Қазақ журналистерінің қиналысы

  • 18.05.2015
  • 511 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нағашыбай Мұқатов, 
филология ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Егеменді ел іші гу-гу әңгіме. Жалпы, бұқара жұртшылық «қазақ және орыс журналистикасының арасында жер мен көктей айырмашылық бар» деген сөзді жиі айтып жүр.  Құлаққа мүлде жағымсыз, ал, жүрекке жайсыз тиетін осы одыраңдаған лебізге біраз жылдан бері бойымызды әбден үй­ретіп  алғандаймыз. Әріқарай  қазбалаудың қа­жеті шамалы.

Одан гөрі жанға бататын жәйсіз сөздің неліктен туындау себебін нақтылап, са­ралаған жөн. Жуырда барша оқырман  іздеп жүріп оқитын басылым «Ана тілі» газетінен А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары С. Мәдиевтың  «Ұлттың қазығы да, қазынасы да – тіл» деп аталатын кө­лемді әрі мағыналы мақаласын оқып, зер­деме орнықты ойларын тез тоқыдым.  Қа­зақы азаматтың туған тіл тағдырына негізделген нанымды деректеріне шек­­сіз сүйсіндім. Мәдиевтің мәнерлеп жаз­ғанына қарағанда қазақ тілі сөй­лейтін адамдар саны жағынан әлемдегі тілдер арасында  жетпісінші, ал, тіл байлығы жағынан екінші, үшінші  орындарды иемденген. Ең бай тіл саналатын араб, парсы тілінің он екі миллионнан астам сөздік қоры болса, қазақ тілінің сөздік қоры бүгінгі таңда жеті жүз мыңдай көрінеді. Арғы ата-баба алтыннан артық ардақтаған ана тілдің сөздік қорын түгелдей кәдеге жаратып жүрміз бе? Қинала, қамыға тілімізді тістейміз. Ең бірінші айтарымыз заң жүзінде бекіп, мойындалса да қазақ тілі өзінің арманды асуына асқақтап көтерілді деуге ауыз бармайды, әрине. Мұның сылтауы, себебі бүкіл халыққа түбірінен түсінікті. Тәуелсіз Қазақстанның  тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаевтың аса мәртебелі мінбеден «Қазақстанның болашағы – қазақ тілін­де» деп айтқан лебізін біреу тереңнен түсініп, екіншілері шала-шарпы мән беріп, ал, үшін­шілері тас керең саңыраудай ешқашан ес­тімей,  елеңдемей жайбарақат күй кешіп жатыр. Былайша айтқанда, ұлттық са­на қай жаққа, қай бағытқа сүйресе сүй­ретіліп, ақырын жылжып, кете беретін шанаға айналғандай ма, қалай өзі? Қазақ тілінің күнделікті тіршілік күйбеңінде молынан қолданылып, аясын кеңейтіп, арнасын ұлғайтуға президентте, үкіметте теріс қарап отыр деп ешкім дау айта алмас. Жай қарапайым көріністі көз алдымызға елестетейікші. Қабатты ғимараттары көк аспанмен таласқан қалаларға, қашықтағы ажарлары  кейде айқын, кейде бұлынғыр елді мекендерге, ауылдарға, министрліктерде мінсіз мамандай қызмет істегендерге, билігі әйдік әкімдерге, лауазымдары тәп-тәуір облыстық, қалалық, аудандық басшылар қызметтеріне бір сәт зер салыңыздаршы. Жұмсақ орындықтарға жайғасқандардың эко­­но­микалық әлеу­меттік даму, ша­руа­шылық, мәдениет бағытында жүргізіп отырған салиқалы саясатынан құйттай кінә табу қиындау болар. Бірақ, Алматыдағы, Астанадағы, Қостанайдағы, Қарағандыдағы, Павло­дардағы, Петропавлдағы, Өскемендегі және басқа қалалардағы бастары иіле бермейтін  қазақ басшыларының   дені қазақ тіліне зор ілтипат, ерекше құрмет­пен қарамайды. Олардың көп пайызы ұлт­аралық қатынасты нығайтатын орыс тіліне үнемі әуес. Ана жолы бір басшы азаматтың «Мен екі тілді де жетік білемін. Бірақ, адамдар мен сөйлесіп, пікірлесуге орыс тілі өте қолайлы» деген сылдыр сөзін естіп, төбе шашым түгелдей тікірейіп кеткен еді.  Өз басым ылғи алаңдататын әрі түсініксіз  бір деректі жақсы білемін. Және ол сонау  Кеңес дәуірі тұсы­нан қалыптасқан дәстүр. Басқасын қай­дан білейін, басшылардың біразы идеологиялық қуаты күшті, пәрменді, айтары айшықты республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақ», «Жас Алаш» газеттерін, «Парасат», «Ақиқат», «Жұлдыз», «Жалын», «Зерде», «Жыл он екі ай», «Балдырған» журналдарын оқымайды. Беттерін парақтап көрмегендері де бар екеніне кәміл сенемін. Мәселен, бір Шымкент қаласының өзінен екі жүзге жуық газет журналдар жарық көреді екен. Осы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы да аяғынан тік тұр, идеясы көркем, мазмұны мағыналы десек  кім сенер. Бірақ, әлгі газет журналдарды бақылап, оқып, бағыт беріп отырған идеологиялық басшылар некен саяқ.
Неге екені беймәлім, бізде бәрі керісінше. Өздерін шала қазақ деп есеп­тейтін қандастар Мәскеу теледидарын тамашалайды. Республика облыс­тарындағы дүңгіршектердің тоқсан пайызы Ресей баспа сөзін сатып, насихаттаумен шұғылданады. Өзім тұратын Қостанай қаласындағы темір жол вокзалында, орталық поштада ғана кейбір газет журналдар саудаға түседі. Бәрін пәтерге жаздырып алу жағы қиындау. Қалтаның таяздығы, қаражаттың аздығы қинайды. Былтыр «Жұлдыз» журналына топтама өлеңдерім, зерттеу мақалам жарияланып мәз мәйрам болсам да, қуанышым ұзаққа бармады. Дүңгіршіктердің бәрін түгелдей аралап, сүзіп шықсам да, бас поштаның бастығы кабинетіне қынжыла барсам да шаруам шатқаяқтай берді. Ақыры «Жұлдыз» журналын еш жерден таба алмай, босқа, текке әуреге түстім.
Мен Қазақстанның теледидары және радиосы саласында қырық жылдай қажырлы, табанды, маңдай терін төккен маманмын. Тіпті, СССР телевизиясы мен радиосының үздігі деген белгімен де марапатталғанмын. Қазір А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика бөлімінде дәріс бере жүріп, эфир, экран хабарларын тыңдап, кө­руден жалыққан емеспін. Және құр қызықтап, үнсіз қалудан аулақпын. Ақпарат құралдары ардагері, көрермен ретінде бүкіл бағдарламаларды ой таразысынан  өткізіп, өзімше құнды пікір­лерді пайымдаймын. Негізінен «Қайыр­лы таң қазақ елі» деп қоңыр дауыспен саңқылдай үн қататын қазақ ра­диосының тұрақты авторларының, тұрақты тыңдаушыларының сапындамын. Бұған қоса республикалық «Хабар», «Қазақстан», «КТК», «31-нші» теледидар арналарын көремін. Жемісі мәуелі жетістік те, опырылып тұрған олқылық та баршылық. Авторлық, ақпараттық бағдарламаларға қаты­насып жүрген басшы, маман­дардың көп бөлігі қазақшаға шорқақ.  Міндетті түрде орысша қосып, сөйлейді. Ботқа жасауға жандары құштар. Экранда орыс тілінде сөйлеуші  қазақтардың лебіздерін аударып беру дәстүрі бар. Сонда ол адам шетелдік пе? Жақында белгілі продюсер Б. Есентаева қазақ тіліндегі бағдарламаға мейман есе­бінде қатынасып, басынан аяғына дейін бірыңғай орысша сөйледі. Та­биғи талант иесі. Іскер жетекші. Түр әлпетінің өзі көз тартады. Қазақ тіліне қырындап, теріс қарауы жарасымсыз. Биіктей түскен беделін, асқақ абыройын айрандай төгіп тұрғаны ұят.  Менімше туған тілден тітіркеніп, өгей санайтындардан сұхбат алмағанның өзі дұрыс шығар. 
Қазақ тілі хақында толғанған шақта өткен жылдар еріксіз елестейді. Жетпісінші жылдардың шамасы болса керек. Торғай облыстық радиосында редактормын. Жастарға және балаларға арналған бағдар­ламаларды эфирге әзірлеймін. Мұның сыртында басқа тақырыптардан да тыс қалмаймын. Егін орағы, пішен дайындау, мал төлдету науқандары кезінде жергілікті журналистерде маза жоқ. Құс ұйқылы деуге болады. Ежелгі Торғай жерінде дән ору басталған мезгіл. Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі Табыл Құлиясов екеуміз Арқалық ауданына іс сапарға шықтық. Мақсат трактор-егіс бригадаларына барып, дала батырлары егіншілермен дидарласып, олардың дауыстарын жазып алып, ерен еңбектерін эфир арқылы насихаттау. Сол кездің тілімен айтсақ, комбайндарында кішкентай, қып-қызыл жалауша желбіреген социа­листік жарыстың жеңімпаздары жеткі­лікті. Ұжымдағы жандардың бәрі дерлік қазақ болса да, орысша сөйлейді. Эфирге дайындаған  материал ішінде қазақ тілінде бригадир, әйтпесе, комбайыншы лебізі жүрмесе жоғарыдағы басшылар бірден ренжиді. Екеуміз әбден қиналдық. Табыл ең соңғы амал­ға көшті. Палуан  денелі, үсті басы шаң-тозаң комбайыншыға егін орудағы жетістігі жайлы төрт бес сөйлемнің мәтінін жазып берді. Жаттықтырып, қайта-қайта оқытты. Комбайыншы терлеп, бітті. Шамасы бұдан алқапта алтын дән орғаным әлдеқайда рахат екен деп ойлаған шығар. 
Бұл республика көлеміндегі көзге қораш бір ғана көрініс. Қазақстанның радио, теледидарында жұмыс істейтін, қазақ тілінде бағдарламалар әзірлейтін журналистер жолында әлгіндегідей кедергі көп. Сұхбаттасушы кісі шала-шарпы сөйлесе автордың алға қойған жүйелі жоспары ешқашан жүзеге аспайды. Мазмұн байымайды. Идея елеңдетпейді. Көркемдік қуаты көзге түспейді. Жуырда өз тіліне нашар бір студент былайша сөйледі.
– Әке-шешем орысша. Балалар бақ­ша­сында, мектепте орысша тәрбие­лендім. Кім кінәлі, сонда?
  Шыдамай сөзге араластым.
– Сен енді жиырма жылдан кейін де осы сөзді тура тотықұс тәрізді қайта­лайсың. Заман, адам өзгерді. Мәселен, Қостанай қаласында тұратын  немістер неміс тілін бас аяғы екі үш ай ішінде үйреніп ап, Қарағанды қаласында емтихан тапсырып, ежелгі жерлеріне біртіндеп кетіп жатыр. Үкіметтің үлкен саясаты өз алдына, адамның санасы оң бағытта жұмыс істегені жөн – дедім. 
Әлгінде ғана орысшаны сары қы­мыз­дай сапырған студент бейтарап қа­лайын деді ме, әлде үнсіз құтылғаным дұ­рыс болар деп ойлады ма орнында қозғалмастан, міз бақпай отырып қалды.
  Жазушы   Жақау Дәуренбеков «бүгінде көп­тің сөзі емес, көк сандықтың (теледидар) сөзі өтімді боп тұр» десе, жазушы, ғалым, этногроф, марқұм Сейт Кенжеахметұлы «сөздің ұзағынан қорықпа, ойдың қысқалығынан қорық» деп пайымдайды. Бәрі дұрыс. Көкейді мазалайтын бір жай бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жер бетінде орысша білмейтін орыс жоқ. Қазақша білмейтін қазақ неге қаптап тұруға тиіс. Қазақ журналистикасының әрбір қадамы құтқа айналып, мәртебесі биіктеп, кәсіби шеберлігі шыңдала берсін десек қазақ баспасөзін белсенді оқып, радиосын ұдайы тыңдап, теледидарын әрқашан тамашалайтындар саны сиремеуі керек. Және осы бір өзекті жайды шешуге басшылар бірге, қол ұстаса аянбай ат салысса қандай ғанибет. Мәселе, қазақ қаламгерлері ойларының қажетті ортаға мезгілінде, жедел түрде, өз ырғағында жетпей жатқанында. Әйтпесе, іні-қарын­даста­рымыз туған тілге, қайта оралған дінге, қазақы әдет-ғұрыпқа, отан сүйгіштікке, президент, мемлекет саясатына, жаһан­дануға байланысты мақалаларды жарыса, жалындата, жарқырата жазып-ақ жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары тыныс тіршілігінде, рухани әлемде күдіктен гөрі үміт басым бола берсін. Бүгін, ертең, одан кейін де қазақ журналистерінің жұмыс бабындағы, шығармашылық қызмет­тегі қатты қиналыстарын емес, қос қанат­ты құстардай қалықтай ұшып келетін қуа­ныш­­тарын көбірек көрейік ағайын.

 

Алдыңғы «
Келесі »