• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ғалым мінбері
  • >
  • ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР СТУДЕНТТЕРІНЕ «ШЕТ ТІЛІ» ПӘНДЕРІН ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР СТУДЕНТТЕРІНЕ «ШЕТ ТІЛІ» ПӘНДЕРІН ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

  • 17.03.2015
  • 694 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі таңда  білім саласы саяси, эконо­микалық, мәдени, білім беру, техно­логиялық, ақпараттық және басқа да салаларда болып жатқан жаһандық эволюциялық үдерістерден тыс қала алмайды. Өйткені, бүкіл әлем өзара тығыз байланысты және адамның өмір сүру қызметін қамтамасыз ететін жаһандық салаларда түбегейлі өзгерістер орын алғандығы дәлелдеуді қажетсінбейді. Дамыған елдердің экономикалық ортасында табыстың шикізаттық көздерінен гөрі интеллектуалдық ресурстарға иек арту белең алып, жүзеге асты. Технологиялық ортаның үдемелі бағытта дамуына кең жол ашылды. 90-жылдардың басынан бастап «high-tech» технологиясы өндірістің көптеген салаларында алдыңғы орынға шықты. Алайда қазіргі кезде олар «high-human», яғни, тех­нология жасау технологияларына орын беруде. Өйткені ақпараттық орта тым жедел даму кезеңін бастан кешіріп отыр. Осы байланысты әлемде қоғамның өз ақпараттық құрылымының жағдайына тәуелділігі айрықша анық байқалуда. 


Қазіргі таңда жоғары және орта кәсіби білім беру мекемелері үлкен көлемде даярлап жатқан түлектерден өзгеше типтегі, басқаша деңгейдегі мамандар аса қажет. Қуатты да сапалы серпіліс жасау үшін еліміз белсенді де жасампаздық қызметке дайын, кәсіби машығы, шығармашылық қабілеті бар, әлеуметтік тұрғыдан толерантты, коммуникативті мамандар армиясын жасақтағаны жөн. Нақ осы принциптер кәсіби білім беру қалыптарының (стандарттарының) 3-ұрпағын жасауға негіз болмақ. Біздің мемлекетіміз Азиядағы мемлекеттердің ішіндегі көшбасшы болып отырған кезінде үштұғырлы тіл бағдар­ламасы – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұм­ты­луындағы бірінші баспалдағы. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей алатын адамдар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлға болары сөзсіз. «Үштұғырлы тіл» идея­сының негізгі құрамдас бөлігінің бірі – ағыл­шын тілін үйрену, сол арқылы ғаламдық ақпараттар мен жаңа енгізілімдердің ағынына ілесу. Осы орайда студенттердің шетел тілін оқып-үйренуіне көмектесу үшін жоғары оқу орындарында шет тілінің болашақ оқытушыларын оқыту жүйесіне қойылатын талаптар да жоғары болуы керек. Тек тілдік оқу орындарында ғана емес, инженерлер мен техникалық мамандық иелеріне де оқып- үйрену ісін барынша жеңілдету, сапасын арттыру басты мақсат.  
Жария етілген принциптерді іске асыру барлық деңгейдегі білім мекемелеріндегі білім беру технологияларын өзгерту жолымен жүзеге асады. Көптеген жылдар бойы қазақстандық білім беру жүйесі пәндік бағдарлау (ориентация) әдіснамасына (методологиясына) негізделді. Ал, ол білімнің ірі көлемін пассивті түрде меңгертуді ғана көздейді. Қорытындысы күткендегідей болмайды. Көбіне түлектердің білімі төмен, кәсіби дағдылары әлсіз болып келеді. Әрі орта арнаулы немесе жоғары оқу орнында студентке берілген білім көлемі жалпы ғылыми эрудицияға сәйкеспей жатады. Сондықтан, қашықтықтан, яғни, дистан­циялық оқытуға негізделетін ин­но­вациялық білім беру технологияларын енгізу үздіксіз білім беру үдерісін қамтамасыз ету барысында басымдық иеленетіні дау тудырмайды. 
Қашықтан білім беру –жаңа ақпараттық технологиялар мен мультимедиялық жүйе­лер негізінде күндізгі, күндізгі-сырттай, кеш­кі және сырттай оқытудың элементтері үй­лес­тірілген ерекше, жетілген түрі. Қа­зір­гі замандағы телекоммуникациялық және  электронды басылымдар дәстүрлі оқыту түрінің барлық құндылықтарын сақтай отырып, кемшіліктерін жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Бұрындары жоғары білім берудің негізі терең теориялық дайындық болып саналатын. Бұл әмбебап тұғыр ретінде қарастырылып, осы негізде дайын маманды қалыптастыруға болады деп есептелетін. Себебі, оқу орнында алынған білім, дағды мен білік бүткіл кәсіби өмірінде сол адаммен бірге ілесе жүретін, әрдайым қажетіне жарайтын. Алайда, қазір маман даярлаудың бұл жүйесі осыдан 10-15 жыл бұрынғыдай аса тиімді емес. Тым серпінді өзгеріс үстіндегі заманда университетте алған білім оның түлегі үшін алдағы он жыл ішінде өзекті де мәнді бола алатынына ешқандай кепілдік жоқ. Яғни, біз индустриалды дәуірден біліми һәм ақпараттық қоғамға бет алып, технологияларға қарай ойысу үстін­деміз. Демек, жүргізілетін әр пәнге жа­ңа көзқарас, заманға сай келетін, жаңаша тұр­ғыдағы әдістеме қалыптастыруымыз қажет. Қашықтықтан оқыту – осының бірі. 
Барша дистанциялық білім беру тех­ноло­гиялары (әсіресе желілік) білімді оқу орнына бармай-ақ алу мүмкіндігіне негіз­делетіні айдан анық. Студенттің материалды игеру қарқынын өзі реттеуіне, уақытын өз ыңғайына сай еркін бөлуіне, оқу орталығын оның орналасқан жерінің алыс-жақындығына қарамай-ақ таңдауына мүмкіндік береді. Желілік технология – оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ, Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология. Әрине, қашықтықтан оқыту студент бойында тек білім мен дағды алу қажеттігін жеткілікті түрде түйсіну сезімі қалыптасқанда ғана нәтижелі болмақ. Ол білімді игеру және ұзақ уақыт өзіндік жұмыс істей алу қабілетіне ие, білікті болғаны жөн.
Мультимедиалық  өнімдермен жұмыс істеу тәжірибесі  шетел тілін оқыту барысында бейне және аудио материалдарды қолдану, сол оқытылып жатқан тілдің табиғи жаратылысына жақынырақ келетін жағдаят туғызу арқылы студенттерге эмоционалдық әсер ету, сол арқылы оқытылатын тақырыпқа ынтасы мен қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Интерактивті видео тілдік және сөйлеу материалын шынайы жағ­даятта сипаттау үшін қолданылады, линг­воелтану нақтылықтарын көрсету, жаңа ақпарат беру және алынған білімді бекіту. Оқушылар  барлық берілген тапсырмаларды қызыға, ынтамен орындайды. Алынған білім сапалы болады әрі, оқушының қобалжуы, қысылуы  азайып, көп шаршамайды, сондықтан, жүйке жүйесіне түсетін жүктеме де азаяды. Сондықтан, келесі әдістемелік тұжы­рымдар ұсынылады:
– қашықтықтан оқыту барысында ақ­параттық-коммуникативтік  технологияларды ағылшын тілі сабағында оқу құралы ретінде қолдану, оқыту процесін жетілдіреді, сапасын арттырады және тиімді; 
– қашықтықтан оқыту барысында ақпа­раттық-коммуникативтік технологияларды ағылшын тілі сабағында оқу құралы ретінде қолдану  студенттің шығармашылық өсуіне ықпал етеді;
– қашықтықтан оқыту барысында ақ­параттық-коммуникативтік  технологияларды ағылшын тілі сабағында оқу құралы ретінде қолдану бақылау процесін автоматтандыруға қол жеткізеді; 
– қашықтықтан оқыту барысында ақпа­раттық-коммуникативтік технологияларды қол­дану студенттің интеллектуалды ой-өрісі­нің өсуіне игі әсер етеді. 
Ақпараттық-коммуникативтік  технологияларды шетел тілінің тәжірибелік са­бақ­тарында қолданудың  төмендегідей технологиялық және әдістемелік артықшы­лықтары бар: 
– оқытудың дараландырылуы; 
– кең көлемді ақпаратпен жұмыс жасау; 
– мәтін, дыбыс, мультипликациялар, видео арқылы қабылдау каналдарына кешенді  мультисенсорлық әсер ету;
– тапсырмаларға керегінше қайта қарау; 
– тез арада кері байланысқа шығу мүмкін­дігі.
Мультимедия технологиялар құралдарын сабақта пайдалану кезінде студенттер бұ­рын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шы­ғармашылық тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар, АКТ құралдарымен шет тілі сабақтарында жұмыс істеу барысында студенттердің оқуға, білім алуға деген ұм­тылысының артуы АКТ құралдарымен жұмыс істей алу жаңалығымен ғана емес, сонымен берілетін оқу тапсырмаларын қиындық дең­гейі бойынша реттей алу мүмкіндігінен, тап­сырманың дұрыс нәтижесі үшін марапаттай алу қызметінен байқалады. Шетел тілдерін үйрету шетел тілін мең­герудің  студенттердің болашақ кәсіби іс-әре­кетіндегі маңыздылығын жете түсініп, олар­дың кәсіби  жетістіктерге жетуін қалып­тастыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан, жо­ғары оқу орындарында ағылшын тілі пәні студенттердің өз кә­сіби мамандықтары бойынша сұранысы бол­ған жағдайда пайдалану мақсатында оқытылады. Ағылшын тілін оқыту үдерісінде қашықтықтан білім беруде ақпараттық-коммуникативтік технологияларын пайдалану қоғам талабы болып отыр. Жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқыту үдерісінде ақпараттық технологияларды тиімді қолданып, оларды оқытуда қолданатын дидактикалық құралдармен сабақтастыру сапалы нәтижелерге қол жеткізеті тәжі­рибелік-эксперимент жұмыс барысында дәлелденеді.
Соңғы шыққан оқулықтар мен оқу құрал­дарында осы өзекті мәселе өз шешімін тапқан. Студенттің өз бетінше игеруіне бөлін­ген оқу материалы көлемінің артуы мен бе­рілген уақыттың шектеулігі арасындағы қайшылықты тек студенттің танымдық бел­сенділігі мен өздік жұмыстың тиімділігін арттыру және оқытушы, кафедра, деканат тарапынан өздік жұмысты ұйымдастыру, оны қадағалау арқылы шешуге болады десек, кейінгі кезде жарық көрген  оқу құрал­дарында бұған оңтайлы жауап алынған. Қашықтықтан оқыту әдісін, технологияларын жаппай енгізу, әрине, замана талабы.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер «Ше­тел тілдері» пәнін қашықтықтан оқы­туда ақ­параттық коммуникативтік технология­ларды пайдалану сөзсіз тиімді екен­дігін дә­лел­дейді. Сол сияқты бұл білім беру үде­рісінің сапасын арттырады және қашық­тықтан оқыту технологиялары арқылы үз­діксіз білім беру траекториясын құруға жағ­дай жасайды.
Элмира  Тұрдалиева,  
Жібек  Ақынова,
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің  оқытушылары

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.      Шагеева Ф., Иванов В. Современные образовательные технологии. Высшее образование в России, 2006, №4.  
2. Нургалиева Г.К., Сулеев Д.К., Тусубаева Ж.М. Технология организации дистанционной формы обучения. – Алматы, 2006.– 52 с.
3. К.Өстеміров «Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары» Алматы  2007.
4. Полат Е. С,  Моисеева М. В, Петров А. Е. Педагогические технологии дистанционного обучения. под ред. Е. С. Полат. — М.: Академия, 2006.

Алдыңғы «
Келесі »