Экранда сөйлеу мәдениеті

  • 17.03.2015
  • 2220 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазір қуаты күшті бұқаралық ақ­парат құралдарының қызметі түгелдей, түбірінен өзгеріске ұшырады. Ықылым заманнан бері жұртшылық ілтипатын иеленген, Кеңес дәуірін және тәуелсіз Қа­­зақстанды кең мағынада нанымды түрде насихаттаған атағы дардай, дәре­жесі жоғары газет-журналдардың көбі бір­тіндеп шегіншектеп, артта қалып, оның есесіне теледидар суырылып алға шықты. Көрермен қауымның ере­сектер жағы да, орта буындары да, жел­кілдеген жеткіншектері де көгілдір экранға қарай кілт бұрылып, жаңа заманның әлеуметтік-тұр­мыстық хал ахуалын қызыға тамашалады. Және мемлекеттік жүйедегі «Ха­бар», «Қа­зақстан» арналарының қатар­ларын жеке меншіктегі ұжымдар то­лықтыра түсті. Қазақстан халқы отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­дерінің күнделікті өнімдерін кәдім­гідей кәдеге жарата бастады.


Жарықтық, алты алаш арыстары ауыздарынан небір шынайы лебіздер ақ маржандай ақтарылғанын жақсы білеміз. Халқымыздың біртуар перзенті Шәкәрім Құдайбердиев кезінде «Дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой» деп жазған бо­латын. Олай болса, басты мәселе кө­гілдір экраннан жарқ етіп, жұрт назарын өзіне аударып көрінуде емес шы­ғар. Сөйлеу мәдениетіне жете мән бе­ріп, бағдарламаның экранға сапалы күйінде шығуына қамқорлық жасау, әр минуттың зая кетпеуі үшін табанды күрес жүргізу журналистің негізгі қызметі екенін бір сәт ұмытуға болмайды. Франция елінде баяғыдан қажеттілікке жараған этикет деген сөз бар. Оның ескі атаулары салт-жоралар, салтанат. Қашықтағы Қытай елінде бір ғана рәсімнің отыз мыңнан астам атаулары бар көрінеді. Қытайлықтар, жапондар адаммен өте ізгі жағдайда, жылы шырайда амандасуға мән бере отырып, әрқашан мазмұнын жоймаған әдептілік халық сеніміне кіру деп есептейді. Адам­гершілікті ылғи асқақ ұстайды. Олар «сіз», сондай-ақ «сен» деген сөздерді дұ­рыс үлгіде қолдануға, сезім, көру, есту, түйсік, сана кері бағытта өзгермеуіне ық­палын тигізуге тырысады. Әйгілі Шо­та Руставели «Құмырадан тек қана ондағы бар нәрсе ағады» десе, қазақтың тауып айтылған «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген қанатты лебізі және бар.
Ғалымдардың зерделі зерттеуіне сүй­ен­сек, жағымды жандардың дауыс­та­ры мейірімді, ашық, қоңыр, биязы болады да, жағымсыздардың дауыс­тары керісінше тарғыл, жарықшақ, қы­­рылдаған, гүжілдеген, бажылдаған болып келеді екен. Сәл  тарих сандығын ақтарып, ішіндегі, гауһар, жауһарларын тізіп көрсек, біраз жайларға тереңнен қаныға түсеміз. Сонау, он сегізінші ға­сырда өмір сүрген американдық таны­мал ағартушы Бенд-Жамин Франклин жер бетіндегі ізгілік атаулының он үш түрін белгілеп, әлемді мойындатқан. Олар ұстамдылық, үнсіздік, тәртіп, ше­шімділік, іскерлік, ашықтық, әділ­дік, үнемділік, тазалық, сабырлылық, сал­­қын­қандылық, шаң жұқтырмаушылық, сы­пайылық болып жүйе-жүйесімен кете бе­реді. Ғылым докторы Құдайберген Тұр­сынов өзінің 1998-інші жылы «Қазақ уни­верситеті» баспасынан жарық көрген «Кө­гілдір экран құпиясы» деп аталатын ғылыми зерттеу еңбегінде «Біздер әдет­те, күнделікті қарым-қатынас барысында «ажарсыз», «талғамсыз», «күл­кілі», «ыңғайсыз» және тағы басқа сөз­дерді көп қолданамыз» деп жазады. Есімі егеменді елге белгілі ғалым көгілдір экран жүргізушісі, диктор және редакторге қойылатын басты талаптарды саралап, талдайды. Ол мәнерлеп, мәнді, мағыналы оқудың, мәтіндегі сөздік тіркестерді, логи­калық және психологиялық кідірістерді тап басудың, сөйлемдегі негізгі екпінге мән берудің, тыныс белгілеріне мұқият болудың ерекшеліктерін де ақиқат тұр­ғысынан айта біледі.  Бір ғалымның са­лиқалы сөзін екіншісі іліп әкетіп, одан әрі бояуын қалыңдата түссе қалайша қуанбайсыз. Белгілі ғалым Намазалы Омаш­ұлы 1999-ыншы жылы Ал­маты қа­ла­сындағы «Атамұра» баспасы­нан шық­­қан, студенттер, тіл мамандары оқу­лық ретінде жылы қабылдаған «Жол үс­тінде журналист» кітабында «Елдің рухани еркіндігін сезіндіру, оның ор­нығуын қамтамасыз ету қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің міндеті болып қалмақ» деп жазады. Ғалымның міндеті бұқара жұртшылық жылы қабыл­дап, ойланып, толғанатын парасатты пікір туғызу. Әрі қарай жауапкершіліктің ап-ауыр жүгі журналистердің, жүргізуші­лердің, дикторлардың өз бастарында бол­­­са керек. Республика өз алдына дербес жеке мемлекет болғалы көгілдір экран қызметі әбден жанданды. Қа­зақ те­ле­­дидарында жұмыс істеген арда­­гер­лердің біразы зейнеткерлікке шық­ты. Қазір олар пәтерлеріндегі жұмсақ дивандарға жайғаса жатып, теледидар бағдарламаларын көрермен ретінде көріп, тамашалайды. Ресейдегі Мәскеу теледидары хабарларының сце­нарий­лерін, тақырыптарын қайталау дәс­түрі  пайда болды. Ал, хабарларды жүр­гізушілер қатарларына эстрада әр­тіс­тері емпелеңдей жетіп келіп, төр­ге озып, тізгінді иеленіп, шама-ша­рықтарынша сөйлей бастады. Дені кәсіби шеберлік деңгейінде емес екен­ді­гін ашық айтуға тиістіміз. Хабарлар негізінен тікелей жүргізілетіндіктен көрермен алдындағы жауапкершілік өте жо­ғары екенін ұмытпаған жөн. Мәселен республикалық теледидардан белгілі ән­шілер Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова тұрақты жүргізетін «Той Bestar» хабарын алайық. Екеуі де кәсіби журналист емес. Бірақ, экран алдындағы жауапкершілік бәріне бірдей. Ең бірінші ескертер жай, осы хабардың идеясының өзі бұлдырлау. Айгүл мен Жанардың жөн-жосықсыз, мүлде ретсіз күлуі түсі­ніксіз әрине. Сөйлеу мәдениеттері тө­мен. Экранда отырған жүргізушілер теле­дидардағы сөз бен дастархан басында, той думанда айтылатын әнгіме айырмашылығын жан жүрегімен се­зінсе шіркін. Атақты ерлі-зайыпты әншілер Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина жүргізетін «Бенефис шоу» хабары да жетісіп тұрған жоқ. Бұлардың талантты әншіліктеріне түк дауымыз жоқ. Бірақ, экранда сөз қолданыстары, сөй­лемдерді құрауы, мәтіндерге мән беруі шамалы. Көркемдіктің көк жиегі анық күйінде, пәлендей көзге түспейді. 
Ауызды қу шөппен сүртіп, уһілеп, аһылап ғұмыр кешуге болмайды. Көгілдір экранның шын мәніндегі көркі болған хабарлар, оны әзірлеуге шалқар шабыт, зор ізденіспен барған жүргізушілер қаншама. Бұл мәселеде өткенге тоқталсақ, яғни, жақсыны еске алсақ, талантты жазушы Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменовтың циклды хабарларын айт­са­ңызшы. Екеуінің көгілдір экранда оты­рысының өзі бір бөлек. Артық қимыл, қозғалыс байқалмайды, жүргізуші де, бағ­дар­ламаға қатынасушы да қазақы, ай­шық­ты сөзге  ағып тұр. Айызың қанады. Ал, Жүсіпбек Елебеков үлгісінде домбыра шертіп, оған өзінің қоңыр дауысын қосатын Жәнібектің әсем әуені Арқаны ажарландырып, Жетісуды желпіндіріп жіберетіндей. Кейде республикалық теледидар қорын­дағы осы хабарды қайталап көре бергім келеді де тұрады. Мұның сыртында жа­зушы-журналист Сұлтан Оразалинның әйгілі адамдармен ой бөліскен «Сұхбат», Бейбіт Құрамбектің «Айтуға оңай», Әй­герім Сейфолланың «Сырласу» Нұрлан Қоян­баевтың «Түнгі студия» хабарлары кісіні бейжай қалдырмайды.  Бұдан пәлен­бай жылдар бұрын көгілдір экранда тың серпіліс тудырған «Қарыз бен парыз», «Қымызхана», «Шынның жүзі», «Ақ­жүніс», «Кеш жарық» хабарларын тал­ғампаз көрер­мен әлі ұмыта қойған жоқ. 
Басқа сала сияқты журналистиканың да кәсіби шеберлікті шыңдай отырып, шығармашылық жағынан жүйелі дамуы даярланған мамандарға тікелей байланысты. Ертеректе жалғыз КазГУ болды. Журналистика факультетіне бар болғаны жыл сайын елу шақты абитуриенттерді қабылдайтын. Шығармашылық байқаудан өтудің өзі қыл көпір арқылы өзеннің арғы бетіне өткенмен пара-пар. Іріктеу, сұ­рыптау өте қатаң талап үлгісінде өтеді. Оқуға шын мәніндегі қабілеті барлар ғана қабылданды. Аттарынан ат үркетін, ғи­браттары мол Х. Бекқожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ә. Ыдырысов, М. Барманқұлов тәрізді доктор, профессорлардан дәріс алғандардың дені облыс түгіл, республикаға танымал журналист болды.  Әп-әйдік ел құлағынан ес­туі­мізше тәуелсіз Қазақстанда жиыр­­маға жуық журналистика фа­куль­­теттері бар көрінеді. Жоғары жаққа берілетін ақпарат-есеп мықты болғанымен сапа мәселесі мәнді емес. Мысалы, Қос­танай қаласындағы А. Бай­тұр­­­сын­­ұлы атындағы мемлекеттік уни­­вер­ситеті жур­налистика бөлімі тү­лек­­­­терінің кей­бірі республикалық «Хабар», «Қа­зақстан», «Астана» арналарында жұ­мыс істеп жүргенімен, көбі ма­ман­дықтарына толық төселе алмай әуресарсаңда жүр. Бұған қоса айтарымыз «Қазақстан-Қостанай», «Алау» телеарналары бағадарламалары жүр­гізу­шілері кей кезде кәсіби шеберлік тұ­ғы­рынан төбе көрсетпейді. Студия қонақтары тақырыпты ашуға дәр­менсіз. Нақтылық жоққа тән. Сөйлеген сөздің салмағынан гөрі көпірігі әлде­қайда көбірек. Өз басым теледидар ха­­барларын байырғы журналист әрі көрермен есебінде көріп, кәдім­гі­дей ойша таразылап, жетістігіне жаным се­міріп, жетімсіз тұсына реніш сез­ді­ремін. Хабарлардың көбісі өз арнасында бірқалыпты ырғақта ағып жат­қан өзендерге өте ұқсас. Былайша айтқанда тегеурінді, асау мінезді тол­қындар легі байқалмайды. Таңдай қақтырып, ерекше тамсандыратын ха­­бар­лар саны сирек. Оқиғаның мән-жайын түбірінен түсініп, аса бай қазақ сө­зі қорын пайдалану әрекеті әлсіз. Тіпті, жур­налистердің нені жазып отырғанын жете түсінбеуі өкінішті әрине. Бірде, бұдан біраз жылдар бұрын «Қазақстан-Қостанайдың» ақ­­парат бағдарламасын көріп, тамаша­ладым. Мәсе­ленің мән-жайы былай екен. Қостанай қаласына Ресей жерінен жыл­жы­малы зоопарк келіпті. Жас журналист елді елеңдеткен осы оқиғадан бейне­материал әзірлеген. Кадр сыртынан ай­тылған мәтіндерінің аяқтарын тең басып тұрмағандары өз алдына, тілшінің аң мен құстарды ажырата алмайтынына таң қалдық. Яғни, «жылжымалы зоопарк алаңына келген қостанайлықтар қарсақ, түлкі, қаршыға сияқты құстарды тамашалады» деп желпінеді автор.
Ұшқыр уақыт алға заулап, заман тез өзгерді. Адамдар да баяғыдай емес. Кісі кісімен өзара жүздесе қалған сәттің өзінде сөйлеу мәдениеті ең жоғарғы деңгейде сақ­талады деуге ертерек. Ал, көгілдір экран­­ның жөні бөлек, жауапкершілігі әр­­қашан күшті. Лебізімізді түйіндей келе айтарымыз, жүргізуші көгілдір экран алдында миллиондаған көрермендер отыр­ғандарын ешқашан ұмытпай, өзінің киім киісіне, әр қимыл-қозғалысына, ойын ша­шыратып жібермей, сөйлеу мәдениетін көрсетуге, зиялы жан екенін танытуға күш-жігер, қабілет, ізденісін жұмсаса іс ілгері қозғалатынына титтей де күмән жоқ. Мейлі жүргізуші, мейлі студия қонағы болсын көгілдір экраннан көркем сөй­леп, көргенділіктің көкесін көрсете берейікші, ағайын! 

Нағашыбай Мұқатов, 
Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университеті журналистика бөлімінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.

Алдыңғы «
Келесі »