ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ БЕЙНЕЛЕНУ ЖОЛДАРЫ

  • 03.04.2015
  • 975 рет оқылды
  • 1

Тоқтарбек Қамзин,
ақын

Көркем шығарманың өзегіне бойлау үшін туындыдағы әрбір образдың сомдалу сипатына терең үңілуіміз керек. Көркем образдың бойында қоғамның сыртқы көрінісі ғана емес, оның ішкі ағымы, қайшылығы, дамуы мен тоқырауы да көрініс береді. Бұл, әсіресе, тарихи тақырыпқа қалам тартқанда байқалады. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды шығарма тақырыбына арқау етіп алудың ерекшелігі мен қиыншылығын аталмыш тақырыпқа қалам тартқан әрбір қаламгер ұғына алады.

Тарихқа үңілу арқылы сол уақытта орын алған тарихи психологияны меңгеру керек. Тарихи психологияны меңгеру  процесі қоғамдық құбылыстарды, сол құбылыстар тудырған әлеуметтік қатынастарды сараптау арқылы жүзеге асады. Осы өлшем тұрғысынан қарағанда,  Е.Раушановтың «Сарыөзен» поэмасында  ХІХ ғасырдағы саяси және қоғамдық-әлеуметтік үрдістердің түпнегіздерін жете түсінгені танылады. Поэманы саралау барысында суреткердің тарихи уақыттың терең қатпарларына қалай бойлағанына назар аударамыз.  «Сарыөзен» – тарихи-психологиялық поэма. Поэманы оқыған сайын көз алдыңызға талантты режиссер мен шебер оператордың шығармашылық одағынан туындаған киноқұндылық елестейді. Тұтас поэмадағы суреткерлік шеберлік пен жекелеген детальдар таңдаудағы дәлдік пен нақтылық осыны айтуға жетелейді. Шығарма халықтық рухтағы дастан-жырлардың түрлерімен ұқсас. Қара сөз бен поэзияны шебер шендестіру арқылы ұлттық формадағы тамаша туынды жасай білген. 
Поэма басталмас бұрын пролог орнына алынған ежелгі тарихи оқиға айтылады. Пролог әдеттегі қалпынан өзгерген. Поэманың композициялық құрылымына тамыр теуіп, шығарма оқиғасына астарлы мән беріп тұр. Туындының трагедиялық  шешімімен ішкі байланысы бар бұл элемент тарих-тағдырдың қайталануын көрсетеді. Бұл ретте ақын физикалық уақытты есепке алмайды. Оны қызықтыратын – сол уақыт аралығында қалыптасқан, түпнегізі өзгермеген ұлттық психология. Жылдардың арасындағы уақыт интервалын екшеу арқылы ақын өз туындысының көркемдік қуатын зорайта түскен. Яғни, шығарманың прологы мен шешімінің арасындағы ішкі тұтастық поэма композициясының өзегіне тартылып, баяндалар оқиғаны көркемдік қалыпқа түсіріп тұр. Шығарма прологында:  «–Қорықпа, – деді Батразд, – бұлардың салтында моланы қазуға да, жаңғыртуға да болмайды», – делінсе, шешімінде: «Өлікті тексерту де, қайта ашу да, Бұл елдің салтында жоқ», – деді күліп», – деген жолдар беріледі. Автордың айтпақ ойының алтын қазығы ретінде алынған оқиғалар өздерінің шығармашылықтағы көркемдік функциясын толығымен орындайды. 
Шығармада жалпы алғанда, үш тарихи белес бар: біріншісі – Батразд өлтірген сарматтар көсемі, екіншісі – Исатай-Махамбет қырғыны, үшіншісі – тарихқа айналған Мұхамед-Салықтың өзі. Әрине, Исатай-Махамбет қырғыны Сарматтар мен Салықты байланыстырып тұрған Сарыөзен – уақыттың бір соғып өтетін белесі ретінде алын­ған. Ал, шығармадағы Сарыөзен – уақыттың символикалық бейнесі. Сарыөзен – уақыт тарихтың барлық парақ­тарын ақтарып, адам жанының жарасын жазады. Салық тырналып жатқан жан жарасына  уақыттан ем іздейді. Шығармадағы оба – тарихтың келбеті. Прологтағы «обаның оянуы» тарихтың ақтаңдақ беттерінің ашылуы тәрізді болып көрінеді.  
Қош, жоғарыда айтылған киноқұндылық деуімізге мысал ретінде шағын детальға назар аударсақ, аталмыш прологтағы оқиғада  Сарматтарды қырғаннан кейін Алан патшасы Батраздтың кетіп бара жатқан сәтін береді: «…Алан арбаларының доңғалағы қара обаның арқасын айғыз-айғыз тілгілеп бара жатты. …жо-жоқ… майда қасып, сипап бара жатқан секілді… қара оба оянып кетті. Өтіп бара жатқан қос ат жеккен солқылдақ фаэтон екен. Күймедегі қаракөз сотник жігіт те, козлода отырған көшір шал да үнсіз». Айналып кеткен арба доңғалағы – ағып өткен ғасырлар. Ақын «..жо-жоқ…» деп айтып үлгіргенше жер кіндігінен әлденеше жүз рет айналып кеткен тәрізді. Егер, осы оқиғаны кинофильмде бейнелер болса қанды қырғыннан кейін кетіп бара жатқан аландардың өзін емес арбаларының доңғалағын көрсетіп тұрар еді де, жайлап барып сол арбаның айналған доңғалағынан биіктеп күймені, қаракөз сотник жігітті көрсетер еді.  Айналған доңғалақ – зымыраған уақыттың сим­волы ретінде алынып, жылдарды шумақтай лақтырып тарихтың тағы бір парағын аударып тастайды. Шы­ғармада детальдар картинаның сәтті жағылған бояулары тәрізді туындының көркемдігін арттыруға пайдаланылады. Ақынның үлкен идеяларды ашу үшін кішкене бөлшектерді шебер пайдалануы құрылымға серпін беріп тұрады. Оны персонаждардың сөз саптауынан, қимыл-қозғалысынан, оқиға өткен орыннан да  көруге болады. Сол уақыттағы «им­пе­риялық саясат» қалыптастырған қоғамдық қатынастардың адамдар характеріне тікелей әсері бар екенін генерал-губернатор Крыжановскийдің психологиясынан байқаймыз. Генерал-губернатор мен Мұхамед-Салықтың арасындағы психологиялық «тартысты» ақын адам мінез-құлқының нәзік желілерін саумалдау арқылы жүзеге асырады. Типтендірілген образдар артында тарихи трагедия бар. Салықтың қалқасында қазақтың мерт болған аяулы ұлдарының бейнесі тұрса, генералдың артында империялық саясатты жүзеге асырған жандайшаптар жатыр. Екеуі де типтік образдар. Мұхамед-Салық – тұтас бір ұлттың рухы. Империялық саясат сол рухты бұғаулауға, тұншықтыруға тырысқан. Сол істің негізгі орындаушысы  генералға ақын алғашқы бөлімде көбірек көңіл аударған, ал, Салық поэманың тұтас келбетінде бірақ көрінеді. Қысқалықты нақтылыққа жеткізіп, шағын эпизодта генералдың (жауыздықтың, бұл шығарма шешімінде нақтылы көрінеді) характерін дараландырып, образдық түр-тұлғасын қалыптастыра алған. Оны таныту қажет. Себебі, трагедиялық шешімді жүзеге асыратын да  (ұйымдастыратын) Крыжановский. Осы бір шағын оқиға шығарманың қайғылы ақырына жетелейді. Поэманың композициялық құрылымында әрбір бөліктің шығарма  шешімімен тікелей байланыса алатынын прологына тоқталғанда айттық. Кез келген бөлшегі характер даралауға қатыспаған және шығарма шешіміне жол тартпаған туынды сәтсіздікке ұшырайтыны белгілі. Ал, сол эпизодтың арғы бетінде қат-қат оқи­ғалар мен  детальдардың жатқаны – губер­натордың Салық туралы ақпараттарды жинағаны, оны білетін адамдардың пікірін тыңдағаны, жарық көрген еңбектерін оқығаны байқалады. Аталмыш оқиғалар синтезделген де шағын диалогқа сыйып кеткен. Аталмыш оқиғалар губернатордың қантамырлары арқылы тұла бойын кезіп жүр. Көрген-білгенін сәт арасында ақтара салған губернатордың санасында сансыз сұрақ сапырылысып жатыр. Оларды біз генерал-губернатордың психикалық «түрленуінен» көреміз. Ең алдымен, генералдың санасында бір сақтықтың жатқаны анық (сақтық Салықтың ұлттық мүдделерді қорғайтынын, бұрын­ғы губернатормен келісе алмағанын білген соң туындаған).  Сақтықтан әр нәрсеге күмәндану пайда болады. Психология ілімінде айналасына скептикалық (күмәнды) көзқараспен қарайтын сақ­тықтың соңы қорқынышқа ұштасатыны туралы айтылады (қорқыныш Салықтың тұлғалық қасиеттерінің (білімді, ұлт­жанды, жас т.б.) зорлығын мойындаудан туған). Ақырында қорқыныш губернаторды Салықты өлтіруге-зұлымдыққа итер­мелейді. Крыжановскийдің образын ашқанда ешқандай оқиға, қимыл-әрекет араласпаған. Тек қана оның ішкі әлемін, ой әлемін қаузау бар. Қаралы ойдың даму жүйесі осылай: сақтық-күмән-қорқыныш-зұлымдық… Мәтінге назар аударайық.  
 «А, Бабажанов… (барлау, сынай қарау, сен екенсің ғой дегені, ішкі толқынысын жасырғаны көп нүктеде тұр, аздап тыныстады)  Мұхамед-Салық-Қожа (тыныс алды, жүрек соғысын қалыпқа келтірді, атын нығарлап айтты). Неплюев атындағы кадет корпусының азиялық бөлімін 1851 жылы үздік бітірген. Россия географиялық қоғамының мүше-қызметкері, этнограф. Дұрыс па, сотник? (Бір леппен айтылды. Басы артық тыныс белгісі жоқ. Сенің 30 жыл өмірің көз алдымда, сен туралы барлық ақпарат қолымда. Өзіндегі  осы артықшылықты сезіну. Насаттану)».  Бұдан кейінгі диалогтарға назар салсаңыз Крыжановский Салыққа сөз бермеуге тырысқан. Ойын тезірек, төкпелеп жеткізе бастауы адамның ішкі дүниесіндегі дисбаланс­ты байқатады. Оны байқатпаудың бір тәсілі – сөйлей беру, алдыңдағы адамды әлденемен алдарқату, назарын бұру. Осы орайда киноқұндылыққа балауымыздың бір себебі анықтала түседі. Губернатордың әрбір сөзі қимыл-қозғалыспен жасақталуы тиіс. Кейіпкердің психикасындағы біз атаған ағымдар оған өзінен-өзі қимыл-әрекет телиді. Бұл – шартты рефлекс тәрізді құбылыс. Сондықтан да, генералдың сөздерін актер оп-оңай қимылмен көмкере алады. Айтылған сөздердің интонациясынан, тыныс-белгісінен, ырғағынан сана ағымында өтіп жатқан процестердің сұлбасы нақтыланады. 
 «Сіз Россия Географиялық қоға­мының күміс медаліменен қазақтар арасында тұңғыш наградталған адамсыз (барлау, енді қалай болар екен, аңысын аңду). Бұл – үлкен құрмет, Бабажанов мырза (міндетсу, соны ұмыттың ба, сен қарыздарсың. Фамилиясын атағаны – сөзін ресми қалыпқа түсіргені. Екпінді Бабажанов мырза сөзіне түсіріп тұр). …Сіз – патша офицерісіз (ойынан қайтару, ескерту)». Крыжановский Салыққа сөз айтуға мүм­кіндік берген жоқ. Әккі генерал осы кездесуден оқиға шешімін көргендей болады. Өз ойын түйіндеді. Генерал-губернатор Крыжановскийдің ойының түбі мына бір шумақтан көрінеді. Диалог астарына жасырылған генералдың ойы там-тұмдап «жарыққа шықты».   
«Да-а, сөз жоқ, батыл ұлан, 
               батыл ұлан,
Көз жазбау керек болды заты бұдан.
…Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл
Қағынып туған екен жатырынан…» 
Кез келген қоғамдық құбылыс адам ойының жемісі. Әрбір процесс алдымен адам ойында пісіп жетіледі. Іс-әрекет – ойдың материалы, формасы. Сол қара ниет ой, губернатордың қабылдауынан кеткенде Мұхамед-Салықтың артынан ере шықты… 
Келесі кезекте шығарманың тынысы фаэтонды тартып танаурап бара жатқан «орданың екі бірдей қақпан белі»  сияқты жазыла түскен. Поэзиядағы шешендікті қалыптастырған ақынның әрбір шумағының сынасыз бітімі сыңғырлап түсіп жатады. Әрбір шумақ техникалық ақаудан ғана емес логикалық ауытқудан да ада. 
 «Иланның жапырағы білтеленіп,
Ақ нұрға түбіт көде тұр кенеліп.
Шалқалап Қамыс-Самар бөлек 
            жатыр,
Күткендей аспан жақтан бір                     төрелік». 
Көз алдыңызда көркем сурет ойнайды. Поэманың күйдің әсем ырғағына сіңісіп, музыкалық қалыпқа енетін кезі де осы тұс. Ақынның образдық ойлау жүйесінің көркемдік элементтері метафора, символ, кейіптеу, психологиялық параллелизмдердің кең көсілуіне жол ашылады. Аталған шумақтың соңғы екі тармағы патшадан рахым күткен ұлттың символикалық бейнесі тәрізді көрінеді. Табиғаттың көркем суретінің аясында ойға шомған Салықтың ішкі иірімдеріне, характеріне сараптау жасалады.  Бұл ретте ақынның адамдардың психологиялық жай-күйін терең білетіні, нәзік сезінетіні байқалады. Адам психикасы сол сәтте талап ететін, психологиялық жай-күйге тікелей және жанама әсері бар аураны «туғызған». Ақын алдымен кейіпкерінің жан әлемін ашпас бұрын, оның шығарманың идеялық-тақырыптық ерекшелігіне қажет ішкі дүниесінің нәзік желілерін айқындайтын жағдайды суреттеуден бастайды.  Келе жатқан жерде таудың, не болмаса орман-ағаштардың нақтылы суреті жоқ. Кең жазира, ең артық дегенде қыр ғана бар. Яғни, «психологиялық бөгет» қойылмаған. Сана-сезімнің өзі ондай сәтте кең көсіледі. Санаңызды адақтап, сан түрлі ойға берілуге мүмкіндік бар. Шексіздікке тесіле қарау – адам кө­ңіл-күйінің шексіздікке сіңуі. Адам құл­қын бейбіт бір мамыражай қалыпқа түсіреді. Фаэтонның жайлы тербелісі мен шу­мақтардың әсем ырғақтары жарасым тауып тұр. 
Фаэтон жұмсақ тербеп шайқалады,
Сансыз ой… 
Қайтсе жаны жай табады.
Күлімдеп көз алдында губернатор
Санада жаңғырады қайта бәрі…
Салықтың көз алдында губернатормен болған кездесу көлбеңдеп, одан да арғы Перовскийдің айтқан сөздеріне – лирикалық шегініске ұласады.  Лирикалық шегініс – кейіпкердің характерін даралауға қажетті психологизмнің элементтерінің бірі. Және шегіністерді поэманың бірнеше тұсынан көреміз. Осы ретте Салықтың шығарманың көтерген жүгі талап еткен келбеті айқындала түседі. Оның сенгіш көңілі, пәк жүрегі, асқақ һәм ұлтжанды рухы шығарманың осы кезеңінен бас­тап танылады. Негізгі тақырып пен ай­тылар идеяның нақтылығы байқалған бұл тұста ақынның өзінің де азаматтық тұлғасы көрінеді. Салықтың ішкі монологы ақынның өз атынан айтылатын баяндауына ұласады: 
Көлік бердік, туыстық келісіммен, 
Жерде бердік бабаның тері сіңген. 
Торайлары томпаңдап тез оңалды.
… Екі Ресей бар дедім мен ішімнен. 
Салықтың жан-жүрегі арқылы ақын жылдардың тереңіне жол тартады. Тарихи шындықтың арналары кейіпкер жанының жүлгелері арқылы өтеді. Бұл жерде оның жан жарасы ашыла түскен. Туынды иесі өз кейіпкерін кемел образ ретінде танытады. Кейіпкер бойына ақын өзі жинақтаған тарихи материалдармен бірге сол материалдарды іздеу барысында қалыптасқан бай ассоциациясында сіңіре білген. Кейіпкерінің ішкі ойын да белгілі бір жүйе, қалыпқа түсірген. Ойды бастаған тұсы мен аяқтаған тұсы бар екенін ойға шоматын тұстарда бір шумақты қайталауынан көреміз. Ойды өрбітеді және қажет кезінде жинақы қайырады: 
Фаэтон жұмсақ тербеп шайқалады,
Сансыз ой… 
Қайтсе жаны жай табады.
Яғни ақын өз кейіпкерінің ішкі әлеміне сіңіп кеткен. Оның барлық тыныс-тіршілігін меңгерген. 
Характерді даралаудың психологиялық элементтерден басқа қимыл-әрекетке араластырып,  сол арқылы оның толыққанды образдық тұлғасын қалыптастыру керек. Шығармада көшір шалдың шағын эпизодқа ғана қатынасы бар. Бұл эпизод образға тікелей әсер етіп, басты кейіпкер психологиялық тұрғыда ширығады. Композициялық құрылым тарқатылған сайын кейіпкер трагедиялық шындықтың бетін ашып келеді. Салықтың ішкі монологы оның толыққанды тұлғасының сомдалуына көмектеседі. Ішкі монолог оның сана ағымындағы тұлғалық қалыптасу процесінің көрінісі. Салықтың алдағы уақыттардағы қимыл-әрекеттерінің идеялық іргетасы осы жерде қаланған. 
«Исатай-Махамбет қырғынын» көргенде ширығып кеткен Салықтың психикасында «Сарыөзенге» қарата айтылатын монологта белгілі бір шарасыздықтың ұшығы байқалады. Бұл психологиялық тоқырау емес, керісінше дүниені нәзік қабылдау, нақтылы болмаса да тығырықты сезіну. Ол монологта өткен өмірді «балалық шақты» еске алды, Салық санасы арқылы «артқа шегініс жасады». Адам жаны һәм психологиясы – аса нәзік құбылыс. Ол қашанда жылылыққа, жақсылыққа, нәзіктікке құмар. Алайда жоғарыда ғана «жатырласына шапқалы» бекінген қату сананың, нәзіктікке бой ұруы кейіпкердің жан әлемінің ала-дүлей болып жатқанын байқатады. Балалық шақтың естелігі арқылы  қазіргі уақыттағы өмірдің реальды болмысының сүреңсіз суреттерін одағайлап көрсеткен. 
Шығарманың психологизм элементтері артқа қарай ысырылып, қимыл-әрекеттің молаятын тұсында Салықтың жаңа қыр­лары таныла бастайды. Лирикалық һәм психологиялық иірімдер реалистік сипаттағы оқиғаларды суреттеумен алмас­тырылады. Қысқа қайырсақ, Мұхамед – Салық қазаққа орыстан жерін алып береді. Осы ретте «Сарыөзен» шығармасындағы жалпы уақыт формасынан нақтыланып, негізгі географиялық атауға – өзенге ай­на­лады. Бірақ, ондағы нақтылықтың өзін көркемдік идея тұрғысынан алсақ, «Сары­өзен» ұлт рухына, намысына саяды.  Бұл жердегі Салық пен Сарыөзеннің ішкі ұқсастығы  психологиялық параллелизм арқылы берілген. Әрине, бұл жерде, әдетте, біз айтатын сыртқы көріністік егіздеу жоқ. Сана ағымы арқылы байланыстыру бар. Салық Сарыөзенге қарап ойланады. Судың ағысы Салық жанының арпалысы тәрізді берілген. «Сарыөзеннің иірім тартып шыр айнала лайлануы» Салықтың төрелік айтар тұсындағы қиналысы сияқты. Ал, «Оба жырлайтын» кезең тағы да кейіпкердің лирикалық шегінісімен беріледі. Шегініс прологқа келіп тірелген. Оқиғаны қайырар тұста ақын Салық тағдыры мен сарматтар тағдырының арасындағы тарихи ұқсастықты тағы да көлденең тартады. Тақырыпты таныту мен идеялық шешімді шығарудың мұндай сюжеттік-композициялық желілері туынды иесінен интеллектуалдық серпін мен сан қырлы логикалық операцияларды талап етеді. Прологты шешімімен байланыстырған ақын, оқиғаның шиеленісу тұсын прологпен сабақтастырып қойған. Этнограф-ғалым А.Небольсин Салыққа қарап тұрып: «Тарихқа біржақты қарамау керек. Ол аңызды кім шығарғанын біз білмейміз ғой… Е, Салық, Салық. Тым сенгішсің сен», – деген сөздерді айтады.  Бұл тіркестер басты кейіпкердің характерін ашуға қатысумен қатар,  шығармадағы тарихты бағалау, тарихқа сараптама жасау идеясын танытады. 
Туынды иесінің эпикалық қуаты бақсы сарынын төкпелетуінен көрінген. Жыраулық үлгіде бақсылық өнердің функциялық ерекшелігін сақтай отырып жазылған.  Шығарманың көркемдік бояуын қанықтыра отырып, құрылымына сынасыз сіңген. Салық образының диалектикалық келбетін ашу үшін алынған эпизод. Осы эпизод арқылы біздер Мұхамед-Салық бейнесінен ХІХ ғасырда Еуропада етек жайған материализм идеясының да жалқындарын сеземіз. Бақсылық сарынды реалистік тұрғыда қабылдауы осының айғағы. Салық нақтылыққа құмар. Жаңашыл рух. Ол ел ертеңін жарқын елестете алады. Тас мүсінді эрмитажға жіберу арқылы құпияны ашқысы келеді. Ақын осы жерде басты кейіпкерді «Әрі ғалым, әрі нағыз ғаріп ер… » дейді. Заманынан озық туған ұлдың  қолынан келер қайраны жоқ. Уақыты сол, қоғамы солай. Автор бұл ретте Салықтың заманына лайық келбетін көрсетсе, Фатиманың тас мүсіні арқылы ақын ел мен жердің құты һәм киесі идеясын көтерген. Фатиманың тас мүсінін алып кету – елдің киесін үркіту, жердің құтын қашыру. Адамды жоюдың ең шусыз тәсілі. Адамзатты тітіреткен фашизмнің жеңілісі материалдық құртуға негізделуінде болса керек. 
Шығарманың келесі бөлімінде Дәулеткерейдің үйіндегі оқиға барысы суреттеледі. Осы бөлімде қазақ халқына тән Тектіліктің, Өнердің, Киенің образымен бірге ырың-жырың болған «алты бақан алауыз» сұлтан-билердің тіршілігі қоса берілген. Бұл ретте айта кететін бір жағдай Салық қана жеке дара образ дәрежесінде суреттелген. Салықтың келбеті тұтастанып халықтың, ұлттың рухына айналғанын көреміз. Ақын Дәулеткерей арқылы өнердің, қазақы текті өнердің образын жасағысы келген. Ғұбайдолла мен Меңеш – типтік образ, көп төре, болыс, сұлтанның бейнесін береді. Дәу­лет­керей мен Салықтың арасындағы диалогтан, осы бөлімдегі суреттемелерден қоғамдық психологияны тануға болады. Нар қазақтың басынан бағы тайған шағындағы ұсақтай бастаған хал-күйі, өз уақытына бейімделген би-сұлтан, төресінен қауқар қашқан қараша елдің бейнесі көрінген. Бұл ретте поэма аттас күйдің «ойналуы», ақынның күйге берген «түсіндірмесі» – басты назар аударарлық көркемдік тәсіл. Біріншіден, бұл шығарманың идеясын ашуға ұмтылыс танытса, екіншіден ақын ойын күйдің түсіндірмесі ретінде жеткізіп, жадағайлықтан қашқан.Саяси ахуал негізінде түзілген қоғамдық ортаның жалтақ та жалтаң, сақ әрі пұшайман болмысы берілген.  Оқиғаның шарықтау шегі ретінде алынған Дәулеткерейдің үйіндегі көрініс Салық-рухтың, халық рухының шынымен-ақ өлетіндігін, өлгендігін байқатады. Оны саяси құрсау бір қысса, бауырдың ынжықтығы, төренің жалтақтығы, халықтың надандығы екі қысады. Осылайша шығарманың көркемдік логикалық құрылымы мен идеялық өрнегі трагедиялық шешімге бастайды. Поэманың композициялық құрылымы серпінді, аса шеберлікпен құрылғанын айттық. Ақын сан алуан эпизодтарды, оқиғаларды көркемдік тәсілдермен құрылым желісіне тізе білген. Соның бірі ретінде поручиктің келген сәтін айтуға болады. Дәулеткерей үйінде Салық сөзі мен күйінен соң аса ауыр аура орын алды. Ақын үшін сол сәттегі психологиялық шиеленісті таратудың – оқиғаны өрбітудің тамаша жолы «гүрс» етіп аттан түскен поручик болған. Губернатордың хаты дегенге жамырай қалған топ ішінде Салық көрінбей кетті, сценаның артқы жағына ысырылды. Яғни, би-төрелер өз рухын мүлде жоғалтты, ел намысын ұмытты деген сөз. 
Қош, оқиғаны бойлай шығарманың соңғы бөліміне де жеттік. Мұнда  ең бас­тысы шығарманың басында тамыр теп­кен сұм ойдың жүзеге сауы бар. Губер­натордың нақтылы аты берілмеген бұл бір жағынан тарихи деректердің нақтылы болуы керектігінен туындаса, екінші жа­ғы­нан сол губернатордың жалпыланып, зұлымдықтың һәм жауыздықтың бейнесіне енуін көрсетеді. Қазақтың отаршылдық құрсауына толығымен мойынсұнғанын Меңеш пен Ғұбайдолланың әрекеттерінен көрдік. «Жылмаң қағып, бір кездікті ес­керткішке алып тынған» адъютанттың образын ашуда ақын өз шеберлігін танытқан. «Жылмаң қақты»  деген тір­кестің ар жағынан жағымпаз, қорқақ, залым әрі пасық адамның бейнесі көрінеді. Өзінің мансабы мен бас пайдасы үшін неден болса да тайынбайтын адамның бейнесін ақын жалғыз ауыз сөз, жалаң қимылмен ақтарып салған. Себебі, Салықтың шарабына у салатын да сол болуы керек. Салықтың у салынған шарапты ішер тұсындағы зұлымдықтың бет-бейнесін ақын адъютант арқылы береді: 
…Қазақты көрмегендей шарап ішкен,
Адъютант неге мұнша сұқтанады?
…Адъютант неге мұнша тесіледі… 
Біз осы жолдарды оқығанда оператордың он-жиырма қадамдай жерде тұрып, қысық көздерін сүзе жинап, Салыққа қарап тұрған адъютанттың сұмдық тұнған түлкі бетін көрсетіп тұрғандай болатынын байқаймыз. Адъютант Салыққа қарайды, біз залымның көзіне қарағандай боламыз. Оның Салыққа сұқтана қарауында жатқан мән бардай. Кезекті атақ-мансап дайын тұр. Қазақтың арда туған ұлдарының бірегейі Мұхамед-Салық Бабажанов қыршынан қиылады. Рух өлді! Дәулеткерей орнынан күй боп күңіреніп оянады. Киелі ұлттық рух текті өнерге, құдіретті күйге айналады. Поэма біткенде қу шанақ, қос ішектен төгілген  күй арыс ұлды жоқтап «дың…» етіп үзілгендей болады. Салықтың жасампаз рухы халқына күй боп оралады. 
Шығармада ақын тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу идеясын көтеріп, Сарыөзен-уақыттың халқымыз тарихының ашылмай жатқан беттерін ақтарып жатқанын көрсетеді. Эпилогта берілетін Сарыөзеннің жарқабақты құлатып, моланы шайып, аландардың жапырақ бас жебелерінің су бетіне шығуы тарихқа жасалған жаңаша көзқарасты, ащы шындықтың беті ашылғанының тұспалы.  Мұхамед-Салықтың өмірі мен өліміне де ақын басқаша көзқараста, жаңа қырынан қарау керек дегенді айтады.  

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Нағыз маманның талдауы. осындай мақалалар көптеп жариялансын “Ақиқатта”

Пікірлерге тыйым салынады.