ӨМІРДІҢ ӨЗ ӨРНЕГІ

  • 03.04.2015
  • 944 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақыт Сарбалаұлы,
сыншы

Маған кейде біздің халқымыз өміріндегі барлық нәрсе тек Абайдан басталғандай болып көрінеді. Ол он тоғызыншы ғасырда өмір сүрсе де. Ал, ақыл таразысына салып көріңіздерші, Абай айтпаған сөз бар ма, Абай қамтымаған, бағаламаған өмір құбылысы кездесе ме, Абай барламаған, шарламаған көңілі түкпірі қалды ма?! Өйткені, Абайға үңілсең, Абайға жүгінсең, кез-келген түйін­нің сыры табылады, ошақтың оты жағылады, тіпті, қандай бір қиындықтан да шығар жол табасың, келер күндерге бағдар аласың. Мәселен, тарихты алсақ, Абай: «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?!», «Бір сө­зім «Мың бір түннен» оқып көрген…» деп жыр-дастан сабақтайды: Бұлар – қазір де біздің көп қоятын сұрағымыз, мақа­лаларға жиі қоятын тақырыбымыз. Бүгінгі қазағымыз бітім-болмысына көш­сек, Абай: «Ақырын жүріп, анық бас…», «Еңбек етсең ерінбей…», «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат», – дейді. Күллі қазақ ескеріп, пайдаланар мәйекті мәтел, қанатты қағидалар емес пе?! Өлең өнері туралы ойлансақ, «Тіл өнері – дертпен тең», «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады», – дейді абыз Ақын. «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас…» дейді және…


Айтпақшы, Абай, оның мынадай сөз­дері неге менің есіме түсіп, жадымда жаң­ғырып отыр? Мұның себебі – белгілі жа­зушы, байырғы баспагер Жарылқасын Нұсқа­байұлының жақында Алматыдағы  «Білім» баспасынан жарық көрген «Енші» атты жаңа прозалық шығармалар, эссе-естеліктер кітабының қолыма тиюі. Кәдімгідей қа­лың, 350 беттік көлемді кітап. Әрине, қалам­гердің әр жылдарда жазған әңгімелері мен повесть-хикаялары, эссе-естеліктері бас қосқан мұнда. Несін жасырамыз, қалың оқырман түгілі көзі қарақты, мүмкіндігінше мерзімді басылымдардағы мәдени-әдеби жаңалықтарды қалт жібермейтін біз де мұн­дай жазушыны біле бермейміз. Өйт­кені, әдеби басылымдардан оның аталмыш «Енші», «Тәуекел», «Тағдыр» деген әңгімелері мен «Қашқын», «Құмда өскен қызғалдақ» атты повестері көзімізге түспепті. Бірақ, бұл кітапты мұқият оқып шыққан соң, өз басымыз – баспагер Жарылқасын Нұсқабайұлын бұ­рыннан жақсы біле­міз ғой; журналист Жарылқасын Нұс­қа­­байұлынан да жақсы хабарымыз бар;  ал, жазушы Жарылқасын Нұс­қа­­байұлын бірден белгілі, белді прозашыларымыз қатарына қостық. Енді, Абайдың өмірге нұсқа-диагноз, өнерге қысқа сипаттама сөздерінің ойымызға оралатын себебі – «Осы жұрт жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлын біле ме екен?!» және «Жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлы көңілдегі көрікті ойын қалай жеткізген?!» дегендей «тіл өнері – дертке» қатысты өзекті сұрақтар туатыны. Бұлар – аталған толық пісіп-жетіліп туған әдеби туындылардың кіндігін ке­сетін, автор-жазушының тағдырын шеше­тін сұрақтар. Бұлардың жауабы мен үшін анық болғанмен, халық та қанық бол­сын деп «Енші» кітабы туралы осы мақаламызды жазуды жөн көрдік.
***
Жаңа кітап «Енші» атты әңгімемен ашылған. Атынан-ақ аңғарылып тұр­ғандай, қазақтың әдемі бір халықтық-бәлкім басқа ұлт-ұлыстарда мүлдем жоқ, олар үйренсе, жұқтырса жарасып кететін келісті бір дәстүр-салтын әдемі өзек еткен әңгіме. Хабарламаған, орамды оқиға-ой ретінде өріп, суреттеп, көркем жеткізген жұп-жұмыр туынды. Ата-ана ұл-қызына ержетіп, бойжетіп, тұрмыс құрғанда енші береді. Тиісінше мал-мүлік беріп, жеке шаңырақ болғандарын, өз қолы өз ауыздарына жеткендіктерін мойындап, отау ретінде бөліп шығарады. Туған әке-шешесі жоқ жағдайда ағасы да інісіне осылай енші береді. Қазақтың ғасырлар бойында қалыптасқан бір елдік, өсіп-өну салты.
Бекқұлдың  Серікбол деген інісі бар. Туған емес, тауып алған және ұлты басқа – орыс інісі. Бірақ, орыс дейтіндей емес, ілкідегі Ұлы Отан соғысында әке-шешесінен өлідей айырылып, бұған тағдыр қосқан інісі. Майданда опат болған әкесінен есін білмеген кезде айырылғандықтан бала Сережа – Сергей оның жүзін елестете алмаса, ал, анасын әлі ұмытпайды. Уақыт тәлкегімен Қазақстанға тап болды, Бекқұлдай бауыр тапты. Осында онжылдықты бітіріп, әскерде борышын өтеп келген соң, қазақ қызына үйленді; баласы баяғы өзінің – Сережаның жасына келді. Ауылда машина айдайды, ағасы Бекқұлдың отбасымен бірге тұрады. Енді, Серікболды қазақ емес деп көр. Ауылда да біреу-міреу өзгесің деп көзтүрткі еткен емес.
− Қарағым Серікбол, тәңір қосты ма, тағдыр қосты ма, онысын білмеймін, – деген бір күні Бекқұл ағасы. − Білетінім – сен менің інімсің, мен ағаңмын. Сен жатыр­қамасаң, мен жатсынбаймын. Құдайға шүкір, біріміздің бірімізге ықыласымыз жақсы… − Солай дей келіп ағасы: «… адам­ның ата-анаға деген қатынасы – оның аза­маттығының өлшемі… Бұған дейін «ба­лапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтіндей кезең өтті. Сенің де есің кірді, азамат болдың. Анаң бейшара бір жерлерде уайымда, сарытап болып жүр ме, кім біледі? Сол кісіні іздеп, бір хабарын алайық, қалқам. Сені қайдам, тап солай етпесем, мен тыныш алатын емеспін», – деген. Содан бұлар екеулеп іздеу салды. Жарты жыл дегенде Серікбол анасының соғыс басында-ақ қайтыс болғанын білді. Ал, қадірлі оқыр­ман, біз өздеріңізге әңгіменің біраз мазмұнын да, автордың сюжет өрбіту, сөз саптау әдісін де жеткіздік. Атқылап ағып жатқан таза бұлақ суының дәмі бір ұрттамынан-ақ білінсе, жоғарыдағы мысал, сөйлемдер сіз бен біздің жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлының дарын  қарымы, суреткерлік арыны қандай екенін аңғаруға  жетіп те жатқан жоқ па? Байқайсыз ба, Бекқұл – қандай адам? Қарапайым қазағыңызда ұлы халқымыздың ақжүректігі, абзалдығы жарқырап, даналығы мен  даралығы да – жылт-жылт етіп-ақ дейікші – көрініп қалған жоқ па?! Бәлкім, бұл-мысал айғақтар әлі аз ғой дерсіз. Онда әрі қарай кеттік. Сонымен, Серікболдың орыс анасының қайтыс болған хабары алынды. Бекқұл енді не істеді? Ас беріп, құран оқытты. Алайда Молдахмет қария: «Әр халықтың өзіне лайық дәстүрі бар. Ендеше, діні басқа кісіге құран оқытқанымыз қалай болады екен?» – дейді. Сондағы Бекқұлдың уәжіне құлақ түрейікші: «Молдеке, шалынған мал да, алынған мына шәй-қант та Серікболдың маңдай тер, табан ақысымен табылған… Мен анау ұлттың дәстүрі деп тиесілі нәрседен шегіншектеп, шет қалдырғанды жаратпайтын адаммын. Мен үшін бұлжымайтын бір ғана дәстүр бар. Ол – адамшылық дәстүрі. Біз ең әуелі сол дәстүрді кәделеп, соның жоғын жоқ­тауымыз керек. Менің ұғымымда Отаны үшін отқа түсіп, жанын қиған адам күнәдан пәк. Серікболдың ата-анасы – сондай азаматтар. Ендеше, менің ниетімнің адалдығына күмәніңіз жоқ шығар», – деп Бекқұл Молдахмет ақсақалды бұлтартпаған.
Адамгершіліктен таюды сөзімен бұл­тарт­пайтын Бекқұл – бар ісімен де иман, жақсылық  жолындағы адам. Сондықтан да, ол інісі екеуі Серікболдың ата-анасы алдындағы борышын да өтеп, биылғы еңбек демалысында солардың бастарына өз қол­дарымен топырақ салып қайтуды ойлас­тырып қояды. Серікбол туған інісіндей ме, демек, бұлай істеу – Бекқұл ағаның парызы, міндеті де. Иә, аға болу – әрқашан үлкен міндет, іні алдындағы барлық парызын өтеу. Енді, ол сондай бір борыш-міндеті – Серікболға енші беріп, бөлек шығаруды көздеп, осының қамына кіріседі. Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ. Бұл өзі – өмірдің заңдылығы, құтылмаса, қарыз болатын міндет. Осы әңгіме жазылған кезде-ақ жастардың бәрі дерлік бөлініп шығуды көздейтін, тіпті, енші бермесе де, рұқсат берсе-ақ, қуана-қуана бөлек кетіп жатқан-тын. Серікболының қанат жазуына, жеке өмір сүруіне кедергі болмайын, қайта көмектесейін деген ақ ниетпен кіріскен ол енші беруге. Бірақ Серікболдың ойы мүлдем бөлек болып шықты. Ол енші алмақ түгіл сондай сөздің шетін естігелі шошулы. «Адам бұрын жаман сөз естімеген қалаулы кісісінен болмашы сөз естісе де қатты ауырлайды екен. Рас, көкесі сөккен жоқ, көңілін жығатын ауыр сөз де айтқан жоқ. Бірақ, таңертеңгі: «Серікжан, орайын тапсаң, бүгін үйге ертерек келші. Жеңгең осы ауылдың кемпір-шалын шақырып, бір ауқат бермек сияқты, ішінде болшы», – деген сөзі бұған соққыдан да ауыр тиді…» (4-бет). Әсіресе, өзіне, келіні екеуіне айт­пағаны, ақылдаспағаны қабырғасына қатты батты. Тіпті, бұлай болуына өзін кінәлідей сезініп, ыпыны кетті. Қолы машина рулінде болғанымен, ойы басқа жақта. Абыржулы. Сүлесоқ. Көзі жолда жолыққан қойшы Қошқарбай құрдасына түскенмен, өзі мұнда емес. Жүрегінде түйнек болып байыз таптырмады.
Үйіне әрең жетсе, бұларға енші беріп, шығарып салу шарасы басталып кетіпті. Үйге кірді. Үй толы дастарқанды айнала отырған ақсақалдардың бірін көргісі жоқ. Өйткені, қаупі бар. Соны айтады ма деп қорқады.
– Қарақтарым, Бекқұл, Серікбол! – деді төрде отырған қаба сақалды қарт Бұйрабай. – Бүгін сендердің тойларың. Есейген соң үйлену, үй болу, үйден үй бөлу рәсім… Ата бабаның дәстүрі. Үн-түн жоқ екі жарыла сал­май, ауыл-аймақтарыңды шақырып, қуа­ныштарыңа ортақтастырғандарың, үл­кен­дерден бата сұрап отырғандарың – біл­геннің ісі…
Солайына солай ғой. Бірақ, қарияның жақсы жөн сөзі жүйесін босатқан Бекқұл інісінің «екі иығы дір-дір етіп жылап отырғанын» сезгенде бағанадан бері өзін әзер тежеп отырған ол да көзіне ерік берді.
 – Секентайым, Серігім, жыламашы, айналайын, – деп інісінің арқасынан қағып, оның ұйпа-тұйпа болған сап-сары шашын жинақтап сипай берді…
– Көке-ау, ма-ға-ан неге айтпадың мұныңды? – дейді жылап жатса да ап-анық сөйлеген Серікбол басын көтеріп.
 – Кінә менен, айналайын! Қайдан білейін, осылай етуім қажет шығар, осылай жасасам дұрыс болар деп ойлап едім, – деді әлі де көз жасын тия алмай отырған Бекқұл. Бұл сөзін енді басын тіктеп көпке арнап айтты. – Артық қылам деп тыртық қыларымды білдім бе?» (17-бет).
«– Бұйрабай аға! – деді сәл үзіліс жа­саған Бекқұл… – Ес біліп, етек жапқалы Серікболмен ақылдаспай, келіспей жасаған бір ғана ісім еді, бұл. Оным да қате болған екен. Бұл ағаттығым үшін басы Сізден бас­тап баршаңыздан кешірім сұраймын… Сіздердің мына отырыстарыңыз біздің Се­рікбол екеуміздің ешқашан енші алыспайтын болғанымызға арналған тойымыздың басы деп санаңыздар… Мен қайта мал сойып, қайта қазан көтертем, бата беріңіз, Бұйрабай аға! – деп Бекқұл күректей қос алақанын алға ұмсына берді…(17-бет). 
Сонымен, бата жасалды. Той жал­ғасты. Бекқұлдың қателескені Се­рік­болға жақсы болмағанмен, мына бізге – оқырман қауымға жақсы болды. Мынадай сәтті, сұлу әңгіме жазылды. Қазақ әдебиетіне ескірмес, жаңа қалпында қалған, бұдан кейін де жаңа болып жарқырай берер «Енші» атты көркем олжа қосылды. 
* * *
Жазушының кітаптағы алғашқы әңгі­месі қазақтың жақсы салт-дәстүрі туралы деп білсек, екінші «Тәуекел» деген әңгімесін қойшы өміріндегі аңшылық, дәлірек айтқанда, қасқыр соғу, арлан аулау деп таңбалауға болады. Ал, үшіншісі – «Тағдыр немесе шалдың әңгімесі» махаббат, оның ішінде де қыз алып қашу тақырыбын қаузаған дүние.
«Тәуекелдің» бас кейіпкері – қойшы Жү­се­кең. Көршісі – жас шопан Құдайберген қой қорасын айнала қасқырдың жолын кессін деп қақпан құрған екен. Соған бір ірі арлан, алдыңғы аяғынан түсіп, ала қашыпты. Тәжірибесіз Құдайберген, тіпті, ірі арланды, оның ақылдылығы мен қайтпас жүрек жұтқандығын  көріп, қатты қорқып та қалады. Жан беру оңай ма, арлан қақпан аяғын қиып, жүгірісін мандытпай, оған қоса үлкен сары төбет шалғайынан тартып, шаршатса да, тек адамнан қаймығады. Ал, қарсы бетпе-бет келсе, кәнігі аңшы, айлалы Жүсекеңді аттан аударып тастап, құтылып кетпекші.
Тәуекел – адамның бір досы. Жеңілісті жоққа шығармасақ та, жеңіске жеткізер жалғыз жол да сол. Қасқырдың ізіне сонша түсіп, қуып, қалжыратқан соң, соғып алып қайтпау азаматқа сын. Адам мен айуан аңдысы басталып, бір-бірінен көз айырмайды. Кімнің көзі тайса, сол мерт болуы әбден мүмкін. Айғырына да иесінің сыры мәлім болса керек, Жүсекең тақымдаған соң, ол да қасқырға қарсы барады. Жақындай бергенде арлан бір-ақ атылып, ат кілт шегінгендіктен бе, сәл жетпей, ауа қармап ұшып түседі. Мұн­дайды Жүсекең құр жіберсін бе, сойылын қақ тұмсықтан тигізе алмаса да, көк желкеден қонжитты. Қасқырдың бір мойындап жерге қисая құлағанын күткен сары төбет те алқымынан ала түсті. Бәрібір қасқырдың аты – қасқыр, итінің бір жерін шайнап тастамасын деп атынан түскен Жүсекең енді қасқырдың қара тұмсығына сойыл сілтеді.
Қас-қағым сәтте мынадай айқасқа куә болған Құдайберген де дереу түйесінен домалай түсіп, Жүсекеңді құшақтай алды.
– …Не болады деп жанымды шүберекке түйіп тұр едім, рақмет! Ер екенсіз, азамат екенсіз! – деп қайталай берді.
– Е, қарағым, өмірдің серті тәуекел емес пе? Әйтпесе, қазақтың қасқыр соғып жүргені жаңа ма? Міне, нақ солай. Бәлкім қазақтың көп шопаны осы Жүсекеңдей шығар.
Енді, «Тағдыр…» әңгімесіне келсек, он­дағы оқиғаның болған уақыты бү­гінгі күннен көп ертерек кез. Өз басымыз да шет жағасына куә болған жағдай. Қазіргі кездегі қыз алып қашу көбіне-көп сорақылық, зорлық-зомбылық болса, ол кездегі қыз алып қашу келісіммен де болатын, сүйіскен жас­тардың амалсыз тығырықтан шығуының бір жолы да еді-ау. Басты кейіпкерлер – сеніскен, бір-біріне қалтқысыз көмектескен үш дос: Тұрсынбек, Жарас, Кәдір. Атастырылған жерін ұнатпай, Кәдірмен қол ұстасып қашқан Айман қыз. Құда түскен жақ қыз үйіне біраз ақша да өткізіп қойған, әрі бұрын қоңсылас отырған соң, жағдайды да жақсы біледі. Әсіресе, болашақ күйеубала қалыңдығының менсінбей өзгеге кетуіне көнгісі жоқ. Сондай шытырмандау оқиғаға құрылып, әңгіме желісі ширақ тартылған соң, достар қарым-қатынасы мен екі жас ара­сындағы мөлдір сезім жақсы ашылған.
Қыз алып қашудың өзі тез тосыннан өрбиді. Екі дос Айман қызды  пойызға жасырын мінгізіп, аман-есен Түркістанға жеткенмен, тағдыр тағы тосын сыбағасын ұсынып, Кәдір үйлену тойын жасап үлгерместен қалада ертеңіне машина қағып, опат болады. Айманның басына түскен, Кәдірдің үй ішіне тап болған тосын трагедия, күтпеген қасірет… Ары қарай, енді, дос парызы дейміз бе, аяқ астынан қайтып келген қыз атанған Айманды аяу дейміз бе, бәрін білетін, мөлдір махаббатқа куә болған, қыз алып қашысқан Жарас енді еңіреп қалған Айманға өзіне жар болуға ұсыныс жасайды. «Айман бейшара» Жарасты құшақтап, ал кеп жыласын.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы ма? Не де болса ғибратты тағдыр.
Жинақтағы қомақты да салмақты дүние­нің бірі – дау жоқ, «Қашқын» повесі. Осы хикаяттың «Құмда өскен қызғалдақтан» көп кейін жазылған туынды екені бірден байқалады. Тағы бір түйсінгенім – жазушы шығармаларының шағын болса да, көлемді болса да қалыптасқан қаламнан жаралып, көркемдігі, кенеулілігі кем болмауы өз алдына, ешқандай артық үс­теме бояу, қиялдан оқиға қосып то­лықтыру, әсірелеген әспеттеу кездес­пей, өмірдің өзінен ойып алынғандай табиғи да жарасымды бітім-болмас танытатыны. Америка өзендеріндегідей жиі ұшырасатын алтын түйіршіктерін тауып-жинап біріктіру де, әйтпесе, қол­дан зауыттағыдай құйып-өңдеп кірік­тіру де жоқ, алты мысқалдай ма, ат басындай ма, табиғи саф алтынның өзін тауып алып, ұсына салғандай күй-кеспір байқатқандай.
Тани алсаң, таба білсең – кейде ғана емес, көбіне-көп шын-шынайы өмірдің өзі өнерден, өлеңнен де сұлу, жарқын, керемет екені көп дәлел тілемесе керек. Айталық, біз 1960 жылдардың аяғында, 1970 жылдардың басында  таңдана көрген, құшырлана тістеп жеген 600 грамнан да асар қос жұдырықтай апорт алмасы. Сәл қышқылтым татитын, дәмі балдай, көздің жауын алған алқызыл түсі қандай. Хош иісі ше… Ғажап алма. Неше түрлі өлең арна, жан бітіре суретін сал. Тіпті, Орал Таңсықбаев салсын, Жұмекен Нәжімеденов жазсын. Жете ме әлгі алмаға, өте ме сол алмадан сұлулығы, исі, дәмі, құ­нары, қорегі. Тұпнұсқа, «бүлінбеген», бол­ған өмір, бұлақтың тазасындай, саф тау­дың ауасындай адам көңілі. Гәп те, талант та, төгілген тер де, нәзік шеберлік те осындай өмір мен көңілді көркін қашырмай шынайы жеткізуде жатыр-ау…
Жалынды жас, қабілетті қойшы қыз Ұлбала – құмда өскен қызғалдақ десе дегендей, әдемі де ірі, үлбір де тірі  (шығармадағы бүгін де солмаған гүлдей қалпын айтып отырмыз). Құмда өскен қызғалдақ. Құм көркі ол. Өмір өрті ол. Ақылды да ажарлы ару. Иманды да ибалы қазақ қызы. Еңбегі арқасында табысы молайып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, өссе де, өзін ортасынан биік қоймаған, отбасының ырысын молайтқан, Қазақстан атты Отанының мерейін өсірген қыз. Тіпті, Ұлбала Ханжігітованың өзі де, соның ауы­лындағы, Шәуілдір ауданындағы қалған адамдар да, аупарткомның бірінші хатшысы Ұланбек Арғынбековтен бастап Ұлбаланың әкесі Көпжан, көмекші шопан Темірболат, кеңшардың директоры  Көпмағамбет Елемесов, бас мал дәрігері Өстемір Ескеров, тағысын-тағылар да нақты ғұмыр кешіп, мал басы көбейіп, жүгері егісі өнімділігі артып, халық тұрмысы жақсаруына үлкен үлес қосқан адамдар. Шығармада ауыл тынысы, қой өсірудің сыры мен құмның жыры ғана емес, кейіпкерлердің мінез-құлқы, сараланған сөз саптасы, дараланған характерлері де бар. Әрине, әуелі бас кейіп­кердің…
Осындағы тілші-журналист – шамасы, авторымыздың өзі.    
Сонымен, бұл шығарманың жанры не? Көркем очерк  пе, жоқ деректі хикаят па? Озық очерктен өсіп, деректі де көркем повесть деңгейіне көтерілген шығарма. Мұндағы еңбектің жемісті көрсеткіштері, алуан сандар мен деректер де туған жер – табиғат суреттеріне жалғасып, жарасқан. Басты кейіпкер – Ұлбала қыздың ой-толғаныстары, қам-керекеті мен жан қайраты ауыл өмірінің өрге басып, халық тіршілігі түзелуіне көмектесіп жатқанын аңғарамыз. Еңбекпен есейген, дала тілін түсініп, майталман мал маманына, ең бастысы – жаны таза, арманы биік, еліне қызмет етуді мақсат тұтқан Ұлбаланың тілшімен сұхбат үстінде: «Адам өміріндегі ірілі-ұсақты қуаныш, реніш, қорқыныш, күдік, уайым, сағыныш, сәтсіздік, олжа сиякты жайлар түгел есте сақтала бер­мейді ғой. Бір есептен ұмытылып кеткені де жақсы сияқты. Әйтпесе, соншама оқиға, фактілерді жадыңда сақтап, ұмытпай жүрудің өзі де кісіге салмақ, жүйкені, миды қажытатын ауыртпалық болар еді. Бірақ, сол шытырман өмір-оқиғаның ғұмыр бойы адам есінде еріксіз жатталып қалатын сәттері болады екен…», – дейтіні бар. Басқаша айтқанда, көбірек керек, атқарған жұмысыңды алға бастырған, өшпес із қалдырған негізгі сәт­тер. Жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлы да Ұлбала өміріндегі осындай сәттерді, маңызды мезеттерді нысана етіп, осынау құмда өскен қызғалдақтың желек жайып, жарқырай гүлдеуін жазып шыққан десек жаңылмаймыз.
Ал, «Қашқын» хикаяты – тақырыбы тосын ғана емес, әлеуметтік татымы да, әдеби тапқаны да тың туынды, күллі қазақ әдебиетіндегі елеулі де ерекше повестің бірі десек артық айтпаспыз. Оны оқып отырғанда менің есіме Шыңғыс Айтматовтың кезінде күллі кеңес әдебиетінде мазмұндық тұрғы­дан да, көркемдік белесі жөнінен де төң­керіс жасаған «Бетпе-беті» бірнеше рет оралғанын да айта кеткім келеді. Рас, бұл шығармада нақ осындай жұртты селк еткізерлік оқшау да «оғаш» ештеңе жоқ. Бірақ, мұнда да басты кейіпкер – қашқын, оның үстіне повестің сюжеті де бәлкім ту­ған әдебиетімізге бірінші рет және батыл да батымды жазылып отырған жәйт десек те болды. Шынында да, повестің оқиғасы – аласапыран, ал, айтар ойы – ауыр. Өмір танытқыштық қуаты күшті, тағылымдық түйіні тіпті келелі туынды. Әдетте көп көркем шығарманы оқисың, жаның байи­ды, тәлім аласың, жадырайсың, жақ­сарасың. Ал мынаны, көркем шығарма ретінде оқып қана қоймай, тікелей өмірдің өзінен ойып алынғандықтан ондағы кө­терілген өте өзекті мәселелерді шешіп, яғни, бүгінгі әскеріміз тыныс-тіршілігінде де орын алып отырған мұндай сұм­дықтарды жойып, түзеу қажеттігін түсі­несің. Тіпті, талап етуге де хақың бар.
Басты кейіпкер – өрімдей жас жігіт Ермахан әлсіздер қатарынан емес. Мық­ты жас қазақ. Есті, ақылды, жақсы жігіт. Әскерге Отанын қорғаймын деп барған адал жігіт. Рас, аңғал, әлі арманынан арылмаған жас. Алған тәрбиесі солай. Бірақ, жүрегімен сенгені мен өмірден көргені аспан мен жердей бөлек болып шықты. Рас, әскер қатарына кеңес кезінде барды. Тап болғаны – жәй әлімжеттік, әділетсіздік қана емес; бас­тан өткергені – қалыпқа сыймас қия­нат, зорлық-зомбылық қана емес, адам­­гершіліктен жұрдай айуандық. Фа­шизм­ге ұштасып жатқан қисынсыз қатыгездік. Сондықтан, ол әскер қата­рынан қашайын деп қашқан жоқ, мұндай қадамға амалсыздан барды.
Армия қатарынан қашып «құтылу» да оңай емес. Бұған құдай қарасты, кілең сәттілік тап келді. Кейде өмірде осылай болатыны да бар. Сондықтан, Шоқпар стансасынан қашқан жігіттің оңтүстікке жетіп, туған ауданымен жақсарлас өңір-ауылдың бір қиырындағы жалғыз үйлі шопан үйін паналап, қой бағып жатуы таң қалатын жағдай емес. Жігіт ағасы жасындағы Елен қойшыға осылайша жақсы көмекші табылды. Ол тындырымды Ермаханды туған інісінен кем көрмейді. Сұлу орыс қызы, қазақ жігітінің жары болғалы Тана атанған – Таня оны туған қайнысындай, бауырындай қабылдады. Повесте ашып айтылмаса да, оны қойшы отарына «қа­шырып», мұндай күйге түсірген – бұла өскен тағдыры. Еленнің махаббаты Танаға – қойшы өмірі қаншалықты қиын болса да – байыз таптырып, аяулы да ару ке­ліншекке айналдырған.
Ермахан күні бойы қой соңында. Болашағы әлі беймағлұм, ел көзіне түсе алмайтын қашқын жігітте қандай қалау бар? «Әне ұстап әкетеді, міне ұстап әкетеді» деген үрей. Әзір шығар жол жоқ тығырыққа тірелуі жан азабын үдетпегенде қайтеді? Әскерде бәріне шыдап еді; тек бір емес, екі емес, үнемі ар-намысын таптаған, мұны мал еткісі келген қорлыққа шыдай алмады. Шынында да әскердегі моральдық ахуал – түсініксіз парадокс, жабайы құбылыс. Біреуді қорлауға, намысына тиюге болмайтынын Елен мен Тананың үш жасар баласы Аршат түсінгенде «әскердегі қоркеуде, көркеуде офицер сымақтар мен «…жауынгерлерге не болған?! Адамгершілік, намыс, аяушылық, ұят, обал-сауап дейтіндерді ұмытқаны ма мүлдем? Ата-анасының, өскен ортасы мен мектебінің тәрбиесі қай­да? Қалайша адам бір сәтте бәрінен айырылып, хайуан істемейтін әрекеттер қылуға қымсынбайды?» (61-бет) «Ермахан бұл жайды казармада жүргенде-ақ, яғни әлгіндей құқайды көре бастағанда-ақ ойланған. Алғашында озбырларға бұл қылықтарының ерсі, масқаралық еке­нін айтып, тоқтатпаққа әрекет етіп те бақты. Бірақ, оның бұл айтқандарына құлақ асатын жан жоқтығына сол за­матта-ақ көзі жетті. Жүрексіздер мұны бұрынғыдан бес бетер қорлап, әбден титықтатты. Бәрінен де Ермаханның жігерін жасытып түңілдірген, жанына батқан нәрсе – кез-келген жерінен кез-келген сәтте кез-келген сотанақ солдат теуіп кетіп, ұрып кететін таяқ та, адамның ақылына сыймайтын қилы азап та емес…?» Мәнсіз, мақ­сатсыз жаттығу, сандалыс, сүрлігу, тәртіп атаулының нышаны жоқтығы да емес. «Бір озбыр топтың өзгелерге көрсететін қорлығы, адамның намысын, кісілігін, ізгілік атаулыны аяққа таптайтын шімі­рікпес қаныпезерлік еді…» (62-бет). «Сірә, осының кейбірі, тіпті, фашистік конц­лагерьлерде де жасалмаған болар.Ұру-соғудың неше түрін, темекінің тұқылын жалаңаш етіңе, бетіңе басып өшіру, тырнағыңның көбесіне, денеңе ине тығу, керіп қою, басыңды төмен қаратып іліп қою, тісіңді сындыру, көзіңді шығару, басыңды жару, бауыр-бүйрегіңді езу, аяқ-қолыңды сындыру сияқты тағы басқа толып жатқан тағылық тәсілдер көпе-көрнеу өзгелердің көз алдында жасалатынын қайтерсің! Ең сорақылығы – осының бәрінен командирдің де бейхабар еместігі. Шағым айтсаң, шара қолданбайтыны. Оның есе­сіне кешегіден әрмен сазайыңды тар­татының. Сондық­тан да, әлгілер мұны біреу біліп қояр-ау, естіп қояр-ау деп айылын жимайды…» (62-бет).    
Мен жаңа жоғарыда әскердегі осы мо­ральдық ахуал – түсініксіз парадокс, жабайы құбылыс деп жазып едім. Егер, осыны «Неге бұлай?» деп ойланып қарасаң, түсініксіз ештеңесі де жоқтығын және түсінер едің. Бұл – кеңестік қоғамдық жүйенің кері кеткенін, адамдық тұр­ғыдан іріп-шірігенін көрсетсе керек. Яғни, қоғам қандай болса, оның әскері де сондай. Тек қоғамның төменгі бір сатысы әскерде әділ емес, ноқай тәртіп үстемдік ететіндіктен әлгідей азғындық есе алып, жалаңаштанып, қоясы ақ­та­рылып шыға келеді. Гәптің бәрі – офи­­церлерде. Олар өздері әлсіз, надан, өресі төмен, 1932-1937 жылғы халықты қырып салған сорлы шолақ белсенділер сияқты шолақ болғандықтан солдат­тардың өздері тәр­тіп орнататын осындай оспадарсыз жүйе­ні қалайды. Өз басы аман, жоғарыға жетпейді және оңай тәртіп орнайды. Демек, бұдан шығатын қорытынды – басты түзеу керек, сонда қоғам да, әскердегі тобыр да түзеледі.
Ал, әзірше, Ермахан үшін әлгіндей азап-мазақтан құтылудың үш-ақ жолы бар: өліп тыну, көніп тыну, қашып құтылу. Міне, неге әскер қатарындағы кейбір жастар өзіне-өзі қол жұмсап жатыр?! Ал, амалсыз көнгендер құлға, айуанға айналғандарын өздері де сезбейтін шығар, кезегі келгенде өшін, есесін кейінгілерден қайтарады. Ал,  көнуді де өлу деп санаған Ермахан еріксіз үшінші жолға түсті. Қайдағы бір адам емес, айуандарға бола өмірін қиюды жөн көрмеді. Бұл жөн көрмегенмен, олар мұны бәрібір ажалмен айқастырды. Солардың ішіндегі үш әріптес емес, үш жендет. Қан көрсе есіріп кететін, «бағынбайтын» біреу таяқ жесе рахаттанатын қорқаулар. Содан бұл ауруханаға түсті. Жетінші тәулік өткенде ғана өзінің тірі қалғанын сезді. Мықты жүрек, сау қалған ішкі ағзалар Ермаханды 6 ай өткенде қатарға қосты. Онда да дивизия командирінің санитарлық-медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Дәулетовтың азаматтығы, ара түсуі арқасында. Бірақ, ол басқа жаққа ауысып кеткен соң, бұл қосымша емделуден, психологиялық адаптациядан да өтпеді, жендеттер де жазаланбады. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Шоқпардағы шоқпарлардың өз арттарын ашып несі бар; тіпті, Ермахан өліп кетпегеніне кінәлі секілді; әскери бөліміне оралған соң, ешкім қайта тиіспесе де, шеттетіліп, оқшау күн кешті. Міне, армияңдағы адамгершілік ахуал. Алайда жас адам мұндай қорлықты, көрген азабын қалай ұмытсын. Жендет­терін көргісі келеді. Ең болмаса бірінің айтылып жидырғысы келеді. Мұның үстіне қабылдаудың түрі әлгі. Оның үстіне бір күні ымыртта ол әлгі үш жендеттің еңгезердей біріне жолықты. Жас сарбазды екі өкпесін тепкілеп, есек қылып мініп алған. Асханаға өтіп, кетті. Ермаханның мынадай қорлықты көргенде қаны басына шапты. Қайтуын күтті. Тағы «есек» мініп келеді. Ермахан әлгіні жұлып алып, әрине, сазайын бере бастады. Ал, оның «көлігі» – құл болып қалған байғұс бұған алғыс айту орнына ананың айтқанын істеп, көмек шақыруға казармаға жүгірді. Енді не істеу керек? Тағы таяқ жеу, өліммен беттесу керек пе? Жоқ, әрине. Ермахан әскери бөлімнен қашуға мәжбүр болды. Ол осылайша қойшы  Еленді тапты, Танаға жолықты. Үш жасар Аршаттай іні-бауыр тапты.
Адам жамандыққа жолықса, иттік қоршаса, жаман бола түседі. Өз басы жаман-ақ болмасын, жамандық – иттік жұғады. Ал, жақсылыққа жолықса және үнемі ізгілік, мейірім, махаббат қоршаса, адам өзінің де біреулерге керек екенін, адам екенін ұғып-сезіп жақсарады. Талай айлар жүнжіп, баршадан күдіктеніп, жалғызсырап, тұйық күн кешкен Ермахан, енді, адам қатарына қосыла бастады. Міне, мұның бір мысалы: «Сол күннің тап ертеңіне қой соңында жүріп мынадай жұмбақ ойлап шығарды:
Туысқан бес кісі, 
Бірінен бірі кіші,
Ең кішісі – шеткісі. 
Аршат… бала емес пе? Оның мына шы­ғарған жұмбағына қатты қуанды. Күн ертерек батып, балдырғанмен жүздесер сәтті асыға күтті сол күні Ермахан. Әскер­ден қашып кеткелі бері адам атаулыға жо­лықпауға тырысып, ертеден қара кешке дейін қой соңында жападан жалғыз жүріп, кісікиіктеу бола бастаған балаң жігіт бүгін тұңғыш рет өзінің әлі де біреулерге керек екенін сезініп, әлденеше айдан бері алғаш рет адамға жолығуға асықты…» (58-59-беттер).
Жаны жаралы, қапалы Ермахан өзінің де біреулерге, әсіресе, бала Аршатқа керек екенін қазір ғана анық, ашық сезінгенмен, ол қойшы Еленге де, оның әйелі Танаға да керек екенін біледі. Әрине, өз үй-ішінің, ағайын-туыстарының мұны іздейтінінің басы ашық. Әттең, әзір бара алмайды. Әсіресе, Тананың Ермахан дегенде жаны бөлек. Басқа түскен тағдыр, жалғыздық ортақтығынан ба екен. Оның үш бірдей ағасы іздеп келгенде: «Ермахан қалай қуанар екен десеңші енді?!» –  деді Тана екі көзі отша жайнап». Бұл бәлкім бетін әлі қыз ашпаған жас жігіттің балғын тазалығына, адамшылығына деген де бір жұмбақ ықыласы шығар. Өбектеп жаны ашып, қылаусыз күтетіні де соның көрінісі болар-ау. Ағалары келіп кеткен күннің ертесіне, тіпті, бұл мейір-пейілі ашыла түсті. «Ермахан жеңгесінің көзінен бұрын көрмеген мейірім бе, қуаныштың ізі ме, бұған түсініксіздеу ықыластың жылт еткен сәулесін байқағандай. Сәл желеңдеу, ықшам, ашық түсті көйлектерінің бірін киіп шыққанда Тана көркіне көрік қосып құлпыра түсетіні бар. Сәл толқындана барып желке тұсын жапқан алтынсары, қою шашы өзіне жарасып-ақ тұр. Аппақ ақ маңдайына үйлесе қалған қияқтай қара қасы танадай жарқыраған, бірақ, ылғи да кірбің айықпайтын мұңдылау бота көзінің сұлулығын еселей түсіп, ұшынан қызғылтым нұр сейілмейтін үлбіреген екі бетінің, кез келген кісінің назарын сөзсіз аударатын сұңғақ мойнына іле салған лағыл түсті моншағы, маржандай тізілген аппақ тістері, Тананың жайшылықта да ешнәрсе көлеңке түсіре қоймайтын әсем көркін түрлендіріп жіберіпті…» (103-бет). Шебер қаламнан туған әдемі портрет.
Ермахан таңғы ас дастарқанына отырды. Жайнап тұр. Ерекше.
«– Тана, мына қуаныш, мына той кімнің құрметіне?!
– Ал, тапшы себебін? – деп жарқылдай күлді Тана.
– Імм… менімше, не көкемнің, не өзіңнің туған күнің шығар! Аршаттың туған күні бүгін емес екенін мен білемін.
– Құттықтап қойсаң болар! Менің ту­ған күнім еді! – деп оң қолын ұсынған күйі құшағын жайып Ермаханға қарай қадам басты. Сол сәт жігіт те қысылып, қым­сынғанын ұмытып, Тананы бауырына басып, екі бетінен кезек-кезек сүйгені сол еді, келіншек те мұны құшқан күйі мұның бауы­рына кіре түсіп, екі бетінен алма кезек құ­шырлана сүйді де, үшінші жолы тап сол шапшаңдығын бәсеңдетпестен жас жігіттің балбыраған балауса ернін көме сүйіп алды…» (104-бет).
Екеуі де қызарақтап, бойларынан тоқ соғып өткендей тұрып қалды. Тана дереу ес жиып, сыртқа шығып қайнаған самаурынды әкелді де, түк білмегендей шәй құя бастады. «Е, айтпақшы, орыстар сүйіскенді оғаш көрмейтін емес пе еді» деп  ойлаған Ермахан Тананың сыр бермегенін көріп, бірден сабасына түсті. Арада бірер күн өтті ме, өтпеді ме, Еленге ауылдан хабар келді. Ұлы Отан соғысынан жарымжан болып оралған, былтырдан бері ескі дерті қозып, қатты ауырып жатқан әкесі шақыртыпты. Дереу жету керек. Анау-мынауды Танаға тапсырып, Ермаханға айтарын содан айтып, жүріп кетті. Қайтыс болса, әрине, кідіріп қалады.
Елен бір емес, бірнеше күн кідірді…
Ал, мұнда Ермахан Танамен табысып, айдай сұлу ақ келіншектен тоят алып, рахат көріп жатты. Көрсеқызарлық па, жоқ Тана мұны қойнына өзі алды ма? Бұл да бар шығар, бірақ, екеуінікі де – шын сезім. Өмірінде тұңғыш рет Тананы құшып-сүйіп әйел етегін ашқан Ермаханның тазалығы даусыз болса, тағдыр теперіші мен қойшы ауылынан бір-ақ шыққан орыс келіншегі он екіде бір гүлін өзі ашқан Ермаханды олқылығын толтырған тағдыр сыйындай көреді. Өмірде мұндай да болады деп қарамай, мұндай мөлдір махаббат та ұшырасады десек шындықпен қоңсы қонармыз.
Тағдыр. Алла тағаланың маңдайға жазуы. Елен сол кеткеннен оралмады. Әкесін жерлеген соң ертеңіне өзі өмірден өтті. Кенеттен … Танаға тағдырдың ауыр соққысы мұнымен де тынбай, ол тағы жалғыз қалды. Енді, тапқан Ермаханынан да айрылып. Отарға қойды қабылдау үшін комиссиямен бірге келген милиционер Ермаханды ұстап, іздеуші әскердегілерге тапсырды.
Жас жігітке бұрынғы уайымынан да, мына, соңғы ағасы мен жеңгесінен, отаны санап, бауыр басып қалған үйі мен жұ­мысынан бір сәтте өлісінен өлідей, тірісінен тірідей айырылғаны қатты батты. Ішкі іс­тер бөлімінің камераға қамауы түк емес, әскери бөлімге барған соң түрмеде жатты. Хат та, хабар да жоқ ешкімнен. Тоғыз ай – қапас… Жалғыздықтан жабығу. Тергелу. Болашағының белгісіздігі. Кілең аяқ астынан осындай қиындық, қайғы, бәлелерге тап болғанмен, Ермахан жақсылықтарға да осылай аяқ астынан тап болатын. Әскерден қашқанда нақ солай болса, енді, мына сот пен оттан да солай құтылды. Ең бастысы – осы тұста еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Осыған орай шығар, әскердегілер де әділеттілікті ойлай бастап, тергеу де дұрыс жүрді. Адвокаты өз міндетін ақтады. Бұған қоса мұны іздеп Танасы келді Аршат інісімен. Оның полковник Тасболатовқа кіруі де оң әсер етіп, ақыры ақиқат жеңді. Ермахан әскерден қашуы қылмысқа саналса да, бұл қадамға неге барғаны, тоғыз ай қамақта жатқаны ескеріліп, біржолата ақталып шықты. Сөйтіп, Ермахан өз отбасына қосылды. Әрине, бұлардың алдынан әлі де талай тар жол-тайғақ кешулер кездесер. Өйткені өмірдің аты – өмір… Десек те, жосықсыз қиянат, қаныппезерлікке ұштасар әділетсіздікке жолықпас. Екеуі бақытты болар деп сенеміз.
***
Айтпақшы, кітаптың «Повестер» бөлі­мінде тағы бір «Мың жасаған адам» атты шығарма бар. Бірақ, бұл – біріншіден, шығармадан үзінді, екіншіден, жолжазба екен. Жақсы, жатық өрілген көркем очерк. Автордың ұлы ғұлама бабамыз, «Мың жасаған адам», Шығыстың екінші ұстазы Әбунәсір әл-Фарабидің Сирияда жатқан зиратына бір топ белгілі адамдармен: араб тілінің маманы, ғалым – қайраткер, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлиев, Әбу­нәсіртанушы отырарлық азамат Абдолла Жұмашев, осы ауданның сол кездегі әкімі Әлімжан Құртаев және «Хабар» теле­арнасының түсірушілері бірге барып, басына тағзым етуді ұйымдастырып, туған жері – отырарлықтар атынан топырақ салған, игі де ізгілікті сапары баяндалған туынды танымдық жағынан да, тағылымдық жолынан да тартымды түзіліпті.
Ашығын айтқанда, жеке адамның – Жарылқасын Нұсқабайұлының осындай мем­лекеттік шараға ұштасқан, негізгісі – ұрпағының бабасын іздеп барып, рухымен жүздесуіне ұласқан тарихи сапарды өз қаржысына ұйымдастыруының өзі  атап айтарлықтай ерлік теңдес еңбек болса, екіншіден, бұл сапардан Шам шаһары мен Оңтүстік Қазақстан өңірінің Отырар жерінде жарқын із қалып қана қоймай, мынадай әдеби-көсемсөздік туындыға ұласып, өшпес-өлмес хатқа түсуі және бір мәдени-рухани олжамыз екені талас тудырмаса керек.
Жалпы, бұл шығармадан да алар білім, қалар тәлім аз емес.
Басқасын былай қойып, мына бір-ақ мысалдың мазмұнына үңілелікші: «Арада екі-үш күн өткенде Дамаск қаласының тап ортасындағы алаңқайда кітапқа қойылған ескерткішті және Алеппо қала­сының кіреберісіне ұлттық музыка аспабы Удқа ескерткіш орнатқанын көргенде бұл халықтың рухы да, өмірдегі өлшемі де түу биікте екенін өзім де ұққандай күй кештім…» (262- бет). Мұның бәрін айтпағанда, арада мың жыл өткенде (дәл есептен отырған жоқпын) ұлы Әбунәсір әл-Фараби бабамыздың мәңгілік мекенін іздеп барып, басына туған жерінің жусанып жастап, қабіріне топырағын салып қайту – ал, айтыңызшы, осал-олқы іс пе?! Лайықты ұрпақтың ғана қолынан келер іс, шын тектіліктің белгісі емес пе?!
Бұлай талдап, кітаптағы керек жер түгіл өте керек жердің бәріне тоқтала берсек, аталмыш кітаптың үшінші эссе-естеліктер бөлімінің өзінде ордалы ойлар, өнегелі өмір шындықтары, асыл рухани қазына үзігі, маржан сөз үлгісі аз емес. Соның бәрі­не емес, бастыларының да бір-екеуіне ғана сәл зер салумен қанағаттансақ дейміз. Мәселен, шоң Шыңғыс Айтматовтың бейнесін біз білмейтін бір қырынан ашқан «Киелі есім» атты шағын естелік шалқар әсерге бөлейтіндей. Иә, атақты, адамзаттың Айтматовы біздің ағамыз Жарылқасын Нұсқабайұлын жақсы көрсе, қадірмен тұтса, үйіне қонаққа қымтырылмай келіп, оның немересіне өз есімін қойып кетсе… Қалай қарайсыз, бұл өмірдің өз өрнегі – керемет дерек емес пе?!
«Мұхтар Шаханов Қазақстанның сол елдегі Төтенше және толық өкілетті елшісі еді (Сол телефон соғып тұр): 
– Жақа, біздің Бішкекте үлкен той болып жатыр, келмейсіз бе? – деді амандық-саулық сұрасып болар-болмас.
– Барайын, қандай той – ол үлкен тойың? – деймін…
– Қырғыздар бүгін Шықаңның омырауына осы елдің ең мәртебелі наградасы, біздің «Халық қаһарманымыз» сияқты жұлдызын тақты. Нөмірі бірінші жұлдызға Шықаң лайық десе керек…» (268-бет).
Содан қырғыздар жұлдызды жуу үшін Айтматовты ресторанға шақырады. «Ресторанда демалудың орнына шаршап қаламыз. Естіген, көрген жұрт құттықтаймыз, автограф аламыз деп бассалбайды ма?» деп Шықаң көнбейді. Енді үйлеріне шақырады. «Біреуіңнің үйіңе барсам, қалғандарың өкпелейсіңдер ғой. Ол да болбайд», – дейді Шықаң. Сонда оны Мұхтар Шаханов үйіне шақырады. «Сенімен ешкім таласа қоймас», – деп Шықаң қазақ ақынының үйіне баруға келіседі. Осы себепті Шаханов Жақаңды шақырып жатыр екен. 
Сонымен, Жақаң қасына жеңгеміз Ға­лияны ертіп, ұлы Асқатты рөлге отырғызып жеңіл көлікпен Бішкекке жолға шығады. Мұхтардың тойға шақыруы, Шыңғыс Айтматовпен жүздесу – қуаныш па? Әрине. Мұның үстіне Жақаңдар үйінде кеше ғана келін босанып, титтей немерені перзентханадан шығарып алыпты. Бұл қуаныштың қуанышқа ұласуы емес пе?! Содан бұлар Бішкекке жетіп, ұлы қуанышқа ортақтасады. Сөз өзіне тигенде кейіпкеріміз:
– Кішкентайлығым шығар, тоғыз жасымда өз әкем Герой атанып, тап осындай Жұлдыз таққанда да қуаныш құдіретін нақ бүгінгідей айқын сезіне қоймаған едім, Шықа… Сол қуаныш қанат бітіргендей желдей ұшып, жұрттан бұрын жеттік…, – дейді.
– Шықа! – деді енді Мұхтар, – айтпақшы, Жақаңның былтыр өзіңіз тойына барған келіні босанып, ұл туды!
– Құтты болсын! Атын қойдыңыз ба? – деді Шықаң маған қайырылып.
– Айтсын, Шықа! Жаңа Алматыдан осында жеткенше немеремізге қандай ат қоятынымызды, бүгінгі кеште кімнің есімін сұрайтынымызды келісіп алғандай болдық.
– Онда ол атты алыш керек, оны қойыш керек, сосын жуыш керек! – демесі бар ма?!
Жұрт ду қол соғып, мақұлдап, Шықаңа қошемет көрсетті.
– Рақмет, Шықа, келісім бергеніңізге! Ендеше осы отырған баршаңызды ертең кешке біздің үйге, Алматыға шақырамын! Тойды Алматыда жалғастырайық, – дедім мен орайын пайдаланып.
– Олай болса біз енді Алматыдан ұшамыз. Ташкенттің билетін өткізсеңдер де болады. Ертең Жәкеңнің үйіне барып, баласына ат қоямыз, –деп Шықаң енді тоқетерін бірақ айтты…» (270-271-беттер).
Бұл сөз айтылып қана қоймай, жүзеге асты. Той Алматыда жалғасып, ұлы Айтматов Жарылқасын Нұсқабайұлының неме­ресін қолына алып, өз атын беріп, құлағына: «Сенің атың Шыңғыс болды. Атыңа лайық бол!» – деп үш рет дауыстады.
Жақаңның отбасында жас Шыңғыс өсіп келеді.
«Жалған сөйлеп, жалтақтамайтын еді» деген естелікте айтулы азамат, қаламгер, қайраткер Кәкімжан Қазыбаевтың тұлғасы бейнеленген, характері ашылған.
Қалған «Киелі де өшпес мұра», «Намыс», «Өзекең ондай жандарды жазбай танитын», «Адамдықтың өлшемі», «Мен Ғабеңнің арқасын қалай ыстым?», т. б. дүниелер де осындай айтары бар, өнермен өзектес өрнектер. Халықтың ежелгі және жаңа тарихы – шежіре. Өзбекәлі Жәнібеков. Ғабит Мүсірепов. Шәмші Қалдаяқов. Сыршыл ақын Ғали Ормановтың өз өлең кітабына қолтаңба жазып беруі. Тауман Амандосов. Гимннің ана тіліміздегі төл баламасы туралы ой үзігі. Қай-қайсысы да қазіргі күнге қажет, өтіп кеткен өмірдің өшпес өрнектері.
Аталмыш кітап туралы ой-пікірімізді осымен түйіндеуге көшсек те болғандай. Әрине, қаламгер-журналистік Жарыл­қасын Нұсқабайұлының бір-ақ қыры, бірақ, біздіңше, басты қыры. Оқырман ретінде, әдебиет сыншысы ретінде аз болса да саз жазылған шығармаларға сүйініп, осыған да қанағат дегенімізбен, өкінуге де болады. Ол өнімді жазғанда талай қазыналармен табысар едік-ау деп. Қазір де кірісіп жатса, ештен кеш жақсы. Ал, ағамыздың басқа қыр-сырлары ше? Баспагерлігінен бөлек қоғамдық қай­раткерлігі. Аға ретіндегі азаматтығы. Орыс әдебиетінің қарымды да дарынды аудармашысы екендігі. Қысқасы, бұл кісі – Жарылқасын Нұсқабайұлы ту­ралы әлі де міндетті түрде айтылар сөз жетерлік. Ал, бір-ақ қырын танып, соны ғана жандырып, қалған қырларын ескерусіз қалдырып, Толық Адам Жа­рыл­қасын Нұсқабайұлын білмеу, танымау – шындыққа қиянат, әділетсіздік те болар. Ендеше бұл тұрғыдағы сөздерді келер күндердің еншісіне берейік. Әзірше осымен…
Тәмат тамам!

 

Алдыңғы «
Келесі »