АҚТАН – ЛИРИК АҚЫН

  • 03.04.2015
  • 878 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аңдатпа. Мақалада Батыс өлкесінің белгілі ақыны Ақтан Керейұлының шығар­машылығы, өлеңдеріндегі лирикалық та­қырып сараланады. Ақтан өлеңдеріндегі авторлық «меннің» көрінісі талданады. Батыс өлкесінің өзге ақындары Аралбай, Ұзақ­бай жырау, Қашаған ақындар өлең­дерімен салыстырмалы талдаулар жүр­гізіледі.


Түйінді сөздер.  Ақпар, тақтақ, лирика­лық образ, тыңдар әлеумет, мысқыл әжуа Ақтан Керейұлы (1850 ж.т., қазіргі Ақтөбе обл., Байғанин ауд.1912 ж.) – қазақтың суырып салма ақыны, Атырау өңірі Маңғыстау, Жем, Сағыз, Хорезм аймағына белгілі Абыл бастаған ақындық ортаның көрнекті өкілі [1, 208-209 бб]. 
Абыл, Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым,
Осылай деп маған үйреткен,
Тарихтың ескі ақпарын [2,7-8 бб], – деп Қашаған ақынның зор бағалауына ие болған. Көне ақындық дәстүрден нәр алып, Сыпыра, Шалкиіздердің терме-толғау үрдісінде жыр тудырған, Батыс өлкесіндегі Шернияз бен Махамбет мұраларын жас­тайынан бойына сіңіріп өткен ақынның суырып салмалық өнері де болған. Сол себепті, ақын мұраларының жинақталып, қағаз бетіне хатталып түсірілуі кештеу қолға алынды. Батыс өлкесінің ақындарын зерттеген Қ.Сыдиықов зерттеулерінің бас­ты нысаны да Ақтан ақынның мұрасы болған еді. Ғалымның зерделі еңбегінің нәтижесінде Ақтанның өлең, толғаулары 1967 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұс­қалары», 1972 жылғы «Ақберен», 1982 жылы жарық көрген «Өсиетнама», «Бес ғасыр жырлайды», 1995 жылғы «Жыр Дария», 1997 жылы шыққан «Абыл, Нұрым, Ақтаным», «Ай, заман-ай, заман-ай» жи­нақ­тарына  енді. Ақтанның өмірбаяндық кезеңдері, ата тегі жөнінде мәліметтер көп айты­лып келеді. Ақынның бет-бейнесі  Қаби Молдажановтың айтуынша ғалым зерт­­­теулерінде былайша келтіріледі: «Ақ­тан орта бойлы, селдір сақалды адам еді. Жыр, толғауды домбырасыз да, жай отырып та айта беретін, – дейді» [3, 233 б]. «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастанының бірқатары Атырау, Қарақалпақ аймағына осы Ақтан арқылы тараған. Одан бұл жырларды Қашаған, Нұрпейіс секілді ақындар үйренген. Ақтан Керейұлы 1850-1912 жылдары өмір сүрген ақын. Маңғыстау, Ақтөбе өңірін мекендеген.
Сақилықпен көп кездім, 
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, Табын, Жетіру –
Кіші жүздің аймағын, – дегенде ақын Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Маңғыстау, Аты­рау өңірлерін аралап, Нұрым, Қаша­ған, Қоспақ, Жаскілең, Нұрпейіс, Құлманбет, т.б елдің дуалы сөз майталмандарымен бірге жүр­ген. Ақын өлеңдерінде ирония да, сарказм да, өткір мысқыл әжуа да қатар жүреді. Ақынмын деп сөз қуған өлеңшілерді Ақтан былайша сипаттайды:
Кейбір жаман жыршылар,
Әшейінде ақтарып,
Сатып жүр жырын теңгеден.
Менің сөзім аяусыз,
Аға менен жеңгеден.
Тағы бірде:
Сөз баққанмен сумаңдап,
Сөйлемейік суаңдап… деп сөздің қа­діріне жете білуді өмірдің өтпелілігімен ұштастыра бейнелейді.
Ақын өлеңдерін жанрлық жағынан былайша топтастыруға болады:
1) тұрмыс-салт тақырыбындағы өлеңдері («Тойбастар», «Көңіл айтуы», «Бата»);
2) өмір, дүниенің өтпелілігі жайындағы философиялық толғау-термелері («Аяғына қан түссе», «Біріншіден не жаман»);(«Замана жайында», «Кәріліктің белгісі», «Бұл мәжі­ліс белгісі», «Жайық деген жанды су», «Болжау сөз»);
3)Батырлықты дәріптеген жырлары («Ер­­лік жыры»);
4) Риторикалық сұрақ-жауап өлеңдері («Біразырақ сөйлейін», «Тыңдасаңыз сөзім­ді», т.б)
5) лирикалық сарындағы өлеңдер («Ақ­қулар көркем көрінер», «Мамығын төгіп қаз бен қу», «Қаражан қызға»). 
Ақын өлеңдеріндегі шоқтығы биік жырлар циклі – Қаражан қызға арнаған мұңды махаббат өлеңдері. Қаражан қызға ғашықтық сарыны былайша өріледі:
Үдеріп елім көшті Барқын құмға,
Қаражан, қайда кеттің, халқың мұн­да.
Сен кеттің бір жат елге бауыр басып,
Мен қалдым баулы құстай 
            талпындым да.
Қимастық, жан тебірентер лирикалық желі тартылған өлеңде ғашықтық, өтпелі өмір, сүйгеніне қосыла алмаған, «сыздаған» сағыныш бар. Ақтан ақынның «Тойбастарында» да фольклордағы қыз ұзату дәстүрі суреттеле отырып, қыздың ата-анасының байлығы емес, ажары, көркіне баса мән беріледі.
Айырған алтын реңді,
Күміске меңзер өңдерің.
Әдемі, артық баласың,
Майда бір нәзік сөздерің.
Жүз тоқтатып қарасам,
Лағыл, жауһар көздерің…
Ауыз әдебиетіндегі қыздың ажарын сипаттау үлгісінде жыр жалғасады. Метафора әдісін молынан ұшыратамыз. «Мен ақ бауыр кер жорға//Әдемі басқан аяғын//Қарасаң, көзің жеткісіз,//Жылмиып жатқан даламын».
Жыраулық, ақындық поэзияда жиі қолданылатын поэзиядағы  «мен» Ақтан шығармаларында да кездеседі. Зерттеуші Л. Тимофеев «лирикалық образ арқылы нақты адамның жан тебіренісін көре оты­рып, оның осы толқуына себеп өмір­лік биографиясын да түйсінуге» бола­тындығын [4, 350 б.], зерттеуші Г. Поспелов «лирика – ақын жүрегіндегі эмоциялық көңіл-күйді жеткізуші, ал, эмоциялық ойлау – медиативті (толғаныс) тіл» [5, 106 б.] деген анықтама береді. Кеңес дәуірінің зерттеушісі Л. Гинзбург.
Зерттеуші Т. Тебегенов ақындық поэ­зия­дағы автор тұлғаның айқындалуына қатысты «меннің» 3 түрде көрінетіндігін айтады [6, 65 б.].
а) шығарма иесінің өзінің тұлғасын, яғни, лирикалық «менін» айтуы;
б) шығарма иесінің өзіне-өзі мінездеме беруі;
в) шығарма иесінің туындысында оның өмірбаяндық кезеңдерінің көрініс табуы. Біз өз мақаламызда  ғалым Т. Тебегеновтың бұл саралауын негізге ала отырып, поэзиядағы ақындық «меннің» көрінуін былайша бөліп қарастырдық.
3) Ақындық талантты білдіру үшін қол­данылатын шығармашылық «мен». Ақын – көркемдік тіл қуаты құнарлы, сөзі шымыр, ойы алдаспандай өткір творчество адамы. Ақынның жұрты алдындағы беделі қандай? Осы мақсатта біздің қарастырған шығармашылық «мен» туралы таратып айта кетейік. 
1) Ақын өзінің сөзін тыңдар әлеуметті сағынады. Бұл әсіресе толғау-жырларында анық байқалады.
Ақтан:
Әлеумет, келдің құралып,
Сөз базарын құралық.
Айтулы жүйрік мен едім,
Алысқа шапқан шұбалып.
Майлықожа:
Бісміллә деп бастайын,
Ал, жақсылар, тыңдаңдар
…Бұлбұлың келді сайрауға
Миуалы гүлдер дарағым 
Базар жырау:
Көре алмай халқым сендерді –
Көптен бері көбеңсіп,
Қалыппын тоғым шайқалмай. 
2) Ақынның білгірлігін, білімін сынға салуы. Бұл ақындар тілінде өткен ғұлама-шайхылардың есімін тілге тиек етуімен байланысты. Және де әр өлкенің дәстүрлі ақындық орта ықпалын да анықтайды.
Ақтан:
Расул, Имам Ағзам, Арыстан бап
Солардан реушен жарық бізге тарап.
Әулие Құл Қожа Ахмет діннің шамы,
Күндіз-түн зікір айтқан 
Хаққа мадақ…
Ұзақбай жырау:
Қожа Ахмет Иассауи
Пірден пірге төре екен.
…Зарыққанды жебеген,
Құр емес дейді зайырдан.
Базар жырау:
Ғали-Сина, Фирдоуси,
Орасан озық білгірлер,
Шыққан дейд тәжік, парсыдан.
Әбубәкір, Науаиы
Шығыпты айрықша ғалымдар
Өзбек пен қазақ халқынан…
3) Ақындардың сөз қағыстыруында бір-біріне өр талаптар қойып, ақындық қуа­тын қайрап, шамырқана толғайды. Өзін көтермелеп, қарсыласын кішірейте сөйлеуі − ежелгі ақындық айтыстың дәстүрлі әдісі. 
«Қашағанның Ізбаспен айтысында»: 
Сен – бір жабы, мен – тұлпар,
Сен қарға да, мен – сұңқар,
…Мен – теңіздегі кемемін.
Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің.
4) Ақынның топ алдында өзінің ақындық қарымын таныту үшін бейнелі метафоралармен беруі.
Ақтан ақын:
Мен – Адайдың Ақтаны,
Сөйлемес сөзім тақталы.
Бөгесе бөгет бермейтін,
Қаратаудың ақпары, –
Немесе:
Мен ақ бауыр кер жорға
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын.
Базар:
Тереңдігім теңіздей,
Қайратым – қоңыр өгіздей.
Қалнияз:
Табаны тайпақ сүргінмін,
Тауысқан топты жорғалап.
5) Халықтың өлең-жырға құмарын қандыру да ақынның қаумалаған көпшілік алдындағы парызы саналатын. Мұнда ақын көп сусынын қандырар халықтың қалаулы азаматы, той-думанның дүлдүлі ретінде танылады.
Ақтан ақын:
Қаумалап халқым келгесін,
Селдетпей топан жел сөзді,
Көрінбейін бекер жек…
Таңдайына татымас
Абыл менен Нұрымнан
Дәніккен жұртым секер жеп.
Базар:
Құмарын тарқат алқаның,
Ықыласын көптің қайтармай.
6) Ақын жүрегіндегі жан толқынысын, шерлі мұңын  жеткізеді. Перзентке зар болу мұңы – қазақтың фольклорлық мұраларынан бастау алған, кейінгі жыраулық поэзияда да жиі қозғалған тақырып. Батыс өлкесі ақындарында:
Аралбай:
Еңсесі кеткен жүйрікпін,
Еріксіз шауып бұланған.
Қайғы толса қалыбыңа,
Ұшқындап шығар зыбаннан.
Ақтан ақында:
…Оныншыдан не жаман,
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Бір перзенттің жоғынан,
Мұңдық болсаң-сол жаман…
Ғалым Б. Кәрібозұлы лирикалық және ақындық «меннің» бір ұғым еместігін көр­­сете келе, біз саралаған шығар­ма­шы­лық «меннің» «ақындық көңіл-күй­ге, түрлі психологиялық сәттер мен сезім­дерге негізделіп дүниеге келе­тін­діктен, онда жалпылық сипат басым, жеке ақынның ғана емес, адам бала­сының барлығының басында болатын жағдайлар жырланатындығын» айтады [7, 23 б.]. Зерттеуші Б.Кәрібозұлы біздің мақаламыздағы шығармашылық және эле­гиялық «менді» біртұтас  ақынның ішкі сезі­мін, толқынысын танытатын тұтас лири­калық «менге» сыйдырып отыр. 
Қорыта айтқанда, ғалым Қ.Сыдиықов «Ақтан аты ерлік толғауларымен шыққан» десе де, ақынның өлеңдеріндегі сыршылдық сарынды жоққа шығаруға болмайды.
Айдынға үйрек, қаз керек,
Сұлуға құшақ, наз керек,
Жырға әуез бен саз керек,
Теріге пұшпақ баз керек,
Тері жаймай Ақаң не қылсын
Заманға қарай саз керек.
Әдемі лирикалық сарынның астарында әлеуметтік жағдай көрініс береді. Өйткені,  Ақтанның кедейшілікпен жоқшылықта, тері илеп, жалданып жұмыс жасап жүргенін көргендер оның бұл ісін сынға алады. Сондағы ақынның қайтарған жауабы екен делінеді.  

А. Бүркітбаева 
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Маңғыстау энциклопедиясы.-Алматы: Атамұра, 1997.—384 б.
2.Нұрдәулетова Б. Маңғыстау ақын-жырауларының тіліндегі ерекше сөздердің түсіндірмесі  («Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәніне қосымша оқу құралы). Алматы: үш қиян, 2003.-72 б.
3.Сыдиықұлы Қ. Ақберен. ХҮІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары.-Алматы: «Нұрлы әлем» баспасы, 2007.-576 б.
4. Тимофеев Л. Советская литература. – Москва: Советский писатель, 
1964. – 524 с.
5. Поспелов Г. Теория литературы. – Москва, 1978. – 351 с.
6.Тебегенов Т. Ақындық поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі.   Әдеби процесс. Авторлық поэзия. Ақындық өнер психологиясы: Филол. ғыл.      д-ры дис. автореф. – Алматы, 2002. – 65 б.
7. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты: Филол. ғыл. д-ры дис. автореф. – Алматы, 1997. – 23 б.

ACTANE POET LYRIC POET
The article discusses the lyrical poetry themes of the famous poet from the west region of Aktan Kefeyuly. The analysis is given of expression «I» of the author s yerse. A comparative analysis is conducted on poems of other west region poets, sush as Aralbay, Uzakbai zhyrau and Kazhagan akin.
Key words: Iyrical image I of the autho s verse, genre tolgau poetic heritage.

Алдыңғы «
Келесі »