Махаббатты мадақтаған мәшҺүр ақын (Тұманбай Молдағалиев туралы сөз)

  • 17.03.2015
  • 687 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мектептегі шәкірт кезімнен өлең кітаптарды көп оқитын едім. Содан ба, әдебиетке деген әуестігім ерте оянды.Тіпті, жаныма жарық сәуле түсіретін жақсы өлеңді жаттап алатынмын. Солардың қайсыбірі қазірде көмескіленбей, көкірегімнің түбінде көгендеулі жатыр. Өлеңге деген осындай сүйіспеншілік мені ақындық өнер жолына тартқанын іштей таныдым. Сөйттім де қолыма қалам алдым. Талай жыр жолдарын қағазға түсірдім. Сол жазғандарымның қандай деңгейде екенін іштей електен өткіздім. Өзімнен өзге қайсы ақынның қалам қау­қары мықты екенін салмақтап, сараладым. Сондайда маған өзге ақындардан айрықша жаныма жақын, өлеңдеріндегі нәзік сезім мен көркемдік деңгейі жоғары қалам иесі – Тұманбай Молдағалиев  болып көрінетін.
Алыстағы ауылда тұрсам да қазақ тілді газет-журналдарды көзден таса етпедім.Сол кезеңде Тұманбай  ағаның өлеңдері баспасөзде жиі жарияланып, суреті де көзіме таныс болып кеткен еді. Ара-тұра Алматыға ат басын бұрғанда Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне өлеңдерімді қалдырып кетіп жүрдім. Ол дүниелерімнің бірді екілісі аталған газетте жарық көрді. Ұмытпасам, өткен ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында еңбек демалысын алып, Алматыға келдім. Мезгіл шілде айы болатын. Аспан айналып жерге түсердей күн шыжып тұр. Шаңқай түс әлетінде Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне қарай қадам басып келе жатқанымда қарсы алдымнан атақты қаламгер Бердібек Соқпақбаев шыға келмесі бар ма? Жазушы ағамен жерлес ретінде ертеден таныс едім. Ол кісі менің Нарынқолдағы аудандық газетте қызмет істейтінімді, өлең жазатынымды жақсы білетін еді. Бердібек аға амандық-саулықтан соң менің мұнда не шаруамен жүргенімді сұрап білді де, қолымнан ұстаған күйі әлгі ғимараттың бірінші қабатындағы «Жалын»журналының редакциясына бастап барды. Есікке таянғанда сәл кідіріп: 


– Бұл журналдың бас редакторы атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білесің ғой, – деді. – Әрине, білемін аға, – дедім. – Әкелген өлеңдерің нашар болса меселіміз қайтып қала ма деп қауіптеніп тұрмын, – деді Бекең сөзін жалғап. Мен күмілжіп барып, өлеңдерім өзіме ұнайды, ұятқа қала қоймаспыз аға, – дедім. Есікті айқара ашқанымызда бөлмеде үш-төрт адам отыр екен. Тұманбай ақыннан өзгесін тани алмадым. Отырған кісілер орындарынан тұрып Бекеңе сәлем берді. Орындыққа жайғасқан Бекең бас редактор жаққа бұрылып: 
– Тұмаш, мына жігіт менің жерлес інім еді, өзі өлең жазады. Аудандық газетте қызмет істейді. Бір топ өлең әкелген екен, оқып көрші, көркемдігі көңіліңнен шықса журналыңа басарсың, – деп менің қолымдағы қағаздарды алып, Тұманбай ақынның алдына қойды. Сөйтті де Бекең сыртқа қарай бет алды. Мен қалып қойдым. Тұманбай аға менің өлеңдерімді лезде оқып шықты да: 
– Әкелген дүниелерің әп-әдемі екен. Жариялаймын, – деді нық сеніммен. Ақын аға сөзінде тұрды. Әлгі өлеңдерім журналдың сол жылғы қараша айындағы нөмірінде жарық көрді. Менің Тұманбай ақынмен таныстығым осылай басталды. 
1997 жылы ауылдан Алматыға қоныс аудардым. «Жібек жолы» көшесінің бойындағы 9 қабатты баспагерлер үйінің  5-қабатындағы «Қазақ елі» газетіне қызметке орналасқанмын. Тұманбай аға осы ғимараттың 7-ші қабатындағы «Балдырған» журналында бас редактор болатын. Арагідік ақын ағамен ұшырасып, әңгімелесіп қалатынмын. Сөйтіп, бұрынғы ескі таныстық тамырланып, жақындығымыз жапырақ жая бастады. Ақын ағаның мені жанына жақын тартқан тағы бір себебі – мен ол кісінің бірсыпыра өлеңдерін жатқа білетін едім. Сол жатқа білетіндерімді өзіне айтсам ақын ағаның көзі күлімдеп, жүзі нұрланып, ризалығын білдіріп алғыс айтатын. Бірде айтып отырған әңгімесін сәл үзе тұрып: 
– Сен осы балаларға арнап өлең жазып көрші, бағыт-бағдарыңды бағамдайын – деді. Ақын ағаның сөзін екі етпей табиғат тақырыбына арналған бір топ өлеңімді үш-төрт айдан соң алдына апарып қойдым. Асықпай оқып шыққан жыр дүлдүлі көзәйнегін столдың үстіне қойды да, бетіме күлімсірей қарап: 
– Осылай іздене берсең, Бердібек ағаңдай белгілі балалар ақыны боласың. Мына әкелгендеріңді жаратып отырмын, жариялаймын, – деді. Мен біліп сезген Тұманбай Мол­дағалиев өтірік айтып көлгірсімейтін еді. Осыны ойға алған мен ақынның бөлмесінен көңілді шықтым.
Тұманбай ақынның өзге ақындардан атап айтар тағы бір айырмашылығы – мәңгі көнермейтін махаббатты мадақтап, осы жолда машқұр ақын атанғаны дер едім. Тұмекең  жасы егде тартқанда да махаббат тақырыбын таусыла жырлады. Оның осындай өлеңдерін оқыған кез келген оқырман жалын атқан жастығын қадірлеуге, қастерлеуге бейім тұратынын талай мәрте көзім көрді. Ақынның сонау жастық шағында жазған:
Танысқанда сен он бес-ақ жаста едің,
Он да мен де, өзгеше едім, басқа едім.
Тұрдың үнсіз көз алдымда мөлдіреп,
Мөлдір көзден үзіліп түскен жас  па едің?!  – дейтін өлеңі бар. Ақын үшін  құлай сүйген адамын ет жүрегі езіле жырлау осындай-ақ болар. Бұл өлеңде өтірік көлгірсу, жалған сөйлеп, жарамсақтану атымен жоқ. Таңғы шықтай тап-таза, мөлдір сезім бар. Өлең сонысымен де өміршең. Тұмекең тағы бір өлеңінде:
Адаммын, мүмкін ашық, мүмкін жұмбақ,
Өтермін дүниеден бір күн жырлап.
Мен сенің көлеңкеңді қызғанамын,
Сыңғырлап төгілетін күлкің тұрмақ, – деп армандай асқақ санаған аяулы адамың ағынан жарыла жарылғаны қандай жарасымды. Тұманбай ағамыз арнау өлеңнің қамшы салдырмас қас шебері еді десем, ешкім ерсі көрмейді. Ақынның арнау өлеңдерін оқысаңыз өлеңіне өзек болған адамның мінезі, дүниетанымы көз алдыңа көлденең тұра қалады. Бұған ақынның атақты қаламгерлер Сәбит Мұқановқа, Әбділдә Тәжібаевқа, Мұқағали Мақатаевқа және басқа арқалы азаматтарға арнаған жырлары дәлел бола алады. Қаршадайынан қолына қалам ұстап, ел-жұртын ерен ойымен егіле жырлаған ақынның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ша­ғын бір кітапхананың сөресіне қоятындай том-том кітаптары жарық көрді. Әдемі ән­дерге арқау болған жырлары қазір қазақ да­ла­сының көгінде қарлығаштай қалықтап жүр.
Ақын аға 75 жасқа толған тұста оған өлең арнадым. Ол өлеңім «Нарынқол нақыштары» дейтін кітабыма енді. Аталған жыр кітапты Тұмекеңе сыйлағанымда ризалығын білдіріп, ағалық алғысын айтқаны есімде. Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алатау баурайындағы Еңбекші қазақ ау­данында дүниеге келді. Алғырлығымен қар­шадайынан ақын бала атанды. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң республикалық газеттерде, баспада жауапты қызмет атқарды. «Жалын» журналына ұзақ жыл басшылық жасады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін «Балдырған» журналында бас редактор болып, айналасындағы жастарға  қамқор аға, қаламы жүйрік ақын бола білді.
Қазақтың жырсүйер қауымын тартымды да, тамаша өлеңдерімен сусын­датқан аса көрнекті ақынның асыл бейнесі көзден кетсе де, көңілімнің түкпірінде жақұттай жарқырап тұр. Ақын ағаның 80-жылдығы тұсында көзін көрген ізбасар інісі ретінде әрі өзіме жасаған азын-аулақ жақсылығын атап айтуды азаматтық парыз санадым. Даңқы дардай ақынның  келешекте де жыр сүйер қауымның мақ­танына айнала беретініне сенемін.

Мінуар Әкімханов,
ақын.

Алдыңғы «
Келесі »