Қоқан хандығындағы көтерілістер

  • 05.02.2015
  • 1812 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 
профессоры, тарих 
ғылымдарының докторы

Ауыр езгіні бастан кешкен қазақтар Қоқан билеп төстеушілігіне қарсы талай рет көтеріліске шықты. Омар хан басқаруының соңғы жылдарында тұтанған көтеріліс айрықша өршіген сипат алды. Сейтқұл бек кетісімен, қоқандықтар салық жинауға Сейтқұл бекті жібереді [1әд, с.119]. Қоқан феодалдары мен шенеуніктерінің зорлық-зомбылығы мен тонаушылығына шыдамы таусылған Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулиеата төңірегін мекендеген қазақтар арасында көтеріліс жаппай бұрқ ете түсті. 


Қазақ руларының көсемдері араларынан бастық етіп Сұлтан Тентек-төрені (ол негізінен Тоқтамыс ханның ұрпағынан деп айтатын) сайлап алды. 12 000-ға дейін қазақтар жиналып [2, 31-32б] ол осы күшпен Сайрамды басып алды да, оны өзінің басқару бекеті етті. Қоқан ханы көтерілісті басуға арнайы әскер жіберді. Олардың жақындағанын естіген көтерілісшілер екі топқа бөлі­неді: 1-ші топ Тентек төре мен Сайрамда  қалып, ал, 2-ші топ Шымкентте орналасты (Шымкент оған дейін көте­рілісшілердің қолына өткен). Қазақ қауы­мындағы еңбекші бұқараны қамау құ­қын сақтауға әрекеттенген үстем тап өкілдерінің көтеріліске басшылық етуі сол замандағы халық қозғалысының өзінің бір ерекшелігі болатын. Өйткені, еңбекшілер  санасындағы ру татулығы деген сенімді пайдаланған ру ақсүйектері көтеріліске басшылық ету тізгінін әр кезде өз қолдарына алып отырған. Ауыр және қиын жағдайларда олар халық мүддесін оп-оңай сатып кетіп отырған еді. Міне, осындай бір опасыздық жағдай 1821 жылғы көтерілісте байқалды. Осы кезде Келес, Ордабасы өңірлерінде Бошан Абылайұлы датқа болып белгіленгеннен кейін, қазақ руларының Қоқан хандығынан дербес болуын көксеген ол, өзінің ұшқыр ойлығымен, шешендігімен, жұртты өзіне  қа­ратып сіргелі, қаңлы, шанышқылы тай­паларының көсеміне айналды. Тентек төре бастаған қазақтардың азаттық қозғалысына белсене араласады. Тентек төренің 12 мыңдық әскері Қоқан хан­ды­ғының айтулы гарнизоны тұрған Шымкент қаласын қоршағанда Бошан шегір, Ақпан батырмен бірігіп, 1700 қолмен Шыр­шықтан аттанады. Мақсат Тентек төреге қосылып, Шымкентті, Түркістанды, Сайрамды қоқандықтардан азат ету басталады, бірақ, ойлағаны болмай қалады. Шымкент маңындағы қазақтар көтерілісін басуға бара жатқан Қоқан бегі Арысланның 20 мыңдық қолы Бошан әскерін Қазығұрт белінде күтіп алады. Арыслан Бошан мен Ақпанды тұтқындап, қол-аяқтарын кісендеп, Қоқанға айдайды [3]. Бошан содан 1822 жылы Омар хан өлгенге дейін қамауда болады, Мәделі хандыққа сайланған соң, түрмеден босанып, датқалық қызметін қайта жалғастырады.
Халық көтерілісін жаншып тастау үшін Омар хан Әбу-Қасым Аталық және басқа да әмірлердің басшылығымен 12 мыңдық әскер жөнелтеді. Хан әскерлері көтерілісшілер қолындағы Шымкент пен Сайрамды қоршауға алды. Қоршаудағы қазақтар табан тірескен қарсылық көрсетеді. Дегенмен, күш тең емес еді. Оның үстіне халықтың қаһарлы қозғалысынан қорыққан қазақ феодалдары сатқындық жолға тү­седі. Халықтың әділетті күресіне нұқсан келтіріп, кешегі дұшпаны Қоқан ханымен (Тентек төре Омар хан билігін қолдап, өзі­нің баласын аманатқа берді) келісім жа­сауға ұйғарды [4, 457 п]. Дәл осындай мә­ліметтер (деректер) «Тарихи жаханомом» қолжазбасында бар. Р.Н.Нәбиевтің [5, с.15] айтуынша, көтеріліске 12 мың ер кісілер қатысқан. Олар негізінен, осы аймақтың негізгі бөлігінің тұрғындары. Оның себебі, Омар ханның төрелері (жоғары лауазымды мәртебелі адам) тұрғындарды қатаң жаныштады, өлшеусіз салықтармен қылғындырған. Қоқандықтардың қазақтарды тонауы мен шапқыншылығы тек жылдың қыс мез­гілінде болатын. Әлімхан уақытында да осылай болатын. Омар ханда да осы тактика қалған. Мырза қалаңдар Мушриф Исфарагидің «Шахнама» еңбегінде Омар ханның төрелері және әскер қолбасшылары «Кетпен төбе» қырғыздарын бағындыру тәсілдері туралы былай деп жазған: «Нашар бүлікшілердің бұзылғаны туралы әңгімелерді талқылағаннан кейін Омар хан атақты әскербасыларынан сұраған: «Осы жағдайда қандай шара қолдануға болады, «қара ниеттілерді қалай бағын­дырамыз?» – деп. Омарға барлық ере­же­лерді және этикетті (тұрақты мі­нез-құлық, қарым-қатынас тәртібі) сақ­­тап, жауап берген: «Бұл қара ниетті қарақшыларды қолға түссін десеңіз, қысқы күндері шабуыл жасау керек, өйткені, қыс қырғыздарға қиын кезең. Осы уақытта, аяздың қаттылығы, таулар және дала қардай аппақ, бұл маусым оларға қолайсыз және олар қиналып жүретін уақыт. Қардың көптігі, таудың көшкінінің жолына кедергі болады. Осы қырғыздарға шабуыл жасауға нағыз қолайлы жағдай. Бұл мезгілде олардың топтары жыланмен, саршаян секілді әлсіз болады. Ал, жыланды басынан ұрсақ, ол ендігіде айдаһар бола алмайды» [6 с.227-228].
Көріп тұрғанымыздай, Омар ханның және оны қоршағандардың зұлымдығы мен қатыгездігі жеткілікті. Сондықтан, көтеріліс бастан-ақ жеңіліске ұшырады. Көтеріліс дайындықсыз және стихиялы түрде болды. Көтерілістің басшылары үкіметтің әскери күштерін елеген жоқ, өздеріне басқа халықтардан туысқан іздеген жоқ, тек туыс тайпаларды, жақтастарды пайдаланды. Осы көтерілістің прогрессивті жақтары болды. Оның қоқандықтардың зорлығы мен құлдығына қарсы шығуын қазақтардың көпшілігі қолдады. Көтерілістің жеңіліске ұшырағанымен, қоқандық әскербасшылар Тентек төремен келісімге баруға мәжбүр болды. Тентек төре Омар ханның жоғарғы билігін мойындады және сөзінде тұрмай, көтерілісшілердің ісіне берік болмады. Осы жағдайлар феодалдардың шешуші кезеңде күрестен бас тартатынын көрсетті. Өздерінің өмірін және байлығын қорғау үшін жүздеген, мыңдаған адамдарды құрбандыққа шалды. Мұндай көтеріліс Алатау қырғыздары арасында да болды. Мәселен Кетментөбе болысында қырғыздың үш руы – Бағыш, Саяқ және Сатық рулары бас көтерген. Осы кезде Қо­қан үкіметінің және солардың сойылын соғатын қазақ-қырғыз билеушілерінің зорлығы, қашанда көшпенділерді қо­лына қару алып «өздерінің» және бөтен қысым жасаушыларға қарсы шығуға мәжбүр етіп отырды. XIX ғасырдың 20-шы жылдарында Түркістан, Ташкент арасындағы аймақта қоқандарға қарсы халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Бірақ, ол нәтижесіз болды. Көтерілісті талқандауға қазақ басшылары көмек берді. Олар Қоқан үкіметінің күйреуін қаламайтын, өйткені, олар көшпенділерді біріге отырып жәбірлейтін [6, 24 п]. Осындай бір кө­теріліс «Тарих-и-жаһанномада»  айтылған. Шығармадағы дерек бойынша, Қабылдың басқаруымен қазақтар Бағыстанда қоқан­дықтардың билігіне қарсы шықты. Осы көтеріліс туралы естіген Омар хан Ташкенттен жазалау әскерін жіберген. Осы әскермен қантөгіс шайқастан кейін, көтерілісшілер берілуге мәжбүр болды. Көтерілістің басшысы Қабыл Ташкентке әкетіліп, Чорсу алаңында өлім жазасына кесілді. Ол қатардағы қарапайым көшпелі қазақ болатын. Көтеріліске қатысқандардың көпшілігі, негізінен, кедей қазақтар. Осы оқиғаларды суреттей отырып Р.Н.Нәбиев, Қоқан басшылары көшпенділерді керуендерді және тұрғындардың мүлігін тонап, жаныштады деп айыптады. Көтерілістің негізгі себебін тонаушылықтан көрді. Бірақ, көтерілістің негізгі себебі, бәрі­нен бұрын, қоқан хандарының қол астындағы көшпелі халықтың ауыр жағдайынан туындаған болатын. Ол ха­лықтық көтерілістің маңызы зор еке­нін еске түсіреді [7, с.15-16]. Көтеріліс прогрессивті болды, өйткені, көтеріліс қанауға құлдыққа қарсы бағытталды. Бұл кезде Омар хан Ходжентке, Ұратөбеге Заминге қарсы тағы да бірнеше жорық жасады. Ол өзінің осындай сәтті бір жорығынан кейін көптеген нөкерімен Марғұлан мен Әндіжанға аңшылыққа аттануды ұйғарды. Бірақ, осыған дайындық кезінде Омар хан ауырды да, кешікпей қайтыс болды. 
Омар хан өлген соң, Қоқан  хандығына әулеттің ең кенжесі Мәделі (Мұхаммед әлі 1821-1842жж.) отырып, ол 21 жыл ел басқарады, қоқанды Бұхар хандығы жаулағанша тақта отырды [8, 2-3 п]. Қоқан хандығы резиденциялардан бөлек 12 қала – округтерге бөлінді. Оны хан әулеттері басқарды: 1-Ташкент, 2-Ходжент, 3-Әндіжан, 4-Наманган, 5-Төреқорған, 6-Ярмазар, 7- Ұратөбе, 8-Замин, 9-Ям, 10-Хазрет сұлтан, 11-Уш, 12-Тусь [8, 4-6 п].  Бұдан төрт жыл бұрын Бух ханға (немесе Батыр хан, бұл есім батырлығы үшін қойылған лақап аты), бүкіл Қоқан хандығындағы қалалар бағынды. Тек қана Әндіжан ханы Мұхаммед Риза Керманаги хан қарсылық көрсетті, кейінірек ол Батыр хан мен сұлтан Махмуд ханның бұйрығымен өлтірілді. Кейінірек Ходжент Ташкент бектері – Бұхар хандығын қолдап, 50 000 әскермен Батыр ханға, Қоқан хандарына қарсы шықты. Ходжент қаласына жетпей Мұхаммед Қожа Батыр басымен барлық қала шенеуніктері, (Керімқұл Зимбардар және Садық Тұңғатар) келісімге келеді де, Қоқанға аттанар жолда шегініп кеткен және жолда тарап кеткен 50 000 әскерді қуалау үшін, Батыр хан Қоқанға 10 шақырым қалғанда тоқтап, лагерь құрды. Бұдан кейін, ол Қоқан ханы Мәделіні айнала қоршады. Қоқан хандығында алауыздық болып, бек, әмірлер қамалдан қашып, 5-6 шақырым қашықтағы Яккутать қалашығына барып топтала бастады. Батыр хан Мәделі хан мен оның үлкен ұлы Махдам  бекті өлтіріп, кіші ұлы үш жасар Мұзапар бекті өзімен алып кетті. 11 күннен кейін  Батыр хан қала бекінісінің бір басшысы етіп Ирайым бекті сайлады. Ташкент ханы Махмут сұлтанның орнына Мұхамед Шариф аталықты басшы­лыққа отырғызды. Өзімен бірге Бұхардан әкелген адамдарымен бүкіл қала әмірлері мен бектерін алмастырып қойды. Сонымен, Қожа ханның ұлы Шерәлі хан, әкесінің сатқындықпен қаза тапқанын және Қоқан ханы құлағанын, оның билеушісі Мәделі хан қайтыс болғанын естіп, 70 күннен кейін, 7 сарбазымен Қоқан халқының қолдауымен Батыр хан отырғызған Ирайым бекті өлтіріп, Қоқан ханы болып өзі отырады [8, 7-8 п]. 12 жасынан бастап Әлім хан оны қарақырғыздарға жіберіп, 44 жасқа дейін сонда тәрбиеленіп, өмір сүрген еді және ол Тоқта Назардың қолында болды. Шерәлі  хан Тоқта Назардың қызына үйленеді, оның өз қолында 200 сарбаз болды, ханның бұйрығымен Ляшкар құшбегі, Ташкенттің басшысы болып, зекет салығын қазақтардан жинап, Қоқанға иелік етті.
Шерәлі хан (1842-1845) басқаруын­дағы мемлекеттік істерді Қоқан әскери күштерінің бас қолбасшысы (мыңбасы) болған қыпшақ феодалдарының басшысы Мұсылманқұл жүргізді. Қоқан хандығында билік үшін өзбек, қазақ, қыр­ғыз феодалдарының арасында үз­дік­сіз күрес жүрді. Осы күресте Мұ­сыл­манқұл күрес кезінде өлтірілген Шади басшылығындағы өзбек феодал­дарының әскерін талқандап, жеңіске жетті. Мұсылманқұл Қоқан гарнизонын қыпшақтардан құрды. Хандықта барлық маңызды қызметтерге ол қып­шақ феодалдарын тағайындап, бар­лық билікті қолына алды. Бұл кезде Мұсылманқұл жүзбасы Мәделі хан тұ­сында Насрулланың өкімінен шығып оны алдағысы келеді, Қоқанға барып халыққа беріліңдер деудің орнына ол қарсы пікір, яғни «Қасық қаны қалғанша күресіңдер» дейді. Оның айтқаны орындалды. Қорғаныс күштері күшейтілді. 40 күн қоршаудан кейін Насрулла өзіне қарсы ұйымдасқандықты, бұқарлықтарды жаулап алатындығын есті­сімен, Қоқаннан жасағын алуға мәжбүр болады. Бұхарлықтар кетісімен Қоқанда аз да болса тыныштық орнайды. Ол кезде қартайған шағына жеткен Шерәлі хан өзіне қарасты елді адалдықпен басқарды. Ол «Түкке тұрмайтын хан» былайша айтқанда аяқ астындағы басатын «шүберек» деген лақап атқа ие болды. Оның кезінде беделді қыпшақтардың барлығы ел басқару ісін өздеріне қара­тып алды. Осындай жағдайда 1845 жылы Мұсылманқұл әскерімен Ош ау­данындағы қырғыздардың көтерілісін басу үшін аттанған кезде Шерәлі мен Мұ­сылманқұлға қарсы кейбір ақсүйектер Алай қырғыздарының басшыларымен сөз байласып, Ұратөбедегі Әлім ханның баласы Мұратты шақырып, таққа отырғызады. Ал, Шерәліні өлтіреді [9, с.737]. Шерәлі ханның екі әйелінен бес ұлы қалады: Сарымсақ, Софы-бек, Мәл­лі бек, Құдияр мен Сұлтан-Мұ­рат. Осы кезде Мұсылманқұл тез арада қыпшақ­тардан әскери күш жинап, Қоқанға жылжиды. Жолда ол Шерәлінің он үш жасар баласы Наманганның нақты билеушісі са­на­­латын Құдиярды алып кетеді және оны хан етіп жариялайды. Қыпшақ жасақтары Қо­қанда Мұратты өлтіреді. Қоқан ханы бо­лып Құдияр хан (бірінші басқару 1845-1858 жж.) тағайындалады. Бірақ, биліктің бар­лығы Мұсылманқұлдың қолында болады. 
1850 жылы Құдияр хан кәмелетке толған соң ол өзінің қайын атасы және уақытша ел басқарушы Мұсылманқұлдың қам­қорлығынан азап шеге бастайды. Қо­қанның өзбек феодалдарына сүйене отырып, Құдияр Мұсылманқұлды өлтіруге бел байлап, қыпшақтардың ықпалын жойғысы келді. Ол Ташкент бегі Нұрмұхамбетке көмектесу туралы өтінішпен хат жазады. Нұрмұхамбет келісіп, әскерін Қо­қанға жібереді. Мұсылманқұл өзімен бір­ге Құдияр ханды алып, Ташкентке қар­сы шығады, бірақ, түнде Нұрмағанбет лагеріне құпия түрде өтіп кетеді. Болған күресте Ташкент бегі талқандалды. Тұт­қын­далғандардың ішінде Құдиярда болды, «Мұсылманқұл Құдиярдың опасыз­дығына наразылығын көрсетпей, бұ­рын­ғысынша оны хан етіп қойды» [10, с.333] – делінген деректе. Шерәлі ханның 1856 жылға дейінгі 15 жылдық билігінде қырғыз бен қыпшақ үстемдік ететін әр қала әкімі: Нармухамет датқа, Жұмабай датха, Мырзат датқа, Хал Мұхаммед датқа, Өтенбай фарманаги (әскер басы) – бұлар әрі ірі қалада, қара халыққа билік еткендер еді. Нәтижесінде бұлардың барлығы жазаға тартылды. Бұл оқиға Ташкентте «Қыпшақ заманасы» деген атпен қалды [11, 23 б]. Осылай қыпшақтар  ықпалынан құтылып, Құдияр мемле­кетті өзі басқаруға көшті. Барлық облыс­тар ханның бауырларының мен­ші­­гіне берілді. Мәлібек Ташкенттің ха­кі­мі, Сопыбек Әндіжанның, Сұлтан-Мұ­­ратбек Марғұланның әкімі болып та­ғайындалды. Қалған қалалар оның жақсы көретін жандарына, негізінен, жас жі­гіттерге берілді. Мыңбасы дәрежесіне Таш­кент қожаларынан шыққан Шады­ман-Орақ жоғарылатылды [12] .
Мұсылманқұл өлген соң екі жылдан кейін Құдияр ханның туған ағасы Мәли хан Ташкент бектігінен алынғандығына наразы болады [13, с.422]. Сондықтан, ол Құдияр ханға қарсы оппозицияға қатысады. 1858 жылы Саманаги түбінде Құдияр хан мен Мәлли хан әскерлері арасында ірі қақтығыс болып, Құдияр күші талқандалады да, ол Бұхараға Насырулла әмірге қашады. Содан соң Жизаққа келіп саудамен, қаракешілікпен (яғни, түйе сату) айналысады [14,  с.739]. Билік қырғыз және қыпшақ билеушілері хан деп жариялаған Мәли ханға (1858-1862) көшеді. 1858 жылдың қараша айында хандық абыройға жеткеннен кейін тек хандықта ғана емес, көршілес елдерде де тайпаларда да беделі өсті [15, 174 п]. Бұхар әмірінің құпия қастандық жасауынан және қоқандықтардың билікке таласуынан, сонымен қатар, жақындағы орыс көршілерінен қорыққан Мәлібек азиаттық саясат жүргізді. Хандықтағы барлық ішкі жағдайды бақылап отырды. Мәлібек өзінің халқын орыстар Сырдариядан кетеді деген оймен алдандырғысы келді. Осы мақсатпен ол, Перовск фортына қарсы жасақтар дайындалып жатыр деген сөз таратады. Сол уақытта Қоқан ханы елшілігін Ресейге жіберуді де ойлаған, бірақ, хан бұл жұмыстардың барлығын баяу атқарады. Мәлібек өзінің айлакерлігімен Құдиярдың қарамағындағы адамдарды өзіне қаратып, Бұхар әміріне қарсы зияндық жасауды ойластырады. Сол жылдың ақпан айында болған, Бұхар әмірі мен Кабул ханы арасындағы соғысты пайдаланып, Мәлібек Бұхар шекарасында орналасқан Ұра-төбе бекінісіне шабуыл жасайды. Бұхар әмірі Құдиярға Қоқан шекарасына орналасқан әскерге және тағыда екі әскерді басқаруға бұйрық берді. 1 сәуірдегі Сырдария бекінісін бақылаушылар мен басқарушылардың және қоқаннан келген барлаушылардың соңғы мәліметінде былай делінген: «Қоқандықтар Ұра-төбеге шапқыншылықтарын және Бұхар әмі­рімен соғыстарын көктемнен, яғни, Ра­мазан мерекесін тойлағаннан кейін бастайды» [15, 175 п]. М.А.Терентьевтің мәлімдеуінше, Мәли хан қыпшақ жерлерін сатып алған қоқандықтарға жердің жартысын иесіне қайтаруға бұйрық береді. Қоқандықтар жердің жарты ақшасын ғана төлеген еді [16, с.326]. Таққа Мәли ханды тағайындау кезінде қыпшақ ақсүйектері сарайда ықпалды орындарға ие болуды ойлайды. Бірақ, мақсаттары іске аспайды. Жазба деректер «Мәли ханның қыпшақтарға сенбей, оларды басты қызметтерден босатып, сарттармен (өзбектермен – Ө.Қ) ауыстырғанын… бұдан қыпшақтар мен қырғыздардың көтерілісі туралы әңгіме тарағанын» айтады [17, 22 п]. Мәли хан өз басқаруының бастапқы кезеңінде іскерлігімен, әділдігімен көзге түсті. Құ­дияр­ға берешек қарызы өтелді, қазынаға заңсыз түсірілген көптеген бұйымдар иесіне қайтарылды. 
Мәли ханның басқару ісінде кеңінен таралған бір тәсілі бар. Зайыры, оны Бұқар әмірінен еншілеп алған тәрізді. Онысы өте-мөте зұлымдығы мен екі жүзділігі. Мысалы: ол Қашқар ақсақалы Нәсіреддинге сенім хат тапсырып, Марғұланның әкімі Молда Қалықұлды сол қаланың билеушісі етіп тағайындаған. Мәли хан олардың жасырып жүрген мүлкін өз қолына алып, иеліктерін тәркілеп, өздерін дарға асуға бұйрық берді [18, 272 п]. Ташкентке қала әкімі етіп ол қыпшақ Өтенбай құсбегіні тағайындайды. Ал, Марғұланға Молда-Қалдықұлдан кейін екі әкім – біреуі әскери жағынан Балбек, ал, екіншісі азаматтық билік жөнінен Сейд сайланды. Олардан кейін Мәделі ханның тұсында Түркістан қаласының әкімі болып, содан бері Бұқардың тұтқынында жатқан Қанағатша сайланды. Қанағатша мен бауырлары Жорабек және Ғадайбек үшеуі Қоқан хандығындағы ең өжет адамдар болып саналады. Бұл тәжіктер Қоқандағы атақты құс­бегі Ләшкердің кезінде Бұқардағы әмірдің айрықша ілтипатына ілінген. Мәлібек таққа отырғаннан кейін Қанағатша 300 сарбазын алып Қоқанға қашып келді. Құсбегінің ұлы Есен­құл датқа Бұхар әскерінде көрнекті қыз­мет атқарды.
XIX ғасырдың 50-жылдарының со­ңында Қазақстанда Қоқан мемлеке­тінің ауыр салықтарына қарсы, халық-азаттық қозғалысы тарихында та­маша із қалдырған көшпелілердің ірі кө­терілісі болды. Бұл Орта Азия үшін ағыл­шын-орыс бәсекелестігінің кү­шей­ген кезеңіне тура келді. «Тарихи-джахан-намай» авторының [18, 215-219 п] сипаттағанындай, бұл көтеріліс 1858 жылы наурыз айында Әулиеата ай­мағында басталды. Бұл уақытта Ташкент әкімі Мырза-Ахметтің қатыгездігі мен қыспағынан әбден титықтап, тө­зімі шегіне жеткен қазақтар оған ба­ғынудан бас тартты [19]. Оның үстіне хакім қазақтың бірнеше қадірмен биін жазықсыз дарға асқан еді. Мырза-Ахмет қаланың, облыстың тұрғындарына зор­­лық-зомбылық жасады, оның дала халқына жасаған өктемдігіне ешқандай шектеу болмады. Күшпулыны балалар мен қыздарды сату жолымен алып отыр­ды. Жағдайдың ауырлығына байланысты әр ру мен тайпа тынышсыздық та­нытып, салықты жинаушыларға та­лап еткенін бермеді [20, с.51]. Бұл туралы Мұхаммед Салих: «Негізгі зекетті толықтыру мақсатымен тайпаларға келе­тін зекет жинаушылар оның есебіне мүлікті де, қажетті заттарды да, жануарларды да жазды. Олардың өздерінің жылқылары көп және саны жоқ, алайда олар мемлекет арқылы салықтан босатылды, қалыптасқан ескі нормаларды жойып, тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, халықтан зекет алып отырды. Сондық­тан, көшпелі тайпалар түнде Мырза биді (Мырза-Ахметтің немере інісі – Ө.Қ.) адамдарымен бірге өлтірді және Дешті-Қыпшақтың өзара қосылған тайпалары Қоқан хандығы мен оның Ташкент иелігінен шықты. Олар зекеттің дирхемін де, фельсін де төлемеді. Дешті-Қыпшақтан Түркістанға дейінгі территорияны көтеріліспен, тәртіпсіздікпен басып алды» – деп жазды. Жоғарыдағы оқиғадан кейін Қазақстандағы көтеріліс ауданында болған барлық Қоқан шенеуніктері мен қазақ даласында діни насихат жүргізу үшін жіберілетін мұсылман дінбасылар халық жағынан аңдуға ұшырады. 
Мырза-Ахмет 1858 жылы әскер жинап көтерілген көшпелі тайпаларға қарсы шықты. Ол Алматыға тоқтап, саны 5 пансат әскерді Бішкек бекінісі ауданына орналасқан Суфтан биге қарсы жіберді, алайда жеңіліске ұшырайды. Осы жеңістен қуаттанған қазақтар Мырза-Ахметтің әскері орналасқан Әулиеатаны қоршап алды. Ташкенттен көмекке келген Қоқан отрядтарының көтерілісті басуға күштері жетпеді. Зекет жинау үшін Шымкент аудандарына Ташкент билеушісі Мырза бидің басшылығымен жіберілген отрядты қоңырат, сіргелі тайпаларымен талқандады. Мырза бимен оның жақтастары өлтірілді [21, 24-25 п]. Қоқан деректері бойынша, Қазақстандағы жал­пы наразылықтың өршігені сонша, Ташкент пен Түркістан аймағына  жергілікті халықтан басқалар бара алмады. Қазақстанда, әсіресе, Әулиеатада халық үшін қиын экономикалық жағдай қалыптасты [21, 24-25 п]. Мұхаммед Са­лих: «Әулиеатаға Мырза Ахметтің келісімен Дешті Қыпшақ пен Түркістан көшпелілерінің көтерілісі ушықты. Арғын, дулат, барлас, қоңырат, бестамғалы, шанышқылы, сіргелі, қаңлы, қарақалпақ рулары кең аймақта жиналып, Мырза- Ахметті қоршап алды» [22,  с.203] – деп жазады. Қоршалған бекіністе жасырынғанмен, Мырза Ахмет бекініс қабырғасынан шабуыл жасауға қорыққан гарнизонға сенбей, Қоқан хандығынан көмек сұрайды. Қоқан әскерінің келуінен қауіптенген көтерілісшілердің басшылары Ресей билігіндегі территорияларға көше бастады. Көтерілісшілердің кейбір отрядтары  көшіп-қонуды бүркемеледі.
Мамыр айында көтеріліс солтүстік-батыс пен Ташкентке тез тарады. Сырдария ауданындағы Түркістан қазақтары, қоңырат, қыпшақ, арғын, найман т. б рулар көтеріліске шықты [23, с.60-61]. Осы тайпалар қоқандықтарға қарсылық білдіріп, тіпті, өз ішінен сұлтан Жапекенді хан сайлап алды. Дегенмен, Түркістан қазақтары Мырза Ниязға қарсы шешуші көтеріліс жасай алмады. Керісінше, Ташкент басшысы Ахметтің орнына Мырза Нияздың келуін қалады [23,  с.60-61]. Бұған себеп, қазақтардың Түркістанға келген қадірлі және беделді билері тағзым етуге келді деген сылтаумен жатқанымен, олар Түркістан бегінің қолында еді. Бұлардың арасында қоңыраттың билері Құныс-датқа мен Ақсақ датқа, бахтияр руынан Қарақұл-датқа және қыпшақтардан – Тобақабыл бар еді.  Мырза   Нияз шеих-ислам және  накиб-имам арқылы,  Әзірет-сұлтанның  бастықтары – Қожа күзетшілерінің қолына ұстатады. Уақыт өте Мырза   Нияздың  ниетін байқаған қазақтар  қайта көтеріліс жасап, мамырдың 15-і күні Түркістанды басып алды [24,  с.438]. 17 мамырда зеңбіректен бірнеше оқ атқаннан соң, Мырза Нияз үш адамды өлтіріп және бірнеше қазақтарды тірілей қолға түсірген еді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 80 адамды жасақтап оған жүзбасы етіп Таш-Юзбасшыны басшылыққа қойып, Жаңақорған бекінісіне барып, Қожа бекті ескертіп, соңғы күші қалғанша шайқасуға бұйрық берді. Бұл сәтсіз  аяқталған қақтығыстан соң, қазақтар қайта бірікті. Оларға 25 мамырда Ташкенттен келген рамадан және шеркеш руларының қолы өз көмегін тигізді. Бұл рулар қоқандықтардың қол астындағы кіші ордаға бағынышты бола отырып Түркістандағы күреске өз көмегін беруге даярлығын білдірді.
Н.Северцевтің мәліметінше, Түркістан, Жаңақорған маңайында көтерілісшілердің жалпы саны 20 мың адамға жеткен [25, с.36]. Алатау қазақтарының жаңалық­тарына қарағанда, қоңыраттар, қып­шақтар, наймандар және арғын рулары Қаратау маңына жиналып, келісілген түрде Жөлек маңында екіге бөлі­ніп Түр­кістанды және Жаңақорған бекініс­терін басып алып, қалаларды бұзып, елді суға ағызуды жоспарлады [26, с.439]. 28 мамырда қоңыраттар хабарлама алды, онда бестамғалылар Ұзақ және Жөлек қор­ғандарын басып алған соң, Ташкент бас­шысы Мырза Ахметті қолға түсірді делінген [26, с.439]. 30 тамыздағы жаңалыққа қара­ғанда, Сәбден қожа Құмсуат түбінде 1853 жылы 24 тамызда күйреген болатын, ол барлық қақтығыстарды кешіретіндігін және бұрынғы көшіп-қонып жүрген жерлерде еркін және бейбіт түрде өмір сүруді ұсынды. Бұл келісім шартқа қазақтар келіскенімен, уақыт өте билік орнатқан қоқандықтардың мәмілеге келуі сенімсіздік туғызды. 
Қыпшақ биі Досбол Кұрлыбаевтың Сырдария линиясы басқармасына жазған хатында, маусымның 3 күні Түркіс­танды қор­ғау­шылар Мырза Нияздың басшы­лығымен көтерілісшілерді жарып өтуге жан-жақтан әрекет жасады, бірақ, үлкен шы­ғынға ұшырайды. Мырза Нияз жалпы өлідей, жараланғаны бар 800-дей адамынан айырылады. Ал, оның ішінде қазақ жасақ­шыларының басшысы Кенесары ба­ла­сы Тайшық сұлтан қолға түсе жаздайды [27, 4 п]. Осы сәтсіздіктен соң, Мырза Нияз­дың жағдайы нашарлай түседі де көлік және азық-түлік жетімсіздігі байқалады. Сондықтан, көтерілісшілердің талаптарына Қоқан бектері, хакімдері «Шариат заңы бойынша» жүретіндіктері туралы уәде беріп татулыққа шақырды. Мұндай үндеулер ташкенттік бек Мырза Ахметтің қызметінен босатылып, Қоқанға айдалатындығы туралы уәделер берген Қоқан ханының ағасы Мәлібекке, Сәбден қожаға жетеді. Ұлытау әскери жасағының басшысы есауыл Ряпосовтың Сырдария қазақтарының басқармасына 1858 жылғы жазған рапор­тында төмендегі мәліметтерді куә­ландырған: Қоқан үкіметіне қарсы қа­зақтардың наразылығы кезінде Қара­тау тауынан Сарысу өзеніне қоңырат, бестамғалы, табын, қыпшақ, тарақты, арғын, найман руларының 12 000 отбасы көшті, олардың жартысы Қоқан аймағына оралды. Ал, Перовский фор­­тына қоңыраттардың 3000 отбасы, бестамғалылықтардың 2000, қып­шақ, арғын, наймандардан 2000 отбасы көшті [28, 49-50 п]. Қоңыраттар мен бес­тамғалықтар тұрмыстарын жақсарту туралы берген уәдеге байланысты Қоқанға қарай көшті. Басқа рулар өздерінің биле­рімен Сырдарияда қоныстанып қалды, олар: бестамғалы руынан Бердібек Қара­қойлынов, Құлшыбаев Иран, Байғыз Айтуаров, Есболат Понов, қыпшақ руынан – Досбол Кұрлыбаев және Балаби Есеналин. Қоқан аймағына кей рулардың қайта көшуінің  себебі – олар Сарысу мен Сібір вед­омствосына қоныстануды қаламады, ал, Перовск фортында олардың қоныстануы үшін жерлер болмады. Осы ауылдардың орыс жағына көшуі мен қайтадан Қоқан жағына өтуі кезіндегі ұрлықтардан басқа қазақтар еш тәртіпсіздіктер жасамады [28, 49-50 п].
Қазақ көтерілісінің кезінде Қоқан хандығындағы орын алған ішкі жағ­дайды түсінген Бұқар әмірі Насрулла хан егер соғысы қалса, әскерімен Қоқан ханы бұдан былай күшті қарсылық көрсете алмайды деп ойлайды [28, 46 п]. Сонымен бірге, ол қазақтардың да көмек береріне сенді. Әрине, қоқан феодалдары да ішкі және сыртқы жағдайлардың шиеленісуіне байланысты қазақтармен татулықты жолға қоюға және хандық ішінде соғысты тұтандырмау үшін олармен қарым-қатынасты шиеленістірмеуді алға қойды. Осы себепті, бұл көтеріліс сәтті аяқталды. Қазақтардың 1858 жыл­ғы көтерілісі туралы жоғарыда келтірілген мәліметтер, әрине, аздық етеді. Ол әдеби және мұрағат көздерінің жеткіліксіздігіне байланысты. Бірақ, осылар арқылы да қоқандық феодалдық езгіге қарсы қазақтар мен қырғыздардың азаттық күресі туралы біршама қорытынды жасауға болады. Көтеріліс жаппай қоңырат, қыпшақ ру басыларына жіберген жолдамасында: «бұдан соң шариғаттың заңына сай әрекет жасау керектігін» ұсынды. Олардың бұл үндеуіне ешкім құлақ аспады. Көтерілісшілерге «тату-тәтті» болайық деп үндеу жазған Сәбден қожаның халі де оншалықты жақсы бола қойған жоқ.
Қобалжу Ташкент өлкесін қамтыды. Бұл арада толқуға дулат және шекті руларына жататын жартылай отырықшы қазақтар мен егіншілер қатысты. Ал, 1858 жылғы 11 тамыздағы Қоқан хандығына қарсы қазақтардың көтерілісінің себебі туралы Сырдария линиясы басқармасының жазбасының мәліметі бойынша, қоңырат руының биі Қанай датқаның басқаруындағы беделді 7 адамның дулат, қоңырат руынан Мырза Ахмет биді аластату туралы өтінішпен Қоқан ханына өткен шілде айында барғандығы белгілі. Хан оларды қарсы алады. Қанайдан қазақтар көтерілісінің  себебі туралы сұрағанда, ол: «Ташкент бегінің әділетсіз қимылдары, алым-салықтары және де оның адамдарының қазақ отбасыларына жасаған зорлық-зомбылығы, халықтардың көтерілуіне мәжбүр етті» – деп жауап берді [28, 38-39 п]. Хан би­лер­ді сыйлап, істелген қылмысты естен шығармауды және Ташкент бегіне өзінің кіші інісі Аталық ханды тағайындап, адал болатынына уәде беріп, әркімге бұрынғы қоныстарына көшуге бұйрық берді. Ханға барған сапарының табысы туралы Қанай­дың руластарына жазған хатын баласы Бахтияр руының биі Ұнықпен жібереді, яғни, онда «көшіп кеткен ордалықтар қайтадан Қоқан аймағына көшуіне болады» делінген, бірақ, ордалықтар хаттың шындығына сенбей, өздерінің өмірлеріне қауіптеніп, екі ортада дағдарып отыр [28, 38-39 п].
Хан Қанайдан Ташкенттегі оның 7 жыл болуындағы қолға түскен барлық пайданы мейірім көрсету шаралары үшін алуға Мырза Ахметті мыңбасы етіп тағайындап, сосын онымен есептеседі. Міне, осы жағ­дайдан кейін көтерілісшілер олармен келі­сімге келеді. Бұл фактілерден бектердің, хакімдердің, феодалдардың қимылына тек қазақтар мен қырғыздардың ғана емес, сонымен бірге өзбек халқының да наразылығын білуге болады. Біз қазақтар мен өзбек хал­қының қарым-қатынасын ашып айтуымыз үшін, жеке мұрағат құжаттарына үңілуге мәжбүрміз. Мұрағат құжаттарында мынадай мәселелерді хабарлайды: «Жартылай көшпелі, жартылай отырықшы рулар (Ұлы жүздің көпшілік бөлігі) көшіп қону үшін малы жоқ болғандықтан, тату­лыққа келісуге тиіс болды» [29, 30-31 п]. Н.Северцевтің хабарынан біз мынадай жағ­дайды аңғарамыз: «1858 жылы Қо­қан қарауындағы қазақтар арасында көтеріліс болады. Олар 6-7 мамырда Түр­кістанда қоршалды. Ашу-ызаның басты себебі, Ташкент бектерінің ауыр са­лықтары. Алдымен Ташкент пен Шу өзені арасындағы жотада көшіп-қонып жүрген таулықтар шықты (бұл жерде негізінен ұлы жүз қазақтары болды). Ташкенттен жіберілген Қоқан отрядтары көтерілісшілерді жеңе алмады және қаланы қорғансыз қалдыруға қорыққандықтан, бірін­ші сәтсіздіктен кейін олар өздерінің әс­керін далаға, күреске шығармады» [25, с.66]. Көтеріліс те тарады. Қаратау жотасы мен Шу өзенінің арасындағы барлық қоқан бекіністері өздерінің қарусыз салт аттыларының көшіп-қонуын қазақтармен бүркемеледі.
Көп жерлерде қазақтар Ташкент би­леушісі Мырза Ахмет орнынан түс­пейін­ше, Қоқан билігін мойында­майтын­дығын батыл түрде жеткізді. Көте­ріліс Қоқан билігінде болған Қазақстан терри­ториясының бар­лығын қамтиды. Көте­рілістің негізгі қоз­ғаушы күштері қоқан феодалдарының езгісі мен зорлық-зомбылығына қарсы күрескен қазақ малшылары, егіншілері, соның ішінде қырғыз, өзбек шаруалары болды. Көтеріліс Ташкенттен Сібір шекарасына дейінгі кең алқапты қамтып, Қоқан үкіметіне қарсы шығушы еңбекші халықтың игілікті ісіне айналды. Көтерілістің прогресшіл маңызы болды. Қазақтың патриархалды-феодалдық қарым-қатынаста өмір сүрген жағдайын көтерілістің басталуы – оның негізгі ерекше­лік­терінің бірі. Көтерілістің жеңілу себебі:
1. Көтерілісте тұрақты бір басшының болмауы.
2. Көтерілісшілерде көтерілістің мақ­саты туралы ешқандай түсінік болмады.
3. Көтеріліске қатысқан халық бұ­қа­рамен оған басшылық еткен ру ақсақалдары арасындағы тап мүдде­лерінің бір-біріне қайшы екендігі анық­талды.
4. Қазақ феодалдары көтерілістің одан әрі өрлеуінен қорқып, Қоқан бектерімен келісімге келді. Мысалы, 1858 жылы шілдеде, қоңыраттардың беделді ру ақ­са­қалдарының бірі Қанай Қоқанға ке­лісім жүргізу үшін аттанған. Осындай опасыздық нәтижесінде көтеріліс қатал­дықпен басып жанышталды.
5.  Ұйымдық жағынан нашарлығы жә­не  стихиялық сипаты бұл қозғалыстың жеңілуіне әкеп соқты. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Наливкин В.П. Краткая история Кокандского ханства – Казань. 1886 – 216 с. 
2. Қожақұлы Ө. Қоқан езгісіне қарсы көтеріліс // Қазақ тарихы. – Алматы, 2001. – № 5. – 31-32 б.
3. Кәдеев П., Аманкелдиев М. Бошан Абылайұлы (Қоқан хандығына қарсы қазақ күресі қолбасшыларының бірі) // Оңтүстік Қазақстан. – Алматы, 1996. – 6 қараша.
4. Архив географического общества СССР, 65 – қор. 1 – тізбе, 2 – іс.
5. Набиев Р.Н. Ташкентское восстание 1847 г. и его социально -экономическое исследование. – Ташкент. 1950. – 80 с.
6. Ленинградское отделение (ЛОИВ) АН СССР, Мұрағат 124 – қор, 1 – тізбе, 83 – іс.
7. Петровский Н. Очерки Кокандского ханства // Вестник Европы, 1875, 10 кітап.
8. ҚРОММ, 384 – қор, 1 – тізбе, 9 – іс.
9. Хасанов А.Х. Народные движение в Киргизии в период Кокандского ханства. – М., 1977 – 95 с.
10. Туркестанский сборник. Т. 89, – СПб., 1869. – С. 333.
11. Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса (бес тарих). – Алматы, 1992. – 30
12. Уәлиханов Ш. Қоқан хандығы хақында // Ақиқат. – Алматы, 1996, №1. – 51 – 55 бб.
393 Вельяминов – Зернов В.В. Историческая известия  Кокандском ханстве от Мухамеда-али до Худояр хана. – СПб., 1856 – 42 с.
13. Кун А. Некоторые сведения о Ферганской долине // Военный сборник – 1876 – № 4.
14. Петровский Н. Очерки Кокандского ханства // Вестник Европы, 1875, 10 кітап.
15. ӨРОММ, и – 715 – қор, 1 – тізбе, 23 – іс. 
16. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии // Соч: в 3 т –СПБ: Типо – литография В.В. Комарова, 1906. – Т. 3. – 496 с.
17.  Ресей империясы сыртқы саясат мұрағаты (РИССМ) Басты мұрағат, 1-9- қор, 1852 – 1859 ж. ж. Аз. департамент 8 – іс.
18. ҚРОММ, 382 қ., 5 – іс.
19. Уәлиханов Ш. Қоқан хандығы хақында // Ақиқат. – Алматы, 1996, №1. – 51 – 55 бб.
20. Набиев Р.Н. Из истории Кокандского ханства (феодальное хозяйство Худояр – хана) – Ташкент: Фан, 1973 – 386 с.
21. ҚРОММ, 383 – қор, 1 – тізбе, 81 – іс.
22. Кун А. Некоторые сведения о Ферганской долине // Военный сборник – 1876 – № 4.
23. РМӘТМ, 483 – қор, 62 – іс.
24. Казахско – русские отношения в ХҮІ – ХҮІІІ веках. (сборник документов и материалов) сост. Ф.Н. Киреев и др. АН КазССР  – Алма – Ата., 1961 – 740 с.
25. Северцев Н. Месяц в плену у Коканцев. – СПб., 1860 – 98 с.
26. Халфин Н.А. Присоединение Средней Азии к России. -М., 1965. -468 с.
27. РФ ОрОММ, 6 – қор, 10 – тізбе, 6951 – іс.
28. ҚРОММ, 383 – қор, 1 – тізбе, 81 – іс.
29. Тарихи Джадидан – ий – Ташкент (рук. Института востоковедения АН СССР шифр с. 430 р л. 203).

Алдыңғы «
Келесі »