СЕПАРАТИЗМГЕ КӨРСЕТІЛГЕН ОРАЛ ҚАРСЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

  • 18.05.2015
  • 9586 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Ерғали, 
«Азат» қозғалысының 1991-1993 жылдардағы Батыс аймақ бойынша үйлестірушісі

Биыл қазақ халқының Тәуелсіздікке деген талпынысын анық байқатқан, азаттық жолындағы саяси күш ретінде бой көрсеткен «Азат» қозғалысының құрылғанына – 25 жыл. Осы ұйымның кезінде ықпалымен елдегі сепаратизмге жасалған тосқауылдың тарихи бағасы әлі берілмей отыр. Ол – Орал қарсылығы еді.
Тәуелсіздікке дейінгі үш бұлқыныс

ХХ ғасырдың соңында қазақ хал­қының ұлттық рухын әйгілеген үш оқиға болды:
– Алматыдағы 1986 жылғы желтоқ­сан көтерілісі;
– Жаңаөзендегі 1989 жылғы шілде оқиғасы;


– Оралдағы 1991 жылғы қыркүйек қарсылығы. Әлі күнге дейін тарихшыларымыз бұл оқиғалардың мән-жайына үңіліп тарихи таразыдан өткізуге асық­пай отырғандығы өкінішті. Бұл оқиғаларды қазақ халқының еге­мен­дікке ұмтылысының көрініс тапқан тіз­бектес үш бұлқынысы еді десек, қате­леспеспіз. Бұлардың үшеуіне де тән жайт – қарапайым халықтың қатынасуы. Үшеуі де егемендікке қол жетер уақыт қарсаңында жалпы ұлттық сипатқа ие болған құбылыстар.
Алайда, Алматы мен Жаңаөзен оқи­ға­лары арнайы ұйыммен емес, ойда жоқта стихиялы түрде бұрқ ете қалғаны белгілі. Ал, Орал оқиғасы басқарылып, бастан аяқ барысына қатысып қоймай, жауап­кершілігін мойнына жүктеген ұйым­ның болуымен ерекшелеу. Осыған қа­рап үш оқиғаның сабақтасқан соңғы жал­ғасы ретінде, Жайық оқиғасы қазақ халқының тәуелсіздікке ұимтылысының көрініс бе­руі еді. Егер, Желтоқсан көте­рілісіне аң­ғалдық, жастық намыс, бей­кү­нәлік тән болса, Шілде оқиғасының сипаты ұлт­тық намыс қамшылаған әлеу­мет­тік мәселе болатын. Ал, Қыркүйек оқиғасы болса, саяси ширығыс пен тарихи жауап­кершіліктің тақалған егемендікке жолашары болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен, биыл 20 жыл толып отырған ол оқиға қалай болып еді.Ол 1991 жылғы ұлтшылдар бастамасымен болған оқиғалар тізбегінің хроникасы іспетті тарихи жайттардың бір үзігі еді.

Оқиғаға дайындық
Ақтөбе қаласында 1990 жылы 21-қазанда «Алдаспан» клубының ұйымға айналу құрылтайына бүкіл республика аумағынан делегаттар келген. Орал жағдайымен сол құрылтайда алғаш рет танысып, оның болашақ саяси сипатының бар екенін білдірген осы құрылтайға Нұрлыбай Сисенбаев бастап келген оралдық бір топ жігіттер еді. Сол құрылтайда республика көлемінде Орал жағдайы алғаш рет жергілікті тұрғындардың баяндамасынан тыңдалып, оның болашақ байыпты жайтқа айналатын негізі барлығына көз жіберілген. Қазақ егемендігі қарсаңында үйірілген әлдебір бұлтты сол топ алғаш рет жеткізіп, ұлтшылдарды қатты ойға ғана емес, дайындық барысына итермелеген болатын.

***
1991 жылы Ақтөбелік қоғамдық-саяси мәдени «Алдаспан» бірлестігі «Азат» қозғалысының облыстық бөлімшесі болып жарияланғаннан кейін мен қозғалыстың батыс аймақ (Ақтөбе, Атырау, Маңғыс­тау, Қызылорда, Орал, Торғай облыстары) бойынша үйлестірушісі болып тағайындалдым да, облыс бөлімшесін басқару Естай Жай­лы­баевқа жүктелді, сөйтіп маған үйлес­тіруші ретінде қалған батыстағы төрт облыста (Маңғыстауда «Парасат» қоғамы да «Азатқа» кірген еді) «Азат» қозғалысының бөлімдерін құру міндеті тапсырылды. Со жылы «Азат» қозғалысының Орал облыстық бөліміне белсенділер іздеп мамыр айында Орал қаласына баруға тура келді. Сырттай сұрастыра, ұлтшыл адам ретінде сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамын құрушы ақын Айсұлу Қадырбаеваға маңдай тіреп баруды жөн көрдім. Айсұлу екеуміз тез ұғыстық. Сөйтіп, сол жолы Аманжол Зинуллин (ауыл шаруашылық институтында оқытушы екен) бастаған бір топ азаматты «Азат» бөлімшесінің ұйымдастыру комитетіне тартып, құрылтайды маусым айына белгіледік.

***
Маусым айында Ақтау қаласында марқұм Сайын Шапағатов басқаратын «Па­расат» (Жаңаөзен оқиғасының ізі­мен құрылған) ұйымы ұйымдастырған митингісіне Сәбетқазы Ақатай, Айсұлу Қадырбаева үшеуміз қатыстық. «Парасат­тың» іс-тәжірибесімен танысып, бір топ ақтаулықтарды ертіп Атырауға келдік. Ол кезде Атырауда «Азат» бөлімшесі жоқ болатын. Сол жолы ұйымдастыру комитетіне адам тартып, әрі Олжас Сү­лей­менов басқаратын «Невада-Семей» қозғалысының батыс аймақ бойынша үйлестірушісі Бақытжан Әділовтың ұсы­нысымен Атырауда өткен антиядролық конференцияға қатыстық. Ол кезде Атырау обкомының 1-хатшысы Ғазиз Алдамжаров болатын.
Сапар одан әрі ұласып, Орал облысына автокөлікпен шығып, Тайпақ ауданы арқылы Орал қаласына бір топ ұлтшыл делегация жеттік те, «Азат» қозғалысының Орал облыстық бөлімшесінің құрылтайын бастап жібердік. Құрылтайға бар бол­ғаны 23-ақ адам қатысты. Бөлімше басшылығынан бас тартып,біздің қол­қамызға үзілді-кесілді қарсы шығып, А. Қадырбаева «халықтың ісін ер-азамат басқарсын» деп Аманжол Зинуллинді ұсынды. Сонымен, оралдық жігіттерге мақ­сат-міндетті ұғындырып, іс-қимылға жігерлендіріп біз аттансақ та, артымызда жүні жығылып, есіргендерде есесі кеткен казактектілер басынған аянышты хал кешкен бауырларымыз қалды. Бірнеше айдан кейін әлде бір әрекеттің боларын бәріміз де іштей сезіп, алаңдаумен Оралдан аттанып кеттік. 

Жайықта не көзделді?

Кеңес одағы тігісінен сетіней баста­ғанын сезген қызыл империя жағын­дағы шовинистік тобырлар оны күшпен болмаса, жасанды соғысты желеу етіп, ыдырауды болдырмауды ойлап, алас ұрғаны белгілі. Оған әри­не, әр жердегі ұлттық сепаратизм да арандату ауанын жасады. Соның бір мысалы, Преднестровье оқиғасы еді. Міне, дәл осындай сценарий Қазақстан аумағында да дайындалып, Жайық оқиғасын туғызу арқылы барлық солтұс аймақты Ресейге қосып алуға желеу жасауға шовинистік күштер де, оның идеологтары да (Солженицын, Горбачев) жанталасты. Осындай мақсатқа пайдалану үшін орыс-казак күші іздегенге сұрағандай еді. Бүкілресейлік казачество Орал казактарын айтақтап, сырттан рухтандырып, оралдық казак­тардың «жан дүниесі» соған түлеп шыға келді де, «орал-казак республикасы» картасын ойнауға кіріскен еді. Бұған желеу ретінде Орал аймағының казактар күшімен Ресейге көшкендігінің 400 жылдығы дейтін дата жасақталды. Бұл 1991 жылы 15 қыркүйекке келетін. Сөйтіп, оны казактардың мейрамы ете отырып, бүкілресейлік казак атамандары қатыстырылып, әлгі «республиканы» жариялап жіберу мақсаты көзделді. Одан арғысы шиеленісіп бара жатса, әскери күштің шаруасы болу керек еді. Сөйтіп, мұндай толқын Қазақстанның бүкіл терістігін қамтуы тиіс еді және ол мүмкін де болатын. Бір қызығы, бұл жайында Қазақстанның ресми басшылығы білгенмен, оны «қоздырмау мақсатымен» ұсақ-түйек нәрсе деген сыңай танытып, «елемеуге» тырысты. Ол кезде ТЖМК-ден (ГКЧП) кейін ыдыраған қызыл империяның құландысында қалған Қазақстан тәуелсіз­дігін жариялап та үлгермеген болатын. Ал, Ресей үшін бұл қайткенде де жеңіліс бермейтін территориялық ойын еді де, ол идеологиялық-информациялық шоқты ауық-ауық лақтырып қойып, атамандарды айтақтап, тіпті, киім-кешек, қару жағы да бейресми түрде пайда болуын қамтып отырды. Ал, казактар болса, бұдан кәдімгідей «тойдың тойға ұласуына» күдік келтірмей, Орал қаласын басынған үстіне басынып жатты.

Семейдегі ұлтшылдардың 
сыбайласуы
Ұлт-азаттық рух бойларын кернеген сол кездегі қазақтың бір топ легі 1991 жылғы тамыз төңкерісінің қаһарынан сескенбес­тен, оқиға бітер бітпестен Семейге жиналды. Мақсат – сол кездегі ұлттық деңгейден шығып әлемдік ауқымға жеткен ядролық полигонды жапқызу еді. Республиканың түпкір-түпкірінен жиналған 100-ге тарта адам бір апта бойы Семейді басына көтеріп, полигонды жабуды Мәскеуден де, Алматыдан да талап етіп жатқан-ды. Ол кез жер бетінің алтыдан бірін алып жатқан қызыл империяның адамзаттың көз алдында ыдырап, біреудің есінен танып, біреу аһ ұрып, әлдекім таң қалып жатқан, ал, коммунистік саясат біткеннің дал-дұлы шығып, кімнің нені тұтқа етері белгісіз, әуре-сарсаң кез болатын. Міне, сол кезде сарабдал саясатшы Михаил Есеналиев бастаған бір топ «азатшылдар» осы сәтті өз халқымыздың пайдасына шешуді көздей жүріп, сол кездегі Қазақ КСР президенті Назарбаевтың қолымен Семейдегі ұлы полигонның үнін өшіруді қолға алған едік. Әлі есімде, Амантай Асылбеков (кәзіргі Амантай қажы) ағамыз екеуміз күніге екі рет митинг атынан Олжас Сүлейменов пен Нұрсұлтан Назарбаев аттарына телеграмма салумен болдық. 
Ақыры, «азатшылдардың» айқайын­да бір негіздің бар екеніне иланған және тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан тағдыры өз қолына анық көше бастағанына көзі жеткен Н. Назарбаев өз жарлығымен аталмыш полигон тағдырын шешіп, жабуға шешім шығарды. Бұл шешім – Нұрсұлтанның халқы итермелеген жағдайда әлемдік деңгейдегі шешімге алғаш қол қойған сәті әрі егемендік алып үлгермеген Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі сайлаған президенттің әлемдік деңгейдегі ал­ғаш­қы ірі шешімі болатын. Сөйтіп, тамыздың 29-ы күні тәуелсіздік алып үлгермеген Қазақстанның басшысы Назарбаевтың КСРО басшысының қолы­мен құрылған әлемге азуын білеген қызыл империяның басты қаруы таратылған еді. Ол кез полигонның жа­бы­луымен ғана емес, «азатшылдар» «Алаш алаңы» аталған Ертіс бойындағы то­ғай алқабына барып, коммунистік және комсомолдық билеттерін өртеп, «тарихи тазару» акциясын да жасағаны үлкен саяси қадам екен. Сонда, қаншама қолқаласақ та, Амантай ағамыз өзінің партбилетін отқа тастамай-ақ қойғаны бар. Ол оның кейбір екіжүзді коммунистерден гөрі азаматтық позициясының мықтылығы болар деп бағалаймын.Сол кісінің бастамасымен «Аттанайық Жайыққа!» ұраны пайда болды, кейін соның негізінде «Аттан!» қозғалысы дүниеге келгені бар. Сөйтіп, Қазақстан тарихында Семей полигонының жабылуы туралы шешімнің қабылдануына өздерінің де қатысы барын сезініп, қанаттанған ұлтшылдар қыркүйекте Оралға жиналуға келісіп, мәре-сәре аттанысып жатты. Қазақстанның әр түкпірінен өздері күш-қаражат тауып жиналған бұл топ, шын мәнісінде ел тағдырындағы ерекше құ­былыс болып табылатын ұлттық сы­бай­ласудың нақты алғы көрінісі еді!

Жайыққа аттану
«Азат» қозғалысының батыс аймақ бойынша үйлестірушісі ретінде өзіме қарасты 4 облысқа (Орал мен Ақтөбеден басқа) Жайыққа жиналуды айтып, хабар салдым да, өзім Ақтөбе облысы бойынша делегация жасақтауға кірістім. Делегация басшысы ретінде Ақтөбе облыстық «Азат» бөлімінің төрағасы Естай Жайлыбаев тағайындалды. Ал, мен Орал оқиғасына қатысты құрылуға тиіс штаб жасақтау идеясымен жүрдім.  
Біздер Ақтөбеден аттанарда барлық мүм­кін жағдайға өзімізді де, отбасымызды да даярлап аттанған едік. Шын мәнінде, жігіттер үй-ішімен іштей қоштасып шықты. Өйткені, біз қайда, неге және не үшін бара жатқанымызды жақсы білдік.
Бұл аттаныс ешбір даңғойлық пен дарақылыққа, жалған намысқойлыққа жатпайтын, халық пен жеріміз үшін аттану, ертең не болғалы тұрған егемендікке қол созудың шынайы да боямасыз үлгісі болатын. Жасы­ра­тын несі бар, біршама облыстардан делегат-сарбаздар Оралға шықпай қалды, тіпті, «Азат» қозғалысының орталық басшылығынан Алматыдағы ағаларымыз да келуге жүректері дауаламады, түрлі себеп айтып, қаш­қалақтады да, бірақ, жеңіс жалауы желбіреген кезде көрнекті орыннан кешікпей табыла білді. Обалына не керек, сол кезде «Азаттың» мүшесі болмаса да, оқиғаның басқару штабының мүшесі болып жеке дара астанадан келгендер де болды. Әсіресе, туған ағасын ертіп Шоқай ақсақал, тіпті, 3 жасар қызын жетелеп, Хадиша жеңгеміз секілді әйелдер аралас қаптай келген Шымкент, Жамбыл облыс­тарының делегациясын айтсайшы! Ал, қалаға жіберуге тыйым салынып, оқиғаға атсалыса алмай өкініп кейін аттанған, Атырау мен Орал облыстарының аудандарынан атпен келген сарбаздарды қалай атамасқа! «Аттанайық Жайыққа!» ұранымен Оралға жиналғандар «Азат» қозғалысы мүшелігінің шеңберінен шығып, бүкілалаштық мәнге ие болған отаншыл құрама болатын. Сол себепті де, оқиғаны басқарып, барлық жағдайды қолға алып, жауапкершілікті өзіне жүктеген орган құру жөніндегі ұсынысым қабылданып, штаб құрылды; оны сол кездегі Оралдың саяси ағарту үйіне орналастырған едік. Штаб құрамы он үш мүшеден жасақталды.

Оқиға
Жайыққа ел түкпірінен жиналғандар 13-қыркүйектен қалмай келіп болды. Сол кезде ешбір қаржының жоқтығына қарамастан, елдің жағдайы кеңестік қордың әлі де әлсіремей тұрған кезі еді. Келген жұрт қонар орын мен асты ешбір мәселе қылмай өздері тауып жатты. Штабтың басты мақсаты ахуалды бейбіт жолмен, бірақ ұлт пайдасына шешу ғана болатын. 14-қыркүйек күні таңғы сағат 7-де Орал қаласының маңында елеусіз түрде құм басып, құрылыс табанына түсіп жатқан, казактар қолынан қаза болған қазақтар қорымына Айсұлу Қадырбаева бір топ адамды ертіп барды. Қорым деген аты ғана, ешбір бейіт көзге түспейді, жермен-жексен. Ақын да өр көңілді Айсұлу апамыз көзіне жас алды. Білген дұғамызды оқыдық. Сол күні ауа-райы қара суық болды. Оқиғаға жиналуы тиіс деген мекеме, оқу орындарына таңертеңгі сағат 9-ға жиналуды хабарлағанбыз. Саяси ағарту үйінің маңындағы алаңға дыбыс күшейткіш алдырттық, плакат, лозунгылар дайындалып жатты. Сағат дәл 9 болған сәтте, митин­гіні ашып жіберіп, жан-жақтан кел­гендер алма-кезек сөз алып, орталық көшені басымызға көтере орысша-қазақша сампылдап жаттық. Ол кезде барлық жерде биліктің белбеуі босап, көшелік демократия белең алған кезең еді.
Облыс, қала басшылығына жағдайдың ушықпау жағын ойластыруды, жиналған казактардың той тойлауды дереу доғаруын, келіссөзге келуін айтып мәмілеге ша­қырдық. Облыстық әкімшілікке барып, оқиғаның алдын алу шараларын ұсы­нып, өз құзырларын қолдануды талап еттік. Сонда түсінгеніміз, Оралда жергілікті мәселені шешуге қауқар боларлық облыс басшылығында дәрмен де, жігер де жоқтығы еді. Күйінгеннен митинг маз­мұнын басшылықты кінәлауға бұрдық. Осының арасында біздің талабымыз бойынша келген шіркеу басшысымен келіссөз мандымады. Жергілікті өкімет ойдағыдай мәмілеге келтіруге екі жаққа да араша бола алмады. Біз сол күні тойға байланысты шіркеу мен «Зенит» сарайында өтпек арнайы шараларды дереу доғаруды талап еткенбіз. Басынған казактар бізді менсінбеді, ал, жергілікті билік казактардың шылауында жүрді. Жергілікті өкіметті басынғаны айқын көрініп тұрды. Ал, өкімет өкілдері оған намыстанбады да. Бар болғаны бізді аяқтан шалып, болашақ кінәлау сценариіне біздің жақты жасанды түрде икемдеумен болды. Митинг қыза бастады. Жастар жан-жақтан келіп қосылып алаңды кернеді.Ересектер де ішкі ашынысын білдіріп, митинг отына май тамызды. Сол арада казактар жағына көбірек барғыштап жүрген Мұқанов (ол кейін Жоғарғы Кеңеске депутат болды) деген орыстілді қазақ мінген «Волганы» жұрт аударып тастады. Біз әрбір шалт қимылды бақылап, артық әрекетке ұласпауын қадағаладық, әлгі Мұқановпен сөйлесуді өзіміз қолға алып, жұрттың даурығуын бастық. Жәшікпен арақ таратылып жатқаны туралы да хабар түсті. Бірақ, оның бәрінен түк шықпады. Біз түгіл жиналған халық жауапкершіліктің қандай екенін жақсы сезіне бастады. Бұл – мәселенің басты көрінісі еді. Жиналған жұрт бір командаға ұласты деген сөз. 
Сағат 10-да шіркеуде шоқыну салтанаты, 11-де «Зенитте» казактар құрылтайы болады деген хабар алдық. Ресми басшы­лықтан күдер үзген біздер оқиға барысын үйлестіріп, қолға алуды және басқаруды ойластыра бастадық. Дереу, әр облыстан келген топтардан біріктіріп, 13 адамнан тұратын штаб жұмысын іске қостық. Енді, жиналған жұртты меңгеретін және ушыққан жағдайға алдын ала әзірлік шарасын жасап, тәртіп сақтау мен оқиғаны басқаруға күш жасақтау керек болды. Сөйтіп, 100 адамнан тұратын ерікті жасақ құрдық. Олардың мәліметін тізіп, қол­дарын қойғызып, ант қабылдадық. Казактар шіркеуінде шоқыну бастаған кезде, біздер де 113 адам сап түзеп, құрылтайды болдырмау мақсатымен «Зенит» сарайына тарттық. Ал, Саяси ағарту үйі жанындағы басты алаңда қалған жұрттың бармауын тапсырып, митингіні жалғастыра беруді айтып, оларға басшылар мен жасақтар тағайындап қалдырдық.

***
«Зенитке» таяп келіп тізіліп тұрдық. Милиция жасағы бізден де көп екен. Алдында көрші облыстардан милиция мен МҚК-нің қызметкерлерін ал­дыртты деп естігенбіз.Алматылық ор­та бойлы қазақ, милиция генерал-майоры жүрді. Бірақ, оның қызметі қаншалықты екенін ақыры түсіне алмадық. Милиция жасағы бетін бізге қаратып «Зенит» пен біздің арамызға қалқан болып сап түзеп тұрды. Әсіресе, орыс-казак милициялардың қабағы қатыңқы, дөрекі сөйлейді. Іш қазандай қайнаса да алдын ала өзіміз жасаған нұсқау бойынша ешбір арандатуға бармай, бар мақсатымыз – келімсек казактарды кейін қуып, құрылтайын болдырмау. Күн қара суық. Жеңіл киінген біздің өңменімізден өтіп барады. Бір кезде әлем-жәлем, әскери киінген қауға сақал казактар сап түзеп, бізді айналып, тұп-тура «Зенитке» қарай әскери қадаммен, бізге қыр көрсете өте бастады. Бізден шыдам кетті. Бір-бірімізді тоқтатсақ та, әркімнің кеудесі ызаға толы екені түйілген қабақ пен жұдырықтан көрініп тұрды.
Бір мезгілде арамыздағы жамбылдық шымыр денелі, каратэшы, орта бойлы Мұқтар деген жігіт шыдай алмай ай­қай салып, казактарға тұра ұмтылды. Бәріміз оның соңынан жүгіріп, ұстап қалдық. Байғұс жігіт ызаға булығып, шара­сыз­дықтан намысқа түйілген кеудесі шыдамай, еңкілдеп жылап жіберді. Өзін-өзі ұстай алмай, 100 метр бойына сап түзеген біздің жасақты бойлап ойындағы сөзін айқайлай айтып, ерсілі-қарсылы жылап кезіп кетті. Біз жылама демедік. Өйткені, бәріміз үшін ең болмаса, біреу намысын жыртып, іштегі шерін тарқатқанын дұрыс санадық. Мұқтардың бұл қылығы жарты сағатқа созылды. Оған ілесіп, саптағы бір милиционер қазақ үнсіз жылап тұрды. Кем-кемдеп Мұқтарды сабыр сақтауға шақырдық. Өйткені, оған қосылушылар қатары шыға бастады.
Казактардың салтанатты жиналы­сының ашылғанын білдік. Аспанды бұлт торлап, бір уақытта жаңбыр сіркіреді. Неге екені белгісіз маған ас­пан жылап тұрғандай болып көрінді. Ертеңгі дұға оқыған бейіт басы есіме түсті.Бізбен бірге о дүниелік әруақтар да шарасыздықтан жылап тұрғандай сезіндім, ойымды саптағыларға айттым. Әлдекім мұны жақсылыққа жо­рыды. Жауын 15 минут жауды да, көп ұзамай күн шығып, жылып қоя берді. Біз митингідегі жұрттың ба­ғын­бай, бері қарай келуге сұранып жат­қа­нын естідік. Оларға «келмеңіздер, қыр­­ғын болады» деп хабар айттық.
Ара­мыздан, жеті адам делегат ретінде ка­зактар салтанатына барып келіссөз жүр­гізуді ұйғардық. Сөйткенше, бізге қарай жамырай жүгіріп келе жатқан ми­тингіге жиналған  он мың адамның қаптап келе жатқанын көріп, шошып кеттік. Бейне бір құрлықты басып, топансу келе жатқандай. Бір сәт бәріміздің ойымызда «Кәзір қыр­ғын басталады!» деген суық ой қарып өтті. Казактарға да, Ресейге де керегі осы ғой!..
Дереу 3 жасар баласымен жамбылдық Хадиша жүгіріп барып, басындағы орамалын жұлып алып, қаптаған қазақ жас­тарының алдына жайып отыра қа­лып, «Тоқтаңдар!» деп айғай салды. Сап­тағы біздер де дереу есімізді жыйып, қол ұстасқан күйі келе жатқан топқа қар­сы сабымызды керіп тұра қалдық. Дереу бұрын жеткендердің өздерін қол ұстастырып, екінші қатар, сосын үшінші қатар түздік. Сөйтіп, кіжініп келгендердің өздеріне өздерін тосқауыл етіп, енді казактармен келіссөз жасау керектігін айтып, көріктей қызған жұрттың басылуын өтіндік. Солай тұрғанда әлгі жетеудің келіссөзге бару керектігі еске түсті. Мың­даған митингішілердің қан қысымы көте­рілгендігі сондай, ештеңеге тоқтар емес. Кешегі оралдық бұйығы қазақтардың бір күннің ішінде мұндай намысқойланып батылдық пен жаугерлікке барады деуге қимас едік. Сонымен, митингішілерден келіс­сөзге бар болғаны 15 минут сұрадық. Егер, осы уақыт ішінде ештеңеге үлгер­месек, не істесеңдер соны істеңдер деп жауапкершіліктің бір ұшын оларға да ке­рі тастадық. «Зенит» сарайына келіп, облыс басшысы Н.Есқалиевке бар жай­ды айтып, казактардың жиналуына 15-ақ минут берілетінін ескерттік. Жағ­дайдың қаншалықты ушыққанын облыс басшылығы да, казактар да айтпай-ақ сезді. Дереу «Зенит» мәдениет сарайының қаптал есігіне автобустарын тақап, казактардың кетуден басқа шарасы қалмады. Бұл жайтты тосып тұрған қазақтарға айтуымыз сол екен, 3-4 қатар тосқауылды да, милиция сабын да быт-шыт қылып, «Зенит» сарайына қарай лап қойды. Казактардың автобусқа мінгені мініп, мінбегені жаяу тым-тырақай қашып, манағы маңғаз империялық кейіптің ту-талақайы шы­ғып, масқара болып тырағайлап кетті. Ұлттық рухтың салтанатты құ­діреті дегеніміз – осылай көрініс бер­ген еді! Көтеріліс дегеніміз – шайқас пен қирату емес екен, ол – ушыққан ахуалды өз пайдаңа жарата білудің зор тактикасы. 

Жайық оқиғасы нені көрсетті?

Бұл оқиға бір-біріне қарама-қарсы кө­терілген қос тараптың қатысымен қатар нақты мақсаттың екі жақта да болғанын айқындады. Бірақ, мұндай жағдайда жеңіс тек қана бір жаққа тиесілі екені белгілі, ол Алла бұйыртып, бізге тиді. Бірінші, сәті келіп, ниет біріккенде санаулы топ та бұйыққан халықтың қанын тулатып, рухын желбіретіп, өз тағдыры үшін ұлы күш болатынын көрсетті. Екінші, елдің егемендігі үшін жауапты да, күш те, күрескер де халықтың өзінен басқа ешкім болмайтынын көрсетті. Үшінші, Қазақстан егемен боларда елдің күш-жігерін біріктіріп, оның намысын жыртатын нақты саяси күш те, қоғамдық топ та (зиялы қауым), басшылық та (Н.Назарбаев сол күндері Б.Ельцин екеуі Қарабақтағы әзербайжан-армян соғысына ара ағайындықпен жүрген еді) болмады. Қазақ халқына бұл жолы да Жаратқан ие жар болды! Төртінші, асқақ мұратын халықтың тағдырымен байланыстырғандар болып оның жігерін ұштап, көтере білсе, халықтың бұйыққан рухын бір сәтте-ақ көтеріп, оның жемісін жеңіспен көмкеруге болады. Кез-келген елдерде алынбай отырған асуға айналған түрлі дағдарыстар халықтың өз күш-жігерін тұсағаннан болады екен. Бесінші, қазақ элитасы (бір де бір атақты зиялы Орал оқиғасына қатыспады) халық үшін бас көтеруге ниет те білдірген жоқ, қаншалықты қажет екенін аңдамады. Зиялы қауымның соншалықты бейшара екені осы оқиғадан тағы да көрініп қалды. Алтыншы, оқиға Ресей тарапынан Қазақстан жеріне көз тігу мәселесін бірнеше есе кейін серпіп, Қазақстан басшылығына елдің территориялық тұтастығын нығайтып алу­ға баға жетпес мүмкіндік әперді. Же­тінші,  оқиғаның шығу себебі саяси жа­ғынан мейлінше жойылмайынша, оның жалғасы болашақта кез-келген уақытта жалғасатындығына ешбір кепілдік жоқ. 

Алдыңғы «
Келесі »