Шетел тілі сабағында деңгейлеп оқыту технологиясы негізінде студенттердің сөйлеу дағдысын дамыту жолдары

  • 03.04.2015
  • 2099 рет оқылды
  • Пікір жоқ

XX ғасырдың аяқ кезіндегі педа­гогикалық ой-тұжырымдардағы ізгілік идея­лары, еркін білім беру, студенттің жеке тұлғалық күшін дамыту үшін жо­ғары мектептің алдында оқытудың және тәрбиелеудің жаңа технологияларын қол­дана отырып, жеке тұлғаның дамуына жо­ғары  мектеп ортасында қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындайды. 


Педагогика ғылымының докторы, Ж. Қа­раевтың деңгейлік оқыту жүйесі туралы іліміне сүйеніп, шет тілі бойынша деңгейлік тапсырмалар дайындауға болады. Өйткені, қазіргі экономикалық жағдай оқытудың жаңа үдерістерін талап етуде. Сондықтан, ғылыми ізденіс барысында педагогика саласындағы оқытудың деңгейлік жүйесі студенттерге  ғылым негізін мең­гертудің негізгі тиімді жолы болып табылады. Деңгейлік оқытудың ерекшелігі – студенттердің сабақ барысында бірнеше деңгейде жұмыс жасай алатындығында. Сонымен бірге, қазіргі инновациялық тех­нологиямен оқыту барысында компьютер мен оларды басқарушы алгоритмдер біздің қоғамымыздың маңызды бөлігіне айналды. Олай дейтініміз, бүгінгі тандағы жаңадан шығып жатқан электронды оқулықтар студенттің жа­ңаша оқытылуын, жаңа оқу әдістерін, жаңа мазмұнды қажет етеді.
Оқытудың жаңа технологиясының бірі – жоғары оқу орындарында шет тілін  дең­гейлік тапсырмалар арқылы оқыту болып табылады. Студенттерді  деңгейге бөліп оқытуға бола ма, оның қандай тиім­­ділігі бар, деңгейге бөліп оқытудың өзіндік ерекшеліктері қандай және жеке тұлға тәрбиелеуде қандай көмегі бар деген сауалдарға тоқталсақ, деңгейге бөліп оқыту кезінде студенттердің тәжірибелік-теориялық дайындығын, оқуға деген ынтасын, дара қасиетін, әлеуметтік-психо­логиялық сұранысын ескеру талап етіледі. Сондықтан да, тиімді дәрежеге жету үшін студенттің  білім мен тәрбие деңгейіне бай­ланысты жұмысты ғылыми түрде ұйым­дастыру қажет.
Шет тілінде деңгейлеп оқыту техноло­гия­сын ағылшын тілі сабақтарында қолдану – сабақтың білім сапасын кө­те­рудің маңызды факторларының бірі болып, тиім­ділігі тә­жірибе жүзінде дәлелденіп отыр. Өзге тілді аудиторияда жаңашаландырып жаңғырта оқытудың деңгейлік әдісте­месі­нің негізін қалаған профессор Қ. Қада­шеваның зерттеуінде де жаңалықтар өте көп берілген. Ғалым еңбегінде тіл үйретудің ішкі деңгейлері мен «Фонетикалық тамшылар» әдісі – тиімділігімен тәжірибеде кең таралып кеткен тіл үйретудің оңтайлы жолы болып саналады.
Саралап, деңгейлеп оқыту педаго­ги­калық технологиясында алынған нәтиже сәйкесті меңгеру деңгейлері түрінде анық­талады. Бұл жағдай:
а) тіл үйренушінің  оқу материалын жеңілден күрделіге қарай жүйелі меңгеруі;
ә) алынған нәтижені өлшеуге болатын­дығы;
б) оқу процесінің жарыс түрінде ұйым­дастырылуы;
в) бағалаудың жетелеушілік қасиеті;
г) дамыта оқытудың әдіс-тәсілдерін қол­дануға ыңғайлы жағдайлар жасалуы, т.б. себептерге байланысты үйренушінің  оқу материалын қажетті минимум дең­гейінде меңгеруіне жағдай жасайды. Меңгерудің әр кезекті деңгейіне өтіп отырған сайын ынта, мотив, белсенділік, білік пен дағды да өсіп отырады. Ендеше, оқыту технологиясын оқу процесіне енгізу – білім сапасын қажетті деңгейде қам­тамасыз етуге оны көтеруге, тіпті, бас­қаруды қамтамасыз етеді.
Деңгейлеп, саралау негізіндегі педагоги­калық технология мазмұнының ерекшілігі:
– жеке құрылымдарға бағдар беру;
– білім мазмұнының сипаты мен көлемі, оқу жоспарының, материалының, баяндау түрлерінің дидактикалық құрылымы.
Деңгейлеп, саралап оқыту технология­сының мақсаты – әр  үйренушіні қабілетіне, өзіндік ерекшелігіне, мүмкіндігіне қарай топтастырып оқыту.  Оқытуды түрлі топтарына, білім    деңгейлеріне, қабілеттіліктеріне,  өзіндік ерекшеліктеріне қарай бейімдеу, ыңғайлау, берілген тапсырманың саралануы. Бұл технологияның ерекшелігі – тіл үйренушінің тіл үйренуге  деген ынтасын, қызығушылығын, деңгейлік тапсырмалар арқылы дарындылығын арттыру. 
Деңгейлеп оқытудың маңыздылығы: 
• тіл үйренушілердің барлығы жұмыс жасайды;
• бос отырған үйренуші болмайды;
• өздігінше жұмыс жасау дағдысы қа­лып­тасады;
• тіл үйренуге деген қызығушылығы арта түседі;
• сабақ барысында тіл үйренуге деген белсенділігі арта түседі.
• Деңгейлеп оқытудағы нәтиже:
Өз бетімен ізденіп, шығармашылық қабілеттерін жетілдіре алатын, өз қателе­рімен жұмыс жасай алатын тұлға тәр­биелеу;
Студенттердің   алдына қойған мақсаты­на жете алатын тұлғаны жетілдіру;
Студенттердің өз деңгейін біліп қана қоймай, оны әрі қарай дамыта алуы.
Студенттердің білім деңгейінің көрсет­кішін төмендегідей  бағалауға болады: 1 деңгей (төмен) – эпизодтық. Білімді жаңа жағдайға көшіру оқытушының  көмегімен жүзеге асырылады; II деңгей – түсініктерді жүйелеу деңгейі, студенттердің  70 пайызы ғылыми ұғымдарды саналы түрде анықтайды; III деңгей (жоғары) бастапқы ғылыми ұғымға өту (ауысу) деңгейі деп бел­гілейді.
Бірінші деңгей тапсырмалары білімнің минималдық шегі, мемлекеттік қалып (стандарт) талабына сәйкес бағдарлама мөлшерінен аспайтын, студенттердің білім деңгейіне сай болады. Топ бағдарламасына бай­ланыс­ты лексикалық тақырыптар мен грам­матикалық тапсырмалар, тілдік ере­желер, жазба жұмыстарын орындайды. Тыңдап, түсініп оқып, аударып, жаза алады. Естігенін қайталап айтады. Жеңіл ережелерді жаттап алады. Фонетиканы толық меңгереді. Грамматикалық, лек­сикалық тапсырмалар орындайды. Мәтін­мен жұмыс жасайды. Бі­рінші деңгей тапсырмалары жаттап алуға лайықты, алдыңғы сабақта жаңадан мең­герілетін білімнің өңін өзгертпей қай­талап, пысықтауына мүмкіндік береді, екінші дең­гей тапсырмалары материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар болса, үшінші деңгей танымдық-іздену түріндегі заң­дылықтар шығару, қо­рытындылау жұ­мыстары болып келеді. Оқыту практикасында деңгейлеп оқыту технологиясын ен­гізуге оқу ақпараттары көлемінің ұлғаюы, студенттерге  түсетін «салмақтың» артуы басты себеп болады.
Продуктивті   (өнімді)   танымдық   қыз­мет  деп,   алынған білімді қалыпты (стандартты) емес өзгертілген жағдаят үшін ізденісте, шығар­машылық іс-әрекеттер нәтижесінде қолдана білуді, сөйтіп білімді өз бетімен алуды айтады. Продуктивті танымдық қызмет нәтижесінде игерілген білімді зерттеушілер екі деңгейге бөледі: конструктивті және шығармашылық деңгейлер. Конструктивті игеру деңгейі студенттің қалыпты емес жағдаяттарда алған білімін қолдана бі­луімен, эврис­тикалық-әңгімеге араласа алуы­мен,  ал­­ған  білімін  жалпылай  алуымен си­пат­­талады. Танымдық қызметтің бұл түрлері өзара байланыста және бағынышты (иерархиялық) сипатта болады. Танымдық қызметтің бұл үлкен екі тобының иерархия­сынан шыға отырып, академик В. П. Беспалько білімді меңгеру иәтижесі мынандай 4 иерархия түрінде сипаттайды:
1.Үйренушілік-репродуктивті іс-әрекет деңгейі. Студент тапсырма құрылымын­дағы мақсат, жағдаят және оны шешу іс-қимылдарының сәйкестігі туралы корытынды жасауы керек, тани білу іс-әрекеті.
2. Алгоритмдік – екі компонентті  мақсат, жағдаятта – берілген есептерді қарас­тырады. Студент  тапсырманы орындарда бұрыннан меңгерген іс-қимылдарын өздігінен жаңғыртып, қолдана білуі қажет.
3. Эвристикалық – өнімді іс-әрекетінің бірінші деңгейі. Бұл деңгей есебінде мақсат ғана берілген. Студент жағдаятты дәлелдеп, оны шешу үшін амалдарды таңдап алуы қажет.
4. Шығармашылық деңгей-өнімді іс-әрекетінің ең күрделі деңгейі. Студент өзі мақсат қойып, өзі оны тұжырымдайды, нақтылайды, оны орындауға жеткізетін жағдаят пен амалдарды іздестіреді.
Білімді меңгерудің (игеру) мұндай ие­рархиясы – мақсат коюдың да сәйкес иерархиясын құруды талап етеді. Шығар­машылық меңгеру деңгейі студентті  өз бе­тімен іздене білуі,нәтижесін жүйелеп жал­пылай білуімен сипатталады. Мақ­сат­ты деңгейлер тізбегі түрінде қою арқылы зерттелмесе де, кейбір ғалымдар (В. В. Краевский, И. Я. Лернер, М. К. Скаткин) білімді меңгеру деңгейлерінің төмендегідей тізбегін ұсынады: 
1. деңгей – білу (еске сақтау, қайталап айту);
2. деңгей – түсіну (түсіндіру, баяндау);
3. деңгей – қолдану (үлгі бойынша, өзгер­ген жағдаяттарда)
4. деңгей – жалпылау және жүйелеу. Бұл деңгейді білімді игерудің шығармашылық деңгейі деп те атайды. 
Дидактикалық зерттеулер және іс-тәжірибе нәтижелері мақсаттың деңгейлік тізбек (иерархия) түрінде берілуі – оқу үде­рісінде оқытушы назарына басты нәрсеге аударуға, нәтижені дәл бағалауға, оқу үде­рісін тиімді басқаруға қол жеткізгендігін көрсетті. Деңгейлік тапсырмалардың ауқы­мы өте кең. 
Тілдік (лексикалық), грамматикалық жұмыстар;
– Пысықтау жұмыстары;
– Тестік сұрақтар;
– Іскерлік ойындар;
– Танымдық ойындарды шешу т.с.с.
Бұлар оқытудың деңгейіне сәйкес сту­дентті саралап оқытуға ыңғайлы, әрі оқу бағдарламасы бойынша студенттің шет тілін білу   білім деңгейіне сай құрылып, оқу­­лыққа қосымша пайдалануға беріледі.
Деңгейлі тапсырмаларды құру мен қол­дануда төмендегі педагогикалық шарттар орындалуы тиіс:
1-шарт. Оқыту мақсатын нақты қою. Қойылған мақсатқа сәйкес талаптар мазмұнын жүйелеу. Әрбір тапсырмаларды құрғанда әрбір топтың, студенттің  жеке-дара ерекшеліктерін есепке алу. Студенттің оқуға деген құлшынысын арттыратындай жеңіл тапсырмалар болуы қажет.
1 – деңгейлі тапсырмалар жалпы білім беретін жоғары оқу орынның  білім берудің міндетті мемлекеттік стандартқа сәйкес, ең төменгі (минимал) білімді камтуы керек, ал, 4-ші деңгейлі тапсырмалар білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стан­дартынан тыс күрделі, шығармашылық деңгейдегі тапсырмалар жүйесін құрауы тиіс. Төртінші деңгейдегі тапсырмалар оқыту материалын тереңірек беруге жол ашады, студенттің тұлғалық сапаларының ашылуына мүмкіндік тудырады.
2-шарт. Оқыту жаңа білімді дайын күйінде  беруден студенттің  ойлау іс-әрекетін қалыптастыратындай таным­ды іс-әрекеттің белсенді құралына айналатындай жаңа күйге ауысуы қажет. Әрбір деңгейдегі тапсырмаларды құрастыр­ғанда студенттің  тұлғалық сапарларымен  қатар қызығушылықтарын да еске­ру қажет. Тапсырмаларды құрғанда әр та­қырыптың, әр тараудың ерекше­лік­те­рін ескерген жөн. 1-2-деңгейлі тапсырмалар міндетті түрде студенттердің  танымдық қызығушылықтарын арттыратын қызғылықты материалдарды қамтуы тиіс (Ғалымдардың өмірінен қызғылықты деректер келтіру және т.б.).
3-шарт. Студенттің  өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру қажет.
1 – деңгейлі тапсырманы орындағаннан кейін студент оңай 2 – деңгейлі тапсырманы орындамай-ақ, еш қиындықсыз 3, тіпті 4 – деңгейлі тапсырмаларды орындай алатындай болуы тиіс. Тапсырмаларды орындауда студенттерге тандау құқығын берген жөн.
Студент қай деңгейдегі тапсырманы орындайтынын, өзі таңдағаны жөн. Сон­да, студенттің шет тілі пәніне  деген қызы­ғушылығы оянып, «жаңаны білсем» деген құлшынысы арта түседі. Ал, бұл өз кезегінде студенттерді шығармашылық белсенділікке итермелеп, олардың та­ным­дық белсенділігін арттыра түседі.
4-шарт. Оқыту біртіндеп оқытушының  басқаруынан біртіндеп студенттің өзін-өзі басқаруына өтуі қажет. Тапсырмаларды орындау барысында студент өзіне қа­жетті материалды іздестіреді, табады, пайдаланады, жүйелейді, қорытындылайды.  Оқыту мақсаты төмендегі байланыста  құралады: білу —> түсіну —> қолдану —> қорыту (жүйелеу). Оқытудың жаңа білімді білдіру, игеру деңгейі іс-әрекеттің I репродуктивті деңгейіне сәйкес келеді: студенттерде  жаңа материалды меңгеруге бірыңғай қызы­ғушылық туады, студенттердің  белсен­ділігі қалыптасады.
Оқытудың жаңа білімді түсіндіру мақ­­сатына оқушы іс-әрекетінің II репро­дуктивті деңгейін қамтитын білімді мең­гертудің алгоритмдік деңгейі сәйкес ке­леді: студенттердің кей жағдайларда қы­зы­ғушылығы артып, белсенділігі ұдайы то­лығып отырады, студент білімі толыға тү­седі.    
Оқытудың жаңа білімді қолдану мақ­сатына іс-әрекеттің I продуктивті дең­­­гейін қамтитын білімді игерудің дең­­гейі сәйкес келеді: оқыту мотиві тұ­рақ­ты қызығушылық сипатта болады, біліктілік ішін­ара-ізденушілік сипат алып, белсенділік эврис­­тикалық күйге кешеді, білім жүйе­лі меңгеріледі. Оқытудың қорыту-жүйелеу мақсатына іс-әрекеттің деңгейін қамтып білімді мең­герудің шығармашылық дең­гейі сәйкес келеді: оқыту мотиві шығар­машылықтың іс-әрекетке қажет­тілік жағ­дайда туындайды, біліктілік шы­ғар­ма­шылық сипат алып шығармашылық белсенділікке ұласады, білім берік болады.
Студенттердің тілдік  деңгейінің бірың­ғай болмауына, жеке қабілеттеріндегі айырмашылықтар мен басқа да себептерге байланысты топта оқу үздіктері мен үлгер­меушілер пайда болатыны белгілі. Сондықтан, оқытушы сабақтың барлық кезеңдерінде: жаңа материалды беру, бе­кіту, қайталау, білім, білік, дағдыны бағалау кезінде деңгейлеп-саралап оқытуды ұйым­дастырады.
Көп деңгейлі тапсырмаларды меңгерту барысында жаңа тақырып бойынша жасалған деңгейлік жұмыстардың төрт дең­­гейге бөлінуі, үй  жұмысын жақсы ұйым­­дастыруға және реттеуге мүмкіндік береді. Себебі, тақырыпты меңгерудегі төрт деңгейлік тапсырмалар үлгерімі өте жақсы студентке есептеліп, соған сәй­кес құрылғандықтан, бұл жұмыстарды толықтай сабақ үстінде орындап бітіруге, барлық студенттердің мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан да, олар үйде өз бетімен немесе сабақтан тыс уақытта оқы­тушының  көмегімен аяқтауға беріледі: 
– бірінші деңгейдің тапсырмаларын үлгерген студенттерге  екінші деңгейдің тап­сырмалары; 
– екінші деңгейдің тапсырмаларын орындаған студенттерге  одан да жоғары деңгейлік тапсырмалар; 
– үшінші деңгейдің тапсырмаларын орындаған студенттерге  төртінші шығарма­шылық деңгейдің тапсырмалары беріледі.
Ең жоғары деңгейдегі шығармашы­лықты қажет ететін тапсырмаларды, әрине, дарынды да, еңбекқор студент орындай ала­ды. Осылайша, әр тақырып бойынша студенттерге, топтан тыс уақытта жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы көбірек ұпай жинап көтеріңкі баға алуға мүмкіндік беріледі және дамыта оқыту принципі орындалады. Барлық тапсырмаларды мезгілінде орындаған студенттерге үлгермей жатқан студенттерге көмектеседі. Нәтижесінде, студенттердің  табиғи қабі­леттері мен дарындылық қасиеттерінің ашылуына жақсы жағдай жасалады. Бұл тапсырмалар – үйренушінің біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады.
Қорыта келгенде, ағылшын тілін аудиторияда деңгейлеп оқытудың негізгі мақсаты – күнделікті өмірде пікірлесу түр­леріне еркін араласып, сөйлеу,  әңгімені қолдау дағдыларын қалыптастыру, мем­ле­кеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл таза­лығын сақтау, үйренушінің өз бетімен білім алуы, ізденуі болып табылады. Шет тілі оқытушыларының ал­дында қойы­лып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Соның ішінде ақ­параттар ағымының таралу сипатына қарай сабақ оқыту режимдеріне бөлініп, оқыту технологиясының қажетті түрін қа­былдау қажет. Екі жақтағы ағымдағы ақпараттар режиміндегі сабақты немесе интерактивті әдісті шет тілі пәнге  байланысты қолдану студенттің  шығармашылық және интеллектуалдық белсенділігі дамыту факторының бірі болып табылады.
Шет тілі  оқу бағдарламасын тандау сту­денттің  өзіне базалық білім минимумын қамтамасыз етіумен қатар әр жеке тұлғаның шығармашылық дамуына да кеңістік ашылады.
Деңгейлеп оқыту технологиясында студенттердің  білімін саралауға мүмкіндік бар. Технологияның ерекшелігі: әр студент өзінің деңгейіне білім дәрежесіне байланыс­ты тапсырмаларды орындайды: әлсіздер білім алуға ұмтыла түседі, мықтылардың өзіне деген сенімділіктері артады. Нәти­жесінде жан-жақты шығармашылық іс-әре­кеті бар жеке тұлға болып қалыптасады. Білімді бақылау кезінде деңгейлеу тереңдей түсіп, әрбір студенттің жетістігі есепке жеке алынады.
Жібек Ақынова, 
Эльмира Турдалиева, 
Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық 
университетінің оқытушылары

   ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:   

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы 27 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауы Оңтүстік Қазақстан, 28 қаңтар 2012 ж
Данилов М. А. Дидактика К. Д. Ушинского – М.; Л., 1948;
Кларин М.В. Инновационные модели обучения в зарубежных педагогических поисках. М.: Арена, 1994. – 78 с.
Бұзаубақова К.Ж.  Инновациялық педагогика негіздері. Оқу құралы. -Алматы: Білім, 2009.-424 б.
Бұзаубақова К.Ж.  Жаңа педагогикалық технология. Оқу құралы.-Алматы: Жазушы,2004.-196 б.
 Бұзаубақова К.Ж.  Оқытудың инновациялық педагогикалық технологиясы бастауыш сынып оқушысын дамыту құралы ретінде.Оқу-әдістемелік құрал.-Алматы: Жазушы,2006.-112 б.
Бұзаубақова К.Ж.  Мұғалімнің инновациялық іс-әрекетке даярлығын қалыптастыру теориясы мен практикасы. Монография.-Алматы: Жазушы, 2009.-454 б.
Өстеміров. К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары. –Алматы., 2007.-б 14.
Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханадағы қазақ тілі: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, – 2001. – 270 б.
Қараев  Ж., У.Кобдикованың «Оқытудың «Үш өлшемді әдістемелік жүйесі» А- 2009ж.  
Тұрғынбаева Б.А. //   Дамыта оқыту технологиялары. Алматы. 2002.
Эльконин Д.Б. //  Избранные психологические труды. В.2т-М. 1980.
Леонтьев А.А. Основы теории речевой деятельности.М.1974. 366с.
Кунанбаева С.С. Современное иноязычное образование: Методология и теории. Алматы, 2005 – 264с.
Леонтьев А.А. Язык, речь, речевая деятельность. М.: Просвещение, 1969.-216.
Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. – М.: Педагогика, 1989. -192 с.
Кобдикова Ж. Характеристика и методы измерения качества учебных достижений учащихся / Ж. Кобдикова // Қазақстан мектебі. – 2007.- №7-8. – C. 74-77.

Алдыңғы «
Келесі »