Қазақ мемлекетінің іргесін қаласқан қазақ

  • 17.03.2015
  • 708 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
С. Демирел атындағы университет 
ректорының кеңесшісі, филология    
ғылымдарының докторы, 
профессор

…А мы считаем его не только на пролетарским, но и неприличным произведением. После такой оценки, конечно, бесцельно для нас распространяться о художественном оформлении романа и о художественных приемах автора его.
По форме «Сулу-Шаш» – нечто среднее между романтическими произведениями казакского националистического писателя Магжана и скабрезно-фантастическими  восточными сказками.


Язык поэмы достаточно красочный. Художественные приемы автора обычные, как и других современных казакских поэтов, но с претензией на нововведения, обычные для т.Сейфуллина, учеником которого считается т. С.Муканов. И по форме роман «Сулу-Шаш» имеет весьма посредственную художественность.
Подводя итоги, мы вынуждены признать, что автор не оправдал надежд читателей. Со своей задачей автор не справился. Роман «Сулу-Шаш» ни в какой мере не есть пролетарское произведение.
У нас нет основания не верить автору, что он задумал и хотел сделать крупный вклад в пролетарскую художественную литературу. Но, как видно, это ему не удалось. Вместо ожидаемого положительного результата, получился отрицательный, с полным извращением пролетарской идеологии и пролетарской морали. Роман «Сулу-Шаш», без сомнения, будет вписан, как отрицательный капитал, в писательский баланс т. С.Муканова»  (Замандас. «За партию». 1929,  №1-2). Бұл жерде Сұлтанбектің «Сұлушаш» романын сол кездегі көркем шығармаға қойылатын таптық өлшем тұрғысынан келіп, тізені батырыңқырап жібергені де, артықтау кеткен тұстары  да байқалады. Бүгінгі күн оқырманын ойландырарлық, пікір таластырарлық  мәселелері де баршылық. 
С. Қожановтың осы кездердегі саяси-мәдени қызметін С. Мұқанов төмендегіше бағалапты: «Менің Сұлтанбек Қожанов туралы бұған дейін білетіндерім: 1.Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан танбай келе жатқан алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең-поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады; 2. «Алаш» лидері Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан республикасының басқарушысы газеті «Ақ жолда» Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жариялады; 3. Түркістан республикасын Қожанов басқарған кезде (1923-1925 жылдар) Алашорда партиясының лидерлері: Халел Досмұхамедов, Хайретдин Болғанбаев, Мырзағали Есполов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар Ташкент қаласынан пана тапты да, ондағы «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» және «Сана» журналдарында ұлтшылдық бағытта, кейде совет өкіметіне ашық қарсы шыққан бағытта жазған шығармаларын жариялап тұрды. Сондай Қожанов енді Қазақстанды басқаратын болса, нені оңдырмақ» (С. Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он бірінші том. Алматы, 1977, 124-125 беттер). С. Қожановтың саяси қарсыластарының бірі болған С. Мұқановтың бұл жазбаларынан автор сол кездің көзқарасымен Сұлтанбекті қаралап отырғанымен де бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, шындықтың шырайы ашыла түседі. Бұл жерде халықшыл, ұлтшыл азаматтың осы бағытта атқарған қызметі саяси оппонентінің сөзі арқылы  біршама ажарымен көрінген. Сөйтіп,  С. Қожанұлы  жиырмасыншы  жылдардағы қазақ әдеби өмірінің қақ ортасында жүріп, оның өзекті мәселелері хақындағы батыл да  өміршең ойларын ұдайы ортаға салып отырды. Сұлтанбектің өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы аласапыран кездерде  Абайды, онымен бірге қазақ әдебиетінің бүкіл өткенін жоққа шығарушыларға, әдебиеттегі әсіре тапшылдыққа, «пролеткультшілдікке» қарсы шығуы,  Мағжан қудалауға түскен кезде оның  ұлылығын жұрттан бұрын танып, кітабын бастырып, ақындық қуатын аса жоғары бағалауы  қазақ әдебиетінің, мәдениетінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.  
Жан-жақты дарын иесі Сұлтанбек мемлекеттік, қоғамдық жұмыстардан қолы қалт еткен сәттерде көңіл күйін өлең қылып ақ қағазға түсіріп отырған.
«Мен-дағы өлең айтсам ұнамай ма?
Ақын да жоқтан бар ғып құрамай ма?
Өлең ғып, ұйқастырып тізіп                 қойсам, 
Бір надан білгішсынып, 
            сынамай ма?» 
(С. Қожанұлы. Шығармалары. Алматы, 2009, 217-бет) – деген сияқты жолдардан өлеңді оқырман үшін емес, өзімен-өзі қалып, ойға қалған, толғанған бір сәттерде  өзі үшін жазғандығы көрінеді. Тақырыптық жағынан келгенде – әралуан: тіршілік-тұрмыста, қызмет бабында кездесіп, айтарлықтай әсер қалдырған  түрлі түйткілді мәселелер жайлы кейбір ойларын ақ қағазға түсіріп отырған.
«Көрерміз» деген өлеңінде ол:
«Орыс тілі үлкендікке жеткізіп,
Жұртты сатып, болыс болған                 өткізіп. 
Орысқа құл, қойдай айдап қазақты, 
Жетіскен ұлт намысын тепкізіп. 
Бұл сұмдардың кім ұмытар                     қылғанын? 
Сатты, жанышты, тепті, қылды                 сиғанын. 
Бұл иттерде ұлт бар ма еді, тап 
            бар ма ед? 
Дін аударып, сатқаны аз ба иманын?» – деп, билік үшін орыс отаршылдары­на ар-иманын, дінін, тіпті ұлтын, халқын сатуға дейін барып жүргендігін аяусыз сынаған.  
«Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой, 
Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.
Жете алмай, дегенімнің     жалғызына, 
Талап көп, талайсыз боп, сорладым ғой.
Кері кетіп, алға қарай бассам аяқ,
Барады қылған ісім бір оңбай-ақ. 
Адал ой, ақ көңілмен тырыссам да,
Еңбек еш, көңілім жүр тына алмай-ақ» (сонда, 210-бет) – деген өлең жолдарынан өмірі «тар заманда» өткен, қиын-қыстау жылдарда отаршылдардың қысымына шыдас бере жүріп, халқына адал қызмет еткен ардагер азаматтың асыл тұлғасы көрініс  бергендей болады. 
Сұлтанбектің кей өлеңдерінің шығыстық үлгідегі дидактикалық сыпаты басым:
 «Өлшенбей салмақ, білінбес, 
Сыналмай адам ашылмас. 
Түсуге сынға мүдірмес, 
Ер қайда сырын жасырмас». 
«Жұртқа сенген тарықпас, 
Кісіге сенген молықпас.
«Жеген ауыз жесін» деп, 
Тышқанды қасап сойсын деп, 
Құрғақ ақыл соқтырар». 
 «Қашқан жауға – қатын ер, 
Талапкер көп олжаға.
Зорға қосшы табылад, 
Жолдас қайда сорлыға» (сонда) – деген сияқты шумақтардың өмірлік философиясы терең. 
Өмірдің әр түрлі сәттеріндегі көңіл күйлерінен, ойларынан туындаған «Қай­тейін», «Кім жауапты?», «Ойлап көрші», «Бұл кім?», «Нені айтайын?», «Жас қо­сын», «Көрерміз», «Тілегіміз», «Шынға ұқсаған пікірлер», «Тілмаштарға бір сын», т. б. өлеңдері түрлі басылым беттерінде жарық көрген. Сұлтанбек бірсыпыра орыс ақындарынан еркін аудармалар жасаған. Мысалы, Демьян Бедныйдың «Емен мен сыналар», «Жауап» секілді мысалдарын тәржімәлап, «Ақ жол» газетінің беттерінде жариялаған.  «Сонымен бірге ерекше назар аударатын құбылыс – Сұлтанбектің ақын ретінде жазған өлеңдерінің дені ел қамы, көпшілік жайы болып келіп, махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына мүлдем бармауы. …өлеңді кәсіп етпей, тек қана елдіктің жайын ойлап, жұртқа қамқоршы болып, тілекші көңілдің жай-күйі тебіренткенде ғана қолына қалам алған тәрізді… Сондықтан, ол кісіден қалған аз-кем мұралардан сыршылдық сезімді  немесе көркемдік қуатты емес, керісінше қайраткерлік қуатты аңғаруға болады. Кикілжіңі көп күресті күндерде жаны жабырқап, көңілі қалғанда ғана қалам қуатының құдіретіне жүгінгендей» (Н. Нұрпейісов. Әдебиет және сын мәселе­лері. Шымкент, 2009, 123, 125 бет­тер). 
С. Қожанов жауапты лауазымдық қызметтер атқара жүріп, негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми, әдеби, сыншылық, көсемсөзшілік шығармашылық  жұмыс­тармен тығыз ұштастырып отырды. Ға­лым Амантай Шәріп  Сұлтанбектің «Бір­лік туы», «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ», «Тілші» газеттерінің, «Шолпан», «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат», «Ленин­шіл жас», «Сана»  журналдарының беттерінде «Топақ», «Тарпаң», «Замандас» деген бүркеншік аттармен жариялаған 135 мақаласын, бірсыпыра өлеңдерін  тауып, кітап қылып шығарды (Сұлтанбек Қожанов.  Шығармалары. Құрастырып, кіріспесі мен соңғы сөзін жазған профессор А. Шәріп. Алматы, «Арыс», 2009, 352 бет). 
С. Қожановтың көсемсөзі қоғамдық, экономикалық, мәдени өмірдің барлық саласын қамтыған тақырыбының ауқым­дылығымен, өмір ұсынып отырған аса зәру мәселелерді батыл көтере алуымен, тілінің өткірлігімен, нақтылылығымен, фактілерінің молдығымен, қысқа-нұс­қа­­лығымен ерекшеленеді. Жанрлық жағынан келгенде, қысқа хабарлардан бастап, проблемалық мақалаға дейінгі газет жанрларының барлығында дерлік қалам тербеген. Мақалаларын оқып отыр­ғанда, ой өрісінің кеңдігі, жан-жақты білімдарлығы, ойын ұтымды жеткізе алатын шеберлігі өзіне тартып отырады. 
Қазақстан жаңадан мемлекет болып, ел қатарлы өмір сүре бастаған кездерде отаршылдықтың салдарынан бұрындары қолға алынбай келген қыруар жұмыстарды басынан бастауына тура келді. Сондай жұмыстардың бірі ұлттық оқу-ағарту саласы болатын. Қазақ халқының жұрт қатарлы ел болып, қатарынан қалмай, өзгеге құл болмай өмір сүруін қамтамасыз ететін саналы жастарды дайындау күн тәртібіне өткір қойылды. Міне, осы бір ұлттық ауқымдағы аса маңызды іске қазақ оқығандары түгелдей дерлік атсалысып, өздері атқарып жүрген жұмыстарын тоқ­тата тұрып, мектеп оқулықтарын жазуға кірісті. 
Ақын А. Байтұрсынов «Тіл құралын», «Әдебиеттанытқышты», ақын М. Жұма­баев «Педагогиканы», жазушы Ж. Аймауытов «Психологияны», ақын С. Сейфуллин «Қазақ әдебиетін», жазушы М. Әуезов «Әдебиет тарихын», теміржолшы  М. Тынышбаев пен дәрігер С. Асфендияров «Қазақстан тарихын»,  т. б. жазуға мәжбүр болды. Міне осы кезде арифметика пәнінің қажеттілігін өтеу мақсатымен С. Қожанов орта мектепке арналған «Есептану құралы» (1924)  атты оқулық жазды.  Көлемі 60 беттік оқу құралында ауылда өскен қазақ балаларына түсінікті тілмен қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарынан бастап, бастапқы математикалық ережелер түсіндірілген. Сондай-ақ, саяси-әлеуметтік тақырыпқа арналған  «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығы» (1928) тақырыпты зерттеуі орыс тілінде жарық көрген. 
1925 жылы Қазақстанның партия ұйымын басқаруға Ф. Голощекин келді. Сталиннің арнайы тапсырмасымен қазақ даласындағы революциялық өзгерістерді жылдамдатуға келген ол билік маңында жүрген халыққа жақындауларын қыспаққа ала бастады. «Азуы алты қарыс, өзінің айтқанынан басқаны жөн деп білмейтін бұл кісі ұлт кадрымен ә дегеннен-ақ тістесе кетті» (Ж. Әлмашұлы. Сұлтанбек Қожанұлы. Алматы, «Қазақстан», 1994, 64-бет). 
Бұрынғы бірінші хатшы Нанейшвилимен біршама тіл табысып, жақсы  жұмыс істеген С. Қожанов жаңа басшының мұндай өрескел бағытына ашық қарсы шықты. Екеуінің бірігіп жұмыс істеуі мүмкін болмаған соң, Сұлтанбектің бұл қызметтен кетуіне тура келді. Ф. Голощекин де С. Қожановтай аса ірі қайраткерден құтылудың жолы оны қызмет бабымен өсіріп жіберу екеніне көзі жетіп, оны Орта Азия мен Қазақстандағы аса ірі мемлекет, партия, қоғам қайраткері деген мінездемемен Орталық комитетке қызметке ұсынды. 
С. Қожановты  1925 жылы  қараша айында Мәскеуге шақырып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға жіберді. 1928 жылы  Ташкентке, Орта Азия бюросына қызметке ауысты. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшысы болды. Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы Ғылым Академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, оның алғашқы директоры, 1929-31 жылдары  Орта Азия мақта комитетінің директоры болып,  1931-32 жылдары БК(б)П ОК аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында  Өзбекстанда түрлі лауазымдық қызметтер атқарған С. Қожановтың соңы­нан «қожановшылдық», «түрік­шіл», «ұлтшыл», «жікшіл» деген сияқты айыптаулар бір сәтке де тоқтамады. Қазақстандық әсіре белсен­ділер, қызыл көз коммунистер алыстағы Ташкентте жүріп жатқан Сұлтанбекке тыныштық бермей, оның халық алдында «қожановшылдығы», «ұлтшылдығы» үшін кешірім сұрауын талап етті.  Сол кездегі саяси жағдайға байланысты С. Қожанов өзінің «саяси кемшіліктері» үшін кешірім сұрауға мәжбүр болған.  Бұл  «Еңбекші қазақ» газетінің 1928  жылғы 2 қарашадағы санында «Сұлтанбек Қожанұлы қателерін мойнына алды. Шынды жасыруға, партияны алдауға болмайды!» деген үлкен бас тақырыппен берілді. Бір қызығы  Сұлтанбектің сұраққа жауаптар түрінде берілген кешірімінен кейін Сталиннің С. Қожанов туралы пікірі де қоса беріліпті: «Қожанұлы ылғи да қазақ елінің өзге­шелігін тым көпіртіп, ұлғайта айтады. Күншығыс ұлт республикалары мен Кеңес одағындағы кәсібі күшті аудандардың тағдыры, тілегі бір екенін ұмытады. Социалдық жұмыстарды ескермейді. Бар жұмысы – ұлт тілегін үстем қылу, соған лайықтап қана істейді. Бұл пікірдегі жолдастар ұлт ішіндегі, ұлт республикаларындағы істерге аз көңіл бөледі. Ісінің бұл жағын бұлар өз бетімен өше берсін деп біледі. Мұны үлкен жұмыс деп білмейді. Бұларша ең үлкен жұмыс – республиканың шегін кеңейту, «сыртқы» саясатпен шұғылдану – іргелес отырған республикалармен айтысып, таласу. Көбірек жерін, елін өзіне қосып алу; сөйтіп, өз еліндегі байшылдарға, ұлтшылдарға жақсы кісі болып көріну. Бұл пікірдің аяғы келіп, мұндай коммунистерді социалшылдық тілектен-жолдан алыстатады. Мұндай коммунистер кәдімгі байшыл, ұлтшылдардың бірі болып шығады» («Еңбекші қазақ», 02.11.1928). Сол бір замандарда үлкен кемшілік, қылмыс саналған осы бір фактілер бүгінгі күндері ұлтын сүйген азаматтың тұлғасын биіктете түсер аса маңызды құжатқа айналып отыр. Бір кезде С. Қожановты Мәскеуге қызметке ұсынғанда, мақтап мінездеме берген Ф. Голощекин отызыншы жылдары басқаша сайрады: «Қазіргі кезеңнің сипаты партия құрылысымен емес, топтардың үстемдігімен, партия ішінде алашордашылардың идеологиясын бейнелейтін қожановшылар, рысқұловшылар, сәдуақасовшылар идеологиясының үстемдігімен сыпатталады. Бұл кезең басшылықтың осы барлық ұлтшыл топтарының қолында болған кезең» (Ф. Голощекин. Коренизация в период реконструкции. «За партию», 1930, №1-2, 36-бет). Өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған халқының ұлттық өрлеу жолына арнаған С. Қожанов өзінің бұл бағыттағы көзқарастарын мейлінше айқын тұжырымдап, қарсылармен ашық күресіп, идеяларын жүзеге асыруға бар мүмкіндігін салды. Бірақ, Кремльдің империялық саясаты есіл ердің азатшыл армандарының алдына тосқауыл қоя білді. Оны туған елі Қазақстанға жіберуден сескеніп, оның іскерлік қабілетін Өзбекстанның халық шаруашылығын дамытуға пайдаланғанды жөн көрді. Оның үстіне Кремльге бір табан жақындау Қазақстанның билігі де С. Қожановты жолатпаудың шараларын қарастырып бақты. 
С. Қожанов  1937 жылы  16 шілдеде Ташкентте қамауға алынып, халық жауы ретінде әскери трибуналдың шешімімен 1938 жылы ақпанның 10-ы күні Мәскеуде Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұловтармен бірге атылды. Сүйегі Мәскеу түбіндегі бұрынғы НКВД-ның резиденциясы орналасқан Коммунарка елді мекенінде жатқандығы кейін анықталды. Сөйтіп, қазақтың көгілдір көгінде Шолпан жұлдыздай жарқырап жанып келе жатқан Сұлтанбектей арыстың саналы ғұмыры кемеліне келген шағында отаршылдардың қолынан 44 жасында қыршынынан қиылды. Қаратаудың теріскейіндегі Ақсүмбеден ұшып шыққан ақсұңқар Түркістанда түлеп, Қазақстанда қанаты қатайып, елі үшін биіктерге самғап, осы жолда жат жұртта мерт болды. Мемлекеттігі жаңадан бекіп келе жатқан Қазақстанның билігінде С. Қожанов немесе оның жолын ұстанғандар  тұра тұрғанда, оның елін бақытқа жеткізбек болған мақсатпен қолға алған идеяларының бірсыпырасы  мүмкін, жүзеге асып, бүгінгіден де гөрі бақыттырақ болар ма едік деген сияқты пендешілік ойлар мазалайды. Өйткені, «Сұлтанбек Қожанұлы Қазақияның жер-суы мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаушы қайраткерлердің көшбасы болды. Ол қазақтың жер-суы мен ел-жұртын бір ту астына топтастыру арқылы Ұлттық Республика құру жайындағы көп жылғы арманның орындалғанын тұңғыш рет салтанатпен жария еткен қайраткер… Ол жаулап алушылар мен билеушілер еркімен бұрмаланған қазақтың тарихи атын өзіне қайтарып беруді жүзеге асырды. Ол қазақтың өз тілін мемлекеттік өмірде қолдануына қарсы жасалып жатқан әрекеттерді бірінші болып әшкереледі. Республиканың ұлттық құрамын өзгертуге апаратын, тиісінше қазақтың мемлекеттілігін сақтауға қауіп төндіретін сырттан қоныс аударушылық үдерісін тоқтатуды талап етті. Ол көптеген басқа салаларда да ұлттық мүддені бірінші кезекте ойлауды мұрат тұтты» (Б. Қойшыбаев. Сұлтанбек Қожанов. Алматы, «Қазақстан», 2007, 315-316 беттер). 
Қалай десек те Сұлтанбектей біртуар, үлгі тұтар ұлдары болғанының өзі қазақ үшін – бақыт. Өйткені, өзім деген адамға адал, қасына қатал, барлық уақытта да адамгершіліктің асыл қасиеттерін, әділдікті ту етіп, жақсыларды маңына жинаған ерекше харизмалық қасиетке ие  сайыпқыран Сұлтанбек  Қожановтың жарық жұлдыздай жарқылдап өткен өнегелі өмірі, халқына еткен адал еңбегі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі, ал артына қалдырған асыл мұрасы елін елдікке бастайтын рухани бағдар болып қала бермек.
(Соңы. Басы өткен санда)

 

Алдыңғы «
Келесі »