Өзіңді-өзің алдама, қазақ!

  • 18.05.2015
  • 528 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алмас Жұмағали,
заң ғылымдарының 
кандидаты

Қазақ елінің әр түкпірінде «анандай компаниядан алданыпты, мынандай пирамидадан ұтылыпты, бәлен деген желілік маркетингке кіріп, қаржысынан қағылыпты», –  деген сыңайлы ақпаратты жиі естиміз. 90-жылдардан бастау алған үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ес жиятын кезіміз келіп, ақыл тісіміз шықса да алданып келеміз.  Осыны қал-қадірімізге түсіндіріп көрейік.


«МММ». 90-жылдары аты дүрілдеп тұған компания. Ресейдегі ең ірі және алғашқы қаржылық пирамиданың бірі. Әртүрлі деректер бойынша 15 млн. адамға дейін салымшысы болды. Құрылтайшысы С.П.Мавроди алаяқтық қылмысымен айыпталып, сотталды. Шыға салысымен тағы бір «МММ-2012» атты қаржылық пирамида компаниясын құрды. Осыған көптеген Қазақстан азаматтары тіркелді, әлі де тіркелгендер толастар емес. Және оның жарнамасы да бұғатталмаған. «Тобыр  психологиясы». С.Мавродидің өзі адамдардың ақшаға деген ашкөздігін жақсы меңгерген. Ол туралы өзі айтып та жүр. Ең негізгі қозғаушы күш осы болса, келесісі – тобыр психологиясы, яғни, «мен құр қалып қоймайын» деген пиғыл. Психологтардың айтуынша, егер, халықтың басым бөлігі бір нәрсені жанталасып алып жатса, бір жерге жанталасып тіркеліп жатса, мен де қалып қоймайын, мен олардан кеммінбе деген ой итермелеп отырады. Ал, зардабы туралы ойланбайды. Өзіміздің мақалымыз да бар емес пе «Көппен көрген ұлы той» деген. 
«Қаржылық пирамида» деген не? Бұған дейінгі, яғни, 2014 жылға дейін­гі заңдар оған анықтама берген жоқ. 2014 жылдың 3 шілдесіндегі Қылмыстық кодексінің 217-бабы қылмыс құрамы ретінде арнайы бап бөлді. Ол былай дейді: «217-бап. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету.
1. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни, тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (ин­вес­­тициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету – мүлкі тәркіленіп, бір мыңнан үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».  3-бөлігі бойынша ең ауыр жағдайларда бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Белгілерін қараңыз: Біріншіден, тар­тылған ақшаны кәсіпкерлік қызметке пай­даланбайды, яғни, тауар шығаруға, сатуға, өндіріске т.б. пайдаланбайды, айналыста тек ақша жүреді. Екіншіден, бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту, яғни, кейінгі кіргендер, алдыңғы кіргендердің қалтасына үлес қосады. Үшіншіден, табыс тек салымшылардың ақшасынан келеді. Мысалға, Сіз оған 100 000 теңгемен кіресіз. Соңыңыздан 3 адам әкелу керек. Олар да 100 000 жарнамен тіркеледі. Сіздің 100 мыңыңыз алдыңғыларға кетті. Сіздің әкелген адамдарыңыздың 300 мыңынан сіздің 100 мыңыңызды қайтарып береді (300-100 мың=200 мың). Қалғаны жоғары жаққа кетеді. Ол үш адам өз кезегінде 9 адам әкеледі. Олардың ақшасына сізге 150 мың теңге түсті делік (900 000-150 000= 750 000). Қалғаны жоғары жақтағыларға кетеді. Осылай жалғасып кете береді. Осы сыртқы сұлбасына қарап оны пирамида деп атаған. Бұл шексіз емес, түптің түбінде құлайды. Түптің түбінде тесік астаудың қасында қалатындар – астыңғы қатарға жазылғандар. 
Шын «Желілік маркетингтер» («Сетевой маркетингтер»). Мұны, бірақ, шын мәніндегі желілік маркетингпен шатастырмау ләзім. Мысалы, сіз осындай бір компаниядан косметика аласыз. Айталық,бір комплектісін 7500 теңгеге алдыңыз. Дәл осы қалпында пайдалансаңыз да болады немесе 10 000 теңгеге сатсаңыз да болады. Шын мәніндегі осы тақылеттес тауарлардың нарықтық бағасы 9000-12 000 теңге делік. Бұл нағыз желілік маркетинг, яғни сауда-саттықтың ешкімнің қақысын жемей, қарапайым халықты дистрибьютор (таратушы) ретінде тарта отырып, кәсіп жасау. Олардың негізгі ұстанымы – жарнама жасамаймыз, жаппай сатылымда жоқ, әрі қалай пайдалануды тегін үйретеміз дейді. Яғни, экономикалық тұрғыдан алғанда, сіз қосып отырған 25 пайызды өз қалтаңызға қалдырыңыз. Өйткені, біз жарнама берсек, әр жерден бутик ашсақ та осы 25 пайыз шығын болып, ол тауардың өзіндік құнына қосылар еді деген сыңайлы. Мұның ешқандай заңға қайшы жері жоқ. «Желілік  маркетингтің атын жамылғандар». Күріш­тің арқасында күрмек су ішеді деп, осы «желілік маркетингтің» атын жамылып жүргендер де кездеседі. Олар атауын осылай қойып қойған, тіпті, азын-аулақ тауарлары да бар. Бірақ оның бәрі көзбояушылық. Мысалға, сізге оған тіркелу үшін 150 000 теңге тапсыр дейді. Сізге бір «тауар» береді. Айталық, сағат. Дәл осындай сағаттың нарықтағы бағасы қанша керемет сағат болса да, ары кеткенде, асып кетсе 50 000 теңге (өзіндік құны, тасымалдау, салық т.б. барлық шығындарын есептегенде). Қалған 100 000 теңге қайда кетеді? Тіпті, сіз ол сағатты басқа біреуге 25 мыңға да сата алмайсыз. Сізге 3 адам алып келуге міндеттейді. Сіз дәл солай істедіңіз. Олардың құйған ақшасы  450 мың. Оларға да бір-бір сағаттан ұстатады. Енді, олар да үш-үш адамнан әкелгенде сізге құйған 150 000 теңгеңізді қайтарып береміз, одан кейінгілер келгенде ДЕВИДЕНД береміз деп уәде береді. Енді есептеңіз: әр адамға есептейік 150 000 – 50 000 (сағат) = 100 000. Енді тауардың бағасын алып тастап есептеңіз: 300 000 (алдыңғылардың ақшасы) + 900 000 (кейінгілердің ақшасы) = 1 200 000 теңге. Оның сізге 150-ін қатарып береді. Қалғаны 1 050 000 теңге қайда кетеді? Кез келген тауардың, қызметтің экономикалық негізі болу керек. Демек, бұл нағыз қой терісін жамылған қасқырлар, желілік маркетингтің атын пайдаланған қаржылық пирамидалар. Бұл жердегі «тауар» әшейін көз алдау. Біз «желілік маркетингпіз» деуге ғана керек. Бұған бір басын сұғып алғандар үшін қайтар жол жоқ, өйткені ол салған қаржысын қайтарып алуға мүдделі. Қирап қалғанша тоқтамайтын механизмді іске қосқан басқалар, ал, қозғалтқышы – сіздер. Салымшылар бизнес жасап жүрміз деп өз-өзін алдап жүр, себебі миына солай құйған. Бір қазақты бір қазаққа салып қойып сыртынан қызықтап отырғандардың қалталары қампайғанда қарасын да көрмейсіз. 
Түйін
Бұлар – сіздің қаржылық сауатсызды­ғыңызды пайдаланып, сіздің және өзіңіз тартқан ет жақындарыңызбен таныс­тарыңыздың несібесіне қол салушылар. Сізге К.Маркстің «Капиталын» оқып шығу міндет емес, бірақ, кез келген табыстың негізіне өндіріс, тауар, қызмет көрсету сияқты өзіндік құны бар нәрселер жатуы керек екенін ұғынатын шығарсыз.  Өз ақшамды алсам болды, менен кейін «Пұл болмаса – күл болсын» деген қағиданы ұстанбайық, бауырлар. Шындап келгенде, зардап шеге­тіндер – өзің қатарына тартқан жақын­да­рыңның жақындары ғой. 
Елдің ақшасын алып тайып тұратын сіз аттарын білмейтін құрылтайшылар. Не істеп жүргенімізді білейік, кімді қандай жарға итеріп жүргенімізді аңғарайық!!! 
Өзімізді-өзіміз алдамайық, бауырлар!!!

Алдыңғы «
Келесі »