ТАРИХИ САНА – ҰЛТТЫҚ үрдістің ұйытқысы

  • 17.03.2015
  • 6265 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мақсат Құдагелдин,
аға оқытушы, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендианты, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті

Әрбір ұлт пен әлеуметтік қауымдас­тықтың өзіндік шығу тегі мен та­ри­хындағы айтулы оқиғалар, қай­рат­­­­­керлері мен өз тарихы және өзге ха­лық­тардың тарихымен, жалпы адам­заттық тарихи көрініспен байланысы туралы белгілі бір түсінігі болады. Мұндай көріністер, ең алдымен, әр халықтың өзіндік даму болмысын сипаттайтын тарихи жыр, дастандардан, ертегі, аңыз­дар, әпсаналар арқылы сипатталады. Өзінің өткенін білу мен жаңғырту, әлем­дік тарихи үрдістегі орнын саралау арқасында аталмыш қауым өзін тұтас ұлт ретінде түйсінеді. Сөйтіп, тарих қоғамдық сананың бір сипатына айналады. Қоғамдық сананың жиынтығын құрайтын әрбір бөлшектің (көзқарастар, идея, саяси және құқықтық сана, мораль, дін, тіл, өнер, әдебиет, ғылым…) өзіндік тарихы бар. Бұл құбылыстардың пайда болуын, даму шартын  тарихи тұрғыда саралау бүгіндері үлкен қызығушылық тудыруда. Тиісінше, өткен күн мен бүгінгінің өзара үздіксіз байланысы туындайды. Демек, ТАРИХИ САНА ұлттың өзін өзі сақтау құралы, рухани қалқаны. Егер, ол сақталмаса ұлт тек өзінің өткенінен ғана емес болашағынан да айырылады. Ұлттың рухани көзі мен жан дүниесіне ықпал етуге тырысушы жақтар (идеология, шет мемлекеттер, саяси күштер) оның тарихын бұрмалау, тіпті жоққа шығаруға тырысатындығы факт.  


Өткен тарих арқасында сол халыққа ғана  тән  ұлттық құндылықтар, адамгершілік қатынас, дәстүр мен ойлау жүйесі қалып­тасады. Бұндай тарихи жадысыз халық «тобырға» немесе тек жағрапиялық ай­мақ тұрғындарына айналады. Өткеннің өнегесі бүгінгіге тіреу болып, келешекті кемелдендіретін құндылық. Тиісінше, өткен күн мен бүгінгі күн, осы шақ пен болашақ қабаттасып жатыр. Сондықтан, тарихқа салмақты да салихалы қарау лазым. Өткенді сараламасақ «Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?» деген сенімсіздіктен рухани әлемімізге қаяу түседі. Рухани құлдырау мен дүниетанымымызға дақ түсіп, ол ісіктей ұлғая беретін болады. Оны болдырмау үшін тарихымызға жүйелі де объективті қарап, тарихи сананы ұлттық сананың өзегі болатын дәрежеге жеткізуге тиістіміз. Әлбетте, қоғамдық сананың өзге нысаны сияқты тарихи сана күрделі құрылымға ие. Оның бірнеше сатыларын атап өтуге болады. Біріншісі – (төменгі), күнделікті, яғни, өмір­лік тәжірибе арқылы қалыптасады, адам оған тікелей қатысуы да мүмкін. Мұн­дай тарихи сана  негізінен субъективті, эмо­цияға толы, көбіне толыққанды және айқын болмайды. Мысалы, Екінші дүние­жүзілік  соғысқа қатысушы оның тарихи масштабын, Сталиннің жалпы рөлін тарихи фактілер тұрғысынан түсінбей «Біз жеңдік» деген түсінікпен қабылдайды. Сонымен қатар, қазақ тарихын негізінен «Жеті ата» шеңберінде түсіну осы сатыға жатады. Тарихи сананың келесі сатысы – көркем әдебиеттің, киноның, радио мен те­ледидардың, театр мен сурет өнері және тарихи жәдігерлер, ескерткіштер арқылы қа­лыптасады.  Бұл  деңгейде тарихи сана әлі де болса жүйелі білімге айналмайды. Оны түзуші факторлар үзік, хронологиялық тұрғыда бір тәртіпке бағынбаған болып келеді. Оның эмоциялық реңкі басым, естіген мен көргенінің әсерінде жүру­мен сипатталады. Бұндай сезімдерді суретшінің, режиссердің дарындылығы адам­ға үлкен эмоционалдық әсер беруінен пайда болады. Бұл өз кезегінде жазушының, режиссердің, драматургтің шығармасының тарихи шынайылығы мен дәлдігіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Мысалы, Абай бейнесі халықта академиялық зерттеу мен монография арқылы емес Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» ғұмырнамасы арқылы қа­лыптасқан. Тарихи фактілер кадр сыртында қалып қалса да Бейбарыс сұлтанның мемлекеттік қайраткерлігі мен образы «Бейбарыс» фильмі арқылы бағаланады.   
Тарихи білім қазақ баласында алдымен фольклор арқылы қалып­тасатындықтан қазақ әдебиеті ұлттық санамызда «тарихи ескерткіш» болып табылады. Ауыз әдебиеті (ертегі, батырлар жыры…) тарихи жадының  өзегі (ядросы) ретінде өткенді ұрпақтан ұрпаққа жаңғырту арқылы ұлттың идентификациялануына зор ықпал етті. Әдебиеттегі тарих эмоционалды, үзік, ғылыми жүйе­сіз, хронологиялық жағынан рет­сіз болса да кеңестік кезеңдегі ресми тарихнамаға әдебиетке сүйенген ұжымдық сана қарсы тұра білді. Сонымен қатар, фольклор қаһармандарын түр­кілік ортақ байлық ретінде емес жеке ұлттың құндылығы ретінде қарау ортақ мақсаттарға жұмылуға кері әсер етеді. О. Баль­зак «Жақсы жа­зылған тарихи роман тарих курсынан да құндырақ» деген екен, сондықтан, тарихшы болып табылмайтын қоғам мүшелерінің тарихи санасын оятуда тарихи романдардың, тарихи кинолардың рөлі күштірек. Себебі, көпшіліктің тарихи санасы көркем әдебиет пен кино арқылы қалыптасады. Оған дәлел «Жау жүрек мың бала» фильмі бірнеше түмен баланың жүрегіне жеткендігі. Поляктің атақты тарихи фильмдерімен әйгілі режиссері Анджей Вайда «Тарих ол жайында кино түсірілгенде ғана ұлттық сананың бөлшегіне айналады» деуі осының дәлелі болса керек. Әрине, нарықтық қатынастар кезінде кино өнеркәсібінде бірінші орынға режиссер емес өнімге деген сұраныс ал­дыға шығатыны белгілі. Біз қазақстандық кино прокатында тарихи киноларға деген сұраныстың жоғары екендігінен қоғам­дық сана тарихи сананы жаңғыртуды қалайтынын байқадық. Сондықтан, тарихи сананы қалыптастыру үшін жақсы оқулықтар, тарихи көркем әдебиет пен көпшілік мәдениеттің өнімдерін (мысалы, кино) мен тарихты оқыту әдістерін жетілдіру қажет. Осы тұрғыда тарих пен дін ара салмағын ҚР Президенті Ұлытаудағы  сұхбатында «Абай жолындағы» Құнанбай бейнесі арқылы жақсы айта білді деп ойлаймын. Бұл көркем әдебиет пен тарихи персоналдардың бүгінгіге сабақ беретіндігінің дәлелі. Түсіріліп жатқан «Құнанбай» фильмі де осы үмітті ақтайды деп ойлаймын. Тарихи сананың үшінші сатысы – орта мектептегі біршама жүйе­ленген тарих пәнінде тарихи білім сипатында беріледі. Дегенмен, мектепте тарих бірнеше жыл бойы оқылғандықтан оның соңына таман бастапқыда не оқылғаны ұмытылып қалады. ҰБТ жүйесінде «Қазақстан тарихы» пәні мін­детті болғандықтан оны қайталау механикалық тұрғыда жүреді.  Сөйтіп, тарихи біліммен танысу көпшілік адамдарда мектеп курсымен бітеді. Университеттерде тарихты шектеулі адамдар тобы (тарихшыларды есептемегенде) аз көлемде оқиды. Өздігінен тарихпен әуестенушілер көп емес және танымал туындылар да жоқтың қасы. Сондықтан отан тарихына қатысты білім негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады.  Осыған байланысты тарих пәнінің мамандарын дайындау мен сапалы оқулықтарға бас­ты назар аудару қажет. Осыған байланысты тарих пәнін оқытудың ма­ңызды бір қыры – көршілермен қарым қатынас тарихы. Бауырлас Орта Азия елдеріндегі тарихтың оқытылуының этноцентристік сипаты бейсаналы түрде әлемдік өркениеттегі ұлттың өзін­дік ерекше болмысын көрсетуімен қатар, оның келеңсіз жағы, саналы түр­де көрші халықтардың мәдениетін төмендету мен жатсынуды тудырады. Сонымен бірге, көрші елдер арасындағы қарым-қатынас көбіне қарулы күрес тұрғысынан қарастырылуы жатсынуды одан әрі тереңдете түседі. 
Ертедегі тарихи тұлғаларды бір ғана ұлтқа телуге ұмтылу және  қазіргі саяси географиялық шекарамен шектеу еларалық коммуникацияға кедергі келтіреді. Түрік тектес халықтар индивидуалистік мәде­ниет емес ұжымдық мәдениет өкілдері бо­лып табылатындықтан тарихтың оқытылуындағы мұндай этноцентрлік көзқарас ел арасында сенімсіздікке, алшақтауға әкелуі мүмкін. Осы тұрғыда «Түр­кі елдері мектептеріндегі отан тарихының оқытылуы» ғылыми, әдістемелік тақырыбы осы мәселе аясында өзекті болып табылады деп ойлаймын.  Себебі, балалық кезеңде алған білім адам дүниетанымындағы ең тұрақтысы болып табылады. Мемлекеттің даму бағ­дары оқулықтың ұстанымы мен ондағы қағидаттардан да көрінеді. Мектеп социализация құралы ретінде ұлттық болмыс­ты  қалыптастыратындықтан тарихтың оқытылуы гуманитарлық технология ар­қылы бауырлас елдерді жақындатуы да, тіпті алыстатуы да мүмкін. 
Жалпы алғанда, Қазақстанда жә­не өзге посткеңестік елдерде әлем та­­ри­хы еуроцентристік тұрғыда қа­­рас­­тырылады. Онда алғашқы адам­дардың пайда болуынан басталатын оқулықта  өзге елдер тарихы тарих сахнасына еуропалық сценариймен ғана көтеріледі. Мысалы, оқулықтарды және тарихи көздерде Түркия тарихы Ре­сей, еуропалық көзқараспен таныс­тырылады (Армяндарға қатысты, Ос­ман шапқыншылығы және т.б.с.с). Сон­дықтан, тарихи көздермен тікелей алмасу лазым. «Әлем тарихы» түрлі нысанда еуроцентрлік сипатта қа­рас­тырылады. Онда барлығы ежелгі Мысырда, Халдейде «пайда болып», ұлы өркениеттер әрі қарай Грекия мен Римде жалғасады. Орта ғасыр 476 жылы жабайы варварлардың шабуылынан Ба­тыс Рим империясының құлауынан басталып, Шығыс Рим империясының 1453 жылғы түріктердің жаулап алуымен байланысты құлауымен аяқталады. Ұлы жағрапиялық ашулар, гуманизм мен Реформация «Жаңа заманды» бас­тап, 1789 жылғы төңкерістермен қазіргі дәуір басталады. Көретініміз адамзаттың тарихи даму хронологиясы еуропалық уақытпен жүреді. 
Тарихи сананың төртінші – жоғары сатысы өткенді тарихи ғылымның даму тенденциясында теориялық сараптау негі­зінде қалыптасады. Тарихи білімді жинақтау мен ғылыми жүйелеу арқылы қоғамдық дамудың моделіне, тарих мәніне, тарихи ойлауға, кезеңдерге бөлу, типологиясына тереңдейміз. Бұл деңгейде, тарихи сана адамзаттың өткеніндегі қарама-қайшылықтарды нақты тарихи фактілермен теориялық тұрғыда түсіндіруге тырысады. Тарихи категориялармен ойлауға, қоғамды диалектикалық даму тұрғысынан көруге, тарихи үрдістің динамикасын, хронологиялық шеңберін жасауға көмектеседі. Аталмыш тарихи сананың егесі тарих ғылымы болып табылады. Қоғамның тарихын жүйеленген ғылыми білім арқылы игеру қоғамның даму тенденциясын айқындауға, кейбір болжамдар жасауға мүмкіндіктер береді. Тарихи сананы қалыптастыру қазіргі уақытта аса маңызды. Ол ең алдымен адамдардың белгілі бір бөлігінің біртұтас халық екендігін, тарихи тағдырлары, дәстүрі, мәдениеті, тілі, этнопсихологиясы бір арнаға тоғыстыратындығын түйсінеді. Өзінің дамуының түрлі сатыларында тайпалар, халықтар,  ұлттар өзінің өт­кенін түр­­лі   нысандар   арқылы:  жазу болмаған уақыттарды ауызекі тәм­сілдер мен батырлар жыры арқылы, кейін әдеби шығармалар, ескерткіштер, көр­кем­сурет,  кино, ғылыми еңбектер ар­қылы сақтауға тырысты. Бұл белгілі бір адамдар қауымдастығын бір ұлт ретінде сақтауына себепкер болды. Тарихи сананы жаңғыртудың бүгінгі көрінісі ретінде «Бабалар сөзі» жинағы қоғамдық тарихи сананы бекемдеудің бас­ты бөлшегіне айналатындығы күмәнсіз.

Алдыңғы «
Келесі »