ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ 1939 – 1956 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамында болған Фрунзе ауданының жылнамасы

  • 17.03.2015
  • 220 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам қайраткері

Төрт күннен кейін аупарткомның ХІІ пленумы басталған. Қаралған мәселе ағым­дағыдай – обком пленумының қор­тындысы және аудан партия ұйым­дарының кезекті міндеттері. Баяндамашы – аудандағы барлық жұмыстың бас сарапшысы М. Пошанов. Бір жақсысы, ол табыстар дей­тінге қысқаша ғана тоқталыпты. Дәнді дақылдар мен мақта егісі, көктемнің ұзаққа созылғанына қарамастан, белгіленген мерзімде егіліп бітті, «Ворошилов», «Құ­­майлықас», «Ақсары», «Ынталы» колхоздары науқанды үлгілі өткізді. Аудан ең­бекшілері Армиямызға жылы киім жинауда ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. 5828 дана жылы киім және бірнеше сыйлықтар жіберді, дей келіп, оған қанағаттанбағанын «бастауыш партия ұйымдары, коммунистер партияның саяси-көпшілік жұмысын, басшылық жұмысын соғыс талабына толық бейімдеп, қайта құра білгенде, бұдан бірнеше есе мол табысқа жеткен болар еді» деп түйеді де, бүтіндей кемшіліктерге көшеді. Олар мынадай: «соғыс кезінде бүкіл басшылықты тездетіп қайта құру талап етілетінін түсіне білмедік. «Каганович» колхозының партия ұйымында коммунистердің өндірістегі авангардтық рөлі жоқтың қасы. Бес коммунистің біреуі ғана тікелей өндірісте істейді, еңбекті ұйым­дастыру, еңбек тәртібі нашар, колхозшылар жұмысқа түгел қатыспайды.


«Абай» колхозының бастауыш партия ұйымы стахановшыларды партия қатарына тартуда бірқатар жұмыс істесе де, олардың тәжірибесін кеңінен тарата білмейді, жұмысқа колхозшылардың 70-80 проценті ғана шығады, күніне 11 га мақтаны шабықтау орнына, 6 гектар ғана шабықталады. «Шорнақтөбе» колхозындағы бастауыш партия ұйымы (секретары Шынжырбаев) 2 жыл бойы стахановшылардың біреуін де қатарға тартпаған.
Ұйымдастыру-көпшілік жұмысына нақты көмек көрсетпейтін ұйымдар бар. «Құсшы» колхозының бастауыш партия ұйымының секретары Камалов, үгітшілер коллективінің жетекшісі Өтепов жолдастар олардың кеңесін, семинарларын өткізбейді…
Ақ егісті жинау, мемлекетке астық тапсыру ең жауапты жұмыс екенін көп шаруа­шылық басшылары ұқпаған сықылды. «Шорнақтөбе», «Үлгілі», «Құсшы», «Каганович», «Абай» колхоздарында күш көлік арық, күтімге алынбаған, арба, қап, ыдыс дайындалмаған, құрал-саймандар, қоймалар жөнделмеген, өрт қаупынан сақтану шаралары нашар жүргізіледі.
Мақтаның суарылғаннан кейінгі бірінші шабығы белгіленген мерзім бойынша 5-июньде, екінші шабығы 15-июньде бітуі керек еді, бірінші шабық он күн кешігіп бітсе, екінші шабық 67% ғана орындалды. Шабықтан кейін іле суару, мақта түптерін бекіту тым кешіктіріп жүргізілуде… 
Кейбір ауылсоветтерде заттай салық төлеу, қаржы жинау жоспарлары орындалмайды.
Осының бәрі қандай қатал қаулыға да негіз бола алады.
Пленумда нақты шешілген бір мәселе – бірінші конференциядан кейінгі бірінші пленумда бюро мүшесі болып сайланған, «Қызыләскер» колхозының перме бастығы болып істеп жүрген Зәуре Абдуллаева бюро мүшелігінен босатылып (қаулыда себебі көрсетілмеген), орнына аупартком мүшесі Шаймерденов Құрманғали сайланған.
***
Шілденің бірінде аупартком бюросы мен ауаткомның біріккен мәжілісі өткен. «Колхоздарда еңбек минимумын арттыру, ауылшаруашылық жұмыстарына жегуге жататын жұмысшылар, қызметкерлер, олардың семьялары жөніндегі қаулының орындалу барысы» туралы жер бөлімінің басшысы Отаубаев, ауаткомның мобилизация бөлімінің меңгерушісі Нәлиев, МТС директоры Жұмабаев баяндаған. Мобилизация соғыс кезінде келген термин ғой, мағнасы адамдарды, қару-жарақты, бүкіл мүмкіншілікті жұмылдыру дегенге саяды. Біріккен мәжіліс мобилизация (жұмылдыру) туралы қаулыны түсіндіру жеткіліксіз деп біледі. Мекеме ауылсовет басшылары,  бас­тауыш партия ұйымдарының хатшылары жұмылдырудан бойын аулақ салатындарға соққы бере алмай отыр. Ағарту орындары, аупарткомның үгіт-насихат бөлімі ауыл­шаруашылық жұмысына жұмылдыруға жататын оқушылар арасында ұйымдастыру көпшілік жұмысын нашар жүргізеді. Соның салдарынан ауылшаруашылық науқандарына жұмысшы, қызметкер семьяларынан 225 адам шақырту қағазын алып, жұмысқа қатысып жүр. Қалғандары әртүрлі себептермен бойын аулақ салып, шақырту қағазын (повестка) ала тұрса да, белгіленген жерге барып, колхоздардың маусымдық жұмыстарына қолма-қол кө­мек­теспейді. Оларға заң орындары нақты шара қолданбайды. Аудан бойынша жегілуге тиісті 1000 оқушы мен оқы­тушылардың көпшілігі жұмысқа жегіл­меді. «Қызыләскер», «Фрунзе», «Май­дамтал» колхоздарында оқушы балалар мен оқытушылардан бригадалар ұйым­дастырып, жұмысқа тегіс қатыстыру жоқтың қасы.
Аудандық денсаулық сақтау, байланыс бөлімдерінің басшылары Қалабаев, Батырбеков қарауындағы повестка берілген қызметшілер мен олардың семьяларын көрсетілген колхозға жібермеген. МТС ди­ректоры Жұмабаевтың қарауындағы қызметкер, жұмысшылардан, олардың семьяларынан 15 адам колхозға жегілсе де, үш адам ғана істейді, қалғандары бар­маған.
Ауаткомның жұмылдыру бөлімінің мең­герушісі Нәлиев повестка берілген адамдардың көрсетілген колхоздарға барып, істеп жүргенін, яки бармағанын білмей, есеп-қисап жұмысын былықтырған. 
Соның салдарынан кей жерлерде колхоздарға мобилизацияланған бос адамдар шындап жұмыс істемей, нормасын орындамай, тек жұмысқа шықты деген атақ алып, бой көрсетіп жүр. Бұл жөнінде мобилизация бөліміне жанды көмек беруді ауылсовет басшылары есінен шығарып, өздерінің рөлін атқара алмай келеді.
Әрине, қаулы анықталған жәйттерге орай. 
Біріккен мәжілістің екінші мәселесі – егін жинау, астық тапсыру жұмысының барысы. Мұны жер бөлімінің бастығы Отаубаев, МТС директоры Жұмабаев, дайындау халық комиссариатының аудандық уәкілі Нұрсейітов, тұтынушылар одағының төрағасы Тәжібаев баяндаған. Әрине, әркім өзінің тікелей жауапты саласы бойынша.
Мұндайда қаралатын мәселеге күн іл­гергі дайындықтан бастап, сол күнге дейін тындырылған тірлік сараланады, нәтиже анықталады. Ақ егісті орып, жинау, өткізу жоспарында бұл шаруаны 15-июньде бастап, төртінші шілдеге аяқтау көрсетілген екен. Мәжіліс өткен күнге дейін ақ егістің 800 гектары орылып, 94 тонна астық тапсыру орнына 14-15 тонна өткізілген. Бұл – науқанға басшылық нашарлығының салдары. Сол салдардың салдары астықтың талан-таражға түсуі, өрт қаупының алдын алуға жете мән берілмеуі. Егін оруға 10 комбайнның сегізі, 6 молотилканың төртеуі, 28 лобогрейканың 18-і қатыстырылса да, солардың күндік норманы орындайтындары некен саяқ.
***
Біріккен мәжілістен кейін екі апта өте сала аудан активінің жиналысы өткен. Тағы да сол – егін ору, астық тапсыру мәселесі. Рас «Ынталы», «Майдамтал», «Үлгілі», «Қызыләскер» астық тапсыру жөніндегі міндетін орындап шыққан. Алайда 15-шілдеге дейін 5932 гектар ақ егістің 3418 гектары ғана орылған, яғни 59%. «Октябрь», «Крупская», «Ворошилов», «Андреев» ауданды артқа тартып отыр. «Октябрь» 304 га ақ егіс оруды 20-июньнен бастап, күніне төрт гектар ғана орып отырған, «Ворошилов», «Андреев», «Крупская», «Ақтөбе», «Абай» колхоздарының көрсеткіштері де нақ сондай. «Каганович» 335 гектар егістің 64 гектарын ғана орып, 40 гектардың түсімін ғана бастырған.
Демек, ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ. Басты кемшілік қандай? «Фрунзе» колхозының председателі Бабажанов «МТС-тан келген 2 комбайн 20 күн ішіне 450 га егісті орып беруге тиісті еді, тын­дырғаны 60-ақ гектар, ал, орақшылар 227 гектар орды. МТС-тың астық тазалау мәшинесі 15 күннен бері жүрмей жатыр», «М.Горький» колхозының председателі Шойтанов «МТС-тан берілген лобогрейка бірде-бір гектар жер орған жоқ. Қол орақпен 55 га жерді орып бітірдік», «Во­рошилов» колхозының председателі Абдрахманов «егін орағын аяқтай алмай отырғанымыздың себебі – комбайнға сенушілік» дейді. Ал МТС өкілдері ше? Оның машина-трактор шеберханасының бастығы Сәуірбаев «Куйбышев» және басқа колхоздардың басшылары МТС күшіне сеніп, уақытты бос өткізеді. Сынған машиналарды колхоздар өз күшімен, қолдан келетін қосалқы бөлшектерін ұстаға тездікпен істетіп отыруы керек. Комбайндардың тұрып қалуы және сынуы кейбір колхоздарда егіс жерінің тегіс болмауынан, арам шөпті уақтылы отап, комбайн жүретін жерді тазартпағанынан» десе, директор Жұмабаев соны қайталайды.
«Бітіреміз», «қатырамыз» дегендер де жетерлік. Ауатком председателі, бюро мүшесі Тасжанов «Былтырғы жылмен салыстырғанда қарқын өте төмен» деген баға берсе, соны терістегені болар, Пошанов қортынды сөзінде «Исполком қызметкерлері де жұмысты нашар істеп отыр» дейді.
***
Қыркүйектің басында ауаткомның ке­зекті мәжілісі өткен. Оның мүшелері Тасжанов, Райысов майданға жөнелтіліпті. Төрағалық еткен Тасжановтың орынбасары Ташов, хатшысы Дайындау халық комиссариатының аудандық уәкілі болып шамалы уақыт істеген, біраз бұрын жаңа жұмысқа тағайындалған Н.Мырзалиев. Бірінші қаралғаны – Мемлекеттік малша­руашылық жоспары мен шөп шабу жоспарын орындау, қораларды жөндеу барысы. Баяндамашылар «М.Горький» колхозының председателі Ижанов, жер бөлімінің бас зоотехнигі Ақымбеков. Анықталғаны (сегіз айлық қортынды бойынша) жылқы жоспары – 4470, бары – 4477, түйе – 1166, бары – 1191, ірі қара – 5130, бары – 5206, қой-ешкі – 23229, бары – 25390. Төл алу (жоспар): құлын – 747, алынғаны – 719, бұзау – 1345, алынғаны – 1165, қозы-лақ – 8715, алынғаны – 8953. Соңғысынан басқасының жоспары орындалмаған. Мал азығын дайындау: жоспар – 33210 тонна, дайындалғаны 31231 тонна, қора басына түсірілгені – 15014 тонна, жартысына да жетпейді, шөп балаусасы, жоспар – 1510 тонна, орындалғаны 370 тонна ғана.
Денсаулық сақтау, қай кезде болсын, естен шықпауға тиіс проблема ғой. Мәжіліс Қалабаевтың есебін тыңдаған. Аудан орталығында 15 төсектік аурухана, бір амбулатория, жер-жерде 8 медқызметкер бар. Бас-аяғы сол. Аурухана мен амбулатория үйлері жөнделмеген, отын дайындалмаған, лекция оқу ұйымдастырылмаған, кол­хоз­дардағы балабақшалар тазалығы тек­серілмейді. 
Мемлекеттік міндетті шөп тапсыру деген салық түрі де бар, оны енді етпен тө­леу мүмкіндігі туғанын орайы келгенде айтқанбыз. Шабындығын су басып кеткен «Будённый», «Ворошилов», «Андреев» колхоздары сол салықтан мал өнімдерін тапсыру арқылы құтылғысы келетіні жөнінде өтініш беріпті. Мәжіліс бұған келісіп, бекітілуін облаткомнан сұраған.
Күз келгесін, артынан қыс жететіні белгілі ғой. Қазақстан, оның ішінде Оң­түстік Қазақстан да үй жылытып әуре болмайтын тропика емес. Осыны білетін ауатком, аудандық мекемелердің тапсырыстарына сүйене отырып, 300 тонна отын дайындау жоспарын бекіткен, оны теңдей етіп бөліп, дайындауды кәсіпшілік комбинаты мен аудандық тұтынушылар одағына тапсырған.
Кезекті тағы да «Стахановшы колхоз­шыларға» беретін сәт соққан секілді.
«СК», 1942, №45–70
* Шерт ауылсоветі (пред. Шәутібаев, салық агенті Досболов) соғыс салығын, жеке басты, бойдақ, баласыздар салығын, мәдени алым, өзара салықты 100% орындап, 65 мың сомның соғыс заемына жазылдырды. Теке, Сауран ауылсоветтеріндегілер соғыс заемына тегіс жазылып, 99 процентін қолма-қол берді. Алайда, Шорнақ, Аша ауылсоветтері (пред. Ташметов, Жұманова) әлі жайбарақат.
* Ворошилов орталау мектебіндегі 131 оқушының бәрі кластан класқа өтті, 24 бала төртінші класты бітірді. Үшінші тоқсанда отличниктер 13 еді, енді 43. Бесінші класты үздік бітірген Пазылбекова, Омаровалар колхозда да жұмысты отлично істейді.
* Ленинградтықтарға 2288 кг ет, 439 кг сарымай сыйланды. 
* Ауатком мен аупартком бюросы ауыс­палы Қызыл туды «Құмайлықас» колхозына берді.
* «Игілікте» 65 жасар Құрманбаев, Ержанов егін қориды. Аңламасова Орынкүл, Тұрсынай, Нұрынкүл секілді кемпірлер қап тоқып, арқан есіп, егін орып жарысты қыздырды.
* Комсомолец Ерманов 1939 жылдан МТС-та токарь. Бұрын нормасын 150-200% орындаса, кәзір 200-300%. Ол МТС мастерскойында техниканың қосалқы бөлшектерінің 115-ін істейді.
* Ауданымызда 26-июньге дейін 328 га арпа орылды. «Фрунзе», «Ақсары», «Каганович» арпаны аяқтап, бидай оруға кірісті. 1754 га пар айдалды. «Майдамтал», «Андреев» алда келеді.
* «Ақтөбе» шөп шабу планын 116% орындады.
* Кәсіпшілік әртелі айрауықтан 10, миядан 600 кило арқан дайындады.
* Аудан орталығындағы қызметкерлер «1-май», «Ынталы» колхоздарында зиянды жәндіктерге қарсы шаралар істеді. «1-майда» 21 адам 300 гектардай жерге шегірткеге қарсы дәрі септі.
* Бабайда пионерлер үшін лагерь ашылды. 
* Аудандық Құрмет тақтасына «Ақ­сары» колхозының шопаны Қайыпов Иман­байдың, звено жетекшісі Қуандықов Керімбайдың, өндіріс бригадирі Жақаев Әлімбеттің, «Құмайлықас» колхозының звено жетекшісі Ибраимов Әліқожаның, «Фрунзе» колхозының өндіріс бригадирлері Құлтаев Әметтің, Бабажанов Исмаилдың, звено жетекшілері Розметов Қарабайдың, Әнәпиев Әкештің, «Қызыләскер» колхозының звено жетекшісі Оразбекова Паданның есімдері енгізілді.
* «Октябрь» колхозында Әйметова Тәжі жұмысқа таңғы бесте шығып, кешкі онда қайтады, нормасы 12 сотка, 36-48 сотка мақта баптайды.
* «Ынталы» колхозы 4 күн ішінде 114 ц астық өткізіп, жоспарын 100% орындады.
* «Куйбышев» колхозының жылқы пермесінде Бертаева Патан күніне 30 бие сауып, нормасын 200% орындап жүр.
* Колхоздарда пар айдау 73% орындалды. «Құмайлықас», «Қызыләскер», «Ворошилов» ең артта.
* «Майдамтал» колхозында 38 оқушы 2 звеноға бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Мұса­баева оқуды отлично бітірумен бір­ге, алғашқы күні-ақ нормасын 250% орын­дады.
* Фрунзе орта мектебінің оқушылары – 120 адам «Фрунзе» колхозында еңбек етуде. Ахметов, Балдыбеков, Жұпарбекова нормасын 200% орындайды. 60 жастағы Әйшекүл Көпжанова 200, Мырзалиева, Ибрагимова 160, Әбдірәшова, Исақова, Елғонова 150 кг масақ терді. «Қызыләскерге» барғандардан Қожанова, Мейірманова, Әлиева 200 килограмнан жинады.
* 20-августа мақташы стахановшы­лардың аудандық слеты болды. «Фрунзе» колхозы 30 центнерден өнім алмақ. Сол колхоздан бригадир Әмет Құлтаев гектарынан 40 ц, «Қызыләскерден» звено жетекшісі Ташева Райхан 40 ц өнім алмақ. «Құмайлықастан» Гүлхан Ғаппарова маусымда 7-8 тонна, «Ворошиловтан» Сапура Омарова күніне 140-150 кг мақта термек.
* «Крупскаяның» Байкеева басқаратын бригадасы 25 августа мақта терімін бастап сол күнгі нормасын 180% орындады.
* «Будённый» колхозы былтыр ең­беккүнге 2,5 сомнан ақша беріп еді, биыл 10 сомнан бермек. Онда балықшылар бригадасы да ұйымдастырылған. Ол 8 ай ішінде 14,2 тонна балық аулап, жылдық жоспарын асыра орындады.
* «Андреев» колхозында 14 жасар оқушы Исаев Қалмырза 416 еңбеккүн тауып, стахановшы деген атаққа ие болды.
***
Жылдың тамыз айының аяғынан бастап аупартком бюросында бірталай мәселелер қаралып, шешіліпті. Оқу жылына дайындық туралы мәселе талқыланғанда қысқы отын тасылмағаны, мектептерді жөндеу бітірілмегені, бұл жұмыс 1-авгусқа дейін бітірілсін деген қаулы орындалмағаны атап көрсетіліп, мектептер жөндеуді 25-іне дейін бітіру міндеттелген, оқу-жазу құралдарымен, басқа да заттармен қамтамасыз ету тұтынушылар одағының председателі Саңғылбаевқа тапсырылған. Қызыл армияға жылы киім жинау аудан бойынша қанағаттандырмайтыны көрсетіліп, бұл жұмысты август-октябрь айлары ішінде аяқтау міндеттелген. 24 кісі оқитын екі айлық тракторшылар курсын ұйымдастыру туралы шешім қабылданып, сабақты 24 августан бастау МТС директоры Жұмабаевқа, оның саяси жұмыс жөніндегі орынбасары Ахметовке, қадағалау Құрманбековке жүктелген. Ауатком председательдігіне Қазақ ССР Жоғарғы Советі төралқасының мүшесі, сауда министрінің орынбасарлығынан Айнаш Оразбаева келген, біріккен мәжілістің хаттамасына Пошановпен бірге қол қойған. Көшіп келген 61 қызыл әскер семьяларынан (оның ішінде 11 отбасы басшы құрам әйелдері, балалары) 73 адам колхоз өндірісіне, 33 адам мекемелерге орналастырылған.
***
«Көсеміміз Сталин жолдастың 1942 жылғы 6-ноябрьдегі Москва советінің салтанатты мәжілісінде жасаған баяндамасын және 7-ноябрьдегі Октябрь мерекесінің ХХV жылдығы жөніндегі бұйрығын іске асыру» тақырыбындағы М.Пошановтың баяндамасы аудандық партия комитетінің 29-ноябрьде болған ХІІІ пленумында талқыланды. Әрине, алдымен жетістіктер ауызға алынған. Ауданымыздың еңбекшілері, деді ол, мемлекет алдындағы міндетті мақта планын 107% етіп абыроймен орындап шықты. Мақта терімінде 3000-4000 кило мақта жинаған адамдар саны 121-ге жетті. «Ворошилов» колхозында олардың саны 17. Әметова Саламат, Омарова Сапура 6000 кг мақта терді. Келісім-шарт бойынша 1570 ц мақта өткізу орнына  1806 ц тапсырып, 115% орындады.
«Майдамтал» астық жоспарын дер кезінде орындап шықты, 700 ц орнына 996 ц мақта өткізіп, 142% орындады дей келіп, астық тапсырудың жалпы жай-күйіне тоқталыпты.
Аудан 850 га арпа еккен екен, 4,5 центнерден өнім алыпты. Мәз емес, ал «Максим Горький» колхозының басшылары 70 гектар күздік бидайдың тұқымын да қайтара алмаған. Соның салдарынан колхоз мемлекет алдындағы міндетті астық төлемінен құтыла алмаған. «Шорнақтөбе» колхозында дәнді егісті қызыл сумен 4-5 рет суару мүмкіндігі бола тұра, оны істемеді, егісті арам шөптен тазартпады, агрономиялық шаралар қолданбады, гектарына 5,25 ц өнім алып, міндетті астық төлемінен құтыла алмай отыр. «1-май» колхозының басшылары Дүйсенбаев, Бекболатов жолдастар күздікті де, жаздықты да сапасыз еккендіктен, суару арықтарын ерте бастан сайламағандықтан шығым жартымсыз болды. «Ынталы» колхозының бұрынғы председателі Әбдірахманов дәнді егістен мол өнім алу былай тұрсын, кәмпескеленген Шораев, 10 жылға сотталған Қожабеков Күреңбай сияқты элементтермен бірігіп, колхоз астығын талан-таражға ұшыратқан. Айтылған жағдайлар ауданда дәнді егістен мол өнім алудың негізгі шаралары қолданылмағанын көрсетті. Соның салдарынан мемлекетке астық тапсыру орындалмай отыр. Мұны мойындауымыз керек, деп қорытыпты.
Аудан шаруашылығының маңызды әрі ірі саласы мақта. Көкке көтеретін де сол, қу тақырға оңдырмай алып соғатын да сол. Сондықтан болар, М.Пошанов «1941 жылғы 1900 га мақтадан орта есеппен 15,5 ц өнім алған едік. 1942 жылы 2080 га мақта егіліп, біз, аудан большевиктері орта есеппен 22 центнерден өнім аламыз деп қаулы алған едік, бірақ міндеттемені орындамадық» деп бастапты осы салаға қатысты әңгімесін. Мұндайда «неге?» деген сұрақ туатыны заңды ғой.
М.Пошанов ауданның бүкіл шаруасына алдымен жауаптыға айналған аупартком ағаттықтарын талдауға ұялған ба, әңгімені шаруашылықтардан бастапты. «Үлгілі» колхозының бұрынғы басшылары Асанов, Егембердиев жоспарда көрсетілген 110 га мақтаның 35 гектарын кем еккен, баптауды нашар жүргізген, келісімшарттағы 605 ц мақтаның 453 центнерін ғана өткізген, яғни 74,86% орындаған. Егембердиев партия қатарынан шығарылып, жауапқа тартылған. «Қаражон», «Құсшы», «Андреев» мақта шабығын өте нашар жүргізген, көректендірмеген. «Ақтөбе» – (Құттыбаев) екі күн бойы суды бақшаға жіберген. «М.Горькийде» мақта жері тегістелмеген. Салдар: «Андреев» – 93,3%, «Абай» – 73,8%, «Ақтөбе» – 64,9%. «Алдыңғы қатарда» деп жүрген «Құмайлықас», «Қызыләскер», «Майдамтал», «Фрунзе», «Ворошилов», «Ленин» дәнді егіс деп жүріп, мақта баптауды әлсіретіп жіберген.
«Келісімшарт бойынша 33896 ц, ал өткізілгені 22592 ц, яғни 67%. Кешіргісіз кінә» – бұл бірінші хатшының өз сөзі.
Аудан экономикасының ең дөкейі – мал шаруашылығы. Жаңа құрылған кезде тіпті бірінші болған. Маңдай терін төгіп, нанын адалдан жейтіндер қашан да болған. Бола беретін де шығар. Баяндамада көрсетілгендері «Майдамтал», «1-май», «Игілік», «Ақтөбе», «Құмайлықас», «Ленин», «Будённый». Малдың барлық түрінен жоспарын (мал саны бойынша) артық орындаған, қысқа жақсы әзірленген. Білтебаев Қалдан «Жамбыл» колхозында 1937 жылдан шопан, биыл 375 саулықтан 449 төл алған, «Майдамталдан» Досжанов Байсейіт 1929 жылдан жылқышы. 39 биеден 39 құлын алды. Бірақ… «Крупская» барлық түрінен орындамады. Председателі Елтаев, орынбасары Мәткәрімова жауапсыздық салдарынан 16 жылқыны, 6 сиырды өлтіріп алған, 3 жылқы, 22 қой, 6 ешкі, 12 ылақ бүтіндей жоғалып кеткен, мал қоралары жөнделмеген, оларға шөп түсірілмеген. «М.Горький» колхозында да мал басын өсірудің мемлекеттік жоспары орындалмаған, 5 жылқы өлген. 
Демек, мал шаруашылығының жағдайы да мәз емес.
Машина-трактор станциялары (МТС) ауыл шаруашылығын механикаландыру мақсатында құрылған ғой. Әрине, бұл салада да маңдай терін аямайтын еңбеккерлер бар. Әйтсе де, трактормен атқарылатын жұмыстың жылдық жоспары 20-ноябрьге дейін 63,8% ғана орындалған. Салдар: 25-ноябрьге дейін күш көлікпен 2065 га жер айдалса, трактормен айдалғаны 1275 гектар ғана. 
Баяндамада «партиялық-мемлекеттік тәртіп» деген арнайы бөлім жария етіліпті. «Құсшы» колхозы партия ұйымының секретары Өтепов армиядан қашып жүрген, партияға кездейсоқ кірген Баубековті ұстап беру орнына, колхоздың көлігін беріп, жасырып ұстаған. Мүшелікке кандидаттар Пірманов, Кенжебаев әскерге барудан қашып кеткен. 
***
Бұл аупарткомның 1942 жылғы соңғы пленумы. Содан бір апта бұрын ауаткомның кезекті мәжілісі өтті. Бірінші мәселе – Күздік, қыс алдындағы егіс (тоңдырма), сүдігер айдау және мақта терімінің ақырғы қортындысы. 
Аудан бойынша 2900 га күздік егісінің 2750 гектары, тоңдырма жоспары 1000 га екен, оның 714 гектары егілген, 4545 га сүдігердің жыртылғаны 1831 га. Сүдігердің 2000 гектары мақта үшін жыртылуға тиісті, содан айдалғаны небәрі 699 га.
«Каганович» күздіктің 90 гектарын ғана еккен, қыс алдындағы егіске кіріспеген. «Андреев», «Крупская», «Құмайлықас» та. Ауданға бекітілген графиктің орындалмауы содан. Сондықтан да ауатком біраз тірлікті міндеттепті. Қыс алдындағы егісті, сүдігер жыртуды 2-3 күн ішінде бітіру, мақта терімінің ақтық қортындысын шығару, сүдігердің сапасын тексеру, тұқымның шығымдылығын қадағалау, себілетін тұқымның гектарына 100 килограмнан кем болмауы міндет.
Ауаткомның желтоқсанның үшінде болған мәжілісі «Мақта теру мен мемлекетке өткізу жұмысының қортындысы» деген тақырыппен «Фрунзе» колхозының председателі С.Көшербаев (аупарткомның бұрынғы насихатшысы) пен Шорнақ ауылсоветінің председателі Ташметовтің есебін тыңдаған. Аудан бойынша емес. Нақты. Бір колхоз бен ол қарайтын ауылсовет. Колхоз 2563 ц мақта жинап, оның 2263 центнерін өткізген. Қолдағы 50 тоннадай көсек әлі аршылмаған. Ауылсовет бойынша терілген 4953 ц мақтаның 4596 центнері тапсырылып, өткізілмегені 357 ц. 85 тоннадай көсек аршылмаған. Көшербаев жақсартпаған, Ташметов бақылауды төмендетіп жіберген. Шешім қысқа: қолдағы мақтаны тапсыру, жұлынбаған көсекті екі күн ішінде жинап алу Көшербаевқа; көсекті үйлерге бөліп беру және ол үйде жарық жағы жеткіліксіз болса, үлкен үй босатып, коллективный көсек аршуды ұйымдастыру Көшербаев пен Ташметовке жүктелген… 
***
Қазақтың ескі тілімен де, бүгінгі жазуымен де айтқанда желтоқсанның 17-сінде ауатком тағы жиналып, аудандық жер бөлімі аппаратының еңбекақысы туралы мәселені қарапты. Себеп – 1942 жылдың жергілікті бюджеті бекітілгенде жер бөлімінің бас агрономы, бас зоотехнигі, жерге орналастырушы секілді мамандарының айлығының үстіне еңбек өтіліне қарай қосымша еңбекақы беру туралы үкімет қаулысына лайық қаржы қаралмай, негізгі айлығы ғана қаралған. Сонымен бірге, армия қатарына кетушілерге екі апталық еңбекақы беруден аппаратқа 8 мың сом және іссапар шығынына 1,1 мың сом, барлығы 9,1 мың сом жаратылып, жылдық еңбекақы фонды жетпей қалған. Соның салдарынан аппарат қызметкерлері 2 айдан артық уақыт айлық алмаған. Бұл жөнінде ауатком 13-ноябрьдегі №261 қаулысымен облыстық советтен қаржы сұрағанда, мәселе шешілмегендіктен, ауатком қаулы қабылдап, былай ұйғарыпты: «1) Аудандық жер бөлімінің заңды шығыны  үшін аппаратқа айлықтан 8 мың, іссапар шығынына 1,1 мың сом жетпей отырғаны есептеліп, мал дәрігерлік учаскесінің үнемінен 5 мың сом, мал дәрігерлік пунктінің үнемінен 4,1 мың сом, барлығы 9,1 мың сом ақша берілсін».
Осымен – жылдың ресми материалдары аяқталған да сықылды. Кезекті «Стахановшы колхозшыларға» берейік.
***
«СК». №№71–101, 2.09.–26.12.42.
* Аудан колхоздары еңбекшілерден 1000 бұзау, 50 құлын сатып алды.
* «Қаражон» колхозшылары 3-4 күн ішінде 8 тонна мақта терді.
* «Қызыләскер» стахановшысы Абдужалалова күніне 100 кг мақта теріп жүр.
* Шерт ауылсоветі қаржы жинау жоспарын 100% орындады.
* «Ақтөбе» колхозшылары Ақжанова, Қалдыбекова күніне 120 кг мақта тереді. Бұрын нормасын орындамайтын Исатаева, Қожантаева, Бейсенова, Сыздықованы олар стахановшылар қатарына тарта білді. Солар кәзір күніне 70-80 кг мақта теріп жүр.
* Шәкар – «Қызыләскер» стахановшысы. Күніне 150 кг мақта теріп, жоспарын 300% орындайды. Ол аз уақыт ішінде 2310 кг мақта теріп, 85 еңбеккүн тапты. Шә­кардың екі қолмен теретінін үйренген Баба­ханова Рысқы, Исраиловалар да 120 кг мақта теруге жетіп, 2000 кг мақта терді.
* Ауданнан майданға аттанған жауын­герлердің семьяларына 8 ай ішінде 188293 сом жәрдем берілді. Жараланып келген жауынгерлер 59350 сом пенсия алатын болды.
* Аудан бойынша майдан қорына 4000 кг ұн, 95 кг сарымай, 250 кг ешкі еті, 7000 кило түрлі көкөніс берілді. «Ақсары», «Ворошилов», «Игілік» көзге түсіп тұр.
* «Ақтөбе» колхозы (перме бастығы Б.Қанділлаева) ерте бастан қамданып, 6 қораны сапалы жөндеп алды. «Ақсары» шөптің 90 процентін қора басына жеткізіп үлгерді.
* «Майдамтал» контрактациялық мақта планын 105% орындады.
* «1-май» колхозы мал өсіру жоспарын асыра орындап, қой-ешкі санын 150, түйені 103, сиырды 115, жылқыны 114, қоянды 120 процент көбейтті.
* Октябрь революциясының 25 жыл­дығы қарсаңында аудандық «Құрмет тақтасына» 18 адам жазылды. Олардың ішінде «Ақсарыдан» жылқышы Сәдібаев Бише, «Құмайлықастан» сиыршы Алданазаров, «Қызыләскерден» терімші Шәкар Әметова, «Будённыйдан» сауыншы Евдокия Зорина бар.
* «Ленин» колхозшылары мақта өткізу­дегі контрактация планын 117, тапсыруды 113% орындады.
* Үш ай ішінде (август-октябрь) ішінде 52 тон, 55 пима, 70 қолғап, 91 байпақ, 44 ішкиім, 26 құлақшын, 46 фуфайка жиналып, отан қорғаушыларға жіберілді.
* Ауданымызда 43 адам пулеметші, 44 адам танкист, 30 адам командирлік курсты бітірді.
* Біз Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданында өстік. Өскен жеріміз қандай қызық. Сол қызық өмірді, туған жерімізді, әке-шеше, әйел, балаларымызды қорғау үшін жауға қарсы аттандық – соғыс техникасын күн-түн демей меңге­рудеміз…
Кәзір біз оңтүстіктің жүрегі, шығыстың кілті Сталинградты жаудан төсімізді төсеп қорғап жатырмыз.
Фрунзе ауданының еңбекшілері, сіздер тылда өкімет пен партияның қаулы-қарарларын бұлжытпай орындап, елімізге, Қызыл Армияға астық, ет, май, брынза продуктыларын және жылы киімді мол жіберіп жатырсыздар. Сіздердің бұл аталық, аналық қамқорлықтарыңызды ақтап шығамыз…
Майдандағы жауынгерлер мен командирлер бір сүйем жер үшін, халқымыздың бостандығы үшін жан аямай күресіп, жауға өлтіре соққы беріп жатқанда, сіздер тылда жан аямай еңбек етіп, еңбек өнімділігін 3-4 есе арттырыңыздар!..
Аға сержанттар: Жүнісов, Жаңабеков, сержант Үмбетеев. Оңтүстік майдан.
* «Ынталы» колхозшылары мақтаны толық жинап алып, сүдігер жыртуға жер дайындау үшін қозапаяны шауып жатыр.
* «Ленин» колхозшылары, стахановшылар Қыдырбекова 3248 кг, Жұмабекова 3119 кг мақта теріп, кәзір көсек жинауда.
* Эскадрилья құруға МТС комсо­мо­лецтері 800 сом жинады. Сәуірбаев 30, токарь Ерманов, тракторшылар Айтметов, Жетібаев 20 сомнан берді.
* Ворошилов комсомолецтері 1000 сом жинады. Ахметова, Жәлилова, Абдрахманов 100 сомнан қосты.
* «Майдамтал» комсомолецтері 1500 сом жинады. Сейсембекова 200 сом, Әбдіраманова 120 сом, Тоғызбаева 150 сом ұсынды.
* «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасау қорына ауатком коллективі 2255 сом жинады. Отан соғысына қатысқан, сауда бөлімінің бастығы Сазанов жолдас 150 сом, ауатком председательдерінің орынбасарлары Ерімбетов, Нәлиев 200 сомнан қосты.
* НКВД коллективі бір күн ішінде 820 сом жинады. НКВД начальнигі Малаев 250, жауапты секретары Андрейчук 200, милиция бөлімінің бастығы Бадыров 150 сом берді.
* Денсаулық бөлімі бір күн ішінде 710, аупартком 3000, финанс қызметкерлері 560 сом жинады.
* «Қызыләскер» жылды ойдағыдай аяқтауда. 240 тонна орнына 295 тонна мақта тапсырды. Әметова Шәкар 6000, Бабаханова 5000, Исраилова 5550 кг мақта теріп, 700-750 сом сыйлық алды. 165 га мақталық, 50 га жоңышқа, 120 га дәнді егіс, 12 га көкөніс жері сүдігерге жыртылды. Комсомолецтер Әбдірайымов, Райымов Манап норманы 150-200% орындады. Шопан Мәмбетов Хани 450 саулықтан 500 қозы алды.
* Ауданымыздың еңбекшілері Қызыл Армияға қамқорлықты күшейтіп, жаңа жылдық сәлемдемелер жіберіп жатыр. Кәзірдің өзінде 21 тонна астық, 1,7 тонна ет, 80 кг сарымай жіберілді.
* «Мен бұдан бірнеше жыл бұрын Фрунзе атындағы мектепте оқытушы болып істеген едім, туып өскен жерім «Қызыләскер». Неміс-фашист басқыншылары Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасады. Сонда мен сүйікті Отанды қолыма қару алып қорғауды ұлы міндетім деп білдім. Бірнеше күннен кейін, осы міндетті атқару үшін майданға аттандым…
Кәзір мен рота командирінің орынбасарымын. Старая Руссаның жанында аяусыз соғысқаным үшін, тапсырманы ойдағыдай орындағаным үшін батальон командирінен үш рет алғыс алдым… Мен жауынгерлік міндетімді ойдағыдай орындап шығамын. Сіздер де осындай міндетті орындау үшін еңбек майданында жан аямай еңбек етіп, … майданды барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз етіңдер…
Лейтенант Н.Аседов, полевая почта 1930, часть 443».
* «Құрметті «Құмайлықас» колхозшылары! Сіздердің бұрынғы колхозшыңыз Әрипов Заит кәзір Қызыл Армияның қатарында жауынгер болып, соғыс өнерін ынта-жігерімен үйреніп жатыр. Келешекте Гитлердің күшіктерін бір атқанда жоқ етеді. Ол қасық қаны қалғанша соғысып, өз Отанының абыройын сақтайды… Сіздер де тылда жан аямай еңбек етіп, жаңа табысқа жетіңіздер, майданды барлық қажетті продуктылармен қамтамасыз ете беріңіздер.
Рябов Д.Н. полевая почта, 1967, часть 537».
* Дәл 24-25 октябрьде немістің сары жыландарымен шайқасуға тура келді. Бір кезде жекпе-жек шайқасып қалдық. Немістерді қорғаныс бекінісінен қуып шықтық. Онда Сәрсембаев 100, Ибрагимов 80 немісті өлтірді…
Фрунзе ауданының колхозшылары мен жұмысшы, қызметшілері! Сіздер тылда Отан мен Қызыл жауынгерлердің күшін арттыру үшін жанқиярықпен еңбек етіп, мол өнім беріңдер. Ал біз, жауынгерлер, Отан үшін еш уақытта жан аямаймыз.
Кіші сержант А.Тәжібаев, Сталинград майданы.
* «Қазақстан колхозшысына» «Ынталы» 22 мың, «Қызыләскер» 20 мың, «Майдамтал» 47 мың, «Қаражон» 42 мың, «Құмайлықас» 26 мың сом берді.

(Жалғасы бар. Басы өткен сандарда. )

 

Алдыңғы «
Келесі »