Алаш мұраты не немесе тәуелсіз қазақ тарихындағы оралманның рөлі қандай?

  • 18.05.2015
  • 952 рет оқылды
  • 2

Есенгүл  КӘПҚЫЗЫ, 
С. Демирель атындағы университеті  журналистика кафедрасының  меңгерушісі

Кез-келген мәселеге тарихи баға беруге келгенде, біз Қазақстанның ау­мағымен ғана шектелеміз. Шетелдегі қазақтың қазақ үшін, оның жерінің тәуелсіздігі үшін күрескендігін ұмытып, ол тарихты мүлдем сызып тастауға тырысамыз. Бірақ, қалай дегенменде фактінің аты факт. Ерте ме, кеш пе оның айтылуы да, жарыққа шығуы да заңдылық. Осыдан елу жылдың алдында Қазақстаннан тыс жерде қазақтар өмір сүретіні туралы айтудың өзі қорқынышты болса, бү­гінде әлемнің отыздай елінен қа­зақ­тар Атажұртына қоныс аударып, өз елімен, же­рімен табысуда. Соның арқа­сында тарих беттерінен әдейілеп сызылып тасталған, шетте қалған рухани мұра­ғаттарымыз бен тарихи жадымыз қайта жаңғырыға бастады. Соның бір дәлелі – күні кешеге дейін ауызға алуға, айтуға жүрексінетін «Шығыс Түркістан үшінгі ұлт азаттық көтерілісі» жайында жүйелі зерт­теу жасалмаса да, там-тұмдап айтыла бастауы еді. 


Осыдан бірнеше жыл бұрын 100 жыл­дық мерейі атаусыз қалған, Шығыс Түркіс­танның азаттығы үшін басын бәйгіге тік­кен батыр Оспан Сіләмұлының рухын асқақтатып, оның тұлғасын әспеттеу мақ­са­тында республикалық ақындар айтысы өткізілді. Кейіннен, оның идеаласы Манас ауданының әкімі Қалибек Хакімнің 100 жылдығы Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігі тарапынан аталып өтілді. Ғы­лыми-теориялық конференциядан кейін, Қа­либек хакімнің ұлы Хасан ағамызбен әдейі жолығып, Қалибек Хакімді ұлықтау ша­ра­сының қандай деңгейде өткізілгені жайын­да сұрадым. Хасан аға, «Әуелі, оның Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолға алынғандығының өзі маңызды» деп жауап берген еді. Демек, азат ойдың ұландарын ұлықтау ісі бізде басталды. Бірақ, азат­тықты ту еткен, ұлттың дамуына барынша үлес қосқан «Алаш» зиялыларының тарихтағы орнын айқындауға келгенде әлі де сараңдық танытып отырмыз. Саясаттану ғылымында «Саяси ой тарихы» атты пән үйретіледі. Ал, «Азат ойлау та­рихы» осы «саяси ой тарихының» құ­рам­дас бөлігі іспетті. Қазақтың азат ойлау тарихы Жәнібек пен Керейдің атқа қонып, Қазақ хандығын құру заманында күшейді. Бұған дейінгі, жалпы түркілік деңгейден, жеке ұлт ретінде қалыптасуға дейінгі тарихты былай қойғанда, Қазақ хандығынан бүгінге жеткен азат ойлау жүйесінің тамыр-тарамыстары тым-тым жіңішкеріп бара жатқанға ұқсайды. ХV ғасырда атойлап атқа қонған батырларымыз бен ел басқарған хандарымыздың алдында Қазақ хандығының іргесін бекемдеу мақсаты тұрды. Осы жолда әркім әртүрлі күрес жолын таңдады.
Бүгінде тарихшыларымыз тынбай айтатын Жоңғармен арадағы соғыс – им­перия­лардың бірін-біріне арандатуы салдарынан туысқан екі халықтың көзалар­туынан туындаған еді. «Бөлшекте де билей бер» дейтін кәдімгі империялық пиғылдан ту­ған. Дала көкжалдарын бірін-біріне ай­­дап салып, біріне-бірін жем еткен Ресей мен Қытай империяларының бас­ты мақсаты – ұланғайыр далаға иелік ету болатын. Жоңғария мен Қазақ хан­ды­ғының алдында екі жол ғана бар еді, бірі – ұлт ретінде сақталып қалу, екін­шісі – жер бетінен жойылып кету. Осы соғыста табандылық танытқан Қазақ елі Жоңғарды жоқ етті. Алайда, 200 жыл­ға созылған үздіксіз соғыс Қазақ хан­ды­ғын да әлсіретіп кеткен еді. Қос империя осы бір оңтайлы сәтті пайдаланды. Сөйтіп, ХVIII ғасырдың орта шенінде Қазақ жерін ту-талақай еткен қос империя өзара шекара бөлісу ісіне кірісті. Қазір тарих оқулықтарында Ресейдің қазақ жерін отарлау тарихы айтылады да, Қытайдың қазақтың ең шұрайлы өлкесін иемденіп алғаны жайында ұмыт қала береді. Қазақ жерін бөлшектеу ісі – 1860 жылы Петербор келісімінен басталып, 1881 жылы Шәуешек келісімімен аяқталған еді. Сөйтіп, қазақтың бөліну тарихы басталған. Оспан батыр мен оның серіктестерінің етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішіп жүргендегі ұлт-азат­тық күресінің мәні де осы – Қытай (Чин) империясының қоластында қалған қазақ жерінің азаттығы еді. Бүгінде 1944 жылдан басталып, 1954 жылға дейін жалғасқан үздіксіз күресті – Хан Кененің ұлт азаттығы жо­лын­дағы күреспен салыстырушылар бар. Бұл саяси күрестерге баға беруде олар­дың арасынан қандай да бір ұқсастық із­деу­дің өзіндік мәні бар. Біріншіден, бұл батыр­лардың екеуінің де саяси мақсаты біреу – жат қолындағы қазақ жерін, өзгеге бодан болған елін азат ету.Екі қаһарман да 10 жыл бойы аттан түскен жоқ. Бірінің басы алын­ды, екіншісі атылды. Бірінің басы – Санкт-Петерборға Эрмитажға аттан­ды. Екін­ші­сінің денесі үрім-бұтағына қайта­рылды.
Азат ойлау жүйесі қай заманда да, қай ғасырда да болғаны мәлім. ХХ ғасыр­дың басында ұлт көсемдерi – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiр­жақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған «Алаш» зиялылары да азат ой­лаудың кемел үлгісін танытты. Олар­­дың мұратымен қазiргi әлем қа­за­ғының мұратының үндесiп жат­қан­­дығын баса айтуымыз керек. Ал, Кеңестер билігінде болған 70 жыл сол азат ойлауға бұғау салған жылдар еді. Ха­лықтың жылдар бойғы ыза-кегінің көрінісі 1986 жылы желтоқсанда сырт­қа бір бұлқынып шықты. Соның нәти­жесі – әлемді дүр сілкіндірген алып КСРО-ны құлатып, Қазақ елінің тәуел­сіз мемлекет болуына алып келді. Қазiр алаштықтар аңсаған тәуелсiздiк қолы­мызда тұрғанымен, жаһанданудың тас­қыны ұлттық рухымыздың еңсесiн тiк­теуге мұрсат бермей отырғандығы да айқын. Соның бір дәлелі ретінде тарих толқынымен шетте қалып қойған, өз бірге туғанымыз, оралғандарын «оралман» деп, оралмағандарын «диаспора», «этникалық қазақ» деп үкілеп жүрген өзге мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз жайлы пікірлердің тым үстірт әрі жалған айтылатындығы. Көп­теген мақалаларды сарапқа салып көрсеңіз, көбіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі немесе аштық жылдарында шекара асқандар, отанын тастап кеткендер деп бағалаушылар бар. Алайда, көзі ашық, көкірегі ояу жан халқының тең жарымынан астамының ауып кетуі мүмкін емес екендігін бағамдай алар еді. Алысқа бармай-ақ, Қазақстанның қазіргі саяси картасын алдыңызға жайып тастап, Ресей мен Қытаймен, Өзбекстан мен Түркімениямен шекте­сетін тұстарына көз жіберсеңіз де талай ақиқатқа тап боласыз. Ең бастысы, Қазақстанмен шектесетін аумақтарда өзге елдердің территориясында қалған қазақ жерлері өз атауымен-ақ көзге ұрып тұрған жоқ па? Айталық, тұңғыш астанамыз Орынбор, қазір Оренбург болып Ресейдің ірі облысына айналды, сол секілді Сарытау (Саратов), Омбы (Омск), Томбы (Томск), Құрманғазы бабамыздың бейіті жатқан Астрахань, Самара, Түмен (Тюменск) секілді Ресей отарлаған қазақ жерлерінде миллионнан астам қазақ қалды. Өзбекстанда ресми есеппен 1,2 миллион, ресми емес статистикаға жүгінсек, 1,5 миллион қазақ бар. Олар да Өзбекстанға басына күн туғанда ауып барған жоқ. Қа­зақ аумағының біршама жері осы мемлекетте қалғанының салдарынан, ірі диас­пора шоғыры қалыптасып отыр. Бүгінде халқының саны 30 миллионға жетіп отыр­ған Өзбекстанның мемлекеттік территориясының басым бөлігі қазақ жерінің есебінен түгенделгені ақиқат. Кеңес одағының алғашқы жылдарында Ташкент қазақ зиялыларының орталығы болғаны есімізде. Төле мен Әйтеке билердің бейітінің Ташкент маңында қалуы да тегіннен тегін болмаса керек. Егер, тарихты сөйлетсек, өзбектерге тиесілі аумақ – Бұқара, Са­мар­қанд, Хиуа маңайы ғана көрінеді. Тіпті, өзбек пен қазақтың еншісі бөлін­беген, бір халық болды. Сол үшін де олардың территориялық аумағы бір еді. Соның нәтижесінде қазақ пен өзбек бір­ге жайлап, қыстап отырған көптеген қоныс Өзбекстанға кетті. Өзбекстан құ­ра­­­мындағы Қарақалпақ автономия облысы да Кеңестер одағының алғашқы жылдарында Қазақстан құрамында бол­ған. Сол себепті де ондағы 450 мың қазақтың бір жақтан ауып бармағаны белгілі болды. Оның үстіне кезінде Хрущев белден басып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы үш ауданды Өзбекстанға бере салған жоқ па? Осының бәрі ондағы 1,5 миллион қазақтың тарихи отанында отырғандығының дәлелі.
Жоғарыда атап өткенімдей, қазақтың бөліну тарихының ХVІІІ ғасырға баратын­дығы. Қазақ жерін әуелі екі ірі империя – Ресей мен Қытай өзара бөліске салғандығын айтып өттік. Қытайға қолды болған қазақтың үш аймағы – Алтай, Іле, Тарбағатайда 2 миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Міне, қазақ халқының белгілі бөлегі өзге мемлекетте, бірақ, өзінің атақонысында отыр. Демографтардың тілімен айтқанда, бұлар диаспора өкіл­дері емес, ирридиенттер. Біздің тілге тиек етпеген, әлемнің өзге мемле­кетте­ріндегі шашырап жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің негізін Қытайдың Алтай аймағынан ауған қа­зақтар құрайды. Оспан батырдың Шы­ғыс Түр­кістан үшінгі күресі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оспан батыр Батыстың да, Шығыстың да назарында болды. Ал, бұл көтерілісті аяусыз жаншыды. 1930 жылдары Шыңжаң өлкесін басқаруға кел­ген Шыңшысайдың зұлым саясатына көнбеген қазақтың біраз бөлігі бос­қынға айналды. Бұл босу 1936 ж. басталып, 1954 жылға дейін жалғасты. Мар­құм, дін абызы Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабында Алтайдан 18000 адам­ның шыққанын, оның 1300-і ғана Түркияға жеткенін және 6 жылда бірде-бір шарананың дүние есігін ашпағанын жа­зады.
2000 жылы «Түркістан» газетінде «Ол және ол туралы» деген айдармен марқұм, қоғам қайраткері Айтан Нүсіпханұлы жайында мақала жарияладық. Сол мақалада ай­тулы қытайтанушы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов: «Айтан Нүсіпханұлы «Шы­ғыс Түркістан мен Қазақстан кітаптың екі беті, бір беті ашылмайтын кітап қалай оқылады? Біз Қазақ елі деген кітапты толығымен оқуымыз үшін, Шығыс Түркістан толығымен ашылуы керек» дейтін. Сол себепті де, біз Шығыс Түркістанда қалған тер­риторияларымыздағы тарихи ақ­таң­дақ­­тарды аршып алуымыз керек» деген еді. Алайда, өткенге салауат. Жат қолын­да қалған территорияларымыз үшін енді күресе алмасымыз анық. Оның үстіне Қазақстан өзге көршілерінің бәрімен шекараларын айқындап, делимитация жасап алды. Сонда, Қазақстанның қазіргі саясаты қандай болуы керек еді? Әри­не, сол мемлекеттерде қалып кеткен қандастарын Тәуелсіз Қазақстан төрі­не жинау болуы тиіс-тұғын. Бірақ, өкінішке қарай, биліктің оралманға деген солақай саясатының салдарынан, бұл мақсат аяқасты етіліп, орта жолдан үзілді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанға 1 миллионға жуық қандасымыз келді дейміз. Алайда, олардың саяси-әлеуметтік салмағын таразыға салған ешкім жоқ. Оралман кім? Оның Қазақстанға бергені не, берері не? Қазақстанға оралман керек пе, оралманға Қазақстан керек пе? Ол жағына бас ауыртқан бірде бір саяси зерттеу институты немесе арнайы мекеме болған жоқ. Керісінше, орыстілді басылымдарда азуын айға білеген қазақ саясаттанушылары Данияр Әшім­баев, Ермұхамет Ертісбаев, Тимур Құлы­баев­тар оралманның Қазақстанға келуі зиянын ғана тигізіп жатыр, олар масылдар, тойымсыздар, аутсайдерлер деген секілді жағымсыз пікірлерді қардай боратты. Бұл пікірлер әсіресе, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Жа­ңа­өзен оқиғасын өзге емес, оралмандар жасады деген жалған қоғамдық пікір қалыптастырды. Тіпті, орыстілді ақпарат құралдары мұн­дай мәлімдемелерді жерден жеті қоян тапқандай қуана мәлімдеп жатты. Соның салдарынан 2011 жылы қабылданған «ҚР Азаматтығын алу туралы» заң мен 2012 жылы қабыл­данған «Еңбек мигранттары туралы» заңдар қандастарымыздың Қа­зақ­станға келіп орналасуына және аза­мат­тық алуына кедергі келтіру үшін қабыл­данды. Қазір Алматы мен Астанада, сол секілді Қазақстанның түкпір-түкпі­рінде азаматтық алу былай тұрсын,  тұрақ­ты тіркеуге тұра алмай сергелдең болып жүрген қандастарымыздан аяқ алып жүргісіз. 2012 жылдан бері Үкі­метте оралмандарға қатысты екі Қаулы қабылданды. Ол 2012 жылғы №364 Қаулы мен 2014 жылдың №111 Қаулысы. Осы екі Қаулы бүкіл Қытайдан келетін қазаққа қойылған бөгет болуда. Онда келе­тін еліңнен сотталмағаның туралы анық­тама мен сол жердегі тұрақты тір­кеуің­нен шығып келуді міндеттейді. Бұл екі анықтаманы да Қытай үкіметінен алу, қияметтің қыл көпірімен өтумен бірдей дүние. Былтыр Украинадағы жағдай ушыққаннан кейін, оралманның Қа­зақстанға келуіне қатысты саяси көз­қарас аздап өзгерген сынды болды. Премьер министрден бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трі және басқа да құзырлы органдар бірнеше жиын өткізіп, оралманның Қа­зақстанға келіп орналасуына тыйым салатын Қаулыны өзгертіп, азаматтық алу, тұрақты тіркеуге тұру Ережелерін өзгертуді қолға алатындықтарын айтып, жаһан­намға жар салды. Алайда, 2014 жылдың соңына дейін қабылданып үлгеруі тиіс болған заң жобасы әлі күнге дейін Парламент қабырғасында талқылануда. Сарапшылардың айтуынша, заң жобасында жылт еткен үмітті оятар тамаша баптар бар секілді. Алайда, осы заң қабылданып болғанша, талай жанның төзімі де сарқылып бітетін түрі бар.

ОТАНЫҢА НЕ БЕРДІҢ, 
ОРАЛМАН?

 Оралманның рухани әлеуетін санамалап, оның қазақ рухани әлеміне қосқан үлесі жайлы айтуға да тым сараңбыз. Өйткені, саяси баға (егер ол бар болса) тек материалдық тұрғыдан ғана беріледі. Осы жиырма жылда биік мінбеден де, қоғамдық ортадан да еститініміз бір ғана уәж. Оралмандар сапасыз, сапалы жұмыс күшінен айрылдық, мамандар кетіп қалды, тек қолдар келіп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Саяси шешімдер институтының оралмандарды әлеуметтік аутсайдерлерге теңеп, айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Алайда, бұл бағаның бәрін орыстілді ағайын беріп жатыр. Өйткені, ұлттық құндылықтарын екінші деңгейге ысырып тастаған елде қазақы таным да, тіл де бүгін адыра қалып отыр.
Ең әуелі, өткен ғасырдың 90-жыл­да­рының басында тұралап қалған демо­графиямызға оралмандардың келуі арқылы жан бітті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ өз отанында 39 пайызды ғана құраса, бүгінде 67 пайызға жетті. Бұл әрине, шеттен келген 1 миллион қазақтың арқасы. 1954-1962 жылдары Қазақстанға 350-400 мыңның айналасында қазақ келген екен. Осы қазақтың елу жылдағы өсімі миллионнан асып, отаршылдық саясаттың кесірінен өлімші халге жеткен қазақ тілі мен мәдениетіне сәуле бергені айқын. Ал, 25 жылда орал­ған қазақтың өсімін қазір дәп басып беретін ешқандай мекеме жоқ. Осы миллион адамның 4-5 пайызы ғана зейнет жасындағылар, қалғандары еңбекке жа­рамды және жасөспірім, балалар. Кейде шенеуніктер оралмандардың алпыс пайызының білімі жоқ деп ұрандатқанда, осы балалардың әлі де мектеп жасында еке­нін ұмытып кететін сынды. Демек, де­мографиямызға ғана жан бітіріп  қойған жоқ, оралмандар қайда жүрсе де өзінің ұлттық келбетін, тілін сақтай білгендігінің арқасында әлі де төрге оза алмай отырған тілімізге де жан бітірді. Көптеген солтүстік өңірлерде оралмандардың арқасында қазақ мектептері ашылды.
Егер, «Тіл –халықтың жаны» десек, Ахмет Байтұрсыновша зерделесек, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» ескерсек, әлі де отаршыл күштердің дүлей қарсылығынан құтыла алмай отырған тіліміздің сергуіне, оның төрге озуына өзге емес, шеттен келген қазақтың да, шетте жүрген қазақтың да қосқан үлесі зор. Қазақстанға келмей-ақ, өмірбақи қазақ үшін қызмет етіп, қазақтың рухани байлығын еселеген жандар қаншама. Кезінде Ресей президенті Путин шетте жүрген орыстар мен орыстілділерге үндеу тастап, орыс мәдениетіне үлес қосқандардың еңбегі еленеді деп мәлімдегенде, біз де осы мәселені біраз қаузаған едік. Алайда, біздің сөзімізге құлақ асар пенде жоғары билікте қайдан болсын. Жалпы, оралмандардың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін әдебиет, өнер, мәдениет және ғылым деп төрт саладан қарастыруға болады екен. Егер, осы тұрғыдан сөз қозғасақ, бұл шағын мақаламен шектелмесі анық. Бұған арнайы зерттеу жұмысы немесе арнайы кітап арнаған абзал. Алайда, енді он-жиырма жылда шеттегі қаймағы бұзылмай отырған қазақтан айырылып қаламыз ба деген үрей бар.
Жазушы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ халқы ХХ ғасырда әлемнің қырықшақты еліне тарыдай шашылды. Осылардың ішінде мәдени-рухани өнім беріп, өнер туындата алғандары – төрт-ақ елдегі қазақ диас­поралары. Олар Қытайдағы, Моңғо­лия­дағы, Өзбекстандағы, Түркия­дағы қазақтар. Ресейдегі миллионға жуық қазақ соңғы бір ғасыр аясында мәдени-рухани бедеулікке ұшырағанын көз көріп отыр. Бұл қазақ диаспораларының тағдыр-талайына барометр бола алатын мысал» дейді «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы №3 санында «Бір өлеңнің жай-жапсары» атты мақаласында. Әңгі­ме «Көшпенділер» фильміне арқау болған ән турасында. «Көшпенділер» филь­­мі­нің кеңесшісі болған Ақселеу Сей­дім­бек фильмнің ажарын ашатын ән іздеу барысында көңілге қонымдысын таппай қи­нал­ғандығын айтады. Сөйтіп, ел ішін­де ха­лық әні аталатын «Балапан қаз» әні таң­далған екен. Оның сөзін жазған Ар­ғынбай Жұмажанұлы моңғолиялық қазақ. Өлең әннің мазмұнын да, ажарын да аша түскен. Міне, мәдениеттер тоғысы деген осы.
Осы Ақселеу ағамыз айтқандай Ре­сейдегі рухани бедеулікке ұшыраған қазақтардың тағдырын қалған төрт мемлекеттегі қазақтар құшпасына кім кепіл? Өйткені, өркениеттер тоғысы жүріп жатқан қазіргі заманда әр мемлекет өз еліндегі диаспоралардың жай-күйін жылы жауып қойып (Қа­зақ­станнан бас­қасы), біртұтас ұлт­тық идеяға көшуге бет бұрды. Қазір Түркиядағы жастарды былай қойып, орта буын өкілдерінің өзі қазақ тілі­нен мақұрым. Өзбекстанда қазақ мектептерін жаппай жауып, өзге этностарды «өзбек» деп жаздыру процесі басталғалы біраз уақыт. Қытайда қос­тілділік саясатын желеу етіп, қазақ мектептерінің тамырына балта шабыла бастағалы да бірнеше жылдың жүзі. Қазақстан мен Қытай арасында арнайы мемлекеттік көші-қон келісімінің жасалмауы – көшті біраз тығырыққа тірегендей. Қытайдың жоғары деңгей­дегі   басшыларының біразы Қазақ­станға ат басын бұрды. Біздің Елбасымыз да талай ресми кездесулерге барып қайт­ты. Осы кездесулер барысында «Қытайдағы қазақтан айырылып қал­майық десек» деген тақырыппен бір­­неше мақала жаздық. Алайда, ірі дең­гейдегі кездесулердің бірде бірінде ұлттың толғақты мәселесі  болып саналатын Қытайдағы қазақтардың жағ­дайы күн тәртібіне енбеді. Өйткені, біз­дің билік қазақ мәселесіне көз жұмып қарайды. Елде ондай проблеманың бар екендігін айтпау үшін, көп ұлттымыз деп жаһанға жар саламыз.
Бүгінгідей жаппай рухсыздануға бет бұрған, рухани деградацияға ұшыраған заманда Алаш мұраты не болуы керек? Мақа­ламызды Алаш мұраты деп атауы­мыздың астарындағы мән  үлкен. Бастысы әлем қазағының мұраты, мақсаты, бола­шағы бір үдеден шықпаса, Қазақстан атты алып кемеге дұрыс бағыт-бағдар бере алмаймыз. Кез-келген елдің даму жолында ұстанған терімқазығы болады. Біздің темірқазығымыз не? Әрине, ұлттың ертеңі, рухани деградациядан құтылып, ұлттық ел болу, дені де жаны да сау ұрпақ өсіру. Ол үшін о қазақ пен бұ қазақтың ертеңі алаңдатуы керек бізді. Сол себепті де, 1991 жылы басталған ұлы көштің бұйдасын үзбей, қазақ даласын қазақпен толтыруды мақсат еткеніміз жөн. Сан болса, сапа да болады.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Өте тамаша мақала екен, өте сауатты жазылған барлық жағынан. Енді осы мақалада жазылған түйіткілдер жоғарыдағы ел ағаларының құлағына жетіп, ой-санасына сәуле түсірсе жақсы болар еді.

  2. Есенгул! Макала оте дурыс жане улкен маселелерды котерип жасыпсыз! Санда крек, сапада керек!

Пікірлерге тыйым салынады.