағайдай газеттеріңіздің беделі төмендеп кеткені шындық. Оны жасыра алмаймыз. Жалтақсыздар… «Өгіз өлмес, арба сынбас» сипама сын абырой әпермейді. Мінеки, сондықтан да Шерағаңа үлкен қолқа артып, тың­нан түрен салуды өтініп отырмыз. Қа­лың көпшілік сүйсініп оқитын газет жасауларыңыз керек. Алғашқы ұш­қындары байқалады. Әрине, уақыт ер­те. Ең бастысы, бірігіп, ынтымақтаса құл­шынып еңбек етулеріңіз тиіс (Ж.Ел­шібек «Жолы жұмбақ жалғанның». Qasym.kz сайты).Бұл жерде «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мақал еріксіз ойға оралады, шынайы жан­ашырлықтың үлгісі осындай-ақ болса керек!  
Өткен ғасырдың 80-жылдарының со­ңында еліміздің даму бағыты басқаша қарқын алып, ұлт мәселесіне қатысты көз­қарастар өзгере бастады. Осынау өтпелі кезеңде де ұлт мұратына қызмет ету мақ­сатында қазақ зиялылары жұдырықтай жұмыла білді. Бұл туралы Ә. Кекілбаев ағамыз: «Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбековтермен бірге талайдан бері қапымыз кетіп келген сүр мәселелерді қайта қаузай бастадық. Қоғамдағы процестердің одақтың ыдырауына апарып  соқтыратынын ішіміз сезіп жүрді. Билікті партиядан мемлекеттің қолына біртіндеп өткізе беру  керектігі айқындала бастады. Бұны алғашқылардың бірі болып қолға алған Қазақстан болды. Сол жыл­ғы күзде орталық комитеттің бі­рін­ші хатшысы Жоғарғы Кеңеске төраға болып сайланды. Келесі көктемде Мырзатай екеуміз барлық істі Қарағандыдан қайтып келген Қуаныштың қолына тапсырып, аппараттың жігіттерімен қош­тасып, біріміз үкіметке, біріміз Жоғарғы Кеңеске кеттік. Бірақ, бәріміз жаңа дәрежеде баяғы сол үйреншікті терінің пұшпағын жаңаша илеуге бірігіп қайта кірістік. Бәріміздің алдымызда әрі қиын, әрі қызық тосын міндеттер тұрды» деп еске алады.
Жоғары билікте ұлт мүддесіне қызмет етуді мақсат тұтқан тұлғаларды тұқыртып, олардың жолын кес-кестеп отыратын, тек өздерінің қарақан басының қамын күйттеген жандардың қай замандарда да болатынын тарих көрсетіп келеді. Бұл тауқыметтің азабын ұлт жанашырларының да бастан кешкенін Ә.Кекілбаев: «Партияның өрісі күннен күнге тарылғанмен, «ескі жұрт­та» қалған Өз-аға мен Қуаныштың мойнындағы парыз жеңілдей қойған жоқ. Жоғарғы кеңесте ұлттық егемендік пен тәуелсіздік алу жөніндегі  ашық күресте тізе қосысып бірге жүрдік. Төртеуіміз де мен төрағалық ететін ұлт саясаты мәдениет пен тілді дамыту комитетінің құрамында  едік. Бір топ өнер, ғылым қайраткерлері мен бірге парламент көңіл-күйіне оң ықпал етуге күш салдық. Сөйтсек, қызметке барғанда  бұрынғы екі тізгін, бір шылбырды қолдарына ұстап қалмақ ескі аппарат Өз-ағаң мен Қуаныштың шаужайларына жармасып бағады екен. 
Ол кезде республикалық орыс тіл­ді газетке біздің  комитеттің мүшесі, әлем­­дік танымалдыққа ие қайраткер, қа­ламгер, елжанды азамат Әнуар Әлім­жа­новтың кандидатурасын ұсынып барған Қуаныштың басына Орталық Ко­ми­теттің екінші хатшысы В.Ануфриев: «Сен, расында да, түзелмейтін ұлтшыл екенсің!» – деп баяғыдан бері кеудесіне сыймай  келген зілді запыранды бір-ақ бүркіпті» деп жазады.
Ағаларымыздың ұлттық мүддеге қызмет етуді негізгі меже тұтып, осынау жолда бір-бірін үнсіз түсінісіп, бір-біріне қолдау көрсетіп кәсіби ынтымақтастықтың жасампаз үлгісін көрсетудегі жанкештіліктерінің алдында қалай бас имейсіз?!
Замана сөзін сөйлеп, ұлтқа жанашыр сөз айту, ұлтты бір мұрат жолында қызмет етуге жұмылдыра білу қалам ұстаған Қуаныш ағамыздың да пешенесіне жазылған бақ десек артық болмас. «Бүгінгі жаһандық ақпараттық заманда жер қашықтығы да ешнәрсе болмай қалды. Кез келген қауіп-қатердің, әлеуметтік қайшылық, қақтығыстың өңірлік, тіпті, континентаралық, жаһандық сипат алып кетуі немесе өте қысқа мерзімде күтпеген кеңістікке таралып, көптеген адамдардың көңіл-күйіне, санасына өзіндік ықпал ету мүмкіндігі артты» – деп алаңдап, осынау тұста ұлт болып қастерлер межені былайша көрсетіп береді: «Біздің ең үлкен қасіретіміз – ұзақ уақыт ұлтқа қарсы жүргізілген астарлы саясаттың шынайы табиғатын түсіне алмауымызда. Яғни, тікелей, астыртын келген, келетін қауіпті жете білмегенімізде. Ұлттық бірлік идеясы бүгінгі таңда да қауіп үстінде. Ұлттық бірлікке біз өзіміз ел ішінде мән бермеуіміз мүмкін. Ал, дәл осы жағдайға өз мүдделерін алдымен ойлайтын басқа мемлекеттер, саяси күштер алдымен қазақтардың аңғалдығына, әсіресе, шетелден келген қонағына шексіз жомарттығына назар қояды. Сондықтан да, еліміздің тәуелсіздігі туралы айтқанда, ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілуі бұлжымайтын құндылық болуы тиіс». Қаламгер біздің елімізде ұлттық мүдде мен ұлттық бірліктің мынандай екі бағыттағы сипаттамасын қатаң ескеру керек екендігін айтады: «біріншісі – қазақ халқының ішкі бірлігі, тұтастығы, татулығы. Мемлекеттің тұрақтанып, гүлденуі сөз жоқ ең алдымен қазақ ұлтының жетістігі болары анық. Екіншісі, қазақ халқының бастамашылдығымен Қазақстанда тұрып, өмір сүріп, елдің жасампаздығына белсене қатынасып келе жатқан барлық ұлттардың қазақпен бірге бірлігі, өзара түсіністігі, бір мүдде, бір мақсат жолындағы ынтымақтастығы». 
Жаһандану ғасырында өзіміздің ұлттық келбетімізді қайткенде сақтап қаламыз, сыртқы күштердің мәдени экспансиясына қалай төтеп береміз деген сауалдың ұлт болашағы үшін алаңдайтын кез келген азаматты толғандыратыны рас. Осы қитұрқы саясаттың жай-жапсарын ағамыз былайша көрсетеді: «Алып, қуатты, қолында технологиясы бар мемлекеттер ела­ралық қатынаста экономикалық, қар­жылық нәтижелерге басымдық бере отырып, ұлттық-рухани құнды­лықтардың халықаралық қарым-қатынастағы маңыздылығын еш жерде ешқандай келіссөздерде алға шығарып айтпағанмен, түпкі саясатында өздерінің мейлінше үстемдігін көздейтіндігі байқалады. Олар әдетте жергілікті немесе басқа ұлттардың мәдениетіне, тіліне тікелей араласпайды. Сырт көзге тіпті мән бермегендей де құлық көрсетеді. Мұндайда жастардың еліктегіштігі жақсы ескеріледі. Олар қызығады-ау дейтін музыкалық, әдеби көпшілік шығармалар жаппай таратылады». Жалпы, Еуропаға көзсіз, жалаң еліктеудің жақсылыққа апармайтынын, яғни, «Еуропаның нағыз шынайы мәдениеті қажет етпей лақтырып тастаған қоқысын жерден алтын тапқандай өзімізге мәдениет етпейік» дегенді құлаққағыс ете отырып, «медицина, білім, ғылым, технология қай салада болсын алдымен адамдарды, қажетті мамандарды нақты бір проблемаға оқытып, біліктілігін тиянақтап, адам потенциалын, мүмкіндігін сауатты, орнымен пайдалануды Еуропадан үйренудің еш артықшылығы жоқ» – дейді.  
Елбасымыздың сенімді серігі болып, әрқашанда тілектес әрі қолдаушы  болып жүргені жайлы журналистердің сауалына қайраткер ағамыз былайша жауап берген екен: «Ол – Назарбаев үшін емес, ел арасындағы бірлік үшін керек деп ойлаймын. Мысалы, Қытайда мемлекет басшылығында бұрын 7, қазір 9 адамнан Саяси Бюроның тұрақты мү­шелері бар. Келелі мәселелерде солар пікір таласпайды десек қателесеміз. Дү­ниежүзілік Сауда ұйымына кірерде сол кездегі Премьер Чжу Чжунзи шұғыл өзгерістер жасау керек десе, Бүкіл қытай халық жиналысының төрағасы, бұ­рынғы премьер Ли Пэн өзгерістерге бірте-бірте елдің әлеуметтік көңіл-күйін ескере отырып, ДСҰ шарттарына бару керек деді. Сонда төраға Цзян Цзямин: «Қандай шешім қабылданса да халық басшылық бірлігін көру қажет» деген уәжді ұстанған». Бұл пікірден елдіктің сөзін сөйлейтін азаматтардың ұлттық мүддені ту еткен әр ісінде «өз өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген нақыл сөзді негізгі ұстаным ету қажеттігін ұққандай боласыз.   
Әлеуметтің көңілін табу үшін, оның тілегін тиісті орындарға жеткізіп, оның шешілуге тиісті мәселе екеніне биліктегі адамдарды иландыру үшін журналистке «Көкейге қона қалатын сөзді кезін тауып айту» (Ғ.Мұстафин) шеберлігі мен қайсар мінез қажет екенін білеміз, алайда мұндай қабілеттің де сирек жандардың пешенесіне жазылатыны шындық. Осындай кәсіби қабілет бойына дарыған азаматтың халық қалаулысы болып, Парламенттің төрінен орын алуы, яғни, саясат сахнасына бекініп шыққаны да кездейсоқтық емес. 
Азаматтың қоғамдағы алар орнын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі, ол – оның  қоғамнан алғанынан бергені, қайтарғандығы молдығында дейтін бол­сақ, ағамыздың да еліміздің рухани қабырғасының сөгілмей, қатая түсуі жо­лында еткен еңбегінің бұл да бір өтемі дей тұрғанмен, бұл азамат көтерер жауапкершілік салмағының артқанын көрсететін дәлел. Мұндай лауазымды қызметте қалың елдің аманатын арқалаумен қоса, өзі жастайынан тізгінін ұстап, соның қара қазанында қайнаған журналист қауымының да тілекшісі болып, олардың мүдделерінің қорғаушысы болып жүргені де шындық. Бұл сөзі­мізге депутат ағамыздың Парламент қа­бырғасында жүріп, журналистердің шығармашылық бағытта қордаланып, шұғыл түрде шешуді қажет ететін де­пу­таттық сауалдарды көтеріп және олар­дың оң шешім тауып жатқандарына себепші болып жүргені айғақ болады. 
Өткен ғасырда өмір есігін ашқан перзенттер жайлы ақиық ақын М. Мақатаев «Құр­меттеңдер, жиырмасыншы ғасырды» өлеңінде былайша жырлайды:
Біздер мына дәуірменен бірге өстік,
Қарап соның қабағына күн кештік.
Уақыттың үніменен тілдестік,
Уақыттың көшіменен бір көштік.
Ендеше, біз де жиырмасыншы ғасыр та­рихының куәгері Қуаныш ағамызға алдағы ғұмырыңызда XXI ғасырдың да үні­мен үндесіп, осы ғасырдың өркениет көшімен ілесіп, адамзаттың өмірін жалғастырып жү­ре беріңіз деген тілек айтамыз.

Сағымбай Қозыбаев,                                                  
 Орынтай Ошанова

Алдыңғы «
Келесі »