Қазаққа жемқорлық қайдан келіп, қалай қалыптасты…

  • 17.03.2015
  • 2102 рет оқылды
  • 2

Дина Имамбаева, 
әлеуметтанушы

Жыл сайын  түрлі елдердің мемле­кет­тік секторындағы сыбайлас жемқор­лықтың деңгейін зерттеп жариялайтын Халықаралық Transparency International ұйымының мәліметі бойынша, 2014 жылы Қазақстан коррупцияның деңгейі жөнінен 175 елдің арасында 126-шы орынды иеленді (2013 жылы – 140-шы орын). «Коррупцияға төзімділік индексі» деп аталатын бұл  кестеде 50-ші орыннан төмен орналасқан елдегі сыбайлас жемқорлық алаңдатарлық жағдайда  деген сөз. «Коррупцияға төзімділік индексі тізімінің соңында тұрған елдер өз халқының игілігі үшін  коррупцияға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы қажет» деп дабыл қағады осы ұйым басқармасының төрағасы Хосе Угос. 


Еліміздегі сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппараттың үлкенді-кішілі деңгейлерін, мемлекеттік қызметті, жергілікті басқару органдарына дейін тамырын тереңге жіберіп жайлап алды. Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылғанына қарамастан, коррупция деңгейі азаймай отыр. Мемлекеттік органдарда жүріп жататын толассыз қайта құрулар, оқтын-оқтын жазалаулар, заңға енгізілген түрлі өзгерістер, ешқайсысынан нақты нәтиже жоқ. Соңғы үш жылда 3,2 мың лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылып, 400-ге жуық қылмыстық іс қозғалған (Бас прокурордың ақпары). Бұл жемқорлықпен күрестің үздіксіз жүріп жатқанының дәлелі, бірақ, ол көбінесе жекелеген лауазымды тұлғаларды жемқорлыққа байланысты айыптап,  жарияға жар салып жазалау сипатында жүзеге асуда. Құбылыстың өзімен емес, салдарымен күресу бар.  Соншама жемқорды қызметке тағайындағандар қайда, бұл адамдарды (азғындарды) осындай дәрежеге дейін өсірген, ұсынған кім, кадр саясаты сараланбай ма, – қысқасы сұрақ көп. Бұл жемқорлықпен күрес жүргізуде ашықтық, жариялылық жоқ екенін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық туралы жиі сөз қозғалуының өзі осы дертпен күреске қарай жасалған бір қадам. Осы тұрғыда сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңда: «Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар туралы мәліметтері бар материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жөнінде заңда көзделген шараларды қолдануға міндетті» деп нақты айтылса да, күрестің жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тек сөз күйінде қалып келеді. Коррупциядан түскен арам табыс мемлекетке қаншалықты қайтарылды, әлде қылмыс және т.с.с. әрекеттерге жұмсалып жатыр ма, ол жағы белгісіз. Осыдан келіп тосқауылдан қорықпаған жемқорлар жалғанды жалпағынан басып жүр. Мемлекеттік билік жүйесінің беделін түсіріп отырған да солар. Осылайша, коррупция  әлеуметтік жүйені тұтастай қамтып, өзіне икемдеп алды. Ал, кез-келген теріс құбылыстың жолын кесу  үшін оның түп-тамырын, себеп-салдарын тауып, соны жоюдан бастау қажет. Тамыры жұлынған арам шөп қана өсуін тоқтатады.
Қазақ еліндегі сыбайлас жемқор­лықтың тарихи-әлеуметтік себептерінің бір ұшы патшалық Ресейдің әкімшілік жүйесінде жатыр. Жалпы, тарихта отар болған мемлекеттер көп. Бодандыққа ұшырап, табиғи байлығынан, қазынасынан айрылған елдер аз емес. Бірақ, соның ішінде, ең ауыры – рухани дүниесінен, болмысынан, ділінен, өзегінен айрылу. Отаршылдықтан көп зардап шеккеннің бірі қазақ болды.  Патшалық билікке дейін өмірге көзқарасы, бір-біріне, жалпы адамдарға қарым-қатынасы табиғи қалыпта сақталып келген бірден бір халық осы қазақ болатын. Оның  бүкіл дүниетанымы мейірім мен адамгершілікке, адами қасиеттерге негізделген. Қазақтың жаны зұлымдыққа, жамандық атаулыға қарсы. Түркілер жер мен көктің иесі бір Тәңір деп, оған қайшы келетін бүкіл жамандық атаулыдан аулақ өмір сүрді. Киелілік пен қасиетті пір тұтқан олардың  бүкіл салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы моральға бағынған. Мінез-құлқында, тіршілігінде тек адами ұстанымдарды басшылыққа алған көшпелілер үшін ар-намыс, иман бірінші орында. Дүниенің жалғандығын сезініп, пендешілік ұсақтықтан жоғары болуға тырысып, тұрмыс-тіршілігінде де осы ұстанымнан айнымады. Патшалық Ресейдің қазақ даласында әкімшілік реформа жүргізуіне дейінгі хандық билік тұсында құқықтық, заңдық басқару билер үкіміне негізделді. Ол сайланбайтын, мұрагерлікпен берілмейтін, тек заң жоралары мен шешендікті меңгерген парасатты адамдарға ғана бұйырған ерекше лауазым. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», би әділдігін жоғалтса, биліктен де айрылатын. Төле би: «Күш атасы – халықта, қарсы келген хан да, би де оңалмас» дейді, бұқара халық қайсы биге жүгінуді өзі таңдайтын. Билік кесу кезінде олқылық жіберу, сөйтіп атақ-абыройынан айрылу – би үшін ең үлкен жаза. Міне, ар-намыс заңдарына жүгінген қазақтар жемқорлықтың жолын осылай кескен. 19-ғасырдың орта тұсынан бастап патша реформасы арқылы қазақ ішіндегі дәстүрлі саяси-әлеуметтік қатынас бірте-бірте жойылды. Жаңа әкімшілік басқару жүйесі өзімен бірге  парақорлықты, жемқорлық пен әділетсіздікті ала келді. Шен-шекпен таратып, үлкенді-кішілі сайлау құру қазақ халқын жікке бөлді. Ахметше (Байтұрсынұлы) айтқанда: «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік. Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз, Алалық, алты бақан дертпен кірдік. Кіреді тентек есі түстен кейін, Мүшкілін халіміздің жаңа білдік». Ал, ресейлік қоғамда парақорлықтың пайда болуы XVII-XVIII ғасырларда орныққан шенеуніктер қызметімен тығыз байланысты. «Чиновничество – класс искусственный, необразованный, голодный, не умеющий ничего делать, кроме «служения», ничего не знающий, кроме канцелярских форм, сосущие кровь народа тысячами ртов, жадных и нечистых» деп, А.Герцен қызмет етуді «служить» (годиться, быть пригодным, полезным, быть орудием, средством для цели, идти в дело, быть нужным, угодливый, услужливый – В.Даль) деп түсінетін шенеуніктер табын шыжғырып жазады. Сол тұста әкімшілік қызметкерді сатып алу ресейлік тұрмыстың бір дәстүріне айналды. Мұндағы парақорлық құбылысы тамырын тереңге жіберіп, басқару жүйесімен, саяси билікпен тұтасып, бірігіп, оның бір бөлшегіне айналып кеткен. Орыстың ғалым-зерттеушілері парақорлықты орыстың ұлттық ерекшелігі деп мойындайды.
Ресей патшалығы тұсында парақорлық барлық дәрежедегі шенеуніктердің жасырын табыс көзіне айналып, мемлекеттік лауазымға ие болу жеке адамның байлыққа қол жеткізуінің бірден бір жолы деген көзқарас орнады. Билікті теріс пайдалану, ашкөздік психология дендеп, пара алу-беру процесі күнделікті, үйреншікті жайтқа айналған. Бүкіл орыс қоғамы саяси билікті заңсыз түрде баюдың көзі деп білді, билікке қолы жеткендер бірден неғұрлым көбірек жеп, қарпып қалуды көздеді. Осы дертпен күресіп көрген Александр І патша, Екатерина ІІ сияқты орыс патшаларының өзі қазынаны тонау мен парақорлықты жеңу мүмкін емес деген. Тіпті, билікті теріс пайдаланудың басқару жүйесіндегі барлық деңгейді қамтығаны сонша, І Петр патшаның өзі бірнеше рет ақшаның құнсыздануы кезінде 150% пайдаға кенеліпті. Кейбір кезде шенеунік қызметінің жеккөрінішті болуы да осы жемқорлықпен байланысты. А.Герцен оларды «чернильное дворянство» деп жек көрсе, К.Рылеев «лютое отродье» деп масқаралайды. Жағымпаздық, құл сияқты қызмет көрсету, саяси бас шұлғу арқылы лауазымын өсірген сайын қазынаға жақындай түседі. Мұндай психологияны ресейлік биліктің өзі де ынталандырып отырған, өйткені, мұндай шенеуніктер саяси жағынан ең жағымды элемент емес пе:  «…что может быть покладистее, уживчивее хорошего, доброго взяточника, он готов ужиться с какою угодно внутренней политикой, уверовать в какого угодно Бога» (Салтыков-Щедрин М. «Помпадуры и помпадурши»). Міне, осындай паразит сословиенің өмір салты жүздеген жылдар өтсе де аса көп өзгере қойған жоқ. 
Патшалық тәртіпті большевиктердің жетпіс жылғы билігі одан әрі жалғастырды. Қазақтар ақ пен қызылдың айқасының ортасында қандай қоғамға кіргенін ұғынып та үлгермеді. Қоғамның даму заңдары бойынша ешбір қоғамдық формация бірден ауысуы тиіс емес, ол біртіндеп дами отырып, білім мен ғылым жетістіктерінің нәтижесінде табиғи түрде өзгереді. Ал, зорлықпен бүкіл бір елді, халықты басқа қоғамға топырлатып кіргізу тек сол халық үшін орасан зор апат қана әкеледі. Міне, осындай күштеп отырықшыландыру, күштеп ұжымдастыру саясаты қазақтың дәстүрлі өмір салтын өзгертумен бірге ең құнды қасиеттерінен айырды. Әсіресе, қолдан  ұйымдастырылған ашаршылық бүкіл халықты есеңгіретіп кетті. Осылайша, патшалық биліктен отарлаудың эстафетасын қабылдап алған большевиктер қазақтарды ұлтсыздандыру процесінде көздеген нәтижесіне жетіп жығылды. Олар ұйымдастырған аса күрделі әлеуметтік өзгерістер қазақтың ұлттық санасына ауыр соққы боп тиді. Отарландырудың опығын әлі жеп отырмыз. Өкінішке орай, тәуелсіздік алысымен елімізде отарсыздану процесі қолға алынбады, жекелеген талпыныс­тар болмаса, жаппай рухани-мәдени жаңғыру, отарлық,  құлдық психологиядан арылудың арнайы технологиялары жүргізілмеуі себепті біз көп мүмкіндіктен айрылып қалдық. Оның ішінде әсіресе, ең бастысы қазақтың тілі мен ділін, руханияты мен мәдениетін дәріптеу негізінде отарсыздану  процесі мемлекеттік дең­гейде жүргізілуі тиіс еді. Алайда, бұл міндеттер «алдымен экономика, сосын саясат» ұранының тасасында қалып қойды. Оған қоса, 90-жылдарғы ескі  шаруашылық қатынастары ыдырап, жаңасы әлі орныға алмай жатқан тұста жекешелендіру желеңімен талан-таражға түскен халық байлығына түрлі жолдармен ие  болып қалған тұтас бір топ пайда болды. Олар осы тегін табыстың арқасында билікке де қол жеткізіп, одан әрі тамырын жая түсті. Лауазымы өсе түскен сайын қуаттанып, жан-жағына жақындарын, жағымпаздарын жинаған бұл топ әлі де қуатты және өзі жемісін жеп отырған сыбайлас жемқорлықтың жойылмауына мүдделі. Өйткені, олар парақорлық шырмауына әбден шырмалған. Әркім тек өз жеке бас мүддесін басты орынға қойып, басқаның бәрін мансұқ еткен заманда байлыққа қандай жолмен болса да («Есектің артын жусаң да, мал тап») ие болу оларға намыс емес. 
Бодандық ұлттық мінез-құлқымызға да таңбасын салғанын енді сезінудеміз. Соның бір көрінісі – сенімсіздік, ешкімге де, ешнәрсеге де сенбеу. Ешкімге сен­бейтін адам айналасына күдікпен, күмәнмен қарайды, жаңадан қорқады, қабылдамайды. Егер, бұл лауазымды тұлға болса, ол жан-жағына тек өзінің туыс-туғандарын, таныстарын, өзіне берілгендерді немесе қарыздар адамдарды жинап алады. Бұл орта ғасырлардан бері белгілі непотизм құбылысы – Рим папаларының табысы мол, жайлы орындарды баласына, немересіне, туыс­тарына таратып беруі (латынша nepos, nepotis – немере, тұқым-тұқиян) осылай аталып кетті. БҰҰ-ның «Коррупцияға қарсы іс-әрекет конвенциясы» непотизмді коррупцияның бір түрі деп есептейді. Өзі сатып алған лауазымына қол жеткізген соң кез-келген адам жан-жағындағы адамдарға қатысты өз ережелерін ұстанатыны белгілі. Ол орынға қойған адамының қабілет-қарымы, білімі сол қызметке сай келе ме, бұл жағы белгісіз.  Непотизм бізде ашық түрде жүріп келеді, өйткені жемқорлық туралы заңда туыстардың тек тікелей бағынысты лауазымды атқаруына болмайды деп көрсетілуі бұған басқа салада жол ашық дегенмен бірдей. Лауазым иелерінің заңды белден басуына тағы бір себеп, қарапайым тұрғындардың енжарлығы, немқұрайдылығы. Ал, бұл немқұрайдылық қайдан, неге туады? Еліміз халқының басым көпшілігі, әсіресе, ауыл тұрғындары кедейшілікте өмір кешіп  жүргені жасырын емес. Ауладағы азды-көпті малын керегіне жаратып, тапқаны күнкөрісінен артылмаған адамның күнұзақ тірлігі күйбеңмен өтеді. Жағдайларының өзгеретініне үміті азайған, сенімінен айрылған жанның бойын немқұрайдылық, немкеттілік жайлайды. Күресуге дәрмені жоқ.  Одан да пара беріп, тыныш жүре берген артық. Кез-келген проблеманы заңды айналып өтіп, шешуге болатынын бәрі біледі. Бұл билік пен халықтың арасында туған жіктің тереңдей түсуін тездетеді. Осылайша,    жемқорлық салдарынан бір халықтың, бір ұлттың ұрпақтары бірнеше жікке бөлініп, пара алушылар мен пара берушілерге айналды. Орыс отаршылдығы алып келген моральдық апаттың салдары осындай. 
Ендігі қауіп – жастардың да соған бейімделуі. Сыбайлас жемқорлық өсіп келе жатқан жастардың жолын кеседі немесе олар да бұл құбылысқа төзімділік танытып, жемқор ағаларының жолын жалғастыруы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде елдегі жемқорлықтың ахуалы мектеп оқушысына дейін мәлім. Пара беру арқылы білім алуды, қызметке орналасуды, байлыққа қол жеткізуді қалыптасқан  дәстүр ретінде қабылдай берсе, онда біздің қоғам түзеле қоюы екіталай. Жалпы, адам баласы кез-келген істі, міндетті бірінші жағдайда, аса қажет болғандықтан, екіншіден, қорыққаннан, мәжбүрліктен, үшіншіден, ар-ұятынан аса алмағандықтан дұрыс атқарады. Лажы болса тайқып кету, жалқаулану, аяғына дейін жеткізбеу оның табиғатында бар. Олай болса, қоғамның қалыпты өмір сүруі, дамуы үшін оның мүшелерін, әсіресе, лауазым иелерін белгілі бір бағыныштылықта ұстау, жауапкершіліктерін күшейту сол қоғамның өзі үшін қажет. Адамзат баласы ғылым мен техникада бұрын-соңды болмаған ғажайып табыстарға жетсе де, өзінің құлқыны мен амбициясын ауыздықтауға шамасы келмеді. Ішкі бақылауы жоқ адамды қадағалау, тексеру, қорқыту арқылы бағындырып, қоғамда белең алған кемшіліктерді дер кезінде жойып отырмаса, бұл апатқа, әлеуметтік дағдарысқа әкеп соғады. Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы деп, ар-ұятын жоғары қоятын бұрынғы қазақтың болмысы тарихи естелікке айналды. Жемқорлыққа қарсы тұрудың бір жолы – жеке меншігі бар  дәулетті адамдар санатына қатардағы қазақтардың көптеп қосылуы.  Меншік иелері арасында ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалар көп болғаны тиімді. Әдетте орта тап әлеуметтік тұрақтылықты, тыныштықты сақтауға мүдделі, дамуды қолдаушы бірден бір әлеуметтік жік болып саналады. Сондықтан, қазіргі мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндіктерін пайдалану бизнестегі қазақтардың санын да, сапасын да арттыра түсетіні сөзсіз. 
Жаңа мыңжылдықта халықтардың, мемлекеттердің тағдыры мен болашағы әр адамның жеке жауапкершілігі мен адамгершілік құндылықтарына тәуелді. Адами қасиеттер басымдық алмаған жағдайда, ешқандай жаңа технологиялар адамзат баласын апаттан құтқара алмайды. Адамдардың бойындағы табиғатпен, демек өзімен үйлесімде өмір сүруге ұмтылуы көптеген проблемалардың шешімін табуға алып келеді. Қазақтың ұлттық болмысын жаңғырту қоғамдағы көптеген әлеуметтік кеселдердің алдын алуға қабылетті құрал. Өйткені, сыбайлас жемқорлықты жою мемлекеттің болашағы үшін, мемлекет құраушы ұлттың – қазақтың өзі үшін керек. 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. дәл айтті …

  2. құрылтай(респүблйк) жүйе жемқорлық дерттің шйпасі ….

Пікірлерге тыйым салынады.