ОЯН, ҚАЗАҚ! (Босқын қырғыз бауырларыма арнадым)

  • 17.03.2015
  • 300 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Міржақып Дулатов

Оқушыларға мағлұм, «Оян, қа­­зақ!»  атты  өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді. Сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ» халық арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды. Сонан соң қолға түспеген 1000 дана шамалы «Оян, қазақ» 6 жыл бойы бір орында жасырынып жатыр еді. Енді құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі хүкімет мүлдем кетті. «Шағымшы» бауыр­лары­мыздың да көзі жоғалды.


Жауыз хүкіметтің жауызды­ғымен былтырғы 25 июньдегі жарлығы тақырыпта қазақ хал­қы зар жылады. Бәрімізден ар­ты­ғырақ қырғыз бауырларымыз қырғынға ұшырады. Күні бү­гінге дейін қырғыз бауырларымыздан көп ел қытай жерінде босқындықта, ашаршылықта, қыр­ғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын та­маққа сатып, қатын, қыздарын бір қойдың пұлына айырбастап, естиярлары мойнына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлұм болып отыр.
Сондықтан сақтаулы мың дана «Оян, қазақтың» ақша­сын әлгі босқында жүрген жетім-же­сірлердің пайдасына бағыш­та­дым. Бұрынғы ақысы 20 тиын еді, енді пұлы мынадай хайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушыларға бағасы 50 тиын болсын деп мөлшерледім. Почта бағасы 2 тиын. Іскитке жоқ. Бір кісіге 50 кітаптан кем сатылмайды. Ақшасын төменгі әдіріс бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің себебі, тезірек өтіп ақшасы ашаршылықтағы бишараларға тезірек жетсін де­гендік. Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом шамалы ақша көп пұл болмаса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүліктен айрылып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса көмек болар еді. Бұл бишара бауырларымызды ескеру, өлімнен, қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы!
«Оян, қазақты» жоғарғы шарт­пен алдыруға талабы бар, сор­лы болған бауырларға жаны ашыған азаматтар мынау әді­ріс­тегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын.
Әдірісі:
г. Петропавловск. Ақмол. обл.
 ул. Водная больница, 
фельд­шеру
Жумагали Тлеулину.
«Қазақ», 1917 ж. № 233

Алдыңғы «
Келесі »