Діни тұтастық – мемлекет қауіпсіздігі кепілі

  • 17.03.2015
  • 1430 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сайын Борбасов, саяси ғылымдарының докторы,  профессор,
Салтанат Ізтлеуова, филология ғылымдарының докторы, доцент

Мемлекет қауіпсіздігі көпжақты, күр­делі құбылыс. Оның басты ерек­шелігі егер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір элементі істен шы­ғатын болса мемлекетке дағдарыс, тіп­тен, күйреу қаупі туындайды. Ал, қауіп­­сіздікке  жауап беретін  сегменттер өте көп. Олар: елдің шекаралық қауіпсіздігі, эко­номикалық тәуелсіздігі, халықтың әлеу­меттік мәселелерінің шешіліп отыруы, азық-түліктің   жеткілікті болуы, экологиялық катастрофаларға жол бермеу, ақпараттық қауіпсіздік т.б. қоғамдық қатынастардың маңызды салалары. Ал, Қазақстан сияқты полиэтникалық және поликонфессиялық мемлекет үшін жоғарыдағы қауіпсіздік факторларымен қатар елдегі діни  ахуалды реттеу немесе діни қауіпсіздіктің маңызы арта түсуде. Қазақстанда бұл мәселе тәуелсіздік үрдістерімен қатарлас пайда болды. Демократиялық, ашық және плюралистік мемлекет құруға ұмтылған  Қазақстанға әлемдегі түрлі бағыттары, түрлі мақсаттары бар діни ағымдар мен секталар лап қойды. Олар әсіресе, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында елде өздерін еркін сезініп, миссионерлік қызметтерін жандандырды. Ондаған мың қазақстандықтар түрлі мазмұндағы, мақсаттағы діни ағымдар мен секталарға мүше болды. Жаңа діндердің арасында діни экстремизмді, терроризмді уағыздайтын ағымдар да болды. Олар да қазақ жерінде өздерінің бүлдірушілік жұмыстарын бастады.


Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында белгіленген «Адам және азамат» бостандықтары туралы жалпы­адам­заттық  құндылықтарды қорғайтын бап­тарды елдегі дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталар өздерінің эгоистік мақ­­саттарына пайдаланды. Олар идео­логиялық және саяси әралуандықты діни әралуандықпен алмастыруға, ал, ар-ұждан бостандығын толыққанды діни бос­тандықты уағыздаумен алмастыруды мақсат етті. Елдегі діни топтар осы мақ­саттарына біршама жетті де. Қазақстан халқының біршама бөлшегінің дәстүрлі ислам мен православия діндерінен безінуіне жол берілді. Елде діни экстремистік, ра­дикалды  топтар пайда бола бастады. Олар өз жақтастарын көбейтумен бел­сенді айналысты. Мысалы,  1991-2011 жылдарда елдегі діни ұйымдар саны 671-ден 4551-ге өскен /1/. 20 жыл арасында діни ұйымдар 7 есеге жуық көбейген. Ал, ресми тіркелмеген құпия, латентті жұмыс жүргізіп жатқан ұйымдар мен үйірмелердің саны қаншама екендігі белгісіз. Елдегі діни білім беру жүйесінің әлсіздігінен дін қызметкерлерін дайын­дауды Сауд Арабиясы, Түркия, Ливан, Иордания, Пәкістан сияқты елдерден шыққан миссионерлер өз қолына алды. Осы мемлекеттердің медреселерінде оқыған шәкірттер Қазақстандағы дәс­түрлі ислам дінінен аулақтап кетті. Олардың біршамасы радикалистік, экс­тремистік ислам топтарының идео­ло­­гиясын қабылдады. Заңсыз қарулы топтар құрылды. Бұл діни топтар ше­телдік исламдық террористік топ­тармен байланыстар орнатты. Мысалы, 2008-2012 жылдар аралығында 5 жылда Қа­зақстанда террористік қылмыстары үшін 148, экстремистік әрекеттері үшін 160 адам сотталды. Тек, 2012 жылы ғана терроризм мен діни эктремизмге бай­ланысты 142 қылмыс әшкереленіп, 40 адам террористік ұйымдарға мүше бол­ғандығы үшін ұсталды /2/. Діни топ­тардың террористік әрекеттері Ал­маты, Атырау, Тараз,  Ақтөбе қала­ларында және бірнеше аудан орталықтарында орын алды. 2011 жылдан бастап Қазақстан халқы террористік актілермен бетпе-бет жолықты. Елдегі террористік әрекеттерді түгел дерлік діни исламистік бағыттағы топтар жасады. Сондықтан, Қазақстанда  діни экстремизмнің қаупі арта түсті. 
Елдегі күрделі діни ахуалға байланысты Қазақстан Республикасы Президенті 2011 жылы қазанның 11-де «Діни қызмет және діни бірлестік туралы Қазақстан Республикасының заңына» қол қойды /3/. Заң мемлекеттің зайырлық сипатына негізделді. Сонымен қатар мемлекеттік билік елдегі діндердің теңдігі мен дін бостандығын мойындай отыра ханафи бағытындағы ислам мен православиялық христиан діндерінің Қазақстанда ерекше рөл атқаратындығын танитындығын ескертеді. Заң елдегі діни ахуалда шиеленістер мен қайшылықтарға жол бермеуді көздеді. Діни араздықты қоздырып елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді шайқалтуды мақсат еткен мүдделі топ­тардың әрекеттеріне тиым салды. Ол үшін діни ағымдар мен секталардың идеалдық мазмұнымен, қызметтерінің мақсаттарына сараптама жасап, елдің Конституциясы мен заңдарына сәйкес келетіндігін бағалау, сараптау жұмысы заңдастырылды. Шетелден келген діни конфессиялар ерекше назарда ұста­латын болды. Заңға сәйкес елдегі діни конфессиялар мен діни ұйымдар қайта тіркеуден өткізілді. Ал, мемлекеттік тір­­кеуден өтпеген конфессиялар мен ұйымдар заңсыз деп есептелінді.  
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға» сәйкес елдің діни алаңы біршама ретке келтірілді. Қазақстандағы діни конфессиялардың 46 емес, 17 екен­дігі анықталды. Діни ұйымдар мен бірлестіктер саны 4551-ден 3088-ге дейін азайтылды. Осылайша, елдегі діни ұйымдар саны 32% қысқарды. Әді­лет министрлігі ұсынысымен елдегі тір­кеуден өтпеген 32 діни бірлестік сот ше­шімімен  таратылды. Ал, елдегі дәстүрлі діндердің 2228 мешіті, православиялық христиандардың 261 приходы қайтадан тіркелді. Қайта тіркеуден кейін де елдегі конфессияаралық тепе-теңдік өзгермеді. Ислам діні ұйымдары – 72 %, православия 9 – %, католиктік – 3%, протестандық – 14%, қалған діни конфессиялар 2% құрады. Елде буддистік, иудейлік діни конфессиялар да өз қызметтерін жалғастырды. Заңға негізделіп елдегі діни ұйымдар саны азайтылғанымен діни ахуал дұрыс арнаға бірден түскен жоқ. Қазақстанда діни экстремизм негізінде болатын радикализм мен терроризм құ­былысы сақталды. Өздерінің түпкі мақ­саттарын жасыратын дінді жамылып мем­ле­кеттік құрылысқа қарсы агрессиялық әрекеттер жүргізетін, этносаралық, діни татулықты бұзып, ел халқын бөлшектеуді көздейтін  көптеген ұйымдар мен секталар жұмыстарын жалғастыра берді. Әсіресе, уахаббшылар, салафиттер сияқты діни мұсылмандық ағымдар жастарды өз со­ңынан ертіп, оларды Әбу Ханифа маз­хабы ағымындағы дәстүрлі ислам дінінен ауытқытты.
Уаһһабшылар бүгінгі қазақ қоға­мы­на бөлшектену қаупін тудыратын ағымға айналды. Олар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни курстар, қайырымдылық қорларын, араб тілін оқыту үйірмелерін ашып жастарды өзіне тартты. Араб елдеріне уаһһабшылықты оқыған жастар да болды. Олар елде уаһһабшылдық идеологияны таратуды қолға алды. Өздерін салафиттерміз деп те таныстырды. Уаһһабилин  негізін  XVIII ғасырда Недж қаласында өмір сүрген діндар Мұхаммед ибн әл-Абдул-Уаһһаб салған /5/. Оның мақсаты – «бұрынғы ислам сахабаларының таза­лығын қайтадан жаңғырту». Се­нім мәселесінде құранды бұлжытпай орын­дау жолындағы фанатизм. Басқа діни нанымдар, ағымдармен күресте экстремизм позициясын ұстану. Уаһһа­биліктің қағидаттары:Таухид – бар құдайға сену, дінге қосылған түрлі жаңалықтардан бас тарту (бидға), діни сенімсіздікті  айыптау (такфир) және кәпір­лермен соғысу (джихад), Аллаға серік қосу (ширк). Осылар арқылы уаһһабилер қазақи төл салт дәстүрлерді жоққа шығарып, тиым салуды көздейді. Елдегі Конституция мен заңдарды орындау міндетті емес. Конституцияға бағыну – құдайға сену формуласын бұзу болады. Ондай адам көп құдайға табынушы (мүшрік, кәпірдің бір түрі).Пенделер жазған Конституцияны құдай сөзімен тең көріп, бағыну Алланы жоқ­қа шығарумен бірдей, – деген бүгін­гі құқықтық, зайырлы мемлекет қағидаларын бұзуды ұсынды. Демек уаһһабшылар ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құнды­лықтарын қажетсіз деп тапты. Құқықтық, демократиялық мемлекет құру мақсатын түкке тұрмайтын әрекет ретінде бағалап, құдай жолын бұзу деп айыптайды. 
Уаһһабизм бүгінде көптеген діни экстремистік ұйымдардың идео­ло­гия­­сына айналды. Әл-Кайда, Тали­бан, Өзбекстан ислам қозғалысы, Хизб-ут-Тахрир, салафиттер, Орта Азия модджахтереның жамағаты, Ал-Акса азат шегушілер бригадасы, Ха­мас, Джуид, ал Халифат (Халифат сол­­даттары) сияқты ұйымдар уаһ­һабистік діни сенімді ұстануда /6/. Олар кәпірлер қатарына мұсылман емес барлық конфессиялар өкілдерін  ғана емес уаһһабистік ағымды ұстанбайтын мешіттерді, суфизмді де жатқызады. Олар үшін демократия, зайырлы қоғам, коммунизм идеяларын ұстанатындар да, кәпірлер. Уаһһабистік ағымның арасындағы  «Әт Такфир уәл һишра» ұйымы, яғни, такфиршілер ислам дінінің шарттарын толық орындамаған адамды мұсылман санамайды. Мәселен, намаз оқымаған адамды кәпір санап, ондайларға қол көтеріп, қару кезенуге рұқсат береді. Демократиялық, зайырлы мемлекеттер кәпірлер елі болғандықтан, олар Құран талаптарымен басқарылмағандықтан ол елде 5 уақыт намаз бен жұма намазын мешіттерде оқуға болмайды деп есептейді. Уаһһабилік сенімге кірген көбінесе 16-40 арасындағы  жас азаматтар. Кәпірлерге қарсы күрес идеясымен уланған 150-ден астам қазақ азаматтарының 2013 жылы Сириядағы соғысқа аттанғаны туралы дерек Қазақстан қоғамына қатты әсер етті. Олар әділетті жиһадқа шығып шейіт болуды көздеген /7/. Қазақ жастары жиһад ұғымын дұрыс білмей жүр. Дін мамандарының айтуынша Құранда жиһад туралы сөз 35 жерде айтылады. Тек оның төрт жерінде ғана соғысу ретінде қолданылған. Террористік бағыт­тағы исламдық  топтар кәпірлерге қарсы тоқтаусыз соғыс жүргізу идея­сында осы қағидаларды ұран етуде. Алайда, Құранда жиһад «Қасиетті соғыс» емес адамның өз кемшіліктеріне, тәрбиесіздігіне, қараңғылығына қарсы күресі ретінде түсіндіріледі. Мұсылман діни әдебиетінде «жиһад» сенім үшін күрес деп бағаланып, оның негізгі формалары айтылады: – «Жүрек жиһады» немесе    «Нафс жиһады» – нәпсімен күресу, адам өз бойындағы жаман қасиеттерден ары­луы жолындағы күресі. Құранның көп­теген сүрелерінде халық алдындағы үш үлкен жиһад туралы қойылады. Ол алдымен адамның өз тәрбиесі, жетілуі, одан кейін ұрпақты дұрыс тәрбиелей білуі; қараңғылықпен, жалқаулықпен күресу яғни білім, ілім алу. Сонымен қатар, «Тіл жиһады» – жақсылықты қостау, жаманшылыққа тиым салу; «қол жиһады» – адамгершілік нормаларын бұзу­­шыларды тиісінше жазалау шара­ларын жүргізу /8/. 
 Басым көпшілік діни ғалымдар мен дінтанушылар сүрелерде кездесетін «жиһад ұғымының» гуманистік мазмұны терең екендігіне сенімді. Ол – Алла жо­лында адалдықты, адамгершілікті, қайы­рымдықты, қарапайымдылықты ту етіп, алып жүру. «Жиһад» араб тілінен аудар­ғанда «тырысу», «күш салу», «мақ­сатқа жетуде барлық қиын­шы­лықтарға төзу», «Алла жолында дүние мүлкіңді ғана құрбандыққа шалу емес, жан-тәніңмен еңбек ету, күшіңді жұмсау» деген мағына береді. Демек, вахабистік ағымдағы «жиһадты» түсіндіру, оның жо­лына шақыру ислам дінінің ізгілікті мақсат мұраттарын бұрмалаушылық. Оның мақсаты – дінді жамылып, жастарды жалған ұрандармен соңына ертіп мемлекеттің саяси тұрақтылығын шайқалту, Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын бұзу. Діни радикалистік ағымдардың көкейкесті арманы билікке, байлыққа қол жеткізіп, халықты діни фанатизм рухында тәрбиелеп басқа халықтарға қарсы қою. Әлемдік ислам уммасын ислам емес әлеммен соғыстыру. Бұл мақсат өте қауіпті әлемдік катастрофаға бастайтын мақсат екендігі анық. Діни радикалистік топтарға бейбітшілік, демократия, халықтың әл-ауқатының, өмір сапасының жақсаруы бірінші маңызды дүниелер емес, оларға керегі халықтардың дін жолымен ауытқымай жүруі. Ол үшін ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен мәдениеттер де құрбан болуы керек деп есептейді. Діни радикализм өркениетті адамзат жеткен демократиялық және гуманистік құндылықтарды дінмен қауыштыруды зиянды санайды. Осындай «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы  Қазақстанның оңтүстік, батыс өңірлерінде белсенді жұмыс жүргізді. Бұл ұйым діни сауаты жоқ жастарды «Біртұтас мұсылман халифатын» құру идеясына үгіттеуде. Ұйымды басқарушы «Азаттық партиясы» талабы бойынша «мемлекеттік шекара мойындалмайды» /9/. Әлем мұсылмандары тек бір ислам мем­лекетінде бір халифа басшылығымен өмір сүруге тиісті. «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы қатаң тәртіпке бағынған, нақ­ты құрылымы бар иерархиялық бағы­натын, жасырын жұмыс жүргізу әдіс­терін, қаржыландыру жолдарын мең­­­герген ұйымға айналып. көптеген ел­дерде соның ішінде Қазақстанда бел­сенді әрекетке көшті. Бұл ұйымның мақсаттары Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіпті екендігі белгілі. Халықты діни бөлшектеу арқылы мемлекеттіліктің іргесін шайқалтуды көздеді.
Қазақстан халқының ұлттық құн­дылықтары мен адамгершілік кел­бетіне зияндылық жасауды мақсат тұтқан қауіпті секталардың бірі Иегова куәгерлері. Оған кіргендер әнұран айтпайды, қолдарына қару ұстамайды, әскерге барып, Отанын қорғауға қа­тыспайды. Бұл діни секта адамзатқа жат қылықтарды уағыздауда. Оның мүшелері үшін отбасы құндылықтары мойындалмайды. Әке-шеше, ата-ана, баланың арасындағы туыстық сезім­дер түкке тұрғысыз нәрселер ретінде төмендетіледі. Орталығы АҚШ-та орналасқан бұл сектаның ең көп мү­ше­лері Жапонияда, одан кейін Оң­түстік Кореяда, содан соң Қазақстанда жинақталған /10/. Ел халқын жасампаз еңбектен, өзара татулықтан, мемлекетті саяси тұрақтылықтан аулақтатуды көздеген діни ағымдар мен секталар елдің ұлттық кауіпсіздігін шайқалта бастағандығын көреміз. Сирияға барып келген 150 қазақ жастары елге қайтып келген соң жиһад идеясын өз елінде іске асыруды қолға алса не болмақ? Халықтың дәстүрлі өмір салтын бұзатын, оны мәдениет, білім, өнер, музыка, театр мектептерден шеттетуді мақсат еткен діни топтар Қазақстанның әлеу­меттік тұтастығына зиян келтіре бас­тауы шындыққа айналды. Діни бөлінушілік терроризм мен экстремизм құбылыстарын өршітті. Өкінішке орай, дамыған батыс мемлекеттерінің өзінде діни ұйымдар мен олардың қызметтері туралы біркелкі, бірауызды көзқарас жоқ. Қазақстанда тиым салынған  «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы Ұлыбританияда ешқандай қауіпсіз діни ағым ретінде емін-еркін қызмет етуде. Ағылшын сарапшылыры бұл діни ағым қолына қару алып Англияға қауіп төндіріп, елдің заңдарын бұзып отырған жоқ деп есептейді. Ал, Қазақстан сарапшылары «Хизб-ут-Тахрир» ұйымынан ел тәуел­сіздігіне зор қауіп бар деп біледі. «Мұ­сылман бауырлар» ұйымында түрлі мем­лекеттер әртекті қатынас жасады. Египетте олар парламентке еніп отыр /11/.
Еуропаның дамыған елдерінде мұ­­сыл­мандардың санының көбейе тү­суі бұл діннің батыстағы ықпа­лын да күшейтуде. Батыс қоғамы исла­мо­фо­биядан арылып, ислам дінінің ізгілікті, гуманистік мазмұнына ден қоюда, бұл құбылыс қазір евроислам деп аталып, ислам құндылықтарын Еуропа қоғамы мен ғылымына жақындастыру үрдісі басталды. Олар мәселенің негізі ис­ламға экстремистік сипат беретін идеялардан, құбылыстардан ада ету деп есептейді. Еуроислам өкілдері нағыз таза ислам дінінің терроризм мен экстремизмге ещкандай қатысы жоқ екендігін танытуға ұмтылуда. Евро­ислам өкілдері радикалистік, исламистік топтарды ислам дінінің ізгілікті маз­мұнын бұрмалаушылар ретінде көр­сетуде. Сонымен қатар көптеген діни ради­калистік бағыттағы топтарды араб мемлекеттерінің қаржыландыратыны Батыс қоғамын алаңдатуда. Өкінішке орай, ислам уммасын әлсірету мақсатында ислам дінін түрлі ағымдарға, секталарға бөлшектеу жұмыстарын Батыс елдерінің арнаулы құпия органдары да жүргізуде деген деректер бар. Әсіресе, террористік, исламистік топ­тарды американдық, британдық ар­наулы мекемелер дайындаудан, қайта дайын­даудан өткізетіні белгілі болып отыр. Олардың мақсаты түптің-түбінде «американ хал­қының ұлттық қауіпсіздігін қорғау».
АҚШ билігі жеке бір дінді қолдамайды. Онда мемлекет жеке дінге басымдылық беретін мемлекеттік дін концепциясынан бас тартқан. Оның себебі, АҚШ-тағы көпдінділік, ел халқының діни біртектілігінің болмауы. Сондықтан, ресми идеологияда жалпы американдық мақсат- міндеттер мен құндылықтар діни құндылықтардан жоғары тұр. Олар үшін діни бірегейленуден гөрі американдық ортақ бірегейлену маңызды. АҚШ-та діндердің маңыздылығына қарай классификациялау, діндерге жекелеп қам­қорлық көрсету міндетті емес. Дінді таңдау, оны қолдау әрбір азаматтың жеке мәселесі болып табылады. АҚШ-тағы арнаулы қауіпсіздік қызметі қоғамға қауіпті діни ұйымдар мен топ­тардың әрекеті мен қызметін қатаң бақылап отырады. Кейінгі жылдарда АҚШ-та діни радикалистік бағыттағы топтардың мүшелері ерекше бақылауға алынған. Ал, Европада діндер ара­сында теңдік жоқ. Дәстүрлі діндерге, шіркеулерге мемлекет қамқорлық жасау протекционистік саясат ұсталынады. Зайыр­лы мемлекеттегі жаңа діндер билік тарапынан ешқандай қамқорлық көр­мейді. 
Қазақстан демократиялық транзит ке­зе­ңінде елге көптеген жалған және жа­санды діндерді еңгізіп алды. Бұл ретте дианетика және саентология сектасының негізін қалаушы Рон Хаббардтің  «мил­лионер болғың келсе жаңа дінді ойлап тап» деген ұтқыр сөзін де ұмытпау керек. Қазақстандағы ашық қоғам орнату, плюрализм ахуалын әлемдік криминал өз мүддесіне пайдалануды көздеді. Ислам әлемінің бай мемлекеттері Орта Азия мен Қазақстанда арабтықты жақтайтын діни радикализмді өршітуге ұмтылуда. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан олар үшін арман, майлы жілік. Сауд Арабиясында, Катарда, Кувейтте, Египет пен Түркияда діни оқу оқып келген жастар елде «Дұрыс исламды» насихаттауға көшті. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың салт- дәстүрлері, тарихи таныммен үндескен Ханифа мазхабының діни ұстанымдары қателік, ислам дінін бұрмалау деп танылды. Қоғамдық саяси, рухани мәдени өмір тек қана құран талаптарына сәйкес жүргізіліп, ұйымдастырылуы керек, – деген пікір үстемдік құруды көздеді. Сонымен қатар, Қазақстандағы діни ахуалды кришнаиттер, иеговалар, бахауилер, сатанистер, ақ ағайындар, елуіншілер,  құдай балалары тағы басқа секталық сипаттағы діни ұйымдардың белсенді жұмыс істеуі күрделендіре түсті. Олар­дың түрлі католиктік бағыттары ел­дің көптеген қалаларында өз шір­кеу­лерін салып орнығып Батыстағы орталықтармен тығыз қарым- қаты­настар орнатты. Көптеген діни секта­лардың басшылығына тәрбиеленіп дайындалған қазақ ұлтының өкілдері келді. Олар елдегі дәстүрлі исламның Ханифа мазхабы мен православия дін­деріне қарсы белсенді күрес жүргізе бастады. 
Жалған діндер мен секталардың мақ­саты азаматтардың сеніміне еніп, олар­дың жүрегін жаулау, үгіт-наси­хат­та­рымен ел халқын мемлекет­шілдіктен, отан­­шыл­­дықтан аулақтату. Жалған дін­дер мис­сио­нерлері Қазақстанда он­даған мың адамдарды соңдарынан ерте алды. Ке­­зінде Кеңес Одағына қарсы кү­рес үшін ұйымдастырылған түрлі діни ұйымдардың орталық штаб пәтерлері Лон­­донда немесе Батыс Еуропаның басқа ірі қалаларында орын тепкені белгілі. Қазір бұл ұйымдардың басшыларының көздегендері Қазақстандағы саяси және этникалық тұрақтылықты шай­қалту және өздерінің неғұрлым баюы. Сон­дықтан, олар Қазақстан азаматтарын дұрыс жолдан тайдыруға, өз мақсаттарына пайдалануға тырысып бағуда. Өкінішке орай, ел халқының біршама бөлігінің жалған діндердің, секталардың, жасанды ғылыми және культтық ағымдардың соңына ергені шындық. Түрлі емшілер, экстросенстер, жұлдызнамашылар қасиетті Алла атын, құран сөздерін пайдалана отырып халықты соңына ілестіруді мақсат етуде. БАҚ, теледидарда ғылыммен ешкандай қатысы жоқ, медицинадан аулақ маз­мұндағы телебағдарламалардың кө­беюі де халықтың санасын улауда. Халықтың діни сауатының нашарлығы, оның елдегі негізгі діни конфессиялардың мән-мағынасы мен мақсаттарын тү­сінбеуі діни ахуалды күрделендіре түсуде. Халықтың діни бірлігінің бұ­зылуы, оның қарама-қайшылықты дүниетанымға бет бұруы мемлекеттік қауіпсіздікке зиянын тигізуде. Сепар­атизм, экстре­мизм, радикализм мен терроризм құбы­лыстарының етек алуына ел халқы­ның діни бөлшектенуі, өзара діни қайшылықтарға бой ал­дыруы да себеп болуда. 
Қазақстанда діни ахуалды ретке кел­тірудің тиімді  жолдарын табудың, күш­ті дін саясатын іске асырудың маңызы арта түсуде. Алдымен, жалпы ұлттық топтасуды және саяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін қауқары бар мемлекеттік идеологияны қалып­тас­тыру маңызды. Мұндай идеология Қа­­зақстан қандай ел, оның мақсат-мін­деттері қандай, қоғам қайда бара жатыр деген өзекжарды сұраққа жауап беріп, демократиялық және ашық қоғам құндылықтары мен мұраттарын ха­лыққа жақсылап ұғын­дырып беруі керек. Сонда, халық отаншыл және мем­лекетшіл болады. Өз елі, өз отаны, өз жері ғана бақыт әкелетінін білетін азамат, діни саяси бөлектенуге, елінің бірлігін әлсірететін әрекеттерге еш уақытта бар­майды. Діннің қандай пайдасы бар, оның тәрбиелік, ізгілік потенциялын қалай пайда­ланамыз деген мәселені теориялық тұр­ғыдан да қолданбалық тұрғыдан да шешіп алу маңызды. Сонымен қатар, дін­дерді түсіндіруді, діндер атауларын нақты белгілеуді жолға қою зәрулік. Нақты бі­лімдер арқылы ғана конфессионалдық сая­сатты, дін туралы заңнаманы бүгінгі күн талаптарына сәйкестендіруге бо­лады. Қазақстан заңдарында жалған діндер, тер­рористік, экстремистік бағыт­тағы діни ағымдар мен секталардың бағалары берілуі қажеттілік. Қоғамдық тыныштыққа зиянды қандайда болмасын діни ұйымдардың қыз­меттеріне тыйым салы­натындай заңдық алаң болуы шарт. Қазақстанды дәстүрлі исламның Абу Ханифа мазхабы мен право­славия шір­кеуінің бірлесіп жұмыс істеуі де керек. Олар мемлекеттік ұйым­дармен ын­тымақтаспаса елдегі діни алау­ыз­дықтарға тыйым сала алмайды. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тусупбекова Л. Борьба за души: арбитрам выступит Закон // Казахстанская правда. 2011. 15 сентябрь. С.3.
2. Сенбай Е. Бүгінгі қазақстандық террорист кім ? // Айқын, 2012. 23 қараша. б.
3. Қазақстан Республикасының Заңы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» // Егемен Қазақстан. 2011.15 қазан. 7 б.
4. Лама Шәріп Қайрат «Қазақстанның діни алаңы тазартылды» // Егемен Қазақстан. 2012. 25 қазан. 9 б.
5. Бектен М. Діни ағымдардың Қа­зақстанға ықпалы қандай ?  // Айқын. 2012. 6 қазан. 5 б.
6. Иса Д. Бүгінгі күннің діни қаупі азамат соғысына алып баруы мүмкін // Жас Алаш . 2013. 26 қараша. 3 б.
7. Серік Г. Адамдыққа жат нәрсе // Класс Тіmе. 2013 11желтоқсан. 6 б.
8. Лама Шариф Қайрат. Джиһад – это не «священная война», «а борьба со свойм невежеством»//Казахстанская правда, 2013. 25 июня. С.7.
9.Өмірбек Оңғар қажы. Жат  ниет – пиғыл білімсіз теріс бағыт бағдардың жемісі // Түркістан 2005.13 қазан.5 б.
10. Бекмұратұлы С.Секталардың сой­қаны – иегова. Алматыда оның 7 мыңнан астам мүшелері бар екен // Алматы ақшамы 2007. 15 мамыр.6 б.
11.Кириницианов Ю. В поисках истины // Вечерний Алматы. 2013.18 июня. С. 8.
12.Грибанов А. Макаренко Л. Религия – это всегда совесть // Вечерний Алматы. 2013. 24 октября . С. 5.

Алдыңғы «
Келесі »