Құқықтық мемлекет және адамның құқықтары

  • 28.04.2012
  • 16188 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бекболат Әшірбеков,
магистрант

Адамның азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды мәселе. Жалпы адам құқығы жеке тұлғаға нақты бостандықтар мен әлеуметтік игіліктерге кепілдік беретін саяси қатынастар жүйесінде бекітілген ережелер мен принциптер жиынтығы. Адам құқығын қорғау ұлттық құқықтық тәртіптің маңызды міндеттерінің бірі. Ең алғаш адам құқығы АҚШ конституциясы мен «Адам мен азамат құқығы туралы» Француз Декларациясында заңдастырылды. Бүгінгі күні адам құқықтары БҰҰ-ның негізгі бес құқықтық құжаттарында анықталып, оларға кепілдік берілген. Олар: «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» (1948 ж.), «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Пакт» (1966 ж.), «Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пакт» (1966 ж.) және соңғысына қарасты екі факультативті хаттама.
Жоғарыда көрсетілген халықаралық құжаттар адамның құқықтары мен бостандықтарының нақты бір мемлекет еркіне байланысты емес екендігін көрсетеді. Адам құқығын кең мағынада екі жақты қарастыруымызға болады: теріс (негативті) және оң (позитивті). Бірінші топтағы құқық пен бостандықтар мемлекет пен басқа адамдардың тұлғаның жеке ісіне араласуына мүмкіндік бермеуге бағытталған, яғни жеке тұлғаның индивидтік бостандығының негізін құрайды. Бірінші топтағы құқықтар мен бостандықтар мемлекеттен қандай да бір ресурс­тарды, күштерді жұмсауды қажет етпейді. Бұл жердегі ең басты талап жеке тұлғаның ісі мен мүддесіне кедергі жасамау, оған араласпау. Мұндай құқықтар қатарына адамның либералдық құқықтарының барлығын жатқызуымызға болады. Позитивті құқтарға келер болсақ, олар мемлекеттің жеке тұлғаға қандай да бір нақты әлеуметтік игіліктерді беру жауапкершілігіне негізделеді. Бұл жағдайда құқықтар кепілдігі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен тәуелді.
Егер мазмұндық тұрғыдан қарастыратын болсақ, онда адам құқықтары мен бостан­дықтары азаматтық, саяси, әлеуметтік-экономи­калық, мәдени және экологиялық деп жіктеледі. Азаматтық құқық бұл адамға жаратылысынан берілетін құқықтар. Кез келген мемлекет бұл құқықтарды тәуелсіз және ашық сот, тұрғын үйге қол сұқпау, еркін жүріп тұру, тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуды заңмен бекіту арқылы қамтамасыз етеді.
Ал саяси құқықтар азаматтардың қоғам мен мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығын қамтамасыз етеді. Бұл қатардағы құқтарға сөз еркіндігі, ар-ұждан еркіндігі, ақпарат алу құқы, сайлау және сайлану құқы, бірлестіктерге бірігу құқы жатады. Әлеуметтік-экономикалық құқтар бұл азаматтардың материалдық ресурстарды өндіру, алмасу мен пайдалану сала­сындағы мүмкіндіктері мен құқықтары.
Адам құқықтары қоғам мен мемлекет дамуындағы негізгі бағыттарды айқындайды. Әрі этатистік мемлекеттің құқықтық мемлекет ретінде дамуының басты факторы болып табылады. Адамның азаматтық құқықтары мен бостандықтары мемлекет өміріне дербес тұлға ретінде ену құқын білдіреді. Сонымен бірге, адам қалыптасқан саяси-құқықтық институттар мен тиімді механизмдер арқылы өзін-өзі таныту мен мемлекет пен қоғам өміріне қатыс алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Мемлекеттік заң ережелері адам құқық­тарын бұзбауы қажет. Адамның құқықтары мен бостандықтары жалпы мәні бар қажеттіліктер ретінде мемлекет, оның институттарымен қам­та­масыз етілуі тиіс. Ал азаматтар өз кезегінде билікке саяси партиялар, қозғалыстар мен қы­сым көрсетуші топтарды құру арқылы өз мүд­делері мен қажеттіліктерін білдіріп отырады.
Қазақстан өзін құқықтық мемлекет ретінде жариялай отырып адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Яғни, мемлекет пен адам қарым-қатынасы мәселесінде адам мен оның құқығы пайдасына шешілуі тиіс. Себебі, Қазақстан Республикасының Кон­сти­туциясында адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп жарияланған.
Азаматтық құқық жеке тұлғаның азаматтық қоғам мүшесі ретінде оның бостандығы мен дербестігін қамтамасыз етуді білдіреді. Кон­ституцияға сәйкес мойындалып, әрі оған кепілдік беріледі. Кеңестік жүйемен салыс­тырғанда тәуелсіз Қазақстан Конституциясында адамның құқығы мен бостандығы орталық ұғымдарға айналды. Біздің ата заңымыздың екінші бөлімі толығымен адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарына арналған. Қазақстан Конституциясында адам құқығы тұ­жырымының негізі қаланған.
Ата Заңымызда адамның келесі негізгі құқықтары мен бостандықтары жарияланған: әркімнің өмір сүруге құқығы бар, әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар; заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең; ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, бас­қадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қаси­етін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жа­залауға болмайды; адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды; әркімнің жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмайды, абы­ройы мен ар-намысының қорғалу құқығы т.б.
Әркімнің өмір сүруге құқығы басқадай құқықтар мен бостандықтардың негізін құ­райды. Әлемдік өркениеттегі ең басты құн­дылық деуімізге негіз бар, себебі адам қа­за болған жағдайда басқадай құқықтар өз­дерінің мәні мен мағынасын жояды. Сон­дықтан мақсатымыз құқықтық мемлекет құру болғандықтан 2003 ж. 17 желтоқсанында қа­былданған «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Президент Жарлығының маңызы зор. Бұл жарлық елі­міздегі құқықтық саясат тұжырымында қарастырылған қылмыстық заңнаманы гума­низа­циялауды жүзеге асыруға бағытталған.
Дегенмен, Конституция бойынша адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мойындалғанмен, олар кейбір жағдайларда іс-жүзінде орындалмай отыр. Мәселен, Конс­титуцияның 21 бабына сәйкес әрбір адам ер­кін-жүріп тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдауға құқылы. Бірақ, заңдық шектеудің болмауына қарамастан, тәжірибеде ішкі істер органдарының қызметкерлерімен азаматтардың еркін-жүріп тұру құқығын шектеу жиі кездеседі. Азаматтарды заңсыз ұстау және оларды ішкі істер органдарына алып келу фактілері жиі кездеседі. Полиция қызметкерлері мұны тергеу істеріне дәлелдер табу мақсатында қолданады. Сонымен бірге азаматтардың кон­сти­туциялық құқықтары тергеу барысында да бұзылуы жиі кездеседі. Тіптен, тергеудің рұқ­сат етілмеген азаптау құралдарын қолдану да жиі кездесетін жәйт.
Конституциямыздың 22 бабына сәйкес әр­кім­нің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Қандай дінді қалау немесе қаламау әрбір азаматтың жеке ісі, сондықтан мемлекет оған араласпайды. Мұның дәлелі бүгінгі күні Қазақстанда 40-тан аса конфессиялар қатар өмір сүруде. Ал ар-ождан және діни-нанымды таңдау құқығына кедергі келтіру қылмыстық Кодекспен жазаланады.
Саяси құқықтар мен бостандықтар азамат­тың субъективті құқықтары мен бостан­дықтарының маңызды бөлігі. Олар тек азамат­тарға қатысты айтылады, яғни саяси құқықтарға ие болу адамның нақты бір мемлекет азаматы болуына байланысты. Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси құқықтарын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың орындап отыруына Қазақстан Конституциясында және басқа заң актілерінде кепілдік берілген.
Енді Қазақстан азаматтарының саяси құ­қық­тары мен бостандықтарына келетін болсақ, онда олардың қатарында азаматтардың бірлесу бостандығын, бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен шерулер өткізуге құқығын, сайлауға және сайлануға құқығын, жеке және ұжымдық өтініштер жолдау құқығын айтуымызға болады.
Сонымен бірге, азаматтардың саяси құ­қық­тары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде Қазақстанның халықаралық құжаттарды бекітіп мойындауы да маңызды. 1999 жылдан Қазақстан азаматтарының саяси құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету жаңа деңгейге кө­терілді. Бұл Қазақстанның халықаралық конвенцияларды мойындай бастауымен байланыс­ты.
Конституцияның 23 бабына сәйкес Қа­зақстан азаматтары бірлесу бостандығына құқылы. Яғни ортақ мүддеге негізделген қоғам­дық бірлестіктер құру арқылы азаматтарға ұйымдасқан түрде өз құқықтары мен бос­тандықтарын жүзеге асыру құқы берілген. Қо­ғамдық бірлестіктердің қызметі қосымша «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдармен реттеледі. Бұл құқық тек әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен соттарға қатысты шектеулі, олар партияларда, кәсіптік одақтарда мүшелік ете алмайды. Конституцияның 5 бабына сәйкес идеологиялық және саяси сан-алуандылықтың мойындалуы Қазақстан азаматтарының бірлесу бостандығын жүзеге асыруға толық мүмкіндік беруде. Саяси партиялардың құқықтық мәрте­бесі түбірімен өзгерді, енді саяси партиялар қоғамдық бірлестіктердің бір түрі ретінде қа­растырылады
Азаматтардың саяси құқықтары мен бос­тандықтарын жүзеге асырудың тағы бір жолы бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар бостандығына кепілдіктің берілуі. Бірақ шеру, демонстрациялар, митингілерді өткізу мақсатында жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу процедурасы, біздің ойымызша, оны ұйымдастырушылар үшін белгілі бір деңгейде кедергілер туындатады. Заңдағы митингілер мен жиналыстар өткізуге рұқсат алу азаматтарға өз құқықтарын еркін жүзеге асыруға кедергі келтіреді.
Конституциядағы сайлау құқы ел азамат­тарының сайлауларға өз еркімен және ашық қатынасуына кепілдік береді. Қазақстан Рес­пуб­ликасының конституциялық заңына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау негізінде Президент, мәжіліс және мәслихат депутаттары сайланады. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады.
Азаматтардың сайлау құқы Конституциямен, «Сайлау құқы туралы» Конституциялық заңмен қамтамасыз етіледі. Қазақстан азаматтары тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағ­дайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, ті­лі­не, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғы­лықты жеріне қарамастан сайлауда дауыс беруге құқығы бар. Бұл сайлау құқын жүзеге асыруда барлық азаматтардың теңдігін қамта­масыз етеді. Он сегізге толған әрбір азамат Рес­публика Президентін, Парламент Мәжі­лісі мен мәслихаттарының депутаттарын сай­лауға қатынасуға құқылы. Сонымен бірге Қазақстан азаматтарының сайлауға қатынасу құқысымен қатар сайлану, яғни өз кандидатурасын Республика Президенттігіне, Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің, соның ішінде партиялық тізімдер бойынша, мәслихаттардың депутаттығына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде ұсынуға құқылы.
Конституция бойынша сөз бен шығар­машылық еркіндікке кепілдіктің берілуі, еркін ақпарат ала алуы мен оны тарату құқысының болуы әрбір азаматтың өз ойын еркін жеткізуге, білдіруге жағдай жасайды. Сонымен бірге, Конституцияның 20 бабының 3 тараушасына сәйкес республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді. Кез келген дамыған демократиялық, құқықтық мемлекет өз азаматтарының құқықтық қор­ғалуын қамтамасыз етуге тиіс. Құқықтық қорғау адамның құқықтарын жүзеге асыру болып табылады. Яғни, бұл адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың қызметі. Адамның азаматтық құ­қықтары мен бостандықтарын қорғау тәсіліне сүйене отырып, оны қамтамасыз ету барысында 4 топты көрсетуімізге болады: 1) мемлекеттік қорғау; 2) соттық қорғау; 3) мемлекеттік емес қорғау (құқық қорғау ұйымдары мен адвокат институты); 4) өзін-өзі қорғау.
Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері Қа­зақстанда да жоғарыда көрсетілген құқық қор­ғау тәсілдеріне сәйкес адамның құқығы мен бостандықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі құрылды. Олар Президент, Парламент, Конституциялық кеңес, атқарушы билік органдары, прокуратура органдары, құқық қорғау органдары сияқты мемлекеттік органдар; ең басты құқық қорғау институты ретінде сот; адвокат институты; қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес құқықтық ұйымдар.
Азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуде халық пен халықаралық қауымдастық алдында жауапты мемлекет болып табылады. Сондықтан, құқықты қамтамасыз ету жүйесіне мемлекеттік органдар жүйесі сәйкес келуі керек. Яғни, олар осы саладағы қызметті жоғары кәсібилік пен келісімпаздық негізінде жүзеге асыруы тиіс. Мемлекеттік билік органдарының айрықша функциясы азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау. Мемлекеттік билік белгілі бір институттар, механизмдер жүйесінсіз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ете алмайды. Бірде бір құқықтық мемлекет адам құқығына кепілдік беретін кең және көпжақты органдар мен іс-әрекеттер жүйесінсіз өмір сүре алмайды.
Қазақстанда құқықтық мемлекет орнату жолындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру болды. Біздің ойымызша, бұл жүйеде Президент орны ерекше. Қазақстан Президенті адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны, әрі кепілі. Осы тұрғыдан алғанда Президент «Жолдауларының» орны ерекше. Президент «Жолдаулары» парламенттің адам құқығы мен бостандықтарын қорғау саласындағы заң шығарушы қызметіне бағыт-бағдар беріп отырады. Президент «Жолдауларына» талдау жасай отырып келесі қорытындыға келеміз, мемлекет басшысы барлық мемлекет органдарын азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жүзеге асыру саласында тиімді жұмыс істеуге бағыттайды.
Өкінішке орай, біздің елімізде шынайы құқықтық кеңістік қалыптасты деп айту қиын. Себебі, бізде заң адамның мінез-құлқын, олардың іс-әрекетінің шекарасын, мүдделерін реттеп отырған жоқ. Яғни пара, туыстық байланыстар, қоғамдағы билікке жақын болу сияқты және т.б. механизмдерге басымдық беріледі. Тіптен кейбір жағдайларда адамның қоғамдағы жоғарғы лауазымы немесе жеке байланыстары оны заңдық шешімдерден қорғай алуға дейін барады. Шенеуніктердің заңсыздық және жем­қорлықпен күресі негізінен тиімсіз. Бұл іс-әрекеттер қағаз жүзінде ғана қалуда. Сонда адамның құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылық деп жариялау жәй бос сөзге айналады. Сондықтан еліміздегі құқық қорғау жүйесін нығайтып, адам құқығын қамтамасыз ету жүйесін халықаралық қалыптарға сәйкес­тендіру керек.
Қорытындылар болсақ, Қазақстан азаматта­рының құқықтары мен бостандықтарын іс-жүзіне асыруда белгілі бір шектеушіліктер де жоқ емес. Біздің ойымызша, Конституциялық бос­тан­дықтарға мемлекеттік лауазымды қыз­меткерлер рұқсатының қажеті жоқ. Аза­мат­тың бостандыққа құқы оның лауазымды қызметкер көрсетуімен емес, өзінің ерікті мінез-құлқын білдіруі тиіс. Ал біздің елімізде саяси құқтар мен бостандықтарды жүзеге асыруда әзірге рұқсат ету тәртібі сақталып отыр. Сондықтан заңдарды жетілдірумен қатар олардың барлық деңгейде орындалуы қамтамасыз етілуі керек. Біздің ойымызша, бас­ты принцип «заңмен тыйым салынбағанның барлығын жасауға болады» емес, заң алдында бәрі тең, заңды сыйлау, оны орындау болуы тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »