Еліміздің өркендеп, көркеюі

  • 28.04.2012
  • 9841 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ермек Нұрмағанбет,
оқытушы

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұр­сұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бір­лескен отырысында «Әлеуметтік-экономикалық жаң­ғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Биылғы Жолдауында Елбасы өз дәс­түрін бұзған жоқ. Қиыншылықтардың бо­латынын ашық айтты. Әлемдік қаржы дағ­дарысының Қазақстанды айналып өт­­пей­­тінін, оның алдын алу қажеттігін баса көрсетті. Жолдауда бірде-бір сала қамтыл­май қалған жоқ. Бүгіннен бастап, елімізде он басым бағыттар бойынша жұмыс қолға алы­натынын, олардың ішінде еңбекке жарамды адамдардың кәсіби деңгейлерін қайтара қарап, керек болса, қайтара оқыту қажеттігін, аймақтарда шешімін таппай, тоқырап қалған салаларды қайтара қозға­лысқа келтіру, әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелерін күн тәр­тібінен түсірмеуді шегелеп айтты.
Елбасы Жолдауының мәні ерекше, себебі бұл Жолдау – Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дық кезеңін қоры­тындылап, келесі он жылдыққа нық қадам басуымыз. Жолдауда «бүгінгі даму­дың ең басты бағыты, адам факторы айқын­даушы фактор болып табылатындығы» баса көр­сетілді.
Дамыған қоғам – білімді қоғам, онда әлеуметтік үдерістердің өлшемі болып табылатын білім беру маңызды институт болып табылады. Сондықтан да, Жолдауда білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері ерекше орын алған. Елбасы өз сөзінде «оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құру, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейту қажет. Білім тек білім беріп қана қоймай, сондай-ақ алған білімін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалануға икем­делуі керек» деп атап өтті. Президент өндірістен қол үзбей, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударды.
Елбасымыздың 10 бағыттағы ауқымды талабы еліміздің бүгіні мен болашағын бағдарлап, болашаққа деген нық сенімі біздің де көңілімізге сенім ұялатты. Тағы бір қуантарлық жайт: әсіресе, білім саласының қызметкері ретінде, білім-ғылымға қатысты айтылған игі талаптар да көңілден шықты. Елбасы Білім және ғылым министрлігіне жұмыс істейтін жастардың кәсіптік білім алуына жағдай жасауын, жастардың өз бизнесін дамытуға, баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағыттарды да айқын­дап, осылардың орындалу барысында біраз міндеттер тапсырды. Дана халқымызда «ғы­лым – теңіз, білім – қайық» деген қанатты сөз бар. Жастарға, ең алдымен, сапалы білім керек. Сол білімнің арқасында жетіс­тікке жетіп, еліміздің де дамып, өркен­деуі анық.
Елбасы тәрбие мәселесін балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін өз бақылауында ұстап отырғаны анық. Оқыту үдері­сі­нің тәрбиелік құрамасын кү­шейту қажет екенін айтты. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлт­аралық келісім мен толерант­тылық, тәннің де, жанның да да­муы, заңға мойынұсыну­шылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қар­а­мас­тан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің оқытушылары мен сту­д­ент-жастарының ұжымы мемлекет пен Пре­зиденттің саясатын толығымен қол­дай отырып, Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың әрекет ету бағдарламасы ретінде қабылдайды. Бә­секеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауды жүзеге асыра отырып, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, олардың бойына адамгершілік қасиеттер мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – негізгі мақсатымыз. Себебі, жастар – еліміздің ертеңі, демократиялық үде­рістердің жарқын болашағының кепілі!
Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде көптеген жұмыстар атқарылуда, ендігі кезекте Жолдауда көрсетілген тапсырмалар бойынша тәрбие жұмыстарын пысықтап, жас ұрпақтың әлеу­меттік белсенділігінің артуына, сана­лы құқықтық және саяси мәдениетін қалыптастыруына, өмірлік қағидасы күш­ті, рухты болып бекітілуіне көңіл бөлу барлығымыздың алға қойған мақсатымыз болуы керек. Сол себепті қоғамға ең керегі – елдің ертеңіне деген сенімі мен үміті.
Елбасы Жолдауы жаңа міндеттерді жүктей отырып, болашаққа бастар жарқын бастама екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан да, әрбір Қазақстан азаматы Жолдауға қолдау білдіре отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің дамып, әлемдік өркениетке қосылуына, экономикасы қуатты елге айналуына аянбай еңбек етуі шарт. Ондағы аталған келелі істерді атқаруға жұмыла кірісу барша қазақстандықтардың абыройлы борышы болмақ.
Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет» деген қанатты сөзі бар. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастыру мақсатындағы іс-қимылды біз өзімізден бастауымыз қажет. Егер, әр­бір азамат өз мүддесін мемлекет мүд­десі­мен ұштастырып, ел әлеуетін арттыру, халықтар бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, егемен еліміздің алмайтын асуы, бағындырмас биігі бол­май­тындығына бек сенімдімін. Себебі, ұлтымыздың Ұлы Тұлғасы – сөз бен істің бірлігінің біртұтас белгісі.
Біз де еліміздің білімі мен мәдениетін одан әрі өркендету ісіне, мемлекетіміздің келешегінің кемел болуына барлық қа­жыр-қайратымызды жұмсаймыз деп сендіреміз.

Алдыңғы «
Келесі »