ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ 1939 – 1956 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамында болған Фрунзе ауданының жылнамасы

  • 18.05.2015
  • 380 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам 
қайраткері

 

Ең масқарасы, колхоз председателі Ұзынтаев басқалардан озық көрініп, кеуде керу үшін астық қабылдау мекемесінің бастығы Сопбековтен өткізілмеген 10 тонна астыққа күні бұрын ордер кестіріп алып қойған. Нақ осындай көзбояушылық күні кешеге дейін, социализм құлағанша жалғасып келгені мәлім… Жылнамашыңыз көбіне-көп қол күшімен атқарылған жұмысқа елігіп кетті ғой деймін, техника қайда қалды деген сауал туындайтыны рас. Баяндамашы оны да ұмытпапты. Егін орағы үшін МТС 10 комбайн, 10 трактор, 9 лобогрейка, 2 молотилка жөндеп, жеріне жіберген. Сондықтан 3 мың гектар егін комбайнмен жиналады деп жоспарланған. Ал олар орақ басталғалы бері 803 гектар жердің астығын ора алған, яғни тындырғаны жоспардың төрттен біріне де жетпейді. Екі молатилка 800 гектар жердің астығын бастыруға тиіс деп жоспарланса, екеуі жабылып 93 гектардың ғана дәнін бастырған, 9 лобогрейка 720 гектар егін ормақ болса, тындырғаны 271 гектар. Бір қызық жағдай бар. Нақ осы жылы Шорнақ МТС-ы (директоры Омаров) техника жөндеу жоспарын ылғи да асыра орындағаны үшін облыстық Құрмет тақтасына бірнеше рет жазылған. Ал іс жүзіндегі жағдай әлгіндей.


Егін ору да, бидай, арпа бауларын қырманға жеткізіп алу да, оны атпен, өгізбен не, сәті түссе, молотилкамен бастыру да, дәнді тазалау да, оны аудан орталығындағы қабылдау пунктіне жеткізу, тиісті сортпен өткізу де қыруар уақытты талап ететіні сол тірліктермен айналысатындарға ғана мәлім. Аудан бойынша тындырылған тірлік мынадай екен. Мемлекетке астық тапсыру жоспары 5443 центнер, өткізілгені 4693, қалғаны 750 ц. Қызыл Армия қорына: жоспар 3073, өткізілгені 2747, қалғаны 326 центнер, МТС қызметіне заттай ақы: жоспар 2929, өткізілгені 1540, қалғаны 1389 центнер, жаудан азат етілген аудандарға астық жөнелту жоспары 1600, тапсырылғаны 108, қалғаны 1492 центнер. Әлі өткізілмеген астықтың өзі бірталай болғанымен, онан құтылу ауданды абыржыта қоймайтын сияқты. Диқандардың өзіне сенімі былтырғыдай емес, әлдеқайда кеуделі.
Осылардың үстіне колхозшылардың еңбек күніне төленуге тиісті ақы бар емес пе? Амал нешік, нақ осы тұс баяндамада, бұрынғысынша, ұмыт қалыпты. Жоспар дегенің заң, оны орындамау қылмыс екенін, орайына қарай, бірталай айтқанбыз. Бірақ, еңбек күн ақысына кемінде пәлен сом ақша, пәлен килограмм астық, пәлен килограмм ет, май берілсін деген жоспар ешқашан жасалмай-ақ кетті.

Керексіз нәрсені істейтін пендені «ақымақ» дейміз де қоямыз ғой. Арғы жағын «тергеп» жатпаймыз. Керекті нәрсеге – астыққа да, көксағызға да, итсигекке де – ақша төленеді. Бірақ төлем көлемі жағынан солардың ешқайсысы, тіпті мал өнімдері де мақтаға жетпейді. Ол солдаттың да, басқаның да киімі ғана емес, оқ-дәрі де. Сондықтан айқайдың көбірегі де сол төңіректе. Ауданда 1943 жылы 1700 гектар мақта егілгенін айтқанбыз. Сталин жолдасқа жазылған хатта 17,5 центнерден өнім аламыз деп уәде берілген. Межені меңгермеу – былайғы жұрт көзіне тура қарай алмай, бүгежектей беру. Гектарынан 17,5 центнер мақта –  тұқым себуден басқа жұмыс қол күшімен атқарылатын сол заманда жаман көрсеткіш емес. Бірақ ол межеге жету үшін түптеу бар, суару бар, шабықтау бар, жегенелеу бар, шырпу бар, теру бар – қысқасы, қысқа дейін тынымсыз жұмыс. Әрі сол жұмыстардың бәрі бір рет қана емес, әлденеше рет істелінеді.
Шілденің аяғы ғой, соның 25-іне дейін 1594 га екі рет, 1438 га үш рет, 147 га төртінші рет, 478 га бесінші рет шабықталыпты. Культивация деген бар. Жерді қопсыту дегенге саяды. Мақтаны өсіру барысында қолданылатын міндетті шараның бірі. 1620 га мақталық екінші рет, 1304 га үшінші, 208 га төртінші рет қопсытылыпты. Қай жұмыс болсын біреу ерте, біреу кеш бітіріп жатады. Жиындарда соған қарай ауызға ілігеді. Бұл жолы баяндамашының аузына алдымен «Ақсары» колхозы ілігіпті. Жалпы «Ақсары» көбіне жақсы жағынан ауызға алынатын шаруашылық екені аңғарылады. Сол колхоз 75 га мақтасын үш рет түгел, 43 гектарын төртінші рет суарып үлгеріпті. Шабықта да өзгелерден ілгері екен. Төрт шабықты атқарып, 25 гектарды бесінші рет шабықтап шыққан. «Ақсарыдан» оза алмаса да, «Игілік», «Ынталы», «Фрунзе» кенжелеп қала қоймапты. 
Алайда, жұмысы реніш тудыратын шаруашылықтар да жетерлік. «Қызыләскер» мақтаны ең көп егетін колхоздардың бірі. 120 гектар. Былай қарағанда жаман емес сықылды – үш рет суарып үлгерген, 75 гектар төртінші рет су ішкен. Ал шындап келгенде; мақта алқабын жүйек бойлап емес, жаппай суару, мақта суын беталды ағызып жіберу, жеке меншік бақшаға бұра салу фактыларына жол берілген. Сапасыз суарылғандықтан бірнеше гектар мақта шөлдеп қалған, Егембердиев бригадасы тіпті 3 гектар мақтаны түгел шауып тастай салған.
«Қаражон» колхозы 65 га мақта еккен, соның бір гектары ғана үшінші су ішкен, 30 гектар ғана төртінші шабықтан өткен, бірақ соның бірде-бір гектарында топырақ қопсытылмаған, 50 гектар мақталықты арам шөп басқан. «М.Горький», «Крупская», «Куйбышев» колхоздарындағы жұмыс та дәл «Қаражондағыдай».
Демек, көсемге берген уәде орындалу үшін мақта баптауды, оны көректендіруді шұғыл жақсарту керек.
Аудан құрылғанға дейін ондағы колхоздардың негізгі тірлігі мал шаруашылығы болғанын айтқанбыз. Құрылғалы бері бұл сала біраз ілгеріледі. Дегенмен, 1943 жылғы нақты жағдай мал саны жоспардағыдан да, Сталин жолдасқа берілген уәдеден де кем екені бірден ортаға салынған. Жылқы да, түйе де, ірі қара да, қой-ешкі де солай. Шошқа екі бастан. Тілге тиек етерлігі «Игілік», «Ақсары» колхоздары. Ал «Шорнақтөбе», «Куйбышев», «Үлгілі», «М.Горький» колхоздары (басшылары Садырбеков, Бабажанов, Байменов, Ижанов) міндеттеме былай тұрсын, жоспардың өзін орындай алмаған. Себеп-малдың көп шығын болуы. Мәселен «М.Горький» колхозында жыл басынан бері 132 қой-ешкі, 2 түйе, 14 ірі қара, 2 жылқы шығын болған. Орны толтырылмаған. «Қаражон», «Фрунзе», «Қызыләскер», «Құмайлықас», «Крупская» колхоздарында да.
Актив жиналысы өткеннен кейін іле-шала, 28-июльде аудан мемлекетке және Қызыл Армия қорына астық тапсыру жоспарын 100 пайыз орындап шыққан.
Кезекті тағы да «Стахановшы колхозшыларға» берейік.
«СК», 1943 ж. №35–50.
* «Құмайлықас» колхозшылары майдандағы бауырларының күш-қуатын арттыра түсу үшін 50 кг ет, 6 кг сары май, 10 кг ұн жинап жіберді.
* «Ынталы» колхозы шөп орағына 7 адам, бір шөп мәшинесін шығарып, 80 тонна жоңышқа, 100 тонна пішен шауып, жинады. Бұл жұмысқа малшылар жегілген жоқ.
* «Ақтөбенің» звено жетекшілері Сыздықова, Есенаева мақта шабықтауда күндік нормаларын 300%, Шопалова, Нәлібаева 150-175% орындап жүр.
* 1943 жылдың заемына жазылу басталды. Аудан еңбекшілері алғашқы бес сағатта 1 миллион 46 мың сомға бір ауыздан жазылды. «Қаражон» ауылсоветіне қарасты колхоздардың мүшелері алғашқы күні 150 мың сомға жазылды. Фрунзе орта мектібінің мұғалімі Исмаилов, «М.Горький» колхозшысы Мұратбек Сапарбеков, партия ұйымының хатшысы Пірмахамбет Баймұратов, Төлебаев Байгенже, «Фрунзе» колхозшылары Қошан Сәрсенбаев, Даңбеков, Құлметов 10 мың сомға жазылды. «Ынталы» колхозшылары 1 сағатта 40 мың сомға жазылып үлгерді. Үш баласы майдандағы Байғабылова 1500 сомды қолма-қол төледі.
* «Құмайлықас» колхозының мүшесі Әбдуәлиева Шолпан бұрын колхоз өндірісінде ауыр жұмыс істеп көрмеген еді. Рахия Тұрарованың хаты жарияланғаннан кейін қолына кетпен алды. Жұмысқа ерте шығып, кеш қайтатын, нормасын 2-3 есе орындайтын болды. Жақында ол звено жетекшісі болып тағайындалды. Қарауында 7 адамы бар. Кәзір ол звенолардың алды.
* Июньнің 12-іне дейін аудан еңбекшілері 1 миллион 926 мың сомның заемына жазылып, 1 миллион 292 мың сомды қолма-қол төледі. Колхозшылар 1 миллион 403 мың сомға жазылып, 1 миллион 90 мың сомын қолма-қол берді.
* «Жамбыл» колхозшысы, екі баласы әскерге кеткен, 63 жасар қарт Арын Көшкенбаев митинг үстінде 6000 сом берді, Әбсадық Қыпшақбаев 5000, Әбдімәжитов 3000 сомға жазылды.
* «Майдамталда» Бекболатова, Тұрлыбекова, Сәкеева, Ханбетова нормасын 2 есе орындап жүр. Сушы Төлеген Ақышев олардан қалысар емес.
* «Қаражон» колхозшылары Қызыл әскерге 56 кг ет, 4 кг сары май, «Ленин» 53 кг ет, «Құмай­лықас» 48 кг ет, 4 кг сары май жөнелтті.
* Бабай ауылсоветінің колхоздары қызыләс­керлер семьяларына 40 уақ мал, 10 мың сом ақша, 30 кг сары май, 100 кг жүн, 80 тері бөлді.
* «Құмайлықаста» 11 адамнан гвардиялық бригада ұйымдастырылған болатын. Ондағы Мәдіқожаева, Ғаппарова, Әбішова, Әлметова, Абдулқасымова бидай оруда нормасын 300% орындады.
* «Ленин» колхозында 72 жасар Молдарман қарт қырман суыруда күніне 5-6 тонна астық тазалайды. Ол 6 ай ішінде 372 еңбеккүн тапты.
* Қарсыбай Сыпатаев (Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш Совет Одағының Батыры. Сталинградты қорғауда опат болған – авт. Н.О.) атындағы сүңгуір қайық жасау жөніндегі облыс комсомолецтерінің бастамасы қолдау тапты. «Үлгілі», «Ақсары», «Ақтөбе» колхоздарының бастауыш комсомол ұйымдары алғашқы күні 2000-3000 сомнан жинады.
* Аудан комсомолецтері мен жастары Қарсыбай Сыпатаев атындағы сүңгуір қайық жасауға 26 мың сом жинап, тапсырды.
* Мақта егісінде 4 гвардиялық бригада, 19 гвардиялық звено ұйымдастырылды. Звено жетекшісі Әбсадықов гектардан 70 ц өнім алуға міндеттенді. «Ынталыда» гвардиялық бригадир Қарабекова, «Фрунзеде» гвардиялық звено жетекшісі Юлдашева аянбай еңбек етуде. «Ақсары», «Каганович» колхоздарының бастауыш комсомол ұйымдарының секретарьлары Шекербекова, Ағабаева жастарды ұйымдастыра білгендіктен, колхоздар пішен дайындау жоспарын асыра орындады. «Ақтөбеде» 14, «Игілікте» 7 жас комсомол қатарына қосылды.

* * *
Шаруақор жанға күн дегенің жүрісті күліктей, өтеді де кетеді. Келесі күннің атқарылатын міндеттері анталайды да тұрады. Августың, кәзіргі жазуымызша тамыздың 26-ында болған атқару комитетінің кезекті мәжілісі күздің де келіп қалғанын айғақтап, «мына шаруаң қалай, мына тірлігің не болды, мына міндетіңді ұмытып кетпедің бе?» деген сансыз сұрақтың сансыратпасына салғандай. Мұнысын қаралатын мәселелердің ауқымдылығы да айғақтайды.
Бірінші мәселе – мақта терімі мен күздік айдауға дайындық және колхоздар мен ауылсоветтер бойынша жасалған жұмыс жоспарын бекіту. Теке ауылсоветінің, «Каганович» колхозының председательдері Көпбаевтың, Өтеловтің, МТС директоры Омаровтың баяндамалары тыңдалған.
Анықталғаны көңіл көншітерлік емес. Мақта терімі, күздік бидай жерін айдау басталған, бірақ колхоздардың көпшілігінде қарқын жоқтың қасы. Теке ауылсоветіне қарасты колхоздар терімге нашар дайындалған, мақта қабылдау пункттері жөнделмеген, алжапқыш дайындалмаған, өрт қаупынан сақтану шаралары жасалмаған, саймандар әзірленбеген, әрбір мақталықтың қанша өнім бере алатынын анықтау жұмысы әлі бітпеген.
Күздік егісі жер жыртумен, тұқым дайындаумен, оны себумен аяқталмайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе тұқымды өніп шығу деңгейіне жеткізу бұлжымас талаптардың бірі. Бұл жұмыс әлі басталмағаны былай тұрсын, тіпті тұқым зертханаға тексеруге де жіберілмеген. Күздік егілетін жердің алдын ала суарылуы тағы бір шарт. Ал «1-май», «Шорнақтөбе», «М.Горький» колхоздары суды қалай пайдалану керектігін ескермей, оны далаға жіберген. Сондай-ақ колхоздарда мақта терімінің жоспары жасалмаған, жалпы жиналыстарда бекітілмеген.
Осыларды негізге ала отырып, атком жұмыстың бұл түрлерінің нақты аяқталу мерзімін белгілейді. Мысалы, мақта терімі мен күздік бидай жерін айдап бітіру жоспарын жасап, колхоздардың жалпы жиналыстарында бекітіп алу, мақта қабылдау пункттерін 30 авгусқа жөндеп бітіру, күздік бидай тұқымын 1 сентябрьге дейін кондицияға жеткізу, мақталық телімнің қанша өнім беретінін анықтауды 3 сентябрьге аяқтау, мақта сорттарын араластырып жібермес үшін арнаулы партықтар әзірлеу, күздік егіске қажет суды толық пайдалану, тұқым себуге маман кісілерді дайындау, колхоз председательдеріне, Қоқанбаевқа, күздік егісте тракторлар мен трактор сеялкаларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету Омаровқа тапсырылған.
Күз келіп қалғанда тиісті адамдардың тағы бір қамы – қора жөндеу, шөп дайындап бітіру. Осы мәселеге байланысты «Абай», «Фрунзе» колхоздарының перме бастықтары Нұрбаевтың, Юлдашева мен Асылбековтің, бас зоотехник Якупованың баяндамалары тыңдалған.
Анықталғаны – «Абай» колхозы жаңадан екі қора салып, жетеуін жөндеуге тиісті еді, соның төртеуі ғана жөнделген, пішен дайындау жоспары орындалмаған, дайындалған пішен мал қораларына тасылмаған, мемлекетке бересі шөп жоспарын орындамаған. «Фрунзе» колхозында мал қораларын жөндеу аяқталмаған, шөп шабу жоспары орындалмаған, жоңышқаның көп жері орылмай, қалып кеткен. Колхоз председателі Көшербаев, перме бастықтары тікелей міндетіне сүлесоқ қараған.
Осы мәселеде де атқару комитеті нақты шаралардың нақты тындырылу мерзімдерін белгіледі. Мәселен, шөп шабу, мал қораларын жөндеу жоспарларын 15-сентябрьге орындау перме бастықтарына, колхоз, ауылсовет председательдеріне міндеттелген. «Фрунзе» колхозы шөп шабуда аудан бойынша артта. Осынау олқылықты ескеріп колхоздың орылған шөбін өлшеп, мәселені аткомның келесі мәжілісіне әзірлеу Ғұламов пен Нәлиевке тапсырылған.
Қазақта «Уәде – құдайдың екінші аты» деген сөз бар. Бірақ уәдені ауызға келген түкірік деп білетіндер де жоқ емес. «Фрунзе» колхозының перме бастықтары Юлдашева, Асылбеков ауаткомның 1-августа өткен мәжілісінде де үйіп-төгіп уәде берген екен, мына мәжілісте олардың есебінің тыңдалуы да сол себепті. Бірақ екеуі де шөп шабуда да, қора жөндеуде де ештеңе мандытпапты. Сондықтан екеуіне де мұнысы қатаң ескертіліп, егер уәдеге көзқарас бұрынғысынша қала беретін болса, келесі мәжіліске ұйымдастыру мәселесі қойылатыны қаулыда анық көрсетілген.
Кемшілік аталған колхоздарда ғана емес екен. «Куйбышев» колхозы шабындыққа тіпті қол тигізбепті де. Бұл жәйт колхоз председателі Бабажановқа, Бабай ауылсоветінің председателі Құттыбаевқа ескертіліп, шабындыққа деп белгіленген жерлердің шөбін тездетіп орын алу соларға, сондай-ақ барлық колхоз және ауылсовет председательдеріне тапсырылған.
Уәде, уағда дегеннен туындайды, үшінші мәселе – «Мемлекеттік мал шаруашылығы мен оның өнімдері жоспары жөнінде көсеміміз Сталин жолдасқа берілген уәденің орындалуы туралы» деп тұжырымдалып, Сауран, Теке ауылсоветтерінің председательдері Ерімбетова, Көпбаев, «Ақсары», «Андреев» колхоздарының председательдері Қуандықов, Әбдірахманов жолдастардың есептері тыңдалған.
Сталин жолдасқа жазылған хатта Теке ауылсоветі бойынша жылқыны 1024-ке, ірі қараны 916-ға, түйені 88-ге, қой-ешкіні 6260-қа жеткіземіз деп уәде берілген. Кәзір қолда бары: жылқы – 1113, қара мал – 971, түйе – 78, қой-ешкі – 5876. Жылқы мен қара мал асыра, түйе мен қой-ешкі кем орындалған. Мал өнімін тапсыру көрсеткіштері мұнан едәуір төмен. Ет өткізу жоспарда 18325 кг, әзірге тапсырылғаны 17494, май 948 кг өткізілгені – 171 кг, брынза 936 – 886 кг, жүн 3565 кг – 2462 кг, жұмыртқа 1766 дана – 1666, тері 415 дана – 483 дана.
Көпбаев колхозшылардан қанша мал сатып алынғанын есебіне қоспаған, «Ворошилов» колхозының председателі Абдрахманов 21-августа болған бюро мәжілісінде шығын болған 170 малдың орнын толтыруға уәде берген, бірақ онысын орындамаған, ауылсовет басшысы оны қадағаламаған. «Ақсары» колхозының председателі Қуандықов шаруашылықтағы мал санын ұмытып қалған болуы керек, ақпардағыдан 200-ін кемітіп көрсеткен. Кемшілік «Андреевте» де бар. Қабылданған қаулы да нақты. «Ворошилов» колхозының мал шаруашылығын тексеріп, мәселені ауатком мен аупартком бюросының 1-сентябрьде болатын біріккен мәжілісіне дайындау Ғұламовқа, мал шаруашылығына қатысты барлық көрсеткіштерді жатқа білу Көпбаев пен Қуандықовқа, Сталин жолдасқа уәдені толық орындау, мал күтімін жақсартып, өлім-жітімге жол бермеу, мал өнімдерін 10-сентябрьге дейін толық өткізіп біту ауылсовет, колхоз председательдеріне тапсырылған.
Созыла түскен соғыс жағдайында балалар мекемелерінің тазалығы, мәдени жағдайы, денсаулығын тексеріп тұру күн тәртібінен түспеген шарттар. Осы туралы Қалабаев жолдастың есебі бойынша, ауданның 24 колхозында балалар мекемелеріне 595 бала тартылыпты. Бірақ осы күнге дейін не ағарту, не денсаулық бөлімінен олардың жұмысын ешкім барып тексермеген. Бабай, Қаражон, Шорнақ ауылсоветтеріне қарасты балалар мекемелеріне қамқорлық нашар.
Осыларды көрсеткен ауатком балалар мекеме­леріне жағдай жасау, тамақтандыру, ойыншықтар алып беру секілді мәселелерді толық шешу ісін колхоз, ауылсовет председательдеріне тап­сырған, балалар денсаулығын мезгіл-мезгіл тексертіп отыру, 2-сентябрьге дейін балабақша бастықтарымен кеңес өткізу Қалабаевқа, «Фрунзе», «Қызыләскер» колхоздарындағы бала­бақшалар үйлерін тез жөндеу, керек заттарын тауып беру Шорнақ ауылсоветінің председателі Ташметовке міндеттелген.
Мәжілістің соңына қарай аса бір маңызды мәселе шешіліпті. Киров ауданына берілген Қандөз ауылсоветіне қарасты бірталай жер бірқатар колхоздарға қысқы жайылым ретінде бекітіп берілген. «Қызыләскерге» 1845 га, «Ленинге» 3285, «Игілікке» 3400, «Құсшыға» 2235, «Жамбылға» 3196, «1-майға» 182,9 га шабындық тиген. Бұл шешімнің аса маңызды болатыны – Сталин жолдасқа берілген уәденің орындалуына көмектесетіні.

* * *
Әлгінде ғана сентябрьдің бірінде ауатком мен аупартком бюросының біріккен мәжілісі болатынын айтқанбыз. Сол мәжіліс белгіленген күнінен жазбай өтіпті. Жаңа оқу жылы басталған сол күні біріккен мәжіліс оныншы сентябрь – оныншы октябрь арасында Қызыл Армия отбасыларына жәрдем ұйымдастыру жөнінде айлық өткізу мәселесін талқылаған. Облатком мен облпартком бірігіп, сондай қаулы қабылдаған екен. Бұл жайында аупарткомның әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі Сырымбетова Са­паркүл баяндапты. Бұл бірінші мәселе. Алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізілген болуы керек, азын-аулақ пікір алмасудан кейін іле-шала қаулы қабылданған. Алдымен Қызыл Армия семьяларының әйелдер арасындағы жұмысты ұйымдастырушылармен, бастауыш партия ұйымдарының хатшылармен бас қосқан конференциясын ұйымдастырып, оны 15-сентябрьде өткізу ұйғарылып, баяндама жасау Құрманбековке жүктелген. Тақырып – майдангерлер семьяларына жәрдем ұйымдастыру, олардың арасында саяси-тәрбие, көпшілік-ұйымдастыру жұмысын жүргізу. Әрине бұл жұмысты бірінші хатшының тікелей өзі жүргізе алмайды, сондықтан ол бастауыш партия, комсомол ұйымдарына, ауылсовет, колхоз председательдеріне тапсырылған. Нақтылай келгенде ол жұмыс Қызыл әскер отбасыларының арнайы жиналыстарын өткізуге, тұрмысы нашар, жәрдемге мұқтаж отбасылардың есебін алуға, оларға тамақ, киім жағынан жәрдем беруге, үйлерін жөндеп, отын жинап беруге, сауындық мал беруге, ақшалай көмек беруге саяды. Әрине, осынау қыруар жұмысты жүргізуге шағын-шағын ауылдардағы бірлі-жарым саяси сауаттылардың шама-шарқы жете бермейді, сондықтан аупарткомның Сы­рымбетова, Тажитдинов, Баймұхамбетов, Тоққожаев секілді жауапты қызметкерлеріне аудан белсенділерінен ауыл-ауылдарға үгітшілер жіберу тапсырылған, ал қаулының орындалуын бақылау аупарткомның кадрлар жөніндегі хатшысы Ахметовке міндет­телген.
* * *
ҚК(б)П Оңтүстік Қазақстан обкомының және осы облыстың бірсыпыра аудандық партия комитеттерінің ауыл шаруашылығына басшылық етудегі елеулі кемшіліктері туралы ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысын орындаудың негізгі шараларын белгілеу – аупарткомның 17-сентябрьде болған ХV-інші, кезектен тыс пленумының күн тәртібіне нақ осы мәселе қойылыпты. Бір жәйтке оқырман назарын аударғым келеді. Пленумға аудандық комитеттің қалған 8 мүшесінің (көбісі майданға кеткен, басқа аудандарға ауыстырылған), алтауы, 27 бастауыш партия ұйымының секретарьлары, 17 колхоз председателі, партияда бар 15 перме бастықтары, аудан белсенділерінен 40 адам қатысқан. Жалпы алғанда солардың 101-і партия мүшелері, 51-і кандидаттары. Соншалық көп адамның қатысуы пленумның кезектен тыс екендігінен ғана емес, республикалық орталық партия комитеті қабылдаған қаулының ауданға тікелей қатыстылығынан, мұның үстіне пленумға Орталық Комитеттің бюро мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Председателі Ә.Қазақбаевтың қатысуынан. Халкомсовет председателі Н.Оңда­сынов бұрынғы бір жиынға қатысқан.
Баяндамашы – әдеттегісінше Қ.Құрманбеков. Әрине, ауызға алдымен табыс алынады. Аудан 7865 гектар дәнді егісті 24 күнде орып, жинап, бастырып, мемлекетке астық тапсыру жоспарын 1942 жылмен салыстырғанда (ол жылы бірінші хатшы М.Пошанов – астық тапсыру жоспары әрең-әрең орындалған, еңбек күнге астық берілді деген аты ғана бар, мақта жоспардың үштен екісінен әрең-әрең асқан) 19 күн бұрын орындалған, жоспардан тыс 20950 пұт артық тапсырылған. Мемлекетке 5646 ц, Қызыл Армия қорына 4048 ц, МТС-қа заттай ақы ретінде 4867 ц өткізілген. «Құмайлықас» (Ережепов, Сүлейменов) 927 ц, «Ақсары» (Қуандықов, Шәутібаев) 534 ц, «Майдамтал» (Мырзабаев, Ерназарова) 787 ц астық тапсырған. «Ленин», «Игілік», «1-май», «Ынталы», «Құсшы» колхоздары (пред. Дүйсенбаев, Қалдыбаев, Әйтпембетов, Досболов) егін ору, астық тапсыру жұмыстарын мерзімінен бұрын орындап шықты.
Мал санын өсіру жөніндегі мемлекеттік жоспар қой-ешкі 105%, ірі қара 101%, жылқы 103%, түйе 104% орындалды. Сегіз колхоз – «Құмайлықас», «Ақсары», «Майдамтал», «Игілік», «Андреев», «Абай», «Жамбыл» – Сталин жолдасқа хаттағы міндеттемесін орындап шықты. Осының нәтижесінде аудан социалистік мал шаруашылығы жөнінде ССРС (Советтік Социалистік Республикалар Союзы – Н.О.) Жер халық комиссариатының ауыспалы Қызыл Туын алуға кандидат болып отыр.
Бірінші хатшы аудан табыстарын осымен тамамдап, кемшіліктерге мейлінше кең тоқталған. Дегенмен, көсеміміз Сталин жолдасқа хаттағы міндеттемелер, дейді ол, аудан бойынша орындалмай отыр. Дәнді егістің гектарынан 13 центнер өнім алуға тиісті едік, алғанымыз 3,5 центнерден ғана, «Крупская» 2, «Үлгілі», «Куйбышев» 2,3 ц ғана алды.
Мұның негізгі себебі – партия, совет, комсомол ұйымдарының міндеттемелерді орындауға жетекшілік жасап, хаттың саяси мәнін терең түсіндіріп, ұйымдастыра білмеуі. Соның салдарынан 680 га тарының 238 гектары, 370 га жүгерінің 79 гектары судан қалып, олардан ешбір өнім алынбады. «Андреевте» 50 га тарының 40 гектары, 35 га жүгерінің 20 гектары, «Каганович», «Крупская», «Фрунзе», «Ленин» колхоздарында тары, жүгері түгелімен, «Кагановичте» 16 га бидай, «Ворошиловта» 40 га тары су ішпеді. Бұған колхоз бастықтары Абдрахманов, Көпбаев, Өтелов жауапты. Астықтан мол өнім алуды «Крупская», Үлгілі», «Куйбышев» (Елтаев, Байменов, Бабажанов) ұйымдастыра білмеді.
Әлгінде айттық қой, аудан мал санын өсірудің мемлекеттік жоспарын асыра орындағанын, одақтық ауыспалы Қызыл туға кандидат екенін. Алайда, дейді Құрманбеков, алған міндеттемеміз бойынша қой-ешкіні 35130-ға, ірі қараны 6375-ке, түйені 1264-ке, жылқыны 4950-ге жеткізбек едік, 1-сентябрьге 34191 қой-ешкі, 6381 ірі қара, 1291 түйе, 4892 жылқы бар. Демек міндеттемеңізді ірі қара мен түйеден ғана орындадық. Ауданды «М.Горький», «Ленин», «1-май», «Октябрь» артқа тартуда.
Социалистік мал шаруашылығын өсіру оның санынан басталады. Ол аудан бойынша орындалғанын айттық. Бірақ «Қызыләскерде» 27 жылқы, 7 түйе, 64 қой-ешкі жетпейді. «Ленин», «1-май» былтыр елдің алдымен орындаған еді, соған мастанып, «1-май» биыл 8 ай ішінде 26 ірі қараны, 5 жылқыны орынсыз шығын етсе, «Ленинде» 27 қара мал өлген.
Жымысқы бір тірлік әлі де жойылған жоқ. Толысқан мал өлсе, оның орнын тай, тайлақ, бұзау, қозы-лақ сатып алып, толтыру, тек сан қуалау қанымызға сіңіп кеткендей. Тағы бір жау – талан-тараж. Жер бөлімінің бастығы Ғұламов, аға зоотехник Ақымбеков ондайға жол бермеу орнына, ақпар, сигнал беруден әрі баспайды. Заң орындары да.
Мал санын көбейту бар да, өнімін өткізу және бар. Колхоздар сентябрьдің 15-іне дейін 5289 ц ет өткізуге тиіс болса, тапсырғаны – 3595 ц, яғни 68% ғана. Қызыл Армия қорына 765 ц еттің 666,5 центнері, яғни 87% өткізілген. Басқа өнімдер де осы қарайлас. Колхозшылардан алынатын өнім жайы да осындай. Демек, барлығын 1-октябрьге дейін түгел өткізу колхоз, ауылсовет председательдерінің мойнына артылатын салмақ.
Аудан үшін мақтаның маңызын айтқанбыз. Оны теруге колхоздардың көпшілігі августың 25-інен кірісіпті. Аупартком мен ауатком колхоздармен келісіп бекіткен график бойынша алғашқы 20 күнде оған 903 адам қатысып, 5638 ц теруге тиіс екен. 672 адам ғана тартылып, 2991 ц теріліпті, онан өткізілгені 1210 центнер, колхоз қамбаларында 1781 ц жатыр. Ал өткен жылы, мақтаның бар болғаны 68%-і ғана тапсырылған жылы 14-сентябрьге дейін 6649 центнері теріліп, 2888 центнері өткізілген. Демек былтырғының 55 проценті кем теріліп, 58 процентті кем тапсырылған. «Ворошилов» жоспарын 10, «Крупская» 11, «М.Горький» 9 процентін ғана, осы өңірдің тілімен айтқанда, бажарған.
Еңбек минимумы деген бар, 1942 жылы жазда, соғыс басталғалы бір жылдан кейін оның нормасы ұлғайтылғанын жазғанбыз. Ауданда еңбекке жарамдылар саны 3372 екен, соның он пайыздайы, яғни 332 адам минимумды орындамайды. Абырой болғанда асыра орындайтындар олардан 10 еседей көп. Мақта теру мен күздік айдау жұмысына қатысып жүргендердің норманы асыра орындайтындары 1033, орындамайтыны 303. Қалай десек те, минимумды орындамайтындар табылып тұр ғой. Қанды қырғынның жүріп жатқанын білмейтін адам жоқ. Оған әрбір үйден адам аттанған. Сонда да орындамайтындар бар екен. Аупартком мұны назардан тыс қалдыра алмапты. «М.Горький», «Крупская», «Куйбышев» колхоздарына уәкілдер жіберіліп, себеп анықталыпты – колхозшылардың еңбек күндері дер кезінде қорытылып, есіттіріліп отырмайды, жалқаулар колхозшылар талқысына салынбайды, уставта көрсетілген жазалау шаралары қолданылмайды.
Коммунистердің колхоз өндірісіндегі аван­гардтық рөлін арттыру күн тәртібінен түспеген міндет. Және соған лайық адамдар да бар. «Ынталы» колхозында 7 коммунист түгел дерлік стахановшы. Үгітші С.Мейірманова 0,4 га егін орса, Мылтықбаева 0,7, Әмірбекова 0,5, Шораева 0,4 гектар орады. Қол орақпен. Байқаған боларсыз, бәрі де апаларымыз. «1-май» колхозынан панфиловшы мергеннің зайыбы, ілкіде бірнеше рет тілге тиек болған Тұрарова Рахия звено жетекшісі болумен қатар, күніне 0,55 га егін оруымен де үлгілі, Бекболатова Іңкәр («Абай»), Алтынбекова Болған («Фрунзе») күніне 100-110 кило мақта тереді. Бірақ әрі коммунист, әрі үгітшілердің бәрі бірдей солардай емес екен. «Қызыләскердің» мал пермесіндегі үгітші Байымбетова қоғамдық мал талан-таражына, өлім-жітіміне жол бермеу орнына, талан-таражға өзі бас болған. Сондай үгітшілер «Крупскаяда» да кездескен. Әйменова үгіт-насихат жұмысын ұмытып, қыдырымпаздыққа бой ұрса да, үгітші атағымен жүре берген.
Үгіт-насихат жұмысы қатардағы коммунис­тердің ғана емес, ең алдымен басшы­лық жұмыс­тағы коммунистердің тікелей міндеті екені даусыз. Коммунист болмаса, басшы да бола алмайтыны тағы белгілі. Сондықтан үгіт-насихат жұмысы әуелі соларға тапсырылады. Нақ солар Отан соғысы, басқа да саяси жағдай туралы 42 рет баяндама жасап, жұртшылық сұрағына толымды жауап берген. Солардың арасынан аупартком хатшысы Ахметов, ауатком председателінің орынбасары Ерімбетов, аукомолдың бірінші хатшысы Сариев ыждағаттылығымен, баяндамаға жан-жақты дайындалуымен тыңдарман жұртты риза етсе, Нәлиев, Нұрсейітов, Тәжібаев секілді басшылар саяси мәселелер бойынша бірде-бір баяндама жасамаған. Олар саяси білімін көтеруді мүлдем ұмытып, тек шаруашылық жұмыстарымен айналысатын болған. Осы мәселелермен тікелей шұғылдануға тиісті аупарткомның бөлім меңгерушілері Тоққожаев, Байжанов саяси үгітті естен шығарып алғандай.
Партия алға қойған міндеттерді жұртшылыққа жеткізетін, оның орындалуын қамтамасыз етуге көмектесетін аупартком мен ауатком бірлесіп бекіткен уәкілдер ғой. Бірақ солардың арасында да өз өз міндетін біржақты түсінетін, мәселенің тереңіне бойламайтын адамдар кездеседі. Аупартком нұсқаушысы Мұқашов «Абай» колхозына жіберілген еді. Уәкіл ауылшаруашылық жұмыстарына нақты көмек көрсете алмады, орақ ұзаққа созылды, астық ысырабына жол берілді, мақта баптау нашарлады, мал шығыны ұлғайды. Соның салдарынан аупартком оны кері шақырып алуға мәжбүр болды.
Жұртты өнімді еңбекке ынталандыру орнына еңбеккердің жер-жебіріне жетіп, аузына келген сөзбен қорлап, қоқан-лоққы жасап, азар көрсетіп «ерекшеленетіндер» бар. «Қызыләскер» колхозының председателі Ұзынтаевтың аузы боқтықтан босамайтын болған. Ал ауаткомның жауапты хатшысы Мырзалиев «Крупская» колхозының шаруашылық жұмысын жақсарту, партия-көпшілік жұмысын жолға қою үшін уәкіл етіп жіберілді. Не пайда, ол колхозшыларды әкімшілік жолмен жұмысқа «жегіп», олардың арасында реніш туғызған.
Аупартком уәкілі Момбеков «колхозда уәкілмін» деп өзі тағайындалған бөлім кеңсесіне бірде-бір кірместен, міндетті жұмысын ұмытқан. Колхоз өндірісіне көмектесу де жарытып ештеңе тындыра алмай, «уәкіл» болып жүре берген.
Уәкіл – уәкіл ғой, бірақ колхозшылармен, ауыл тұрғындарымен күнделікті жұмыс істейтін колхоз, ауылсовет председательдері. Солардың арасында да, амал нешік, заңсыздықтар жиі кездеседі. Қаражон, Үшқайық ауылсоветтерінің председательдері Мырзадәулетов, Көлжанов колхоз мүшелерінің жеке малдарын иелерінің рұқсат, келісімінсіз колхоздың мал пермелеріне қосқызып, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесі мен ҚК(б)П Орталық комитетінің біріккен қаулысын бұзған. Нақ сол жолдастар, сондай-ақ Бабай советінің председателі Құттыбаев халықпен тығыз араласып, іс барысын нақты біліп отыру орнына, құлаш-құлаш ақпар жиып, ауданға жіберіп отыруға әуес.
Кезектен тыс пленум Қызыл Армия семьяларына көмек айлығын өткізе бастаған уақыт. Аз күн ішінде аудан бойынша 42500 сом ақша, 300 кг астық, 28 мал, отыз түрлі жылы киім жиналды. «Құмайлықас», «Ақсары», «Ленин» колхоздары бұл науқанға нақты түсінікпен жұмылды. Ал «Каганович», «Крупская», «Абай», «Куйбышев» колхоздары жақын ағайындарына көмек керектігін әлі түсіне қоймағандай.
Аңғарған боларсыз, жылнамашыңыз баяндамаға тым кеңірек тоқталғандай. Оның себебі – бұрындары жағдай осыншама егжей-тегжейлі талданған баяндама ұшыраса қоймаған. Міндет аудан жылнамасын жазу болғандықтан, жылнамашы ес кіріп, етек жапқаннан бергі өз принципінен таймауға тырысқан. Мына жалғанда, талай жиын, талай жиналысты көргенбіз ғой, сонда байқағанымыз, жарыссөз баяндама ауанына бұрылыңқырап жүреді. Мына баяндамада әділ сын ешкімді тұқыртпай-ақ, ашық айтылғанынан болу керек, жарыссөз де сол ауанға бет бұрғандай көрінді.
Аупартком секретары Абдулқасымов: Пленумда көптеген кемшіліктердің беті ашылды. Теке, Үшқайық ауылсоветтері дарияның аржағына барып, 1932 жылғы жағдайды жасап, үгіт жұмысын жүргізбей, жекешенің малын олардың ықтиярынсыз айдап келген. Қаражон ауылсоветі де сөйткен. Мұндай заңсыздықты бюрода қарау керек еді. Қарамадық. «Құсшы» 45 малды кісіге біріп, сойып, талан-таражға түсірді. «Ынталыда» 4 ат құртылған. «Ленин» колхозының қызметкерлері 45 ат мініп жүр, оның 15-і аудан активтерінің астында. «Игілікте» айғырын сондайлар мініп кеткендіктен 12 бие шағылыстырылмай қалған. Колхоздар мал шығындаудың мемлекеттік тәртібін ескермейді, жер бөлімінің, аудандық советтің рұқсатын жарата береді. Прокурор Ахметов мұндай жолсыздықтарды елемейді. Май жасау мекемесі 1 кг майды 35 литр сүттен жасау орнына, 55 литрден алады. Қысқасы сүтті өздері ішіп-жейді.
Соңғы сөз Ә.Қазақбаевқа бұйырыпты. Үлкен басшы, ауданға аузы толмаған ба, облыстан бастапты. Облыста егін орағы әлі аяқталмаған, мемлекеттік міндетті астықтың 82%-і ғана тапсырылған. Ауданға келсек, жылқы өсіру жоспарын 12, сиырды – 9, қой-ешкіні 14 колхоз орындамай отыр, 4000 гектар күздіктің 500 гектары ғана егілген, мақта теру графигі жартылай ғана орындалады, кейбір колхоздардың мақтасында мал жайылып жүр.
Жарыссөз сыңайы осы. Қаулы қолға тимеді. Бірақ онда не барын былай да білуге болады. Өйткені пленумның неге көңіл аударуға тиістілігі баяндамада тайға таңба басылғандай көрсетілген…
Кезекті тағы да газетке берейік.

* * *
«Стахановшы колхозшылар», 1943 ж. №№51-54.
* ССРС Жер халық комиссариаты колхоз мал шаруашылығын өркендету жөнінде аудандардың Бүкілсоюздық социалистік жарысының алғашқы қортындысын қарап, Комиссариаттың ауыспалы Қызыл Туына және ақшалай сыйлық алуға 105 ауданды кандидат деп тапты. Олардың арасында Қазақстаннан 15 аудан бар. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысынан Фрунзе ауданы.
* «Үлгілі» алғашқы күні 18 ц мақта терді. «Игілік», «Ақтөбе» 10 центнерден, «1-май», «Ын­талы» да.
* «Құмайлықас» Октябрь мерекесі алдын­дағы жарысқа қосылып, сертін орындауда. Жаңадан 2 қора салынды, ескілерін ремонттады. 2200 тонна шөп дайындады.
* «Қызыләскер» күздік себуге 18 тонна тұқым дайындап қойды. Бірақ жерді суаруға, айдауға Үдербаев, Шаймерденов көңіл бөлмей, алғашқы күндері-ақ кемшілікке жол берілді. 28-августа кіріссе де, сентябрьдің біріне дейін 4-5 гектар ғана жер суарылды. Мұрап Әкеш Юлдашев бөлінген суды өз огородына пайдаланған. Суарылған жердің 1,5 гектары ғана айдалған. Ол жер сапасыз жыртылғандықтан, қайта айдауға тура келген.
* Шерт ауылсоветі (пред. Шәутібаев) қаржы жинауда алда. Соғыс салығын, өзара салықты 100%, шаруа салықтың 70%-ін орындады. Аша, Шорнақ (Жұманова, Ташметов) артта қалып келеді.
* Аудан комсомолецтері Қарсыбай Сыпатаев атындағы сүңгуір қайық жасауға 45 мың сом жинап, өткізді. «Ақтөбе» жастары 3400, «Қызыләскер» – 3200, «Фрунзе» – 330 сом жинап берді.
* Жауынгерлер семьяларына көмекке 9600 сом ақша, 62 мал, 23 кг сары май, 9 дана жылы киім, 17 кг жүн, 66 тері жиналды. «Ақсары», «Құмайлықас», «Ленин» көзге түсті.
* «Ақтөбе» колхозшылары алғашқы күні 6 тонна мақта теріп, 1,5 тоннасын Түркістан мақта зауытына өткізді. Айсұлу Сыздықбаева нормадағы 30 кг орнына 90 килограмм терді. Оның қызы Түймекүл, Тұрсын Назарбекова норманы екі есе орындаса, Гауһар Шопалова, олардан да озып, 70 кг мақта жинады.
* «Куйбышев» колхозшылары Отан қорғау қорына 1 тонна астық жинап, өткізді. Қатардағы колхозшылар Нұралиева Зейнеп, Адаева 16 килограмнан, есепші Неметова Әлмира, бригадирлер Бексейітов, Нұртаев екі пұттан, колхоз председателі Бабажанов, секретары Бабаев 40 килограммнан дән берді.
* Аудан еңбекшілері өткен жылғы август айынан бері 157 тон, 125 пима, 433 қолғап, 312 жүн қолғап, 103 құлақшын, 76 фуфайка, 36 шалбар, сайып келгенде 1487 жылы киім жинап, майдандағы жауынгерлерге жөнелтті.
* «Фрунзе» колхозшылары жауынгер жерлес­терінің семьяларына жәрдемдесу, қысқа дайындалу айлығына нақты міндеттемелер алды. Жиналысқа 80 әйел қатысқан еді, 10-ы сөйледі. «Киімі нашар балалардың үстін бүтіндейміз» деген уәденің өзі неге тұрады. Берілген уәделердің орындалуын қадағалып отыру үшін үш әйелден комиссия құрылды.
* Жауынгерлер аналарының, әйелдерінің аудандық бірінші конференциясы өткізіліп, оған 210-ға жуық делегат қатысты. Отан соғысының барысы және соғыстың үшінші қысына дайындық туралы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің президиум мүшесі, ауатком председателі А.Оразбаева баяндама жасады. «1-май» колхозынан делегат Мақышева панфиловшының жары Тұрарова Рахия хатының ықпалын, автордың еңбек майданындағы табыстарын айта келіп, «өзім де мақта терімінде екі-үш норма орындап жүрмін» деп қосты. «Ақсары» колхозынан стахановшы Жақаева «Мен балаларды күтемін, мақта теруде де ешкімнен қалыспаймын» деді ол.

* * *
Күз – ауыл шаруашылығындағы қарбалас, сіңбіруге мұрша бермейтін кезең. Мақта терімі, оны өткізу, жер суарып, айдап, күздік егу, орылған шөпті қыстау басына тасу, қоралар салу, жөндеу қат-қабат келіп, кішкентай баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тыныштық таптырмайды. Соның бәрін баяндай беру тағы мүмкін емес. 
18.ХІ.1943. Алдымен қаржы жинау барысы қаралып, Теке, Үшқайық ауылсоветтерінің председательдері Көпбаевтың, Көлжановтың, ақша бөлімінің бастығы Қарабалаевтың есептері тыңдалған. Қуантатын ештеңе аңғарылмайды. Аудан бойынша қаржының барлық түрінен 375404 сом жиналуға тиісті екен. Түскені – 146720 сом, яғни 39,6% қана орындалған. Теке ауылсоветі бойынша 64897 сомнан жиналғаны 15131 сом ғана, яғни 28,5%. Аударылуға тиісті қаржының сүбелісінің бірі – колхоздардың табыс салығы. Олардан әлі бір сом да түспепті. Үшқайық ауылсоветі аудан бюджетіне 71097 сом өткізуге тиіс екен. Жиналған 48 мың сом жоспардың орындалу есебіне кірген де, оған Қарабалаев көңіл бөлмеген. Осының бәрі заман әдеті бойынша қатаң-қатаң шешім, әдеттегі айқай туындататын-ақ нәрсе. Бірақ атқару комитеті оған бармай, сабыр сақтап, нақты шешім қабылдапты. 
Екінші мәсілі – «Мақта теру, оны мемлекетке өткізу графигінің орындалу барысы». «Қы­зыләскер», «Ақсары» колхоздарының бас­тық­тары Үдербаев, Қуандықов, жер бөлімінің бастығы Ғұламов, МТС директоры есеп беріпті. Барыс – қалысқа айналғандай екен. Көктемгі ауа райының қолайсыздығынан шит кеш себілгені, сондықтан мақтаның кеш жетілгені, демек терімнің де кешірек басталғаны бар. Бірақ сол терім басталғалы бері де екі жарым айға жуық уақыт өткен. Осы мерзім ішінде график бойынша 17850 центнер мақта теріліп, өткізілуге тиіс болатын. Сан себеп болған шығар, әйтсе де әлгі мерзім ішінде 12220 центнер мақта теріліп, 11787 центнері ғана өткізілген, 433-і әлі колхоз қоймаларында жатқаны бұл салаға қатысы бар кімнің де жанын шырқырататыны ақиқат. Осыған үстемелеп, «Фрунзе», «Ақсары», «Ақтөбе», «Майдамтал», «Андреев», «Үлгілі» колхоздары, ұрыс естімес үшін, ақпарды едәуір өсіріп беріп, көзбояушылық жасаған. Бұл аудан бойынша жағдай.
Ал есебі арнайы тыңдалған шаруашылықтар ше? «Қызыләскер» өзі еккен 200 га мақталықтан 1820 ц өнім өткізуге тиіс екен, соның 785 центнерін ғана тапсырыпты, қолдағы мақтаны өткізбеген, 35 центнер көсек терілген екен, қажетті адамдар бөлінбей, әлі аршылмаған. «Ақсарыдағы» жағдай да нақ сондай.
Осыларға қарағанда, шешім мейлінше қатал болатындай көрінген. Бірақ атқару комитеті ондайға бармапты. Қаулы мынадай:
«1. «Ақсары», «Құмайлықас», «Құсшы», «Ынталы» колхоздарында графиктің орындалмауы, қолдағы мақтаның өткізілмеуі, көсектің аршылып, тазартылмауы ауылсовет, колхоз председательдеріне атап көрсетілсін.
2. Көсекті аршу жұмысын жеделдетіп, мемлекетке өткізуді 22.ХІ-ге дейін аяқтау барлық колхоздар, ауылсоветтер председательдеріне тапсырылсын.
3. «Ворошилов», «Крупская», «Андреев» колхоздары берген ақпардан кем шыққан 220 центнер себебін тексеруп, қортындысын 28.ХІ күні ауаткомға тапсыру Ғұламов жолдасқа міндеттелсін». Бары осы.
Жол құрылысы деген мәселе аудан құрылғалы бері күн тәртібінен түспей келе жатқан тірлік. 1943 жылдың жол құрылысы жоспарының орындалуы мәжілісте тағы қаралып, Теке ауылсоветінің председателі Көпбаев пен жол құрылысы бөлімінің бастығы Т.Момбековтің есебі тыңдалған. 
(Басы өткен сандарда, жалғасы)

Алдыңғы «
Келесі »