М. ӘуезовтІң «Көксерегі» зерттеушілер көзімен

  • 17.03.2015
  • 3501 рет оқылды
  • Пікір жоқ

М. Әуезовтің «Көксерегі» 1928-ші  жыл­дың желтоқсаны мен 1929 жылдың қаңтар айларында Ташкент қаласында жазған шығармасы. 1929  жылы «Жаңа әдебиет» журналында басылып шықты. Жария көрген туындыны оқып шыққан әдебиет және қоғам қайраткерлері өз пікір­лерін, сыни мақалаларын баспа бет­терінде жариялай бастады.


Бірі повестің  көркемдігі, тіл  ерекше­лігі жақтарын талдаса, енді бірі саяси тұ­­­жырымдар жасады. Өз пікірлерін біл­дірген алғашқы тұжырымдарды М.Әуе­зовтің шығармаларын орыс тіліне тәр­жі­­мелеген, аудармашы А. Пантелеев «Көк­серекті» Абайдан әлдеқайда бұрын жаз­ды, сондықтан да алғашқы махаббатындай ұнататын» (1.93) («Біздің Мұх­тар», Алматы: «Жазушы» 1976 ж. 431 б.) десе, қазақтың  үлкен жазушысы Сә­бит Мұқанов: «Әңгіме өте терең астармен жа­зылған.  Қанша қоз­ғағанмен ішінен айқын мағынасын ашу өте қиын. Біз бұл арада қасқыр пәленше, Мұқаш (Құрмаштың алғашқы нұсқадағы аты) түгенше деп орынсыз жорамалдау жасамай­мыз. Біздің айтарымыз жалғыз-ақ,  Мұхтар мұны жазғанда қасқырды, аң қып алып отырған жоқ, адам қып алып отыр. Өйткені «Көксеректе» мақсат бар. Сол мақсатқа ұмтылушылық, өз мақсатына жетушілік, түптеушілік бар.  …Көксерек, сөз жоқ, адамның біреуі. Біреу болғанда Көксерек бүкіл бір ұлтты елестете ме, яки жеке адамды елестете ме, ол жағы біз­ге қараңғы. Не қылғанмен, Көксерек адам­­ның, адам болғанда да қара ниет, ескі заманша алсақ, отаршыл үкімет болар еді. Бірақ ол үкімет Қазақстанда тәрбие алып, қазақтың қолында өскен жоқ. Мұхтардың бір дұшпаны осы еді. 
Бұл бірінші дұшпаны десек, жазушының екінші дұшпаны деп, большевик басқарған үкіметті айтамыз. Біз Көксеректі осыған келе ме деп  топшылаймыз», – деп жазды. 
Сәбеңнің пайымдауынша Мұхтарша еңбекшілерді тәрбиелейтін «қасқырлар» (большевиктер) ақырында өзін-өзі жеді. Осы жорамал дұрысқа жата береді. Көксеректі таза аңшылық қызығынан алынған әңгіме деуге болмайды. Мұнда таза саяси астар бар [8.351-352. Мұқанов Сәбит. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті –  Алматы : Атамұра  2008. – 351-352 б]. Бұл  жазушының саяси таптың ықпалындағы көзқарасы болғанымен, Әуезовтің идеялық – көркемдік ойлау шеберлігіне тәнті болып, жазушылық шеберлігі мен жетістігіне сүйіспеншілікпен қарап Сәбит: «Көксеректің» жазылу ерекшелігін жоғарғы деңгейде «Әуезовтің ақындық, жазушылық күйін алғанда Мұхтар күшті жазушы, тіл сұлулығының үстіне, Мұхтар кейіпкер жасауға шебер. Жазуға шеберлік жағынан пролетариат жазушыларына Мұхтардан үйренетін нәрсе көп» [8.352. Сонда], – деп әділ бағасын берді. Шығарманың көркемдік жағына М.Әуезовтің шығармашылығындағы психо­логизмді арнайы, толыққанды зерттеген ғалым, профессор Бақытжан Майтанов: «Иесіне адалдықтан болмысына, жаратушы күшке адалдық басым. М.Әуезов бұл ақиқатты тамаша сезінген. «Көксерегі» көркемдік тұғырнамалық құдіреттің жұм­бақ кілті осы тұстан табылса керек-ті» [11.35 Майтанов Б. «Көксерек»: әлемдік тә­жірибе және ұлттық дәстүр.] Әуезов және әлем әдебиеті.– Алматы : Қазақ уни­вер­­ситеті , 2001 – 363.Б. ( 35 б)], – деп жазды. 
Н. Рахманова студенттерге ар­налған  «Әуезовтану дәрістері»  атты оқу­лығында: «М. Әуезов символдық бей­не Көксерек арқылы өмірді бейнелеу ая­сын кеңіткен, отарлаушы ел билеушілері туралы ойын өрістетіп бағамдатқан. Повесть жазылған тұста сөз иесіне қысым жасаушы күштердің өктемдігі біліне бас­таған. Қасқырлар апанына жасалған қаты­гездігінің аңғарында зорлықшы жат елдің әрекетін абайлату, меңзету бар», –  деп М. Әуезов 1930-32 жылдарда Ташкент  түрмесіне қамаққа алынып, Алматыдан босап шығу  кезеңдері мен 50 жылдардағы қуғындау  кезеңіне байланысты тұжырым жасағандығы анық.
«Көксеректің жат ортаны жатсынуы, еркін әрекеті – оның ішкі  бостандығының  көрінісі. Өздерін тағылыққа ізгілік үйретуші  санаған көпшілік үні көксерек қылған қара ниетті жауыздықтың тұрғыны санайды.  «Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды» деп өз өлшемдерін айтысады. ( 4.11) 4 б».
Көксерек пен Аққасқаның айқасының әсерлі берілгенін талдай келе тағы да сая­сатқа әкеліп тірейді. «Автор үшін Көк­серек аяулы образ дейді». Шығармада  алы­нып тұрған екі бейненің бірі басымдау көрінетіні анық. Ол Көксерек. Аққасқа адамдардың араласуымен жеңіске жетті. «Екі аяқтылар қарумен келіп Көксеректі жайратты. Қанша арпалыс, бәрібір жеңіс солар жағында», – деп зерттеуші өз өкіні­шін жасырмайды. «Әр тіршілік иесі, қызық та, өзінің тегіне, жаратылысына адал болуын автор астарлап меңзеп тұр» дей келе: «М.Әуезов Көксеректе үстем күштің әсерінен елден де, жерден де, ғасырлар бойы бастан кешкен тұрмыс-тіршілігінен  айрылу алдында тұрған қазақ халқының, алаштың жалпы болмысын суреттеуді мұрат тұтқан», –  дейді (103 б).
Тақырып жағынан  «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қилы заман» туындылары бір -бірімен үндес шығармалар екендігін са­лыс­тыра отырып, үш шығарманың да идея­сы, түйіні – ұлттық сананы ояту. Жазу­шы бұл туындыларында ауыр да азапты өмірді суреттегенімен, оқырмандарын үмітке же­те­лейді. Меніңше, бұл жерде ешқандай саясат,  әлеуметтік оқиғалардың қатысы жоқ.
Қорыта келе айтарымыз,  Құрмаш жас, өмірден  түйген тәжірибесі жоқ аңғал бала. Сондықтан, бұл жерде бала психологиясы беріліп отыр. Көксеректің жазылу жайына келсек,  М.Әуезовтің ауылда, қазақ жерінде, аңшы­лық өмірдің ортасында өсіп, есейгенін ұмытпауымыз керек. Жазушы жайлы  інісі Ахмет Әуезовтің  айтуынша «Мұхтар қаражат жинап Керекуге (Павлодар) адам жіберіп, ит иесіне арнайы хат жазып, кемемен Аққасқа, Сарықасқа деген  екі тазы алдырды. Аққасқа Ағзамға тиді, сол аққасқа көкжалды алқы­мынан шайнай айқасып тұрғанын талай көрген. Сол көріністі Мұхтар «Көксерек Аққасқаның алғырлығынан қолға түсті. Бұл оқиғалар Мұхтарға көп-көп сырлы ой салып, содан барып 8 бөлімді Мұхтардың «Көксерек» әңгімесі туындаған». Ахмет Әуезов «Көк­серек» повесінің жазылу тарихынан осылай сыр шертеді. Соған қарағанда, бұл оқиғаның елесі, мазмұны жас Мұхтардың санасына ертеден қалыптасып, пісіп жетіліп, тек шығарма болып жарық көруін күтіп жүрген болар.  Содан барып, есейген Мұхтар Әуезов «Көксерегін»  дүниеге әкеледі.
М. Әуезовтің «Көксерегінен» саяси астар іздеу кейінгі зерттеушілер еңбек­те­рін­де де талданып жүр. «Ұлы тұлға ұла­ғаты» (Алматы: 2002) жинағының то­ғызыншы бетінде басылған «Көксерек» повесі әлеуметтік талдау «мә­се­лесі» атты зерттеуде Тұрар Балтабаева «Көксеректің» жазылуы жайына  әлеуметтік талдау жасайды. Сонау «Қазақ даласын жайлаған, қазақ халқын қынадай қырғын қанды қасіретті  аштықты көрсетуде. «Көксеректе» 30-шы жылдардың ащы шындығы бар», – деп саяси-әлеуметтік ғылыми сараптама жасап, мынадай сілтемелер берді: «Осы сөз повесті оқу үстінде үнемі көкейіңе сан қай­тара оралады. Азулы қасқыр шауып, ойрандап жүрген қараусыз – Кеңес үкіметінің, оның «кіші Октябрінен» зәбір көріп, та­лан-таражға түскен, аштықтан күйзелген қа­зақ елі бейнесінің символын берген» (5 б.)  – деп саясатқа әкеп тірейді. «Түз тағысы орманда, аңқау,  аңғал  Құрмаштың  асырап алуын бейнелеу арқылы бейғам тыныш жатқан қазақ даласына кеңес үкіметінің социалистік идеологиялық бұқпалап  кір­ген сәтін астарлап көрсеткен» сияқты бо­лып жалғаса береді. Осы сарынды ғалым Қай­рат Райдың да зерттеу мақаласынан кез­­дестірдік.

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1. «Біздің Мұхтар», Алматы: Жазушы, 1976-431 б.
2. «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», Алматы: Атамұра , 351-352 б. 2008 
3. Әуезов және әлем әдебиеті, Алматы: Қазақ университеті, 2001-363 б. 
4. М .Әуезов «Ұлы тұлға ұлағаты», Алматы: 2002.
5. Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. Алматы:1984, 269 – б 
6. Ахмет Әуезов «Көксерек» осылай туған. Жас Мұхтар, Алматы: Жалын 1977. 
7. Ұлы тұлға ұлағаты, Алматы: 2002, 389 б.
Күлшира Бәдеш,
Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық  университетінің 
2 курс магистранты.

Алдыңғы «
Келесі »