Жеңіс парадына қатысушы

  • 18.05.2015
  • 408 рет оқылды
  • Пікір жоқ

– 1945 жылдың сол бір көктемі тым ерек­ше еді-ау, – деп сөзін бастады Қылыш Шә­кіров. – Жыл мезгілінің жаныңды жадыратып, бойыңды сергітетін ең бір шуақты шағы дәл сол жылы Еуропа жерінде тым ерекше болғандай. Қызыл армия фашистердің қанды шеңгелінен өз жерін, өз  суын, өз елін босатып Еуропа халықтарына азаттық әкелді. Жаудың Берлинде жанталаса қарсылық көрсеткеніне қарамастан, біздің әскер олардың ордасының шаңырағын ортасына түсіріп, біржола тас-талқан етті емес пе!

Сапында мен шайқасқан № 15 танк полкы Балтық жағалауындағы сұрапыл ұрыстарға қатысып, Жеңіс күнін Берлиннің маңында қарсы алдық. Дәл сол сәттегі қуанышты тілмен айтып жеткізе алармысың. Содан 25 мамыр күні біздің полк­ты Мәскеуге аттандырды. Ештеңе біл­мей, аң-таң болып кете бардық. Мәскеуден 90 километр жердегі Иванеевка елді мекеніне келіп жайғастық. Қызыл алаңда болатын Жеңіс парадына   қатысатынымызды естісі­мен ерекше ширақтық танытып, дайын­дыққа зор ынтамен кірісіп кеттік. 
Жүрегіміз алып-ұшып, түні бойы ұйқы көрмейміз. Ұйқымыз қанбаса да,  көңіл күйіміз көтеріңкі. Көптен күткен күн де жақындады. Мәскеугебет алып, 1945 жылғы 24 маусымда Қызыл Алаңда болған Жеңіс парадына қатыстым. Мавзолей мінбесінде Бас қолбасшы, Совет Одағының маршалдары, әскери қолбасшылар мен үкімет басшылары болды. Міне, осылайша қанды қырғынды бастан өткеріп, қанішер жаудың ордасын алып, дәм-тұз тартып Жеңіс парадына қатыстым. Дәл сол кезде менен асқан бақытты жан жоқтай сезіндім. Әрине, әр жауынгер, әр  адам өзін дәл мендей сезінгеніне күмәнім жоқ. Парад аяқталған соң, әр жауынгер ескерткіш сыйлыққа ие болды. Біздің полк бұрыңғы орнына қайта оралып, мен әскери қызметімді жалғастыра бердім. 
Сөз арасында айта кетейік, Қақаң 1947 жылдың көкек айында әскер қатарынан босап, елге оралды.
 – Жауынгерлік жорық жолдарыңыз туралы дейсің бе? – деп ардагер менің сұрағымды қайталады да бір сәт үнсіз қалды. – Мен 1942 жылдың желтоқсан айында қолыма қару ұстап, майданға аттандым. 1943 жылдың сәуіріне дейін № 83 атқыштар батальонының пулемет ротасында болдым. Осы айда Горький қаласына келіп,  106-атқыштар дивизиясы 236-полкының құрамына еніп, Курск-Орел иініндегі алапат ұрысқа қатыстық. Курск шайқасында  жауынгерлер фашист құзғындарға өлтіре соққы бергені тарихқа мәлім. Ұрыстардың бірінде мен белімнен ауыр жараланып, госпитальға түстім. Екі айдан астам уақыттан кейін қатарға қосылдым да, № 15 танк полкында танкист болдым. Минск, Варшава қалаларын азат етуге, сондай-ақ Ордер өзенінен өту кезіндегі шайқасқа қатыстым. 
Қақаңның отты жылдардағы өзі жайлы айтқандарын тыңдай отырып, ойға қаласың. Бір-екі ауыз сөзбен хабардар еткен оқиғалар астарында қаншама шайқас, қаншама өмір мен өлім белдескен тұстар, қаншама қуанышты сәттер мен көзге жас үйірілген кездер болды десеңізші. 
 Төсінде Қызыл Жұлдыз ордені, бірнеше медальдар жарқырайды.  36 жыл бойы ол колхоз шаруашылығында белсенді қызмет жасады. 
Қ. Шәкіров Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында үлкен қуанышқа кенелді. 40 жылдан кейін Мәскеуде, Қызыл алаңда өтетін Жеңіс парадын көруге арнайы шақырылған қонақтардың бірі болды. Ардагерге деген үлкент құрмет, зор қошемет осы емес пе! Қылыш Шәкіров – Нарынқол ауданы бойынша Жеңіс парадына шақырылған бірден-бір азамат. 

 Нүсіпбай Тілеуберді

Алдыңғы «
Келесі »