Ілияс Есенберлиннің ақындық мұрасы

  • 17.03.2015
  • 993 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының 
докторы, профессор

Арғы-бергі тарихта, руханият дамуы­ның бел-белестерінде әр алуан ізденіс арналары арқылы жан жылуын, көңіл шуағын, сыр-сезім сипаттарын өлең-өнермен жеткізгендер бар. Мәселен, ақ өлеңнің құдірет-қасиетімен проза парасатын пайымдаған, күрделі жанр – роман жүгін өрісті өлең өрнегімен өркендетіп, қара сөздің қасиетін, айбары мен айдынын уытты сөз, ұтымды ой, шешен сөз, шымыр шумақтармен де жүйелі, көркем, серпінді суреттеген тағылымды туындылар шоғыры да көптеп саналады. Мұның бәрінен, әрине киелі өнер – сөз сыры мен жүйесі, талант табиғаты мен қуаты, көркемдік құпиясы кеңінен көрініс береді. «Шеберлікте – шек жоқ» қағидасының бір дәлелі осы.


Сөз өнерінің проза жанрында көп томдық романдар циклін туындатып, ерен еңбектің, үлгілі үрдістің өнегелі өрнегін танытқан тегеурінді талант иесі – Ілияс Есенберлиннің шығармашылық мұрасының бастау негізі – жауынгер һәм жетекші жанр поэзиядан айқын аңғарылады. Жазушы еңбегіне ден қойсақ: «Мен өнердегі өмірімнің есігін өлеңмен ашқан едім» деуінде ерекше мән, шынайы шындық пен сырлы сипаттар мол. Өлең – жан-жүрек сыры, көңіл пернесі һәм ақыл-парасат нұры екені де  анық.
І. Есенберлиннің ақындық қуатын көлемді дастандар цикліндегі ұлт мұратына негізделген, адам әлемі мен еңбектің асқақтаған, тарихи тұлғалар мен өмір оқиғаларын арқау еткен, уақыт таңбасы мен тынысын терең сезінген танымдық бағыттағы, тағылым-тағзымға толы туындылары құрайды («Намыс», «Айша», «Сұлтан», «Адам – мәңгілік», «Қазақ қызы», «Біржан сал», «Әбу Насыр әл-Фараби», «Көңіл-дастан», «Бір түнде»).
Ақынның қайсыбір өлең-жыр, дастанда­рының жазылу тарихына, мазмұн-құры­лымына, көркемдік-стильдік сипаттарына байыппен ден қойсақ, онда:
– тарих толқынының терең иірім­дерін;
– өмір оқиғаларының бедерлі іздерін;
– дерек көздерінің көркем де келісті өрнек құрағанын;
 – ерен еңбек тынысы мен келелі келе­шек  бағдары, дәуір дидары, өмір ағы­ны мен уақыт шындықтарының кең өріс, жүйелі бағыт, сырлы сипат алға­нын аңғаруға болады. Жастық-дос­тық сырларының шынайы сипат алып, жан-жүректен, терең де тебіреністі толғам-толғаныстарымен реалистік мәнге ие болғанын  да жіті таныр едік. Бұл тұстардан да ақын мұратының асқақтығы, өмірге өзгеше құштарлығы, адам мен оның еңбегіне сүйіспеншілігі, өнерді жан-жүрегімен түсінетіні, оған құрметі мен тағзымы терең де жоғары екендігін байқауға болады. Ең негізгісі, әрине өлеңге – өнер ретінде қарап, қайсыбір тақырып-мәселелерді кеңінен ойлап, тереңнен толғап, түйінді тұстарына назар аударып, ондағы шумақтың – шебер де шымыр, бунақтың – берік те бейнелі, ырғақ пен ұйқастың – жүйелі де келісті, сыр-сезімнің – өзекті де өрнекті өріс алуын басты назарда ұстайды. Абайша айтсақ: сөз патшасы, сөз сарасы. Өйткені: «…өлең сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі » ( Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976. – 259 бет ).          
І. Есенберлиннің ақындық өнері – «Жұлдыздар» жинағынан кең орын алады  // Алматы: «Жалын», 1977/. Жыр жинағы халқымыздың арғы-бергі кезеңдеріндегі бел-белестерін бедерлі бейнелейтін өмір, уақыт шындықтарын, танымал тұлға­лардың есімі мен еңбегін, ерлік пен елдік­тің үлгі-өнегесін, жалынды жастық пен берік достықты арқау еткен ғашықтық, сүйіспеншілік сезімдерді, ең негізгісі ұлт­тық мұратты, елдік мәселелерді, адами болмысты, жасампаздық пен ізгілік иірімдерін,тәрбие ісін кеңінен көрсетеді. Жыр жинағына енген өлең өрімдері: тақырып  табиғаты тұрғысынан – кезең шындықтарын, өмір өрнектерін, тарих тағылымдарын, адам мұратын, еңбек тынысын, өнер өлкесін барынша келісті, көркем бейнелейді. Ал, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерінен: өлең жүй­есі мен өлшемдері, сөз бен дыбыс үндестіктері, мазмұн мен пішін сипаттары өзара бірлік, байланыста беріледі. Бірін-бірі байыту, толықтыру сипаттары серпінді, табиғи өріс алады. Көркемдік кеңістігі мәнді де нәрлі.    
«Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби» дастаны ғұлама ғалымның туғанына 1100 жыл толуына орай жазылған. Адам мұраты, ұстаз-ғалым ұлағаты айқын да бедерлі, тағылымды. Негізгісі, танымал тұлға та­би­ғаты мен тағылымы кеңінен көрінеді. Бірнеше жырдан тұратын дастанда – Әл-Фарабидің өмір-тағдыры, білім-ғылым жүйесіндегі жа­ңалық-жетістіктері, ежелгі Отырардан – байырғы Бағдатқа дейінгі кезең кестелері, даралық пен даналықтан тұратын ізденіс іздері, қолтаңба мен көз­қарас мұраттары, қысқасы талант табиғаты, энциклопедист болмысының мың  сан қырлары байыпты барлау, зейінді зерделеулерге арқау етіледі. Біздіңше, ұстаз-ғалым хақындағы жырлар топтамасы кезең-өмір шындықтарын, уақыт-тұрмыс сырларын кеңінен көрсетумен қатар білім-ғылым құпияларының өзіндік өзгешеліктерін жан-жақты суреттеуімен, көркемдік таным арналарына еркін енуімен, терең де тағылымды толғам-тербелістерімен де назар аудартады. «Екінші ұстаздың» бүтін болмысы мәнді беріледі. Өлеңдегі тарихилық сипаттар, қоғам құбылыстары мен кезең көріністері, ғылым құпиялары мен ғалымдық ғибраттар, өмір мұраты мен оның мән-маңызына қатысты көзқарас-тұжырымдардан ізденіс іздерінің бедерлі, тақырыпқа адалдық, қолтаңба мәнерінің нақты да нақышты, басты тұлға бейнесі айқын екендігі  жіті  аңғарылады.  І. Есенберлин Ұлы Отан соғысы тақырыбына бірнеше дастан жазды («Намыс», «Айша», «Сұлтан» т.т.).Елдік пен ерліктің ғажайып үлгісін, сырлы сипатын терең ашады. «Айша» – қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың Отан қорғау жолындағы ерлік істерін, ел-жерге сүйіспеншілігі мен өмірге құштарлығын кеңінен көрсетеді.  Айшаның бітімі бөлек болмысы, зерек те өжет табиғаты жасынан-ақ танылады. Сырыммен арадағы достық көңілдеріне, жарасты жұптарына, сыр-сезім тұтастығына – соғыс деген сөз сызат түсіреді. Араларын алшақтатады. Алайда, махаббат мерейі үстем болады. Жастық,достық сыры ашылады. Махаббат құдіреті,сезім қуаты салтанат құрады. Ақиқатында, дастанның өн бойында Айша мен Сырымның арасындағы берік байланыс, сыр-сезім шынайылығы бір-біріне деген сенім, тұрақтылық арқылы беки түседі.
Дастандағы «Айшаның сипаты», «Сы­рым­ның сипаты» сынды бөліктерден екі жастың жарасты көңіл-көзқарастары, мөл­дір махаббаттары көрінсе, «Айша майдан­да» атты тараушадан басты тұлғаның ерлігі мен елдік мұраттарға адалдығы айқын аңғарылады. Батыл да өжет өрлігі, сөз бен іске табанды да тұрақты екендігі сәт сайын сезіледі.Сұрапыл соғыстың қанды құйы­ны – Айша мен Сырым арасына сызат түсірмейді. Біздіңше, жастық пен достық сырлары, махаббат мерейі – Айша мен Сырым арасын шынайы сүйіс­пеншілік,өмірге құштарлық сынды қазыналы биікпен берік бекітеді. Негізінен, батырдың биік тұлғасы, ел-жер алдындағы парыз-қарызы да кең көлемде көрініс табады. Демек, дастан мұраты – Айшаның (М. Мәметованың) адамдық болмысын, ерлік үлгісін, сүйіспеншілік сырларын жан-жақты суреттейтін тағылымды туынды. «Сұлтан» – қазақтың батыр ұлы С. Баймағамбетовтің – «Халқы үшін жүрегімен от сөндірген» ерлік үлгісін жырлайды. Ел басына туған қиын да сындарлы сәттегі ер тұлғасы мен ерліктің, табандылық пен тұрақтылықтың үлгі-өнегесі – С. Баймағамбетовтің жауға қарсы өшпенділігінен, Отанға, ел-жерге шынайы берілгендік танытып, жанын жалау етіп, өмірін қиюынан еркін көрініс береді.Ол туынды табиғатының бар тұсынан танылады.  Соғыстың сұрапыл сәттері, Отан қорғау жолындағы жанкешті әрекеттер, елдік пен ерлікті ту еткен жауынгерлік парыз бен қарыздан туған мақсат-мұраттар дастан табиғаты мен шынайылығын ай­қындап, қолтаңба бедері мен көркемдік нәрді нақтылай түседі. Дастан табиғаты: өмір үшін өліммен бетбе-бет келіп, елдік пен ерлік салтқа адалдық танытып, ұлт мұратын ұлықтау болып табылады.Бұл тұста, сөз жоқ, С. Баймағамбетовтің елдік пен ерлік жолындағы қажыр-қайраты,өшпес даңқы мен рухы еркін көрініс береді. «Сұлтан» сыры осында. Тегінде, «Айша»,  «Сұлтан» сынды дастандар тақырыптық тұрғыдан ғана үндесіп қоймайды. Сонымен бірге ұлт мұраты, ұрпақ қамы, бейбіт өмір жолындағы адами болмыстарымен де, қиын-қыстау кезеңдерде елдің амандығын, жердің бүтіндігін, кемел келешектің жарқын да жасампаздығын қолдап-қорғаған биік тұлға, қайсар келбеттерімен де есте қалады. Отан мен отбасы,келелі келешек хақындағы ой-сөз жүйесі де мәнді.
Ақынның Шығыс тақырыбына қатыс­ты көзқарастарынан Отанға шынайы берілгендік, ел-жерге шексіз сүйіспеншілік, өмірге құштарлық секілді сипаттар жіті танылады. Адам әлемі,өмір мәні мен мұраты ашылады. Уақыт сыны, сыры ашылады.
Ақын алдымен Шығыс халық­та­рының өзіндік белгі-ерекше­ліктерін, тарихы бай, келешегі кемел екендігін, өркениет пен руханият әлемінде, білім-ғылым жүйесіндегі үздік те озық, озат тәжірибелерін кең көлемде көрсетеді. Ақын ізденісі, көзқарас эволюциясы, кө­ңіл зердесі мен қолтаңба мәнерінен тарих тағылымына ден қою, адам факторына маңыз беру, білім-ғылым мүмкіндігін кеңінен көрсету мақсаты айқын:
О, Шығыс – Адамзаттың сен бесігі,
Алғашқы ақыл-ойдың көл-көсірі!
Адамға сенен бастап мәдениет
Ашылған, алтын қақпа, кең есігі!
Білімге басқа елден бұрын келдің,
Өзгеден жырттың бетін 
            бұрын жердің!
Теңіз бен жұлдызтану ғылымдарын, 
Дүниеге барлық жұрттан бұрын                 бердің!
Сен таптың құпиясын жауһар                 тастың,
Емдеудің ең алғашқы жолын аштың.
Қолбасшы әлемге ұлы ұлдар беріп,
Дүниеге ақыл, ойдың нұрын шаштың!
Ақын мұрасында Ұлы Отан соғысы тақырыбы, оның зұлмат-зобалаңы, қасірет-қайғысымен қатар тағылымына да зор маңыз беріледі. Кеше-бүгін сыры ашылады. Ақын соғысты сұрапыл да сұрықсыз, қасірет пен тақсіреттің тоғысқан тұсы ретінде суреттейді. Адам тағдырына, соғыс зардабына зор маңыз береді. Ұлт мұратына, ұрпақ келешегіне алаң көңіл білдіреді. Соғыс тек қана баққұмар, қанқұмар, жан­­­кештінің ғана қолынан келер көзсіз әре­кеті екенін батыл әшкерелейді. Оған бейбітсүйгіш адамзаттың, ана мен баланың бостандығы мен теңдігі қар­сы қойылады. Бейбітшілік құсы – көкаршынның үстемдік атаулыға қар­сылық білдіріп, жан-жүрегін жалау етіп, әлемді шарлаған, көк жүзінде қалықтаған тағдырлы да тынымсыз қимыл-әрекеттері нанымды әсер қалдырады:
Соғыс! Соғыс!
Бар қайғының сен басы.
Бар зорлықтың
Сенсің жауыз жолдасы.
Сені жеңер,
Жеңер сені сонда да
Қарғысы ана,
Сәбилердің көз жасы!
Соғыс! Соғыс!
Сенсің қанқой қара түн.
Сені қостар
Қорқау, құзғын, қарға жын.
Сені жеңер,
Жеңер сені сонда да
Әлсіз құсым,
Бейбіт құсым – көкаршын!
Өлеңдегі ана бейнесі мен бейбіт құсы­ның – адамзат арашашысы, бүгін мен болашақ жаршысы сипатындағы орын-үлестері айқын да айбарлы, жарқын да жі­герлі, сенімді де серпінді сипаттарға ие болады.Кешеден тағылым алу, келешектен үміт күту мәні айқын. Майдан жырларына жататын «Намыс» атты топтама өлеңдерде елдік сыны, өрлік пен өжеттік мәні, ерлік сипаты былай беріледі:
Ерлікке бармайды адам өлемін деп,
Қанымды атақ үшін төгемін деп.
Бел буар аз да болса сенгендіктен,
Алдағы жарық күнді көрермін деп.
Ойға алмай ажал барын аңдып                     тұрған,
Билейді шіркін жүрек алас ұрған.
Шын ерлік: өлетінін біле тұра,
Ел үшін өзіңді ету ашық құрбан.
Өлеңде – ерлік мұраты мен тағылымы, тарих толқынының сипаттары, ең негізгісі бейбітшіліктің – болашақ, ұлт пен ұрпақ үшін мән-маңызы кең көлемде көрініс табады. Көркемдік мұраттар, ой мен сөз жүйесі, тіл-стиль сипаттары сенімді де серпінді өріс алады.Елдік мүдде, ерлік шежіресі, ұрпақтар ұлағаты айрықша мәнге ие болады. Өмір-өлең, өлең-өнер екенін ескерсек, ерлік атаулының бәрі-баршасы елеп-ескеруді, тағлым-тағзым етуді қажетсінеді. Сырбай ақынның:
Бір адым жер ырыздық,
Білсе тілі соқаның.
Бір адым жер – аспаның,
Бір адым жер – Отаның…
Жалғыз адым жер үшін,
Жалғыз адым сол жерде
Жатты бүкіл жеңісім.
Жалғыз адым осы жер – 
Байтақ Отан мен үшін, – деген өлең жолдарынан қасиетті қара жердің құді­рет-киесі кеңінен көрініс береді.Оны қорғап, тағзым ету жайы да терең көрініс береді.
Біздіңше, І. Есенберлин ерлікті – ел мұратымен ұлықтайды, ұлт пен ұрпақтың кемел келешегімен ұштайды. Бүгін мен болашақты байыпты безбендейді. Азат­тық, теңдік, татулық – болашақ бесігі, бақыт бастауы, өмір мұраты еке­нін сенімді суреттейді. Ақынның со­ғыс тақырыбындағы туындылары өмір оқиғасы мен шындықтарын ар­қау еткен нақтылы адам, оның ерлігі мен орнын іс-әрекет, қимыл үстінде көрсетеді. Сол арқылы соғыс зұлматы мен ерлік үлгісін қатар суреттейді. Бі­тіс­пес күрестің ара-салмағын ашады. Азаттық пен бейбітшіліктің, татулық пен тұрақтылықтың қадір-қасиетін, ма­ңызын арттыра түседі. Бастысы, кеше-бүгін байланысы берік сипат алады.
«Айша» поэмасындағы елдік пен ерліктің үлгі-өрнектері мәнді де маңызды болса, Айша мен Сырымның достық сипаттары, ғашықтық ғаламаттары табиғи дамып,  ортақ жарасым – үйлесімімен  соншалықты сенімді, табанды да тұрақты болып табылады.
«Айша» поэмасындағы басты тұлғаның сипаты төмендегіше арна алады:
Ойы қандай,
Қандай және қылығы!
Мойны қандай,
Қандай және бұрымы!
Сезіміңді оятады-ау қытықтап,
Сөйлегенде дауысының дірілі!
Тоты құстай шыққан кезде түрленіп,
Кәрілер де қалу үшін бір көріп,
Терезеден үңілетін,
Ол болса – 
Кергімейтін сылаң қағып,
Сыр беріп!..     
        ***
Құмырсқа бел,
Оймақ ауыз,
Қыр мұрын.
Толықтырып тұрғанын-ай бір-бірін!
Егер, егер салыстыра көз салсаң,
Күңгірт тартып кететіндей 
                 нұрлы күн.
Қиылған қас,
Айменен тең,
Жүзі тек,
Арманыңа,
Көндіре біл,
Қызды деп,
Арбаушы еді…
Бозбалалар қаншама
Қолы жетпей десеңізші болды әлек!
Өлеңдегі өрнек пен сұлулық сырлары, басты тұлғаның жарасымды болмыс бітімі, көркем де келісті сыр-сымбаты, мінез байлығы, қылықты да салтанатты жүріс-тұрыстары тартымты өріс алады. Сұлу сымбат, сиқырлы әлем – бойды билеп, көзді байлайды. Көңіл қуантып, жан-жүректі жаулап алады.Не­гізгісі,болмыс бедері айқын, әрі басты бейненің өмірдегі қалпы, табиғи жарасымы, сыр мен сымбат тұтастығы сенімді сипат алады. Ақын лирикалық кейіпкерінің адами мінез, сұлулығына да зор маңыз береді. Әр алуан ізденіс арналарынан бастау алып, шабытты шақтан туған, әсер мен сезімнің шуағына бөленген, сурет пен нақыштан, қимыл-әрекеттен тұратын ұтымды жолдар шумақтан шумаққа кедергісіз көшіп отырады. Көркемдік таным арналарынан бейнелілік, сыршылдық пен сезімталдық сезіліп тұрады. Сыр мен сымбаттан тұратын табиғи сұлулық ғашықтық ғаламатына бөлеп, арманды асқақтатып, көңілді қуаныш күйі кернейді. Оны көрген жас пен кәрі – сұлулық символына құрмет көрсетіп, тағзым етпей тұра алмайды. 
Ақын адам өмірінің жастық кезеңін, сыр мен сымбат үйлесім тапқан – сұлулық сипаттарын, ақыл-парасаттың нұр-сәуле шашқан келісті де көркем қырларын – Айша бейнесі арқылы тартымды да тағылымды етіп көрсетеді. Оның болмысы бөлек, жаратылысы сирек сипатынан – сұлулық символы биік белеске көтеріледі. Айшаның жарқын да жылы жүзінен нұр шашылады.Жан мен тән сұлулығы – бөлек болмыс, тұтас бітім,  айшықты әлем құрайды. Оның жүріс-тұрысы, көзқарасы, тіпті бұрымы мен қылығы, сөзі мен сезімі, жан-жүрек сырлары, көңіл толқындары кім-кімнің де бойын билеп, еркін алады. Өмірге құштарлығы артып, сыр мен сымбат, бүтін болмысы – сұлулыққа бас иеді. Ғашықтық ғаламаты, сезім патшалығы жіті назар аудартады.
Өлең өрісі, өнер мұраты да осында болса керек. «Айша» поэмасындағы махаббат мәселесі былай өріс алады:
О, махаббат,
Табындырған талайды,
Түнің сенің таң секілді арайлы!
Біреу саған жақұтым деп қызығып,
Біреу саған бақытым деп қарайды.
О, махаббат,
Күрсіндірген талайды,
Түнің сенің таң секілді арайлы! 
Біреу саған ғажапсың деп таңданып,
Біреу саған ләззатым деп қарайды.
О, махаббат,
Сарсаң қылған талайды,
Түнің сенің таң секілді арайлы!
Біреу саған жанарым деп жаутаңдап,
Біреу саған ақ арым деп қарайды!
Адам өмірінің аяулы да қимас сәттерін, жан-жүректің мадақ сезімге бөленіп, көңіл қуанған мезеттерін нұрлы да сырлы сипаттармен суреттеген өлең өрімі – өмірден өнерге ұласып, көркемдік-эстетикалық әсер-ықпалымен үлкен-кішіге ой салады.Махаббат мәңгілігін паш етеді. Жалын жастықты, берік достықты, сыр-сезімді  ту етіп көтереді. Махаббаттың машахаты мен ғаламаты хақында кешеден бүгінге жеткен, болашақта ағысты арна алатыны туралы аз айтылған жоқ. Жан-жүректі баурап, сыр мен сезімге суарылған сәулелі сәттер, шуақты шақтар кім-кімге де қымбат, қастерлі, әрине. «Айшадағы» махаббат: түні – таң секілді, соны – бақыт, жақұт санайды.Келесінде – ғажап-ләззәтқа бөлейтін қымбат та қимас мезеттері һәм ар мен жүрек әміріне табан тірейтін – тазалық пен тұрақтылық мұраттары айбынды да асқақ сипат алады. Жастық пен достық туы биік бел-белестерден көрініп, асқақ  желбірейді. Бұл – мәңгілік махаббат мерейі, достықтың туы желбіреген, бойды мадақ сезімі билеп, көңіл қуанған тұсы. Жүрек пен жүректің үндесуі, сыр мен сезімнің сән-салтанаты!
Тұтастай алғанда, І. Есенберлиннің ақындық мұрасы – ұлт мұраты мен тарих қойнауларынан, халық әдебиетінің қайнарынан бастау алған арналы да құнарлы, қымбат қазыналар қатарына жатады. Ақынның өлең өрімдері мен көлемді дастандарынан ұлт мұраты мен өмір өнегесі, уақыт тынысы мен тұрмыс сырлары, сұрапыл соғыс суреттері, күрделі кезең көріністері, қоғамдық-әлеуметтік ахуал, мәдени-рухани мәселелер, жастық жалыны мен достық қуаты, сүйіспеншілік сыр-сезімдер жан-жақты көрініс табады. Адам өмірі мен еңбегіне, ақыл-парасат нұрына, жасампаздық істерге, ізгілік иі­рім­деріне де кең орын беріледі. Ұлт мұраты, елдік құндылықтар, руханият мәні кең орын алады.
І . Есенберлиннің шығармашылық мұрасының құнарлы саласы, ой мен сөздегі қанатты да қуатты арнасы – өлең өнері:
– ұлт мұраты мен өмір өнегесін;
– тарих пен таным тоғысын;
– адам мен оның еңбегін;
– елдік пен ерлік салтты;
– дәстүр мен жаңашылдық сипатты;
– мәдени-рухани мәселелерді;
– жастық пен достық дастанын алуан ізденіс, көркемдік өрнектерімен, түрлі салыстыру-салғастырулар негізінде бе­дерлі де бейнелі, байыпты да нанымды, жүйелі жеткізеді.Ақынның өмірдегі кредосы, өлеңдегі өрнегі, өнердегі өнегесі осы.          
І. Есенберлин көптеген ән мәтіндерін жазып, онда адам мен оның еңбегін аялау мен бағалауға маңыз береді. Жастық пен достық сырларын, жүрек жылуы мен мейірім шуағын, нәзік сезім иірімдерін де бүкпесіз, кедергісіз жеткізеді. Өмір-уақыт таңбасын, тұрмыс сырларын суреттеуге ден қояды. Еңбек мұраты мен зейнетіне маңыз береді. Жастық, достық, махаббат тақырыбындағы туындылардан ар-намыс мәні, жан-жүрек жылуы, көңіл шуағы, сыр-сезім сипаттары, уақыт бедері кең көлемде көрініс береді.
Ақынның ән мәтіндері тақырып пен мазмұн жағынан аса актуальді болма­ғанымен көркемдік-идеялық мұраты айқын, адам өмірі мен еңбегін, таным-түсі­нігін суреттеу сәттерінде шынайылық пен шеберлік, сезімталдық пен суреттілік терең танылады. Бастысы, әрине тақырып табиғатын ашу, лирикалық кейіпкердің көңіл-күйіне үңілу, сол арқылы адам әле­­міне, мақсат-мұратына ден қою, сыр-сезімді шеберлік пен шешендікке сай нәрлі де жүйелі жеткізу мақсаты айқын. Бұл бағыттағы ізденіс іздері, көзқарас мұ­раттары көркемдік тұрғыдан, салыстыру-салғастыру жағынан  оңды шешім табады. Демек, І. Есенберлиннің ақындық мұ­расы – өз кезеңінің шындықтарына не­гіз­делген, өмір-уақыт, тұрмыс сырлары­на үн қатқан, жастық пен достықты ту еткен танымдық-рухани байлығы мол, тағылымдық қырлары көп өміршең өнер өрісі, өлең-жырдың жауһары, пара­сат поэзиясы. Бұл ескеретін, назарда ұс­­тар басты жәйттердің бірі.  

 

 

Алдыңғы «
Келесі »