ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ 1939 – 1956 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамында болған Фрунзе ауданының жылнамасы

  • 03.04.2015
  • 398 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам қайраткері

Бесінші арна
«СОҒЫСАМЫН ЖЕҢГЕНШЕ 
ЖАУДЫ ТАПТАП»
Қызыл Армияның бел ала бастағаны Сталинградты үш айдай жанталаса қорғап, ақырында үш майданның біріккен күшімен жау әскерін шыға алмастай етіп қоршап, амалсыз берілуге мәжбүр етіп, енді бұрын шегінген жолымен қайтадан батысқа ұмтылуы, яғни 1942 жылдың желтоқсаны.


Бұл кезде елдің көзі екі жақта. Бір көзі майдан жақта, екінші көзі қанды қырғында жүрген бауырларының қамы – қайткенде де соларға шама келгенше көмек беру, аянбай жұмыс істеу. Осынау зор алаңдау іздерін аудандық газеттің жаңа жылдық санынан да байқауға болады. Сол кезде Түркістанның «Бірлік» колхозының басшысы Әбдікәрім Юсупов «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын құру қорына 165 мың сом аударыпты. Үлгі – өзгеге өнеге. «Майдамтал» колхозының председателі Мырзабаев 30 мың, бас­тауыш партия ұйымының хатшысы Тоқназарова, ауылсовет председателі Мырзадәулетов, Ленин орденді колхозшы Жұмантаев 15 мың сом­нан, «Қызыләскер» колхозының председателі Ұзынтаев  20 мың, перме меңгерушісі, орденді Зәуре Абдуллаева 15 мың, «Шорнақтөбе» колхозы 85 мың, «Құмайлықас» 64 мың сом аударған.
Газет сондай-ақ мерген майдангер Т.Тұ­ра­ровтың ауылдастарына жазған хатына орын беріпті. «1-май» колхозшылары, сіздерге жауын­герлік сәлемімді жолдаймын, – деп бастаған ол, – не­міс-фашист басқыншылары отанымызға опа­сыздықпен шабуыл жасағанын есіткенде, қолы­ма қару алып, отанымды қорғау ұлы міндет деп біліп, майданға аттандым. Соғыс өнерін ын­та-жігермен үйреніп, ойлаған мақсатыма жетіп, фашистерді жер құштырып жүрмін» деп жалғастырып, өзінің 25 фашисті жаһаннамға жөнелткенін жазады. Содан кейін ауылдастарына, жерлестеріне өтініш. «Сіздер… жан аямай еңбек етіп, оның өнімділігін арттырып майданға көмекті күшейте беріңіздер… Майданға кеткен аға-інілеріңнің, балаларыңның, ерлеріңнің орнын босаңсытпай, олардың да нормаларына қоса, күндік нормаларыңды 3-4 есе етіп орындауға жетіңіздер… 1943 жылдың егістерінен мол өнім алуға дайындықты ойдағыдай жүргізіңіздер. Мал басын аман сақтап, мемлекеттік планын орындау үшін күресіңіздер» деп жеткізеді, «сіздерге отан алдында ант етемін: соғысамын жеңгенше жауды таптап» деп аяқтайды.
Осы хаттың адами жалғасы да бар. Әңгіме басталғасын оны үзіп-жұлмай, біржола сол жалғасты жалғай кетсек дейміз. Ақпанның 6-сындағы санында «Қазақ халқының адал ұлы» деген тақырыппен мынадай хат жарияланыпты: «Жауынгер Тұраров Тұрғара Жауынгерлік Қызыл Ту және Ленин орденді, Советтер Союзының Геройы Панфилов атындағы 8-гвардия дивизиясында снайпер қызметін атқарады…
Тұрғара коммунист. Ол бір бөлімде парторг қызметін де атқарады. Бөлімдегі жауынгерлерді саналы тәртіпке, ұйымшылдыққа үйретіп, жауға … өшпенділікке күнбе-күн баулап отырады.
Тұраров мерген. Оның атқан оғы еш уақытта босқа кетпейді. Ол ұрысқа араласты-ақ  неміс-фашист қарақшыларының көзін жояды. Кәзір ол 43 неміс-фашистің … қарасын өшірді.
Тұраров жолдастың еңбегін үкіметіміз жоғары бағалап, оны «Ерлігі үшін медалімен» наградтады.
Е.Д.Мурзин, взвод командирі, Майдандағы армия».
Газеттің тағы бір санында Тұрғара ағамыздың шағын суреті жарияланыпты. Онда «Моңғол Халық Республикасының медалін алған гвардеец, үлкен (аға) сержант Тұраров Тұрғара. Ол неміс фашистерге қарсы ұрыста 50 немісті өлтірген» деген анықтама беріліпті.
«Стахановшы колхозшылардың» 23-ақпан күнгі санында «Барлығымыз да гвардеецтерше істейік!» деген тақырыппен Тұрғара Тұраровтың жұбайы Рахия Тұрарованың ауданның барлық Қызыл Армия семьяларына жазған хаты жарияланыпты. Шын журналистің қолындағы материалды қырнамай әріге жібермейтін кәсіптік «ауруы» болады. Өз басымның журналистикадағы алпыс жылға жуық ғұмырым өз жазғанымнан гөрі басқаның жазғанын редакциялаумен өтіп келеді. Бірақ мына хаттың грамматикалық қаталарынан басқасына қол тигізбей, сол күйінше түгел бергім келіп отыр.
«Қымбатты жолдастар!
Адам баласының қас жауы – жалмауыз Гитлер бастаған неміс-фашист басқыншылары гүлденген отанымызға опасыздықпен шабуыл жасағанына бір жыл 8 ай болды. Бұл уақыт ішінде ержүрек Қызыл Армия ерліктің, табандылықтың, қырағылықтың, төзімділіктің бейнесін көрсетіп, неміс оккупанттарына өлтіре соққы беріп, жаудың адам және техникасын мейлінше жоюда.
Соның бірі қазақстандық Қызыл Ту және Ленин орденді, Советтер Союзының геройы Панфилов атындағы 8-гвардия дивизиясында жауынгер жолдасым Тұраров Тұрғара ерліктің үлгісін көрсетіп, неміс-фашист қарақшыларын өлтіруде. Кәзір ол 43 неміс-фашист күшіктерін өлтірді. Бұл ерлігін өкіметіміз жоғары бағалап, «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Бұл ерлік бәрімізге бірдей ортақ қуаныш.
Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, оның бақытын сақтау үшін қаһармандық қайрат көрсеткен гвардеецтердің ішінде менің жолдасым Тұраров Тұрғанның болуы мені өте шаттандырды.
Жолдастар! Менің ерім Тұраров Тұрғара майданда ерлік көрсетіп жатқанда, мен де тылда еңбек ерлігін көрсетіп жатырмын. Мен өткен жылы дәнді егісті жинауда, мақта терімінде күн-түн демей еңбек еттім. Әсіресе мақта терімінде жан аямай еңбек етіп, 3000 килограмм мақта тердім, сөйтіп 350 еңбек күн таптым. Сонымен қабат, бір жауынгерді толық киіндірдім және көптеген сәлемдемелер жібердім.
Өткен жылы қатардағы колхозшы болып істесем, биыл звеноводпын. Сонымен қабат әйелдер ұйымдастырушысы болып істеймін.
1943 жылы ауыл шаруашылық егістерінен Сталиндік мол өнім алу үшін күзде егілген 21 гектар дәнді егісті бір рет отап шықтық. Ал көктемде 11,5 гектар мақта егеміз, оның арық-атыздарын тегістеп, су тоңдырып, 125 тонна көң төктік. Көктемде 16,5 гектар дәнді егіс егеміз. Мақта, дәнді егістерін 5-6 жұмыс күні ішінде айдап, тұқым сеуіп боламыз. Сөйтіп мақтаның әр гектарынан 15 центнерден, дәнді егістің әр гектарынан 12 центнерден өнім аламыз. Сонымен бірге, астық тапсыру жұмысын оңайлату мақсатымен 11 қап жинадым. Өзім, ерімнің нормасымен қоса, күндік нормамды 2-3 есе орындаймын.
Жолдастар! Ерім Тұрғара майданда қандай ерлік көрсетіп жатқанда, тылда мен де бүкіл халқымызбен бірге ел ішінде ерекше жұмыс істеп, еңбек ерлігін көрсетуге даярмын. Қазір колхоз өндірісінде шешуші күш әйелдер болып отыр.
Апа-сіңлілер, Қызыл жауынгерлердің ту­ған-туысқандары, жауынгер достарымыздың үй-іштері. Сендерді де Ерлеріңіздің, балала­рыңыздың, туған-туысқандарыңыздың жоқты­ғын білдірмей, олардың нормасын қоса орын­дауға, сөйтіп еңбек ерлігінің тамаша үлгісін көрсетуге шақырамын!
Біз тылда Қызыл жауынгерлерше тәртіп­тілікпен, ұйымшылдықпен партия мен үкіметтің  тапсырмаларын мүлтіксіз орындайық. Тәртіп­тілікті, ұйымшылдықты күшейте отырып, еңбек өнімділігін 2-3 есе арттырайық. Ержүрек Қызыл Армиямызға, гвардеецтерге тылда тынбай еңбек етіп, ауыл шаруашылық өнімдерін мол берейік. Олардың аман-есен болып, жауды талқандап, ауылға қайтуын тездетейік.
Көсеміміз Сталин жолдастың тарихи бұй­рығы бізді жеңіске шақырады. Бұл жеңісті шыңдау үшін бір кісідей жұмыла кірісейік! Жұ­мысты барлығымыз да гвардеецтерше істейік.
Жасасын әкеміз Сталин! Жасасын біздің гвардеец достар!
Тыныш, бейбіт күнде мұндай хат болмайды. Ал қиын-қыстау күндерде көп тірлікке мұрындық. Тіпті қарапайым жұрт білмей қалуы да мүмкін. Бірақ ол кезде мұндайды партия, комсомол ұйымдары, олар құрған үгітшілер топтары оған жол бермейді, тіпті әр түтінге бас сұғып, білгенін жеткізе алатын үгітшілер де бар. Осының ықпалы болар, Рахия Тұрарованың хаты ауданға кеңінен жайылды. Газет былай деп хабарлайды:
* «Будённый» колхозшылары Рахия Тұра­рованың хатын оқып, жұмысын күшейтуде. Тұ­қым толық дайындалды. 12 ат, 8 өгіз күтімге алынды. 8 арба, 10 соқа, 4 тырма, 5 сеялка ремонтталды. Әрбір бригадаға егіс жері бөліп берілді.
* «Ынталыда» Рахия Тұрарованың хаты талқыланып, нақты міндеттемелер алынды. 8 агитатор жұмыс істеуде. Олардың семинарлары айына үш рет өтеді. Нәтижесі – мақта жеріне 850 тонна көң, күл төгілді.
* Тұрарова Рахияның хаты еңбек өнімділігін арттырды. «Фрунзеде» күзде 4000 кг мақта терген коммунист Б.Алтынбекова кәзір жер айдап жүр. «Майдамталдан» Сейсенбекова, Айтжанова, Оңғарбаева, «Ворошиловтан» Омарова, Әметова, «Лениннен» перме бастығы Жібек Құрманбекова есімдері елге белгілі.
Газет жеке хабарлармен шектелмей, арнайы айдар да ашыпты. Енді сол айдармен жарық көрген хабарлардың кейбіреулерін көрсетейік.
«СК», 1943 ж. №№12–23.
* «Ынталының» звенолары мақталыққа 210 тонна көң жеткізді. Соның жартысына жуығын Шыныбаеваның звеносы тасыды. Колхозшы Тәжібанның бір өзі 10 тонна тасып, егістікке төкті.
* «Майдамтал» колхозшылары 1600, «Ынталы» – 1000, «Қаражон» – 920 килограмм астығын өз колхоздарының тұқым қорына берді. Бұл егіс көлемін ұлғайтуға сеп.
* «Ворошилов» колхозы 90 га мақталық жерге 2000 тонна көң төкті. Жаңадан 30 га жер аршып, көң төгуде. Бригадир Ахметова 30 га жерін тегіс өңдеп бітті. Тұрсыметова көң төгуді аяқтады. Тұқым қоры тегіс сортталды. Күш кө­лік түгел күтімге алынды, 24 соқа, 4 тырна, пос­тромкалар тегіс ремонтталды.
* МТС-та ремонт кезінде 8 агитатор, 15 саяси жетекші көпшілік жұмысын жүргізді. 14 бригада ремонт жұмысын 100% орындады.
* «Жамбыл» колхозының шопаны Битібаев Қалдан 375 қой-ешкіден 419 төл алды.
* «Фрунзе», «Қызыләскер» колхоздары тұқым себу үшін қосқа шықты. «Фрунзеде» 30 ат қос, 10 жер ағаш қосын шығарып, алғашқы күні 15 га жер айдады. Соның бір гектарын коммунист Алтынбекова тындырды. «Қызыләскер» – 10 га.
* «М.Горький» колхозы 36 га жер айдап, септі. Бұл жұмыста Қорғанбаева,  Ахметова, Сапарбекова, Ижанова күндік нормасын 150% орындап, үлгі көрсетті.
* Тракторшы Балғабаева бір тәулікте 2 га орнына 15 гектар жер жыртты.
* «Андреев» алғашқы күні 18 қос шығарып, 10 га жер айдап, тұқым септі.
* «Майдамтал» 70 га бидай, 22 га арпа егісін 5 жұмыс күні ішінде бітірді. Соқашы комсомолец Сейітбек Төлембаев 1,6, Төлепов, Шегебаев 1,5 га жер айдады. Мақталыққа 3290 тонна көң төгілді.
* «Ынталы» 58,5 га бидай, 13 га арпа планын 5 жұмыс күні ішінде сапалы бітірді. Мақталыққа 1600 тонна көң төгілді.
* «Қаражон» 67 га дәнді егісті 4 жұмыс күні ішінде бітірді.
* «Қызыләскер» 4 күнде 82 га арпа, 80 га бидай екті. Соқашылар Тұрсынбаев, Исраилова күніне 1 га жер айдап, 500 сомнан сыйлық алды.
* «Құмайлықас» 135 гектар бидай, 27 га арпа егу планын толық орындап, 20 га бидай артық екті.
* Сауран ауылсоветіне қарасты колхоздар 167 га бидай, 56,5 арпа егісін 5-6 күн ішінде аяқтады.
* «Игілік» 93 га бидай, 13 га арпа егісін 6 жұмыс күні ішінде аяқтады.
* Аудан ақ егіс жоспарын 100% орындап, 69 гектарын артық септі.
* Жаудан азат етілген аудандар халқына жәрдем ретінде «Куйбышев» 2 га бидай екті, 2 мал берді, бұған колхозшылар үш мал қосты. «Игілік» 4 га арпа егіп, бір мал, колхозшылары 6 мал берді. «Абай» 2 га бидай екті, колхозшылар 8 мал қосты. «Үлгілі», «Ақтөбе» 6 га ақ егіс егіп, колхозшылары 13 мал тапсырды.

* * *
Жаңа жылдың жаңа айының 23-24-күндері аудан партия активінің жиналысы өтіп, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің Х пленумы туралы М.Пошанов баяндама жасаған. Мұндай жиындарда өткен жылды қортындылау міндет іспетті. Бірінші хатшы келтірген деректерге қарағанда облыс, керемет болмаса да, бірталай табыстарға жеткен секілді. Ал аудан ше? «Ауданымыз астық тапсырудың жоспарын келісімшарт бойынша 22330 центнер орнына 22638 ц тапсырып, 101,4% орындады, мал шаруашылығының мемлекеттік планын орындап, жемшөппен қамтамасыз етті, танк колоннасына 947 мың сом ақша жинап өткізді» дейді баяндамашы. Озаттар алдымен ауызға алынатын әдет бойынша мақтаның, астықтың, мемлекеттік мал шаруашылығының келісімшарт жоспарларын артығымен орындаған төрт шаруашылық – «Майдамтал», «Қызыләскер», «Фрунзе», «Ворошилов» колхоздары тілге тиек болған. Бірақ көптеген колхоздар төмен қараған. Бәрін тізіп жатпай-ақ қоялық, аудан келісмшарттық жоспар бойынша 33896 центнер мақта өткізу орнына тек 22638 центнер ғана тапсырған, жоспар 68% қана орындалған. Мұндай масқаралық аудан құрылғалы болмаған. Партиялық басшылықта кешірілмес кінә саналатын бұл «жетістікке» аудан М.Пошановтың арқасында қол жеткізген. Ауданға бақандай бір жыл басшылықтың зардабы осы.
Нақ осы жай аупарткомның 30 ноябрь-1 де­кабрь күндерінде өткен ХІІІ пленумында да атап өтіліп, келешектің қамын ойластыру жайы көбірек айтылған. Нақты мысал мынадай. Сол пленумда 5-декабрьден 15-мартқа дейін мақталыққа 35595 тонна көң, күл тасып, төгу графигі бекітілген. Содан 20-январьға дейін, яғни толық бір жарым ай ішінде тасылғаны 13400 тонна, яғни 37,7%. Минералдық тыңайтқыш тасып алу, құрал-сайман жөндеу, күш көлікті күтімге алу, тұқым тазалау – қысқасы бүкіл шаруа­шылық жұмыстың жайы әлгіндегі деңгеймен маңайлас. Мұның бәрі жалпы басшы­лықтың жайсыздығының айғағы. Ол айтарын ақылмен сіңі­ретін де, қолындағы шоқпары айқай болатын да басшылар бар заман. Бүкіл елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Ста­линнің өзі соғыс басталғаннан он күннен кейін елмен абайлап сөйлесуге көшкен, күні кешелері соңына шырақ алып түскен дінбасылардың өзін «бауырлар», «отандастар» деп атағанын ұқпаған, түсінбеген әпербақандар да болған. Нақ сондай жерде жұмыс та оңбаған, қоластындағыларының көбісі сондайларға еліктеген. Өйткені бақырып басқару оңай, есесіне нәтиже жоқтың қасы.
Осының сызы М.Пошановтың баяндама­сының «Кадр тәрбиелеп, өсіру туралы» бөлі­мінен де сезіледі. Аупарткомның номенклатура­сында (яғни соның бекітуіне жататын) 378 адам бар екен, 1942 жылы соның 218-і, яғни 60 пайызы ауыстырылыпты. Соғыс кезі, еріккеннің ермегі емес, 145 адам, яғни орын босатқандардың 66 пайызы әскерге шақырылған, 24-і тапсырылған жұмысты атқара алмаған, 8-і сотқа тартылған. Басшылық қызметке төменнен жоғарылатылғаны 137 адам (46-ы әйел). Солардың 25-і (әйел – 8) партия қызметіне, 31-і (әйел – 14) совет қызметіне, 9-ы (әйел – 3) шаруашылық органдарына жегілген, колхоз председательдері, перме бастықтары 69. Уақыт талабы деп заманға сілтейік.

***
Бізде бастық болған кісінің білетін жеріне де, білмейтін жеріне де араласа беретіні бар. Милиция бастығы Бадыровтың «колхоздарда ұрлық бар екенін» мақұл дейміз, ал шаруашылықты қалай жүргізуді үйретуін не демекпіз? Не НКВД бастығы Малаевтың  дәнді егісті артық егуге шақыруын қалай түсінеміз. Аудан егісін жоспарлағанда қанша жер бары, қанша су керектігі түгел ескеріледі. Ауданда егістің барлық түріне су керек. Соны білмей тұрып ақыл үйрету дегеніңіз тек күлкі шақырады.
Жылнамашыңыздың ерекше көңіл аударғаны обком уәкілі Бәкірованың екі ауыз сөзі: «Нашар істегендеріңіз госпоставканы әлі орындай алмай отырғандарыңыздан көрінеді. «Каганович» мектебіне ешкі, клубына есек қамап қойған». Міне, мәселе қайда!?
Жиналыс өтті, қарар қабылданды. Мәселенің бәрі жыл нәтижесінің қалай болмағында.

* * *
Көктем де келді. Майдангерлерге, азат етіл­ген аудандар халқына көмек жасалуда. Мем­лекеттің көмегі ше? Ол кезде ұйғарылған шаруаның тындырылуын тексеріп тұратын комиссиялар болған. Солардың бірі – майдангерлер отбасына көмектің жайын бақылайтын комиссия сәуірдің басында іс барысын тексерген. Көмек көрсету жөнінде 44 өтініш түскен екен. Солардың біреуі қанағаттандырылмапты. Басқалары жәрдем алатын болыпты. Олар 43 отбасы. Солардағы еңбекке жарамдылар небәрі 35, жарамсызы 140. Орта есеппен ай сайын 4300 сом беріледі. Жалпы алғанда әлгі 43 отбасыға 34801 сом 6 тиын жәрдем беріліпті. (Соларддың бірі біздің үй. Жәрдем аз ба, көп пе? 34 мың 801 сомды еңбекке жарамсыз 140 адамға ғана бөліп көріңіз. 249 сомнан келеді. Нақ сол 1943 жылдың қысының аяғында апамның базардан жылап келгені есімде қалыпты. «Бидайдың бір кіләсі 125 сом болыпты, кәйтіп күн көреміз? деп).
Сәуірдің 9-ында тағы бір комиссия-ме­ха­низаторлар даярлау, техника жөніндегі ау­дандық комиссия тексерісінің қортындысы шығарылған. Анықталғаны мынау. Шебер­хананың жарақтандырылуы жеткіліксіз бол­ған­дықтан (станоктар, автогенді және электрмен дәнекерлеу құралдары, қозғалтқыш агре­гаттар), тиісті техникалық басшылықтың жоқтығынан, тракторлар нашар жөнделген. Не істеу керек? Комиссия оның жолын былай ұсыныпты. Мақталық жер жыртылып болды, енді тракторлар пар айдауға кірісуге тиіс. Сондықтан қайта жөндеу 1-майға, күрделі жөндеу 10-майға бітірілсін. МТС директоры Омаров пен аға механик Мырзарайымовқа комбайндар мен культиваторларды 15-майға жөндеп бітіру ұсынылған. Жөн. Сол үшін не істеу керек? Ең бастысы МТС қажетті қосалқы бөлшектерді уақтылы ала алмайды. Соның салдарынан іс бөгеледі. Демек, облыстық жер бөлімінің көмегі керек. Оған өтініш дайындау Омаровқа, тракторлардың дұрыс жөнделуін қамтамасыз ету, бұл жұмысты 1-майға аяқтау Мырзарайымовқа тапсырылған. Тракторлар МТС қарауында, атқаратын жұмысы колхоздарда. Демек, тракторларды, басқа техниканы, құрал-саймандарды соларға дұрыс бөлу керек. Бұл іс Омаровқа тапсырылған. Басқа тапсырыс­тар да жауапты иесін тапқан. Сондай-ақ тракторшы мамандар ауадай қажет. Бұл мәселені шешу үшін жылдың екінші жартысында 40 адам оқитын курс ұйымдастыру белгіленген.
Бұл комиссияның төрағасы А.Оразбаева, мүшелері НКВД бастығы Малаев, аупарт­комның екінші хатшысы Абдулқасымов, МТС директоры Омаров, саяси бөлім бастығы Ахметов екен. Ендеше тапсырыстар орындалды, ұсыныстар іске асады деп сенеміз де.

* * *
Нақ сол сәуірдің 20-сына аудан шит себу жұмысын толық аяқтаған. Наурыз айының аяғына қарай ақ егіс жоспары да орындалғанын жазғамыз. Яғни көңіл көтеріңкі. Май мерекесі де жақындап қалған. Ауатком аудандық Құрмет тақтасына «Ақсары» (пред. Қуандықов, бастауыш партия ұйымының секретары Шәутібаев), «Майдамтал» (Мырзабаев, Тоқназарова), «Құ­майлықас» (Ережепов, Сейітбеков) «Андреев» (Абдрахманов, Саржанов) колхоздарын жаздырыпты.
Колхоздарды марапаттаған, әрине, орынды. Мәртебесі өседі. Жұмысқа ынтасы артады. Әсіресе басшылардың. Әйтсе де, жеке еңбеккерлерді әсте де естен шығаруға болмайды. Олар қатарластарына үлгі, өнеге. Және олар дәнді егісте де, мақта егісінде де оза шапқандар. Биікке көтерілгендер бақандай 19 адам. Бригадирлер, звено жетекшілері, кәдуілгі еңбеккерлер. «Фрунзе» колхозынан Мәдәлиева Әпиза, Алтынбекова Болған, Юсупова Розбике, Алтаев Әсілбек, Шержанова Раба, Айтқұлова Рәмет, Рүстемов Ақшора, Арынов Сәулебек, «Қызыләскерден» Юлдашев Сайып, Әбішова Мейірбан, Исрайылова Жәмила, Ташева Рахима, «Куйбышевтен» Гавриш Д.Ф., Мәуленова Тілеш, «Андревтен» Ешімова Топша, кәсіпшілік комбинатының директоры Досжанов, етікшісі Парманқұлов, көн илеу цехының шебері Бахчевников.
* * *
Жетістіктер мен кемістіктер үлкен жиындарда кеңінен айтылады. Мамырдың 29-30-ында аудандық партия активінің жиналысы өтіп, оған 78 адам қатысқан, күн тәртібі әдеттегідей: обкомның ХІ пленумының қортындылары және аудан партия ұйымдарының алдағы міндеттері. Баяндамашы – бірінші хатшы Құрманбеков. М.Пошанов бір жылдан сәл-ақ астам істеп, басқа ауданға ауыстырылған. Құрманбеков ауданның бесінші басшысы. 1941 жылдан ауданда бөлім меңгерушісі, кадр жөніндегі хатшы. Тіпті аудандық газетке жауапты редактор ретінде қол қойған кезі де болған.
Обком пленумында егіс көлемі ұлғайғанымен, бұл жұмысты облыс былтыр­ғыдан анағұрлым ерте бітіргені атап көрсетілген. Соның бірі Фрунзе ауданы дәнді егісті 5-6 жұмыс күні ішінде, мақта егісін жеті күнде аяқтаған. Әрине, бұған жұмыстың мейлінше жақсы ұйымдастырылуымен бірге көктемнің ертерек шығуы да көмектескені белгілі. Дегенмен, кемшілік болмады деу ағаттық. «Құсшы» колхозы 950 кг тұқымдық бидайды колхозшыларға үлестіріп беріп, әр гектарға 80-90 кг бидай тұқымын себу орнына 49,7 кг, арпа тұқымын 53 кг сепкен (Мұның, әрине, екі жақты себебі бар. Колхоз председателі Жүсіпов тұқымдық бидайды колхозшыларына үлестіргенде, мұны еріккеннен істеген жоқ. Сол кездегі ауыр халды бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Колхозшының талғажауы болмаса, ол тұқымды қалай сеппек? Бұл мәселенің бір қыры. Екіншісі – мемлекетке астық тапсыру жоспары, МТС-тың заттай ақысы, майданға тынымсыз көмек. Осылардың бәрі де орындалуға тиіс. Тұқымның нормадан тым аз себілуі болашақ өнімді азайту. Мұның салдары – мемлекеттік тапсырысты былай қойғанда, сол колхозшылардың еңбек ақысын төлеуге ештеңе қалмайды. Демек, олар тағы ашығады). Нақ осыны ескеріп аупартком бюросы колхоз председателінің босатылуы мәселесін талқылауды колхозшылардың жалпы жиналысына, қылмыстық істің тексерілуін заң орындарына ұсынған. 
Кемшілік атаулы жалғыз жүрмейді. Дәнді егіс жерін айдауды, тұқым себуді ұзаққа созып жіберген, бұл жұмыстарды сапасыз атқарған колхоздар да бар. Осы мәселелер аупарткомның ХІV пленумында егжей-тегжейлі сөз болғандықтан, Құрманбеков оны көйіте бермей, бүкіл ауданға ортақ кемістіктерге назар аударыпты. Агротехника бұл өңірде егістің 3-4 рет суарылуын, 2-3 рет арам шөптен тазартылуын талап етеді. Ал нақты іс қалай? Аудандағы дәнді егіс көлемі 7767 гектар, соның 6544-і бір рет, 4923-і екі 1809-ы үш рет, тұқымдықтың 430 гектары бір рет, 429-ы екі рет қана суарылған. «Кагановичте» 148 га, «М.Горькийде» 101 га, «Құмайлықаста» 99 га дәнді егіс бір рет те суарылмаған. Арам шөптен мүлдем тазартылмаған егіс көлемі мұнан да көп. Осының бәрі өнімді азайтады егіс жоспары орындалғанымен, мемлекетке астық аз тапсырылады, еңбеккүнге төленетін ақы төмендейді.
Аудан құрылғанға дейін оның аумағындағы басты тірлік мал шаруашылығы болса, құрылғаннан кейін онымен қатар мақта өсіру де ұлғая түскен. 1943 жылы оның көлемі 1700 гектарға жетіпті. Шит себу, жоғарыда айтқанымыздай, жылдам аяқталған. Рапорт бергенге жақсы. Бірақ түпкі нәтиже – өнім. Оның бірінші шарты – шиттің түгел көктеп шығуы. Жаман емес деуге болады – 1528 га жерде түгел көктеген. Өніп шығу – 106 гектарда 75%, 23 гектарда 50%, 24 гектарда 25%, 18 гектарда 10% қана. Демек, өнім көлемі тағы да азаяды. Мақтаның түп санын түгелдеу ХІV пленумда айтылған. Бірақ соны тындыра алмаған шаруашылықтар әлі бар.
Мақта талай баптауды керексінетін дақыл екенін ілгеріде айтқанбыз. Соның алғашқысы – қара шабық. Мақталық әлі суарылмай тұрып атқарылады. Өйткені жыртылған жерде арам шөп шиттің өнуімен бір мезгілде шығады. Дер кезінде шаппасаң, кейін бой бермейді. Ерте егілген мақтаның ол шабығы да ерте бас­талады. Ауданның оны бастағанына біраз болған. Мамырдың соңына дейін 1234 гектар шабықталған, 466 гектарына әлі кетпен тимеген. Таратып айтсақ, «Крупскаяда» 90 га мақтаның 35-і ғана шабылған, әрі сапасы адам айтқысыз. Қара шабықта кетпеннің жүзі 16-17 см тереңдікке сіңуі тиіс, ал, мұнда көктеп шыққан отақ қана қырқыла берген. Тамырымен бірге қиылмаған соң, ертең-ақ қайта қаулайды.
Екінші кезек – қара шабық жасалған жерді іле суару. Оның графигі шаруашылықтарға мамырдың 16-сында беріліпті. Ал, көп кол­хоздың басшылары оған әлі кіріспепті. Сылтау – «мақта жас, әлі ерте». Мақта жегенелеуге, шыр­пуға, теруге қатыссам да, оның маманы емес мен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне төрелік бере алмаймын. Сондықтан баяндамада келтірілген фактыларға ғана жүгінемін. Әлгінде айтылған «Крупская» мамыр айында 65 гектар мақталықты суаруға тиіс екен, 80 гектар мақтасы түгел шөлдеп тұрыпты. «Кагановичте» 20, «Андреевте» 30 гектар мақта суарылмай жатса, «М.Горькийде» әлі бірде-бір гектары суарылмаған.
Мал шаруашылығының жайына көшкенде Құрманбеков табыстан емес, шығыннан бас­­тапты. Қаңтар-сәуір айларының ішінде 204 жылқы, 238 ірі қара, 3042 қой-ешкі, 80 шош­қа шығын болған. Соның ішінен 29 ат, 4 түйе, 107 қара мал, 500 қой-ешкі айта беретін жауапсыздықтан өлген. Нақ осы құбылыс «Шорнақтөбе», «Ынталы», «Будённый», «Қы­зыләскер», «Каганович», «Абай», «1-май», «Круп­ская», колхоздарында көп.
Түзетілуге тиіс кемістіктер басқа салаларда да жеткілікті. Пішен дайындауға «шөбіміз жас» деп көлденең сылтау табатындар, қора жөндеуге «уақыт бар ғой» деп қыжыртатындар да, қаржы жинауда «жылда жинап жүрміз ғой» деп қашқақтайтындар да бар. Баяндамада көп кемістіктер қамтылған. Бұрын орын алған қоқан-лоққының да ізі байқалмайды.
Ал, жарыссөзге қатысқандар не дейді?
Жер бөлімінің бастығы Ғұламов келтірген бір мысал көңіл аудартады. Колхоздардағы барлық жұмыс қолы 3030 адам. Содан 2040 адам ғана шығады. Үштен бірі. Неге дейсіз ғой? Еңбеккүн нақты, қолма-қол жазылмайды. «Ақсары» екі айдан бері жазбаған. Жазатын кім? Әрине, есепші. Ол дұрыс іріктелмейді, аудан жіберсе, колхоз алмайды. Тындырғаның қағазға күнделікті түспесе, кім жұмыс істемек? Колхоздағы жұмысқа ынтасыздық та содан балалаған. Колхозшы айлығы сағатына қарай жүріп тұратын кеңсе қызметкері емес қой.
«Құсшы» колхозының партия ұйымдасты­рушысы Тұрлыбаевтың «Екі гектар жерде шит өнбей жатыр. 70 гектар күздіктің өнгені 29 гектар ғана. Қыс алдындағы тоңдырма егіс шықпай қалған. 50 гектар жаздық бидайдың 12 гектары әупірімдеп су ішті. Тарының тұқымы таратылып жіберген екен, 12 га тарыға, 11 га жүгеріге тұқымды әрең таптық. Егізқарадан егуге райзо тапсырған екен, тұқым таба алмадық. «Майдамтал» арығынан су бермейді. Күш көлік тіпті аз – төрт өгіз, төрт ат, олар да арық, жауыр, мақта түбін бекітуге де жарамайды» деген сөзінен не аңғарар едіңіз? Дұрыс! Еңбекке ынталандыру шаралары тіпті қолданылмаған. Содан кейін – кәдуілгі жауапсыздық. Сонда колхоз бастығы етіп біреуді жіберген кім, тіпті жібермей-ақ, колхозшылар жиналысының қаулысын бекіткен кім? Аупарткомның бюросы. 

* * *
* Ауданымыздың колхоздары азат етілген аудандарға көмектесу үшін 86 га егін екті, 150 бас мал жинады.
* Майдангерлер семьясына жәрдем айлы­ғының қортындысы шығарылды. Оның барысында 14 сауын сиыр, 106 қой-ешкі, 10700 кг астық, 22 мың сом ақша, 80 метр мата, 18 фуфайка, 67 іш киім, 34 пар аяқ киім, 45 матрац, 90 табақ, 95 кір сабын, 95 иіс сабын, 2,5 кг шай, 120 арба отын таратылды.
* «Қаражон» колхозында Қарынбаев Қойшыбай 8 кило бидай, бір тоқты, Бегімбетов бір тоқты, Орынбеков Мақсат 400 сом ақша, 65 жастағы Мырзабайға сауын үшін 5 ешкі берді. Колхоз бойынша 5 ешкі, 8 метр мата, 3 дәке орамал жиналып, комиссия арқылы 20 семьяға бөліп берілді.
* Будённый орталау мектебінің коллективі сталинградтықтарға көмек ретінде 33 аяқ-табақ, қасық, тәрелке, 25 күрек, кетпен, балта, 28 байпақ, қолғап, 158 сиясауыт (дәуіт), қалам, конверт, небәрі 245 дана түрлі зат жинап, тапсырды. Зат әлі жиналып жатыр.
* Каганович бастауыш мектебі сталин­градтықтарға 20 кг бидай, түрлі 49 зат, 817 сом ақша берді.
* «Фрунзе» колхозшылары өз ішінде бір мал, 5 кг сарымай, 50 кг астық, 15 беторамал сыйлық жинады. Сонымен бірге 0,25 га темекі екпекші. Май мерекесі қарсаңында мұндай сыйлық барлық колхоздарда әзірленуде.
* «Құмайлықас» парторгы Сейітбеков жауынгер семьясы Артықбайға бір қой, екі пұт бидай, Тошановаға перме бастығы Нәлиев бір қой, екі пұт бидай берді.
* «Фрунзе», «Ленин», «Құмайлықас», «Ынталы» колхоздарының басшылары мен есепшілері колхозшылар еңбектерін бес күн сайын қорытып, қосымша ақы жазуды жақсы ұйымдастырды.
* Сауран ауылсоветінің сессиясы соғыс жерінен көшіп келгендерге және жауынгерлер семьяларына қамқорлық мәселесін қарап, нақты шаралар белгіледі. «1-май» колхозында депутат Бекболатов 4 мал, «Ленин» колхозында депутат Құрманбаева 3 мал, «Октябрь», «Шорнақтөбе» колхоздары 2 малдан берді.
* Аудан колхозшылары майдан жауын­герлеріне арнап 12000 сом ақша, 440 кило астық, 471 кило ет, 50 кило сарымай сыйлыққа жіберді. 3 га темекі егіп бермекші.

* * *
Жаз – шаруаның, диқанның шапқыны. Науқан дегеніңіз қабаттаса, қатарласа жүреді. Көп науқанның бірі – ақ егісті ору, бастыру, мемлекетке астық тапсыру барысы ауаткомның 13-шілдеде болған мәжілісінде қаралыпты. Жалпылама емес, нақтылап айтсақ «Андреев», «Абай», «Ворошилов», «1-май» колхоздарының басшылары Абдрахмановтың, Жұмабаевтың, Ә.Әбдірахмановтың, Дүйсенбаевтың және Қа­ра­жон, Шорнақ ауылсоветтерінің председа­тельдері Мырзадәулетов пен Ташметовтің есебі тыңдалған. Бірден көкейге оралатыны – көктем ерте шыққан-ды, ақ егіс төрт-бес күнде егіліп болған, демек, шаруашылықтардың дәнді тапсырып болып, басшыларының мұртынан күліп жүретін мезгілі емес пе шілденің ортасы.
Анықталғаны мынау. «Андреев» 296 га дәнді егістің 160 гектарын ғана орған, тап­сы­рылуға тиісті 449 центнер астықтың 242-сін ғана тапсырған, «Абай» 297 га егіннің 130 гектарын орып, 241 центнердің 194 центнерін, «Ворошилов» 283 га дәнді егістің 214-ін орып, 582 центнер астықтың 188 центнерін, «1-май» 199 га егіннің 96 гектарын орып, тиісті астықтың 95%-ін өткізген.
Қаражон ауылсоветі бойынша 909 га дәнді егіс бар. Соның үштен екісіндейі ғана орылып, 805 ц тапсырылған. Шорнақ ауылсоветіндегі 1017 га ақ егістің 670 гектары орылып, 632 центнер дән өткізілген. Байқасаңыз, тәп-тәуір өнім бар. Жоспарды орындау да проблема емес сияқты. Сондықтан шығар, ауатком бір-ақ сөйлемнен тұратын қаулы алыпты: бұрынғы шешім бойынша астық тапсыру жоспары 12-шілдеде орындалуға тиіс болатын, енді 15-шілдеде орындалып бітсін…
Қаралған тағы бір мәселені айтпауға болмас. Уақыттың қандай екенін біліп отырсыз. Атком сонда да болса Бабай аулынан ашылуға тиісті пионерлер лагерінде демалушылар санын 70 бала, олардың 50-і колхоздардан, 20-сы аудан орталығынан деп белгілеген. Әр айда 35 бала демалуға тиіс. Қызметкерлердің бір айлық жалақысы да белгіленген. 8 адам қызмет етуге тиісті, жалақылары 40 сомнан 200 сомға дейін.

* * *
«ҚК(б)П ОК-нің ІХ пленумының қаулысы және көсеміміз Сталин жолдасқа Қазақстан еңбекшілерінің жазған хатында алынған міндеттемелерді орындаудағы аудан партия ұйымының алдында тұрған кезекті міндеттер» – шілденің 27-сінде болған актив жиналысында қаралған мәселе тақырыбы осындай. Баяндаманы, әрине, Қ.Құрманбеков жасаған. Әдетте ол жетістікті де кемшілікті де жазбай танып, солардың бәрін орынды келтіреді. Сталинге жазылған хатта аудан дәнді егістің гектарынан 13 центнерден өнім аламыз деп уәде беріпті. Ал істің барысы қалай? Шілденің 15-іне дейін аудан күздігі бар, жаздығы бар 7438 гектар дәнді егісті түгел орып біткен. Орылып біткені мақұл-ақ. Бірақ оның қырманға жеткізілуі, бастырылуы, тазалануы, мемлекетке өткізілуі бар. 
Бүгінгідей оның бәрі комбайнмен, басқа да техника күшімен атқарылмайды, бәрі де қол күшімен, көлік күшімен тындырылады. Әлгі жұмыстардың созылып кететіні де сондықтан. Және бұл еңбекті ұйымдастыра білуге тікелей байланысты. «Ынталы» колхозы (председателі Әйтпембетов, партия ұйымының секретары Мырзадәулетов) жиырма жұмыс күні ішінде 260 гектар егінді орып, жинап, бастырып, түскен дәнді тазалап, мемлекетке міндетті төлемі бар, Қызыл Армия қорына өткізілетіні бар, МТС-қа заттай төлейтін ақысы бар – жиын-теріні 332 центнер астықты түгел төлеп құтыла алған.
Нақ сол мерзім ішінде «Ленин» колхозы (Дүйсенбаев, Ерімбетова) 270, «Игілік» 238, «Каганович» 330, «Ақсары» 430 гектар, жалпы ауданның 20 колхозы егінін жинап алып, барлық міндеттерінен құтыла алған. Аудан еңбекшілері Сталинге берген уәдесін іс жүзінде орындап шыққан. Демек, аудан диқандары маңдай терін бір сүртіп тастап, айналасындағы жұрт жүзіне ұялмай қарай алатын болған.
Сөйте тұра кемшіліктер де жетерлік екен. «Крупская» колхозы (Елтаев, Мәткәрімова) ораққа уақтылы дайындықсыз кіріскен, қашан егіні пісіп, ору тықыры таянғанша колхозшылардан орақ, айыр, қап, жіп сұрап, жинап жүрген. Орылған егінді тез қырманға тасып алу, бастыру, тазалау, сөйтіп мемлекетке тапсыру ісінде олқылықтар ойып орын алған. Астық бастыруда тұяқ керек кезі ғой, пермеден әкелінген баспақ, тай-құлынды Елтаев «оны іске қосатын адам жоқ» деген сылтаумен қайтарып жіберген. Ораққа бөлінуге тиісті адамдар түгел қамтылмаған, көпшілігі күндік нормасын орындамаған. Салдар – актив жиналысы өтіп жатқан күнге дейін 306 гектар дәнді егістің 197 гектары ғана орылған, әрі әр гектарда кем дегенде 2-3 центнер астық ысырап болған. Мемлекетке және Қызыл Армия қорына 590 центнер астық тапсырылуға тиіс болса, соның жартысын ғана өткізген. Орақтағы олқылық бүгіннің туындысы емес, өткеннің өрмегі. Жер айдалғанда малаланбаған, арам шөптен арылтылмаған, сол арам шөп комбайнның жүруіне де мүмкіндік бермеген. 
«Қызыләскер» колхозы аудан орталығынан таяқ тастам жерде. Жұмыс қолы да, күш көлік те жеткілікті. Дәнді егісі – 564 гектар. Ораққа да ертерек, 17-июньде кіріскен. Ал, 38 күнде орылғаны 302 гектар. Сталин жолдасқа жазылған хатта орақты 25 күнде аяқтауға уәде берілген. Уәденің «бос сөз – боқ сөз» күйінде қалғаны, колхоздың өзі жасаған жоспарын өзінің орындамауынан. Ораққа күніне 100 адам қатыстырылып, 22,5 гектар орып отыруға тиісті екен, іс жүзінде қатысқаны 58, күнделікті тапсырма 45% қана орындалып отырған.

 (Жалғасы бар. Басы өткен сандарда)

 

Алдыңғы «
Келесі »