Ұлт ертеңі ұрпағында

  • 28.04.2012
  • 366 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,
«Ақиқат» журналы Бас
редакторының орынбасары

Асқазаны запыранға толы мына қым-қиғаш заманда сапырылысқан сан ойдың басын иіп, бір сәт зердеңе салсаң бұған дейінгі бейқам тіршілігіңнің алпыс екі тамыры солқылдап кеткендей болады. Сонау бір заманның өзінде мемлекет дамуының жүйесімен, саясатпен шаруасы жоқ бабаларымыздың өзі: «ақырзаман болғанға дейін дүние үш толып, үш солады» деген екен. Мұны бүгінгі күннің шындығына айналдырсақ, онда қазақ халқы сол ақырзаманға барып, қайта оралып қоймады ма екен деп ойлайсың. Олай дейтініміз қазақ қазақ болғалы бері төрт рет өліп, төрт рет тіріліпті. Халқымыздың небір асы­лынан айырған «ақтабан шұбырынды» кезінде 1 миллионға жуық қазақ жер жастаныпты. Ақ патшаның 1916 жылғы бұратана халықтардан әскерге адам алу туралы жарлығынан бастау алған қазақ халқының екінші қырғыны «жаңа заманның жаңғырығымен» жалғасып, 1921-1922 жылдардағы ұлы аштық зобалаңында бір миллионнан астам ұл-қыздарынан айырылды. Одан кейін социализмнің зәулім сарайының баспалдағын аттай тұрып, Голощекиннің «Кіші октябріне» 3,7 миллион адамымызды байлап бердік. Бұл көрсеткіш кейбір деректерде 4 миллионға жуық деп те көрсетіліп жүр. Ғылыми тілде «тарихи ақталған шығын» деп жүрген Ұлы Отан соғысы жылдарында 350 мың ұл-қызынан айырылған қазақ төртінші рет өлді. Міне, осындай небір алапат зұлматтарды басынан кешірген қазақ небәрі үш ғасыр уақыт айналасында 5 миллионнан астам ұрпағынан айырылыпты. Тіріге де, өліге де ұрпақ керек, осы бір-зұлматтар болмағанда, шіркін, қазақ саны дәл бүгін 40 миллионнан асып түскен болар еді-ау. Бұл туралы Елбасымыз үстіміздегі жылы «Назарбаев университетінде» өт­кен студенттер кездесуінде былай деп атап көрсетті: «Біздің халқымыз басынан көп қиындықты өткізді. Осы жылы мен елімізде ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма бердім. 1929 – 1933 жылдары аштықтан қазақтың 40 пайызы қырылды. Егер бұл нәубет болмағанда қазір 45 – 50 миллионды құрайтын ұлт болып отырар ма едік». Иә, 45 – 50 миллион! Олардың 3 миллионы шетте тұрғанның өзінде 42 – 47 миллионы өзінің кіндік кескен жерінде өмір сүріп, республика халқының 90-95 пайызын кұрап, тілдік орта үшін алақан жая жүгірмес едік, көптің талқысына қайта-қайта салып мазаққа ұшыратпаған болар едік. Парламентке ұсынған заңымызды қайтарып алып, келімсектердің ығылына жығылмас едік… Ал. қазір ше?
Республикамыз бойынша қазақ ұлты 60 пайыздың ар жақ, бер жағына енді ғана жетіп отыр. Мұның нақты дерек екенін бір Құдайдың өзі білер. Себебі бә­ріміз білетін бұдан екі – үш жыл бұ­рынғы санақ комитетінің былығынан кейін бұл мәліметке күдікпен қарайтын болдық. Ал негізгі тұрғындардың саны 60 пайыздан төмен болған жағдайда, ол ұлттың мәдениеті, тілі, экономикасы, саясаты эрозияға ұшырайды екен. Менде «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 16 ақпандағы нөміріндегі дәрігер Сәдуақас Мұстафаевтың мақаласының қиындысы сақталыпты. Оны қиып алу себебім, білікті маман қазақ халқының демография­сы, халықтың өсімі туралы тың деректер келтіріп, бала тууды шектеу туралы мәселе көтереді. Мүмкін мұнда көрсетілген дерек пен дәйек бұл күндері ескіріп, мәнін де жойған болар. Бірақ ондағы айтпақ ой қаншама уақыт өтсе деп мен қазақпын деген адамды бей-жай қалдырмайды. Онда маман дәрігеріміз былай дейді: «Балалар шығыны қазақ ұлтында екі есе көп» дей келе, одан шығатын жол «әйелдердің бала туу мерзімін реттеу қажет» дейді. Осы орайда Шойрық шешеннің: «Әйелдің жақсысының – алдында бесігі, аузында несібі болады» дегенін бойтұмардай көріп, «құдайдың» бергенін қабылдайтын қазақ әулеті социалистік жүйенің «жоспарлы» саясатына енгізіп, дағдарысқа ұшырап, шойырылып қалса, С. Мұстафаевтардың жауырды жаба тоқитыны белгілі, әрине. Мұндай білгішсымақтар қазір де кездеседі. Олар Мұстафаевша бала тууды шектеу керек демейді, гендерлік саясат дегенді желеу етіп, көкейіндегісін білдіреді. Заман ағымына орай әйелдердің басшылық қызметке көптеп тартылуы да керек шығар. Бірақ олардың басты міндеті өмірге ұрпақ әкелер екенін бір сәт ұмытпағанымыз да жөн болар. Қазақ аспанында ай қашанғы шалқақ туа бермекші. Табиғаттың өз заңдылығы болады, әйел үшін ол – ана болу. Бала көтеру табиғат құдыретінде, ал ендеше табиғатқа қарсы шығу – әулекілік. Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылындағы Сәдуақас пен Сейсекүл Қасеновтердің әулеті 16 баланы немесе Қарағанды облысындағы ауыл мұғалімінің әулеті 18 ұл мен бір қызды, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында тұратын Отарбай мен Күләнда Айтбаевтардың 16 қыз 1 ұлдан 60 немере, 46 шөбере көріп, шаттыққа бөленуі Мұстафаевтың кеңесінсіз-ақ өмірге әкеліп, тамырын тереңге жіберіп отыр. «Қой егіз туса шөптің басы айыр шығады» деген нақылдардың өзі қазақтығымыздың өзегі, ұлтымыздың өмір-мәні деп түсінуіміз қажет.
Тұрмысымызға нарықтық эконо­миканың дендеп енуі, бүгінгі ауыр хәл, экологиялық зардаптар адам ден­сау­лығының күрт төмендеп, түрлі ауру­лардың кебеюіне әкеліп отыр. Оның үстіне «білгір мамандардың кеңесі» құлағына құйылған, қажетті қамқорлық шуағының тапшылығын сезінген қазақ әйелі әрі-сәрі күй кешуде. Ауылдық жерлердегі аналардың денсаулығына, балаларға деген қамқорлық әлі де болса кемшін. Рас, жеті бала туған ананы әспеттеп, Батыр ана деп танып, мойнына алтын алқа тағатын болдық. Көрсетер құрметіміз осымен тамам. Батыр анамыздың тағдыры бұдан кейін белгісіз. Біздің сый-құрметіміз неге арзан. Неге өзге елдердің жетістіктерін өз тәжірибемізде қолданбасқа. Мысалы, кешегі кеңестік кезеңде халқының саны жөнінен әлемде алдыңғы лекте жүрген Ресей одақ тарағаннан кейін халқының саны селдіреп шыға келді. Бұрынғы атақ-даңқын сақтап қалғысы келген орыс­тар соңғы кезде адам санын арттыруға мықтап ден қойып келеді. Ол үшін сонда не істеп жатыр дейсіз ғой. Біріншіден ТМД елдеріне, әлемнің әр шалғайына тарыдай шашырап кеткен отандастарын кері шақырып жатыр. Көшіп келгендерге қыруар қаржы жұмсап, жұмысқа тұрғызу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік қамқорлықтар көрсетуде. Иә, сіз мұны мысалға келтірудің қажеті не, ондай игі шара өзімізде де жолға қойылған деген уәж айтарсыз. Дұрыс айтасыз, жолға қойылған. Бірақ ол қалай жүзеге асуда? Күнделікті баспасөздегі деректерге сенетін болсақ бізде оралмандарға бөлінген квота ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін секілді. Екіншіден орыстар халық санын өсірудің басты көзі – анаға қамқорлық, бала туу ынтасын арттыру деп түсініп, біршама шараларды жүзеге асыруды қолға алуда. Ол үшін бала туып, үйінде жұмыссыз отырған ананың жағдайын төмендетпей қайта жақсарта түспек ниетте. Бұл ретте анаға қамқорлықты құрсағында бала біткен күннен бастағанды жөн көріп отыр. Сондықтан тоғыз ай бала көтерген ана әр ай сайын жәрдем ақы алатын болады. 2007 жылдан бері әрбір ананың есепшотына 1 млн. 670 мың теңге аударылып келсе, бұл көрсеткіш 2013 жылдан бастап 2 млн. теңге аударуды көздеп отыр. Елде үш бала тапқан ана көп балалы аналардың қатарына қосылатындықтан соңғы кезде бала тууға ниет білдірген әйелдердің саны күрт артып келеді. Өз халқына шын жаны ашыған адам ең алдымен ұрпақ өсіруге мүдделі болуы керек. Өйткені ұрпақ сақтау, ұрпақ өсіру дегеніміз – тіл сақтау, дәстүр сақтау, бірлік пен елдік сақтау. Тарихтың діңгегі – демографиялық өсуде. Ендеше, қазақ жерінде бала мен ана өлімі неге көп. Оны болдырмаудың жолдарын, медициналық, материалдық, азаматтық қандай мұқтаждарға зәру, міне бүгінгі ел ағалары мен халық қалаулылары мәселеге осы тұрғыдан келуі керек. Себебі, дана да, көсем де көптен шығады.
Кезінде жазушы Дулат Исабеков ұрпақ өсімінің өмір бетіне қалдырған сызат­та­рының арлы-берлі тарихына терең тал­­дау жасай келе «ойқы-шойқы болса да ма­ған дәл қазір 30 миллион қазақ керек» деп айтқаны есімде. Бұл сабырды сары алтыннан артық көретін ұлттық мінезіміздің өзі бар тіршілік тіріліп жатқанда үніміздің талықсып естілмеуін қалаған жүрекжарды азаматтық үні. Міне, содан бері де біршама уақыт өтті. Не өзгерді? Баяғы жартас бір жартас…
«Көпке топырақ шашуға болмайды» дейді халық даналығы. Тарихтың қаралы белдеулеріндегі қара тамшылар болмағанда қазақтардың саны қазіргідей 10 миллион емес Елбасы айтқандай 40 миллионнан асады екен. Онда біз қазіргі жер бетіндегі 2,5 мың ұлт пен ұлыстың арасында 70-і орынды емес, алдыңғы жиырмалықтың қатарына енетініміз анық еді. Мысалы. сонау 1916 жылдары бізден анағұрлым аз өзбек халқының саны 28 миллионға жетіп отыр. Ал біз болсақ 1929 жылғы санымызға 1959 жылы жете алмай сорладық емес пе?! Демографиялық тарих өмір мен өлім деңгейін салыстыру арқылы жасалады. Осы ретте демографиялық мәліметтерге көз жүгіртсек, алпысыншы жылдардың ортасына дейін 30 жыл бойы өлудің деңгейі өсіп, тек соңғы 30-40 жылда ғана туу мөлшері бір деңгейде сақталыпты. Олай болса біз ұрпақтарымызды көбейт­пей,’халық болып сақталуымыз, ұлт болып оңалуымыз екіталай.
Соңғы кездері 3 баланың өзін көп балалы әулетке кіргізе бастадық. Бұл қазақ үшін қабыспайтын цифр. 100 әулеттің 60-ында 3-тен, 40-ында 2-ден бала бар. Бірақ, бұлар баласыз әулеттердің, республикамыздағы өз алдына түтін түтете алмай отырған жүз мыңға жуық қыз бен қырық мың жігіт­тің, жылына 19-20 мың қазақ отбасы ажырасып, 20-24 мың бүлдіршіннің бұдан былай іні-қарындассыз, сіңлісіз өсетіндігін ескерсек, 2020 жылы 20 миллионға жету межеміздің төбесі көрінбесі анық.
Қалыптасқан қалыпқа емес, халыққа қарасақ кең қолтық шешелеріміз он баланы Ардақты ана атағын дәметпей-ақ, арнайы қамқорлық пен арнайы дүкен ашуды талап етпей-ақ өмірге әкеліпті. Бұл ретте: «қазір ол заман қайда, бәрі қиындап, ауру-сырқау көбейіп кетпеді ме?» деп дау айтушылар табылар. Әр кезеңнің күнгейі мен көлеңкесі, сол шақтың өзінде ырыс пен дәулет, жақсылық кез-келгеннің төрінде отырмаған болар. Бірақ, болашақты бізден гөрі жіті болжағыш әжелеріміз ұлттың ертеңі ұрпағында екенін ешбір насихатсыз туа біткен қасиеттерімен аңғарып, осы жолда өз парыздарын адал атқарған. Қазір біз тәрбиеміздің үзілген арқанын жалғап, әттегенайларды мектеп мұғалімдерінен, мұғалім ата-аналардан көріп жүрген тұста, қазақи халықтық, педагогика, «жақсы отбасының үлгісі – балалы үй, көп бала­лы үйде жақсы мінез, көпшіл касиет, сый­ластық қалыптасады, баладан қымбат дүиие жоқ, басқа арзанқол жұбанышқа алданбайық» – деп тұрғандай.

Алдыңғы «
Келесі »