• 18.05.2015
  • 625 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айсұлу  Молдабекова, 
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 
магистранты, ҚР Президенті «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері  

Қоғамның қозғаушы күші болған ерік-жігерге толы жастардан көп нәрсені күтетініміз, үміт артып, аға буын ретінде міндеттер де  жүктейтініміз ақиқат. Сол жастарды бүгінде не толғандырады, қандай өзекті мәселелері бар, қоғамдағы қандай үдерістерге үн қатқысы келеді деген сұрақтар төңірегінде бүгінгінің жастары – «www.el.kz»танымдық сайтының редакторы Дархан Өмірбек пен Экономика институтының ғылыми қызметкері Айсұлу Молдабек арасында өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Әңгіме барысында жастар әлеуметтік белсенділік, қала және ауыл жастары, білім алу, өзін-өзі жетілдіру, тұрғын үй, жұмыссыздық сияқты күн тәртібіндегі мәселелерді қаузайды, өзіндік көзқарастарын білдіреді. 


– Қазақстан жастарының әлеуметтік белсенділігіне әлеуметтанушы ретінде қандай баға бересіз? Әлеуметтік белсенділік неден көрініс табады?
– Әлеуметтік белсенділік деп тың тақырып көтеріп отырсыз, Дархан. Кө­біне әлеуметтік белсенділік саяси бел­сенділіктің құрамдас бір бөлігі ре­тін­де қарастырылып, соның саясында қалып қояды. Бір жағы дұрыс та шығар. Ал, енді, жеке қарастыратын болсақ, әлеуметтік белсенділікке мынадай әрекеттерді жат­қызуға болады: жастардың білім алуы, өзін-өзі жетілдіруі, волонтерлік қыз­мет (еріктілер), салауатты өмір салтын ұстануы, қоғамдағы процес­терге қатысуы және т.б. Осылардың ішінде Қазақстан жастары білім алу тұрғысынан әлеу­меттік белсенді дер едім. Алайда, ол номиналды білім, яғни, атауы ғана. Өкі­нішке орай, білім алу жастардың біліктілігінің кепілі болып отырған жоқ. Жастардың 60 пайыздан астамы білім алған мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Бұл рейтинг «қуған» ЖОО-лардың оқу үдерісін сапасыз ұйымдастыруынан болса, бір жағы студенттердің де ізденбеуінен деп білемін. Ал, көптеген жекеменшік оқу орындары мен колледждердегі бі­лім сапасы, тіптен, сын көтермейді. Осы тұста, жастар өзін-өзі жетілдірумен көбірек айналысқаны дұрыс, әрине. Бұл бағытта қазір жастар максимум тілдік курстарға қатысады. Ал, өз саласынан басқа кітаптар оқу, мәдени (би, аспаптарда ойнау, актерлік, т.б.), кәсіби (белгілі бір кәсіптерді, салалық бағдарламаларды үйрететін курстар) бағытта жастар өзін-өзі жетілдіріп отыр деп айта алмаймыз. Бір жағы пәтер жалдап, ақылы бөлімде оқитын, қосымша жұмыс істейтін немесе қалада тұрғылықты жері жоқ, жұмыс іздеп келген жастарға бұл тіпті «армандай» көрінуі мүмкін. Ал, көптеген жастарымыз мүмкіндігі бола тұра, уақыттарын бос өткізіп жүргендігі де жасырын емес. 
– Әрине, сіз көтеріп отырған мәселе­лермен түгелдей келісемін. Бірақ, шамалы тереңірек қазсақ. Қазақ­стан­да жағдай бұдан жақсы болғанын қалай­мыз, дегенмен мүмкіндік те жоқ емес қой?! Тегін орта білім, конкурстық не­гізде жоғары білім, қажет болса «Бо­ла­шақ» бағдарламасы бар. Өз кү­ші­мен жағдайын жасап жатқандар қан­шама? Сіз айтқандай, көпшілік жастар ұмтылмайтын болса, талпынбайтын болса, оның да бір себебі бар шы­ғар… Бәлкім өз күшімен жетістікке жеткендердің образын жасау қажет болар…
– Ия, өз күшімен жетістікке жеткендер жоқ емес, мемлекеттік грантсыз да білім алып, жағдайын жасап, кәсіби де өсіп жатқан жастар бар. Ал, барлық жастар неге мұндай емес деп кінә тағуға тағы болмайды. Себебі, әлеуметтік бастауды (стартты) әркім әрқалай алады. Әлеуметтік старт ұғымына баланың ата-анасы, шыққан тегі, алған тәрбиесі, ортасы, білімі, т.б. жатады, тіпті, оның мінез-құлқының да әсері бар. Философиядағы мінез бен тағдырдың сабақтастығы сияқты. Сондықтан, менің айтып отырғаным әртүрлі жастарға әртүрлі қолдаулар да керек. Сіз айтқандай, «өзін-өзі жасаған» (self-realization) жастарды насихаттайтын, өзгелерді де соған ұмтылдыратын тв-да немесе т.б. жобалар керек шығар, өзгелерге мотивация беру үшін…Мысалы, Forbes http://forbes.kz/leader/30_moloje_30_31  жақында жас, бай, әрі амбициялы трендсеттердің 2015 жылғы тізімін жариялады. Осының, Қазақстандағы мысалдары керек шығар…
– Әлем елдерінің көпшілігі теңдікке ұмтылады, мейлі онда социалистік немесе капиталистік қоғам болсын. Алайда, осы бір екі идеологиялық әлем теңдік ұғымын өзінше түсінеді: со­циа­листер бай мен кедей болмасын, бәрі бірдей болсын десе, капиталистер құқықтық тұрғыда тең болуға, бір-бірінің құқығын бірінші орынға қояды. Теңдік ұғымын сіз қалай түсінесіз?
– Әрине, абсолютті теңдікке қол жет­кізуді «социализмдік утопияға» жатқы­зуға болатын шығар.  Себебі, қоғам­ның бай мен кедейге немесе орта шаруаға бөлінуі ықылым заманнан бар. Адамдардың фи­зио­логиялық, ақыл-ой, т.б. өлшемдері бойынша бір-бірінен айырмашылықтары болғандықтан теңсіздік бұл заңды құбы­лыс сияқты көрінеді бір жағы. Алайда, объективті жағдайлар барлық адамның ауқатты болып, сапалы өмір сүріп кетуіне мүмкіндік бермеуі мүмкін. Сондықтан, «мемлекет», «заң», «саясат», «әлеуметтік қорғау» деген сияқты ұғымдар бар. Демек, құқықтық, әлеуметтік мемлекетте адамдар мүмкіндіктер тұр­ғы­сынан тең болуы керек. Адамның физиологиялық, жыныстық, шыққан тегі, т.б. бойынша кемсітушілік, алалауы болмауы тиіс. 
Осы қоғамдағы бай, орта немесе кедей тап арасындағы айырмашы­лықтардың көлеміне қарап, көп дүниенің басын ашуға болады. Тіпті, диагнозын қоюға да мүмкіндік бар. Қазақстанда ең жоғарғы жағдайы жақ­сы халық пен жағдайы ең төменгі халықтың арасындағы алшақтық тым жоғары. Дамыған мемлекеттерде бұл айырмашылық, 1/6 болса, бізде кейбір зерттеулер бойынша 1/20-дан асады. Бұл – дегеніміз үлкен әлеуметтік дерт! Осылайша қоғамда байлар көкке самғап, ал, кедейлер кедейшілік шыңырау түбіне бата беретін, Шахановша айтсақ, «жүз бай шырқап, миллион кедей «шарқ» ұратын» болса, түбі қоғамда үлкен әлеуметтік шиеленістерге алып келеді.  Ал, ішкі, сыртқы саяси күштер әлжуаз топтарды «иіріп» түрлі мақсатта пайдаланатын бо­лады. Қазірдің өзінде кейбір исламның жат ағымдары бойынша «кәпірдің» дүние-мүлкін алған күнәға жатпайды деген «уа­ғызға» сусындаған қаншама жастар «ұр­лық, тонау» деген баптар бойынша темір тордың арғы жағында отыр. Тағы бір айта кететін жағдай, біз әлеуметтік төлемдер төлеу арқылы тұрмысы төмен адамдарды «кедейшілік қақпанына» іліндіріп қойғанбыз. Мысалы, оңтүстік өңірде қаншама отбасылар, әсіресе, ауылды жерде, зейнетақы, балаларға төленетін төлемдер алып қана күнелтіп отыр. Яғни, мемлекет оларға тек төлемдер төлемей, көбірек табыс табудың жолдарын: өз кәсбін ашу, мамандығын көтеру т.б. кешенді жұмыстар жасауы тиіс.
– Бүгінде жас отбасыларды, жалпы жастардың ең басты уайымы тұрғын-үй екені белгілі. Енді, бір сәт елестетіп көрейік, бір мезетте еліміздің бүкіл жас­тары тұрғын үймен қамтамасыз етілді делік. Одан кейін не болмақ? Жастардың одан кейінгі үлкен мәселесін айта аласыз? Жаппай тұрғын үйлі болған жастар ары қарай не істейді?
– Жастар жаппай баспанамен қамта­масыз етілсе, ең бірінші елімізде «демо­графиялық дүмпу» болар еді де, бала-бақша одан да өзекті болар еді. Бұндай мәселе туындап жатса, Үкімет те «қуанып» шешетін шығар бұл мәселені онда. Алайда, осы әлеуметтік жағдай мен бала саны арасында теріс корреляция бар, яғни, логика бойынша жағдайы жақсы, тұрмыстық түйткілдері көптерге қа­ра­ғанда әл-ауқатты отбасыларда бала саны көп болуы керек. Көптеген мем­ле­кеттерде жүргізілген зерттеулер бойынша бұлай болмай шықты. Әрине, мен­­­талитеттің де әсері жоқ емес.  Бі­рақ, дәл қазіргі біздің қоғам үшін «бала туу», «көп балалы болу» әлі де құндылық екені қуантады…
Біз, бірақ, көп мәселеге Алматы, Ас­та­на тұрғысынан қараймыз. Басқа аймақ­тарда, тұрғын үйден бөлек жастардың жұмыс­сыздығы негізгі проблема болып отыр. Жұмыссыздықтың салдарынан жастар ұрлау-тонау, т.б. бұзақылық әрекеттерге де баруда. Демек, біз әлеуметтік мәсе­лелерді шешпегендіктен, кешегі текті қазақатың бүгінгі ұрпағының азуына жол беріп отырмыз. Бұл да – бүгінгі әлеу­меттік реализм, қоғамымыздың орны толмас дерттерінің бірі. 
Сіз айтқандай қиялдап көретін бол­сақ, Үкімет инфрақұрылымдық даму бағ­дар­ламасының негізгі бағытын жаппай тұрғын үй салуға бағыттап, ауылды және қалаға жақын аймақтардан жер телімдерін бөліп, оған қажетті инфрақұрылымды жет­кізіп, жастардың көбі әрі жұмыспен, әрі үймен қамтамасыз етіліп кетті деп елестететін болсақ, менің ойымша жастар одан әрі кәсіби жетілуге, өзінің әлеуметтік капиталын арттыруға көңіл бөліп, жаңа жоғарыда атап өткен әлеуметтік белсен­діліктің келесі сатысына өтер еді…
– Жастарды тұрғын үймен қамта­масыз етудің алғышарттарының негіз­гісі демография ма?
– Әрине, тек демография емес, мен жағымды салдарының бірін айтып отырмын демография деп. Бір жағы демо­гра­фиялық өсімнің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы жоғары екендігі белгілі. Демек, бұл –  басты алғы­шарттардың бірі. Одан басқа, хал­қымыздың әлеуметтік жағдайын көтеру, өмір сапасын жақсарту үшін де тұрғын үй мәселесін шешу өзекті мәселе. Бұл – ұлттың қауіпсіздігі дер едім, тіпті. Себебі, «үйсіз-күйсіз» адамдардың түрлі саяси, діни мүддесі бар топ­тардың соңынан еріп кетуі де оңай. Қысқасы, отбасыдағы әлеуметтік көңіл-күй – тұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. 
– Қайда барсақ та «жастар, жастар» деп шулап жатады? Мемлекет жастарға не себепті көмектесу керек деп ойлайсыз? Жаңа айтып өткеніміздей, тегін орта білім, конкурстық негіздегі жоғары білімнің өзі үлкен көмек емес пе? Дамыған елдерде жоғары білім біздегідей қолжетімді емес. «Жастар – еліміздің болашағы» – дегеннен басқа не айтуға болады?
– Дұрыс айтасыз, «жастар мәселесі» деп шулап, бұл тақырып, тіпті, жауыр болып кетті.  Көп айтылғанмен, мемлекет жастарға әлі де жағдай жасай алмай отырғандығы жасырын емес. Ия, білім – үлкен әлеуметтік капитал. Бірақ, сол білімнің өзімен біз жастарды «қарулай» алмай отырмыз. Сөзімді негіздейін, жыл сайын 140 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді, мемлекеттік гранттың саны 40 мың ғана. Қалған жүз мың бала не істейді?! Көп болса 30-40 мың бала ата-анасының тапқан-таянғанына не­месе өзі қосымша жұмыс істеп бі­лім алады. Ал, қалған 60-70 мың бала ма­ман­дықсыз, жалданып жұмыс істеп, тіршілігін жасайды, жұмыссыздар ка­тегориясына қосылады. Сіз бен біз мем­лекеттік грантқа іліккенімізбен, қалғандары, тіп­ті, барлығы жоғары бал жинап кетсе де, мемлекеттің гранты шектеулі. Әрине, бар баланың мүмкіндігі бірдей емес. Мен де барлығын бірдей жоғары біліммен қамтамасыз етейік деп отыр­ғаным жоқ. Халық саны аз, бірақ, бай мемлекет ретінде бізге ең бірінші жоғары интеллектуалдық капиталдың керек екен­дігі анық. 99,9 пайыз халық сауатты деген қазір интеллектуалдық капитал емес. Сондықтан, мемлекет білімге инвестиция құюы керек. Жаңа жоғарыда айтқан 60-70 мың баланың тегін кәсіби-техникалық білім алуына жағдай жасалынуы тиіс. Мемлекеттік тапсырыспен, тіпті, Ұлттық университеттерде оқып, бірақ дипломы кәдеге аспай отырған жастарымыз да көп. Демек, мемлекеттік грантты да мақсатсыз бөлген дұрыс емес, оқу сапасын да еңбек нарығының сұранысына сай көтеру қажет. Дамыған елдерде білім біздегідей қолжетімді емес дегенмен келіспеймін. Мәселен, Германияда 2014-2015 оқу жы­лы­нан бастап барлық аймақтарында жо­ғары білім алу тегін деп жарияланды, тек кітапхана, т.б. шығындарға аз ғана төлем жасалынады… 
Мен жастарға жаппай бәрін тегін етейік, тегін үй берейік демеймін, қоғамда өз орнын, жолын тауып кетуіне мүмкіндіктер керек тек…
– Сіз Германияны айтсаңыз, мен АҚШ-ты айтайын…
– Ал, АҚШ-та жастардың барлығы біздегідей жаппай жоғары білім алуға ұмтыла бермейді. Шағын бір кәсіпті, не саланы игерсе соның маманы болып, содан тезірек «нан табуға» ұмтылады. Біздегідей атағы дардай оқу орнын бітіру мақсат емес. 
– Оқу орнын бітіру қажет мақсат екенін меңзей отырып, жоғары білім алу тұрғысынан мүмкіндіктердің аз болуын айтасыз. Бәлкім біз жастардың жалған мақсатына тоқтау қоярмыз алдымен, сонда екінші мәселе өздігінен жойылар?
– Бұл жүйелік мәселе, «жалған мақсат қою» – бұл тек жастардың кінәсі емес. Қоғамдық сана солай болып отыр. «Балам заңгер, экономист болсын, жоғары білімсіз қалмасын» – деген ата-ананы да түсінуге болады. Бір жағы, мектептен бастап мамандықтарға бейімдеу жұ­мыстары жүргізілмейді. Бүгінгі мектептердің мақсаты – түлектердің өз орнын табуға ат салысудан бұрын ҰБТ-да жоғары бал алу, баланың бейімі мен қалауына қарай емес, грант санына қарай кәсіп таңдату. Оқу орнына түскеннен кейін де мамандықтардың мазмұны  жоғары білім сапасы еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарымен сәйкес келмейді. Міне, сапасыз маман қайдан шығады, дипломды жұмыссыздар неге көп дегеннің астары осында жатыр. 
– Қазір қазақтардың жаппай қалаларға қоныстануына байланыс­ты екі түрлі көзқарас бар (урбанизация/деур­банизация): біреулер мұны жақтаса, біреулер керісінше бұған қарсы. Сіздің көзқарасыңыз?
– Урбанизация дегеніміз, жаппай ауыл халқын қалаға көшіру емес…
– Ойымды дұрыс жеткізбеген болуым керек. Алайда, бүгінгі таңда, біздегі урбанизация дәл осы ауыл халқының қалаға жаппай көшуі есебінен орын алып жатыр емес пе?
– Ия, бұл біздің урбанизациялық саясатты жүргізудегі – басты кемшілігіміз. Негізінен, халық саны жоғары елді-ме­кендерді абаттандырып, қала статусын беру, қаладағыдай инфрақұрылымдар жасау, моноқалаларды дамыту – бізге керегі осы. Көшірген мүлдем дұрыс емес, әсіресе, стратегиялық маңызы бар шеткі аудандарды: қазір ондай жер­лердің халқы өздігінен көшуде, себебі, жұмыс­сыздық, инфрақұрылым жоқ, т.с.с. Бұл – мемлекет үшін үлкен қатер. Біз қанша дегенмен аграрлық елміз, аграрлық мүмкіндіктерімізді игере алмай келеміз. Еуропаның, АҚШ-тың ауылдарын қараңызшы, біздің қаладағыдан да жоғары инфрақұрылымы бар, біз сияқты әлі күнге дейін мақтаны қолмен термейді, тек Африкада болмаса! Одан бөлек, осы тәуелсіздік алған жылдардан бері Астанадан бөлек біз қандай қаланы толығымен қайта жаңғырттық, абат­тандырдық немесе тұрғыздық деп айта аламыз?! Ақтау-сити, т.б. жобалар болғанымен жемқорлықтың әсерінен аяқ­сыз қалғаны белгілі.
– Қала мен ауыл жастарында әлеу­меттік белсенділік тұрғысынан айыр­машылық бар ма?
– Әрине, қалада мүмкіндіктер көп ауылға қарағанда. Ал, ауылды жерлерде мектеп оқушылары мен жұмыссыз жастардан басқа жастар қалды ма екен қазір…?! 
– Бұл сұрақты қоярда, мен, қалада білім алып және сонда жұмыс істеп жүрген ауыл жастары мен дәл сол қалада өмір сүретін қала жастарын айтқым келген…
– Егер, бұл ракурста қарайтын болсақ, әрине айырмашылық бар. Әсіресе, өзін-өзі жетілдіруге байланысты. Көптеген ауыл жастары орта білім беру жүйесінде кеткен кемшіліктерді қалаға келіп түзеуге мәжбүр немесе қалаға келіп қаланың мүмкіндіктерін пайдаланады. Мысалы, шет тілдерін меңгеру, түрлі аспаптарда ойнау, спорттық үйірмелерге қатысу, т.б. Ал, қаланың жастары бұл кезде өзін-өзі жетілдірудің келесі деңгейлеріне кө­шіп жатады. Мен жалпы әлеуметтік бел­сенділерін айтып отырмын. Соны­мен қатар, құндылық тұрғысынан да айыр­машылықтар бар. Қоғамдағы сая­си шаралар қала жастарын көбіне қызық­тырмайды. 
– Демек, қабілеті мен талпынысы бірдей екі бала: біреуі ауылда, екіншісі қалада өссе, екі түрлі мүмкіндікке ие болғаны ғой сонда?
– Әрине, бірақ, ауылдың берер ең үлкен әлеуметтік капиталы, ол – тәрбие. Ұлттық тәрбиенің де қайнар көзі ауылда жатыр…
– Мемлекет тұрғысынан жұмыспен қамтудың кілті барынша көп жұмыс орындарын ашу екені түсінікті. Ал, жас­тардың жұмысқа орналасуында қандай қиындықтары бар?
– Жастардың жұмысқа орналаса алмауының объективті жағдайы – жұмыс берушілердің еңбек өтілін талап етуі. Субъективті себебі – олардың өз мамандықтары бойынша біліктілік деңгейінің төмендігімен түсіндіруге болады. Еңбек Заңы бойынша жаңа бітірген маманнан жұмыс беруші еңбек өтілін талап етпеуі тиіс. Ал, жас маман біліксіз болса, жоғарыда айтқандай, онда ол – біріншіден, жоғары білім беру жүйесінің, екіншіден, 4 жыл уақытын бос өткізген студенттің кемшілігі. Жастардың жұмыссыздығының түпкі себебі, олардың еңбек нарығының сұ­ра­нысына сай мамандыққа ие емес екендігінде. Бір жағы заңгер, экономист көп дегенімізбен, еңбек нарығында бұл салалар бойынша білікті мамандарға деген тапшылық жоғары. Сонымен қатар, елімізде барлық кәсіпорындарда дерлік орта мамандар жетіспейді. Жоғары басқарушылар мен төменгі жұмысшыларды табуға болады. Ал, іс жүргі­зетін шеберлер аз екені рас. Жалпы, мамандыққа бейімдеу, үгіт-насихат мектептен жүргізілуі тиіс. Алты айға дейін жастардың жалақысын субсидиялайтын «Жастар тәжірибесінің» артықшылығы жас маманға мүмкіндік берсе, кемшілігі қазір жұмыс берушілер жас маманды пайдаланып қалғысы келетін жағдайлар да кездеседі. Бағдарламаның аталмыш шарасы жастарға өте қажет деп санаймын. Бірақ, жастар да өзін көрсетіп, мүм­кіндігінше жұмыс орнын сақтап қалуға тырысса екен. 
– Қазақстандағы әлеуметтік зерттеуге тоқталсақ. Әлеуметтік зерттеумен айналысатын ұйымдар мен сапалы мамандар жеткілікті ме? Сіздің ойыңызша, әлеуметтік зерттеулер қаншалықты объективті жағдайды сипаттап отыр? 
– Негізінен елімізде әлеуметтанулық зерттеу орталықтары екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін маркетингтік зерттеулер және мемлекеттік тапсырыстар арқылы әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Әрине, біріншісі пайдалырақ. Ал, халық­тың жағдайын, тұрмысын зерттеуге түрлі ведомстволардың ықыласы болмаса, өз қаржысына ешқандай жекеменшік зерт­теу орталығы сауалнама жүргізбесі анық. Әлеуметтанулық зерттеулер жүр­гізуге жа­рияланатын тендердің де жыры көп. Жоғарыдағылармен «таныс-тамыр­лы­ғын» болмаса немесе нарықтағы ең-ең төменгі бағаны ұсынбасаң мем­ле­­кет­­тік тапсырыс бойынша әлеу­меттік зерттеу жүргізе алмайсың. Әлеу­меттанушы ғалымдарымыздың әлеуетін дұрыс пайдаланбай келеміз. Кө­бі­не, мемлекетте жүргізіліп отырған сая­сатының бағытын анықтау үшін емес, жасалынған шешімді қуаттау үшін, халықтың пікірін жай «тұздық» ретінде беріп отырады. Бұл – дұрыс емес. Алайда, бірді-екілі жабық тапсырыстар да болып жатады, ал, оның нәтижесі жарияланбайды. Осы тұста қоғамның әлеуметтік мәселелерін зерттейтін, алдын-ала сараптама жүргізіп, ұсыныстар дайындайтын, басқару шешімдерінің тиімділігін өлшейтін мемлекеттік, не тәуелсіз ғылыми орталықтың қажеттілігі туындайды. Бүгінгі таңда еліміздің түрлі депрессивті ай­мақтарын зерттеудің маңызы зор. Се­бебі, ин­дустриалдық-инновациялық жо­ба­­лар жүзеге асып, өндіріс ошақтары мен кә­сіп­орындар ашылып жатқан тұста, моно­­қалалар мен адамдық әлеуеті мол бола тұра кедейшілік деңгейі жоғары аймақтардың экономикалық әл-ауқатымен қатар әлеуметтік, мәдени, рухани өмірін дамытудың жолдарын да тереңірек зерттеу қажет. Сонымен қатар, ірі өндірістік, мұнай т.б. кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын зерттеу керек. Өкі­нішке, орай мұндай зерттеулер жасалынып жатқан жоқ. Қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерді алдын ала зерттеп, дер ке­зінде шаралар қолданбаудың салдарын біз Жаңаөзендегі, Сарығаштағы жағдайдан көрдік…
– Әлеуметтік зерттеулерде 1000 адам сұрау арқылы бүкіл Қазақстан халқының пікірін беріп жатады. Сауал­намаға іріктеу қаншалықты дұрыс жүргізіледі, себебі, зерттеу жүргізіп, бар халықтың атынан сөй­лейтіндер көп. Мұның астарын білетін маман ретінде не айтасыз? 
– Іріктеп алынған адамдар арқылы әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, қоғамның диагнозын айту ғылыми негізі бар, дұрыс. Мәселе, сол іріктеудің қалай жүргі­зі­летіндігінде. Тек іріктеу жасау ту­ралы бізге Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде тұтастай бір семестр сабақ өтіп еді, тіпті. Іріктеудің ең басты шарты бойынша іріктеп алған адамдардың тобында жалпы қоғамдағы жалпы адамдар жас, жыныс, тұрғылықты жері, т.б. параметрлері бойынша белгілі бір пропорцияда болуы керек. Немесе зерттеудің мақсатына орай мақсатты топтар таңдалынып алынады. Осы әлеуметтік зерттеулерге тапсырыс бергенде оны сауатты қабылдап алатын мамандардың да жетіспеушілігінен көп зерттеулерде олқылықтар көп. Сосын, «көптің атынан сөйлеу» дегеніңізге айтарым, көп дүние сұрақты қалай қоюға да байланысты. Мысалы, Еуразиялық Одақтың не екендігін толық білмейтін халықтан  «Қазақстанның Еуразиялық Одаққа кіруін қолдайсыз ба?» деген сұрақ қойып оған «ия, жоқ» – деген дихотомды жауап арқылы анықтауға болмайды. Әсіресе, осындай ел үшін стратегиялық маңызды мәселелер бойынша жүргізілген әлеуметтанулық зерттеулердің астарын біліп барып, БАҚ бетінде жариялаған дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе, біздің қоғамда бір сан жарияланса жаппай соны айтудан жалықпайтын БАҚ көп. Демек, «халық айтса қалып айтпайды» демей, сауалнамаларға да күдікпен қараған жөн, кім, қалай жүргізді, сараптап алған дұрыс.  
– Өзіңіз қазір Ғылым комитетіне қарасты Экономика институтында ғы­лыми қызметкер болып жұмыс жасайсыз. Қазір жастардың ғылымға қызы­ғушылығы қандай? Ғылымға келіп жатқан жастар бар ма? 
– Ғылымға келетін жолдың баспал­дағы магистратура мен PhD-докто­рантура бо­латын болса, оған түсіп жатқан кей­бір замандастарымның оның затына емес, тек атына ғана қызы­ғып, белгілі бір статус алу үшін ғана жүргендігін көріп қынжыламын. Дегенмен, жаңа зерттеу әдістерін мең­герген, ғылымдағы кеңестік мектептің өкілдерінен тың, өзгеше ойлайтын жастар да жоқ емес, бар, бірақ аз. Бізде көп «алтынбасты» жастар ғылымға келгеннен гөрі банкте «клерк» болып қызмет еткенді жөн санайды. Бір жағы оларды түсінемін, ол жерде жалақы жоғары, бірақ, алтын басын қор қылып жүргендей көрінеді маған. Өзіңнің зерттеу бағытынды анықтап, тәжірибелік мәні бар мәселелермен шұғылдансаң, нақты тұтынушыларың бар жоба-зерттеулермен айналыссаң ғылымда да қаражат бар екендігін жастарға айтқым келеді. 

 

Алдыңғы «
Келесі »