Ән мәтіндеріндегі қателікті кім түзейді?

  • 03.04.2015
  • 5279 рет оқылды
  • 2

Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ,
журналист

Біз бесікте жатып ана әлдиімен өскен халықпыз. Қазақ түзде ат үстінде, үйде ошақ басында ыңылдап ән салады. Ән – қазақтың алпыс екі тамырына сіңген өнер. «Әу де­мейтін қазақ жоқ» деген тіркес содан қалса керек. «Әу» дегеннің бәрі әнші емес, әрине. Алайда, әуелеп ән салған Әсеттің інілері мен, Күләштің сіңлілерінің бүгінгі хәлі қандай? Сахна мәдениеті, киім кию әдебі, сөз сөйлеу шешендігі өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінгі тақырып – халық ұйып тыңдайтын хит әндердің мәтіндері турасында.

«Мария Магдалинаның кім екенін білген жоқпын»
Той-томалақтың сәні болған ақтөбелік Асхат Тарғыновтың «Мария, арман едің» әні ә дегеннен тойшыл халықтың көңілінен шықты. Алғашында «Мария Магдалина» деп жұлынып билеген ел де, жұлқынып ән саған әнші де, мәтінге назар аудармаса керек. Ал, кейін:
– Бұл ән елге таралып, хит бола бас­таған кезде, журналистер тарапынан әннің атына байланысты көп сын айтылды. Шынымды айтайын, Мария Магдалинаның кім екенін білген жоқпын. Ита­лиянша нұсқасында осылай айтылатын болған соң, «чип-чип-чип» және «Мария Магдалина» деген сөздерін өзгеріссіз қалдырып едік. Қазір «Мария, арман едің» деп ән мәтініне өзгерту енгіздік. Ал, «чип-чип-чип» деген сөз әннің ұтымды тұсы сияқты, – деп ағынан жарылды әнші.
Тойдың көрігін арттырған бұл ән бүгінде концертте де, телеэкранда да, тіпті, шағын телебағдарламаларда да орындалатын болды. Бұл туралы Асхат:
– Мені концертке немесе сұхбатқа ша­қыр­ған кезде «Мария, арман едің» әніңізді орын­даңызшы деп шақырады. Мен, әрине, бұл әнді негізінен тойға арнап жаздырғанмын.
Жеңіл әннің мәтіні де жеңіл, мазмұны да мардымсыз. Мәдениеттің бастау көзі телеэкранды жаулаған ән үшін енді кімді кінәлайсыз? Той бизнестен тартып әкеп шоу бизнеске қосқан өзіміз болып шықтық, – дейді.

Әнші ақынжанды болмаса…
18 жасында  қазақ сахнасында жарқ етіп жанып, үлкен-кішінің жүрегін бірдей жаулаған, әлі күнге дейін ел сүйсініп тың­дайтын жарық жұлдыз Қайрат Нұр­тастың репертуарындағы санап алуға саусақ жет­пейтін көп әннің ішінде де, ұйқас пен ыр­ғақтан жұрдай, сөз мағынасын жоғалт­қандары баршылық. Қайбір жылы хит болып жүректерді ауыртқан «Ауырмайды жүрек» әнінен бастайық. Бірінші шумағында:
«Көздеріңе көзім байланғанда,
Жүрек тулап оттай жанғаны-ай», – деп келетін тармақ бар. Біріншіден, қазақ еш уақытта көздерің деп айтпайды. Көз екеу болғанмен, көптік мағына бере алмайды. Ұлы Абай «Көзімнің қарасы» әнінде «Көздерімнің қарасы» демеген ғой. Халық қазынасындағы «Көзіңнің мөлдірін-ай» деген әнде де көз көпше түрде қолданылмайды. Екіншіден,өзіңіз ойлаңызшы, көзге көз байлана ма екен? Көз бен көз түйіседі, көз бен көз ұғысады, алайда, «көзіңе көзім байланып қалды» дегенді қай қазақтан естідіңіз?
«Неге ғана маған кездестің сен, ғашық болдым қалай аңдамай?..»
Адам аңдап басып, аңдап сөйлейтін шығар, бірақ, аңдап ғашық болмайтыны белгілі ғой.
Жалындаған сол бір жаздың әнін, 
    күз нөсері енді жалғасын, 
Ауырады жүрек, ауырады, ауырады                        жүрек болғасын 
Біздей емес ол жақ жылы дей ме,          самғай бер қанатың талмасын,
Жылатасың-дағы жұбатасың, 
          әрбір сөзің батқан қорғасын.
Бұл шумақтағы жолдар бір бірімен мүлде байланыспайды. Төртеуі төрт жаққа тартады. «Біздей емес» қай жақтың жылы екендігі тағы белгісіз. Сөз қадірін білетін, айтыстың ақтаңгері Олжас Отардың халықтың ән қоржынына қосылар бір әніне неге осынша жеңіл-желпі қараға­нына таңданбасқа болмайды.
Қайраттың тағы бір хит әні «Сұранамын­ның» сөзін сөзін талқылап, талдап жатуға обал. Бір жүйелі сөз, орамды ой тапсақ, бұйыр­масын. Кімнен, нені, қалай, не үшін, не деп сұрап жатқанын өзіңіз түсініп алыңыз.
Өз айтуы бойынша «жүрекпен орындайтын әндерін» Қайрат «жүректен өткізіп таңдап алады» екен. Ал, композитор Алтынбек Қоразбаев әншілердің талғамсыздығын «ақынжанды еместігінен» дейді.

Қаракөздің намысын жыққан

2014 жылдың хитіне айналған тағы бір ән «Мені ұмыт» деп аталады. Елге есімі әлі таныла қоймаған Жангелді Бағдат деген жас әншінің осы бір әнін тыңдап отырып, «күліп хат жазатын», «күнде де, түнде де, іздейтін», «басқа жанға қимай, қызғанып, қиналатын» қызды кереметтей аядық:
Мені ұмыт, бар айтарым сол ғана,
Маған хаттар жолдама.
Бағымды енді байлама,
Мені ұмыт тек жай ғана.
Жоқ!
Күнде де, түнде де іздеме, ойлама! – не деген ауыр үкім?! Қыз айтса қиылып, назы дер едік. Ер жігіттің мұнысын неге жоритынымызды білмей қалдық.
Қаракөз қыздардың жүрегін жаралап жүрген бір бұл жігіт емес. Топ жарып, танылып келе жатқан Төреғали да:
Үздікпе, іздеме де,
Өтпейді ол мұз денеге.
Естай мен Қорландардай,
Жан ба едік біз немене?
Көңіліңді қалдырған күз,
Бір күні сый береді.
Өзгеше тағдырлармыз,
Өтінем, сүйме мені – деп бір қарын­дасынан өлеңдетіп өтініпті «Ғашық болма» атты әнінде. Жас қой деп Жангелдіні ке­шірдік. Ал, жаны жұмсақ ақын бауырымыз арудың ары аяқтың астында емес, ең-ең биікте тұратынын, ал, оны ардақтап, аялайтын өзі сияқты азаматтар екендігін Төреғали білмеді ме екен деген сұрақ туындады:
– Мен «Ғашықпын» деп тұрған жоқ­пын ғой, «Ғашық болма» дедім. «Сені сүйемін, сен үшін отқа күйемін» деп жатқан жоқпын. Мысалы, «Бол жанымда» деген әнім бар. «Жанымда болшы» дей салады, жолдас баласына айтқан сияқты. Немесе, «Сүй, жаным». «Сүйемін» емес, «Сүй, жаным» дейді. Бұл жерде жігіт орысша айтқанда «под коблук» емес. Қазақша Мұхтар Шаханов ағамызша айтсақ – «туфли жалағыш» емес. Ер адам әйел адамнан бір саты жоғары тұрады. Менің ұстанған позициям сондай.

«Ізін көремнің» ізі қала ма?

Күні кеше түркі халықтары арасында өткен «Turkvizyon» ән байқауында Жанар Дұғаловаға мәртебесін көтерген «Ізін көрем» әні халыққа тез тарады. Бұл ән ту­ралы тыңдарман пікірі екіге жарылады. Байқауға ән таңдағанда сөзіне емес, әуеніне көбірек көңіл бөлгенін бірден байқайсыз. Бірнеше тілге аударылған мәтінде қатеден көз сүрінеді. Ұйқас үшін немесе буын санын жеткізу үшін артық сөзді көп қолданған. Мәселен:
Тарау, тарау тарих боп,
Сөйледі сонау ғасырдан бабаларым.
Қол созып аспанға, айналып дастанға,
Естілгендей маған.
Бұл шумақтан «бабалардың дастанға айналып, тарих болып сөйлегенін» ұқтық. Ал, «аспанға қол созған» кім? Бабалар ма? Орындаушы ма? Тарих па?
Сезем, білем, көремін бәрін де,
Бұрын-соңды бұны қалай 
            байқа­ма­дым?
Жырым, сырым, құбылған әнімді
Қайта-қайта таңырқадым, 
            қайтала­дым.
Нені біліп, нені сезіп, нені көргенін өзде­рінен басқа ешкім түсінбегеніне бәс тіге аламыз. Ауызекі тілде қолданылатын «бұрын-соңды», «біздерге» (дұрысы – бізге), «болар» деген сынды «жабайы» сөздер көп кездеседі. Бұл өлеңді қазақтың қалаулы ұлы, арда азаматы, ақын Ринат Зайытов жазды дегенге сенгіміз келмейді.
Дүбірлі додаға үкілеп алып барған әні­міздің сиқына қарап, түркі тілдес ағайын­ның арасында «сөзге шешен халық» деген атағымыздан ұят болған жоқ па деген ойға келгеніміз рас. Әрине, қазақ тілін түсінбейтін өзге ұлттар үшін «талай, талай», «тарау,тарау» немесе «діріл-дірілдейді» деген қайталанба сөздері әдемі ұйқасып-ақ тұр. Дегенмен, тарих беттерінде ізін қалдырмақшы осы бір ән, сөзге тоқтаған халықтың ән қоржынында сақталуға лайықты ма?

48 рет қайталанатын ән

Мені сүйгенің,
От боп күйгенің,
Сүйем дегенің – деп әндетеді «Ағайын­дылар» тобы. Бұл жастар сүйіп тыңдап жүрген «Рас па» деген туынды. Әншілер «рас па» деген бір ауыз сөзді бір әнде тұп-тура 48 рет қайталап, әннің де, махаббаттың да қадірін қашырады. Ринат Гайсиннің әнінде «Ойлай берме мені» деген сөз 27 рет айтылады екен деп жағамызды ұстап едік. Ал, өткен жылдары бүкіл елді билеткен «Қызыл өрікте» тақырыпқа арқау болған сөз 32 рет қайталанады. Әншілер құдды бір сөз қайталаудан жарысып, рекорд жаңғыртып жатқандай.

Сөз қадірі – өз қадірің
Біз мысал етіп алған әндер жастар сүйіп тыңдайтын, танымал туындылар. Киелі сахнада орындалып жүрген, бірақ, ұйқас пен мағынадан жұрдай, айтуға ауыз, тыңдауға құлақ ауыратын кейбір ән мәтіндері бар:
Таба алмайсың, іздеп таба                     алмайсың,
Сүйе алмайды сені ешкім мендей, 
            сүйе алмайды.
Мүмкін менен мың есе артығын 
            таба  аларсың,
Бірақ мендей таба алмайсың, таба                 алмай­сың.
(«Таба алмайсың» әні. Орындайтын: Әлішер Кәрімов. Сөзі: Құрманай Бақтияр­қызы)
***
Ал мен болсам сені жүрегіме 
            сақтап алдым,
Өмірімнен артық көремін 
                       сені ардағым.
Алыстама, жаным, сүйемін 
                      сені, аңсаймын,
Деген сөздеріңді ұмыта алмай, 
                      есте әрдайым.
Қайталап айтам,
Сұранамын, Жаратқанымнан,
Сүйгенім сақта, сақта, әрдайым.
(«Сұранамын» әні. Орындайтын: Қайрат Нұртас. Сөзі: Қуаныш Жаман­құлов).

***
Қолым жетпей сенің шашыңа,
Шаштарыңның иісін сағындым.
Күлімсіреп тұрып қасымда,
Еркелегеніңді сағындым.
(«Ұмыта алмаймын» әні. Сөзін жазған және орындайтын: Асан Пердеш).

***
Мен жоқта біреу сенің,
Жүрегіңді жаралаған.
Мен жоқта біреу сенің,
Бар ойыңды мазалаған.
Сенсіз өмір сүру маған,
Өте ауыр және қиын.
(«Айтшы, жаным» әні. Орындайтын: Алтынбек Тәшімбетов. Көше әні).
Қайсы бірін түгендеп жатайық, атқа мінерің де, кесте тігерің де жылайды ма­хаб­бат деп.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса, 
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса. 
Таста да етігіңді байпақшаң кел, 
Көрейін өз сорымнан ұстап алса 
                   (Халық әні «Жиырма бес»).
Қараңызшы, қандай әдемі? Бір шу­маққа сырлы сезімді де, астарлы әзілді де, аздаған өкінішін де сыйдыра алған.
Ән деген мәтінін музыкасынан бөліп алсаң да, өз ырғағын, әсемдігін жоймай тұрса ғана ән емес пе? «Өзіне орайлы, ұйқасты өлең сөзі» бар ән «құлақ­тан кіріп, бойды алмай» ма? «Әнге өл­шеп» айтылған өлең әннің «естісі» еді ғой, шіркін? Ал, біздің әніміздің түрі жоға­рыдағыдай болса, біздің құлақтың обалы кімге?

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Мына “талдаусымақтың” соңына дейін оқуға дәтім шыдамады. “сыншымыз” асыра сілтеп кеткен сияқты. “Көз көзге байланушы ма еді№” – дегені тіпті күлкімді келтірді. Саяттың орындауындағы Жекен Омаровтың бір тамаша әні бар еді ғой. Ұмытпасам, сөзін Бекарыс Шойбеков жазған.
    “Еркесі еркін даланың
    Байлаулы саған жанарым
    Көңілді бұзған қамалын
    Жамалымсың”
    Тамаша ғой! Сөз астарын түсінбеген соң, тырнақ астынан кір іздеп не керек? Бақасын айтпай-ақ қояйын.

  2. Қарлыға өте дұрыс айтқан. Қазіргі әннің көбінің мағынасы жоқ! мен қосылам!

Пікірлерге тыйым салынады.