«Құбылу» мен «Атау кере» немесе бөгделену

  • 03.04.2015
  • 1108 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Улы шөптің дәмдісі болмайтыны ақиқат. «Айтылмайтын шындық жоқ, мәселе қалай айта білуде». Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «шабыт үстіндегі қаламгер дүниенің қожасы» деген сөзі бар. Жазушы жазар дүниесінің нақтылы болмысын айқындай алғанда ғана ойға алған биігіне табан тірей алады. Онсыз шығарма тек автордың өзі оқитын дүниесі болады. Ал, автор үшін ең бақыт­сыздық жазған дүниесінің оқыр­мансыз қалуы. Жазушылар жөні­нен айтқанда қоғамның ауысуы немесе ортаның өзгеруі назардан тыс қалатын жағдай емес. Бар болмыстың шешімін таба білмеседе жай адамдардан бұрын сезетін «көріпкелдік» қасиетке ие. Сол сезімталдығының арқасында өзгелерден бұрын дабыл қағады.

Бұл қасиеті табиғат өзгерісін алдын-ала сезетін текті жануарлардан да әлде қанша есе жоғары болса керек. ХХ ғасырдың соңында, атап айтсақ, 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басындағы Қытайдағы шаруашылық өзгерісінің салдарынан енді ғана жиырма беске толған ақыны Хайзы өзін релске тас­тап өлтірді. Хайзының өлімімен ғана тынса бір сәрі еді, Хайзының бейітінің топырағы құрғамай жатып тағы бір ақыны сол өлімді қайталады. Бұл тектен-тек тосын жағдайлар емес еді. Осылардың өлімнен кейін көп өтпей Қытай нарық экономикасын еріксіз қабылдады. Міне, Қытай қоғамындағы өзгерісті алдымен сезгендері сол ақын-жазушылары. Бұл ортаның немесе қоғамның өзгерісі қаламгерлерді айналып өте алмасының айқын дәлелі. Табандап жатып алған нарықты негіз еткен қоғамның «дара қасиеттерінің» бірі адамдар ара қатынасты тек мүдделік қатынасқа байлап, жалаңаштап тастаса, өзгеріске ұшырағалы тұрған басқа бір қоғамның ауласындағы жандарға да алыстан ызғар шашып тұратын. Айдары желкілдеген капиталистік қоғамға тіс салған ақын-жазушылардың туындылары  жетерлік. Сол қатарда Франс Кафканың «Құбылу»(Азу) әң­гімесі мен Оралхан Бөкеевтің «Атау кере»(Хауыпты будан) повесі де бар. Екі жазушының да қаламы қатайып, жіліктеніп алған кезіндегі шығармалары. Бір сөзбен не жазарын жете түсіне алатын кезге жеткенде жазғандары десекте болады. 
Франс Кафка ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Европадағы патшалық дара билік үстемдік еткен  Аустро – Венгерияда өмір сүрсе, ал, Оралхан Бөкеев өлара шақтың,  социализм түзіміндегі жаңадан көктеп келе жатқан капиталистік қоғамның, бүкіл Совет одағының жүрегі Мәскеу болған «бір орыннан басқару» кезенінде әдебиет майданына аяқ басқан Қазақ жазушысы. Франс Кафка дара биліктің топшасы босай бастаған кезде, Оралхан Бөкеев Социалистік тұзымның бұрауы ағытыла бастаған кезде өмір сүрді әрі жазушылықпен айналс­ты. Франс Кафка өзі капиталистік қоғамда туып, сонда өсіп, сонда өлді. Сон­дықтанда, капиталистік қоғамды бес саусағындай түсінді. Орнығып қалған түзімнің қайшылықтары оны көптеген тығырықтарға тіреді. Бірақ, «тығырықтан шығар жол таба алмады». Оралхан Бөкеев социалистік түзімдегі кеңес одағы кезінде туылып, капиталистік қоғамдағы Қазақстанда  өмірден озды. Сондықтанда, Орал­ханның құшағына сыймайтын, түсінігіне мойын бұрмайтын капи­талистік қоғамның күрделі тартыстары мен қайшылықтары тұрды. Себебі, Оралхан шығармаларының соңында кейіпкерін тәубаға келтіріп тынатын, өзі үкім шығаратын Толс­тойдың шығармашылық айдынынан нәр алған. Осы жағынан да Толстойдың арнасына сыймайтын дүниеге Оралхан Бөкеевтің арығы тарлық ететін. Өйткені, Оралхан «Арыдан келе жатқан орыс әдебиеті прозасының мектебінен шыққан». Сол үшін де Оралхан алдында Қытайдың ұлы қорғанындай Лев Толстойдың қорғаны бар-тұғын. Бірақ, сол үлкен дүние, өліп бара жатқанда өткен шақтары көз алдына бұлдыр-бұлдыр келген жандай Оралханның назарына алыс­тан ілігіп, көзіне түскен еді (егер, ажал қармағына ерте ілмесе, бәлкім осы дүниені қолымен ұстап жазар ма еді, кім білсін?). Жалпы, шығармаларындағы әр кейіпкердің сағынышқа, таза мұңға, терең уайымға, қатпарлы қайғыға қамалып, ортадан жалығып, жекелене беруі-ақ Оралхан Бөкеев ауласына нарықты негіз еткен қоғамының қоңырауының дауысы ертерек жеткенін көрсетеді. Бірақ, қайдан шыққаны жат. Өйткені, Оралхан жекешеленуді білмейтін қоғамның тұрғыны. 
«Атау кере» повесіндегі Ерік ақшаға маталған  дүниеге, саудаға бет алған да, Таған махаббаты өшкіндемеген дүниеге қайта оралған кейіпкерлер. Тағанды қайтадан Таған еткен Айнаның махаббаты. Айна есімі де оқырманға ой салады. Былайша айтқанда, Ерік пен Тағанның кім екенін ғана емес, сол қоғамның қандай қоғам екенін де көрсетер жан көрсеткіші. Себебі, заттық айна адамның сыртқы келбетін көрсетсе, ал, кейіпкер Айна адамның ішкі жан дүниесін көрсететін айна. Сонымен бірге, кеңес жүйесіндегі қоғам адамы әсте бұзылған, күйреген, түзелмеген кейпінде өмірден озбайды. Қайта өмірінің соңғы секунтында болсада жақсы жолға түсіп, моральді бейнеге келуі шарт. Бұл Оралхан Бөкеев тірлік кешкен қоғамда жалқының мүддесінен гөрі жалпының мүддесі алғы шарт етілген, бірді мыңға үлгі ету, осы арқылы мың адамды бір адам сиған қоршауға қамап, шідерлеп ұстағысы келетінін дәлелі.
«Атау кере» повесі мен «Құбылу» әңгімесі Марксше айтқанда, «өнімнің өндірушіге үстемдігі» ырықты орынға шығып, «өмір сүру үшін нан жеу емес, нан жеу үшін өмір сүрген» кездер де, адамдар ара қатынас туыстық байланыс үзіліуге таяған жіптей шіріп, қандастық қатынас суып, өзімшілдіктің әні барынша озандап, екпіндеп, ақша табу дүние-қорлыққа жетелеген айыр­бастық немесе сауда қатынас етек ал­ған тұста, адамгершілік төмен сырылып, дүниеқорлық келе басып тұратын қоғамның пердесін ашқан. 
Екі шығармадағы бас кейіпкерлер «Атау кередегі» Ерік, «Құбылудағы» Гре­гор Замза екеуіде саудагер. Бірақ, екеуінің формалық жағынан өзгешелігі де бар. Ерік қожайын типіндегі немесе өзі өндірген товарын (балын) көңілдес сатушысы Бекзат арқылы айырбасқа салатын саудагер болса, Грегор Замза белгілі бір серіктіктің тауарын айырбасқа салатын кезбе саудагер. Еріктің көңілін ақша өрмекшінің торындай торлап алған. Некелі жары болмасада, бір жылда бір рет келетін,  Еріктің жолын сарыла,сарғая күткен Бекзаттың құшағында жатып: «Биыл бал сұраушылар көп пе?», – деген кезде Бекзат: «тым болмаса жалғыз түніңді есеп-қисап араластырмай қи­саң еді. Дүниеде балдан да тәтті, балдан да қымбат нәрселер бар емес пе…бал дегеніміз араның боғы емес пе?», – деп жылауы Ерік пен Бекзат арасындағы байланыс махаббат емес екенін бірден аңғартады. Бекзат Еріктен ерлікпен қоса жылы сөз бен қомағай құштарлықты күткен еді. Ал, Еріктің Бекзаттың көңілін емес, балдың жағдайын ойлауы екеуінің екі қоғамның адамы екенін, сыртқы оқырманға Ерік пен Бекзаттың жан дүниесінің бір-біріне от пен судай керағар екенін аңғартып тұр. Бекзатта адамдыққа тән ереже астындағы тұрақтылық бар да, Ерікте өзі жинаған балына өзі батып өлетін, өз байлығына өзі тұншығатын ара секілді саудаға байланған тұрақсыздық бар. «Құбылу» аңгімеде: «Ардақты әке-шеше, – деді қарындасы,назарын өзіне аудару үшін қолымен үстелді тарс еткізіп, – бұдан әрі бүйтіп өмір сүруге болмайды. Бәлкім, сіздер бұны түсінбессіздер, ал мен түсінемін. Мына құбыжықтың көзінше ағамның есімін атауға аузым бармайды, тек айтарым: бұдан құтылуға тырысуымыз керек. Біз қолдан кел­геннің бәрін жасадық, бұны күтіп бақтық, бұған төзіп келдік, бізге кінә қоюға болмас, – деп қарындасы айтқанда, әкесінің мың мәрте дұрыс айтады, – деген диалог сөй­лем бар. Әсілінде Грегор Замза адам кейпі кезінде қарындасын музыка мекте­бінен оқытуға келіскен. Осы келісім жасалған кезде Грета (Грегор Замзаның қарындасы) үшін ағасынан жақсы адам жоқтай се­зіл­ген. Бірақ, Грегор Замзаның басына күн туғанда Гретке Грегор Замзадан жа­ман жан иесінің болмауы Аустро-Венгрия елін жаулаған Кафка өмір сүр­ген қоғам өзінің әрбір адамына дейін жалаң қатынастық дәнін сеуіп үлгергенін дәлелдейді. Нобель сыйлығының иегері Гюнтер ГРАС бір сөзінде: «Капитализм – дін төркіншілдерінен де қауіпті жүйе. Себебі, оның артында аса күшті экономикалық тірек бар», – деген екен. Міне, бұл ақшаны басты маңыздылыққа шығарған қоғамның теріскей беті еді.
Қоғамның салған салмағына қоса, сол салмақты бөлісіп көтерісетін жандардың сырт айналуы әр қандай жан үшін ауыр жағдай. Дәл осы ауыр хал  адамның бойынан көріне бермейтін тағы бір қасиеті – хайуандық характері ашылар тұсы. Себебі, адамзат еңбектің арқасында хайуанат дүниесінен бөлініп шыққаны дау тудырмас ақиқат. Сол ортадан бөлініп шығу бар да, сол ортаға қайта оралу тағы бар. Бірақ, бұл адамның қалауымен болатын жағдай емес, қайта адамның адамдық бітім болмысы солғындап, адамдық образдан гөрі хайуандық образы басым бола бастағандығының көрсеткіші. Адам бойынан жат пиғылдар етек алып, ерекшелене түскен сайын адамдық қасиеттен алыстап, өзге бір жан иесіне жақындау белең бере бастайды. Бұл еріктен тыс ықтиарсыздық еді. «Атау кере» повесі мен «Құбылу» әңгімеден де  адамның бұл тұстары мен мұндалап тұрады. Еріктің көк бас сонаға, Грегор Зам­заның  дәу қоңызға айналуы да осыдан. Себебі, асқан дүниеқорлық адамды адамдық қасиеттен алыстатады да, тек байлықтың құлына айналдырады. Бұл туралы хакім Абай: «Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңдар», – дейді (Жақынғы зерттеу материалдарында Абай өлеңіндегі «махаббатсыз – дүние бос» дегені «Махаббатсыз-дүние дос» делініп жүр автор). 
Екі шығармада оқыған жанды еріксіз таңқалдыратын бір тұсы – «Атау кере» повесіндегі Ниура Фадиевнаның жеке мүлкі саналатын сандықтың ішінен көне тоз Иконның шығуы да, «Құбылу» әңгі­месіндегі қарындасы скрипка ойна­ған тұсында қоңызға айналған Грегор Замзаның қарындасына жақын келуі. Ниура Фадиевна дәретсіз тамақ ішпеген, бес уақыт Аллаға құлшылық етіп намаз оқығанымен, тынысы тарылып, соңғы демі үзілер шағында орыс­ша гүбірлеп, шоқына бастауы, ескі діндарлар (Старовері)  жұмағының есігі ашыла бастағандай болуы – адамзаттың сүйе­гіне сүтпен біткен қасиеттің түбінде бәрін жеңіп шығатындығының дәлелі болса, ал, Ниура Фадиевнаның сандығынан орамалға оралған Иконның шығуы Христиан дініне деген адалдығы мен Орыс халқына деген үлкен құрметі жатқандығы. Күніне бес уақыт намазының біреуін қаза қылмай оқып жүрген жанның жүрегінде Христиан дінінің кескілесең бөлінбес алып ескерткіші орнағандығын Қазақтың «қанша бақсаңда бөрінің баласы тауға қарап ұлиды» деп айтқан сөзімен түсін­діруге болады. Ал, қарындасы скрипка ойнағанда қоңыз Грегор Замзаның музыка үніне елітіп, қонақтар отырған үйге енуіде оның жүрегінде тағы сол адамдық қасиеттің ұшқыны өшпегенін көрсетеді. Өйткені, ол туа бітті қоңыз боп жаралған емес, қайта қоңызға айналуы адамдардың қысым күштің себебінен болмысынан бөлектеп, адамға тән ортақ өмірден бөгделенгендігін көрсетеді. Бұл қоғамның салған салмағы мен соған төтеп бере алмаған жұқарған жүйкенің кеселі. 
Екі шығармада жәндікке айналған кейіпкерлерін жаһанамға жөнелтіп тынады, бірақ, бұл жазушының үкімі мен қиялы деуге болады. Шындап келгенде, сауданың ағынында кеткен бұл екі кейіпкер әлі капиталистік қоғамның бетінде  теңіз айдынындағы жаңқадай жөң­кілуде. Грегор Замза сол шидей аяғы­мен әлі тыпырлап жүр. Күтуші кемпір «жайғастырып» үлгірген жоқ. Ал, сона Ерік өліп, Айна барлық Африка араларын өртеп тынғанымен, олар басқа шелектегі аралармен шағылысып үлгерген. Демек, ұрпақ қалды деген сөз. Тұқымы қалғанның жүзін топырақ та жасыра алмайды!


Қуанәлі Алмасбекұлы

Алдыңғы «
Келесі »