Сталин феномені

  • 18.05.2015
  • 4153 рет оқылды
  • 4

Сайын Борбасов, саяси ғылымдарының докторы,  профессор,
Салтанат Ізтлеуова, филология ғылымдарының докторы, доцент

Адамзат тарихы мен дамуында жеке адамның ықпалы шешуші орын алады. Бұқара қаншалықты көп болғанымен, күшті болғанымен түптің-түбіне жекелеген мемлекет қайраткерлерінің соңына ереді, олардың көкейкесті мақ­саттарын, жоспарларын орындайды. Себебі, жекелеген ойшылдар мен мемлекет басшыларының ой-мақсаттары қоғамдық даму талаптарына жауап береді және оларды іске асыру жолына халық бұқарасын бастайды. Бұқараны соңына ерткен азғана топты элиталар теориясында басқарушы элита деп атайды. Ал, басқарушы элитаның өзін серкелер, көсемдер басқарады. Бұқарамен санаса отыра аз ғана басшы топ көпшілікті билейді. Басқарушы элитаның көсемі қандай да болмасын мәселені шешуде бірінші кезекке шығады.


ХХ ғасырда әлемдік қатынастарға ықпал еткен мемлекеттік қайраткерлер арасында Кеңес Одағының басшысы болған Иосиф Виссарионович Сталин (Джугашвилидің) орны ерекше. Оның саяси және мемлекеттік қызметі әлемдік тәртіптер мен дүниетанымға ықпалын тигізді деп батыл айтуға болады. Сталиннің басшылығымен – марксистердың XIX ғасырдың ортасында күн тәртібіне қойған коммунистік қоғам орнату идеясы шындыққа айналды. Коммунизмнің бірінші сатысы болып табылатын социализм өмірге келді. Әлемнің 6/1 құрылығын алып жатқан Ресей империясы Кеңес Одағына айналып 1917 жылдан бастап социалистік мемлекет құрылды. Ресей пролетариатының көсемі Владимир Ленин бұл елді аз уақыт қана басқара алды. 1921 жылдан бастап социалистік реформалардың авторы және жүргізушісі  негізінен И.Сталин болды. Кеңес Одағындағы құрылған әкімшілдік-әміршілдік жүйенің, екінші сөзбен айтсақ тоталитарлық социализмді жасаушы И.Сталин еді. Оның қызметі арқасында адамзат тарихындағы алғашқы социа­листік мемлекет жасалынды. ХХ ға­сыр­дың 30-70-ші жылдарында бұл ел әлем­дегі ең қуатты екі державаның біреуі болды. Бүкіл әлем АҚШ-пен қалай санасса КСРО-мен де солай санасатын қатынастарда өмір сүрді. Әлемдік геосаясатта биполярлық тәртіптер орнады. Екі әлемдік державада қуатты ядролық қарулардың болуы соғыс қаупін ауыздықтады. Үшінші дүниежүзілік со­ғыс­тың болмауы да екі басым держа­ваның өзара ықпалдасуына тәуелді болды. Капиталистік қоғамдық-саяси жүйеге бәсекелес социалистік қоғамдық-саяси жүйе жасалынып, олардың өзара жарысуы әлемдік қатынастардың не­гізгі салаларын қамтыды. Бірақта, Ста­лин билік құрған 1921-1953 жылдар аралығында социалистік қоғам құрудың маркстік концепциясы өрескел бұрмаланды. Марксизм идеяларына көп жағдайда қауышпайтын социализмнің тоталитарлық моделі өмірге келді.
Кеңес Одағындағы іске асырылған социализм құрылысында шешуші рөлді Сталин атқарды. Оның қызметінің ықпалы Кеңес Одағы шеңберінен шығып әлемдік саясатқа әсерін тигізді. Кеңестік жүйедегі социализм моделінің өмірге келуі негізінен Сталиннің қызметімен байланысты. Оның өмірі мен қызметі адамзатты саяси бағындырудың, соңына ертудің, жеке басқа табындырудың үлгісіне айналды. Халық пен зиялы қауымның Сталин құрған саяси режимінен қорыққандығы соншалықты оған қарсы ұйымдасып бас көтеруді ойлай алмады. Сондықтан, қатаңдығы мен зорлықшылдығы жағынан Сталиннің басшылығымен құрылған тоталитарлық жүйе нағыз диктатураға айналды. Мықты құрылған репрессия апппараты алдымен Кеңес халқының озық өкілдерін құртумен айналысты. Кеңестік сталиндік жүйенің репрессиялық әрекеті ешбір логикаға, қажеттілікке сиыспайды. Жазықсыз жандарға түрлі-түрлі саяси айыптар тағу, әшкерелеу және жазалау ақылға қонымсыз дәрежеге жетті. Зор, қуатты елді қорқыныш пен үрей биледі. Халық келешекке, әділетке, адами сапаларға деген сенімнен айырылды. Қоғамдық сананы жалған, халықтардың табиғи даму талаптарына сәйкес келмейтін идеялар мен ұрандар билей бастады. Өркениетті адамзат өз жолымен, кеңес халықтары бұрмаланған социалистік жолмен дами бастады. Түптің түбінде Кеңестік социализм моделі тарих сынына төтеп бере алмай күйреді.
Сталиннің Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қызметіне баға беру де екі ұдай. Біреулер оны күн көсем, Сталин Кеңес халықтарын жеңіске бастушы «Барлығы Отан үшін, Сталин үшін» деген ұранның ақиқаттығына имандай сенсе, екінші топ Сталин фашистік Германиямен соғыста жеңіске Кеңес азаматтарының өліктері арқылы жетті деген пікірде. Екі түрлі бағада да өз аргументтері жетерлік. Шындығында, ҰОС жылдарында Сталин Кеңес Одағы азаматтарында, антигитлерлік коалиция мүшелері арасында аса зор беделге ие болды. Ол Кеңес Одағын фашистік Германияға қарсы күреске жұмылдыруда шешуші еңбек жасады. Екінші дүниежүзілік соғыста Германия 7 млн. адамынан айырылса, Кеңес Одағы 28 млн. адамынан айырылды. Кеңес Одағы шығыны 4 еседей артық. Көптеген деректерде 15млн. бейбіт халықтың шығын болғаны айтылады. Жеңістің осыншама халықтың қырылуы нәтижесінде келгендігі тағы да шындық.
Өткен тарихтың әділ бағасын беру тарих ғылымының ауыр жүгі. Қандай да болмасын тарихи оқиғаның немесе тарихи тұлғаның қырлары мен құпиялары өте көп. Сталиннің 30 жылдарда басталған репрессиялық саясатына қандай себептер болды? Өзі ірі мемлекет қайраткері, білімді саясаткер бола тұра Сталин осыншама жазықсыз адамның репрессияға ұшырауына неге себепші болды? Мысалы, 1940 жылы бүкіл елді қамтыған ГУЛАГ құрамында 53 лагерь, 425 түзетуші еңбек колониясы болып, оларды 1 мың 668 200 адам қамауда отырған. 1,7 млн. қамалғандардын 28,7% контрреволюциялық әрекеттері үшін қамалған. ГУЛАГ-тың күзетшілерінің саны 107 мың адамға жеткен. ГУЛАГ-та 1934-1946 жылдар аралығында 983816 адам өлген. /1/. Осы жылдарда «үштіктің» сотымен атылып кеткендердің саны жүздеген мың адам болған. Сталиндік қатал ұжымдастыру саясатынан Украинада 6 млн. адам, Қазақстанда 2.5 млн. адам қырылғаны белгілі. Түрлі деректерде сталинизмнің құрбаны болғандар КСРО бойынша 46 млн. адамнан асып кеткендігі айтылады. Солардың 3,8 млн. адамы контрреволюциялық әрекеттері үшін айыпталды. Оның ішінде 643 мыңы өлім жазасына кесілген. 2,4 млн. адам лагерьлер мен колонияларда қамалған. 776 мың адам жер аударылған. 2,9 млн. адам соттан тыс жазаланып, жапа шеккен /2/.
Сталиннің елдегі репрессиялық саясат­тың нәтижелері туралы білмеуі мүмкін емес болатын. Оның бұл трагедияға билікке қарсы шыққандарға қарсы жүр­гі­зілген әділетті жазалау шаралары ретінде қарағандығы, енді қорқытып, үрей­лендіріп бағын­дыруды жақтағандығы ақиқат. Ста­линизмнің өміршеңдігі Иосиф Ста­линнің Кеңес Одағының мемлекеттілігін ны­ғайтуға қосқан үлесіне байланысты. Сталин өз мемлекетшілдігін орыс тілінде, бұрынғы Ресей империясының шекарасының шеңберінде жүзеге асырды. Кеңес Одағы аты өзгерген Ресей империясының жалғасы болатын. Мемлекеттік құрылыстың мазмұны, идеологияның табиғаты өзгергенімен әлемдік саяси тәртіптерде Кеңес Одағы бұрынғы патшалық Ресейдің заңды жалғасына айналды. Бұратана халықтар патшалық чиновниктер ақпаратының, буржуазияның қанауында болса, Кеңес революциясынан кейін большевиктер құрған тоталитарлық режимнің қанауына түсті. Большевиктік режимнің үстінде КОКП-ның Орталық Комитетінің Бас хатшысы Иосиф Сталин тұрды. Оның қолында Ресей императорларының құзыры жетпеген билік шоғырланды. Шын мәнінде, Сталин жаңа сипаттағы Ресей императоры іспеттес болды десек артық емес. Ол құрған тоталитарлық жүйе ешкімді бет қаратпай Кеңестік империяны күшейтумен болды. Миллиондаған халықтар осы жүйеге қызмет етті. Ста­линнің айтқандары ұрандарға ғана емес,    бұлтартпайтын бұйрықтарға айналды. Тас түйін болған тоталитарлық жүйе әлемдік саясатта Кеңестікке айналған Ресей империясының мүдделерін жақсы қорғады. Орыс халқының көптеген өкілдері, коммунистік құрылысты жақ­таушылар Сталиннің мемлекетті ны­ғайтудағы осы қызметін аса жоғары бағалайды.
Сталиннің Кеңес Одағын басқарушы ретінде қызметін тек негативті бағалап, қара бояумен жағып тастау дұрыс емес. Сталин ешуақытта жемқорлыққа, мемлекет мүлкін орынсыз шашуға, пайдалануға жол берген емес. Оның жеке басының осы бағыттағы тазалығынан барлық чиновниктер үлгі алса болады. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін мемлекетке қызмет етуге арнап, мемлекетшілдіктің үлгісін көрсете білді. Сталинді білімсіз, шала сауатты деп те ешкім айыптай алмайды. Ол өмір бойы оқыған, ізденген, артында өзі жазған көптеген еңбектер қалдырған шығармашыл тұлға. Оның еңбектері: Маркс, Энгельс, Ленин сияқты марксизмнің негізін салушылар дәрежесінде болмағанымен социа­лизмнің сталиндік моделін жасады. Ол қызметі барысында халықаралық коммунистік қозғалыстың көсеміне айналды. Кеңес Одағының ықпалымен әлемдік социалистік жүйе жасалынып оған 20 шақты мемлекет енді. Социализм 1930-1980 жылдар аралығында капиталистік қоғамға балама, оның кемшіліктерімен ада болуға тиісті қоғамға айналды. «Адамды адам қанауы болмайтын», «халықтың, еңбекші бұқараның әділетті билігі орнайтын», «жалпыхалықтық, мемлекеттік меншікті ортақ игілік ретінде бүкіл халық пайдаланатын», «демократия мен әділеттілік, халықтар достастығы мен теңдік салтанат құрған», «жоспарлы мемлекет басқаруымен дамитын» т.б. жақсылықтарға толы социалистік қоғам моделінің шын мәніндегі авторларының бірі – Сталин. Оның осы тарихи қызметі оның есімін әлемдік тарихқа өшпестей етіп жазып кеткені ақиқат.
Сталин билікке келгенде Ресей им­периясындағы жұмысшылар мен шаруалар, қарапайым халықтың 85% оқи алмады. Ұлан-байтақ ел халқының 15% ғана сауатты болатын. Міне, осындай надан халықты Сталиндік билік индустриалды дамыған мемлекет құру ісіне жұмылдыра алды. Сталиндік репрессия, жазалау мен қорқыту саясаты алып елді индус­трияландыру, ұжымдастыру, қуатты армия мен экономиканы құру саясатымен ұштасып жатты. 30-шы жылдарда Кеңестік жоспарлы экономиканың, жалпыхалықтық мемлекеттік меншіктің негізі жасалынды. Мәдени саясаттың тиімді жүргізілуінің нәтижесінде Кеңес халқының басым көпшілігі сауат­тылыққа қол жеткізді. Сталиндік билік шын мәнінде мәдени революция жасай алды. Барлық ірі елді мекендерде ауруханалар, мектептер, кітапханалар, мәдениет үйлері, кинотеатрлар мен клубтар жұмыс істей бастады. Халықтың әлеуметтік тұрмысына қызмет көрсететін мекемелер, шаштараз, монша, т.б. мекемелер кең қанат жайды. Мысалы, 30-шы жылдар қазақ мәдениетінің көптеген салалары өрге басқандығы, елдің көптеген дарындары жарқырап шыққандығы да шындық. Басқа халықтардың әдебиеті мен мәдениеті өркендеді. Әсіресе, орыс халқының тілі мен мәдениетінің рөлі күшейе түсті. Сталин өз заманында әлемдік геосаясатқа ықпалын тигізе алған мемлекет қайраткерлерінің қатарында. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың бастапқы кезіңде бір­шама қателіктерге жол бергенімен, соғыс барысында Кеңес халқын топтастырып, фашистік Германияға қарсы күресті ұйым­дастыруда шешуші рөл атқарды. Фашизмді талқандауда Кеңес Одағы негізгі күш болғандығы, осы күшті басқарған Иосиф Сталин болғандығы тарихтың ақиқаты. Осы ақиқат тарихта Сталин есімінің өшпейтіндігінің кепілі болуда.
Фашизммен соғыс барысында Сталин өз мемлекетімен антогонистік қайшылықта болып келген АҚШ, Ұлыбритания мемлекет­терімен одақтастықты жасай алды. Міне, осы біріккен күш фашистік Германия мен милитаристік Жапонияны талқандады. Сталиннің басым империалистік державалар арасындағы қайшылықтарды пайдалануы түптің түбінде әлемдік тәртіптердің  өзгеруіне үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемнің геосаяси картасы мүлдем өзгерді. Империализмнің отарлау саясаты шектеліп, отарлау жүйесінің күйреу процесі басталды. Азияда, Африкада, Латын Америкасында ондаған тәуелсіз мемлекеттер өмірге келді. КСРО сыртқы  саясаты әлемнің тарихына ық­пал жасай бастады. Жапония өзінің Азия­дағы отарлау саясатынан бас тартуға мәжбүр болды. Германия барлық басып алған жерлерінен айырылып, өзінің тарихи шекарасымен шектелді. Фашизм идео­логиясын ұстанған Италия, Венгрия т.б. мемлекеттер демократиялық даму жолын таңдады. 1945 жылдың ақпан айындағы Қырымдағы кездесуде үш одақтас елдің басшылары Рузвельт, Черчилл және Сталин Біріккен Ұлттар Ұйымын құру туралы, әлемдік отарлау жүйесін шектеу туралы, шекараларды бекіту туралы келісімдер жасады. Тарихта Ялта келісімі болып енген үш державаның басшыларының келіссөздері қазіргі әлем­дік геосаяси және геоэкономикалық тәр­тіптердің негізін салып берді. КСРО әлемдік тәртіптерге зор ықпал жасауға қабілетті ерекше державаға айналды. Сталин осы биополярлық әлемдік басымдылықтың қайнар көзінде тұрды. ХХ ғасырдың 50-ші, 80-ші жылдары әлем АҚШ пен КСРО-ның сөзсіз басымдылық жағдайында өмір сүрді. Қазіргі Ресей мемлекетшілдері міне осы кезеңді аңсайды. КСРО-ның әлемдік саясаттағы басым держава болуын Сталиннің мемлекеттік қызметімен байланыстырады. Империялық мақсатты көздейтін Ресей топтары оның әлемдік тәртіптерге ықпал еткен заманын аңсайды. Ресейдегі империялық пиғылдағы топтар оны осы еңбегі үшін қадір тұтады.
 Сталин, сөз жоқ, адамзатқа зор, алапат қырғын әкелген Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны тал­қандауда шешуші рөл атқарған мемлекет қайраткерлерінің бірі екендігі даусыз. Бірақта, жеңісті Қызыл армияның солдат, офицерлерінің миллиондаған өмірінің құрбан болуы арқылы келгендігі де шындық. Сталиннің фашизмді талқандаудағы қызметі Кеңес Одағының бай табиғи және адами ресурстарын аямай пайдалануы және одақтас АҚШ пен Ұлыбританияның ұлы көмегін ұштасуы арқылы болғандығы ақиқат. Фашизмге қарсы халықты жұмылдыру мақсатында Сталин коммунистік идеологияның қас жауы дінді де пайдалануды дұрыс деп шешті.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі 1946-1950 жылдарда Кеңес Одағы соғыстан зардап шеккен халық шаруашылығын тез мерзімде қалпына келтіріп үлгерді. 1949 жылы КСРО атомдық қаруға ие болып АҚШ-тың бұл қару саласындағы басымдығын жойды. Сутегі бомбасы да КСРО-да жасалынды. КСРО-ның атомдық державаға айналуы Сталиннің басшылығымен жүзеге асырылды. Бұл жағдай әлемдік тәртіптерге өз ықпалын тигізіп КСРО-ның беделін тіптен көтерді. КСРО социалистік лагерь атанған мемлекеттердің тобының көшбасшысына айналды. Империализмнің отарлау саясатының күйреуіне де КСРО-ның дамушы елдерді қолдауы өз әсерін тигізді. Дамыған мемлекеттер дамушы елдерді тікелей отарламай оларды экономикалық тәуелділікке түсірудің жаңа әдістеріне көшті. Сталиннен кейінгі КСРО басшыларының бірде біреуі оның дәрежесіндей әлемдік саясат пен әлемдік тәртіптерге әсер ете алған жоқ. Ол ұлы реформатор болды. Оның реформалары нәтижесінде Кеңестік Советтік Республикалар Одағы құрылды. Социализм жүйесі өмірге келді. Коммунистік идеология салтанат құрды. Өкініштісі, КСРО-ны құру барысында асыра сілтеу­шілік, зорлық, миллиондаған адам­дардың құр­бан болуы орын алды. Алып империя КСРО-ның құрылуы мен дамуы И.Сталиннің есімімен байланысты болуы оның тарихи тұлғалар қатарынан беделді орын алуының  негізгі  себебі деп есептеуге болады. Сондықтан, Сталин орыс халқының мемлекетшіл, орысшыл топтарына беделді. Бұл топ оның кемшіліктерін, қа­теліктерін, зорлық-зомбылық саяса­тын империяның күшейіп, салтанат құруы үшін жасалынған шаралар деп ке­шіріммен қарайды. Ал, екінші топ үшін сталинизм фашизмге мазмұны жағынан туыстас диктатуралық биліктің идеологиясы. Сталиннің билігі болса, нағыз тоталитарлық диктатуралық билік. Сталинизм оның жеке басына табынушылық. Қоғамдық қатынастардағы жетістіктердің барлығының шешуші күші ретінде жеке тұлғаның бас­ты рөлін, яғни, оны барлық жеңістер мен жетістіктердің себебі ретінде тану.
Сталинизмнің демократиямен, саяси плюрализммен, нарықтық қаты­настардағы либерализммен, құқық­тық мемлекет құндылықтарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан, шын мәніндегі өркениетті, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрылысы үшін сталинизм қауіпті құбылыс. Авторитаризм, тоталитаризм, шовинизм идеологиялары сталинизммен туыстас, табиғаты мен мазмұны жақын. Сталин коммунистік идеология ұрандарымен халыққа өз диктатурасын таңса, Гитлер немістік шовинизм ұрандарымен, халыққа нацизм  идеологиясымен өз диктатурасын таңды. Екінші дүниежүзілік соғыста екі қарсылас диктатура жан аямай соғысты. Нәтижесі белгілі.
Қазақстан   И.Сталиннің ұжымдас­тыру  саясатының  салдарынан ең көп азап шеккен аймақ. Сталинизм идео­ло­гиясына қарсы болған Алаш зия­лыларының репрессиядан қырылуы қазақ халқы үшін аса ауыр рухани соққы болды. Қазақ ұлты өзінің мәдени қорынан, тарихи жадынан, тілі мен дәстүрлерінен сталинистік идеология нәтижесінде айырылуға шақ қалды. Сондықтан, бүгінгі Казақстан үшін, қазақ халқы үшін сталинизм құбылысы тарихтың ауыр беті ретінде бағаланғаны абзал. Ал, Иосиф Сталиннің мемлекетшілдігі мен реформаторлығы Кеңес Одағы құрамында болған Қазақ КСР-і үшін индустрияландыруды, күштеп ұжым­дас­тыруды, мәдени революцияны әкел­ді. Қазақ халқы интернационализм ұрандарының салмағымен өзінің ұлттық құндылықтарынан алшақтай бастады. Сонымен бірге, халыққа білім беру, кәсіптік оқыту, денсаулығын қорғау, мәдениетті дамыту сияқты маңызды әлеуметтік істер атқарылды.
Сондықтан, И. Сталиннің КСРО бас­қару қызметін бірыңғай зұлымдық пен жаманшылық немесе бірыңғай жеңістер мен жетістіктер деп бағалауға болмайды. Сталинизм осындай ерекшеліктерімен күрделі және көпқырлы құбылыс.  Ендеше,   әлемдік  саяси күштердің өзара күресуі, идеологиялық теке-тірестер бары­сында сталинизм феномені үнемі бой көрсете беруі де заңды. Сталиннің есімі Ресейдің кейбір топтары үшін әлі де маңызды және қастерлі. Ол өзінің 30 жылдан астам мемлекетті бас­қарған уақытында бас пайдасына, туысқандыққа, таныстық арқылы ар­тық­шылық жасауға жол бермеген, қызметін адал және таза атқарған қай­раткер. Сталиннің жемқорлыққа жол бермеуі де зор абырой әпергендігі шындық.
Сталинизм ұлы орыстық шовинизм­нің құрамдас бөлшегі. Сталинді ақтау, мадақтау Орыс империясының күш­тілігін дәлелдеу үшін қажет. Импе­риялық, тоталитарлық билікті қуаттай­тын күштер үшін сталинизм әлі де қажетті, маңызды рухани тірек. Бұл күштер сталинизмнің орыс халқын таптап, қырып келген құбылыс екендігін білгісі келмейді. Олар үшін империялық амбиция бірінші кезекте. Сталиннің орыс империясын күшейтуге зор үлес қосқандығы маңызды. Қырымда Ұлы Отан соғысындағы Кеңес халқының жеңісінің 70 жылдығына орай Ялта қаласының Ливада сарайының алдында Сталин, Рузвельт, Черчиллге ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш Екінші дүниежүзілік соғыс жеңімпаздарына тарихи тағзым ретінде жасалынды. Осымен қатар Ресей империясының Сталинге деген құрметі де тұр.
Иосиф Сталиннің өмірі мен саяси қызметі халықтарға саяси лидерлерді шектен тыс марапаттап, асыра көрсетудің зор зияндығын үйретеді. Саяси басшы ең бастысы адам. Оған жеке адамда болатын әлсіздіктер мен кемшіліктер тән. Барлық шаруаны дұрыс шешетін, барлық қоғамдық құбылыстарға дұрыс жауап беретін, қандайда болмасын қиын істің күрмеуін табатын тұлға болмайды. Жеке қайраткер 100 пайыз жақсы, 100 пайыз кемеңгер, көріпкел болуы мүмкін емес. Оны Сталин жіберген кемшіліктер мен қателіктер, асыра сілтеушіліктер мен зорлықтар нақты дәлелдейді. Сталин де пенде еді. Пендеге тән қателіктер мен кемшіліктерге ол да жол берді. Адамзат тарихында сирек кездесетін, аса қатыгез саяси репрессияның негізгі дем берушісі Сталин болды. Ол бұл жауыздықты тап жауларына қарсы, социалистік құрылыста қорғау ұрандарымен іске асырды. «Социалистік құрылыс терең­деген сайын тап күресі де күрделене түседі», – деген қате сенімді ұстанды. КСРО-ны халық жауларын іздеу, әш­керелеу, шпиономания ахуалы жайлады. Зиялы қауым арасында сенімсіздік орнатылды. Адамдардың  бірін-бірі  сатуы, жазықсыздан жапа шегуі абсурдтық деңгейге көтерілді. КСРО халықтардың түрмесіне айналды.
Сталин феномені осындай күрделі құбылыс. Революция туғызған көсемнің бойында даналық пен білімділік, рефор­маторлық пен халықшылдық, қаты­гездік пен жауыздыққа, аяусыздық пен қанқұмарлыққа ұласып жатты. Осылай бола отыра Сталин зор империяны күшейтті, басқарды, әлемге өз ықпалын тигізді. Сталиннің мемлекетшілдік қызметі оның есімін тарихтың бетіне өшпестей етіп жазып кетті.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Земсков В. Архипилаг ГУЛАГ: глазами писателя и статистика // АиФ. 1989. № 45.
2. Социологические исследования. 1999. № 5. С.25-26.
3. Пиманов А. Теория злых овец // Агрументы и факты Казахстан. 2015. № 7. С.3.

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Мақала авторлары феномен ұғымын дұрыс түсінбеген. Феномен деген жақсылығы мол ізгілігі мен игілігі қатар жүретін нәрселерге бағытталып айтылатын, қолданылатын ұғым. Мәселен Абфлай, абай феномені деген сияқты. Заманына қалың бұлтты үйіріп әкелген, халықтың бірлігін жойған, сананы тұмшалаған, зиялылардың қатарын сиреткен адамның болмысында не феномен бар? ойланатын тақырып. Феномен идея, білдім, өнер құндылықтары болсын үнемі бойынан шығарып жаңа уақыт өмірінде ұрпақ ишілігіне бақытталып отыратын дүниелердің, адам тұлғасының қасиетін, рухын айтамыз. Осыны ғалымдарымыз ескерсе дейміз!

  2. Мақала авторлары феномен ұғымын дұрыс түсінбеген. Феномен деген жақсылығы мол ізгілігі мен игілігі қатар жүретін нәрселерге бағытталып айтылатын, қолданылатын ұғым. Мәселен Абылай, Абай феномені деген сияқты. Заманына қалың бұлтты үйіріп әкелген, халықтың бірлігін жойған, сананы тұмшалаған, зиялылардың қатарын сиреткен адамның болмысында не феномен бар? ойланатын тақырып. Феномен идея, білдім, өнер құндылықтары болсын үнемі бойынан шығарып жаңа уақыт өмірінде ұрпақ ишілігіне бақытталып отыратын дүниелердің, адам тұлғасының қасиетін, рухын айтамыз. Осыны ғалымдарымыз ескерсе дейміз!

    Пікір қосу

  3. Әлихан Бөкейхановтың, “Кеңес үкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін” деген ең соңғы сөзі бар. Сол кеңес өкіметінің басында сталин тұрса одан не құбылыс күтеміз?

  4. “Ал, Иосиф Сталиннің мемлекетшілдігі мен реформаторлығы Кеңес Одағы құрамында болған Қазақ КСР-і үшін индустрияландыруды, күштеп ұжым­дас­тыруды, мәдени революцияны әкел­ді” – деген мақала авторларының пікірін түсінбедім.Революция төңкеріс ал мәдениет басқа нәрсе, мәдениет төңкеріспен келмейді жанның, рухтың байлығымен, білімнің молдығымен келетін дүние№

Пікірлерге тыйым салынады.