ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету контекстіндегі тіл мәселесі

  • 28.04.2012
  • 11746 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Динара Ақболат,
ғылым кандидаты

Жанар Алдубашева,
докторант

Эльнура Асылтаева,
докторант

Қазіргі заман жағдайында мемлекеттіліктің келе­шегі тікелей мемлекеттің ұлттық құндылық жүйесін қорғау және оны дамыту қабілетіне тәуелді. Ұлттық құндылықтарды қорғау елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басты шарттардың бірі болып табылады. Сол сияқты, өзін өзі тануды мемлекетпен жоғалту мен тұтас құндылық базаның жоқтығы ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төнуді білдіреді. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор мемлекеттік тіл болып табылады. Яғни, Мемлекеттік тілдің дамуы Қазақстан азаматтарын біріктіріп, ел ішінде әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады.
Адамның санасына және жалпы халыққа ақпа­раттық-психологиялық әсер ету процесі көбінде тілдік орта немесе тіл арқылы жүзеге асырылады.
Л. Пуховичтің пікірі бойынша ұлттық иден­тификацияның бір бөлігі ретінде мемлекеттік тіл мәсе­лесі елдің қауіпсіздігіне және тұрақтылығына тіке­лей әсер етеді. Сонымен қатар, тіл мәселесінің сәтті шешілуі демократияның дамуына айтарлықтай септігін тигізеді және мемлекеттің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруіне алғы шарттар туғызады.
Демек, мұнда байқағанымыз тілдік ортаны белсене қорғау процесі елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды аспектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасында соңғы жылдары тіл­дерді дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Тілдік мәселені тиімді шешу нәтижесі халықтарды жұмылдыру мен қоғамдық келісімділікті нығайтуды қамтамасыз етеді, сол сияқты ұлт­аралық қатынастарды үндестірудегі факторы болып табылады. Тілдерді дамыту – Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының өзекті бағыттарының бірі.
Б. Абдығалиевтің ойы бойынша, ұлттық тұтастықтың жаңа негіздерінің бірі Қазақстан азаматтарының қа­зақ тілін білуі болып табылады. Тұрақтылық пен өркендеудің кепілі қазақстандықтардың тілдік ортақ­тығында жатыр, яғни орыс және қазақ тілдері өзара түсінушілік пен сыйласу нышаны болып табылған кезде аталмыш жетістіктерге жетеміз.
Жалпы, тіл қатынас, байланыс құралы, сол сияқты Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев айтып кеткендей «қазақстандық халықты біріктіре алатын қуатты қару да болып табылады» /2/. Оның ойы бойынша, жойылуға жақын болған қазақ тілі, беделге ие болып, тәуелсіздікпен бірге қайта жанданды.
Кез келген көпэтносты мемлекетте, басым ұлттар тілдері мен азшылықты құрайтын ұлттардың тілдерінің өзара әрекеттесуі мемле­кеттік сипатқа ие. Және тұтастай мемле­кет­тегі саяси жағдайға әсер етіп, занңамалық шешімдерді қажет етеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі саяси-құқықтық негізін 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Тілдер туралы» Заңында бастауын алған болатын. Осы Заңға сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі болса халықаралық қатынас дәрежесіне ие болды. Алғашқы 1993жылдың 28 қаңтарында алғаш қабылданған және де 1995 жылдың 30 тамызында бүкіл халықтық референдум арқылы жарияланған Ата Заңымызда мемлекеттегі тіл саясатының негізгі басымдықтары анықталған. Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатында 1996 жылы 6 қараша айында «Тілдер туралы» тұжырымдама қабылданды.
Тұжырымдамада мемлекеттік тіл мемле­кеттік және қоғамдық өмірдегі неғұрлым маңызды қызметтерді атқарады деп көрсетіл­геніне қарамастан, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі жағдайы кенже қалуында екендігі ескеріліп, мемлекеттік тіл мәртебесін іске асыруда мемлекет тарапынан жан-жақты кешенді іс-шараларды атқаруы қажет екендігі көрсетілген.
Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы 1997 жылы қабылдаған құ­қықтық заңнамада жалғасын табады.
Қоғамдағы тілдік қатынастар аумағында өлшемделген және ұтымды мемлекеттік саясат даярлауда мемлекеттік тіл саясатындағы көпэтносты Қазақстан халқын ортақтандыру мақсатын көздеп, ұлтаралық келісімдікті орнықтыруда 1997 жылдың 24 қаңтар айында Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы қабылданды.
Қазақ тілінің мемлекеттік беделін алуына байланысты наразылықтар да болды. Мысалы, Өскемен қаласынан КСРО халық депутаты болған С. Васильева «Қазақ ССР-нің Тіл туралы» заңының жобасында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді ұсынуда «орыс тұрғындарының мүддесін белден басу және қазақ тілі мемлекеттік тіл болса, Республиканың басым көпшілік халқы қиын жағдайға душар болады. Бұл ұлттық шиеленіске себеп» деп бағалап, Қазақстанның территориялық тұтастығына, тіліне күмәнін білдіретіндігін айтты /6, 84б/ /3/.
Қазақстан Республикасының халық жазушысы Д.М. Снегин мұндай пайымдауларды жоққа шығарып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы тиіс, ол табиғи және әділетті құбылыс екендігін айтып кеткен болатын /7, 115б/ /4/.
Мұндағы мемлекеттік тіл ұлттардың шынайы мемлекеттілігін алу үдерісі барысында мақсатқа жетудің құралы ретінде алдынғы қатарлы қызмет атқаратындығын ерекшелеп айтуымыз жөн, себебі, мемлекеттік тіл – біртұтас ұлтты қалыптастырумен қатар, тәуелсіздікті сипаттаушы фактор. Ал оның дамуы Қазақстан азаматтарын біріктіріп, ел ішінде әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады. Демек, мемлекеттік тіл мәселесі еліміздің қауіпсіздігіне, мемлекеттің нығаюына тікелей қатысты мәселе болып табылады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі ел ішіндегі тұрақтылықпен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының әр азаматының қоғамда тату-тәтті өмір сүруі – қауіпсіздіктің нышаны. Мұны негізге алып әр Қазақстан азаматы жекеленбей біртұтас Қазақстан Рес­публикасының азаматы екенін сезініп, өз жерінің патриоты болу өзекті. Басты қағида – мемлекеттік тілді меңгеру, оны қорғау.
Қазіргі таңда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне деген үлкен үміт артуда. Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативті және жұмыл­дырушы қызметін кеңейту өзекті мәселе, себебі елдің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тең. Қазақстанның барлық этнос өкілдеріне қазақ тілін қолдану келешегі ассимиляция саясаты болып табылмайды, тек елде ұлттық идентификацияны құруға септігін тигізеді.
Шынайы тұрғыдан қазақ тілі жұмылдырушы діңгек рөлін атқара алады ма? және «Үш тұғырлы тіл» жобасы азаматтық тұтастыққа әсерін тигізеді ме? Аталмыш сұрақтар жауабын 2010 жылы «Қазақстан Республикасында этнос аралық қатынастарды зерттеу орталығы» жүр­гізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде іздейміз. Әлеуметтік сауалнама Қазақстанның барлық аймағын қамтып өткен. Респонденттер саны 1200 адамнан құралған.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 41,6% қазақ тілінде ойлайды, орыс тілінде 32,1% респондент, ал «орыс тілінде және қазақ тілінде ойлаймыз» атты жауапты 15,5% таңдады. Мұнда келесіні де ескерген жөн, яғни Қазақстан Республикасының статистика бойынша Агенттіктің соңғы мәліметтері бойынша тұрғылықты халықтың 64%-н қазақтар құрады, кейін орыстар 24%, өзбектер 2,91%, украиндықтар 1,95% және т.с.с. этнос өкілдері /5/.
«Сіздің ойыңыз бойынша, қазіргі таңда мемлекеттік тілдің ортасы кеңейді ме?» атты сауалға көпшілік респонденттер (30,5%) кеңейді, 19,9%-ы тілдік орта ресми іс қағаз деңгейінде ғана кеңейілгенін айтты, ал 18,5%-ы білім беру ордаларында мемлекеттік тілді оқытуға айтарлықтай көп сағат берілгенін айтады (1-кестені қараңыз).
Алынған нәтижелерге сәйкес, 17,8% мемлекеттік тіл бағдарламасы үшін БАҚ (ТД-бағдарламалары, мерзiмдi басылымдар) көбірек эфирлік уақыт бөлінетіндігін айтады. Бұған кепілдеме ретінде, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешімі бойынша «Қазақстан» атты мемлекеттік телеарна 1 қыркүйектен бастап өзінің хабарын қазақ тілінде жүргізе бастағаны айтады.
Жұмысқа орналасу кезінде мемлекеттік тілді білу талабы 20,4% респонденттерге қиындықтар туғызғанын айтты, қиындықтар кейбір құжаттарды мемлекеттік тілде толтырған кезде болды 12,4%, қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаны үшін ешбір қиыншылықтарды көр­медім (45,9%) деп басым көпшілік респонденттер жауап берді.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуни­кативті және жұмылдырушы қызметін арттыруына көңіл бөлуде. Қазіргі таңда 29 орталық және 16 жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тілде іс жүргізуін жүзеге асыруда. Мемлекеттік тілді үйрету инфрақұрылым шеңберінде елдің үлкен жастағыларға мемлекеттік тілді үйретуде тұтас желі ұйымдары құрылған (мемлекеттік қызметкерлері соның ішінде). Сол сияқты мемлекеттік тілді үйрететін 93 Орталық қызмет етуде. Барлық орталықтар мен жергілікті мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілді үйрететін курстар бар /6/.
Өзінің қазақ тілі білімімен разы қазақ­стандықтардың көрсеткіші 51,5%, «әрине ия» жауабын 20,7% таңдады, қазақ тілін толыққанды меңгермегендер «әрине жоқ» атты жауабыда көрсетілген, яғни 17,8% респонденттер.
Қазіргі таңда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қандай мазмұнға ие болу керектігі жайлы дау болуда. Соған байланысты азаматтарға келесідей сауал қойылды яғни, «Сіздің ойыңыз бойыншы «қазақ тілі» ұғымына қандай мазмұнды (басты) енгізу керек»?
Нәтижеге сәйкес, қазақстандықтардың 45,1%-ы қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп санайды, респонденттердің 24,1%-ы қазақ тілі – ұлттық тұтастық факторы, қазақ этносының маңызды мәдени құндылық элементі, 16,4%-ы қазақ тілін қатынас құралы деп санайды, ал Қазақстанның 13,7% азаматтары қазақ тілі (өзге этностардың тілі ретінде) – халықтың жаны екенін айтты.
Президенттің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тіл саясатында жаңаша бір тың көзқарас пен серпін пайда болды. Мұндағы басты ерекшелік «Үш тұғырлы тіл» болып табылады. Қазақстан Республикасында үш тұғырлы тіл саясатын дамытудың өзектілігі мен мәнін мойындай отырып, Президент Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі саяси, экономикалық және кадрлық қолдауды қажет ететіндігін ескерді. Қазақстан Республикасы бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылу қажеттігін ерекшелеп өткен болатын (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі). Аталмыш жобаға тұрғындардың қатынасын білу мақсатымен келесідей сауал қойылды ««Үш тұғырлы тіл» атты Жобаны жүзеге асыру саясатына қалай қарайсыз?» Респонденттердің 54,8%-ы аталмыш Жобаны жүзеге асыру – мемлекеттік маңызы бар іс, себебі Қазақстан бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіруді мақсат етуде, 21,3%-ы Қазақстанда тілдік ортаны дамыту мәселесін шешеді деп ұйғарды, тек 8,4%-ы қазақ тілінің дамуына зардабын тигізетіндігін айтты.
Сонымен, ұлттық (азаматтық) идентифи­кацияның бөлігі ретінде мемлекеттік тіл мәселесі қазақстандық қоғамында сәтті интеграциялық процесінде маңызды рөл атқарады. Мұнда жаңа азаматтық тұтастықтың негізі ретінде Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білуінде болып табылатындығы объективті құбылыс және бұған сауалнаманың нәтижелері куә.
Мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстан Респуб­ликасының әрбір азаматына әсіресе, қазіргі жаһандану үдерісінде өркениетті болашақ үшін өзекті болуда. Себебі мемлекеттік тіл ұлт пен этностардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын механизм ретінде ынты­мақтастықты арттырады. Мысалға, мем­ле­кеттегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренудегі талпынысы өз тілін білмейтін азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру механизміне айналуы мүмкін.
Ал бұл өз бетінде қоғамды бір жүйеге келтіріп, ынта бірлікті нығайтады. Демек, мемлекеттік тіл саясаты бүкіл Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін ыдырату мақсатын көздемей, керісінше, бүкіл Қазақстан халқын біріктіруші құрал рөліне ие. Егер кез келген этнос сол халықтың жерінде тұрып жатқанын, оның табиғи, материалдық, мәдени және рухани байлықтарын пайдаланып жатқанын ескеретін болсақ, сәйкесінше, сол халықтың тілін меңгеру, білу міндет. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ортақ тілдің болуы мемлекеттік бірлікті құру мен қоғам тұрақтылығын сақтаудың аса маңызды бөлігі болып саналады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Пухович Л. Государственный язык и национальная идентификация как факторы обеспечения безопасности и стабильности Республики Казахстан // Безопасность: международная, региональная, национальная (системный подход). Материалы международной научно-практической конференции, посвященной памяти доктора политических наук, профессора М.С. Машана. – Алматы. «Дайк-Пресс», 2007.-С. 440-446. -592с.
Выступление Н.Назарбаева на торжественном собрании в честь празднования 20-летия независимости страны // http://www.newskaz.ru/society/20111215/2292534.html
Борбасов С.М. Қазақстандағы ұлттық процестер және ұлт саясаты. – Семей, 1995.- 176б.
Под.ред. Мустафин Т.Т. Политология. – Алматы. – 1994. – С. 113-118
Демографический ежегодник Казахстана Статистический сборник / 2011 – 592 с. Под редакцией А.Смаилова
Макулбеков М. Работа Министерства культуры по дальнейшему укреплению государственности // Информационное агентство «Казинформ», Астана, 26 января 2010 год

Алдыңғы «
Келесі »