КӘСІПКЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛГЕНДЕРГЕ 30 ҚАҒИДА Біреуге жалданып жұмыс істегенше, жан-жаққа қарап, мен осы кімнен кеммін деп құлшыныс танытқан абзал

  • 03.04.2015
  • 525 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құрманғали АШАНҰЛЫ,
кәсіпкер

ІІІағын және орта кәсіпкерлік – эконо­миканың күретамыры, козғаушы күші. Өркениетті елдерде экономиканың тірегі – осы салалар. Қазақстан да соңғы кездері бұл салаға жете көңіл бөліп, мойын бұра бастады. Десе де, осы бір бизнес саласы, жоқ жерден бар жасап, шаруа тайқазаны бұрқ-сарқ қайнап кете қоймайтын, қыр-сыры, әдіс-тәсілі, жұмбақ қалтарысы мол сала. Сондықтан, мен осы саланың ыстық-суығына 15 жыл бойы күйіп, сүрініп-жығыла жүріп еңсемді көтеруге ерік-жігерім, білік­тілігім жеткен кәсіпкер-журналист ретінде өз тәжірибемнен қорытқан ойларымды оқырман назарына ұсынып, оны әрі қарай нақты іс-тәжірибемде ашып берсем артық болмас.

1. Шағын бизнесті бастаған кезде дереу байып кетемін деп ойламау керек. Мұнда, ең бірінші, Құдайға сеніп, сонан соң өзіңе сеніп жұмысты жасқанбай, тәуекел етіп бастағаның жөн.
2. Бизнесте ұшырасатын барлық қолай­сыздықтарға шыдас берсең, кейін оның жемісі болмай қоймайды. Бұл үшін өзгелердің кәсіпкерлігіне қа­рап, ақыл-кеңестерін тыңдап, түрлі әдебиеттерді оқып отыруың қажет.
3. Шағын бизнесті екі адам болып бірігіп бастап және одан аспауы керек. Өйткені, жалғыз өзіңе қиын болады. Ал, үшінші адам серіктессе, алауыздық туындайды. Бизнес дегеніміз күндіз-түні тынымсыз еңбек етуді қажет етеді. Сондықтан да, өзіңе сенімді серіктес іздеп тапсаң, олардың қаржысы мен күш-қайраты, білімі қосылып, ісің сәтті бола түспек. Сондай-ақ, ақшаға құнығып, сарсылып еңбек ете берудің денсаулыққа зиянды болатынын да ескеру қажет. Өйткені, ауыр істен зо­ры­ғып, дертке шалдықсаң, еңбек ете алмайсың ғой.
4. Қызбалық, даңғазалық мінезден арылып, салауатты өмір салтын ұстану – бизнестің басты талабы. Мұны ашығырақ айтсақ, арақ-шарапқа үйір болған адамнан кәсіпкер шықпайтыны әркімге түсінікті. Тапқан табысын лепіріп, мақтанып жұртқа жаюдың пайдасы жоқ, зияны көп болмақ.
5. Көптеген туыстарымның, доста­рым­­ның және бизнесті бірден мол табыспен бастағысы келген адамдардың тірлігіне үңілгенде, мынандай қоры­тындыға келіп жүрмін: бизнесті бас­таймын деп мол несие алғанда тұр­ғын үйін кепілдікке қойғандардың көп­шілігінің соңынан сәтсіздікке ұшы­­рағанын жиі кездестіремін. Ке­пілге қалай үйді қойдыңыз, солай үйіңізден мүл­дем айрылдым деп біліңіз.  Мұның өзі Құдайдың ісі ме, әлде адамның орашолақтығы ма – ол жағын ашып айта алмаймын, менің нақты бір бай­қағаным, тұрғын үйін кепілге қойып, несие алғандардың жолы болған емес.
6. Егер шағын мекеме ашқыңыз келсе, тек қаланың орталығынан ғана ашсаң мол табысқа кенелесің деген қағидаға құлай сенбе. Мәселен, Алматының қақ ортасындағы Мұқан Төлебаев атындағы көше бойында жұрт сирек жүреді. Бұл көшеден үй сатып алып, шағын мекеме ашып, пайда түсіре алмай, шығынға ұшырағандар аз емес. Меніңше, базарлар мен жұрт жиі жүретін көшелердің бойынан ғана шағын мекеме ашқан тиімді. Ал, қаланың орталығындағы жұрт жиі жүрмейтін қалтарыс көшелер­ге қарағанда, халық ағылып жатқан шет жақтағы көшелердегі шағын мекеменің табысы әлденеше есе артық болатынын есіңе мықтап түйгейсің. Сондай-ақ, кәсіпорынның көлемі емес, тауарың, клиен­тің мол болсын. Мәселен, бір жерден екі мекеменің бірін таңдап алмақ болдыңыз делік. Оның біріншісінің көлемі 100 шаршы метр, ауласы, бөлме­лері кең. Ал, екіншісінің көлемі 50 шаршы метр, жері, ауласы жоқ. Бизнесті түсінбесеңіз, әрине, сіз 100 шаршы метр мекемені қалар едіңіз. Ал, мен оның 50 шаршы метр шағынын таңдаймын. Неге? Себебі, екеуінен тү­сер пайда бірдей мөлшерде болмақ. Ал, көлемі шағын мекеменің шығыны аз болады, суға, жерге, тағы басқа да толып жатқан төлемдер мөлшері азайып, табыс көзі молаяды.
7. Шағын мекемеде тауарлардың түр-түрі мол болсын, әрі оның қай­сысы болса да жетпей қалмасын.
8. Қызметкерлерді жұмысқа алған кезде міндетті түрде келісімшарт жаса. Ал, қызметкерлерді мүмкіндігінше отбасын құрып үлгермеген қыздардан тандап алғаның жөн. Соның өзінде олар­дың ақылдылығынан гөрі, адал­дығын жоғары бағала. Қазір көптеген кәсіпкерлер осындай тәсілді қолдана бастағанын байқайсың. Әрине, отбасы бар, баласы бар әйелдердің мекемеде сарылып тұра алмайтыны түсінікті. Сондықтан да, үкімет, заң шығарушы орган балалы әйелдерге және жүкті болған кезеңде оларға төленетін төлем­ақы қорын жасауды ойластыратын мез­гіл жеткен секілді. Ал, кез келген кәсіпкер бұл үшін қалтасынан қаржыны шығара алмайтыны белгілі.
9. Жұмысқа туыстарыңызды алудан аулақ болғайсыз. Туысқа басқаша жағдаймен қол ұшын берген жақсы.
10. Кіріс пен шығыс жазылатын құжаттарды ұқыптап жасап, сақтай біл. Ол қай кезде де қажет болмақ.
11. Шағын кәсіпорынның айналасында жүрген адамдарды бөле-жармай тіл қатысып, әңгімеге тарта біл. Өйткені, олар сіздің кәсіпорыныңыздан тұрақты түрде тауар алып, табысыңызды үсте­мелейді.
12. Шағын мекеменің иесімін деп шіреніп отырмай, ұсақ-түйек шаруа­ның бәрін атқарудан арланбаңыз. Мұн­дайға қызметкерлеріңізді де дағды­ландырыңыз.
13. Кәсіпорыныңызды, тауарла­ры­ңыз­ды, бизнесіңізді жарнамалауға са­раңдық жасамаңыз. Мекемені немесе кәсіп ететін орныңызды таза ұстаңыз. Оның маңайын көгалдандырып, әсем­дей біліңіз.
14. Бизнес туралы жаңалықтарды білуге дағдыланыңыз. Тек жарнама арқылы ғана емес, базарлар мен жеке кәсіпорындарды аралап, өзгерістерді көзіңізбен көргеніңіз жөн. Өйткені, бизнес әлемі ай сайын ғана емес, күн сайын өзгеріске түсіп отырады.
15. Тауарды аларда жан-жақты есеп­теп, өтімділігін сараптап, қазақша айтқанда, жеті өлшеп, бір кесіп барып алыңыз. Кез келген тауарды бірден көп алмаңыз. Оның өтімділігіне орай мөл­шерін көбейтіп немесе азайтып отыру қажет.
16. Бір жеке кәсіпорын ашып, оны толық жолға қойғанша екінші жеке кәсіп ашуға болмайды. Шығынға ұшы­рауыңыз мүмкін.
17. Қызметкерлер алғанда таңер­теңгі сағат 9-да келіп, кешкі сағат 6-да қайтқысы келетін, әрі екі күн демалыс сұрайтын адамдардан қалайда құтылған жөн. Мұндайлар бизнесті көгертпейді.
18. Тауарды шапшаң өткіземін деп, оның бағасын арзандатуға тырыспау қажет. Бұл табысты азайтады.
19. Сіздің жеке кәсіп ашқаныңызды естіген дос-жарандарыңыздың арасында қарыз сұраушылар көбейеді. Мұндайлар ашық айтқанда ұяты аз адамдар. Олар қарыз алғанымен, оны қайтара қоймайды. Сондықтан да, қарыз берген екенсіз, оны арнайы дәптерге жазып қойыңыз. Қарыз сұ­раушылар болса, қарыз алғандардың ті­зімін көрсетіп, олардың қарызды қай­тар­майтынын түсіндіріңіз, сізден қа­рыз алғысы келгендердің беті қайтады.
20. Жеке кәсіпорында тауар әкеле­тін­дермен дереу есеп айырысуға дағды­ланыңыз.
21. Бизнесте жеңіл жолмен пайда табамын деген бекершілік. Жеңіл жолмен пайда тапқысы келгендер соңынан қалай да шығынға ұрынады. Сондықтан да, биз­несті ауыр  еңбек, өзіңе де, ха­лық­қа да игілік әкелу деп түсініп барып, іс атқар­ғанда ғана табысыңыз баянды болады.
22. Ақша табу оңай да, бірақ, оны ұстап тұру өте қиын деген қағи­даны есіңізге мықтап түйгеніңіз абзал. Өйт­кені, ақшаны күреп тап­қаны­ңызбен, оны бұрқыратып шашар болсаң, бизнеске де, өзіңе де, отба­сыңызға да, серіктеріңізге де еш пайдасы болмайтынын жүрегіңізбен түсініңіз.
Әсіресе,  біздің  қазақта табысы көбей­се, мол ақшадан басы айна­лып, оны оңды-солды шашып, керек­сіз нәрселерге, ойын-тойларға, мейрам­ханаларға, қыз-қырқындарға жұмсап қызық көру – өмірдің рахаты деп түсінушілік басым. Ондай­лардың көпшілігі өмірінің соңын қайыршылықпен өткізетініне мысалдар аз емес. Ал, табыс табу, баю дегені­ңіздің мұраты ұрпағыңның, еліңнің, ұлтыңның игілігін молайту емес пе? Сондықтан да, бизнесіңнен, өзіңнің қажетіңнен ар­тылған ақшаны мешітке, білім алғысы келген талапты адамдарға, салауатты өмірді ұстанып, иманды өмір сүргісі келе­тін туыстарыңызға бергенге не жетсін.
23. Біреудің еңбегін қанап, тауарын алдап арзанға алу, оны шектен тыс қымбатқа сату, ұрлық-қарлық, зорлық, көзбояушылық бизнес емес, қылмыс екенін есіңізден шығармаңыз.
24. Соңғы кезде базарларда алдау, арбау көп ұшырасатын болды. Сон­дықтан да, мол табысқа қызығып ірі базарлардың ішінен дүкен салып, асхана және мейрамхана ғимараттарын салып ақшаңызды шығындамаңыз. Ірі базарлардан мол табыс түсіргіңіз келсе, ондағы ғимараттарды тек жалға алған дұрыс.
25. Өмірдің тез өтіп кететінін естен шығармаңыз. Біреуге жалданып жұмыс істегенше, жан-жаққа қарап, мен осы кімнен кеммін деп құлшыныс танытқан абзал. Ойланып әрекет қылыңыз. Аздан бастаған жөн (қабілетіңізге қарап).
26. Шағын фирмаңыз болса (дүкен, дәріхана, мейрамхана т.б.), зейнетақының керегі не, шағын мекемеңізді ешкім алып қоймайды, балаларыңызға қалады. Салықты уақытында төлеп тұрсаңыз, ешкімге тәуелді болмайсыз.
27. Шағын бизнесте әр түрлі қиын­дықтар болады: іскерлік кездесулер, ерте кетіп, кеш келетін уақыттар, тіпті, уақытша 4-5 ай табыс түспейтін кездер т.б. Осы кезде жан жолдасың, яғни, әйелің сіздің қасыңызда болуы керек. Ең жақсысы – әйелге кішкене шағын кәсіпорын ашып берген жөн, ал, шағын кәсіпорынды өз атыңызға заңды түрде аударып, әйеліңіздің атын шағын мекемеге берген өте дұрыс.
28. Шағын бизнесті бастағанда ака­демик-ғалымдармен емес, өмірдің орта­сында, шағын бизнестің ішінде қайнап жүрген жігіттермен ақылдас, өйтпесеңіз, осы өтпелі кезенде бос қа­лып, табыстан қағыласыз.
29. Төрт бөлмелі үйің болса, соның бір бөлмесінен дәріхана, шаштараз, дәмхана, не азық-түлік дүкенін аш. Ұтпасаң, ұтылмайсың.
30. Ұжым жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істесін. Кіріс-шығыс барлық қызметкерлер алдында ашық жария етіліп отырса, ұжым мүшелерінің арасында бір-біріне деген сенімсіздік жойылады. Бұл бір жағынан еңбек тәртібін нығайтса, екінші жағынан, сенімді нығайта түседі. Сенім бар жерде істің оңға басары дау туғызбаса керек.

Алдыңғы «
Келесі »