КӨҢІЛДЕГІ КӨП ТҮЙТКІЛ

  • 17.03.2015
  • 385 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
журналист

Сауын сиырдың «жыры»…
Қазақ топырағында совет үкіметінің зорлауымен 31 желтоқсанда аталынып келген Григориян күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың бәтуәсы жыл өткен сайын сұйылып барады. Себебі, 1 қаңтарды Жаңа жылдың бірінші күні етіп мейрам етіп бекіткен біздің эрамызға дейінгі 46 жылы Ежелгі Римнің басшысы Юлий Цезарь болатын. Оның үстіне бұл мереке барлық нәрселердің басы, есігі, таңдауы саналатын Янус құдайын марапаттауға арналған. Сондықтан, ислам дінінің нағыз жанашырлары бұл күнді мүлдем ескермейтін де болды. Бірақ, «ауру қалса да, әдет қалмай», қазақ билігі жел­тоқсанның басынан-ақ түлен түртіп, жасыл шыршаларды үптеп, туған әкесі тіріліп келетіндей абыр-сабырға түсуден арылмай келеді. Жыл бітіп, түн ауғанда халық бір-бірін құттықтайды. Биыл да солай болды. Жақсы сөз, жылы тілектер естідік. Адамзаттың арасындағы қауіпті түсінбеушіліктің ақыры қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсер ететіндігін бағамдадық. Әйткенмен, ұрыспаған ұлысы, ерегіспеген елі қалмаған құдайы қоңсымыз орыс-орманының жаһан­дық қысымға түскеніне де жанымыз ашыды. Мұндай мазасыздықтың шаптырым жердегі бізге еш қатысы жоқтай міз бақпадық. Сөйтсек, қателесіппіз…


31 желтоқсанда жылы үміт үрлеген үкі­метіміз арада он күн өтпей: «Мемлекет – сауын сиыр емес» деді. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі шұбалаңқы отырыста осындай өкіреңдік әңгіме өзегі болды. Әлемдік мұнай бағасының арзандап кеткендігін «кінәладық». Украинадағы жағдайға «жаптық». Ресейге экономикалық қысым түскенінен де «көрдік»… Әйтеуір, он тәулік бұрын тәубә айтып, «қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын» қайырымды қой жылы болады деген дәргейіміз дал-дал болды… Әйтпесе, Григориян күнтізбесінің Жаңа жылын сылтауратып, мейрам ал­дындағы «көңілді» көңіл-күймен бір күнде 16 заң қабылдап тастайтын және мұнысына мақтанып-мекіренетін депутаттардан не күтуге болады?..
Халықтың шынайы жағдайы мен мұң-зарының белінен бір-ақ басқан сонау шикі заңдардың біреуінің ғана зардабы қарапайым қарашаны теңселтіп жіберді. Автоорындық іздеп босқан ата-ана байғұс бала-шағасын үйден шы­­ғармай қамап қойды. Салығы кө­бейген таксистер айыппұл төлемес үшін аязда тоңған жасөспірімдерге тоқ­та­­майтын болды. Беташаршының  қа­­­­сында салықшы тіркеліп жүре­тін­­­дік­­тен, асабалар еңбекақысын ас­пан­да­туға көшті. Ең ақыры, қазақ же­рін­дегі мү­сәпір қайыршылардың күні қара­түнекке айналды… Иә, әлемдегі жағ­дай жетісіп тұрмаған шығар, бірақ, біз ха­лықтың жағдайын өз қолымызбен сауатсыз заңдар қабылдап, неге әлсіретеміз? Осы бассыздыққа кім жауап береді? Ал, «Үнем­деуге көшуіміз керек», «Бюджетті қай­та қараймыз, аздап қысқартамыз» деген сөздерді біз ширек ғасырдан бері әр жыл сайын естіп келеміз…
Қазақ даналығы: «Алты аға бірігіп – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – ана болмас» дейді. Шындығында, «Мемлекеттің – сауын сиыр емес» екендігі түсінікті, әрбір адам өлместің қамын қылып, әрекет етуі керек; бірақ, бір үлкен ақиқатты да ұмытпайық: «Халық та сауын сиыр емес!..» 
Лаққан – лақпа айтыс…
Бардың бағасын былғап, қадірін ке­ті­руден алдымызға жан салмайтын ел болдық… Енді… ерен өнеріміз айтысқа ауыз салдық… Олай демеске болмайды. Оны тиятын ешкім жоқ па? Әйтпесе, қазақтың төл өнері айтыстың «жаназасын шығарған» «Жұлдыздар айтысады» шоу жобасына неге тиым салынбайды.
Қазақ қоғамы дүр сілкінді. Бұлай демеске тағы болмайды. «Жұлдыздар айтысы» емес – «Жұлдыздар қайтысы» болған сайқымазақ намысты өнер сүйген жұрттың ашу-ызасын тудырды… Тележурналист Серік Абас-Шах «Фейсбук парақ­шасындағы» «Жұма намазды Нұрлан Абдуллинге оқытыңдар онда…» деген жазбасында былай депті: «Жұл­дызды айтыс» жұртты жынды қылып қойған сияқты.
«Лақпаны» лайықсыз көргендердің рені­ші басылар емес.
«Лаққандар» райынан қайтқысы кел­мейді.
«Жұлдыздар айтысады» «жындылар айтысадыға» айналып кетпесе бол­ғаны… Кей­біреулер, қылжақпастар мен әнші­бас­тардың қатысумен «айтыс жақсы жарнамаланды, жұрт оған назар аудара бастады» деп ақталыпты. Дұрыс тәсіл екен.
Онда барлық мешіттің қабырғаларына «Кешью» тобындағы қыздардың шортикпен түскен фотоларды іліп қойыңдар. Жұма намазды Нұрлан Еспанов пен Нұрлан Абдуллинге оқытыңдар. Жаназа шығаруға КВН-шілер барсын. Аптасына бір рет Қайрат Нұртастың концертін мешіт ішінде ұйым­дастырыңдар. Сонда, қазақтарға мұ­сыл­мандықты наси­хат­таудың ерекше жолы табылады. Жастардың бәрі мешітке ағылады.
Р.S. Артықтау кеткенімді білемін. Бірақ, бүгінгі «лақпалар» ертең осылай лаға бастаса, таңданбаймын.»
…Бүгінде таңданудан қалдық қой. Инстаграмдағы парақшасында «атақ­ты суырып салма айтыскер» Қа­нат Әлжаппаров: «Тағы да айтысқа дайын­дық басталды. Жұрт не десе о десін, тағы да шоу айтыс болады. Ұйымдастырушы – Жүрсін Ер­ман» деген жазба қалдырыпты. Ал, сай­қымазақ жобаның жүргізушісі Әсел Ергеншқызы бұл ақпаратты жоққа шығармапты.
Яғни, лаққан елдегі – лақпа айтыс тағы жалғаспақ…
Халықтың наразылығы мен сынына қалың қылып түкірген жұртта «Қыртқан жұрттағы – қыртпа айтыс жобасы» шы­ғып жатса, таң қалмаңыз!..

Сау бол, сауға жылы!
…Бір жыл бойына «Базына» айттық…
Жылдың басында теңгеміз тәлтіректеп, «табан жолын» көрмей қалды. Қапалы көңіл қазағымның тісі-тісіне тимей тістенді, өліспей-беріспеді. Әупірімдеп аман қалдық. Қара нан мен қара шәйімізді суытпауға тырыстық. Көктемде Украина «уланып,» орасан бүлік шықты. Сатқын президент сыртқа қашты. Ойы белгілі озбыр орыс от жанып, шоқ күйген елдің Қырымын қолтығына қыса салды. «Бас-басына би болған» Киевтің «байтал түгілі, басы қай­ғы» жағдайын тиімді пайдаланған Мәскеу «Басқаға ор қазса, өзінің ома­қасатынын» түсінбеді… Әмбе адамзат отаршыл ниеттің озбырлығын көріп, «таңдай қақты». Тіпті, бейбіт балалары бар әуе ұшағы жазықсыздан-жазықсыз атылып түсірілді. Азуын білеген аюдың бұл қылығы – арқасына қадалған алмас қылыш болды. Бүкіл батыс орыстың ішіп-жеміне шек қойды. Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақтың қамында. Қу тамақ құрғады. Ойына келгенді – бойына жапсыратын орыс «бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деп, қаншама жұлқынса да, әл-ауқаты кеміп, ақшасы арзандады, қаржысы құнсызданды. Есеңгіреген елде жаппай тәртіпсіздіктер тығынының ашылып кету қаупі сағат санап таянғандай…
Ең бастысы, ел бірлігі десек те, бірліктен де – іріліктің көрінгені қандай жақсы! Елдің шынайы құрметіне лайық талай тарландар тұрғанда қоңыр қазақтың болмысына жат «еуропа сыбызғысын» сызылтқан «Айман Мұсаходжаеваның «Еңбек Ері» атануы – жаздың күні жауған қалың қардай әсер етті… Әлбетте, Айман апайымыздың таланты мен еңбегін жоққа шығармаймыз, бірақ, ұлттық болмысын қайта қуаттандыру жолындағы елдің емеуріні ескерілуі керек еді. Онсыз да бөтенге былығып, жатқа жығылып біткеніміз аз емес…
Жаңа жылда оқырманымызбен жаңа айдарымыз – «Төлтолғам» арқылы ақыл­дасып-кеңессек дейміз. Шамамыз жет­се, шыңғырған шындықты айту­ға бар­мыз. Ауыл­дың ағайынымен, қала­ның қазағымен бірге боламыз. Билік­тің былығын бетіне айтамыз, жақсы қарекетін қаперге аламыз. Жастарды – жақсылыққа, бауырды – берекеге шақырамыз. Елдің амандығын, жердің тұтастығын тілейміз! Орысқа осқырынбаймыз, қытайға қаты­гезден­бейміз, батысқа бас ұрмаймыз, шы­ғыс­тан шетін қалмаймыз… Турасын айтып – туғанға, ақиқатты айтып – ағайынға жақпасақ та, «Төлтолғаммен» орта толтырып, ортақ мақсат, орайлы мүддеге қарай көш түзейміз. Көш-көлігіміз түзу, ошағымыз орнықты болғай!

Арзандау – алдау болмаса…
Елдің сөзін айтқасын – елдің еркіндігін естен шығаруға болмайды. Әр жылдың жел­тоқсанының қақ ортасында, көбіне қа­қаған қыстың аязы мен желінің өтінде ұлт­тың тәуелсіздігінің ұлық күнін тойлаймыз. Бір қарағанда, бостандық үшін қанын төгіп, жанын қиған ата-баба­ларымыздың қасында қыстың ызғары ештеңе еместей көрінеді. Бірақ, менің айтпағым күн райының ызғары емес, көңілімнің ызғары. Турасын айтсам, кешегі совет өкіметінің іргесін сөккен – біздің қазақ ұлты. 1986 жылдың желтоқсанында Ал­матыдағы орталық алаңда қазақ жастары ғасырға жуық табанға басылып, тепкіде жүрген ұлттардың намысын оятып, санасын сілкіледі. «Совет» деп ата­латын билік, шын мәнісінде, орыс ұлтының саяси, әскери, экономикалық, әлеуметтік қолшоқпары болатын. Орыс ұлтшыл­дары «совет халқы» деген сөзді қалқан қылып, Советтер Одағының құра­мындағы басқа ұлттарды аяусыз жаншып, таптады.
Совет үкіметі – жер шарындағы аса қуатты және жабық құрылым еді. Жо­лындағыны жаппай жоятын осындай алып аждаһаға 1986 жылдың ызғарлы жел­тоқ­санында 18 бен 25 арасындағы өрім­дей қа­зақтың қыздары мен жігіттері қарсы шықты. Советтің ажал мәшинесі ешкімді аяған жоқ: қазақтың құлын-қыздарын шаштарынан сүйреп, бастарын жарды; қазақтың жалынды жігіттерінің қабырғаларын қақыратып, жұлындарын үзді…
…Иә, біз кекшіл емес, кешірімшіл халықпыз: Совет үкіметі орнағанда қазақтың малы мен жанының қырылып қалғанын кешірдік; репрессиядағы имансыздық пен сатқындықты кештік; ашаршылықтың зардабынан алты есе азайғанымыз есімізден шықты; «Ұлы Отан соғысының» тек орысқа ғана тиімді болып, қазақ үшін «Ұлы қазақ қырғынына» айналғанын айтпадық; тың игерудің мақсаты – қазақтың жерін иемдену болғандығын білмеген болдық, мінеки, бостандық таңының атқанына 23 жылдан асқанда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың «қатты тұрмыстық қалдық» деген қазақ­тың қарапайым сө­зін түсінбегеніне де «түсіністікпен» қарап, қолымызды сілтей салдық; оны айта­сыз – бір кезде мұнайлы облыс пен мұ­най саласын басқарған, бүгінгі сенатор Ләз­зәт Қиыновтың: «Әділін айтсақ, Қазақ­стандағы жанар-жағармай бағасы, мы­салы А-92 маркалы бензиннің 1 литрі 1,5 евро, яғни, 350-370 теңге болуы керек» – деп артық айтқанын да үнсіз «жұ­тып» қойдық. Меніңше, қалың қазақты, қарапайым халықты тонауды насихаттайтын мұндай депутатты парламент үйінен сүйреп шығарып, түрмеге тоғыту керек!..
…Кешірімшілдік пен сенгіштік – қа­зақ­­тың әрі орасандығы, әрі осалдығы. Бо­дандық құрығын сыпырғаннан кейін 23 жыл өткенде, әлдеқашан естен шығып, көңілден өшкен киелі сөзді естідік. Тұңғыш рет «арзан» деген сөз есімізден тандырды. Сөйтсек, «Аи-92» бензині 128 теңгеден – 115 теңгеге арзандапты. Алла Тағалаға – тәубә айттық. Ұзағынан сүйіндірсін! Арзандау, әдеттегідей – алдау болмаса?!..

Бөтеннің ақылы бөз болмас…
Қазақ тәуелсіздік алғалы бері біреуді тыңдап, басқаның тәжірибесіне таң қалып, жаттың қатесін қайталаудан танар емес. Бізге бәрі таңсық болғасын, қазақ топырағына табаны тиген кез келген ақыл үйретуге тырысып, көсемси қалады. Әрине, өркениеттің өрісі – өсуімізге жақсы. Бірақ, алтыннан – мысты, күріштен – күрмекті айыратын күнге әлдеқашан жеткен сияқтымыз…
Астанаға Leadership Excellence Journal-дың беделділік рейтингі бойын­ша әлемдегі 10 топ-консалтингтік компаниялар қата­рындағы Адизес инсти­ту­тының негізін қалаушы, ғылым докторы Ицхак Калдерон Адизес деген тағы бір «кемеңгер» келіпті. Ол былай депті: «Қазақтың кәсіпкерлік компанияларын «тыныштық» деп аталатын сырқат дендеп алған. Басшы өзі мәжіліс өткізіп, өзі сөйлеп, өзі сынап-мінеп, өзі мақтап, өзі шешім шығарады, басқа ешкім ауызын ашпайды. Яғни, жалғыз адамның миы ғана жұмыс істейді. Басқаларының миы» ұйқы құшағында» қалады. Мұның өзі тақыр далаға гүл еккенмен бірдей нәтижесіз нәрсе…» Мен былай деймін: «Сонда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша белгілі бір жетістіктерге жетіп, тәп-тәуір топ бастап, жер бетіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылып жатса, аталған жетістіктерге шетелдіктердің миының көмегімен жет­­­кен бе? Әлде, отыздың ортасына Бораттың «ақылымен» жетпекші ме?..» Ицхак Калдерон тағы айтыпты: «Таяуда мен Ресейдің үкімет басшысы Дми­трий Медведевпен Сочи қаласында кез­десіп, мынадай әзіл айттым: «Медведев мырза, мен баспасөзден сіздің Ре­сейдің инновациалық ілгерілеуге де, қызметкерлерді оқытуға да мұқтаж екендігін айтқаныңызды оқыдым. Бірақ, меніңше, мәселенің түйіні – адам­дарда емес, қалыптасқан басқару жүйесінде. Мына әзілге қараңызшы: батыстың бір полиция қызметкері миын жоғалтып алып, жаңасын сатып алу үшін ауруханаға барыпты. Оған дәрігер былай депті: мына ми – 200 мың доллар тұрады, ал мына біреуі – Нобель сыйлығы иегерінің миы, енді мүлдем жұмыс істемеген жаңа ми алғыңыз келсе, орыстың миын алыңыз» депті…» Мен де тағы айтамын: «Батыстың «миы» жұмыс істегіш мықты болса, ХХІ ғасыр бойына орыстың қаруынан күштісін неге ойлап-таба алмай отыр?..» 
Ицхак Калдерон айтып қалыпты: «Қа­зақстанда ақылды да білімді адамдар көп. Олардың миын сарқа пайдалану үшін мәдениетті өзгерту керек. Басшы мәдениетін өзгерте алмайды, себебі, оның еркіндігі шектеулі. Қазақ компаниясының басшысы өзгеру үшін шетелдік басқарушылар келуі керек. Дегенмен, бұған өте ұзақ уақыт керек, мысалы, «Қазақстан-2050» бағ­дарламасы – «Қазақстан-3050»-ге созылып кетуі мүмкін…» Мен де айтып қалайын: «Біздің өз мәдениетіміз бар, басқаның тозған таңсығының керегі жоқ. Шетелдік басқарушыларды біздің бастықтар он орап алады. Әри­не, оқып-тоқу да, үйреніп-күйлену де керек. Бірақ, батыстықтардың 3050 жылдары қандай былыққа батып жататындығын бір құдай ғана біледі…»
Ицхак Адизестің тоқетер түйіні мынадай: «Шетелден білім алғандар елде өзгеріс жасауға тиіс. Егер, шетелде білім алғандар өздерінің миы мен білімі қажет болмаған соң, Қазақстаннан кетіп жатса, мен таң қалмаймын. Мен өзімнің жеке басымның тәжірибесінен білемін: ТМД елдерінің бәрінде советтік мұра қалдықтары бар. Советтік білім мен тәрбиенің, білік пен мәдениеттің адамдары өздері де өзгермейді, өзгелердің де өзгеріс жасауларына мұрсат бер­мейді. Иә, «Сіздердің «Болашақ» бағдар­ламаларыңыз жақсы, бірақ, шетелдік білім алған адамдарды советтік тәрбиенің жетекшілері басқармауы керек…»
Менің тоқетер түйінім мынау: «Сонда, ел-жұртымызды басқарып отырғандарды қайтеміз?!.»
…Осындай ақылдың кендерін қазақ жеріне кімдер кіргізеді?..
Жауапсыздық – қылмысқа, 
қылмыс – қапасқа апарады
…Кемшілікті әрдайым алыстан іздей­міз. Ал, жетістік, әлбетте, жанымызда деп ойлаймыз…
Қазақтың Мақсат Үсенов деген жап-жас жігіті көлікпен адам басып өлтірсе де, жүрек қағысы, тамақ алысы тамаша күйінде тағы да 38 жасар әйелді әлем-тапырақ таптап өтіпті… Қазақ қоғамы «асқанға – тосқан» іздеп, дүрлігіп жатыр. «Бұл өзі – қайыс белбеумен қақырата сабап алатын жігіт екен. Мақсат Үсенов – жол бойындағы жұртқа қатерлі қауіп болды», – дейді Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев… Заңгер Сергей Уткин Үсеновтың соңғы қақтығысы адам өмі­ріне қауіпсіз болғандықтан, қыл­мыс­тық іске жатпайтындығын айып, ең мықтағанда, әкімшілік жауапқа тар­тылып, жеңіл-желпі айыппұл тө­лей салатындығын жеткізді. Жаңа Қыл­мыстық кодекс талаптары бойынша, жол апаты жағдайларында екі жақ, айталық, 10-20 мың АҚШ доллары көлеміндегі болмашы өтемақыға өзара келісіп, қылмыстық істі жаба алмайды. Дәп осындай қатал баптың бекітілуіне Мақсат Үсеновтің алғашқы жол апаты арқау болғаны рас. Әйтпесе, қалтасында 10-20 мың АҚШ доллары бар кезкелген жуанқарын жүргізуші тірі адамдарды тарыша таптап жүре бермей ме?!.
Жалпы, жауапсыздық – қазіргі күннің қасіретіне айналып отыр. Күні кеше Алматы сән және дизайн колледжінде гранатадан жарылыс болып, 16 жасар Светлана ЯКОВЛЕВА атты жасөспірім қыз сол жерде қаза тапты. Марқұмның ағасы Алексей:«Светлана ашықжарқын, ақкөңіл, жігерлі болатын. Оқу озаты атанып, үздік диплом алғалы жүрген қарындасымның болашақтағы арман-мақсаты ұшан-теңіз еді» – деп мұ­ңаяды… Аталған жарылыстан 12 адам жарақат алып, 5 адамға ірі оталар жасалды. Жарылыстың себебін анықтауға арнайы комиссия құрылып, Алматы ІІД Тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: 251 (қару және жарылғыш заттарды заңсыз ұстау, сақтау, тасымалдау) және 101 (абайсызда кісі өліміне себепші болу) деген баптарға сәйкес қылмыстық іс қозғады.
Жарылысқа қатысы бар деген күдікпен жарылыс кезінде сынып­та бол­маған осы оқу орнының «Алғаш­қы әскери дайындық» пәнінің оқы­ту­шысы қамауға алынып, құқық қор­ғаушыларға жауап беруде. Қала билі­гі қаза болған және жарақат алған сту­денттердің отбасыларына жәрдем беруге шешім қабылдады. Міне, жаппай жауапсыздықтың ақыры ерте ме, кеш пе, түбінде қасірет-қайғыға соқтырады. Үсе­новтың ісін үрлеп-үлкейтіп, «Үсенов синдромы» деп атаған бір философ ағамыз: «Үсенов синдромынан» қандай ой түюге болады? …Ол – ақша, пайда. …Қазақ үшін ұлт болашағының тамырын шабатын ең қауіпті бей­ша­ралық осы!» – дейтін «жаңалық» ашып, жұрт­тың бәрін «жемқор» қылып қой­ды… Тіпті, жемқорлықтың өзі – ар ұятқа, иманға таразы қоймаудан, жауапкершіліктен жұрдай болудан бастау алады. Аталған қос қасіреттің терең тамыры – жауапсыздықта жатыр.
Қоғам, халық, көпшілік айнала­мыз­ға – айдаламызға қара­ғандай тым селқос, тым жауапсыз қарайтын бол­дық. Жүрегі талықсып құлаған қарияны – маскүнем; басы айналып, тізесі бүгілген адамды – нашақор деп, айналып-аттап өте шығамыз. Әрбіріміз көшедегі бейтаныс сәбиге қамқорлық көрсетіп, қарияның қолтығынан демесек, көлденең жатқан ағашты алып, табанға сүрінген тасты шетке тастасақ, Үсеновтер үстімізден көлікпен таптамас еді, «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің оқытушысы гранатаны жас балалардың қолына ұстатып, ойына келгенін істеп, ойқастап кетпес еді…
Жауапсыздық – қылмысқа, қыл­мыс – қапасқа апарады. Жауапсыз адамды ой-санасы қалыптаспаған жеткін­шекке жақындатуға болмайды. Ал, қыл­мыскер – қымбат көлікпен көше кезіп қыдырмай, қапаста отыруы керек! Осы талапты қолдап-қорғап, темірдей тәртіп етіп орнатқан қоғамда жауапсыздықты – жанашырлық, қыл­мысты – қайы­рым­дылық жеңеді.

Алдыңғы «
Келесі »