Жанайқай (Созақ көтерілісіне – 85 жыл)

  • 17.03.2015
  • 786 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дулат Тұрантегі,
тарих, әдебиет зерттеушісі
ақын, аудармашы

Тарих – қатаң  шындық орын алу 
үшін жазылады 
(Италия тарихшысы кіші   Плинни)
 
Ел рухын ояту күресінде жеңіске жету немесе жеңіліс табу шарт емес. Сол ояна білуінің өзімен халық биік деңгейге көтеріледі. Баяғы көк бөрілі байрақ астына шақырған айбынды дауысқа қан арқылы үн қосу. Созақ көтерілісі сондай бір текті мінездің бұрқ етіп сыртқа шығуы еді… Кеңес деп аталатын жаңа өк­іметтің мына саясатын түздіктер түсіне алмай-ақ қойды… жабағы жүнін әлдеқашан жаратып, күземін қырқып, қыстауда отырған жұртқа тағы да «Қырық»! «Жүн тап!» деген қай шаруақорлығы еді. «Байлар кетті, енді орташаның ниеті бай болу. Бұған жол берілмесін… Бар малыңды колхозға бер! Өзің қыстау қонысыңды тастап ұйлығып бірге қон! Қала боп отыр»! Мұндай да саясат болады екен…


Колхоз болады екен, мал да ортақ, жан да ортақ, бәрі бір үйде тұрады екен, бір үйде жатады екеннің ақылға қо­нары шамалы. Кейде ойға шала қыз­ғаншақ боздақ армандап алғанына енді қосылдым ба дегенде жас отаудағы сұлуын енді қалайша өзгеге ортақ қыла алам дейтіндер мысқылды ұшын­дырып жіберіп жатты.  Өкіметтің ой-аңсары осы тектес болғанда, мұның экономикалық негізі – меншік иелерін жою. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қазақ бұған да көнген сыңайлы еді. Бірақ, мұның өзін тағы да өкімет адамдары дегендер өздері ушықтырып жіберді. Енді, намысқа ши жүгірте бастады, қызыл отауды сылтау қылып қыз ойнақ шықты. Бұған ел қалай шыдасын. Бүкіл елді оқыған-тоқығаны аз шолақ белсенділер басқарды десек артық болмас. Көрмей көрген, киіз папка асынғандар ойына келгендерін істеп бақты. 
Сұрасаң менің атым Шорағазы
Жігіттің бастық болмас ақылы азы.
Баяғы белсендінің заманында
Жеуші едік күн тимеген қара қозы, – деп шалқитын олар. Ол кезде тек мал-мүлік тәркілеу асыра сілтеуі ғана емес, кісінің жан дүниесін тәркілеу, оның да асыра сілтеуі болғаны бекер емес-тін. 
Кеңес кезінде көп уақыт «бай-құлақ­тардың бүліншілігі», «Кеңес үкіметінің жауларының қастандық әрекеті», «Кон­тр­революцияның бас көтеруі» – деп келінген Созақ көтерілісінің шын бағасы тек демократияға, жариялылыққа қол жеткеннен соң беріле бастады… Бұл 60 жыл кешігіп болса да дәл бағасын, енді, сек­сенінші жылдардың соңына қарай алған бұлтарыссыз шындық. Ендігі ұрпақ Созақ оқиғалары арқылы бүкіл қазақ даласына «кіші қазан» деп аталған сұ­ра­пылдың қаншалықты қасірет әкелгенінен хабардар болса, аға ұрпақ енді ол шақты күрсіне еске алуда. Ой қазанында қайнатып, тарих болған оқиғалардың тұжырымын тапқандай. Енді, бәрі де айқын, бәрі де түсінікті болғандай. Теориялық шешімі де та­былған, қағазға түскен. Тереңдей тұ­жырымдасақ, Созақ көтерілісі (басқа да көтерілістермен бірге) сонау 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық қозғалысымен үн­дес­кен, онан соң 70 жыл уақыт салып, 1986 жылғы желтоқсан тәуелсіздік пен әділеттілік аңсаған азатшыл рухтың бұрқ етіп, сес берген көрінісі деп ұғы­нуымыз керек.
Тағы да бір айрықша қадап айтатын нәрсе – осы жазылған дүниелердің бәрі тарихи құжаттар, архив материалдары, ОГПУ, НКВД, партия, кеңес документтері негізінде қорытылып, солардың анықтамалары бойынша тұжырымдалған, соларды негізге ал­ған зерттеулер болып табылады. Алайда, бір ғана бұл құжаттарға сүйеніп, қорытынды жасау жеткіліксіз, әрі қате екендігіне Созақ оқиғаларын зерттеу барысында әбден көз жеткені бар.
…Өз басым Созақ оқиғалары туралы әңгімелерге қанық болып, …ана­ғұрлым жасы үлкен сол дүрбелең жыл­дарды, тарихи оқиғаларды бастан ке­шіріп, көзбен көр­ген  адамдардың  оңаша түндерде құпия күбірлесіп, мұң шертіскен әңгімелерінің куәсі болға­нымды айтудың реті енді келіп отыр. Оның мәнісі сол адамдардың көбі дер­лік менің әкемнің  не құрдастары, не қыз­меттестері, жақын сырластары, дә­лірек айтқанда, мұңдастары болатын. Әсіресе, Балдысулық Әжібек Бексейітов ақсақал, «тегістік» колхозынан Ысқақов Әділ ауданға жиналысқа келіп, әкеме сәлем берем деп (әкеміз ауданда екінші хатшы болып тұрған шағында бұларды партия қатарына алған, содан көңілдері жақын) қона жатып, мұңдасып сыр шерткендерінде бір бұрышта өлім туралы көп айтылып жатқаннан үрей буып, үнсіз тыңдаған шақтарым мүлде ұмытылар емес. Кейін Созақ оқиғаларын арнайы зерт­теуге мүмкіндік туған тәуелсіздігімізді алған жылдары бұрын ол жайлы сөз айтудан жалтақтайтын қариялар енді шешіле бас­тады. Созақ көтерілісін басып, жаншыған соң, көп адам сол жерде алдын ала түрмеге қамалды. Қысқа тергеу кезінде бірнеше күн күтіп жатқан Мыңжан қарияның бас­тан кешкен әңгімелері, одан  сол Созақ ауы­лының ауыл Кеңесінің төрағасы болған, көтерілісшілер соққыға жығып, өлді деп тастап кеткен, кейін ревком төрағасы болып сайланған Жүсіпов Оспан қария, онан соң белгілі болыс Ах­меттің немересі  көтерілісте ханның жау­шысы болған Сейділдә Мұстапаев  молданың естелік әңгімелері болғанды болғандай қаз қалпында көз алдымызға әкеліп бергені сондай нанымды, әрі еш бір күдік келтірмейтін шындық екен. Енді ойласам, сол кісілердің көбі аса құнды деректер білетін тарихтың тірі куә­герлері екен.
Жиырма сегіздің жаппай тәркілеуінен соң елде тыныштық болмады.                                                     
Аудандағы тәркілеу ісіне жауапты өкіл Қызылқожаев, оның үстінен Губком мен Губисполкомнан Макин бақылап, бастан-аяқ қатысыпты. Олар барлық жұмысты ОГПУ арқылы жүргізіп, біраз хаттаманы бүкіл халық өкілдері қатысқан жиналыстарда қабылдатып отырды.
Созақ ауданында байлардың мүлкін тәркілеу істері жөніндегі құжаттар орысша басталып, араб әрпімен жазылған, соның  кей­біреулерін оқырманға ұсынуды жөн көр­дік. 
(Оңтүстік Қазақстан,Облмұрағат, ф-93-74; іс-3)
                                            
ХАТТАМА  № 4
Созақ ауданы, Созақ қыстағында 300 үй шамасында батырақ, кедей, орташа­лардың жиналысы болды  
Тыңдалды :
1. Ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы ( Жолдас Нұрбекұлы).
Қарар болды:
Қазақстан өкіметінің ірі байларының мал-мүлкін конфискациалап, еріксіз алып, өздерін жер аударуға. Қарсыласу – Совет өкіметінің саясатына қарсы.
2. Ауылдық жерден мемлекеттік ко­мис­сияға уәкіл сайлау туралы.
Қарар болды:
Жәрдем комиссияға уәкілдер болып, төменде көрсетілген жолдастар сайланды:
Аллахан Нұрқанұлы.
Жармақамбет Жоламанұлы.

Жиналыс төрағасы: Дүйсенұлы.
Хатшысы: Жасымбекұлы.
                                                   
ХАТТАМА №6
2-қараша, 1928-жыл. Созақ қыстағы.
Жиналысқа 7-15 ауылдардан баты­рақтар, партия, жастар одақтары мү­ше­лері, пионерлер, әйелдермен басқос­қан жиналысы болды.
Қатысушы батырақтар саны – 274, әйелдер – 3, партия мүшелері – 34, жас­тар мүшесі – 31, пионерлер – 57.
Жиналыс бастығы: Азаматұлы.
Хатшысы: Бабайұлы.
Басқаруға сайланған: Омар Бақыұлы.
Ауыл батырақтары Тұрсынбай Бір­манұлы және Асанбай.
Тыңдалды :
Созақ ауданының батырақтар коми­тетінің бастығы Азаматұлы жиналысты ашты (қатты қол шапалақтау). Артынан жастар, партия мүшелері, пионерлер тарапынан «Интернационал» орындалды. Бұдан соң аудандық партия комитетінің хатшысы М.Қалиұлы сөз сөйледі. Ол кәмпеске ісінің аяқталғанын айтып, құттықтау сөзді батырақ коми­тетінің бастығы Азаматұлына берді. Ол атқарылған жұмыстардың ойдағыдай өткенін айтып құттықтады. Одан кейін партия хатшысы Қалиұлы: «…Науқан жақсы өтті. Малшы, жалшылардың белсенділігі жақсы болды. Мұнан былай қарай да сендердің байларға қарсы күресіп, көрсеткен ашуларыңа Кеңес үкіметі сенеді. Жасасын Кеңес үкіметі!» – деді.Онан әрі жиналыста атқару коми­теті атынан Ибаұлы, батырақ әйелдер атынан Бектіқызы, Қосшы коми­теті атынан Әбдінәбиұлы, жас ұландар аты­­нан Шерметұлы сөйлеп: «Жасасын Компартия! Жасасын жер жүзінің еңбекшілері!» – деп ұран тастады. (Үлкен қол шапалақ болды). (Осыны оқып отырып Асқар Сүлейменовтың «…Ду қол шапалақтау мен овациядан керең туады» деген сөзі еске түседі Бұл мақаламен кезінде Асқар таныс болатын.)
Қаулы хаттама бойынша байлардан алынған малдың саны:
Абақов Дайырбектен 819 ірі қара.
Тіленшиев Дәулетбектен 166 ірі қара.
Оспанов Көкібайдан 17 бас.
Исаев Жанаділден 55 бас. 
Бәрі – 1055, мұның ақшалай құны 2782 сом 52 тиын, қазынаға 34 бас ірі қара алынып, қалған 985 мал 139 кедей адамдарға таратылып берілді.
Байқадыңыздар ма, ірі бай дегеннің малы сол-ақ. Ол малды бірнеше ұлдарына еншілеп бөлгенде ештеңе де емес. Тек күн көріске ғана жарарлық. Сонда да болса тәркілеуге ілікті. Тәркілеуге Шолаққорғаннан Құр­­­­банқұлов Мәуленқұл, Райымқұл, Ата­бай, Атасарт, Ермет қожа, тағы да басқа көптеген адамдар ілікті. Тәр­кіленген байларға, олардың бала-шаға­ларына жәбір көрсету тыйылмады. Бел­­­сенділердің әрекеті шектелмеді. Жә­бір­­ленушілер тарапынан шағым болу­дың орнына керісінше үстінен арыз жазылған «байлар» 30-дан асты.
Мал-мүлкі талауға түсіп, өздері айдауға кетіп бара жатқанда Жанаділ болыстың өзі былай деген хат жазып кеткен  екен:
Көнеміз, пендеміз ғой, Алла ісі,
Халықтың қалауымен болдық кісі.
Ешкімге қиянатым болмаса да,
Мұнымен өкіметтің жоқ жұмысы.
Аяушылық кісіге етер емес,
Өзі надан ауылдың белсендісі.
Бір Алла ескеріп жоқ демесе,
Келеді большевикке кімнің күші.
Айырылып мал-мүлкімнен, 
            ел-жұртымнан,
Көзде жас маңдайымыз тиді тасқа.
Жиырма бір жыл атандым 
            әділ болыс,
Е, Алла, жақсылыққа өзің баста.
Бұл тек тап жауларына қарсы әрекет деп саналғанымен, жалпы адамгершілік нормаларын бұзушылық, әйелдер мен қыздарға қиянат жасау етек алды. 1919-21  жылдардағы жұттан кейінгі үлкен нәубет еді. Ауданда бір миллионға жуық малдан тек 154 мыңдайы ғана қалды. 1929 жыл бұдан да ауыр сорақылыққа толды. Елге әр түрлі салықтар салынды. Әр отбасына бір қанар жүн, тұяқ, мүйіз, тері-терсек, ит терісі, астық салығы дегендей, зорлық үстемелене берді. Елдің ашу-ызасын қайнатқан әйгілі Созақ көтерілісі осылайша басталды. Рас, елге жәбір көрсете бастағанда ірге бөліп, тау асып, Күнгей ауылына кету пиғыл да болған. Бірқатар әулет солай етті де. Бірақ, ірге көміп, ел қыстауға отырып қалғанда, тоқсанның қақаған суығында көрпе сөктіріп, мал қырықтырып, жүн салығын төлетеміз деп белсенділер шындап зәрін төге бастағанда «Қой, бір әрекет етейік, бүйтіп қор болғанша, қарманып көрейік» деген батыл шешімге бел буған шақ туды. Жер-жерге хабаршы-жаушылар жіберіліп, хат-хабарлар жазылды. Олардың біразын тіміскілеп жүрген қызыл тыңшылар қолға түсіріп, басшыларды хабардар етіп отырды. «Бір шошыса, содан шошыр» деп, ел ағаларын, бас көтерер үлкендердің біразын Созаққа әкеп қамап тастады. «Енді, оларды елден аулаққа – тау асырып айдайды екен» деген хабарды есітіп, ауылда қалған азаматтар шұғыл іске көшуді жөн санады. 
1930 жылғы 4 ақпанның таңсәрісінде Ақсақбақсы қыстауынан дүр көтерілген қалың жасақ Созаққа таяп қонған.Бұл маңды Бура тышқан деп те атайды. Ертеңіне айт мейрамына келген тойшылар есебінде топ-тобымен Созаққа кіре бас­тады. 6-шы ақпанда «Алла-һу!», «Аллаһ акбар!» деп ұрандап, өкімет үйлеріне лап қойды. Бұл оқиғалар туралы ғалым Талас Омарбеков, жазушы-зерттеуші, композитор Мұхамеджан Рүс­темов, жергілікті қаламгерлер Дулат Тұрантегі, Есіркеп Өмірбеков, Өтеш Қырғызбаев, өлкетанушы Сүлеймен Тәбірізұлы, жазушы Д.Досжанов кезінде бірқатар материалдар жариялап, жұрт­шы­лықтың назарын аударған.
Бұл күндері тәуелсіздік жайлы тебірене сөз етеміз. Кеудені қуаныш сезімі билейді. Әйтсе де, ұлтымыздың азатшыл, өршіл рухының оянуын тек әйгілі желтоқсан көте­рілісімен ғана байланыстыруымыз жеткіліксіз. Тарихымызда өшпес із қал­дырған Кенесары хан бастаған қоз­ғалыстар мен айтулы 1916 жылғы кө­терілістер ұлт азаттығы жолындағы айтулы оқиғалар болса 1930 жылғы Созақ көтерілісі сол кездегі көптеген басқа көтерілістермен бірге қиянатшыл Кеңестік жүйеге қарсы шыққан ха­лықтың ашу-ызасы еді. Әйтседе, бұл кө­теріліс туралы жас ұрпақ жете біле бер­мейді. Қазақ тарихында, мектеп оқу­лықтарында аз ғана шолу-хабар бері­леді, ал, Созақ көтерілісі туралы «Шың» тест сұрақтарында мүлдем өзгеше деректер келтірілген. Көтерілістің басшысы жайлы Жақыпов деген бұл өңірге қатысы жоқ адамның аты жазылған, ал, шын мәнінде Созақ көтерілісін бастаушы Ша­ла­құлы Сұлтанбек деген кісі болатын. Тест сұрақтарында бұл деректер бірнеше жылдан бері жөнделмей қайталанып келеді. Ал, шындығында 1930 жылғы кө­терілістер айтулы 1986-шы жылғы тәуелсіздік, азаттық эпопеясының ұлт рухын жоғары көтерген прологы болатын.
Ел егемендігін алған жылдары жер-жерде тарихи-танымды «Әді­лет» қоғамдары құ­рылып, көптеген «ақтаң­дақтың» бетін ашуға септік жасады. Біреулер «Ақ жалау қозғалысы», «Ақ қалпақтар көтерілісі», «Аллаһу» деп есітіп, қарадай зәре-құты қалмай үрейленіп жүрсе, екіншілер «Мі­не, азамат, міне, намыс, азаттық, теңдік, әділет, дін жолындағы нағыз күрес» деп қабылдады. Кейін ғалымдар мен зерттеушілер мұра­ғаттар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әр қаладағы жеті құлыптың ар жағында жатқан құжаттарға жол тауып үңіле бастады. Ал, ауылда сол көтеріліске қатысқан, оқиғаларды көзбен көріп, бастан кешкен қариялардан «Айтыңызшы, қалай болып еді?» деп там-тұмдап естеліктер алып қалуға тырыстық. Ел жадында жатталған өлеңдер мен жоқтаулар да өткеннен әжептәуір хабардар етті.
Хан сайладық қарадан,
Аз ғана ел Тамадан.
Жұма күні таң ата,
Созақты сарбаз қамаған.
Он төрт солдат өлтіріп,
Қалғанын қоршап қамаған.
Онан да өлмей қалған жоқ,
Орыс- қазақ шамалы.
Екі түйе оқ-дәрі,
Түсіріп алып талаған.
Жәрдемші болды бір Алла,
Аз ғана жүрді қадамы.
Кешікпей Созақ қайтып кеп,
Шейітлі кетті адамы.
Созақ көтерілісі 1930 жылдың 6-13 ақпаны аралығында өтті. Көтерілісшілер қамаудағы ел ағаларын – 17 кісіні босатуды мақсат еткен. Әйтпесе, ішкі іс­тер бөлімінде істейтін сенімдінің айтуына қарағанда, оларды таяу күндері Түркістанға, не Шымкентке әкетпекші екен. Арасында бұрынғы болыс, жасы 73-тен  асқан Ахмет, Ондыбайдың баласы Арыстанбек болған. Көкірегін намыс буған азаматтар «Бұл қалай? Мал мен жанымыз талауда. Оған көнген сыңайлы едік. Енді, әкелеріміз бен ағаларымызды әкетпекші. Жоқ, бұған көнуге болмас!»  – деп, іске шұғыл кіріскен. Қолда бар қаруларын іріктеп, жан-жақтан көмекші күтпей-ақ шабуылды бастап жіберді. 6-ақпанда аудан басшы органдарының ғимараттарына басып кіріп, барлық қа­ғаз­­дарды өртеп, қызметкерлерді үйді-үйлерінен алып шығып, орталық диірменнің жанындағы Әулиеағаштың түбіне жазалады. Оған дейін ат құйрығына байлап, арқанмен шандып тастап, біразын сойылдап тастаған. Бұлардың арасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құрбек Жүнісбеков, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Дауан Қаңлыбаев, халық судьясы Абдул Те­мірбаев, тергеуші Әбдірахман Бегалиев бар еді. ГПУ-дің аудандық бөлімінің бастығы Жағыпар Тыныштықбаев таудағы Суындық асуында атыс үс­тінде мерген Салықбайдың оғынан қаза­ланды.
Аудан орталығы Созақ қыстағында ол кезде 1 бастауыш (кейін орталау) мектеп (ол бұған дейін 8 жылдық орыс-түзем мектебі болып келген), 20-дан астам дүкен, 12 ме­шіт, 10 медресе, 1 медқосын және аудан меке­мелері орналасқан саяси-әлеуметтік басқару жүйесі жұмыс істейтін. Көтерілісте бәрі қиратылып отқа оранды.
Созақтағы оқиғаны хабарлау үшін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Омаров тау бөктерлей, Көкалаң, Сызған, Қозмалдақ, Көкбұлақ арқылы жарамды атымен қашып шығып, Ащысай кенішіне жетті.Ол жерден телеграф арқылы ОГПУ тарапынан хабар берілді. Алғашқы жедел хаттың мазмұны мынау: 
«Алматы, БКП(б) өлкелік  комитетіне: Созақ бандыларының қолында болып, байланыстың қиындығынан қоз­­ғалыстың шығу себебін, қарулы бан­дылардың қанша екенін, халықтың қай бөлігі оларды жақтайтынын біле алмай отырмыз.      
Тексерілген хабарға қарағанда, аудан­ның басшы кадрлары өлтіріліпті. Округ­тен Журавлевтің, Мусиннің басшы­лығымен жіберілген 50 адамдық отряд екі бөлініп 6-шы ақпанда Түркістаннан шықты. 25 адамнан тұратын бір отряд Созаққа бет алғанда, жолай бандиттерге жолығып, соғыс басталып, 6 адамнан айырылып, кейін шегінді. Қазір 35 адамы, бір пулеметі бар Қызылорда отряды, Ленин атындағы мектептің эскадроны келіп жетті. Шабуыл басталды. Осы күш әзірге жетерлік, қосымша тағы хабарлаймыз. Әулиеатадан 30 адамнан құралған отряд Кеңарал бағытында. 
Исаев, Гурин». 
(Шымкент облыстық 
партия мұра­ғаты,
 29-қор,1-тізбе,608-іс,42-бет.)

Бұл деректер Мұхамеджан Рүстемовтың Созақ қасіреті атты кітабынан алынды.Біз М. Рүстемов екеуміз елді аралап, көтеріліске қатысқан адамдардың көзі тірісінде қа­лайда тездеп естеліктерін алып қалайық деп, Созаққа, Қарағұрға, Балдысуға барып қариялармен сөйлестік.Кейін «Созақ қасіреті» атты кітап жазылғанда, Мұхаң мені қосалқы автор етпекші болды. Мен рахметімді айтып,, әзірше өз атыңыздан шығара беріңіз, бізге ауылда әлі жұмыс көп, ретіне қарай әрман қарай зерттей берерміз дедім. 
Бұл күндері сол қайғылы жылдардың куәсі болған қариялардың бірі де қал­маған. Тәңіріме мың шүкір, әйтеуір 1960 жылдардан бастап, осы тақырыпта біраз жұмыс жасап, көз көрген қария­лардың біразымен тілдесудің реті келді. Сол 60-шы жылдардың өзінде Созақ көтерілісі жайлы әңгіме бастала қалса, тірі куәгерлер тайсақтап, ештеңе айтқысы келмейтін. Әбден зәрезап болғандығы көрініп тұр. Енді, бұдан былайғы жастар барлық шындықты тек архивтер мен жазылған осындай естеліктерден ғана кезіктіре алады. Сондықтан, осы естеліктерге сүйенген тарихи әңгімелер мей­лінше шын болғаны абзал. Әйтпесе, дейді екен деп біреуден біреу естіп, өзі көрмесе де сорпаның сорпасын ұсынған материалдар жарық көріп жатқан жағдайлар бар. Сол үшін «Әділет» қоғамының атынан тірі куәгерлерді қалайда іздеп тауып, олардың естеліктерін алып қалуды мақсат еттік. Сол жобаны біздер кейінгі кезге дейін де жалғастырып, көз көрген тірі куәлардың естеліктерімен архив құжаттарын кезек­тестіре өріп, жұртшылықты хабардар ете жүруді мақсат тұттық. Міне сондай мұрағат деректерінің бірнешеуі тағы да алдымызда жатыр. 
Жеделхат:
«Түркістаннан тікелей байланыс­пен» қолма-қол жіберілді. Жария болып кетпеуін қамтамсыз етіңіз. Шымкент округтік БКПб комитеті Исаевке, Гуринге. Сарысудан келген бай-имам басшылары 7 ақпанда Созақты басып алып, оған Созақтың байы Сұлтанбек Шанақовты хан сайлады. Хабарға қарағанда атком төрағасы Қаңлыбаев, халық соты, аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы, тергеуші тағы да бірнеше қызметкер өлтіріліпті. 
Мына схемада Созаққа жасалынған интервенция бейнеленген. Ташкент қа­ла­­­сында орналасқан Түркістан әскери окру­гінің журналынан алынды, тағы бір ақпарда «8-ақпанда 8 адамнан құрылған барлаушы топ Созақ, Ащысай бағытына              жіберілді. Ащысай бағыты қауіпті бол­ған­дықтан, 9-ақпанда жергілікті коммунистерден 50 адам сол жаққа жіберілді. Көп ұзамай Шымкенттен, Қызылордадан адамдар келді де, 8 ақпанда жіберілген бірінші топқа көмекке тағы да 13 адам аттанды. Хабарға қарағанда, бандылар Созақты алыпты. Созақ жолында ГПУ-дің өкілі Тыныштықбаев қаза болған. Біздің топтан Исаев ауыр жараланды. Бандылардың қаруы аз. Көбінде аңшы мылтығы. Біздің топқа Поляков тобы Қызылордадан жетіп, жәрдем беруде. Соғыс Қоғашық асуындағы Керуен сарайда. Ақаев бастаған Түркістан атты әскер мектебі, Малышев бастаған Ленин атындағы Тәшкент атты әскер мектебі екі бағытта – Ащысай-Созақ  бағытында қимылға кірісті. Қазір бандылар Қара­тау­ға қашуда.Одан әрі жеделхатта Түр­кістанға жақын жердегі Қарнақта, Шаян­да, Шиеліде көтерілісшілерге ықы­ласты екенін білдіріп, тұқымдық астық қоймаларын талап, партком хатшысы Атабаевты өлтіргендігі туралы айтылады.
«…Біздің бөлімшенің жалпы саны 500 қылыштай, пулеметтері, зеңбіректері бар. Түркістан ұйымдарынан жолбасшылық үшін 200 адам шақырылды. Созақ ба­ғытындағы отрядтармен байланысты оқ-дәрі, тамақ, жем тасу үшін 500 ат-көлік жиналды.
Тоқжігітов, Филиппов.
 Қабылдаушы Богомолевский».
Созақ көтерілісі туралы осы деректерге сүйене отырып Ф.И. Голощекин Сталиннің өзіне тікелей хабар беріп, көтеріліс аяусыз басылғанын, бандиттерден 400-ден астам адам алғашқыда, кейін 300 адам өлтірілгенін, қазір жазалау, қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлап отырды. Кө­теріліс  жазықты, жазықсыздығына қа­рамай, аяусыз қанға бөктіріліп, жаппай қырғынға ұшыратты. Көктөбе елді ме­кені, оның жанындағы домалақ төбеге зеңбіректер қойылып, қаланы атқылау басталды. Бұрын мұндайды көрмеген халық ойбай дәу мылтық әкеліпті, мынау соның атқылауы деп тығыларға жер таппай, қатты үрейленген. Ол ар­тил­лериялық дайындықтан соң отряд басшылары келісіп, бір сағат бойы жап­пай атуды жүргізеді. Мұның мәнісі кім екеніне қарамай, көшеде, үйлерінің алдында жүрген адамдарды тоны бар, тымағы бар болса болды көрген жерде ата беруге рұхсат берілді.
Одан көтеріліс кезінде қолға түскендерді жаппай жазалау тағы жалғаса берді. Сол оқиғалардың тірі куәгерлерінің бірі  Тоғаев Әбдіқадыр ақсақал былай еске алады: Не­сіне танайын, майданның бел ортасында жүрдім. Туыстық жағынан ханымыз болып сайланған Сұлтанбекке жақынмын. 20 шақты адам болу керек, әйтеуір әу­ліге сиғанынша бәрімізді айдап әкелді. Қа­бырғаға сүйеп тұрғызып қойып ата бастады. Алғашқы дүркін құлағандардың астында қалдым. Бірақ, аманмын. Үйіліп қалған жұрттың астында жатырмын. Үсті-басым қан.Бір кезде тып-тыныш бола қалды. Әлгілер аралап жүр. Жаныма келіп тұрып алды. Темекі тартты. Темекінің күлі көзіме түсті, сонда да сыр бердім бе, бермедім бе білмеймін найзасын кірш еткізіп сұғып алды. Шыдадым. Өлген ғой деген болу керек, шылымының тұқылын тастай салып өкшесімен езіп тұрып алды. Бұл езіп тұрғаны менің мына көзім болатын. Қария соқыр боп қалған көзін көрсетті. Ал, мынау найзаның кірген жері деп тыртық болған қолын көтерді. Содан аналар кетті. Түн болды, бір кезде біреу ыңырсып тіл қатады. Өзіміздің адам, Көшер деген алшын. Қой, кетейік, түнделетіп жұртқа көрсетпей көміп тастайық деп кеп қалар дедік те екеуміз жайлап жылжып құм жаққа бет алдық. Қаланың шетіне қарай келгенде бір қорада таң асып тұрған атты шешіп алып, жүріп кеттік. Екеуміз ешқашан тісімізден шығармауға ант берістік. Енді, міне, айтуға болады, қорықпай-ақ айта беріңдер деген соң, өздеріңе сеніп, шер тарқатуға тура келді.
Көтеріліс басылған соң «Қара тізім», «Жеке отыр» деген арнайы лагерьлер ұйымдастырылып, бұған бай-кулактардың отбасыларын, көтеріліске қатысушыларға тілектес болды деген­дерді қамады. Лагерь қазіргі Қайнар ауылының шығыс жағындағы Үспі деген сордың жағасындағы 4,5 га жерге орналастырылды. Қоршайтын ештеңе болмаған соң, көшіріп әкелінгендердің өздеріне ор, жер-кепелер қаздырып, айнала күзет қойды.Ордың  тереңдігі түйе бойы, ені  адам аттап шыға алмайтындай, 6-7 құлаш, одан қашып шығу мүмкін емес. Күндіз ауыр жағдайда мақта егуге жекті.Бұрын мұндайды көрмеген адамдар арам шөп деп, мақтасын шауып тас­тап, тағы да «контра» атанып жазаға тартылып жатты. Көзбен көрген куәгер қариялардың (Жұпар апай, Төленбек Ақатаев, Қадыр, Шәкен, Шама Отыншиев, Серікбай Бектібаев) айтуына қарағанда, бұл жерде кемінде 4-5 мың адам болып, көпшілігі аштан өлген. Осы оқиғалар жайлы 1988-1989 жылдары белгілі тарихшы-ғалым Т. Омарбеков арнайы зерттеу жұмыстарын жасап, (сол еңбегінде автор біз ұсынған материалдарға бірнеше рет сілтеме жасап отырады, рахмет) ғылыми атақ қорғап, көп нәрсенің түйінін тарқатып, шындықтың бетін қағаздар, құжаттар және әлгі естеліктер арқылы дәлелдеп шықты («Жұлдыз» журналы, 1991 ж. 9-санында).
Кеңес өкіметі осы оқиғаларды мейлінше құпия ұстауға тырысты. Көне газет-журнал тігінділерін ақтарғанда, Созақ көтерілісі туралы ақпарат ешбір басылымда кездеспеді. Кейін «Ауыл» газетінің 1930 жылы 14 қыркүйектегі нөмірінде «Созақ ауданы республика бойынша астық тапсыру жос­парын 136% етіп алғашқылардың бірі болып асыра орындап шықты» деген жақсы хабар басқан. Көтеріліс зардаптарын тез ұмыттыру мақсатында елді отырықшы ету, колхоздастыру жаңа қарқынмен жүр­гізіле бастады. Көктемгі егіс науқанына барынша мұқият көңіл бөлінді. Егіске күш-көлік бөлінді, көп ауыл кетпендеп егуге кірісті. Сол кездері жұртты қоғамдық еңбекке жұмылдырудың барлық шарасы қарастырылған. Науқанға ел ағаларын, ақын-жыршыларды қатыстырып, жұмыс қос­тарында үзіліс кезінде ақындарға сөз бер­ген. Қызылкөл ауылында Қойшығара Сығаев деген ақын:
Еңбек қыл еңбекшілер, шауып кетпен,
Көпшілік жұмысына таза ниетпен.
« Емесің еңбек қылсаң » деген мақал,
Тіпті артық бала қамы, егін сепкен, – деп жырлады.
Басшылық тарапынан «Аллаһу»-дың зардаптарын тез ұмыту жолы – жұмысқа жұмылу деп саналды. Ал, бір жағынан жазалау, қуғын-сүргін өріс ала берді. Көтеріліс кезінде көп адам құрбан болды.
 Арнайы жазаланғандар туралы деректер:
Жүнісбеков Құрбек – БКП(б) Созақ аудандық комитетінің бірінші хатшысы. Шымкент уезі «Бадам» ауылының тумасы.1904 жылы туылған. Жасынан зерек, білімге ынталы болып өскен. Оның осы қабілетіне қарай басшы орындары қоғамдық, көпшілік жұмыстарға тартқан. Шымкент уездік партия комитетінде жауапты жұмыстар атқарған 1929 жылдың соңына қарай Созақ ауданына  партия комитетінің хатшылығы  қызметіне жіберген. Жан ұя­сында жұбайы және 2-3 жасар баласы болған, мерзімді айлық жалақысы 104 сом, кедей шаруадан шыққандығының дәлелі ретінде «қосшы» одағына мүше болып кірген. Көтеріліс кезінде қаза тапқан. Сол кездегі Голощекиндік солақай саясатқа қарсы ха­лықтың бүкіл ашу-ызасы тау суындай ақта­рылып, ең алдымен осы кісінің басына құлады. Үйінен таңертең ерте алып шығып, арқанмен шаңдып, тартып, диірменнің тұсын­дағы әулиенің жанына әкелген деп айтады. Сол жерде соққыға жығылып өлген. Созақ  ауылындағы орталық саябақта көтеріліс кезінде қаза тапқандарға арнап ескерткіш белгі қойылған. Ал, бұл кісінің жеке мүрдесі әулие талдың, зәулім мырза те­ректің түбіндегі құдыққа тасталып, қазір сол жерде басына құлпы тас қойылған. 2010 жыл болса керек, Сарыағаш шипажайында емделушілер арасында әңгіме үстінде ойда жоқта Жүнісбеков Құрбектің немере туысына жолығып қалдық. Жүнісбеков Тұрсынәлі Мүсербекұлы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Тараз мемлекеттік университетінде механика-машина жасау Кафедра меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор атағы бар азамат екен. 1997 жылды Елбасының тарих жылы деп жариялауына байланысты және тату­лық-келісім жылы деп те саналу керек де­ген тұжырымына сай көтерілісте қаза бол­ғандар тек  коммунистік партия-кеңес қыз­меткерлері емес, барлық қаза тап­­қандарға арналатын ескерткіш деп бел­гіленді. Жұрт­шылық солай қабылдады. Мо­ну­ментальді ескерткіш қою керектігі және оған конкурс жариялау керектігі айтылды.
Қаңлыбаев Дауан. 1902 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында (бұрынғы 6-шы ауылда) туылған.Жас  кезінде шешесі, онан соң 11 жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін жетім балалар үйінде оқып, білім алуына мүмкіндік туады. 1919 жылы 17 жасында Манкенттегі 4 жылдық оқуға түсіп, 1922 жылы бітіріп шығады. 1922 жылы Түлкібастан Әйтімбет Шыңғысбеков, Құрманәлі Манкеев  үшеуі Ташкентке оқуға барады. Ташкентте мектеп интернатта бір жыл оқығаннан кейін рабфакқа (рабочий факультет) ауысады. Сол кезде Түркістан Республикасының халық комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып тұрған Тұрар Рысқұловқа жолығады. Оқыған кезінде  және оны бітіргеннен кейін де өзінің зеректігімен, іскерлігімен көзге түседі. Алғаш Сайрам, онан кейін Түлкібас өңірінде болыстың төрағасы болып істеді. 1929 жылы Шымкент уездік партия комитетінің ұйғарымымен Созақ аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Партия мен үкіметтің, соның ішінде Голощекиннің колхоздастыру жөнінде асыра сілтеушілік «Кіші Октябрь» саясатымен шыққан Со­зақтағы көтерілісіне тап болады. 1930 жылы 7 ақпанда көтерілісшілер қолынан Дауан Қаңлыбаев 28 жасында қаза тапты. Созақта ескерткіш орнатылды, туылған жеріндегі мектепке Дауан есімі берілді.
Ауылдық кеңес Дауан атымен аталады.
Басқа қаза болғандар туралы кейбір мәліметтер:
Темірбаев Абдул – халық сотының төрағасы, бұл жерде келіншегі екеуі ғана болған, партия мүшесі, Әулиеата жағынан жіберілген;
 Бегалиев Әбдірахман – тергеуші, отбасында 2 адам болған. Партия мүшелігіне кандидат, Түркістанның жігіті;    
Чилибаев Оспан – округтік партия комитетінің нұсқаушысы, уәкіл, партияда жоқ, Шымкенттен келген;
Аюханов – аудандық атқару комитетінің есеп секторы, партия қатарында жоқ, Түркістан жақтың адамы;
Харченко Александр – есепші, бұны да Түркістан уезі жіберген.
Ефименко И.А. – атқару комитетінің қызметкері, Әулиеатадан;
Верохин В. – мал дәрігері;
Куликова Клавдия – мал емдеуші фельдшер;
Баев Николай – мал өнімде­рін, шикі­заттар дайындау одағының қызмет­кері.
Ағайынды Николай, Иван Дамиловтар, Караев Николай, Сельский Сергей, аты белгісіз ұста, ат бағушылар болған.
Әскер бастап келгенде соғыста қаза­ланғандар: Григоренко А.Г., Аузен А.А., Андреев С.Ф., Ефимов А.И., Трегубаев И.И., Клоков Ф., Леонтьев А.В., Захаров Е.А.
Көтеріліс кезінде Кеңес үкіметіне қызмет етушілерден барлығы 66 адам қаза болды. Ал, көтеріліске қатысушылар деп саналғандардан 1000-нан астам адам мылтық пен зеңбіректің оғына ұшты.Кейін жаппай жазалау, қуғын-сүргін етек алды. Шымкент шаһарының шығыс жағында «Қасірет»  деп аталатын қаза болғандардың, атылғандардың мемориалдық ескерткіш кешені бар. Сол кешенде жазаланғандардың тізбесі «Азалы кітапта» жазылған. Әзірше, сол кітапта 107 Созақтық азаматтардың аты кездесті. Ал, бұдан басқа, кейін ақталды деп көрсетілген, бірақ, жазаға тартылып, атылып, айдалып, сол бойы жоқ боп кеткендердің саны 400-ден асады. Жалпы, ұзын саны әлі толық ашылмағанның өзінде осы көтерілісте ауданның 7 мыңға жуық адамы жазаға тартылғаны анықталған. Қуғын көргендер әр түрлі  топтың өкілдері. Болған оқиғаларға мүлдем қатысы жоқ адамдар да мылтық қарауылынан қалыс қалмады. Мысалы, бірнеше өнер адамдары, ғалымдар қосақ арасында босқа кетті. Белгілі күйші Төлеген Момбековтың әкесі Момбек қария.  Ғалымдар Ақбердиев, Ш. Бекжанов­тар, және тартып жүрген күйлерің ескі сарын деп, бірнеше күйшіні атып тастаған жағдайлар кездесті. Бұл жөнінде Ақселеу Сей­дімбеков  «…Созақ көтерілісінің аяусыз басылып жаншылуы, отыз екінші жылғы ашаршылық қырғыны, одан кейінгі ел ішінің еңсе көтерерлігін баудай түсірген репрессиялық науқан. Сүгірдің сыршыл жүрегіне шемен болып қатып, суреткерлік болмысына түбегейлі өзге­ріс енгізді. Әсіресе, күні кешелер тай-құлындай тебісіп жүріп күймен көңіл жарастырған достары Сармантайұлы Ах­метжанның, Рысқұлбекұлы Әбдидің, Айдосұлы Сембектің тек қана күй тартқаны үшін атылуы Сүгірді  қатты тіксінтеді» («Қарабура» кітабы, 537 бет. А. Сейдімбековтың зерттеу мақаласы). Бұл кезде атақты күйші  Сүгір Әлиев қызыл отауда жұмыс істегендіктен аман қалған болуы керек.  Ал, бұл оқиғалар кезінде осының бәрі ештеңе болмағандай сыңай танытып келіп, бірақ астыртын қудалау шаралары еш тоқтаған емес. 
Көтерілістен соңғы ең бірінші жиналыс 1930-жылғы 3-наурызда өтті. Онда аудандық партия комитеті, атқару комитеті қайта құрылып, конференцияда Орталық Комитет бақылау 1929-жылғы біріккен жел­­тоқсан пленумының қортындылары талқыланды. Бұл пленумның қолға алған мәселесі – құлақтарды тықсырып, оларды сылтау етіп барлық шаруашылық иелерінен төтенше жағдайларға ерік беріп, алым алу (дань) мәселесі қаралған еді. Бұл шаралар алда сөзсіз болмай қоймайтын жойқын аштықтың алғы шарты болғаны белгілі. Бір қаскөйлікті бір қаскөйлік жетектеп, елді  сорақы нәубетке бастап  келе жатты.
Созақ көтерілісі  туралы ешқашан, еш жерде не бақ өкілдері, не басқа желілер арқылы жұмған аузы ашылмай құпия ұстауға тырысты. Тек соңғы табылған де­ректерден мына біреуі ғана назар ау­даруға тұрарлық.
Николай Гурьевич Маллицкий (1873-1947) – Өзбекстан ғалымы, мамандығы географ 1901 жылы «Туркистанские ведомости» газетінің «Орта азия физикалық географиясы сипаттамасы» деген күрделі еңбек жазады, (1945). Сол еңбекте Қазақтар туралы арнайы үлкен тараулар бар. Онда салт-дәстүр, ауыз әдебиеті қамтылған. «Қазақтар сан мыңдаған әндерге, өлең­дерге арнап,  өлгендерге арнап айтатын жоқтауларға, мақал-мәтелдерге, жұм­бақтарға, ертегілерге, соның ішінде аңдар туралы аңыздарға өте бай халық» – деп жазады. «Олар қыз-баласын қатты сыйлаған, сөз құдіретін киелі санаған». Тағы да: «Дархан даланы мекен ететін осынау елге мінездеме беру де оңайға соқпай отыр. Себебі, олар мүлде басқа, бөлек халық. Олар аңғарымпаз, қонақжай, әлемді сүйгіш, берген антына адал, тез тіл алғыш, тез тіл табысқыш. Қа­­­зақтардың берген уәдесіне беріктігі – оларды өзгелерден ерекшелендіреді. Қа­зақтар өте таза, тәртіпке бағынғыш, өте батыл халық. Әсіресе, батылдығы Созақ көтерілісі кезінде көзге түскен. 
(ОҚО. Мемлекеттік мұрағаты «Мә­дени Мұра» мемлекеттік бағдарла­ма­сы аясында Ташкенттен әкелінген жеке адамдардың құжаттары, жеке қор топтамасынан). Бұл Созақ көтерілісі туралы ең батыл және Кеңестік дәуірде ең алғаш ашық айтылған пікір. Бұның ЧК қызметкерлерінің көзіне қалай түс­пегеніне, авторды қалай жазаға тарт­пағанына таңымыз бар. Тегі, олар өзді­гінше іздену дегенге шорқақ, біреулерді бопсалау арқылы арыз-шағым-донос жаз­дыруға дағдыланған, сол арқылы  жұмыс істеуге бейім болу керек.   
Созақ көтерілісін Голощекин және оның жақтастары Қазақстанда саяси-қуғынды одан әрі өрістетуге пайдаланып отырды.Бұл көтерілісшілердің Ташкентте үлкен идеялық дем берушілері бар деп ең алдымен Сұлтанбек Қожановты,Үндеуін жазып берген жазушы деп Жүсіпбек Аймауытовты қаралағанда іске қосқан болатын. Сонымен бірге, басқа да «Алаш» партиясы көсемдерін жазаға тартқанда арасында осы көтерілісті де арасына кірістіріп отырған. Ресейдің аса көрнекті тарихшысы В.О. Ключевский «Жергілікті тарихты жете білу – ол қоғам тарихына әсер етеді. Сол арқылы үлкен ұлттың тұтас тарихы қарастырылады» деген екен. Өткендегі ғұламалар, тарих – ол ел жанының, ұлт рухының қозғалыс баяны депті. Ол өткенге емес, болашаққа қызмет етеді. Жас ұрпақ өз тарихын жете білуі керек. Бірін айтып, бірін  айтпай қалу әділеттілікке сын. Әйтсе де, қазір Созақ көтерілісі туралы жет­кілікті ақпарат берілмей келеді. Осы кезге дейін не ҚазССР энциклопедиясында, не одан кейін жарық көрген ұлттық энциклопедияда, не тарихта ол тиісті орнын алған жоқ. Тележүйелер арқылы та­­қырыптың зәру екенін аңғарған әл­декімдер Созақ көтерілісі жайлы шала-шарпы біл­гендерін жаһанторға салыпты. Ол ар­қылы тек өзінің атын шығаруды ғана ойлап, шын болған оқиғадан хабары жоқ екенін сездіргеннен басқа ештеңе емес.
Созақ тарихы сөз бола қалғанда, осы жерде болған айтулы көтерілісті аттап өту­ге еш болмайды.Ол туралы болған оқи­ғаларды қай елді мекенде не болып еді, олардың тұрғындары көтеріліс кезінде қандай уақиғаларды бастан кешіріп жатты, Созақ оқиғалары жекелеген отбасыларына қандай әсер қалдырды деген жағдайлар қаз қалпында хатқа түсірген бірқатар  деректер 2013 жылғы №12 , 2014 ж. №1 «Жұлдыз» журналында жарияланған болатын, содан оқи аласыздар.

 

Алдыңғы «
Келесі »