МІНЕЗ, ХҰҚЫҚ ЖАЙЫ

  • 03.04.2015
  • 485 рет оқылды
  • 1

Қошке (Қошмұхаммед) КЕМЕҢГЕРҰЛЫ

Билеу жағынан көшпелі қазақ мәдени Руссиямен қойы қоралас қоңсы болса да, ілгері басқан жері жоқ. Қайта кейін кетті. Бұған себеп: зорлықшыл өмір иелерінің законды бетіне перде қылып ұстағандығы, үкімет көз­дері қазақтың белгілі бір табын ұзақ уақыт таяныш қылған жоқ, кім алалыққа аяқ басқан болса, соны қолтықтады. Кім параны көп берсе, соны қолтықтады. Әділдік, адам­шылық аңғарымен атқарылған заң бол­мады. Қамшының өрімі, қылыштың қыры қазақтың үстінде ойнағаны, кедейдің кер шолағының алым үшін алынғаны, бей­күнә ұсталғанның жұмысы тексерілмеуі, абақ­тыда шірігені, адам ақыны парасыз іздеп ала алмауы, кірін жуып кіндік кескен жерінен қуылуы, бақдаражаның парамен табылуы – бәрі закон атымен істелді, қайткен күнде де закон қазаққа демалдырмайтын тұмылдырық бол­ды. Қазақ пара мен тұмылдырықты тесіп тыныс алатын болды.    


Мәселен, ертерек кезде 3 сом сүйінші алған болысты қаралап, сот тексеріп 6 сом ақырында айып салған. Ол болыс өзін ақтау үшін адвокат жалдап, 350 сом шығарған. Осындай түймедей жұмыстың түйедей болып кеткені көп. Закон утымен қазақ округке бөлінді. 1868 жылы жаңа закон болды. Екеуінің де арты қазақ үшін жау шапқандай бүлдірді. Законге сабақталған санақтың арты алымды қойныңда қара балтаң болсыннан асып, қаны, жаны бір, тілегі, жүрегі бір өзінен шыққан оқығандарына да сенбеуге де айналды. Үкімет нашар таптың көз жасынан, қанды еңбегінен шен-шекпен даярлап, өзіне жақындағандарға үлестірді.
«Қазекең» де бір жағынан тегіне қызығып, екінші жағынан жоғарғы хакімдерді алдау үшін жағынудың керектігін біліп, жағына бастады. Жүре-жүре жағыну әдет болды.  Жағынудың бәйгесін қазақтың алғанына бір мы­сал: төңкерістен бұрын Ақмола уезінде «Шын­жыр балақ, шұбар төс» нағыз жуан атадан бол­ған болыстың (өзі етті, кебеже қарын болса да) шалшық жерден крестьянский начальникті «аяғы былғанады» деп арқалап өткізген, «Бақытсыз Жамалдағы» «спасибоға» қуанған ауылнай, қа­зақ арасындағы жиі ұшырайтын сурет болды. Абай­дағы:
Мәз болады болысың, 
Арқаға ұлық қаққанға! 
Жылтыратып орысың 
Шенді шекпен жапқанға, – деген жағын­ғанды толық суреттейді. Ел арасында көпші­ліктің ұлыққа жағынуы сол даражада: адам­шылық, мендігін жоғалтып, жансыз нәрседей болып кетті. Бұрын қазақ хұсусы тұрмыстарға ғана еріккеннен өтірік айтушы еді; «өтіріктің идеалы 40 ауыз өтірікпен ханның қызын ал­ған әңгімеге тірелуші еді. Бірақ әлеумет жұ­мысына инедей өтірік қатыстырылмаушы еді. Хұкімет көздері ақ жолдан адасқан соң, шын жолмен жүріп, талай жапа шегіп, запыс болғандықтан, қазақтың көпшілігі өті­рік­тің ордасы болып алды. «Орыс өтірік айт­пасаң нанбайды» деген көпшіліктің ара­сында азаматтық хұқығын алған ағым бар. Жаратылысқа шаруасы жақын тұрған ха­лықтың жас бала сияқты көрсе қызар, қор­қақ, бір алдағаннан енді қайтып аяқ бас­пайтын, бір сенімі қайтса, сенбейтін мінезі болады. Қазақ та солай болып алды. Үкіметтің тарихи зорлықтарының жемісі сол: қазақтың құбыжығы, қорқатын құдайы – «протокол», не «жылтыр түйме», не «картоз» болды. Осы үшеуі жүрген жерден қазақ албастыдан қаш­қандай зымырап қашатын болды.
Қазақ өз басының хұқұғын сот арқылы іздеуден айрылды деуге болады. Үкімет адамдарынан жаман сөз есітіп не таяқ жесе, сотқа баратын қазақ некен-саяқ болды. Төңкерістен бұрын жабайы қазақтың тымағының милығынан тартпайтын орыс аз еді…
Орыстың мемлекетшіл, ұлтшыл, білгірі – Ме­ла­­ков орыс мәдениетінің тарихы деген кіта­бында жазады: «Түркияда көп жерлерінде тү­рік балалары европа адамдарын мазақтап тас лақтырып, сөгіс сөздер айтады» деп. Сол Мелаковтың құлағына төңкерістен бұрынғы орыс жігіттерінің, балаларының жабайы қазаққа ай­татын «таңдама» сөздері, шалып, тартып, кесек ататындары шалынбаса керек. Қазақтың мыс­қылды бойына құт қылуы – бірінші, хұқұқ есі кірмегендіктен – пон Клейстің «Михаил күл­мес» деген кітабында айтылатын: «Егер маған тағдырда аяқпен тебілуге жазылатын болса, онда менің адам болып жүргенімнен ит болғаным артық» деген пікірдің қазақ есінде жоқтығынан, екінші, өз басының құқұғын корғаушыға заңның теріс қарағандығынан. Қазаққа өз басынан да тұрмыстың тұтқасы – мал бағалы. Қазақ басын жоқтамаса да, парамен болса не өнетініне көзі жетсе, мал даулайды. Екі қазақ бір-бірінен бір тиын болса да, іздесіп алатын болды. Ал, «жылтыр түйме», «картоз» жүрген жерге ая­ғын сирек басып, онда да жанға батарлық ма­лы кетсе ізденетін болды. Мұның бәр Қазақ елі­нің мінез, құқық жағынан ұғымы, бағасы нольге жеткендікті көрсетеді.
«Қазақ тарихынан», Мәскеу – 1924 жыл

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Ғасыр аттап туатын Кемеңгерім.

    Академик-жазушы Совет-Хан Ғаббасов-ағайға.

    Тәнті ететін ғажайып талғамына,
    Жастайынан ұмтылған арманына.
    Ақ тілекпен азғантай жыр арнадым
    Қазағымның дәл Сіздей заңғарына.

    Әрбір сөзі алтындай сараланған,
    Артық тұрар айбары бар адамнан.
    Бақытты едік, біз қандай…Өзіңіздей,
    Профессор алдынан сабақ алған.

    Санасымен сергіген… Сапалылар,
    Мәйекті ойды білдірер мақамы дәл.
    Асқартаудай ағайым жасай берсін
    Ат көтере алмайтын атағы бар.

    Атақта емес – бар бақыт еңбегінде,
    Нәр болатын сөздері шөлдегенде.
    “Ғаббасовты түсінем”- дейтін болсақ
    Бір кітабын оқып көр ең кемінде ?!

    Алғыс айтып арайлы азат таңға,
    Талантыңыз Қазақта… ғажап дара.
    “Ұрпағым”- деп жазылған кітабыңның
    Міндеттіміз әр бетін парақтауға.

    “Ұрпағым” мен “Ұлтым”- деп аласатқан,
    Тарландай-ақ бәйгеде дара шапқан.
    Ұлағатты ұлы Ұстаз… ұжданды ары
    Кем тұрмаған пайымы парасаттан.

    Бағындырған Өмірдің өрендерін,
    Азық болған Халқыңа кемелді ойың.
    Жасай бергін… Жаратқан ғұмыр беріп
    Ғасыр аттап туатын Кемеңгерім ?!
    Еңбегіңе сүйсініп әлі талай…
    Ақындарың жазады өлеңдерін.

    Жазған “худграфтың” 3-ші курс студенті – Амангүл Құрмаш.
    АБАЙ атындағы ҚазҰПУ. 5.012. 2014ж.

Пікірлерге тыйым салынады.